Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 22 маусымдағы N 09-5/1 Жолдауы.

      Өткен жыл елдегі конституционализмді орнықтыру мен конституциялық заңдылықты нығайтудың тағы бір кезеңіне айналды. Негізгі Заңда баянды етілген конституциялық құндылықтар және 2007 жылғы конституциялық реформа қағидалары жүзеге асырылуын заңнамалық тұрғыдан одан әрі қамтамасыз ету, қолданыстағы құқық пен оның жекелеген институттарын дамыту, құқық қолдану практикасын жетілдіру, сондай-ақ қоғамдық құрылысты, кең ауқымды қаржылық дағдарыс жағдайында қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарының әлеуметтік кепілдіктерін нығайту мемлекет қызметінің осы саладағы басты бағыттары болды.

      Конституциялық новеллаларды практикада іске асыру мақсатында осы кезең ішінде " Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы " 2008 жылғы 20 қазандағы N 70-IV , " Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы " 2008 жылғы 17 қарашадағы N 79-IV Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды. " Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы ", " Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы " конституциялық заңдарға, " Саяси партиялар туралы " Заңға, бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Еліміздің жаңартылған Конституциясының тиісті нормаларына сүйенетін жергілікті өзін-өзі басқару негіздері алғаш рет заңнамалы түрде айқындалды.

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2008 жылғы 17 маусымдағы N 41-IV Конституциялық заң қабылданды. Тиісінше, Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 8 қаңтардағы N 2 нормативтік қаулысымен Конституциялық Кеңестің Регламентіне оның қызметін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізілді.

      Конституциялық Кеңес бұдан бұрын қабылданған қаулыларды Негізгі Заңның өзгертілген ережелеріне сәйкестендіру жөніндегі жұмысты жалғастырды. 2008 жылғы 24 қыркүйектегі N 7 нормативтік қаулымен "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабы 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" 2000 жылғы 26 желтоқсандағы N 22/2 қаулының толық көлемінде күші жойылып, "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабы 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 16-17/3 қаулының жаңартылған Конституцияға сәйкес келмейтін кейбір ережелерінің күші жойылды.

      Бұдан бұрынғы жолдау Қазақстан Республикасының Парламентіне жіберілген сәттен (2008 жылғы 23 маусым N 09-6/1) бергі кезең ішінде өзінің конституциялық өкілеттігін іске асыру шеңберінде Конституциялық Кеңес республика Президентінің, Парламенті Сенаты Төрағасының, Премьер-Министрінің және соттарының бірқатар өтініштерін қарады.

      Қазақстан Республикасы Президентінің өтініші бойынша Конституциялық Кеңес, Парламент қабылдап, Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын конституциялығы тұрғысында тексеріп, оны Конституцияға сәйкес емес деп тапты.

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 19-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес Мемлекет басшысының 2008 жылғы 18 желтоқсандағы жазбаша талабы бойынша Конституциялық Кеңес төрағасы конституциялық нормаларды талдау, сондай-ақ тіл туралы конституциялық ережелерді жүзеге асыру мәселелері бойынша конституциялық іс жүргізу практикасын жинақтау қорытындылары бойынша дайындалған, "Республикадағы тіл туралы конституциялық ережелердің жүзеге асырылуы аясындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" ақпарат ұсынды. Конституциялық Кеңес, Республикада қазіргі уақытта мемлекеттік тілдің мәртебесі басым болуы, Қазақстан халықтарының тілдері еркін түрде қызмет етуі, мемлекеттік мекемелерде қазақ жене орыс тілдерінің қолданылуы үшін қажетті нормативтік-құқықтық жағдай жасалған. Қазақ және орыс тілдерінің қызмет ету аясындағы нормативтік талаптардың бұзылу фактілерін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық шаралар қабылдау арқылы еңсеруге болады, деп атап көрсетті.

      Конституциялық Кеңеске Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Парламенттің Мемлекет басшысына заң шығару өкілеттігін беруінің конституциялық негіздері мен шектерін белгілеу мақсатында республика Конституциясының 45-бабының 2-тармағына, 53-бабының 3) және 4)тармақшаларына ресми түсіндірме беру туралы өтінішпен жүгінді.

      2008 жылғы 26 маусымдағы N 5 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, парламенттердің заңдар қабылдау жөніндегі өз өкілеттігін мемлекет басшыларына не үкіметтерге уақытша беруі әлемдік тәжірибе болып табылады. Президенттік басқару нысанының қазақстандық моделі республика Конституциясына сәйкес, республика Президенті және Парламентінің бірлесіп ерік білдіруімен заң шығармашылығы өкілеттігін уақытша қайта бөлісуге мүмкіндік береді, деп атап көрсетті.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Конституцияның бірқатар баптарының нормаларын ресми түсіндіру жөніндегі өтініші бойынша Конституциялық Кеңес мемлекеттік органдардың ұйымдастырылуы мен қызметін заң арқылы реттеу мәселелерін "мемлекеттік функция" және "мемлекет көрсететін қызмет" ұғымдарының ара қатынасын; прокуратурадан тыс, өзге мемлекеттік органдарға бақылау-қадағалау функцияларын жүктеуге жол берілуін қарады.

      Осы өтініш бойынша қабылданған 2008 жылғы 15 қазандағы N 8 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, мемлекеттік органдардың ұйымдастырылуы мен қызметінің қатынастары конституциялық заңдармен және заңдармен ғана емес, республика Президентінің жарлықтарымен, Үкімет қаулыларымен және заңға тәуелді өзге актілермен де реттелуі мүмкін екенін атап көрсетті, сондай-ақ "мемлекеттік функция" және "мемлекет көрсететін қызмет" ұғымдарының тең мағыналы еместігін және әртүрлілігін атап өтті.

      Осы құқықтық позицияның түпмәтінінде Конституциялық Кеңес, мемлекеттік функция жария-құқықтық сипатқа ие, субъектілердің шектеусіз санына қатысты қолданылады, мемлекеттің мәжбүрлеуіне негізделуі мүмкін. Ал мемлекет көрсететін қызмет мемлекеттік органдардың жекелеген функцияларын жүзеге асыру нысандарының бірі болып табылады, ол көбінесе азаматтық-құқықтық сипатқа ие, әдетте мемлекеттің мәжбүрлеуін қолданбайды және жеке көрсетіледі, деп атап көрсетті.

      Одан тыс, Конституциялық Кеңес "мемлекеттік функция" және "мемлекет көрсететін қызмет" ұғымдарын бір-бірімен ұқсастыру ерсілік болатынын, ол азаматтық-құқықтық (жеке құқықтық) институттардың жария-құқықтық институттармен араласып кетуіне, мемлекеттің жария-биліктік сипаттамасы көмескіленуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін, соның салдарынан, бұлардың және мемлекеттік биліктің мақсаты мен ұйымдастырылуының конституциялық негіздері арасында қайшылық туғызуы мүмкін екенін атап көрсетті.

      Сондай-ақ "мемлекет көрсететін қызметтің" мемлекеттің мүлікке құқығымен өзара байланыстылығы атап көрсетілді. Бұл ретте "мемлекеттің мүлікке құқығы" заңдық институтын қалыптастыру, Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабы 4 ) тармақшасының Үкімет "мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады" деген ережесіне қайшы келмейді (Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 17 наурыздағы N 4/2 қаулысы ).

      Конституцияның прокуратура органдары жүзеге асыратын жоғары қадағалау туралы нормаларын бағамдай отырып, Конституциялық Кеңес қадағалау өкілеттіктері прокуратурадан тыс, өзге де мемлекеттік органдарға жүктелуіне жол берілетіндігін растады. Қаулыда, жоғары қадағалау ретінде прокурорлық қадағалаудың Негізгі Заңдағы сипаттамасы сол, өз құзыреті шегінде прокуратура органдары басқа мемлекеттік органдар, соның ішінде, қадағалау өкілеттігіне ие органдар жасаған іс-әрекеттер мен қабылдаған шешімдердің заңдылығын тексеріп, олар заңсыз болған жағдайда прокурорлық шара қолдана алады, деп атап көрсетілді.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне келіп түскен бірқатар өтініштер іс жүргізуге қабылданбады, себебі оларда қойылған мәселелер бұдан бұрын Конституциялық Кеңесте қаралған, оның құзыретіне жатпайтын, өтініштер өзінің нысаны мен мазмұны жағынан немесе өзгелей себептермен белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін еді.

      Қазақстан Республикасы Парламенті бір топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 4-тармағын, 71-бабының 5-тармағын, 79-бабының 2-тармағын және 83-бабының 3-тармағын осылардың ішіндегі "қылмыстық жауапқа тарту" және "ауыр қылмыстар жасаған" деген сөз тіркестеріне түсінік беру бөлігінде ресми түсіндіру жөніндегі өтінішін іс жүргізуге қабылдаудан бас тартылды. Конституциялық Кеңестің 2003 жылғы 30 қаңтардағы N 10 қаулысында былай деп бекітілген: тұтқынға алудың тәртібін және "қылмыстық жауапқа тарту" сөз тіркесінің мазмұнын, сондай-ақ осыларға байланысты мәселелерді регламенттеу заңмен реттеу нысаны болып табылады. Өтініштің қылмыстық іс жүргізу заңнамасының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің нормаларындағы қайшылықтар мен сәйкессіздіктерді жою, сондай-ақ құқық қолдану практикасына баға беру жөніндегі бөлігінде Конституциялық Кеңес бұл мәселелер оның құзыретіне жатпайтынын атап көрсетті.

      Конституциялық Кеңес Қарағанды облысы, Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданы сотының таратылатын банк кредиторларының талаптарын қанағаттандырудың кезегін даулап, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 74-2-бабы 3-тармағының 3)-8) тармақшаларын конституциялық емес деп тану туралы өтінішін іс жүргізуге қабылдаудан бас тартты, себебі бұл мәселелерді шешу Парламент құзырына жатады.

      Құжаттары дұрыс рәсімделмеуіне байланысты, Қостанай облысы, Қостанай қаласы N 2 сотының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 227-III редакциясындағы "Халықтың көші-қоны туралы" 1997 жылғы 13 желтоқсандағы N 204-I Қазақстан Республикасы Заңының және 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 227-ІІІ редакциясындағы "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы N 2337 Қазақстан Республикасы Заңының 22-баптарын Қазақстан Республикасынан бұдан бұрын кетірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қайтып елге келуіне шектеу қою бөлігінде конституциялық емес деп тану туралы өтінішін іс жүргізуге қабылдаудан бас тартылды.

      Ақмола облыстық сотының 2001 жылғы 30 қаңтардағы N 155-ІІ Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484-бабын конституциялық емес деп тану жөніндегі ұсынысы бойынша қозғалған конституциялық іс жүргізу, соттың өз өтінішінен бас тартатыны туралы қолдаухаты мәлімделуіне байланысты Конституциялық Кеңес отырысының өзінде тоқтатылды. Конституциялық іс жүргізуді тоқтату туралы шешім шығаратын кезде Конституциялық Кеңес Үкімет өкілдерінің құқық қолдану практикасын жетілдіру жөнінде шаралар қолға алынып жатқаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы жаңа кодексінің жобасы әзірленіп, анықталған кемшіліктер ол жерде жойылатыны туралы ақпаратын ескерді.

      Сонымен бірге Конституциялық Кеңес, жоғарыда аталған өтініштердің іс жүргізуге қабылданбауы оларда көтерілген мәселелердің маңызын төмендетпейді, құзырлы мемлекеттік органдардың қалыптасқан жағдайға қажетті талдау жасауын және өзгелей құқықтық тәсілдерді қолдану арқылы шешуін назарда ұстайды деп есептейді.

      Өткен кезең ішінде Конституциялық Кеңеске сондай-ақ азаматтардың соттар және қылмыстық қудалау органдарының, жергілікті атқарушы билік органдарының қызметіне, әлеуметтік салаға, әсіресе зейнетақы жүйесіне, меншік құқығына, заңнама нормаларын түсіндіруге және басқа да бірқатар мәселелерге қатысты 194 өтініші келіп түсті. Хаттардың бәрі де мән-жайы бойынша шешім қабылдау және өтініш берушілерді бұл жөнінде хабардар ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілді.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қорытынды шешімдерін, солардың ішінде жолдауларын мемлекеттік органдардың орындауы елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйін білдіретін негізгі көрсеткіштердің бірі және оны қамтамасыз етудің шарты болып табылады. "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның 40-бабы 3-тармағының жаңартылған нормасына сай, Конституциялық Кеңес шешімдеріндегі заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар қарап, қабылданған шешім туралы Конституциялық Кеңеске хабарлауға міндетті.

      Конституциялық Кеңес оның көптеген нормативтік қаулылары, сондай-ақ бұдан бұрынғы жолдауларындағы ұсыныстары қазіргі күнде іске асырылғанын немесе оларды іске асыру жөніндегі ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізіліп жатқанын атап көрсетеді.

      Республика Үкіметінің 2008 жылғы 4 маусымдағы N 535 қаулысының редакциясындағы Үкімет Регламентіне сәйкес Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары Үкіметтің ағымдағы және келешектегі заң жобалық жұмыстар жоспарын құрастырғанда ескерілуге тиіс. Бұл өзгерістер Үкімет Регламентіне, Үкіметтің 2008 жылғы 16 сәуірдегі N 355 қаулысымен бекітілген, Қолданыстағы құқық жүйесін Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкестендіру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында енгізілді.

      Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы N 185 қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010-2011 жылдарға арналған Заң жобалау жұмыстарының келешектегі жоспарына сәйкес, 2010 жылдың төртінші тоқсанында "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсыну көзделген. Бұл заң жобасы Конституциялық Кеңестің Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңнаманы үйлесімге келтіру мәселесі бойынша 2005 жылғы 29 сәуірдегі N 3 қаулысын орындау мақсатында әзірленуде.

      Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 23 сәуірдегі N 4 нормативтік қаулысын орындау мақсатында Парламент, "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңын Конституциялық Кеңестің, жылжымайтын мүлікті тіркеудің заңда белгіленген мерзімін өткізіп алу, тіркеуге құжаттарды қабылдаудан және құқықтың өзін тіркеуден бас тарту үшін негіз болмауға тиіс, деген құқықтық позициясына сәйкестендіруге бағытталған 2009 жылғы 22 сәуірдегі N 151-IV Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады.

      Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын және оның жолдауларындағы ұсыныстарын жүзеге асыру мақсатында Парламент қазіргі уақытта мына бағыттағы заң шығармашылығы жұмыстарын іске асыруда:

      - Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының мәтінінен, конституциялық емес деп танылған, қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекемелердегі адамдар тобының осы мекемелердің қалыпты қызмет тәртібін тұрақсыздандыру мақсатында дене мүшелерін зақымдағаны үшін қылмыстық жауаптылығын белгілейтін нормаларды алып тастау (2008 жылғы 27 ақпандағы N 2 нормативтік қаулы );

      - айыпталушыға (сотталушыға) өз ісін басты сот талқылауы тағайындалғанға дейін, қылмыстық іс бойынша сотта іс жүргізу кезінде де соттың алқабилер қатысуымен қарауы туралы өтініш жасауға мүмкіндік беру (2007 жылғы 18 сәуірдегі N 4 нормативтік қаулы );

      - әркімнің білікті заң көмегін алуына, соның ішінде тегін алуына конституциялық кепілдіктерді, сондай-ақ адвокаттардың құқық қорғаушылық функцияларын күшейту (2007 жылғы 14 ақпандағы N 2 нормативтік қаулы );

      - қылмыстық іс жүргізуге қатысушыларға қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулыларына сотқа шағымдану құқығын беру (2007 жылғы 24 қаңтардағы N 1 нормативтік қаулы );

      - меншік құқығының нысанына қатыссыз қорғалуына және қалпына келтірілуіне мемлекеттің тең жағдай жасауы. Атап айтқанда, мемлекеттік қазыналық кәсіпорын мен мекеменің қаржысы жеткіліксіз жағдайда, оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік тиісті бюджет қаржысы есебінен субсидиярлық жауапкершілік арқалайды (1999 жылғы 3 қарашадағы N 19/2 қаулы );

      - жәбірленушілердің мүлікке құқықтарын қорғау. Жекелеген қылмыс санаттары арқылы келтірген шығынның орнын толтыру үшін жеткілікті мүлік сотталушыда болмаған жағдайда, жәбірленушіге мемлекет есебінен ақшалай өтемақы алуға құқық берілуі көзделген ("Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" 2005 жылғы 27 маусымдағы, 2006 жылғы 20 маусымдағы және 2008 жылғы 23 маусымдағы жолдаулар);

      - медициналық айықтырғыштарға, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарына, қабылдау-бөлу орталықтарына және өзге де мекемелерге орналастырылған азаматтарды ұстау тәртібін заңмен регламенттеу ("Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" Конституциялық Кеңестің 2005 жылғы 27 маусымдағы, 2006 жылғы 20 маусымдағы, 2007 жылғы 29 мамырдағы және 2008 жылғы 23 маусымдағы жолдаулар).

      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкіметтерінің арасындағы, "Байқоңыр" кешені аумағында Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарына берілген кепілдіктерге қатысты, Ресей Федерациясының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы Құқық қорғау органдарының "Байқоңыр" кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі өзара іс-қимылы туралы 1997 жылғы 4 қазандағы (Орал, 2006 ж. 3 қазан) келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі және Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру туралы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы (Алматы, 2008 жылғы 20 ақпан) Шартқа өзгеріс енгізу жөніндегі хаттамалар Қазақстан Республикасы тарапынан ратификациялау кезеңінде тұр (2001 жылғы 7 мамырдағы N 6/2 қаулы).

      Осылайша, Конституциялық Кеңес, соңғы жылдары мемлекеттік органдардың оның қорытынды шешімдерін орындауға баса назар аударып отырғанын атап көрсетеді. Бұған сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңес те септігін тигізуде.

      Сонымен бірге, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары мен бұдан бұрынғы жолдауларындағы кейбір позициялар заң жүзінде іске асырылмай қалуда.

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 95-IV Бюджет кодексінде және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет процесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2008 жылғы 4 желтоқсандағы N 97-IV Қазақстан Республикасының Заңында Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 15 қазандағы N 8 нормативтік қаулысында айтылған жекелеген ұйғарымдар ескерілген. Алайда жоғарыдағы нормативтік қаулының, мемлекеттік органдардың құқықтық жағдайы Үкімет қаулыларымен және заңға тәуелді өзге де актілермен белгіленуі мүмкін және мемлекет көрсететін қызмет көбінесе азаматтық-құқықтық сипатқа ие, әдетте мемлекеттің мәжбүрлеуін қолданбай жеке көрсетіледі, деген позициялары бұл аталған заңдарда назарға алынбаған. Көрсетілген нормативтік қаулыда сондай-ақ "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы N 107-II Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген "мемлекеттік функция" анықтамасының және функциялар тізбесінің ерсілеу екені де атап көрсетілген. Басқарудың жекелеген салаларындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін, қолданыстағы бірқатар заңдарда да сондай-ақ мемлекеттік органдардың мәртебесі үшін маңызды болып табылатын осы категорияны пайдалануда бірыңғай көзқарас жоқ. Алайда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Конституциялық Кеңеске ұсынған ақпаратта мұндай заңдарды Конституциялық Кеңестің құқықтық позициясына сәйкестендіру жөніндегі қандай да бір іс-шаралар туралы мәлімет жоқ.

      Конституциялық Кеңес бірнеше рет атап өткеніндей, заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып және заң ережелерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығара отырып, түсінікті өлшемдерге негізделуге тиіс (2008 жылғы 27 ақпандағы N 2 және 2009 жылғы 11 ақпандағы N 1 нормативтік қаулылар).

      Құқықтық нормалар қазақ және орыс тілдерінде мағыналық жағынан барабар жазылғанда ғана конституциялық заңдылық режімі қамтамасыз етіледі.

      Дегенмен, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңның 1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын әкімшілік санкциялар белгілеу бөлігінде (2001 жылғы 30 қаңтардағы N 155-II Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 375-бабының бірінші, екінші және үшінші бөліктері) тексерген кезде, Конституциялық Кеңес оның қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінен құқықтық норманың мазмұнын бұрмалайтын және оны бір мағынада түсінбеушілік туындататын және республика Конституциясының 7-бабы 2-тармағының мағынасына негізделе отырып, мұндай норманың практикада қолданылуын жоққа шығаратын, мағыналық сәйкессіздікті анықтады (2009 жылғы 11 ақпандағы N 1 нормативтік қаулы ).

      Бірқатар өтініштерді қарау кезінде Конституциялық Кеңес республика Конституциясының 39-бабының талаптары бұзылатынын анықтады. Заңдарда кейде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу мақсаты заңсыз кеңейтілуіне; мұндай шектеудің Конституцияда көзделгендерінен тыс, қосымша негіздері енгізілуіне; қоғамға келер қауіпке мөлшерлес болмайтын шектеулер белгіленуіне жол беріледі. Мұндай фактілерге Конституциялық Кеңес бірнеше рет назар аударғанына қарамастан, әлі күнге дейін олар орын алуда.

      Қазақстан қоғамын одан әрі дамыту, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет орнықтыру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау, мемлекеттік билікті жүзеге асыру нысандары мен әдістерін жетілдіру конституциялық заңдылықты нығайту жөніндегі мақсатты да кешенді жұмыс жүргізумен тығыз байланысты.

      Конституциялық Кеңес бұл жұмыс таяудағы болашақта мынадай бағыттарды қамтуға тиіс деп есептейді:

      қабылданған актілердің ынталандыру күшін соңынан жүзеге асыра отырып, конституциялық құндылықтарды, қоғам дамуының заманауи үрдістерін, қолданыстағы құқық жүйесінің дамуын заңдарда сапалы түрде нақты көрсету;

      Қазақстан Республикасы ратификациялаған адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық актілерді жүзеге асыру, ұлттық заңнама мен халықаралық актілер арасындағы қайшылықтарды жою, соның ішінде, тиімді құқықтық мониторинг орнату арқылы жою жөніндегі шаралар жүйесін құрастыру;

      сотқа дейінгі іс жүргізуде тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы соттың рөлін одан әрі жоғарылату;

      барлық мемлекеттік органдардың құқықты түсіндіру және құқықтық тәрбие жұмыстарын үнемі жүргізіп отыруы.

      Конституциялық Кеңес, өзінің ұйғарымдары мен ұсыныстары барлық мемлекеттік органдардың норма шығармашылығы және құқық қолдану қызметінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңа құқықтық саясат тұжырымдамасының жобасы әзірленген кезде ескеріледі деп пайымдайды.

      "Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы жолдауы Қазақстан Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес республика Парламентіне жолданды.

Қазақстан Республикасы


Конституциялық Кеңесінің


төрағасы

И. Рогов


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады