ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі С.К. Наурызбаевтың және оның өкілі – заң консультанты Н.К. Кумаровтың,
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі – Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары А.Ж. Алпамышовтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – Азаматтық және саяси құқықтар бөлімі меңгерушісінің орынбасары С.Ш. Ормановтың,
"Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі – Басқарма төрағасының орынбасары Н.Қ. Үсенованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Ж.Н. Джигитекованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының өкілі – Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының профессоры В.В. Ханның,
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – Заңнаманың тиімділігін талдау бөлімінің бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Н.Н. Турецкийдің,
Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.К. Канатовтың қатысуымен,
өзінің ашық отырысында С.К. Наурызбаевтың 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 43-1-бабы 14-тармағы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Қ. Ескендіровті және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Жер кодексінің 43-1-бабы 14-тармағы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 14-бабының 2-тармағына, 21-бабының 1-тармағына және 26-бабының 4-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті, аталған бөлікке сәйкес осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жер учаскесін алу кезінде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беріледі.
Өтініш мазмұнынан және оған қоса берілген құжаттардан өтініш субъектісінің Абай облысының Жарма ауданында шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысқанын түсінуге болады. Жер комиссиясының (ауданның жергілікті атқарушы органы жанындағы алқалы органның) 2023 жылғы 25 қаңтардағы № 3 хаттамасымен конкурс қорытындысы бойынша конкурстық ұсынысына Жер кодексінің 43-1-бабы 14-тармағы екінші бөлігінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 бұйрығымен бекітілген Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 23-тармағы екінші бөлігінің негізінде осы ауданда кемінде 5 жыл тұруына байланысты қосымша 10 балл берілген адам жеңімпаз деп танылған.
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2023 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен өтініш субъектісінің жауапкерлерге жер комиссиясының хаттамалық шешіміне дау айту туралы әкімшілік талап қоюын қанағаттандырудан бас тартқан, мұны Абай облысы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2023 жылғы 10 тамыздағы қаулысымен және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2024 жылғы 12 наурыздағы қаулысымен күшінде қалдырған.
Жер кодексінің қаралып отырған ережесінің конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. "Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін" (Конституцияның 6-бабының 3-тармағы).
Бұған дейін конституциялық бақылау органы Конституцияның 6-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме бере отырып, конституциялық ережелер бұл ережелерге негізделген заңдармен және заңдық күші жағынан олармен тең заңнамалық актілермен реттелетін Қазақстан Республикасындағы жер құқығы қатынастарының жалпы міндетті бастауларын белгілейтінін атап өткен болатын. Жер қатынастарын реттеу құқығы мемлекетке тиесілі, ол меншіктің және жер айналымының құқықтық режимдерін белгілейді. Жердің меншікте болу негіздерін, шарттары мен шектерін, сондай-ақ оның субъектілері мен объектілерін заң шығарушы белгілейді. Жер қатынастарына қатысты мұндай заңнамалық акт Жер кодексі болып табылады, ол азаматтардың әлеуметтік-экономикалық салада өздерінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іске асыруы үшін қолайлы заңдық жағдайлар мен кепілдіктер жасауға бағытталған (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) 2000 жылғы 13 сәуірдегі № 2/2, 2003 жылғы 23 сәуірдегі № 4 және 2003 жылғы 10 маусымдағы № 8 нормативтік қаулылары).
Негізгі Заңда ешқандай кемсітуге, оның ішінде тегіне, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша кемсітуге тыйым салу белгіленеді (14-баптың 2-тармағы).
Конституциялық Сот 2023 жылғы 27 наурыздағы № 6 және 2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ нормативтік қаулыларында Конституцияның 14-бабында жазылған заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, сондай-ақ тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды деген конституциялық ереже адамдардың құқықтары мен міндеттерінің тең екендігін, осы құқықтарды мемлекеттің тең қорғауын және әркімнің заң алдында жауапкершілігі бірдей екендігін белгілейді деп түсіндірген болатын. Қабылданатын заңдарда адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбейді. Тең жағдайлар кезінде құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс. Конституциялық-құқықтық мақсаттарды көздемейтін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу шегі мәселесіне өзгеше көзқарас Конституцияның 39-бабына қайшы келетін болады.
Конституцияда Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әрбір адамға, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұру және тұрғылықты жерін өз қалауынша таңдап алу құқығына, сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет еркіндігі, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалану құқығына кепілдік беріледі. Бұл ретте жосықсыз бәсекеге тыйым салынады (21-баптың 1-тармағы және 26-баптың 4-тармағы).
Конституциялық бақылау органы өзінің нормативтік қаулыларында Негізгі Заңның 12-бабы 2-тармағының ережелеріне ресми түсіндірме беріп, келесідей құқықтық ұстанымдарды тұжырымдаған болатын: Конституцияда жария етілген адам құқықтары мен бостандықтары осы құқықтар мен бостандықтардың жүзеге асырылуының шарттары мен тәртiбiн белгiлейтін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеген және қабылдаған кезде негiз болып табылады. Адамды құқықтар мен бостандықтардан ешкiм айыра алмайды деген Конституцияда және оның негізінде қабылданған заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, адамды ешкім, оның ішінде мемлекет те белгіленген құқықтары мен бостандықтарынан айыра алмайтынын білдіреді. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға мүмкіндік беретін нақты шарттар мен мән-жайлар нақ осы заңдарда анықталады. Конституцияның 39-бабының 3-тармағында айтылғандарды қоспағанда, адамның құқықтары мен бостандықтарын белгілейтін заңдарды заң шығарушы орган нақты әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерге сүйене отырып, белгіленген тәртіппен өзгертуі мүмкін. Адам құқықтары мен бостандықтарына заңнамалық шектеулер конституциялық маңызды мақсаттарға сәйкес келуге және әділдік, ақылға қонымдылық және мөлшерлестік талаптарына сай келуге тиіс (Конституциялық Кеңестің 1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2, 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2, 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5, 2016 жылғы 14 желтоқсандағы № 1 нормативтік қаулылары және Конституциялық Соттың 2023 жылғы 27 наурыздағы № 6, 2023 жылғы 22 мамырдағы № 15-НҚ нормативтік қаулылары).
2. Қазақстан Республикасы жер заңнамасының мiндеттерi: жер учаскесiне меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығы туындауының, өзгертiлуi мен тоқтатылуының негiздерiн, шарттары мен шектерiн, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен мiндеттерiн жүзеге асыру тәртiбiн белгiлеу; жердi ұтымды пайдалану мен қорғауды, топырақ құнарлылығын ұдайы қалпына келтiрiп отыруды, табиғи ортаны сақтау мен жақсартуды, климаттың өзгеруіне бейімделуді қамтамасыз ету мақсатында жер қатынастарын реттеу; шаруашылық жүргiзудiң барлық нысандарын тең құқықпен дамыту үшiн жағдайлар жасау; жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттiң жерге құқықтарын қорғау; жылжымайтын мүлiк нарығын жасау мен дамыту; жер қатынастары саласында заңдылықты нығайту болып табылады. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа кезде, жеке және заңды тұлғалардың жер қатынастары саласындағы құқықтарын шектеуге болмайды (Жер кодексінің 5-бабы және 6-бабының 5-тармағы).
Жер кодексінің 37-бабы 5-тармағының 1) тармақшасына және 101-бабы 1-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес жер учаскелерi шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарына, егер Жер кодексінің 43-1-бабының 1-2-тармағында өзгеше көзделмесе, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен 10 жылдан 49 жылға дейiнгi мерзiмге берiледi.
Шаруа немесе фермер қожалығы тұлғалардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiру үшін пайдаланумен тығыз байланысты еңбек бiрлестiгiне негізделген (2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодекс) 41-бабының 1-тармағы).
Жер пайдалану құқығының туындау тәсілдерінің бірі – тұлғаға (азаматқа немесе заңды тұлғаға) осы құқықты Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган) шешімі негізінде олардың құзыретіне сәйкес тікелей мемлекеттің беруі. Жергілікті атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы шешімі жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады (Жер кодексінің 12-бабының 12-1) тармақшасы, 31-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы және 3-тармағының 1) тармақшасы, 32-бабының 1, 2 және 3-тармақтары, 43-бабының 2-тармағы).
Мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру Жер кодексінің 43-1-бабында белгіленген тәртіппен және шарттарда конкурс негізінде жүзеге асырылады. Конкурсқа қатысу үшін өтінім беріледі, бұл: 1) бизнес-жоспардан; 2) шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасы және ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі іс-шараларды орындау жөніндегі міндеттемелерден; 3) Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын орындау жөніндегі міндеттемелерден тұратын конкурстық ұсынысты қамтиды. Міндеттемелер мен бизнес-жоспар жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартының ажырамас бөлігі болып табылады (Жер кодексінің 43-1-бабы 9-тармағы бірінші бөлігінің 4) тармақшасы, 10 және 11-тармақтары). Жер комиссиясы конкурс жеңімпазын тиісті өлшемшарттарды ескере отырып, балл беру арқылы конкурстық ұсыныстарды салыстыру негізінде айқындайды (Жер кодексінің 43-1-бабы 14-тармағының бірінші бөлігі).
Жергілікті атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы шешімі қабылданғаннан кейін жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган өз құзыреті шегінде жер пайдаланушылармен жер учаскесін жалдау шарттарын немесе уақытша өтеусіз жер пайдалану шарттарын жасасады (Жер кодексінің 12-бабының 13) тармақшасы, 31-бабы 3-тармағының 2) тармақшасы және 32-бабының 3-тармағы).
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында Жер кодексінің 43-1-бабы 14-тармағының жаңа редакциядағы екінші бөлігі 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Аталған нормада жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес белгілі бір елді мекенде кемінде 5 жыл тұратын адамдарға жер учаскесін алу үшін конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беріледі.
Қағидалардың 23-тармағында (2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 11 қарашадағы № 328 бұйрығының редакциясында) мынадай өлшемшарттар бойынша балл беру арқылы конкурсқа қатысушылардың конкурстық ұсыныстарын бағалау жүйесі айқындалған: 1) мың теңгеге шаққанда: суарылмайтын және суарылатын егістіктің (суармалы жердің), жайылымдық және шабындық алқаптардың 1 гектарына салынатын инвестициялардың болжамды көлемі туралы міндеттемелердің болуы (бірден жиырмаға дейінгі балл); 2) адамдардың белгілі бір жерде кемінде 5 жыл тұру фактісі (қосымша 10 балл).
Белгілі бір жерде тұратын азаматтарға жер учаскесін шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін алуға басым құқық басқа норманың (Жер кодексінің 101-бабы 1-тармағының екінші бөлігі) ережелерімен берілген, оған сәйкес мұндай құқық жеке еңбегімен қатысу негізінде осындай шаруашылықты жүргізген, арнаулы ауыл шаруашылығы білімі мен біліктілігі, ауыл шаруашылығында практикалық жұмыс тәжірибесі болған кезде туындайды.
Азаматтардың осы санаты қызметін кемінде бес жыл жүзеге асырып, тоқтатқан және осы шаруашылықтың мүлкін сатып алған жағдайда шаруа немесе фермер қожалығының жер учаскесін сатып алудың басым құқығын пайдаланады (Жер кодексінің 101-бабы 1-тармағының үшінші бөлігі).
Осылайша қаралып отырған өлшемшарттар және жергілікті тұрғындардың жер учаскесін алуының басым құқығын іске асыру үшін ұқсас талаптар Жер кодексінің басқа нормаларында бекітілген, бұны әлеуметтік әділдікке қол жеткізу, жер заңнамасының нормаларын одан әрі жетілдіру, белгілі бір жерде тұратын адамдарды жұмыспен қамтуға ынталандыру арқылы қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасау, шектеулі табиғи ресурстар үшін бәсекелестік жағдайында жайылымдық алқаптарға қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат айғақтайды.
Конкурстың жалпы қорытындысын шығарған кезде жергілікті тұрғындардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл берудің шешуші әсері болмайды, өйткені балл бөлу жүйесі негізінен 1 гектар жерге салынатын инвестициялардың болжамды көлемі сияқты басты индикаторға негізделеді, ол үшін конкурсанттың ұсынысына 1-ден 20-ға дейін балл берілуі мүмкін. Қаралып отырған артықшылық конкурсқа қатысушыларға қойылатын объективті талаптар мен жергілікті тұрғындарды әлеуметтік қолдау шаралары арасында теңгерім жасау үшін енгізілген, бұл жер заңнамасының қағидаттары мен міндеттеріне сәйкес келеді (Жер кодексінің 4-бабының 2), 5), 6), 8) тармақшалары және 5-бабы).
3. Конституцияда Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әрбір адамға, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты жерін өз қалауынша таңдап алу құқығына кепілдік беріледі (21-баптың 1-тармағы). Осы құқықты іске асыруға мүмкіндік беретін нақты шарттар мен мән-жайлар 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 14-бабының және 16-бабы 1-тармағының ережелерінде ашып көрсетілген, оларға сәйкес азамат Қазақстан Республикасының аумағында еркiн жүрiп-тұра алады және тұрғылықты жерін таңдай алады, Қазақстаннан тыс жерге еркiн шығып кете алады және оның аумағына қайтып орала алады, сондай-ақ заңнамалық актілерде тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналыса алады. Азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады.
"Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының ережелерінде, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының заңында айтылған жағдайларды қоспағанда, ішкі көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасының аумағында еркін жүріп-тұру және тұрғылықты жерін еркін таңдау құқығы көзделген. Қазақстан Республикасының заңында көзделмеген негіздер бойынша жеке тұлғаларды тұрғылықты жерінен немесе уақытша болатын (тұратын) жерінен мәжбүрлеп ауыстыруға жол берілмейді (51-баптың 1-тармағы).
Конституциялық Соттың пікірінше, Жер кодексінің 43-1-бабы 14-тармағының екінші бөлігінде белгіленген жергілікті тұрғындардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түріндегі конкурстық артықшылығы Конституцияның 21-бабының 1-тармағында және 26-бабының 4-тармағында кепілдік берілген, конкурсқа қатысатын басқа азаматтардың еркін жүріп-тұру, тұрғылықты жерін еркін таңдау құқықтарының іске асырылуына кедергі келтірмейді және әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігі құқығын шектемейді.
Кәсіпкерлік қызмет еркіндігін қамтамасыз етуге қатысты конституциялық ережелердің мәні Кәсіпкерлік кодекс нормаларында ашып көрсетілген, оларға сәйкес (қаралып отырған нормаға қатысты) кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылы іскерлік бастаманы ынталандыру, меншік нысанына және кез келген өзге мән-жайларға қарамастан, кәсіпкерлік субъектілерінің заң мен сот алдында еркіндігін және теңдігін қамтамасыз ету, жосықсыз бәсекелестік жағдайында қорғау және қолдау арқылы кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған (3-баптың 1-тармағы, 2-тармағының 2), 3), 5) және 13) тармақшалары, 5-баптың 1-тармағы, 6-бап).
Осы нормативтік қаулыда келтірілген конституциялық нормалардың және олармен өзара байланысты заң ережелерінің мағынасын осылайша түсінген кезде Жер кодексінің 43-1-бабы 14-тармағының екінші бөлігі Конституцияның талаптарына сәйкес келеді.
Конституциялық Соттың пікірінше, конкурстық ұсыныстарды бағалау өлшемшарттарына және балл беруге қатысты Қағидаларды Жер кодексінің 43-1-бабының және 101-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес келтіру қажет, оларда азаматтардың жер учаскесін алуына басым құқық олардың осы жерде тұрақты тұру белгісі бойынша ғана көзделмейді. Жеке еңбегімен қатысу негізінде шаруашылық жүргізу де, арнаулы ауыл шаруашылығы білімі мен біліктіліктің, ауыл шаруашылығында практикалық жұмыс тәжірибесінің болуы да осындай басым құқықты беру өлшемшарттары болып табылады. Конкурстық ұсыныстарды жер комиссиясы инвестициялардың болжамды көлемі бойынша ғана емес, басқа өлшемшарттар бойынша да – конкурстық ұсыныстың мазмұны, ал кейіннен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартының ажырамас бөлігі (Жер кодексінің 43-1-бабының 11-тармағы) болып табылатын бизнес-жоспардың құрамдас бөліктері және міндеттемелер (Жер кодексінің 43-1-бабы 10-тармағының бірінші бөлігі) бойынша бағалауға тиіс.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1-бабы 14-тармағының екінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс қорытындысын шығарған кезде конкурстық ұсыныстарды бағалау өлшемшарттарын және балл беруді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |