"Медициналық және фармацевтикалық білімді мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 9 маусымдағы N 462 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2004 жылғы 11 қарашадағы N 799 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 20 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 3289. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2009 жылғы 11 қарашадағы N 691 Бұйрығымен

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2009.11.11 N 691 бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы", " Білім туралы ", " Денсаулық сақтау жүйесі туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес және медициналық және фармацевтикалық білімді мамандардың шетелде біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды регламенттеу мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

     1. "Медициналық және фармацевтикалық білімді мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 9 маусымдағы N 462 бұйрығына (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2922 тіркелген) мынадай толықтырулар енгізілсін:

     көрсетілген бұйрықпен бекітілген Медициналық және фармацевтикалық білімді мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесі мынадай мазмұндағы 4-тараумен толықтырылсын:

   " 4. Медициналық және фармацевтикалық білімді мамандардың
       шетелде біліктілігін арттыру және қайта даярлау

     19. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен шетелдік ұйымдарда біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін медициналық және фармацевтикалық білімді мамандар жіберілуі мүмкін.
     Азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық білім саласында басшылықты жүзеге асыратын және 014 "Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары кадрларының біліктілігін арттыру мен қайта даярлау" республикалық бюджеттік бағдарламасының әкімшісі болып саналатын (бұдан әрі - уәкілетті орган), олардың тізбесін Қазақстан Республикасының орталық атқару органы жыл сайын бекітетін мамандықтар бойынша шетел ұйымдарында біліктілікті арттыру мен қайта даярлауды жүзеге асырады.

     20. Уәкілетті орган республика мамандарын медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға шетелге жіберу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия (бұдан әрі - комиссия) құрады.

     21. Комиссия өз жұмысын осы Ережеге және уәкілетті орган бекітетін Республика мамандарын медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға шетелге жіберу жөніндегі комиссия туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады.

     22. Комиссия шешімінің негізінде уәкілетті орган мен шетелдік медициналық ұйымдардың, сондай-ақ мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен біліктілігін арттыруға жіберілетін мемлекеттік ұйымдардың медицина және фармацевтика қызметкерлерінің арасында ақылы білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттар (бұдан әрі - шарт) жасалады.
     Шартта:
     1) шарттың мәні;
     2) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
     3) егер медицина және фармацевтика қызметкерлері дәлелсіз себептермен оқу бағдарламасынан шығып кеткен немесе шартта көзделген өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда уәкілетті орган мен мемлекеттік ұйымдардың медицина және фармацевтика қызметкерлерімен арасындағы шартта - оның біліктілігін арттыруға жұмсалған қаражатты қайтару жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілі.

     23. Уәкілетті орган мен шетелдік медициналық ұйымдар арасындағы шарт мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің біліктілігін арттырғаны үшін ақша аударуға негіз болып табылады.

     24. Мемлекеттік ұйымдардың медицина және фармацевтика қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат оқу, визаларды, шетелдік медициналық ұйымдардың сауалнамалық нысандарын ресімдеу, мамандарды шетелдік медициналық ұйымдарда орналастыру бойынша медицина және фармацевтика қызметкерлерін қабылдайтын елдердің уәкілетті органдарында тіркеу, телефон, электрондық, пошталық байланыс, тұруы, тамақтануы, оқу әдебиеті, медициналық сақтандыру, Қазақстандағы тұрғылықты жерінен оқитын жерге дейінгі және оқуды аяқтаған соң қайту жолақысы, үміткерлерді іріктеу жөніндегі шығындарды, шетелдік серіктестердің уәкілетті органмен шарттар бойынша өздерінің міндеттемелерін орындаумен байланысты шығындарын төлеу үшін барлық шығыстар түрлерін төлеуді қамтиды.

     25. Шетелдердің медициналық ұйымдарында біліктілік арттырудан және қайта даярлаудан өткен мамандар уәкілетті органға және біліктілік бейініне сәйкес облыстық, Астана және Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармаларына (департаменттеріне) әйтпесе мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау немесе фармацевтикалық бақылау басқармаларына (бөлімдеріне) мынадай құжаттамалар береді:
     1) біліктілік арттырудан және қайта даярлаудан өткені туралы құжаттың көшірмесі;
     2) шетелде біліктілік арттыру және қайта даярлау циклынан өткені туралы есеп, цикл бағдарламасын береді (оқу аяқталғаннан кейін бір айдың ішінде).".

     2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медицина ғылымы, білім, медицинаны дамыту және халықаралық қатынастар департаменті (Хамзина Н.Қ.), Әкімшілік департаменті (Акрачкова Д.В.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

     3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медицина ғылымы, білім, медицинаны дамыту және халықаралық қатынастар департаменті (Хамзина Н.Қ.) мемлекеттік тіркелгеннен кейін осы бұйрықты медициналық білім беру және ғылыми ұйымдарға жеткізсін.

     4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік департаменті (Акрачкова Д.В.) осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін.

     5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау бірінші вице-министр А.А.Ақановқа жүктелсін.

     6. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

     Министрдің
     міндетін атқарушы

     "КЕЛIСIЛГЕН"
     Қазақстан Республикасы
     Бiлiм және ғылым
     министрiнiң мiндетiн атқарушы
     __________________________
     2004 жылғы 18 қараша

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады