Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Қ.Ә. Мәми, Кеңес мүшелерi А.Қ. Дауылбаев, В.А. Малиновский, И.Д. Меркель, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков және У. Шапак қатысқан құрамда, мыналардың:
өтініш беру субъектісінің өкілі – Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Ж.К. Сейдалинаның,
Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Ж.Б. Ешмағамбетовтің,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Д.Р. Құсдәулетовтің,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Н. Жаилғанованың,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы М.В. Одинцованың,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.И. Лукиннің,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары М.С. Өсіповтің,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Р.Т. Жақыповтың,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы С.Қ. Ахметжановтың,
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Қ.Б. Жұлмұхамбетовтің қатысуымен
өзінің ашық отырысында Қарағанды облыстық сотының "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 27-бабының 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қарады.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі И.Д. Меркельдің баяндамасын, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшылар: профессор, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясы Судьяларды және сот жүйесі қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының директоры Е.Б. Әбдірәсіловтің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры М.А. Әленовтің, заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.С. Елубаевтың және "Университет КАЗГЮУ" Акционерлік қоғамы Жоғары құқық мектебінің директоры С.Г. Пеннің қорытындыларымен танысып; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, "Университет КАЗГЮУ" Акционерлік қоғамының, Каспий университетінің, "Қазақстан Республикасының заңнама институты" Мемлекеттік мекемесінің, Қазақстан Республикасы Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының және "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қорытындыларын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелерінің пікірлерін, сондай-ақ конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне 2018 жылғы 5 маусымда Қарағанды облыстық сотының "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 27-бабының 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы келiп түстi.
Ұсынысқа қарағанда, Қарағанды облысының ішкі істер органдары атқарушылық іс жүргізуде келуден жалтарып жүрген борышкерді күштеп әкелу туралы сот санкциялаған жеке сот орындаушысының қаулысын орындаудан бас тартқан.
Жеке сот орындаушысының өтініші бойынша қабылданған Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданы № 2 аудандық сотының шешімімен орындаудан бас тарту заңсыз деп танылып, аталған органдарға күштеп әкелу туралы қаулыны орындау міндеті жүктелген.
"Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қарағанды облысының Ішкі істер департаменті" Мемлекеттік мекемесі бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, оған апелляциялық тәртіпте шағымданған.
Қарағанды облыстық соты азаматтық іс материалдарын зерттеп, Заңның іс бойынша қолданылуға тиіс 27-бабының 5-тармағы адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді және Негізгі Заңның 39-бабының 1 және 3-тармақтарына қайшы келеді деген тұжырымға келді.
Соттың күмәні мынадай дәйектермен негізделген:
Конституцияның 39-бабының 3-тармағына сәйкес Негізгі Заңның 16-бабының 1-тармағында көзделген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс;
іс жүзінде жеке сот орындаушысына күш қолдануға құқығы бар мемлекеттік органдардың өкілеттіктері беріледі;
Заңда күштеп әкелудің анықтамасы берілмеген және оны қолданудың тәртібі мен мақсаттары анық реттелмеген;
борышкерді сот орындаушысына күштеп әкелу мүмкіндігінің болуы сот актісін орындау мақсаттарына қол жеткізбейді, ал оның құқықтық айқындалмауы теріс пайдалану мен адамның конституциялық құқықтарының бұзылуына жағдай жасайды.
Сонымен қатар, сот ұсынысында қолданыстағы заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтар көрсетілген.
Осыған байланысты, Қарағанды облыстық соты Конституцияның 78-бабына сәйкес азаматтық іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрып, Заңның 27-бабының 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінді.
Заңның 27-бабы 5-тармағының конституциялылығын тексерген кезде Конституциялық Кеңес келесіні негізге алды.
1. Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Заңдылықты, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету көпшілік мүдделері үшін жүзеге асырылатын мемлекет қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Әркімге өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға құқық бере отырып, Конституция сот арқылы қорғалу құқығына ерекше мән береді. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Сот шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады (13-баптың 1 және 2-тармақтары, 76-баптың 1 және 3-тармақтары).
Конституциялық Кеңес сот арқылы қорғалу құқығы кез келген адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін сотқа жүгінуге құқығын білдіреді деп бірнеше рет атап өткен. Осы құқықты пайдалану заңда белгіленген негізде және тәртіппен жүзеге асырылады. Сот актілерінің міндетті күші сот анықтаған мән-жайларға, оларды құқықтық бағалауға және сот актілерінде көрсетілген нұсқамаларға қатысты міндеттілікті де, соттардың құқықтық актілерін барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының, жеке және заңды тұлғалардың міндетті түрде орындауын да білдіреді (1999 жылғы 29 наурыздағы № 7/2, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5 нормативтік қаулылар және басқалары).
Сот шешімін орындау сот арқылы қорғалу тәсілі болып табылады, бұл мемлекеттен оны іске асыруды қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауды талап етеді. Егер түпкілікті, күшіне енген сот шешімі немесе өзге де уәкілетті органның актісі орындалмаса, онда бұзылған құқықтарды қорғау пәрменді, ал сот арқылы қорғалу құқығы толыққанды іске асырылған болып таныла алмайды.
Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерінде құқықтардың немесе бостандықтардың нақты бiр түрiнiң конституциялық деңгейге жеткiзiлуi және Конституцияда оның кепілділігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтардың іске асырылуын қамтамасыз етуді өз міндетіне алғандығын білдіреді деп атап өтілген болатын (1999 жылғы 12 наурыздағы № 3/2, 2004 жылғы 20 сәуірдегі № 3, 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 3, 2005 жылғы 1 шілдедегі № 4, 2007 жылғы 28 мамырдағы № 5 нормативтік қаулылар).
Конституциялық Кеңестің осы құқықтық ұстанымдары Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын жалпыға танылған халықаралық актілердің ережелеріне де негізделген.
Мәселен, 1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында әр адамның өзіне конституцияда немесе заңда берілген негізгі құқықтары бұзылған жағдайларда, құқықтарын құзыретті ұлттық соттар арқылы тиімді түрде қалпына келтіруге құқығы бар деп белгіленген (8-бап).
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1966 жылғы 16 желтоқсанда қабылдаған және Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiде оған қатысушы әрбір мемлекет құқығын қорғауды талап еткен кез келген адамның құқықтық қорғау құқығы мемлекеттік құқықтық жүйесiмен көзделген құзыреттi сот, әкiмшілік, заң шығару билiктерi немесе басқа құзыреттi орган арқылы белгiленуiн және сот арқылы қорғалу мүмкiндiгінiң дамуын қамтамасыз етуге міндеттенеді деп айқындалған (2-баптың 3-тармағының b) тармақшасы).
Бұдан басқа, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының практикасында сот актісінің орындалуын негізсіз кешіктіру сот арқылы қорғалу құқығын бұзу деп танылады.
Айтылғаннан туындайтыны, мемлекет конституциялық маңызы бар құндылықтарды барабар қорғауға, қоғамдық тәртіпті, заңдылық режимін, құқықтарды тиімді қалпына келтіруді, соның ішінде сот төрелігі, жауапкершілік түрлерін және оларды іске асыру кепілдіктерін белгілеу арқылы, қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетіктер құруға міндеттенеді. Конституцияға сәйкес бұл аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне; мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне; сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне; мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы Парламенттің құзыретіне жатады (61-баптың 3-тармағының 1), 3), 6) және 11) тармақшалары). Бұл ретте, осындай заңнамалық реттеу тұлғаның құқықтық мәртебесінің конституциялық негіздері, мемлекеттік органдар ұйымдастырылуы мен қызметінің принциптері сақтала отырып, жүзеге асырылуы тиіс.
2. Атқарушылық іс жүргізу сот өндірісінің соңғы сатысы болып табылады және тек соттың ғана емес, сот және өзге де актілерді мәжбүрлеп орындату бойынша өкілеттіктер берілген сот орындаушыларының да процестік қызметін қамтиды. Ол жеке және заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің бұзылған құқықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерінің нақты қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Заңда атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi айқындалған: азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдардың, нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiндегі қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi түрде және уақтылы қолдану (2-бап).
Аталған міндеттер заңдарда көзделген жекелеген ерекшеліктермен атқарушылық іс жүргізуді жүзеге асырудың жалпы құқықтық режиміне бағынатын мемлекеттік сот орындаушылары үшін де, жеке сот орындаушылары үшін де ортақ.
Мәжбүрлеп орындаудың құқықтық тетігі борышкер өз еркімен сот актісіндегі немесе өзге де актідегі талаптарды орындаудан бас тартқан жағдайда іске қосылады және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың кепілі болып табылады.
Атқарушылық құжаттарды орындау жария-құқықтық сипатқа ие функция ретінде өз міндеттерін адал орындаудан жалтарған борышкерлерге және атқарушылық іс жүргізудің басқа да қатысушыларына ықпал етудің барабар құралдарын қамтитын оны іске асырудың тиімді құқықтық рәсімін жасау қажеттігін білдіреді. Бұл құралдар азаматтардың кейбір конституциялық құқықтарын шектеумен ұштасуы мүмкін.
3. Күштеп әкелу өзінің құқықтық табиғаты бойынша хаттама толтыру, істің уақтылы және дұрыс қаралуын қамтамасыз ету, іс бойынша қабылданған шешімді орындау және заңда белгіленген өзге де мақсаттар үшін адамды уәкілетті органға, лауазымды және өзге де тұлғаға мәжбүрлі түрде әкелумен (жеткізумен) байланысты іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шарасы болып табылады. Атқарушылық әрекет ретінде ол борышкердің тікелей қатысуын талап ететін сот және өзге де актілерді мәжбүрлі түрде орындау шарасын қолдану үшін жағдайлар жасауға, тұлғаны өзіне жүктелген міндеттемелерді орындауына мәжбүрлеуге, сол сияқты оған заңда белгіленген жауапкершілік шараларының қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану адамның жеке басының бостандығына, еркін жүріп-тұруына және тұрғылықты мекенжайын еркін таңдап алуына және тағы басқа конституциялық құқықтарын қозғайды (Конституцияның 16-бабының 1-тармағы, 21-бабы, 25-бабының 1-тармағы). Бұл құқықтар Конституцияда белгіленген тәртіпте және шарттарда шектелуі мүмкін. Негізгі Заңның 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және заңдармен ғана шектелуі мүмкін. Конституциялық Кеңес бірнеше мәрте түсіндіріп кеткендей, адамның құқықтары мен бостандықтарын кез келген заңнамалық шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, тепе-теңдік және мөлшерлестік талаптарына жауап беруге тиіс (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5, 2016 жылғы 14 желтоқсандағы № 1 нормативтік қаулылар және басқалары). Конституциялық Кеңес осы ұстанымды негізге ала отырып, атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану, егер атқарушылық әрекетті жасау сот орындаушысына келуден жалтарған адамның қатысуынсыз мүмкін болмаса, орынды болып табылады деп пайымдайды.
Әркімнің жеке басының бостандығы құқығына (Конституцияның 16-бабының 1-тармағы) қатысты Конституциялық Кеңес 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысында ол әркімге тумысынан жазылған, абсолютті деп танылады және одан ешкім айыра алмайды және Конституцияның өзінің нормаларында белгіленген жағдайларды қоспағанда, Негізгі Заңның 39-бабының 3-тармағына сәйкес ешбір жағдайларда да шектелмеуге тиіс құқықтар мен бостандықтар қатарына жатады, деп түсіндірген болатын. Конституциялық Кеңес атап өткендей, құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ мәжбүрлеу сипатындағы өзге де шараларды қолдану мақсатында адамның жеке бас бостандығын жетпіс екі сағаттан аспайтын қысқа уақытқа шектеуден тұратын және уәкілетті мемлекеттік органдар, лауазымды және өзге де тұлғалар заңда көзделген негізде және тәртіппен жүзеге асыратын мәжбүрлеу шарасы конституциялық-құқықтық мағынада "ұстау" ұғымымен қамтылады. Демек, Конституцияның 16-бабы 2-тармағының ережелері күштеп әкелуді жүзеге асыру тәртібін заңнамалық регламенттеу кезінде де сақталуы тиіс.
Осыған орай, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сот орындаушысына келуден жалтаратын адамдарға күштеп әкелуді қолдану сот шешімдерінің және өзге де мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар актілерінің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған, атқарушылық іс жүргізуге қатысушы азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзбайды.
Күштеп әкелуге ұшыраған адамның құқықтарын қорғау кепілдіктерінің бірі ретінде осы шараны таңдау туралы сот орындаушысының қаулысын соттың санкциялауы көзделген.
Конституциялық Кеңес күштеп әкелуді санкциялау рәсіміндегі сот бақылауы оны қолданудың формальды шарттарын ғана анықтаумен шектелмеуі тиіс деп есептейді. Бұл процесте соттың қызметі істің барлық мән-жайларын зерттей отырып, күштеп әкелуді қолданудың негіздерін, заңдылығы мен негізділігін мұқият тексеруді білдіреді (тиісінше хабардар ету, келмегені үшін орынды себептердің болмауы, жалтаруды растайтын фактілер және басқалары).
Осылайша, Заңның 27-бабының 5-тармағы мазмұны бойынша Негізгі Заңның 16-бабының 2-тармағына, 39-бабының 1 және 3-тармақтарына қайшы келмейді, өйткені қоғамдық тәртіпті, адам құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде сот арқылы қорғалу құқығын қорғау, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың өз міндеттерін атқаруды қамтамасыз ету сияқты конституциялық маңызы бар мақсаттарды көздейді.
4. Заңның 27-бабы 5-тармағының конституциялылығын тани отырып, Конституциялық Кеңес күштеп әкелуді қолдану мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңнаманың елеулі кемшіліктеріне назар аударады.
Заңда қолдану тетігі практикада құқықтық шектеу сипатындағы қатаң шаралармен ұштасатын күштеп әкелуді орындау тәртібі регламенттелмейді. Заңнамада оны жүзеге асыру уақыты, күштеп әкелуге жатпайтын адамдардың тізбесі, тұлғаның келмеу себептерін дәлелді деп танудың мән-жайлары, арнаулы құралдарды, дене күші мен қаруды қолдану мүмкіндігі, сондай-ақ адамның конституциялық құқықтарын қозғайтын басқа да мәселелер айқындалмаған.
Заңнамада қарастырылып отырған мәжбүрлеу шарасын іске асыру субъектісі анық белгіленбеген, бұл түптеп келгенде атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін сөзсіз төмендететін мемлекеттік органдар мен сот орындаушылары арасында даулардың туындауына әкеп соғады.
Мәселен, "Сот приставтары туралы" 1997 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңында сот орындаушысына немесе атқарушылық iс-әрекеттер жасалатын жерге келуден жалтаратын адамдарды күштеп әкелу сот приставының құзыретіне жатқызылған (7-баптың 2-тармағының 8) тармақшасы). Осы норма "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2003 жылғы 5 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілді.
"Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы" 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ішкі істер органдарына сот актілерін, судьялардың талаптарын орындау, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуда сот орындаушыларына көмек көрсету жүктелген (6-баптың 1-тармағының 35) және 36) тармақшалары).
"Жеке сот орындаушылары қаулыларының үлгі нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2011 жылғы 20 қаңтардағы № 18 бұйрығымен сот санкциялаған сот орындаушысының күштеп әкелу туралы қаулысын орындау ішкі істер органдарына тапсырылады (11-қосымша).
Заңмен салыстырғанда, күштеп әкелуді қолданудың негіздері мен рәсімі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде (157-бап) және "Прокуратура туралы" 2017 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында (45-баптың 5-тармағы) неғұрлым толық реттелген.
Конституциялық Кеңес әр түрлі іс жүргізулерде қолданылатын күштеп әкелу түріндегі мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қозғайды деп пайымдайды. Олардың құқықтық болмысы ортақ, таңдау негіздері мен іске асыру тетігі ұқсас. Сондықтан оларды қолдану тәртібі және жүзеге асыру субъектісі заңда анық белгіленуі тиіс.
Осыған байланысты, Конституциялық Кеңес адам құқықтарының бұзылуына жол бермеу, сот шешімдері мен өзге де актілердің тиісінше орындалуын қамтамасыз ету, атқарушылық іс жүргізу барысында мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің аражігін нақты ажырату мақсатында тиісті заңнамалық шаралардың қажет екендігі туралы конституциялық іс жүргізудің бірқатар қатысушыларының пікірімен келісетінін білдіреді.
Бірқатар нормативтік қаулыларында Конституциялық Кеңес заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып, заң ережелерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығаратын түсінікті өлшемдерге негізделуге тиіс деп көрсеткен болатын (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5 және басқалары). Құқық үстемдігі принципінен құқықтық реттеудің формальды айқындылығы, анықтығы және қайшы келмеушілігі, нысандары өзара байланысты түрлі салалық нормалардың өзара келісушілігі талабы туындайды.
Конституциялық Кеңес күштеп әкелу атқарушылық іс жүргізудегі қамтамасыз ету шарасы ретінде Негізгі Заңға қайшы келмейді деп атап көрсетеді. Алайда, заңдарда тиісінше құқықтық тетік бекітілмеген кезде ол адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуымен сүйемелденуі мүмкін. Сондықтан да талап етілетін заңнамалық түзетулер қабылданғанға дейін уәкілетті мемлекеттік органдар, лауазымды және өзге де тұлғалар атқарушылық іс жүргізу шеңберінде күштеп әкелуді қолданған кезде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын көрсетілген заңнамалық актілерде белгіленген кепілдіктерден төмен емес деңгейде қамтамасыз етуі қажет.
Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37, 40-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі
қаулы етеді:
1. "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 5-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеу, күштеп әкелуді қолдану тәртібін неғұрлым толық реттеу, атқарушылық іс жүргізуде мемлекеттік органдардың функциялары мен жауапкершілігінің аражігін нақты ажырату мақсатында "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына және өзге де құқықтық актілерге Конституциялық Кеңестің осы нормативтік қаулысында мазмұндалған құқықтық ұстанымдарына сәйкес түзетулерге бастамашылық жасау туралы мәселені қарастыруға ұсыным берілсін.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы |
Қ.Ә. Мәми |