2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 127-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 14 шiлдедегi № 23-НҚ нормативтік қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 127-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Е.З. Зарировтің,

      Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – басшының орынбасары А.С. Мусралиновтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Б.Ш. Жақселекованың,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Заң департаментінің директоры Қ.С. Дүйсембековтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Е.З. Зарировтің 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 127-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Қ. Ескендіровтің хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, халықаралық тәжірибеге, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Конституциялық Сотқа ҚПК-нің 127-бабы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-тармағына және 77-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініш субъектісі ҚПК-нің 127-бабының екінші бөлігін өзі ұсынған мынадай редакцияда Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тануды сұрайды: "Соттың азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген, істі мәні бойынша шешетін шешімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган үшін және қылмыстық іс бойынша анықталған мән-жайларға да, шығарылған адам бойынша оларға құқықтық баға беруге де қатысты сот үшін міндетті". Өтініш субъектісі ҚПК-нің 127-бабы екінші бөлігінің өзі ұсынған редакциясының қолданысқа енгізу күнін 2015 жылғы 1 қаңтарды, яғни ҚПК-нің қолданысқа енгізу күнін белгілеу қажет деп есептейді.

      Конституциялық Сот отырысы барысында өтініш субъектісі "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 42-бабы 3-тармағы 1) тармақшасының тәртібімен қолданыстағы ҚПК-нің 127-бабының екінші бөлігін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп тануды сұрады.

      Өтініштен және ұсынылған материалдардан Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының № 2 аудандық сотының 2021 жылғы 6 мамырдағы заңды күшіне енген үкімімен оның 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 190-бабы үшінші бөлігінің 1) тармағы бойынша сотталғанын түсінуге болады.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 18 қаңтардағы қаулысымен оған кассациялық сатыдағы сотта қылмыстық іс бойынша сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат беруден бас тартылды.

      Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылған В.В. Куликовтың өтініш субъектісінен 8 600 000 теңге мөлшерінде негізгі борыш сомасын, залалды – 700 000 теңгені және сот шығыстарын өндіріп алу туралы азаматтық талап қоюы сот үкімі шығарылғанға дейін Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы шешімімен қанағаттандырылған. Өтініш беруші сот шешімін толық көлемде орындаған.

      Сот сатылары өтініш берушінің өз әрекеттерін азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын әрекеттер ретінде саралау бөлігіндегі дәлелдерін негізсіз деп таныды. ҚПК-нің 127-бабының екінші бөлігін қолданған соттардың түйіндеріне сәйкес соттың азаматтық iс бойынша заңды күшiне енген шешiмi сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық процестi жүргізетін орган үшiн оқиғаның немесе әрекеттiң орын алғаны не алмағаны туралы мәселе жөнінде ғана мiндеттi және бұл сотталушының кiнәлi немесе кiнәсіз екендігі туралы түйіндерді алдын ала шешпеуге тиiс.

      ҚПК-нің қаралып отырған нормасының конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы).

      Негізгі Заң әркімге әділ сот төрелігі құқығына кепілдік береді.

      Конституцияның 13, 14, 7579-баптарында сот төрелігін жүзеге асырудың мәні мен мазмұнын айқындайтын сот ісін жүргізудің базалық қағидаттары, сондай-ақ қылмыстық қудалауға тартылған адам құқықтарының конституциялық кепілдіктері белгіленген.

      Конституцияда әркімге өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау құқығы беріле отырып, әркімнің сот арқылы қорғалу құқығы, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең болу, кез келген себептер мен мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітуге жол бермеу бекітіледі.

      Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асырады. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан сот ісін жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады және өзіне әркімнің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Сот шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады.

      Адамға кінәсіздік презумпциясына кепілдік берілген, оған сәйкес адамның кiнәлi екендігі заңды күшiне енген сот үкiмiмен танылғанша ол жасалған қылмысқа кiнәлі емес деп есептеледі. Сол бір құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайта тартуға болмайды.

      Адамды қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайта тартуға жол бермеу жөніндегі конституциялық қағидат ешкімді де сол бір құқық бұзушылық үшін көрсетілген заңдық жауаптылық түрлеріне қайта тартуға болмайды дегенді білдіреді.

      2. Конституциялық Кеңес пен Конституциялық Соттың қорытынды шешімдерінде құқықтардың немесе бостандықтардың белгілі бір түрін конституциялық деңгейге дейін жеткізу және Конституцияда олардың кепілділігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтардың іске асырылуын қамтамасыз етуді өз міндетіне алатындығын білдіреді деп атап көрсетілді. Конституцияда заң шығарушыға мемлекет пен қоғамның ерекше қорғалатын мүдделері мен құндылықтарына төнетін сындарға барабар ден қою, заң нормаларын белгілеу және Конституцияға сәйкес жеке және заңды тұлғалар қызметінің шарттарын және олардың жауаптылығын заңда айқындау мүмкіндігі беріледі. Процестік заңда әртүрлі санаттағы істер үшін соттылық айқындалған кезде істердің өзіндік ерекшелігі, күрделілігі, қоғамдық маңыздылығы, оларды тез және тиімді шешуді қамтамасыз ету қажеттігі ескеріледі (1997 жылғы 6 наурыздағы № 3, 1999 жылғы 12 наурыздағы № 3/2, 2005 жылғы 23 тамыздағы № 6, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1, 2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ, 2023 жылғы 22 мамырдағы № 16-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).

      Сот ісін жүргізу нысандарын азаматтық, қылмыстық және өзге де түрлерге конституциялық бөлу 2015 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі – АПК), ҚПК-де, 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде (бұдан әрі – ӘҚбК), 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде іске асырылды. Мамандануына және деңгейіне қарамастан соттар үшін бірыңғай сот ісін жүргізу қағидаларының олардың нысандарының әрқайсысына тән өзіндік ерекшелігі болады. Процестік нормаларды осылай саралау қажеттігі құқықтық реттеу саласына және заң шығарушы қандай да бір сот ісін жүргізу түріне қойған міндеттерге байланысты болады.

      3. Адам жасаған құқық бұзушылық заңдық жауаптылықтың барлық түріне тартуға жалпы негіз болып табылады.

      Құқық бұзушылықтардың, қол сұғу объектісін және әрекетке субъективті көзқарасты (кінәні) қоса алғанда, құқық бұзушылық құрамының элементтеріне қарай айырмасы болады.

      Конституцияда (77-баптың 3-тармағының 1) тармақшасы) және ҚПК нормаларында (1-баптың бірінші бөлігі, 7-баптың 52) тармағы, 11 және 19-баптар және басқалар) адамның қылмыс жасауда кінәлі екендігі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана танылуы мүмкін деп белгіленген.

      Азаматтық сот ісін жүргізуде (АПК-нің 1-бабы және 2-тарауы) басқа іс санаттары үшін – азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, қаржы, шаруашылық, жер және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар, сондай-ақ ерекше жүргізілетін істер бойынша өзге міндеттер, қағидаттар мен қағидалар айқындалған.

      Жасалған құқық бұзушылықты негізге ала отырып, заң шығарушы заңдық жауаптылықтың алуан түрін үйлестіруге жол береді, өйткені олардың әрқайсысы белгілі бір мақсатты көздейді.

      ӘҚбК-нің 40-бабының қағидалары бойынша әкімшілік жаза заңнама талаптарын сақтау, құқық тәртібін құрметтеу және құқық бұзушының өзінің де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы болып табылады. Мұндай жаза мүліктік залалдың орнын толтыру құралы болып табылмайды. Құқық бұзушылықтан келтірілген зиян ӘҚбК-нің 59-бабында көзделген тәртіппен өтеледі.

      Мүліктік зиян мөлшері туралы дау туындаған жағдайда кінәлі адам залалды өз еркімен өтеуден бас тартқан кезде және жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы талабы болған кезде аталған мәселелер азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.

      Қылмыстық жаза мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы ретінде ұқсас, бірақ мақсаттарында – әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу секілді айырмашылықтары бар (ҚК-нің 39-бабы).

      Егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу барысында азаматтық немесе әкiмшiлiк құқыққа сәйкес шешiлуге тиiсті мәселенi қарау қажеттiгi туындаса, ол азаматтық немесе әкiмшiлiк iс жүргiзу тәртiбiмен шешiледi (ҚПК-нің 1-бабының үшінші бөлігі).

      Қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде қылмыстық құқық бұзушылықтан келтірілген мүліктік және моральдық зиянды өтеу, жәбірленушіні жерлеуге, емдеуге кеткен шығыстарды, оған сақтандыру өтемі, жәрдемақы немесе зейнетақы ретінде төленген сомаларды, сондай-ақ өкiлдiк етуге жұмсалған шығыстарға қоса, анықтау, алдын ала тергеу ісін жүргізуге және сотқа қатысуға байланысты шеккен шығыстарды өтеу туралы азаматтық талап қоюлар қаралуы мүмкін (ҚПК-нің 166-бабының бірінші бөлігі).

      Мұндай жағдайларда азаматтық талап қою қылмыстық іс материалдарының бір бөлігі болып табылады және қылмыстық істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды дәлелдеу кезінде пайдаланылатын дәлелдемелерге негізделеді (қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері, оның ішінде залалдың сипаты мен мөлшері). Бұл қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында да, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жеке де қойылуы мүмкін.

      Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қабылданған азаматтық талап қою бойынша шешім қылмыстық сот ісін жүргізу барысында нақ осы талапты нақ осы адамдарға нақ осы негіздер бойынша қою үшін кедергі келтіретін негіз болып табылады (ҚПК-нің 166-бабының төртінші бөлігі).

      ҚПК нормаларымен қылмыстық құқық бұзушылықтан келтірілген зиянды және басқа да шығыстарды өтеуге байланысты мәселелер жеткілікті деңгейде реттелген.

      4. Сот шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші туралы конституциялық норма (Конституцияның 76-бабының 3-тармағы) оларды барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға міндетті дегенді білдіреді. Сот актілері мен судья талаптарын орындамау заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Заңды күшіне енген үкім анықталған мән-жайларға да, шығарылған адам бойынша оларға құқықтық баға беруге де қатысты барлық мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi ("Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 1-бабының 3-тармағы, АПК-нің 21-бабының екінші бөлігі, ҚПК-нің 127-бабының бірінші бөлігі).

      ҚПК-нің 127-бабының бірінші және үшінші бөліктерінде, АПК-нің 76-бабының үшінші және төртінші бөліктерінде сот үкімінің преюдициясы мәселелері реттелген, заңда бұл нақ сол адамдар қатысатын басқа қылмыстық немесе азаматтық іс бойынша қайта дәлелдеуді қажет етпейтін, сот анықтаған мән-жайлар және оларға құқықтық баға беру деп түсініледі.

      Қылмыстық іс бойынша соттың үкімі мен басқа да шешімдерін кассациялық тәртіппен не жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша тексеру немесе қайта қарау мүмкіндігі осы ереженің ерекшелігі болып табылады.

      ҚПК-нің 127-бабының дау айтылып отырған екінші бөлігінде соттың азаматтық iс бойынша заңды күшiне енген шешiмi сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық процестi жүргізетін орган үшiн оқиғаның немесе әрекеттiң орын алғаны не алмағаны туралы мәселе жөнiнде ғана мiндеттi және ол сотталушының кiнәлiлігі немесе кiнәсіздігі туралы түйіндерді алдын ала шешпеуге тиiс деп белгіленген.

      Бұл құқық нормасы азаматтық іс бойынша преюдицияның салааралық мағынасын белгілі бір шектеулермен ашып көрсетеді: мұндай шешімнің қандайда бір оқиғаның немесе әрекеттің болу мәселесі бойынша ғана міндеттілігі (мысалы, талапкерге келтірілген залалдың мөлшерін анықтау, жауапкердің борышты мойындауы, мәміленің жарамдылығы не жарамсыздығы бөлігінде және басқа да бөлікте) және сотталушының кiнәлi немесе кiнәсіз екендігі туралы түйіндерді алдын ала шешудің мүмкін болмауы. Аталған норма қылмыстық қудалау органдары мен соттың азаматтық сот ісін жүргізуде сот дәлелденді деп таныған нақты мән-жайларды анықтауда процестік үнемдеу мақсатына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, адамның кiнәлi немесе кiнәсіз екендігі туралы шешім сот үкімінде ғана көрініс табады, өйткені бұл мәселелер Конституцияның 75-бабының 2-тармағына, 77-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына және ҚПК-нің 1-бабының бірінші бөлігіне, 7-бабының 52) тармақшасына және 11-бабына сәйкес қылмыстық сот ісін жүргізу аясына жатқызылған.

      Қазақстан Республикасында қолданылатын құқыққа Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары да жатқызылған (Конституцияның 4-бабының 1-тармағы).

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Алаяқтық туралы істер бойынша сот практикасы туралы" 2017 жылғы 29 маусымдағы № 6 нормативтік қаулысының 10-тармағында алаяқтық азаматтық-құқықтық қатынастардан былайша ажыратылған.

      Алаяқтық кезінде кінәлі адамның алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы бөтен мүлікті жымқыруға немесе бөтен мүлікке құқықты иемденуге бағытталған пиғылы бөтен мүлікті немесе оған құқық алуды көздейтін шартты жасасқанға дейін және (немесе) жасасу кезінде туындайды. Мұндай жағдайларда кінәлінің алдау әрекеттері кінәлінің бөтен мүлікті алған немесе мүлікке құқықты иемденген фактісімен себептік байланыста, яғни алдау әрекеттері осы мүлікті беруден немесе оған құқықты иемденуден бұрын болуға тиіс.

      Адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін ол жасаған іс-әрекеттің субъективті жағының белгілерін (кінә, уәж және мақсат) анықтау маңызды, бұл қылмыстық істі қарау кезінде дәлелдеу нысанасы болып табылады (ҚПК-нің 23-бабының үшінші бөлігі).

      Қылмыстық сот ісін жүргізуде адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі екендігі және оны жазалау мәселесі шешіледі. Сот ісін жүргізудің осы түрі шеңберінде сот үшін оларсыз іс-әрекетті қылмыстық деп тану мүмкін болмайтын қылмыс құрамының белгілерін құрайтын, дәлелдемелермен расталған мән-жайлар маңызды болады. Бұл қылмыс құрамының субъективті жағының элементі ретінде кінә түріне де қатысты. Жауаптылыққа тартылатын адам әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) қылмыстық-құқықтық саралануы тек қылмыстық-процестік заңда көзделген рәсімдер шеңберінде айқындалады және сот ісін жүргізудің өзге де түрлерінде белгіленбейді.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы" 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 13-тармағына сәйкес осындай қылмыстық iстен туындайтын талап қоюды қарайтын сот жауапкердiң кiнәлiлiгiн талқылауға құқылы емес, алайда шешiмнiң дәлелдеу бөлiгiнде азаматтық iсте бар, берiлген соманың көлемiн (мысалы, жауапкердiң мүлiктiк жағдайын немесе жәбiрленушiнiң кiнәсiн есепке алу) негiздейтiн дәлелдемелердi келтiруге құқылы.

      Осылайша, азаматтық істер бойынша сот шешімдерінің преюдициалдық маңызы құқықтық қатынастардың (мүліктік және (немесе) олармен байланысты жеке мүліктік емес не жария қатынастарға қатысушылардың тең болуына негізделген) сипатына қарай айқындалады және сот ісін жүргізудің өзге де түрі бойынша дәлелдемелік базаны алмастырмайды. Азаматтық-құқықтық жауаптылықты қолданудың құқықтық мүмкіндігі, жария-құқықтық жауаптылықпен қатар, жария және жеке мүдделер теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталған.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 127-бабының екінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      3. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады