"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Валюта Қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығына қатысты өзара түсіністік жөніндегі меморандумның жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Мұратұлы Сүлейменовке Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Валюта Қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығына қатысты өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 22 қазандағы № 682 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Валюта Қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығына қатысты өзара түсіністік жөніндегі МЕМОРАНДУМ
Кіріспе
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы (бұдан әрі - "Қазақстан") және Халықаралық Валюта Қоры (бұдан әрі - "ХВҚ") Кавказда, Орталық Азияда және Моңғолияда (бұдан әрі - "КОАМ" немесе "Өңір") өсуге және кедейлік деңгейін төмендетуге бағдарланған орнықты экономикалық саясатты табысты әзірлеу мен іске асыруға бейілділікті қолдайды.
Осы мақсатта және Халықаралық Валюта Қоры Келісімі баптарының (бұдан әрі - "Келісім баптары") V бабының 2(b) бөліміне сәйкес ХВҚ Армения Республикасына, Әзербайжан Республикасына, Грузияға, Қазақстан Республикасына, Қырғыз Республикасына, Моңғолияға, Тәжікстан Республикасына, Түркіменстанға және Өзбекстан Республикасына (бұдан әрі - "Бенефициар елдер") және болашақта қосылуы мүмкін басқа Бенефициар елдерге қызмет көрсету үшін Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдері үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығы (бұдан әрі - "КОАМ-ТКО" немесе "Орталық") құру туралы шешім қабылдады. КОАМ-ТКО мақсаты Бенефициар елдерге орнықты өсуге және кедейлік деңгейін төмендетуге ықпал ететін ұтымды экономикалық саясатты әзірлеу және іске асыру үшін қуатты институттар құруға және біліктілігін арттыруға көмектесу болып табылады. КОАМ-ТКО қызметі техникалық көмек (бұдан әрі - "ТК") көрсетуге, семинарлар мен ХВҚ құзыреті салаларындағы ТК-мен байланысты басқа да елдік және өңірлік деңгейлердегі оқу іс-шараларын өткізуге шоғырландырылатын болады.
Қазақстан ХВҚ-ның күш-жігерін құптайды және қолдайды әрі осы ниетіне жәрдемдесу мақсатында Қазақстан КОАМ-ТКО кеңсесін Алматы қаласында орналастыруды ұсынды. ХВҚ бұл ұсынысты қабылдағаннан кейін Қазақстан осы Меморандумның ережелеріне сәйкес қолдау көрсететін болады. КОАМ-ТКО ХВҚ-ның мекемесі болады және Келісім баптарының IX бабының 2-бөліміне сәйкес оның ХВҚ құқықтық субъектілігінен бөлек құқықтық субъектілігі болмайды.
Тараптардың уағдаластықтары мен міндеттемелері
Жоғарыда баяндалған мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан мен ХВҚ мынадай уағдаластықтарға қол жеткізді:
1-бап
Қазақстан Алматы қаласында КОАМ-ТКО кеңсесін құруға және оның қызметіне, оның ішінде өз аумағындағы коммерциялық банкте банктік шот ашуға көмек көрсету арқылы жәрдемдесуге міндеттенеді.
2-бап
КОАМ-ТКО-да бір Директор (ол болмаған кезде Директордың міндетін атқаратын кез келген лауазымды адамды (бұдан әрі - "Директор") қоса алғанда), тұрақты кеңесшілер тобы (халықаралық негізде жалданған қызметкерлер), келген елінде жалданған қызметкерлер тобы және қысқа мерзімді сарапшылар жұмыс істейтін болады; олардың барлығы ХВҚ қызметкері болып табылады және бұдан әрі "КОАМ-ТКО қызметкерлері" деп аталады.
(a) ХВҚ КОАМ-ТКО Директорының функцияларын орындайтын ХВҚ-ның лауазымды адамын тағайындайды және бақылайды.
(b) Тұрақты кеңесшілер тобы (халықаралық негізде жалданған қызметкерлер) ХВҚ құзыреттерінің бірқатар негізгі салаларындағы мамандардан тұрады. Бұл қызметкерлерді ХВҚ Бенефициар елдердің қажеттіліктерін ескере отырып, орынды шарттармен іріктеуді және тағайындауды жүзеге асырады.
(c) Келген елінде жалданған қызметкерлер тобын ХВҚ Орталықтың қажеттіліктерін ескере отырып, орынды деп санайтын шарттармен іріктейді және тағайындайды.
(d) КОАМ-ТКО жұмысына қысқа мерзімді сарапшылар жәрдемдесетін болады, олар Қазақстанда және өңірде ТК көрсету және басқа да жұмыс үшін жобалық негізде тартылады.
(e) КОАМ-ТКО қызметкерлерімен қатар ХВҚ-ның штаб-пәтерлеріндегі және шетелдегі лауазымды адамдары қажеттілігіне қарай Орталық қызметіне және оны басқаруға, сондай-ақ жұмыс бағдарламасына қатысты жұмыстар жүргізу үшін КОАМ-ТКО-ға барады.
3-бап
КОАМ-ТКО өз қызметінде Үйлестіру комитетінің шешімдерін басшылыққа алады. Үйлестіру комитетіне Бенефициар елдердің, қатысушы донор-әріптестер мен ХВҚ-ның өкілдері кіреді. Үйлестіру комитеті Орталықты стратегиялық басқаруды жүзеге асырады және оның басымдықтарын айқындауға жәрдемдеседі. Орталықтың қосалқы шотынан қаржыландырылатын іс-шараларды Үйлестіру комитеті тексеруге және мақұлдауға тиіс. Үйлестіру комитеті келесі қаржы жылына арналған жылдық жұмыс жоспарын бекіту және ағымдағы қаржы жылы ішінде оның орындалу дәрежесін бағалау үшін жылына кемінде бір рет отырыс өткізетін болады.
4-бап
Бенефициар елдердің лауазымды адамдарының ТК көрсету бағдарламаларына және ТК-мен байланысты өңірлік оқу іс-шараларына, сондай-ақ КОАМ-ТКО өткізетін өзге де іс-шараларға қатысуға құқығы болады. ХВҚ-ға мүше басқа елдердің (бенефициар елдерден басқа) және басқа ұйымдардың лауазымды адамдары ХВҚ-ның келісімімен іс-шараларға қатысуға шақырылуы мүмкін.
5-бап
Офистік үй-жай мен шығыстарды, КОАМ-ТКО қызметкерлеріне жұмсалатын шығыстарды, ТК көрсету жөніндегі қызметті, өңірлік оқу іс-шараларын (семинарлар, практикумдар), іссапар шығыстарын, қатысушылардың кейбір шығыстарын және қосалқы шығындарды қоса алғанда, КОАМ-ТКО-ның операциялық және құрылтай шығыстары ХВҚ өзінің қағидалары мен рәсімдеріне сәйкес көпжақты әкімшілік қосалқы шот арқылы басқаратын, Бенефициар елдердің және қатысушы донор-әріптестердің қаржылық жарналары есебінен өтелетін болады. ХВҚ КОАМ-ТКО Директорының жалақысына, әлеуметтік кепілдіктеріне және тұрғын үйіне жұмсалатын шығыстарды өтейді.
(а) Қазақстанды қоса алғанда, Бенефициар елдердің және қатысушы әріптес елдердің Орталыққа төлейтін қаржылық жарналарының мөлшері Уағдаластық туралы жекелеген хаттарда айқындалатын болады.
6-бап
Қазақстан ХВҚ-ға КОАМ-ТКО-ны құру, сондай-ақ Орталықтың өз қызметін тиімді жүзеге асыруы үшін барынша қажетті деңгейде қолдау көрсетуге міндеттенеді.
(а) ХВҚ KOAM-TKO үшін KOAM-TKO қызметкерлерін және қызметтік үй-жайларды орналастыру үшін жиһазды, ақпараттық технологияны (бұдан әрі - "АТ") (стационарлық компьютерлер, серверлік жабдықтар, желілік жабдықтар, кабельдік тармақтау, интернет желісі провайдерінің жабдығы, желі және т.б.) және кеңсеге арналған ұйымдастыру техникасын (көшіру құрылғылары, телефондар, аудиовизуалды жабдық, бейнеконференцбайланыс жүйесі) қоса алғанда, Орталықтың қызметін жүргізуге қажетті барлық заттармен жарақтандырылатын, алаңы шамамен 1000 ш.м. болатын кеңсе үй-жайын, сондай-ақ белгіленген көлік тұрағы орындарының жеткілікті санын жалдайды. Үй-жай ХВҚ-ның күзетке, қауіпсіздікке (өрт және сейсмикалық нормалар), жылжымайтын мүлікке және ақпараттық технологияларға қоятын талаптарына сәйкес келуі керек; оларға бейнебақылау жүйесінің, қолжетімділікті бақылаудың, энергияны үздіксіз берудің және барлық AT қызметтері, сондай-ақ күзет дүңгіршектері немесе бекеттерінің қызметін қолдау үшін резервтік энергиямен жабдықтау генераторының болуы жатқызылуы мүмкін. ХВҚ немесе ол уәкілеттік берген агенттік сол жерде объектінің көрсетілген талаптарға сай келуіне мезгіл-мезгіл бағалау жүргізіп, зерттеп-қарайтын болады. Үлкен конференциялар, дәрістер мен семинарлар өткізу үшін КОАМ-ТКО-дан тыс жерден қосымша оқу үй-жайларын пайдаланатын болады.
7-бап
Қазақстан КОАМ-ТКО-ға және КОАМ-ТКО қызметкерлеріне Келісім баптарының IX бабында жазылған артықшылықтар мен иммунитеттерді, сондай-ақ Тараптар келіскен мынадай қосымша артықшылықтарды, иммунитеттер мен жеңілдіктерді қолдану туралы өз міндеттемесін растайды:
(a) КОАМ-ТКО үй-жайларына рұқсатсыз ешкім кіре алмайды және ХВҚ-ның жеке-дара бақылауында және басшылығында болады. ХВҚ немесе КОАМ-ТКО Директоры келісім берген жағдайды қоспағанда, Қазақстанның бірде-бір қызметтік немесе лауазымды адамы немесе Қазақстанда мемлекеттік билікке ие өзге адам КОАМ-ТКО-ның үй-жайларына кіре алмайды немесе онда міндеттерін жүзеге асыра алмайды.
(b) Қазақстан КОАМ-ТКО мен КОАМ-ТКО қызметкерлерін басып кіруден немесе залалдан қорғау және Орталықта құқықтық тәртіптің бұзылуын, оның ішінде саяси зорлық-зомбылықты, қылмыстық әрекетті және жарылғыш және тұтандырғыш құрылғыларды қолдана отырып шабуыл жасауды болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. КОАМ-ТКО Қазақстандағы дипломатиялық миссиялар сияқты қорғаумен қамтамасыз етіледі. ХВҚ немесе КОАМ-ТКО Директорының өтініші бойынша Қазақстан Орталықта құқықтық тәртіпті қалпына келтіру немесе құқық бұзушыларды шығарып жіберу үшін полиция күшін жеткілікті түрде жұмылдырады.
(c) ХВҚ, оның активтері, кірісі мен мүлкі кедендік баждардан, сондай-ақ ХВҚ ресми пайдалану үшін әкелетін немесе әкететін заттарға қатысты әкелуге және әкетуге тыйым салулар мен шектеулерден босатылады. Атап айтқанда, КОАМ-ТКО мынадай кедендік артықшылықтарды пайдаланады:
i. Орталықтың мақсаттарына қол жеткізу үшін пайдалануға арналған жабдықтарды, жабдықтау заттарын және техникалық материалдарды әкелгені үшін барлық кедендік баждардан, импортқа салынатын салықтардан және өзге де алымдардан босату;
ii. Орталықтың пайдалануы үшін автокөлік құралдарын әкелуге рұқсат. Қазақстан мұндай автокөлік құралдары үшін дипломатиялық миссиялардың көлік құралдары сияқты тіркеу нөмірлерінің дәл сондай түрін ұсынады.
(d) Осы Меморандумның 2-бабында көрсетілген КОАМ-ТКО қызметкерлері мен ХВҚ штаб-пәтерлеріндегі және шетелде орналасқан, оның ішінде азаматтығына қарамастан, Қазақстанда миссиямен немесе жолай жүрген лауазымды адамдары мынадай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады:
i. ХВҚ мұндай иммунитеттен тікелей бас тартқан жағдайларды қоспағанда, өзінің ресми міндеттерін орындау кезіндегі іс-әрекеттерге қатысты юрисдикциядан иммунитет;
ii. ХВҚ жүргізетін жалақылар мен төлемдерге қатысты салықтар мен өзге де аударымдарды, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар, міндетті зейнетақы жарналары сияқты міндетті аударымдарды төлеуден босату.
ХВҚ-ның зейнетақымен қамсыздандыру және КОАМ-ТКО қызметкерлерін медициналық сақтандыру туралы өз жоспарлары бар. КОАМ-ТКО қызметкерлері Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында көзделген шарттарда Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйелеріне қатысуға құқылы.
ХВҚ жұмысқа орналасу кезінде келген елінде жалданған қызметкерлер ұжымына осы баптың ережелерін түсіндіруге міндеттенеді;
iii. Қазақстан азаматтарын қоспағанда, дипломатиялық миссиялардың тиісті дәрежедегі лауазымды адамдарына берілетін валюта айырбастауға қатысты дәл осындай артықшылықтар;
iv. Қазақстан азаматтарын қоспағанда, халықаралық дағдарыстар кезінде дипломатиялық өкілдер пайдаланатын асырауындағы адамдар мен үй персоналына қолданылатын репатриациялау жөніндегі дәл сондай жеңілдіктер; және
v. Қазақстан азаматтарын қоспағанда, көшіп келу бойынша шектеулерден босату.
(e) Жоғарыда 7(a) - 7(d) баптарда белгіленген иммунитеттерге, босатулар мен артықшылықтарға қосымша КОАМ-ТКО Директорына (ол болмаған кезде Директордың міндетін атқарушы кез келген лауазымды адамды қоса алғанда), сондай-ақ жұбайына (зайыбына) және Директордың асырауындағы адамдарға Қазақстанда дипломатиялық миссиялардың басшыларына және олардың асырауындағы адамдарға берілетін артықшылықтар, иммунитеттер, босатулар мен жеңілдіктер беріледі.
(f) ХВҚ Қазақстанға осы Меморандумның ережелері қолданылатын КОАМ-ТКО қызметкерлерінің, сондай-ақ олардың асырауындағы адамдардың және үй персоналы мүшелерінің есімдерін хабарлайды.
(g) Қазақстан КОАМ-ТКО қызметкерлерінің Қазақстанға келуіне және Қазақстаннан кетуіне барынша мүмкін дәрежеде көмек көрсетеді.
8-бап
(a) Осы Меморандумның 7-бабының d) тармағында көрсетілген адамдарға артықшылықтар мен иммунитеттер осы адамдардың жеке пайдасы үшін емес, тек КОАМ-ТКО және ХВҚ мүдделері үшін беріледі.
(b) Осы Меморандумда жазылған артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтірместен, КОАМ-ТКО және ХВҚ осы Меморандумның 7-бабында айтылған артықшылықтарға, иммунитеттерге және шарттарға байланысты сот төрелігінің тиісінше атқарылуына жәрдемдесу, полиция ұйғарымдарының сақталуын қамтамасыз ету және кез келген қиянат етудің алдын алу мақсатында Қазақстанның тиісті органдарымен үнемі ынтымақтасады.
9-бап
Қазақстанның тиісті органдары ХВҚ 7(і)-бабына сәйкес көрсеткен КОАМ-ТКО қызметкерлеріне билік органдары алдында ұстаушының жеке куәлігі болып табылатын және ұстаушының осы Меморандумда көрсетілген артықшылықтары мен иммунитеттерінің бар екенін растайтын арнаулы сәйкестендіру картасын ұсынады.
10-бап
КОАМ-ТКО-ға тағайындалған Директор мен тұрақты кеңесшілер лауазымына кіріскен кезде жеке пайдалануы үшін үй мүлкі мен автокөлік құралын баждар мен басқа да алымдарды төлемей әкелу құқығына ие болады. Қазақстан мұндай автокөлік құралдары үшін дипломатиялық миссиялардың көлік құралдары сияқты тіркеу нөмірлерінің дәл сондай түрін ұсынады.
11-бап
КОАМ-ТКО-ның ресми хат-хабарды, сондай-ақ КОАМ-ТКО ресми пайдалануына арналған заттарды жөнелту және алу үшін белгіленген дипломатиялық поштаны (немесе дипломатиялық вализді) пайдалануға құқығы бар.
12-бап
КОАМ-ТКО Директорының, тұрақты кеңесшілерінің және өзге де жергілікті емес персоналдың жұбайы (зайыбы) және асырауындағы адамдар Қазақстанның ұлттық заңнамасына сәйкес Қазақстанда ақы төленетін жұмысқа орналасуға құқығы бар. Бүл жағдайда КОАМ-ТКО Директорының жұбайына (зайыбына) және асырауындағы адамдарға олардың кәсіби қызметіне байланысты іс-әрекеттері үшін азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен иммунитеттер және Қазақстанда осындай жұмысқа байланысты алынатын жалақыға салынатын салықтан және одан аударылатын міндетті жарналардан иммунитеттер қолданылмайды.
13-бап
Қазақстан КОАМ-ТКО-ның Қазақстанның азаматтығы жоқ барлық қызметкеріне және олардың отбасы мүшелеріне, КОАМ-ТКО шақырған мемлекеттердің немесе ұйымдардың өкілдеріне, Орталықтың ресми келушілеріне және Орталықта өткізілетін ТК-мен байланысты оқу курстары мен семинарларға қатысуға шақырылған қатысушыларға визалардың уақтылы берілуін қамтамасыз ету үшін барынша күш-жігерін салады.
14-бап
(a) Осы Меморандум белгіленбеген мерзімге жасалады және ХВҚ осы Меморандумның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Қазақстан Республикасының жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
(b) Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Меморандумға оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың (а) тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін. Осы Меморандумды түсіндіруге немесе орындауға байланысты туындайтын кез келген даулар тиісті консультациялар арқылы және Тараптардың өзара келісуі бойынша шешіледі.
(c) Осы Меморандум Тараптардың біреуі оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.
2024 жылғы__________________ағылшын тілінде екі данада қол қойылды.
Қазақстан Республикасы үшін | Халықаралық Валюта Қоры үшін |