2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 40-бабы 1-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 30 қантардағы № 64-НҚ нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Д.Е. Жумабекованың өкілі – адвокат С.В. Сизинцевтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі – Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары А.Ж. Алпамышовтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ж.С. Тасболатовтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – Заңнаманың тиімділігін талдау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Б. Тебаевтың,

      Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор А.К. Канатовтың,

      Республикалық нотариаттық палатаның өкілі – атқарушы директор Г.О. Рыспекованың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Д.Е. Жумабекованың 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 40-бабы 1-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Қ. Ескендіровті және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

      анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Жер кодексінің 40-бабы 1-тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 14-бабына, 26-бабының 2-тармағына және 39-бабының 3-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті, дау айтылып отырған тармаққа сәйкес жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы заң бойынша мұраға ие болу кезiнде немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда құқық мирасқорында жер пайдалану құқығының туындауын бiлдiредi.

      Өтініштен және оған қоса берілген құжаттардан жұбайы қайтыс болғаннан кейін қалған мұрагерлік мүлікке өтініш берушінің өсиет бойынша мұрагер болып табылатынын түсінуге болады. Нотариус куәландырған өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәліктерге сәйкес мұрагерлік мүлік шаруа қожалығын жүргізуге нысаналы мақсаты бар, бөлінетін төрт жер учаскесіне 40 және 49 жыл мерзімге уақытша өтеулі (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) жер пайдалану (жалдау) құқығының ½ үлесін құрайды.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен шаруа қожалығының талап қоюын ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарыла отырып, жергілікті соттардың сот актілерінің күші жойылған. Жоғарғы Сот даулы жер учаскелерін шаруа қожалығына жергілікті атқарушы орган берген, демек, осы учаскелерге жер пайдалану құқығы оның мүшелеріне тиесілі деп көрсеткен. Өтініш субъектісі өсиет бойынша мұрагер болып табылады және шаруа қожалығының құрамына кірмейді, сәйкесінше сот Жер кодексінің 40-бабы 1-тармағының ережелері негізінде өтініш берушіге жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы мүмкін емес деп тұжырым жасаған.

      Өтініш субъектісінің пікірінше, мұндай шектеу жеке құқықтың негізгі қағидаттарының біріне – "заңмен тікелей тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі" дегенге сәйкес келмейді. Бұл шектеу жер пайдалану құқығын мұрагерлерге заң бойынша да, өсиет бойынша да беру мүмкіндігі көзделетін 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) (бұдан әрі – АК) және Жер кодексінің басқа нормаларының түсіндірмесімен үйлеспейді және Конституция нормаларына тікелей қайшы келеді.

      Конституциялық Сот "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 45-бабының 1-тармағына және 50-бабының 2-тармағына сәйкес азаматтардың өтініштері бойынша өздерінің Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің және өтініште көрсетілген бөлігінде ғана конституциялылығын тексеретінін атап өтеді. Тиісінше, аталған құқық нормасы заң бойынша мұраға ие болу кезінде жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы бойынша ғана тексеруге жатады.

      Қаралып отырған Жер кодексі ережесінің конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады. Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді. Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін (Конституцияның 6-бабы).

      Бұған дейін конституциялық бақылау органы Конституцияның 6-бабының 2 және 3-тармақтарына, 61-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына ресми түсіндірме бере отырып, меншіктің құқықтық режимі, меншік иесінің өз құқықтарын жүзеге асыруының көлемі мен шегі заңмен регламенттеледі деп көрсеткен болатын. Конституциялық ережелер, бұл ережелерге негізделген заңдармен және заңи күші жағынан олармен тең заң актілерімен реттелетін Қазақстан Республикасындағы жер құқығы қатынастарының жалпы міндетті бастауларын белгілейді (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 3 қарашадағы № 19/2 және 2000 жылғы 13 сәуірдегі № 2/2 нормативтік қаулылары).

      Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, Конституцияға сәйкес оларға кепілдік беріледі, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады (Конституцияның 12-бабының 1 және 2-тармақтары).

      Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған кез келген мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі (Негізгі Заңның 26-бабының 1 және 2-тармақтары).

      Конституцияның 26-бабының 2-тармағында көзделген мұрагерлік құқығы бір жағынан – мұра қалдырушыға өз мүлкін жақын адамдарына, оның ішінде өсиет арқылы қалдыру мүмкіндігіне кепілдікті, ал екінші жағынан мұрагерлердің мұраны қабылдау және өзі қабылдаған меншік иесі немесе өзге де иеленуші өкілеттігін жүзеге асыру құқығын қамтиды. Осылайша мұрагерлік институты арқылы мұра қалдырушының, оның кредиторлары мен мұрагерлерінің мүдделері қорғалады, адамның иемденген мүлікке билік ету жөніндегі тірі кезіндегі ерік-қалауы іске асырылады, отбасылық қатынастарды сақтау және дамыту, азаматтық айналымдағы құқықтық айқындылық қамтамасыз етіледі. Мұрагерлік құқығын іске асыру тәртібі, оны жүзеге асыру көлемі мен шегі, құқықтық қорғау кепілдіктері заңдарда айқындалады. Бұл құқық Негізгі Заңның 39-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес ешбір жағдайда да шектелуге жатпайды.

      2. Жер кодексінің 6-бабының 4-тармағына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының жер, экология, орман, су заңнамасында, жер қойнауы, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, жер учаскелерiн иелену, пайдалану және оларға билiк ету, сондай-ақ олармен мәмiле жасасу бойынша мүлiктiк қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледi.

      Мемлекеттiк меншiктегi жерден жер учаскелерi тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкін. Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады. Жер кодексі ережелеріне немесе заттық құқықтың мәнiне қайшы келмейтiндiктен, оған меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады. Жер пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иелiктен шығарылатын немесе шығарылмайтын, өтеулi немесе өтеусiз алынатын болуы мүмкiн. Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актiлерiнде белгiленген негiздерден басқа реттерде ешкiмдi де жер пайдалану құқығынан айыруға болмайды (Жер кодексінің 27-бабының 2) тармақшасы, 28 және 29-баптары).

      АК нормаларында да жер пайдалану құқығы заттық құқықтарға жатқызылған. Жер учаскесін жер пайдалану құқығымен иеленетін адам өзінің құқықтарын тануды талап етуге, мүлікті (жер учаскесін) өзгенің заңсыз иеленуінен, оның ішінде адал алушыдан талап етіп алдыруға, меншік иесінің әрекеттерінен өзінің иелену құқығын қорғауға және өз құқықтарының бұзылуы иелiктен айырумен ұштаспаса, оларды бұзудың қандайын болса да жоюды талап етуге құқылы (195-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы, 259 – 261, 264 және 265-баптар).

      Жep пайдалану құқығы: жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескеріле отырып жүзеге асырылатын, 1) жер пайдалану құқығын мемлекеттiк органдар актiлерiнiң негізінде табыстау, 2) жер пайдалану құқығын азаматтық-құқықтық мәмiлелер нәтижесінде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негiздерде беру, 3) жер пайдалану құқығының мұраға ие болу немесе заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы арқылы туындайды (Жер кодексінің 3133 және 40-баптары).

      Жер кодексінің 40-бабы 1 және 2-тармақтарының ережелеріне сәйкес жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы заң бойынша мұраға ие болу кезiнде немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда құқық мирасқорында жер пайдалану құқығының туындауын бiлдiредi. Жер учаскесiне ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы бap азамат қайтыс болған жағдайда, жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртiппен мұраға қалдырылады. Егер уақытша жер пайдалану шартында өзгеше көзделмесе, қысқа мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы да осындай тәртiппен мұраға қалдырылады.

      Құқықтық мирасқорлық – құқықтар мен міндеттердің бір құқық субъектісінен екіншісіне ауысуы, бұл заң ережелеріне де, азаматтық-құқықтық шарт тараптарының келісіміне де сәйкес жүзеге асырылады. Әмбебап құқықтық мирасқорлық кезінде құқықтар мен міндеттердің (мұрагерлік немесе міндетті) барлығы бір адамнан (құқық берушіден) басқа адамға – барлық құқықтық қатынаста өзінің алдындағы құқық иесінің орнын басатын құқық мирасқорына толық көлемде ауысады, бұған құқықтық мирасқорлыққа заңмен жол берілмейтін құқықтық қатынастар кірмейді (АК-нің 116-бабының 4-тармағы және 1040-бабының 2-тармағы).

      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында әмбебап құқықтық мирасқорлық жеке тұлғаларға қатысты – мұрагерлік кезінде және заңды тұлғаларға қатысты – олар қайта ұйымдастырылған жағдайда жүзеге асырылады (АК-нің 4548-баптары, 116-бабының 1-тармағы, 323-бабының 1-тармағы, 344-бабының 1) тармақшасы, 965-бабы, 1038-бабының 2-тармағы және 1081-бабы, Жер кодексінің 22-бабы 1-тармағының 3) тармақшасы, 31-бабы 1-тармағының 3) тармақшасы және 40-бабының 1-тармағы).

      Мұрагерлік қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкiнiң басқа адамға (адамдарға) – мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуын білдіреді. Қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқықтық мирасқорлық шарттарымен, егер АК-нің 6-бөлiмнiң (мұрагерлік құқық туралы) ережелерінен өзгеше туындамаса, бiр тұтас нәрсе ретiнде және сол мезгiлде ауысады (АК-нің 1038-бабының 1 және 2-тармақтары).

      Жоғарғы Соттың "Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2009 жылғы 29 маусымдағы № 5 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – ЖС НҚ) 34-тармағында түсіндіріліп өткендей, әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен мұрагерлерге мұрагерлік мүлік, мұра қалдырушының мүліктік және жекелеген мүліктік емес құқықтары ғана емес, оның міндеттері де ауысады. Сондықтан АК-нің 1081-бабына сәйкес мұраны қабылдап алған мұрагерлер мұра қалдырушының міндеттемелері бойынша әрбір мұрагерге ауысқан мүлік құнының шегінде ортақтас борышкерлер ретінде жауап береді. Мұраны мұрагерлік трансмиссия тәртібімен қабылдап алған мұрагер мұра қалдырушының қарыздары бойынша оған тиесілі болған осы мүліктің құны шегінде жауап береді және өзіне мұраны қабылдау құқығы ауысқан мұрагердің қарыздары бойынша осы мүлікпен жауап бермейді.

      Мұрагерлік өсиет және (немесе) заң бойынша жүзеге асырылады. Азаматтың қайтыс болған жағдайда өзiне тиесiлi мүлiкке билiк ету жөнiнде ерік бiлдiруi өсиет деп танылады (АК-нің 1039 және 1046-баптары). Өсиет қалдырылмаған не бүкіл мұраның тағдыры айқындалмаған кезде, сондай-ақ АК-де белгіленген өзге де жағдайларда мұрагерлік заң бойынша орын алады.

      Мұра құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуымен қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi. Мұра құрамына мұра қалдырушының мүліктік құқықтарын ресімдеу үшін қажетті, тірі кезінде ресімделмеген құқықтар да, оның ішінде оларды тіркеу құқығы да кіруі мүмкін (АК-нің 1040-бабының 1-тармағы және 1041-бабы). Жер пайдалану құқығы меншік құқығымен қатар заттық құқықтарға жатқызылған, бұл оны басқа мүлікпен бірдей жалпы негіздерде мұра құрамына және мұрагерлікке қосуды білдіреді.

      Мұрагерлік құқықтарды іске асырған кезде заңда мұрагерлік түріне қарай мұрагерлік массаның жекелеген құрамдас бөліктерінің ауысуы бойынша айырмашылықтар белгіленбейді.

      Заң шығарушы мұрагерлік негіздерінің екі түрін: өсиет және заң бойынша деп белгілеп, АК нормаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың өз мүлкіне билік ету жөнінде тірі кезінде өз еркімен ерік білдіруіне негізделген өсиет бойынша мұрагерлікті басым деп айқындады.

      Егер мұра қалдырушы бүкіл мұраның емес, мүліктің бір бөлігінің тағдырын айқындаған болса, онда мүлiктiң өсиет етiлмей қалған бөлiгi мұрагерлер арасында заң бойынша бөлiнедi. Осы мұрагерлердiң қатарына мүлiктiң басқа бөлiгi өсиет арқылы қалдырылған заң бойынша мұрагерлер де кiредi (АК-нің 1049-бабы). Мұра қалдырушының кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз балалары, сондай-ақ оның еңбекке жарамсыз жұбайы мен ата-анасы, өсиеттiң мазмұнына қарамастан, заң бойынша мұраға ие болу кезiнде олардың әрқайсысына тиесiлi болатын үлестiң (мiндеттi үлес) кемінде жартысын мұраға алады. (АК-нің 1069-бабының 1-тармағы). Мұрагерлік туралы ережелердің өзге де ерекшеліктері АК-нің 6-бөлімімен реттелген.

      3. Жер учаскелерi шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарына, егер Жер кодексінің 43-1-бабының 1-2-тармағында өзгеше көзделмесе, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен 10 жылдан 49 жылға дейiнгi мерзiмге берiледi. Жер учаскесіне мұндай құқық берілген кезде жергілікті атқарушы органның шешімінде осы шаруа немесе фермер қожалығының барлық мүшелері көрсетіледі (Жер кодексінің 101-бабының 1 және 8-тармақтары).

      Тұлғалардың дара кәсiпкерлiктi жүзеге асыруы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiру үшін пайдаланумен, сондай-ақ осы өнiмдi қайта өңдеумен және өткiзумен тығыз байланысты еңбек бiрлестiгi шаруа немесе фермер қожалығы деп танылады. Шаруа немесе фермер қожалығы: 1) кәсiпкерлiк қызмет ортақ бiрлескен меншiк базасына негiзделген отбасылық кәсiпкерлiк нысанында жүзеге асырылатын шаруа қожалығы; 2) өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыруға негiзделген фермер қожалығы; 3) бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде ортақ үлестiк меншiк базасында жай серiктестiк нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығы нысандарында болуы мүмкiн. Шаруа немесе фермер қожалығы ерікті негізде құрылады және жер учаскесіне құқық мемлекеттік тіркелген кезден бастап, ал Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, дара кәсіпкер ретінде тіркелгеннен кейін құрылды деп есептеледі (2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – КК) 41 және 44-баптары).

      Әртүрлі ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған шаруа және фермер қожалықтары мен олардың мүшелері меншігінің құқықтық режимінде құқықтық айырмашылықтар мен өз ерекшеліктері болады (КК-нің 46-бабы және АК-нің 224-бабы).

      Шаруа қожалығының мүлкі, егер оның мүшелерінің арасындағы шартта өзгеше белгіленбесе, оларға бірлескен меншік құқығымен тиесілі болады. Бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жай серіктестік нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығының мүлкі оның мүшелеріне ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болады. Өзіндік кәсіпкерлікке негізделген фермер қожалығының мүлкі кәсіпкерге жеке меншік құқығымен тиесілі болады.

      Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң мүлiктiк қатынастары Қазақстан Республикасының азаматтық және жер заңнамасының тиiстi нормаларымен реттеледi.

      Шаруа немесе фермер қожалығының қызметiн тоқтату негіздері туындаған кезде (егер қожалық қызметiн жалғастырғысы келетiн бiрде бiр қожалық мүшесi, мұрагер немесе басқа адам қалмаса, банкрот болған және жер учаскесiне жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайларда) ортақ мүлікті бірлескен меншікке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың біреуінің үлесін бөліп беру қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүлік құқығындағы үлесі алдын ала айқындалған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін. Үлестік меншіктегі мүлік оған қатысушылар арасындағы келісім бойынша өздерінің арасында бөлінуі мүмкін. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң бiрi одан шыққан кезде қожалыққа тиесілі өндiрiс құралдары бөлiнуге жатпайды. Қожалық құрамынан шыққан қатысушының осы мүлiкке ортақ меншiктегi үлесiне мөлшерлес ақшалай өтемақы алуға құқығы бар (КК-нің 49-бабы, АК-нің 218, 221 және 225-баптары).

      Екі немесе бірнеше тұлғаның ортақ бірлескен немесе үлестік меншігіндегі немесе олардың ортақ жер пайдалануындағы жер учаскесінің құқықтық жағдайы мен бөлінуінің ерекшеліктері Жер кодексінің 53 – 60-баптарының ережелерімен де реттелген.

      Шаруа немесе фермер қожалығының мүлкi және жер учаскесiне құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен мұраға қалдырылады (КК-нің 46-бабының 5-тармағы).

      АК-нің 1082-бабында шаруа немесе фермер қожалығының мүшесi қайтыс болғаннан кейін қалған мүлікті мұраға қалдырудың құқықтық ерекшелігі белгіленген: мұрагерлердiң осы мүлiкке ортақ меншiктегi өз үлестерiне мөлшерлес ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.

      ЖС НҚ-ның 29-тармағында соттарға мұрагерлік туралы заңнаманы қолдану туралы қосымша түсіндіру (осы қожалық түрінің ұйымдық-құқықтық нысанында мүліктік құқықтарды құқықтық реттеу ерекшеліктері ескеріле отырып) берілген: жалпы ережеден АК-нің 1082-бабының ережелерін алып тастау туралы, оған сәйкес мұра қалдырушының өзіндік кәсіпкерлігіне негізделген фермер қожалығының мүлкіне мұраның ашылуын қоспағанда, мұрагерлердің осы мүлікке ортақ меншіктегі өз үлестеріне мөлшерлес ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Егер шаруа немесе фермер қожалығын құру туралы шартта осындай қожалық мүшелігіне мұрагерлерді қабылдау көзделсе, онда шаруа немесе фермер қожалығы жалпы жиналысы мүшелерінің келісімімен осындай қожалықтың қайтыс болған мүшесінің мұрагері мұрагерлік үлесі шегінде мүшелікке қабылдануы мүмкін. Шаруа немесе фермер қожалығының мүлкі осындай қожалық қызметі тоқтатылған жағдайда ғана мұрагерлері арасында бөлінуі мүмкін.

      Осылайша шаруа немесе фермер қожалығының мүшесі болып табылмайтын, жер учаскесіне меншік құқығы немесе жер пайдалану құқығы бар мұрагердің осы қожалықтың мүлкін мұрагерлікке алуы: 1) мұра қалдырушының өзіндік кәсіпкерлігіне негізделген фермер қожалығының мүлкіне мұра ашылған не 2) қожалықтың жалпы жиналысы мүшелерінің келісімімен мұрагер мұрагерлік үлесі шегінде қожалық мүшелігіне қабылданған жағдайларда ғана мүмкін. Басқа жағдайларда мұрагерлердің осы мүлікке ортақ меншіктегі өз үлестеріне мөлшерлес ақшалай өтемақы алуға ғана құқығы бар.

      4. Конституция адамдардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігін, осы құқықтарды мемлекеттің тең қорғауын және әркімнің заң алдында жауапкершілігі бірдей екендігін белгілейді (14-баптың 1-тармағы). Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14-баптың 2-тармағы).

      Конституциялық Сот 2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ нормативтік қаулысында "Конституцияның 14-бабының 1-тармағында кепілдік берілген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген қабылданатын заңдарда адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбейді дегенді білдіреді. Тең жағдайлар кезінде құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс. Конституциялық-құқықтық мақсаттарды көздемейтін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу шегі мәселесіне өзгеше көзқарас Конституцияның 39-бабына қайшы келетін болады" деп көрсетті.

      Жер кодексінің дау айтылып отырған нормасы аталған конституциялық ережелерге сәйкес келмейді. Жер кодексінің өзара байланысты бірқатар нормаларына салыстырмалы талдау жүргізіп, Конституциялық Сот мұра қалдырушылар мен мұрагерлер құқықтарындағы теңсіздікті, мұрагерлік түріне қарай (өсиет немесе заң бойынша) оларды іске асыру кезінде кемсітушіліктің орын алуын атап өтеді.

      Заң шығарушы Жер кодексінің 22-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында және 31-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында "мұраға қалдыру" дефинициясын мұраға қалдыру негіздері бойынша айырмашылықтар белгілемей, меншік құқығы мен жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысу негізі ретінде дәл пайдаланса, осы Кодекстің 40-бабы 1-тармағының ережелерінде құқық мирасқорында жер пайдалану құқығының туындауы "заң бойынша" ғана мұраға ие болумен негізсіз шектеледі. Бұдан мұра қалдырушының өсиетте көрсеткен жер пайдалану құқығына билік ету жөніндегі ерік-қалауы іске асырылмай қалатыны, ал өсиетте көрсетілген мұрагерлер өзіне қалдырылған мұраны қабылдай алмайтыны шығады, бұл да Негізгі Заңның 26-бабының 2-тармағында бекітілген мұрагерлік құқығын бұзады.

      Конституциялық Сот Конституциядағы мұрагерлік құқығын іске асыру тәртібін құқықтық реттеу мұрагерлік негіздеріндегі теңдікті мұрагерліктің әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысу шарты ретінде көздейтін, Конституцияның белгіленген ережелерін ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс деп есептейді.

      Конституциялық Сот бірнеше рет атап өткендей, құқықтық шектеулер конституциялық маңызы бар құндылықтарды (Негізгі Заңның 39-бабының 1-тармағы) қорғау үшін енгізілуі мүмкін, бұл ретте олар әділдік, ақылға қонымдылық және мөлшерлестік талаптарына сай келуге тиіс (2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ, 2023 жылғы 11 шілдедегі № 20-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ, 2024 жылғы 23 шілдедегі № 49-НҚ, 2024 жылғы 3 желтоқсандағы № 54-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).

      Аталған конституциялық нормалардың мағынасын осылайша түсінген кезде Жер кодексінің 40-бабы 1-тармағының қаралып отырған ережесі "заң бойынша" деген сөздер бөлігінде Конституция талаптарына сәйкес келмейді.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 2 және 3-тармақтарын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 63-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 40-бабы 1-тармағының ережесі "заң бойынша" деген сөздер бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.

      2. Соттардың және өзге де құқық қолдану органдарының Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 40-бабы 1-тармағының конституциялық емес деп танылған ережесіне негізделген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады