"Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабы 1-тармағының және "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 5-2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 3 желтоқсандағы № 54-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі М.М. Щурдың,

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі – Төрағаның орынбасары М.Ж. Хаджиеваның,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Л.К. Мерсалимованың,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары С.А. Түсіповтің,

      Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі – Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Ш.Н. Сүйінбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі – Халықаралық құқықтық департаменттің директоры Н.В. Жұмақановтың,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өкілі – Ішкі әкімшілендіру департаментінің директоры Р.Т. Дарибаевтың,

      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Заңнаманы жетілдіру бөлімінің меңгерушісі Б.М. Беисовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты А.Е. Нәренованың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында М.М. Щурдың "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Жол жүрісі туралы заң) 65-бабы 1-тармағының және "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Міндетті сақтандыру туралы заң) 10-бабы 5-2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Р.А. Подопригораны және отырысқа қатысушыларды тыңдап, Азия халықаралық құқық қоғамдастығының вице-президенті, PhD М.М. Дауленовтің және Каспий қоғамдық университеті Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты С.В. Скрябиннің қорытындыларын және конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет мемлекеттердің қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Жол жүрісі туралы заңның 65-бабы 1-тармағының және Міндетті сақтандыру туралы заңның 10-бабы 5-2-тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 6-бабының 1-тармағына, 10-бабының 2-тармағына, 12-бабының 1-тармағына, 14-бабының 2-тармағына, 21-бабының 1-тармағына және 26-бабының 1-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініш субъектісі Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады, тұрақты тұратын жері – өзіне меншік құқығымен тиесілі автомобилі құзыретті органында тіркелген Ресей Федерациясы. Ол Қазақстан Республикасында көлік құралын пайдалану үшін міндетті шарт болып табылатын көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу үшін қазақстандық сақтандыру компаниясына жүгінген кезде шарт жасасудан бас тартылған. Сақтандыру компаниясы қандай көлік құралдары Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық жол жүрісінде деп есептелетінін айқындайтын Жол жүрісі туралы заңның жоғарыда көрсетілген нормасына, сондай-ақ мұндай жол жүрісінде жоқ көлік құралдарының иелерімен шарт жасасуға жол бермейтін Міндетті сақтандыру туралы заңның аталған нормасына сілтеме жасаған. Жол жүрісі туралы заңға сәйкес өтініш субъектісіне тиесілі көлік құралы Қазақстанға кірген кезде оның аумағында халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралы деп танылмайды.

      Жол жүрісі туралы заңның 65-бабының 1-тармағын және Міндетті сақтандыру туралы заңның 10-бабының 5-2-тармағын бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар (Қостанай облысының Қостанай қалалық соты 2023 жылғы 21 тамыздағы шешімінде; Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2023 жылғы 15 қарашадағы қаулысында) азаматтық сот ісін жүргізуде өтініш субъектісінің сақтандыру компаниясын көлік құралы иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға мәжбүрлеу туралы талап қою талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан кезде қолданған. Өтініш субъектісі Жол жүрісі туралы заңның және Міндетті сақтандыру туралы заңның бұл нормалары Конституцияның жоғарыда аталған баптарында бекітілген құқықтарын бұзады деп есептейді.

      Жол жүрісі туралы заңның 65-бабы 1-тармағының және Міндетті сақтандыру туралы заңның 10-бабы 5-2-тармағының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияда адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы деп танылады.

      Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі (12-баптың 1-тармағы). Бұл іргелі ереже Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті тетіктерді және оларды іске асыру үшін жағдайларды белгілеуде, құқықтар мен бостандықтар бұзылған жағдайда оларды қорғау институттары мен құралдарын құруда өз көрінісін табады.

      Конституцияның 12-бабының 2-тармағына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Осылайша, Конституцияда нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және қолдану кезінде адамның құқықтары мен бостандықтары аса маңызды мәнге ие болады деп тікелей көрсетіледі. Бұл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тікелей бекітетін актілерге ғана емес, осы құқықтар мен бостандықтарды қалай да болсын шектейтін немесе оларға өзгеше әсер ететін кез келген заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерге де қатысты.

      2. Өтініште көрсетілген дау айтылып отырған нормалар Конституцияның кемсітуге тыйым салу (14-баптың 2-тармағы), еркін жүріп-тұру құқығы (21-баптың 1-тармағы) және меншікке кепілдік беру (26-баптың 2-тармағы) туралы ережелерін қозғайды және оларды бір-бірімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа да ережелерімен өзара байланыста қарау керек.

      Мәселен, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықаралық жол жүрісінде жоқ көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға жол бермеу (Міндетті сақтандыру туралы заңның 10-бабының 5-2-тармағы) көлік құралын халықаралық жол жүрісінде деп тану үшін заңда айқындалатын өлшемшарттармен (Жол жүрісі туралы заңның 65-бабының 1-тармағы) тікелей байланысты. Өз кезегінде, Жол жүрісі туралы заңның 51-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспау көлік құралдарын пайдалануға тыйым салуға негіз болып табылады. Осыған ұқсас ереже Міндетті сақтандыру туралы заңның 7-бабының 1-тармағында қамтылған.

      3. Көлік құралын халықаралық жол жүрісінде деп тану мәселелері 2009 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Біріккен Ұлттар Ұйымының Жол қозғалысы туралы конвенциясында (1968) (бұдан әрі – Конвенция) және Жол жүрісі туралы заңда реттеледі.

      Конвенцияның 1-бабының b) тармақшасына сәйкес "көлік құралы, егер ол:

      і) бұл мемлекеттен тыс қарапайым тұрғылықты жері бар жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі болса;

      іі) бұл мемлекетте тіркелмесе;

      ііі) оған уақытша әкелінсе, қандай да бір мемлекеттің аумағы бойынша "халықаралық қозғалыста" болады деп есептеледі".

      Бұл термин бір мемлекетте тіркелген және осы мемлекетте тұрақты тұратын адамдарға тиесілі көлік құралдары басқа мемлекетке уақытша кірген және жүріп өткен кезде олардың мәртебесін айқындауға және аталған тұлғалардың жүріп-тұруын жеңілдетуге арналады, бұл Конвенцияның кіріспесінде жазылған мақсаттардың бірі – халықаралық жол жүрісін жеңілдету мақсатына сәйкес келеді. Конвенцияда бір мемлекеттің азаматтығы көлік құралын басқа мемлекеттің аумағында халықаралық жол жүрісінде деп тану үшін міндетті шарт ретінде қаралмайды.

      Сол мемлекеттің азаматы, шетелдік не азаматтығы жоқ адам болып табылатын адамның негізгі өмірлік мүдделері шоғырланған мемлекетте тұрғылықты жерінің (қарапайым, тұрақты) болу фактісі басым болып табылады. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы өзіне тиесілі көлік құралының Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық жол жүрісіне қатысуына байланысты мәселелерде басқа мемлекетте тұрғылықты жері бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға теңестіріледі. Бұл ретте Конвенцияның мағынасы бойынша нақты бір мемлекетте қарапайым тұрғылықты жері бар адамдарға тиесілі көлік құралдарының, олардың азаматтығына қарамастан, осы мемлекеттің аумағында халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралы деп танылуы мүмкін емес.

      Жол жүрісі туралы заңның 65-бабының 1-тармағына сәйкес көлік құралы, "егер оны Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам пайдаланса және:

      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бар жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі болса;

      2) Қазақстан Республикасында тіркелмесе;

      3) Қазақстан Республикасына уақытша әкелінсе, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық жол жүрісінде деп есептеледі".

      Жол жүрісі туралы заңның жоғарыда аталған тармағының қолданыстағы редакциясы Конвенцияда жоқ қосымша өлшемшартты – көлік құралын Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның пайдалануын енгізеді. Аталған өлшемшарт "халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралы" ұғымының, өтініш субъектісінің жағдайындағыдай, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары пайдаланатын көлік құралдарына қолданылуына жол бермейді. Бұл көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуды және көлік құралын пайдалануды мүмкін емес ететін жоғарыда көрсетілген салдарға әкеп соғуы мүмкін.

      Бұл ретте Қазақстанның заңнамасында басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген, халықаралық жол жүрісінде жоқ автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіру (әкеліну) және оларды пайдалану мүмкіндігі көзделеді (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 1031 қаулысымен бекітілген Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кіруі (әкелінуі) және оларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану қағидалары мен талаптары). Автокөлік құралын пайдалануға қойылатын талаптардың бірі – оның уәкілетті мемлекеттік органда мемлекеттік тіркелуі (аталған Қағидалардың 9 және 10-тармақтары).

      Алайда қолданылып жүрген тіркеу талаптары Қазақстан Республикасында тұрақты немесе ұзақ тұратын (болатын) жеке тұлғалар пайдаланатын көлік құралдарына арналған. Мәселен, көлік құралдары жеке тұлғалардың атына олардың Қазақстан Республикасында тіркелген заңды мекенжайы бойынша тіркеледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10056 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрығымен бекітілген Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларының 4-тармағы). Тұрақты тұрғылықты жерін ауыстыру қажеттігінің болмауына немесе Қазақстанда қысқа мерзімді болуына байланысты азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелу немесе уақытша болатын (тұратын) жері бойынша есепке тұру (тіркелу) қажеттігі мен міндеті туындамауы мүмкін, бұл көлік құралын тіркелген заңды мекенжайы бойынша мемлекеттік тіркеу мүмкіндігін болғызбайды.

      Осылайша, Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері бар Қазақстан Республикасының азаматтарына тиесілі, Қазақстанға бір жылдан аспайтын мерзімге әкелінетін көлік құралдары халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралы деп танылмайды да, нақты жағдайларда уәкілетті мемлекеттік органда тіркелмейді де, бұл олардың Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісіне қатысуға жіберілуіне жол бермейді (Жол жүрісі туралы заңның 60-бабы 1-тармағының 2) және 4) тармақшалары).

      4. Конституцияның 21-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар. Конституциялық Соттың пікірінше, бұл құқық жүріп-тұру құралын немесе тәсілін таңдаумен байланысты. Конституциялық Сот бұған дейін атап өткендей, жеке және қоғамдық көлік әркімнің еркін жүріп-тұру құқығын іске асыруы үшін маңызды құрал болып табылады (2023 жылғы 27 қазандағы № 34-НҚ нормативтік қаулы). Әркімнің басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін, сондай-ақ заңда белгіленген, өз кезегінде, ақылға қонымды, мөлшерлес және кемсітусіз болуға тиіс шектеулерді бұзбай, жүріп-тұрудың кез келген қолайлы құралдары мен тәсілдерін заңды негіздерде пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жүріп-тұруға құқығы бар. Жол жүрісі туралы заңның 65-бабының 1-тармағымен өзара байланыста Міндетті сақтандыру туралы заңның 10-бабының 5-2-тармағында көзделген көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға жол бермеу адамды Қазақстан Республикасында көлік құралын пайдалану мүмкіндігінен айырады, сол арқылы оның еркін жүріп-тұру конституциялық құқығын жанама түрде шектейді.

      Сонымен бірге, әркімнің Қазақстан Республикасының аумағында еркін жүріп-тұру құқығы ешбір жағдайда шектелуге жатпайтын құқықтар қатарына кірмейді (Конституцияның 39-бабының 3-тармағы). Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол беру жағдайлары Конституцияның 39-бабының 1-тармағында белгіленген.

      Өтініште заңдардың қаралып отырған нормаларындағы шектеулердің жол берудің барлық шарттарына сәйкестігін тексеру туралы мәселе қойылмайды. Өтініш субъектісі осы нормалардың қолданылу салдарынан аталған нормалар өзін көлік құралдары Қазақстан Республикасында тіркелген не оның аумағы бойынша халықаралық жол жүрісінде деп танылған басқа субъектілермен салыстырғанда тең емес жағдайда қалдырғандықтан, оларды азаматтыққа жататындығы белгісі бойынша шектеу бөлігінде тексеруді сұрайды.

      Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең және кемсітуге тыйым салу деген адам құқықтары мен бостандықтарының аса маңызды конституциялық кепілдіктері болып табылады (Конституцияның 14-бабы). Олар адам құқықтары мен бостандықтарына шектеулер қолдану жағдайларына да қолданылады, бұл Конституция нормаларынан және халықаралық құқықтық актілердің ережелерінен туындайды. Мәселен, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті (бұдан әрі – АСҚХП, Пакт) ережесіндегі шектеу және тартыну түсіндірмесінің 1985 жылғы Сиракуз принциптеріне сәйкес Пактіде танылатын құқықтар шектеулерінің ешқайсысы кемсіту бола алмайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитетінің АСҚХП-нің 12-бабына № 27 жалпы тәртіп ескертпесінің (1999) 18-тармағына сәйкес АСҚХП-нің 12-бабы 3-тармағының ережелеріне сәйкес жол берілетін (еркін жүріп-тұру және тұрғылықты жерді еркін таңдау құқығына қатысты) шектеулерді қолдану теңдік пен кемсітпеудің негізгі қағидаттарына қайшы келмеуге тиіс.

      Бұл ретте Конституциялық Сот құқықтар мен бостандықтарды пайдалану барлық жағдайларда азаматтарға бірдей қолдануды білдіруге міндетті емес таниды, бұл ұлттық заңнамадағы да, халықаралық құқықтық актілердегі де (Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитетінің № 18 жалпы тәртіп ескертпесі (1989) көзқарастарға сәйкес келеді. Бірақ тең құқықтың ықтимал шектеулері ақылға қонымды және объективті өлшемшарттарға негізделіп, заңды мақсатты көздеуге тиіс. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы азаматының оның аумағында еркін жүріп-тұру құқығын шектеу кезінде мұндай өлшемшарттарды оның басқа мемлекеттің аумағында тұрақты тұруы және сол мемлекеттің құзыретті органында тіркелген көлік құралын пайдалануы негізінде ғана қарастырмайды. Мұндай шектеулердің осындай азаматтар үшін өз құқықтарын басқа адамдармен тең негізде жүзеге асыра алмау салдары болады. Қазақстан Республикасының азаматтарын оның шегінен тыс жерде тұру фактісіне байланысты Қазақстан Республикасының азаматтарымен, Қазақстанда тұрақты тұрғылықты жері бар шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен де, Қазақстанда уақытша болатын шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен де салыстырғанда тең емес жағдайға қояды.

      Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың мақсаты – көлік құралдарын пайдалану салдарынан өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірілген үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғауды сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету (Міндетті сақтандыру туралы заңның 4-бабының 1-тармағы). Тап осы сақтандырудың ерікті емес, міндетті екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, Жол жүрісі туралы заңның 65-бабының 1-тармағымен өзара байланыста Міндетті сақтандыру туралы заңның 10-бабының 5-2-тармағына сәйкес мұндай сақтандыруға жол бермеу үшінші тұлғалардың аталған мүдделерін қорғаумен байланысты емес. Конституциялық іс жүргізу материалдарын негізге ала отырып, мұндай жол бермеудің мақсаты шет мемлекеттерден әкелінген және оларда есепте тұрған көлік құралдарын Қазақстанда тұрақты пайдалану проблемаларын шешу болып табылады деп айтуға болады. Мұндай мақсат Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын және оның аумағында басқа мемлекетте тіркелген көлік құралын заңды негіздерде уақытша пайдаланатын Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында еркін жүріп-тұру құқығымен тікелей немесе жанама байланысты шектеулер енгізуді ақтай алмайды.

      5. Конституцияның 26-бабының 2-тармағына сәйкес меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) қорытынды шешімдерінде құқықтардың немесе бостандықтардың нақты бір түрінің конституциялық құқық деңгейіне жеткізілуі және Конституцияда оның кепілдігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтардың іске асырылуын қамтамасыз етуді өзіне міндетіне алғандығын білдіреді деп атап өтілген болатын (1999 жылғы 12 наурыздағы № 3/2, 2004 жылғы 20 сәуірдегі № 3 және 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулылар).

      Негізгі Заңның 26-бабының 1, 2-тармақтарында және 39-бабының 3-тармағында бекітілген нормалар мүлікке ие болудың құқықтық тұрғыда заңдылығын көздейді, меншік иесінің заңды құқықтарын кімнің де болсын заңсыз араласуынан қорғауға және меншікке қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етуге бағытталған (Конституциялық Кеңестің 2004 жылғы 15 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысы). Конституцияда азаматтардың заңды түрде алған кез келген мүлкінің меншік құқығына кепілдік беріледі. Мүлікке меншік құқығы адамның жеке бас еркіндігінің негізгі көріністерінің бірі болып табылады (Конституциялық Соттың 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 41-НҚ нормативтік қаулысы).

      Конституцияның 26-бабының 2-тармағында көзделген меншік құқығына заңмен кепілдік беру: құқық субъектілігін тануды, яғни адамның меншік құқығын иелену және жүзеге асыру қабілетін; меншік иесінің өзінің меншік құқығын іске асыру тетіктерін бекітуін; меншікке қол сұғылмаушылықты; мүліктен мәжбүрлеп айырудың болмауын және меншік иесінің құқыққа сыйымды жүріс-тұрысы болған кезде мұндай айырудың өтемақы сипатын; сот арқылы қорғау құқығы элементтерінің бірі болып табылатын, меншік иесінің құқықтарын қорғау шаралары мен тәсілдері жүйесінің болуын білдіреді. Сонымен қатар, меншік құқығын елеулі және мөлшерлес емес түрде шектейтін немесе меншік иесін өзіне тиесілі мүлікті өз еркімен және өз мүддесінде пайдалану мүмкіндігінен айыратын нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға жол берілмейді.

      1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 188-бабының 1-тармағына сәйкес меншік құқығы дегеніміз субъектінің заңнамалық актілермен танылатын және қорғалатын, өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы. Осы баптың 2-тармағына сәйкес меншік иесінің өз мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы болады. Бұл ретте пайдалану құқығы мүліктен пайдалы табиғи қасиеттерін алу, сондай-ақ одан пайда табу мүмкіндігін заңды түрде қамтамасыз етуді білдіреді.

      Жекелеген адамдардың көлік құралын пайдалануына мүмкіндік бермеуге әкеп соғатын, Жол жүрісі туралы заңда көлік құралын Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық жол жүрісінде деп есептеу үшін белгіленген өлшемшарттар, сондай-ақ Міндетті сақтандыру туралы заңдағы мұндай жол жүрісінде жоқ көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға тыйым салу меншік иесін құқықтарының бірі – пайдалану құқығынан айырады. Өтініште баяндалған мән-жайлар кезінде мұндай тыйым салу салдарынан меншік иесінің заңды негіздерде өзіне тиесілі көлік құралынан Қазақстан Республикасының аумағында жүріп-тұру кезінде өз қалауы бойынша оның пайдалы қасиеттерін алуға (көлік құралын пайдалануға) мүмкіндігі болмайды. Бұл құқық субъектілігі элементі ретінде оның әрекет ету қабілетінің елеулі шектелуін куәландырады, ал құқық субъектілігін тану Конституцияның 26-бабы 2-тармағының мағынасы бойынша меншік құқығы кепілдіктерінің бірі болып табылады.

      Қазақстан Республикасының конституциялық бақылау органы бұған дейін қабылдаған шешімдерінде меншік құқығы абсолютті болып табылмайды дегенге қатысты құқықтық ұстанымын (Конституциялық Кеңестің 2004 жылғы 15 сәуірдегі № 2 және 2005 жылғы 1 шілдедегі № 4, Конституциялық Соттың 2023 жылғы 11 шілдедегі № 20-НҚ, 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 41-НҚ нормативтік қаулылары және басқалар) және Конституцияның 39-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар сақталған кезде шектелуі мүмкін, бірақ Конституцияның 26-бабының 2-тармағынан туындайтын меншік құқығының кепілдіктері Конституцияның 39-бабының 3-тармағына сәйкес шектелуге жатпайды деп бірнеше рет баяндаған болатын.

      6. Көлік құралын халықаралық жол жүрісінде деп тану үшін Конвенцияда жоқ қосымша өлшемшартты белгілейтін Жол жүрісі туралы заңның 65-бабының жаңа редакциясы және Міндетті сақтандыру туралы заңның 10-бабының 5-2-тармағы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген болатын. Жол жүрісі туралы заңның 65-бабының бұрынғы редакциясы Конвенцияда бекітілген халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралының анықтамасына сәйкес келетін.

      Конституцияның 4-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың оның заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады. "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының қолданыстағы әрбір халықаралық шартын Қазақстан Республикасы міндетті түрде және адал орындауға тиіс (20-баптың 1-тармағы), Қазақстан Республикасы ратификациялаған және қолданыстағы болып табылатын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының оның заңдары алдында басымдығы болады және халықаралық шарттан оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайлардан басқа кезде тікелей қолданылады (20-1-бап). Жол жүрісі туралы Заңның 2-бабының 2-тармағына сәйкес, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңда белгіленгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттардың қағидалары қолданылады. Аталған ережелер құқық шығару және құқық қолдану практикасында ескерілуге тиіс.

      7. Конституциялық іс жүргізу барысында оның қатысушылары дау айтылып отырған нормаларға өзгерістер басқа мемлекеттерде тіркелген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына жаппай әкелуден және онда пайдаланудан, осы құралдар иелерінің жосықсыз әрекетінен, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауынан және халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралының мәртебесіне байланысты теріс пайдалануынан туындаған проблемаларды реттеу мақсатында енгізілгенін атап өтті.

      Конституциялық Сот тыйым салулар мен шектеулер белгілеуді қоса алғанда, аталған проблемаларды шешу халықаралық жол жүрісіндегі деп танылатын көлік құралдарын заңды негіздерде, Конвенцияның мағынасы мен ережелеріне сәйкес адал пайдаланған азаматтардың құқықтары мен мүдделерін бұзуға алып келмеуге тиіс деп есептейді. Сонымен қоса, тиісті шараларды іске асыру жаңа құқықтық нормаларды белгілеуден ғана емес, мемлекеттік әкімшілендіруді жақсарту мен жолға қоюда да, осы шаралар әсер етуі мүмкін барлық адамдардың құқықтарын, мүдделерін, міндеттерін ескере отырып, мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жетілдіруде де көрініс табуға тиіс.

      Конституциялық Сот Қазақстан Республикасына уақытша әкелінген және онда тіркелмеген, Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері бар Қазақстан Республикасының азаматына тиесілі және оның аумағында өзі пайдаланатын көлік құралы да Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралы деп танылуға тиіс деп пайымдайды.

      8. Конституциялық Сот өтініште көрсетілген және Негізгі Заңның 6-бабының 1-тармағында, 10-бабының 2-тармағында және 26-бабының 1-тармағында көзделген конституциялық ережелердің бұзылу белгілерін таппады, осыған байланысты дау айтылып отырған нормалардың осы конституциялық ережелерге сәйкестігіне баға бермейді.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 2 және 3-тармақтарын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 63-бабының 3-тармағын, 64-бабының 2, 4-тармақтарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 1-тармағы Қазақстан Республикасына уақытша әкелінген, Қазақстан Республикасында тіркелмеген, Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға тиесілі және олар Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланатын көлік құралдарына қолданылады дегенде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 1-тармағы Қазақстан Республикасына уақытша әкелінген, Қазақстан Республикасында тіркелмеген, Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері бар Қазақстан Республикасының азаматына тиесілі және өзі Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланатын көлік құралына қолданылмайды дегенде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.

      3. "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 5-2-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасының заңнамасын Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасын енгізсін.

      Қабылданған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.

      5. Осы нормативтік қаулының қарар бөлігінің 2-тармағында көрсетілген көлік құралдарына қатысты "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының Конституциясы және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы шешімі тікелей қолданылады.

      6. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      7. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады