Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрылымын одан әрi жетiлдіру жөнiндегi шаралар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 7 мамырдағы N 1085 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 12 шілдедегі № 354 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2012.07.12 № 354 Жарлығымен.

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 9 сәуiрдегi Заңының 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiн нығайту мақсатында қаулы етемін:

      1. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң мынадай құрылымы бекітiлсiн:
      1) Қарулы Күштерге басшылық жасаудың жоғары әскери-саяси органы - соғыс кезiнде Қарулы Күштердiң бүкiл қызметiне жалпы басшылық жасауды және Штабтар бастықтарының комитетi арқылы оларды басқаруды жүзеге асыратын Жоғарғы Бас қолбасшылық (Жоғарғы Бас қолбасшылықтың Ставкасы);
      2) әскери басқару органдары:
      стратегиялық - Қорғаныс министрлiгi (орталық атқарушы орган) және Штабтар бастықтарының комитетi (ведомство);
      жедел-стратегиялық - Қарулы Күштер түрлерінің құрамына кіретін бас қолбасшылардың, Қарулы Күштер Тылы бастығының басқармалары ; <*>
      жедел-аумақтық - өңiрлiк қолбасшылықтар басқармалары;
      жедел-тактикалық - Қарулы Күштер түрлерінің әскер тeктepi қолбасшыларының (бастықтарының) басқармалары, арнайы әскерлердің бас басқармалары (басқармалары); <*>
      тактикалық - құрамалар мен әскери бөлiмдердiң басқармалары;
      жергiлiктi - облыстардың қорғаныс iсi жөнiндегi департаменттерi (басқармалары және аудандар мен қалалардың бөлiмдерi);
      3) Қарулы Күштер түрлерi:
      әскери басқару органдары, өңiрлiк қолбасшылық, әскер тектерi, арнаулы әскерлер, тыл, оқу және резервтiк бөлiмдер құрамындағы Құрлық әскерлерi;
      әскери басқару органдары, әскер тектерi, арнаулы әскерлер, тыл,  оқу және резервтiк бөлiмдер құрамындағы Әуе қорғанысы күштерi;
      әскери басқару органдары, әскер тектерi, арнаулы әскерлер, тыл,  оқу және резервтік бөлiмдерi құрамындағы Әскери-теңiз күштерi;
      4) (Алып тасталды - ҚР Президентінің 2009.03.04. N 762 Жарлығымен);
      5) әскери басқару органдары, құрамалар, жедел, жауынгерлiк, арнайы және техникалық қамтамасыз ету бөлiмдерi мен мекемелерi құрамындағы Арнаулы әскерлер; <*>
      6) әскери басқару органдары, құрамалар, бөлiмдер мен мекемелер құрамындағы Қарулы Күштер Тылы;
      7) әскери-оқу орындары мен әскери-ғылыми мекемелер.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2004.11.10. N 1472 , 2009.03.04. N 762 Жарлықтарымен.

      2. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiгi шекарасының шегiнде өңiрлiк қолбасшылықтардың жауапкершiлiк аймағы айқындалсын:
      1) "Астана" - Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстiк Қазақстан облыстары;
      2) "Шығыс" - Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары;
      3) "Батыс" - Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары;
      4) "Оңтүстiк" - Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары.

      3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрылымы туралы" 2000 жылғы 6 шiлдедегi N 417 Жарлығының 1, 2 және 3-тармақтарының күшi жойылды деп танылсын.

      4. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 7 шiлдедегi N 418 өқ Жарлығымен бекітiлген Қазақстан Республикасындағы Әскери құрылыстың 2005 жылға дейiнгі кезеңге арналған мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес басқару органдарын, Әскери теңiз күштерiн құруды және Әскери-теңiз күштерiнiң қажеттi инфрақұрылымын жасауды қамтамасыз етсiн;
      2) " Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы " және " Әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет туралы " Қазақстан Республикасы заңдарының жобаларын әзiрлеп, 2003 жылғы 15 желтоқсанға дейiн Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзсiн;
      3) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң 2004-2005 жылдар кезеңiне арналған штат санының лимитi бойынша ұсыныстар енгiзсiн;
      4) Осы Жарлықтан туындайтын өзге де қажеттi шараларды қолдансын.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады