Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты төрағалық етуші – Төраға орынбасары Б.М. Нұрмұханов, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, Қ.С. Мусин, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі Р.Ж. Асарбекованың және оның өкілі – адвокат Е.Д. Кырыкбаевтың,
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілі – Заң департаменті бастығының орынбасары Н.Т. Жапаровтың,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Төраға орынбасары А.Т. Наймантаевтың,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы К.М. Актановтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі А.Т. Құлыясованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның қатысуымен,
өзінің ашық отырысында "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заң) 21-бабы 5-тармағы 3) тармақшасының, Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының (бұдан әрі – Әскери қызмет өткеру қағидалары) 64-тармағының, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 5 шілдеде № 15313 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 маусымдағы № 255 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидаларының (бұдан әрі – Ақшалай ризық төлеу қағидалары) 26-тармағы екінші бөлігінің және 30-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.Т. Жақыпбаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 21-бабы 5-тармағы 3) тармақшасының, Әскери қызмет өткеру қағидаларының 64-тармағының, Ақшалай ризық төлеу қағидаларының 26-тармағы екінші бөлігінің және 30-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
Өтініштен және оған қоса берілген материалдардан өтініш субъектісінің әскери бөлім командиріне әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейін және одан кейін еңбек сіңірген жылдары бойынша жұмыстан босату туралы баянатымен екі рет жүгінгенін түсінуге болады. Алайда, аталған жасқа толғаннан кейін ол әскери қызметтен босатылмаған.
"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 21-бабы 5-тармағы 3) тармақшасының негізінде өтініш субъектісі өзіне қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылуына байланысты бөлім командирінің қарамағына жіберілген және айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Бөлім командирінің қарамағында болған кезеңде оған Ақшалай ризық төлеу қағидаларының 26-тармағы екінші бөлігінің және 30-тармағының негізінде ақшалай ризық төленбеген.
Соттар өтініш субъектісін бөлім командирінің қарамағына жіберу және жұмыстан шығару туралы бұйрықтарды заңсыз деп тану және олардың күшін жою туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Өтініш субъектісінің пікірінше, қаралып отырған құқық нормалары еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін және бөлім командирінің қарамағында болған кезеңде ақшалай ризық (жалақы) алуға конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді.
"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 21-бабы 5-тармағының 3) тармақшасында әскери қызметші өзіне қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау не қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасын қолдану жөнінде қаулы шығарылуына байланысты командирдің (бастықтың) қарамағында болған жағдайда – қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарылғанға дейін əскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткереді деп айқындалады.
Әскери қызмет өткеру қағидаларының 64-тармағына сәйкес әскери қызметшіні командирдің (бастықтың) қарамағына жіберуге, егер "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – "Арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Заң) өзгеше белгіленбесе, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 21-бабының 5-тармағында айқындалған жағдайларда және мерзімдерге жол беріледі.
Командирдің (бастықтың) қарамағында болған кезде ақшалай ризық төлеу мәселелері Ақшалай ризық төлеу қағидаларында регламенттелген.
Әскери қызметшіге өзіне қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау не қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасын қолдану жөнінде қаулы шығарылуына байланысты командирдің (бастықтың) қарамағында болған кезеңінде ақшалай ризық төлеу қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарылғанға дейін тоқтатыла тұрады (Ақшалай ризық төлеу қағидаларының 26-тармағының екінші бөлігі).
Заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыс жасауда кінәлі деп танылған әскери қызметшіге командирдің (бастықтың) қарамағында болған уақытында ақшалай ризық төленбейді (Ақшалай ризық төлеу қағидаларының 30-тармағы).
"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның, Әскери қызмет өткеру қағидаларының және Ақшалай ризық төлеу қағидаларының қаралып отырған нормаларының конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституцияның 36-бабына сәйкес Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.
Әскери қызмет – егемендікті, аумақтық тұтастықты жəне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының қолсұғылмаушылығын қарулы қорғаумен байланысты əскери қауіпсіздікті тікелей қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да əскерлер мен əскери құралымдар əскери қызметшілерінің мемлекеттік қызметінің ерекше түрі ("Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 1-бабының 16) тармақшасы).
Осы Заңда азаматтардың әскери қызметке даярлықтан өту және белгіленген тәртіппен ерікті негізде келісімшарт бойынша әскери қызметке тұру құқығы көзделген.
Мәселен, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 1-бабының 18) тармақшасында əскери қызмет өткеру туралы келісімшарт уəкілетті орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы азаматтың əскери қызметті өткеру кезеңіне тараптардың құқықтарын, міндеттерін жəне жауапкершілігін белгілейтін ерікті түрде əскери қызмет өткеру туралы шарт ретінде айқындалады. Осы Заңның 37-бабының 2-тармағында келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тарап арасында жазбаша жасалады деп белгіленеді. Осы нормада келісімшарт мерзiмінің өтуi оның қолданысын тоқтату негізі ретінде көзделген.
Келісімшарт мерзімі жылдармен де, әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейінгі нақты кезеңге байланыстырылмай да есептелуі мүмкін ("Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 40-бабы).
Әскери қызметте болудың шекті жасына толған әскери қызметшілер Әскери қызмет өткеру қағидаларында белгіленген тәртіппен әскери қызметтен запасқа немесе отставкаға шығарылуға жатады. Бұл ретте әскери қызмет мерзімін ұзарту әскери қызметшінің баянаты бойынша ғана мүмкін болады. Жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде немесе соғыс уақытында әскери қызметшілердің әскери қызметте болуының шекті жасын әскери қызметшінің еркінсіз ұлғайтуға жол беріледі ("Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 25-бабының 2 және 3-тармақтары).
Өтініш субъектісі әскери қызметте болудың шекті жасына толған кезде оның шекті жасын ұлғайту және әскери қызмет мерзімін ұзарту үшін көрсетілген айрықша негіздер болмаған.
Бұған дейін Конституциялық Сот атап өткендей, әскери қызметшілердің конституциялық маңызы бар функцияларды орындауы олардың арнаулы құқықтық мәртебесін алдын ала айқындайды. Бұл мемлекеттік қызметшілердің басқа санаттарымен салыстырғанда оларға жоғары талаптар қою және белгілі бір шектеулер, оның ішінде өздеріне жүктелген жалпы, лауазымдық және арнайы міндеттерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты шектеулер белгілеу мүмкіндігін көздейді. Азаматтар әскери қызметке ерікті түрде кіре отырып, оны өткерудің ерекше қағидаларымен, оларды сақтамағаны үшін жауаптылық шараларымен келіседі және әскери қызметшінің құқықтық жағдайынан туындайтын тыйым салулар мен шектеулерді өзіне қабылдайды (2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ нормативтік қаулы).
Сонымен бірге, теріс себептер бойынша әскери қызметті тоқтатудың құқықтық негіздері алдағы уақытты көздеп емес, әскери қызметші жұмыстан босату туралы өтініш берген кезде болуға тиіс. Осыған байланысты Конституциялық Сот "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 21-бабы 5-тармағының 3) тармақшасында қылмыс жасады деп күдік тағылған әскери қызметшінің командирдің (бастықтың) қарамағында болған кезеңде әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеруінің нақ жағдайлары мен мерзімі регламенттеледі деп есептейді. Заң шығарушы бұл тармақшаны әскери қызметшінің өз еркінен тыс әскери қызметте болуының шекті жасын ұлғайту үшін не оның баянаты бойынша әскери қызмет мерзімін ұзарту үшін негіз ретінде айқындамаған. Әскери қызметшіні әскери қызметтен сот үкіміне дейін тек болжамды кінәлілігі негізінде босатуға кедергі келтіру оның құқықтарын шектейді, бұл Конституциядағы кінәсіздік презумпциясы қағидатына қайшы келеді.
2. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы 217А (III) резолюциясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында қылмыс жасады деп айыпталған әрбір адамның өзінің кінәлі екендігі ашық сот талқылауы арқылы заңды түрде анықталғанша кінәсіз деп есептелуге құқығы бар, бұл ретте оған қорғанудың барлық мүмкіндігі қамтамасыз етіледі деп белгіленген (11-баптың 1-тармағы).
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі құқықтардың немесе бостандықтардың нақты бір түрінің конституциялық құқық деңгейіне жеткізілуі және Конституцияда оның кепілдігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтардың өзі құратын жүйелер мен құрылымдар арқылы іске асырылуын қамтамасыз етуді өз міндетіне алғандығын білдіреді деген құқықтық ұстанымын тұжырымдаған болатын (1999 жылғы 12 наурыздағы № 3/2 нормативтік қаулы).
Негізгі Заңның 77-бабы 3-тармағы 1) тармақшасының ережелеріне қатысты Конституциялық Сот адамға кінәсіздік презумпциясына кепілдік берілгенін, оған сәйкес адамның кiнәлi екендігі заңды күшiне енген сот үкiмiмен танылғанша ол жасалған қылмысқа кiнәлі емес деп есептелетінін атап өткен болатын (2023 жылғы 14 шілдедегі № 23-НҚ нормативтік қаулы).
Конституцияның 77-бабының 4-тармағында бекітілген ережеге сәйкес сот төрелігінің конституциялық қағидаттары Қазақстан Республикасының барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылады.
Конституциялық Соттың пікірінше, Конституцияда сот төрелігі қағидаты ретінде қаралатын кінәсіздік презумпциясы туралы ереже азаматтарға шектеулер немесе жауаптылық белгіленген кезде заң шығарушының оны ескеру міндеттілігін көздейді.
3. Лауазымынан уақытша шеттету – белгілі бір кезеңге тиісті адамның атқаратын лауазымы бойынша өзінің функционалдық міндеттерін жүзеге асыруына тыйым салу. Бұл қамтамасыз ету сипатына ие және қылмыстық-процестік мақсаттарды іске асыруға бағытталған.
2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 155-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін органның осындай бұлтартпау шарасын күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қолдану мақсаттарының бірі ҚПК-де көзделген қылмыстық істер бойынша тергеп-тексерудің, сот талқылауының тәртібін, үкімнің тиісінше орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Яғни, аталған мақсатты іске асыру үшін тиісті адамның белгілі бір кезеңге өзінің функционалдық міндеттерін жүзеге асыруына жіберілмеуі маңызды.
Сонымен қатар, ҚПК-нің 158-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде тергеу судьясы немесе сот ісін жүргізу кезінде сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін негіздер болмаған кезде және күдікті осы лауазымда қала отырып, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға, қылмыспен келтiрiлген залалды өтеуге кедергi келтіреді немесе осы лауазымда болуына байланысты қылмыстық әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін айыпталушыны, сотталушыны, сондай-ақ күдіктіні лауазымынан шеттетуге құқылы.
"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 21-бабы 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әскери қызметшіге қатысты қолданылатын шараның туындауын ескере отырып және оның қылмыстық-процестік мәртебесіне байланысты өтініш субъектісін баяндалған мән-жайлар жағдайында әскери қызметтен шығару күдіктіні (айыпталушыны, сотталушыны) лауазымдық міндеттерін орындаудан уақытша шеттету мақсаттарына қайшы келтірмес еді, өйткені жұмыстан шығарылған жағдайда әскери қызметшінің әскери лауазымда болуына байланысты қылмыстық-процестік тәуекелдер орын алмайды.
4. Конституцияның 24-бабының 1-тармағына сәйкес әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кəсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке қылмыстық немесе əкімшілік құқық бұзушылық жасауда кінəлі деп тану туралы сот актісінің негізінде не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.
Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшерінде, жасына байланысты, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік беріледі (Негізгі Заңның 28-бабының 1-тармағы). Өмір сүру, денсаулық және басқаларды сақтау құқықтары туралы конституциялық ережелермен қатар бұл кепілдіктер әлеуметтік мемлекеттің негізін құрайды, Қазақстан өзін осындай мемлекет ретінде орнықтырады (Конституцияның 1-бабы, 15-бабының 1-тармағы, 29-бабының 1-тармағы және басқа да нормалары).
Əскери жиындар кезеңіндегі əскери міндеттілерді қоспағанда, əскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленетін ақшалай ризықпен қамтамасыз етіледі ("Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 44-бабының 1-тармағы). Бұл ретте келісімшарт бойынша қызмет өткеретін əскери қызметшілердің ақшалай ризығы ақшалай жабдықталымды (лауазымдық айлықақыны жəне əскери атағы бойынша айлықақыны), қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақыларды, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да үстемеақылар мен қосымша ақыларды қамтиды.
Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін (Конституцияның 39-бабының 1-тармағы).
Әскери қызмет өткеру қағидаларының 64-тармағы, егер "Арнаулы мемлекеттік органдар туралы" Заңда өзгеше белгіленбесе, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 21-бабының 5-тармағында айқындалған жағдайларда және мерзімдерде ғана әскери қызметшіні командирдің (бастықтың) қарамағына жіберу мүмкіндігін шектейді. Аталған норма әскери қызметшілер үшін оң сипатқа ие, өйткені командирлерінің (бастықтарының) дискрециялық өкілеттіктерін шектейді және Конституцияға қайшы келмейді.
Конституциялық Сот қылмыс жасады деп күдік тағылған әскери қызметшінің командирдің (бастықтың) қарамағында болған жағдайда әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткерген уақыты үшін оның еңбегіне ақы төлеу құқығын шектеу заңмен емес, Ақшалай ризық төлеу қағидаларымен, яғни заңға тәуелді нормативтік құқықтық актімен енгізілгенін атап өтеді, бұл Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді және Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1), 3), 7) және 11) тармақшаларының ережелерімен үйлеспейді.
Сонымен бірге, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 44-бабы 1-тармағы алтыншы бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында әскери қызметшілерге аталған Заңның 21-бабы 5-тармағының 6), 8) және 9) тармақшаларында белгіленген жағдайларда əскери емес лауазымдарда əскери қызмет өткерген, сондай-ақ әскери қызметші қамақта болған кезеңдерде ақшалай ризық төлеуге шектеу тікелей көзделген.
Конституциялық іс жүргізу барысында әскери қызметшінің командирдің (бастықтың) қарамағында болған жағдайда әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеруі кезінде оның құқықтық жағдайының белгісіздігі анықталды.
Әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеру кезеңі әскери қызметшінің еңбек сіңірген жылдарына есептеледі. Еңбек сіңірген жылдар жалпы еңбек өтіліне және мемлекеттік қызмет өтіліне кіреді ("Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 24-бабы 2-тармағының екінші бөлігі). Әскери қызмет өткеру қағидаларының 65-тармағына сәйкес қарамағында әскери қызметшілер бар лауазымды адамдар олардың міндеттерінің тізбесін бекітеді. Осы нормалардан әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеру еңбек қызметінің нысаны болып табылатыны шығады. Қызметтің бұл кезеңін әскери қызметтің өзге, лауазымдық емес міндеттерін орындаудан бос кезеңге жатқызуға болмайды, өйткені әскери қызметші "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңда көзделген тиісті құқықтарды пайдалануды, белгілі бір міндеттерді орындауды және әскери қызмет өткеруге байланысты шектеулерді сақтауды жалғастыра береді.
Лауазымдарынан шеттетiлген күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, егер олар өздеріне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа лауазымда iстей алмаса немесе басқа жұмысқа кiре алмаса, ең төмен бір жалақы мөлшерiнен кем емес ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақыға құқығы бар (ҚПК-нің 158-бабының жетінші бөлігі).
Конституциялық Сот әскери лауазымынан шеттетілген, бірақ әскери қызметтен босатылмаған әскери қызметші "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 8-бабында көзделген құқықтардың шектелуін ескере отырып, әскери қызмет міндеттерін орындауға кедергі келтірмейтін медициналық, педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет болмаса, басқа ақылы қызметпен айналысуға құқылы емес дегенге назар аударады. Оның кәсіпкерлік қызметпен айналысуға да құқығы болмайды.
Әскери қызметшіге өзіне қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау не қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасын қолдану жөнінде қаулы шығарылуына байланысты командирдің (бастықтың) қарамағында болған кезеңінде қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарылғанға дейін ақшалай ризық төлеуді толық көлемде тоқтата тұру, сондай-ақ заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыс жасауда кінәлі деп танылғаннан кейін ризық сомасын төлемеу Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруы, Қазақстан азаматына ең төмен жалақы мөлшерінде кепілдік беру, оның өмір сүру, денсаулығын сақтау құқықтары, сондай-ақ балалары мен еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасау міндеті туралы конституциялық ережелерге сәйкес келмейді.
Әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілерге сол кезеңде өздеріне жүктелетін міндеттерге қарай белгілі бір ақша төлемдерін, бірақ Конституцияда кепілдік берілген ең төмен жалақы мөлшерінен төмен емес етіп алуға кепілдік заң деңгейінде бекітілу қажет.
5. Конституциялық Сот заң нормаларын өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтіндей нақты тұжырымдау қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын (2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ, 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).
Заңнамаға жүргізілген жүйелі талдау командирдің (бастықтың) қарамағындағы әскери қызметшіні күдіктінің іс-әрекетін саралау не қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша кез келген бұлтартпау шарасын қолдану жөніндегі қаулы негізінде ғана әскери емес лауазымға ауыстыру көзделетін "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 21-бабы 5-тармағы 3) тармақшасының ҚПК ережелерімен толық үйлесе бермейтінін анықтады, осыған байланысты құқық қолдану практикасында екіұштылық және күдіктіні әскери лауазымдағы міндеттерін орындаудан процестік емес шеттету мүмкіндігі туындайды.
Бұдан басқа, әскери қызметшіні ауыстыру мерзімі "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңда қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарылғанға дейінгі кезеңмен айқындалып, бұлтартпау шарасының қажеттігі болмай қалған кезде оның күші жойылады деген ҚПК-нің 153-бабы бірінші бөлігінің ережесі ескерілмеген.
Тұтастай алғанда, қаралып отырған "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заң қолбасшылық мұндай әскери қызметшіге әскери лауазымынан шеттету кезеңінде қандай да бір өзге, әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеру мүмкіндігін беруге және тиісінше осындай жұмысқа ақы төлеуді жүзеге асыруға міндетті-міндетті емес пе дегенге қатысты анықтылықты талап етеді.
Конституциялық Сот заң шығарушының әскери қызметшілермен байланысты емес ұқсас жағдайлар бойынша, әдетте, жұмыс берушінің жұмыскерді лауазымынан уақытша шеттету туралы актісін уәкілетті органның актілеріне және соттың қылмыстық-процестік шешімдеріне тәуелді етіп белгілейтініне назар аударады.
2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 48-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың актілері негізінде жұмыскерді не жіберуші тараптың жұмыскерін жұмыстан шеттетуге міндетті. Мемлекеттік қызметші немесе құқық қорғау органының қызметкері лауазымдық міндеттерін атқарудан Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес уақытша шеттетілуі мүмкін ("Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы, "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы).
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 63-бабының 3 және 4-тармақтарын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 5-тармағының 3) тармақшасы төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:
осы тармақшада әскери қызметшіге қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау не қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасын қолдану жөнінде қаулы шығарылуына байланысты командирдің (бастықтың) қарамағында болған кезеңде әскери қызметшінің әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеру жағдайлары мен мерзімі регламенттеледі және бұл әскери қызметшінің әскери қызметте болуының шекті жасын ұлғайту не әскери қызмет мерзімін ұзарту үшін негіз болып табылмайды.
2. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 5-тармағы 3) тармақшасының ережелерін қолданған кезде оны өзгеше түсіндіруге болмайды.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларының 64-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
4. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 маусымдағы № 255 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидаларының 26-тармағының екінші бөлігі және 30-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.
5. Соттардың және өзге де құқық қолдану органдарының "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 5-тармағы 3) тармақшасының ережелерін өзгеше түсіндіруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 маусымдағы № 255 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидаларының 26-тармағының екінші бөлігін және 30-тармағын қолдануға негізделген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі алты ай мерзімде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізсін.
7. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
8. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |