Білім беру ұйымын мемлекеттік аттестаттау мен аккредиттеуден өткізуді ұйымдастыру бойынша нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 5 наурыздағы N 109 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 27 наурызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5172 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 4 шілдедегі N 257 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 04.07.2013 N 257 бұйрығымен.

      Қолданушылардың назарына!!!
      Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 42-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН :

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Нұсқаулық;

      2) Білім беру ұйымдарын аккредиттеу тәртібі туралы Нұсқаулық бекітілсін.

      2. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (Қалабаев Н.Б.):

      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.

      3. Күштері жойылды деп танылсын:

      1) "Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациядан өткізу туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2006 жылғы 28 шілдедегі N 415 бұйрығы (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 21 тамызда N 4350 тіркелген, 2006 жылғы 10 қарашада N 197 (1177) Заң газетінде жарияланған);

      2) "Білім беру ұйымдарының үлгілері мен түрлері бойынша мемлекеттік аккредиттеуге арналған көрсеткіштерді бағалау тізбесі мен өлшемдерін және Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аккредиттеуден өткізу тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2001 жылғы 23 шілдедегі N 602 бұйрығы (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2001 жылғы 30 шілдеде N 1599 тіркелген).

      4. Осы бұйрық бірінші рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

      Министрдің міндетін
      атқарушы

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2008 жылғы 5 наурыздағы 
N 109 бұйрығымен бекітілген

Білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестаттауды
ұйымдастыру және өткізу жөніндегі
НҰСҚАУЛЫҚ 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу туралы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) 2007 жылғы 27 шілдедегі "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 42-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау ережесін бекіту туралы" 2007 жылғы 24 желтоқсандағы N 1270 қаулысына сәйкес әзірленді.

      2. Нұсқаулық меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды (бұдан әрі - аттестаттау) ұйымдастыру мен өткізу рәсімінің тәртібін белгілейді.

      3. Шетелдік білім беру ұйымдары мен халықаралық білім беру ұйымдарының филиалдарын мемлекеттік аттестаттау, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, осы Нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Білім беру ұйымдарын аттестаттау олардың меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, бес жылда бір рет жоспарлы түрде білім беру саласындағы немесе денсаулық саласындағы (медициналық және фармацевтік білім беру ұйымдарында мемлекеттік аттестаттауды жүргізу кезінде) уәкілетті орган мен өз құзыреті шегінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - уәкілетті органдар) Қазақстан Республикасының мемлекеттік және керек жағдайда орыс тілдерінде жүргізеді.

      5. Мемлекеттік аралық бақылаудан өтпеген білім алушылардың саны білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті саннан асатын білім беру ұйымдары келесі күнтізбелік жыл ішінде кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға жатады, бұл ретте жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары белгіленген шекті деңгейден өте алмаған мамандықтар бойынша аттестаттауға жатады.
       Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2009.05.12. N 211 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Бұйрығымен.

      6. Білім беру ұйымын аттестаттау кезінде білім беру қызметінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының талаптарына сәйкестігі анықталады (бұдан әрі - МЖМС).

      7. Аттестаттау өткізу кезіндегі зерделеу нысандары:

      1) білім беру ұйымдарының жалпы сипаттамасы;

      2) кадрлар құрамы;

      3) білім алушылардың контингенті;

      4) оқу-әдістемелік жұмысы;

      5) оқу-тәрбие жұмысы және педагогикалық жүктеме;

      6) оқу-материалдық активі;

      7) оқу және ғылыми зертханалар;

      8) ақпараттық жабдықтар мен кітапхана қоры;

      9) білім алушылардың білім сапасын бағалау;

      10) ғылыми-зерттеу жұмысы;

      11) кәсіптік практика
      болып табылады.

      8. Білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізу үшін ақпарат жинаудың негізгі әдістері:

      1) материалдық-техникалық базаны және әлеуметтік қамтамасыз ету нысандарын көзбен көру;

      2) білім беру ұйымдары мен олардың бөлімшелерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын сақтауы жөніндегі құжаттамасын зерделеу;

      3) оқу процесінің көрсеткіштерін талдау;

      4) ұлттық бірыңғай тестілеудің, мемлекеттік аралық бақылаудың, оқушыларды қорытынды аттестаттаудың нәтижелерін талдау;

      5) білім алушыларды, оқытушыларды, қызметкерлерді және оқушылар мен тәрбиеленушілердің ата-аналарын, оқушылар мен жұмыс берушілерді іріктеп сауалнамадан өткізу;

      6) оқу сабақтарына қатысу;

      7) білім алушылармен, оқытушылармен және қызметкерлермен әңгімелесу;

      8) білім алушылардың білім сапасын кешенді тестілеу және білім кесінділерін бақылаудың басқа түрлерін қолдану арқылы бағалау болып табылады.

      9. Мемлекеттік аттестаттау, жалпы алғанда білім беру ұйымдары бойынша, одан басқа техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін сондай-ақ мамандықтар (кәсіптер) бойынша жүзеге асырылады.

      10. Білім беру ұйымдарын аттестаттауға арналған шығыстар бюджеттік қаражаттар есебінен жүзеге асырылады.

2. Аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу

      11. Білім беру ұйымдарын аттестаттау уәкілетті органдар бекіткен күнтізбелік жыл ішінде аттестаттауды өткізу кестелеріне сәйкес жүргізіледі.
       Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2009.05.12. N 211 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Бұйрығымен.

      12. Мемлекеттік аттестаттауды өткізу мерзімі туралы ақпарат білім беру ұйымдарына аттестаттау басталғанға дейін үш ай бұрын жеткізіледі.

      13. Бекітілген кестелерге:

      1) білім беру ұйымдарының аттестаттаудың мерзімін кейінге қалдыру қажеттілігі туралы дәлелді қорытынды келтірілген жазбаша өтініштері;

      2) жаңа заңды тұлғаларды құрумен байланысты білім беру ұйымдарын қайта ұйымдастыру;

      3) мемлекеттік аралық бақылаудың нәтижелері негізінде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      14. Аттестаттаудың бекітілген кестелеріне өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілген жағдайда білім беру ұйымдары ол туралы аттестаттау басталғанға дейін үш ай мерзімнен кешіктірілмей хабардар етілуі тиіс.

      15. Аттестаттаудан өтетін білім беру ұйымдары мемлекеттік аттестаттау кестелеріне сәйкес аттестаттау басталғанға дейін бір ай мерзімнен кешіктірмей уәкілетті органдарға мынадай сапалық және сандық сипаттамалар: білім беру ұйымының жалпы сипаттамасы; кадрлар құрамы; білім алушылардың контингенті; оқу-тәрбие жұмысы және педагогикалық жүктеме; оқу-материалдық активтер; оқу және ғылыми зертхана; ақпараттық жабдықтар және кітапхана қоры; білім алушылардың білім сапасын бағалау; ғылыми зерттеу жұмысы; кәсіптік практика; лицензияның және құрылтайшылар туралы құжаттардың көшірмелері енгізілген өзіндік бағалау материалдарын ұсынады.
      Уәкілетті органдар ұсынылған материалдарды талдауды жүзеге асырады.

      16. Аттестаттауды жүргізу үшін тиісті уәкілетті органдар аттестаттау комиссияларын (бұдан әрі - Комиссия) құрады.

      17. Комиссияның құрамы білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізу басталғанға дейін 10 күн бұрын уәкілетті органдардың бұйрықтарымен бекітіледі.
      Тиісті уәкілетті органның қызметкері Комиссияның төрағасы болып тағайындалады.

      18. Комиссияның құрамына:

      1) тиісті уәкілетті органдардың;

      2) егер мемлекеттік аттестаттау мемлекеттік білім беру ұйымдарында өткізілген жағдайда қарамағында білім беру ұйымдары бар органдардың;

      3) білім беру ұйымдары мен олардың бірлестіктерінің (қауымдастықтарының) өкілдері, Қазақстан Республикасының жетекші педагог қызметкерлері енеді.
      Комиссияның құрамына кандидатураларды іріктеу бiлiм беру ұйымдарының бейiнi, даярлау бағыттары мен мамандықтары бойынша жүзеге асырылады.

      19. Білім беру ұйымдарын аттестаттауды Комиссиялар жеті күннен аспайтын мерзімде өткізеді.

      20. Комиссия төрағасы Ғылыми (Педагогикалық) кеңестің кеңейтілген кезектен тыс отырысында комиссия мүшелерін таныстырады және олардың арасында білім беру ұйымы қызметінің бағыттарын кешенді зерделеу жөніндегі нақты тапсырмаларды бөледі.

      21. Комиссияның жұмысы туралы хабарлау және тиісті жазбаша хабарландырулар дайындау білім беру ұйымының басшысына жүктеледі.

      22. Комиссия өзінің жұмысында білім беру ұйымдарының қызметін және білім беру сапасын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруды регламенттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
      Комиссияның төрағасы Комиссия мүшелерін қажетті нормативтік құқықтық актілермен қамтамасыз етеді.

      23. Комиссия мүшелері Комиссия төрағасына аттестаттау мәселелерін зерделеу барысы туралы ақпарат береді және оған білім беру ұйымы қызметінің көрсеткіштерін жан-жақты талдап, анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды нормативтік құқықтық актінің қай нақты нормасы бойынша бұзуға жол берілгеніне сілтеме жасалған анықтама, оларды жою жөніндегі ұсынымдар мен қорытындылар береді.

      24. Білім алушылардың білімінің сапасының МЖМС-қа сай екенін білу үшін Комиссия бітіруші топтарда, сыныптарда және курстарда олардың білімі және іскерлігіне бақылау өткізеді.
      Бұл жағдайда кешенді тестілеу технологиясы және білім алушылардың білімі және іскерлігін анықтаудың басқа да түрлері (бақылау жұмысы, эссе, жобалық тапсырмалар, шығармашылық тапсырмалар, шығармалар) пайдаланылады.
      Орта білімнен кейінгі және жоғары білім оқу орнын бітіруші білім алушылардың білімінің және іскерлігінің сапасын тексеру үшін мамандықтардың оқу-әдістемелік секциясы (одан әрі - ОӘС) базалық және профильдік циклге енетін пәндердің тізімін БТМСҰО-ға ұсынып, оны уәкілетті орган бекітеді.
      Бітіруші курста оқитын білім алушылардың білім сапасын және іскерлігін анықтау үшін комиссия әрбір мамандық бойынша білім мен іскерлікті бақылауды жүргізу үшін "өте жақсы", "жақсы", "қанағаттанарлық" бағаларға оқитын білім алушылардың пропорциялық қатынасына байланысты саны 50 адам болатын білім алушылар контингентін анықтайды.
      Егер, мамандық (кәсіптік) бойынша білім алушылардың саны 50 адамнан кем болса, онда білім сапасын, іскерлікті, дағдылығын бақылау жұмысымен барлық білім алушылар қамтылады.

      25. Кешенді тестілеу кезіндегі бағалау шкаласы (пайыздық қатынаспен) мынадай тәртіппен анықталады:
      "өте жақсы" - 88-100 %;
      "жақсы" - 75-87 %;
      "қанағаттандырарлық" - 60-74 %;
      "қанағаттанарлықсыз" - емтихан материалдарындағы сұрақтар санының 60 %-нан төмен дұрыс жауап берілгенде қойылады.

      26. Бақылау жұмысы, эссе, жобалық тапсырмалар, шығармашылық тапсырмалар, шығармалар жұмысын тексеруді және төрт баллды жүйемен бағалауды Комиссиясының төрағасы бекіткен бірлескен комиссия жүзеге асырады. Бірлескен комиссияның құрамына Комиссияның төрағасы мен мүшесі және білім беру ұйымының бір оқытушысы кіреді.
      Бес сұрақтың үшеуіне және одан көбіне дұрыс жауап берсе, онда білім алушы оң баға алады.

      27. Мектепке дейінгі ұйымдарда кешенді тестілеу қызметкерлер мен ата-аналарды сауалнамадан өткізумен алмастырылады.
      Мектептен тыс және арнайы білім беру ұйымдарында (спорттық, әскери, өнер, психологиялық-медициналық-педагогикалық) білімді бақылаудың басқа түрлері, оның ішінде бақылау жұмысы, тыңдау, байқау, спорттық өлшеулер қолданылуы мүмкін.

      28. Кешенді тестілеудің нәтижелерін және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің білімдері мен іскерліктерін бақылаудың басқа да түрлерін талдауды, қызметкерлер мен ата-аналарға сауалнама жүргізуді Комиссия жүзеге асырады.

      29. Сауалнама және басқа да сұраулар жүргізу кезінде Комиссия студенттік, жастар және қоғамдық ұйымдарды тартады.

3. Аттестаттаудың қорытындыларын шығару

      30. Комиссияның төрағасы барлық бөлімшелерді бағалау нәтижелерін жинақтайды және мемлекеттік аттестаттаудың қорытындылары туралы Комиссияның тұжырымын (бұдан әрі - Тұжырым) дайындайды. Оған мына бөлімдер кіреді:

      1) білім беру ұйымдарының жалпы сипаттамасы;

      2) кадрлар құрамы;

      3) білім алушылардың контингенті;

      4) оқу-әдістемелік жұмысы;

      5) оқу-тәрбие жұмысы және педагогикалық жүктеме;

      6) оқу-материалдық активтер;

      7) оқу және ғылыми зертхана;

      8) ақпараттық жабдықтар және кітапхана қоры;

      9) білім алушылардың білім сапасын бағалау;

      10) ғылыми зерттеу жұмысы;

      11) кәсіптік практика;

      12) шығармашылық қызметі (өнер саласындағы білім беру ұйымдары үшін);

      13) мамандықтарды (кәсіптерді) аттестаттау;

      14) сауалнама нәтижесі;

      15) кемшіліктер мен ескертпелер;

      16) қорытындылар мен ұсыныстар.
      Қорытындыда білім беру ұйымдарын аттестаттау немесе аттестаттамау туралы ұсыныс беріледі.

      31. Тұжырымның екі данасына Комиссияның төрағасы және барлық мүшелері қол қояды.
      Білім беру ұйымының басшысы қол қойылған тұжырымдаманың екінші данасы оқу орнына беріледі.

      32. Тұжырымға мыналар қоса тіркеледі:

      1) білім беру ұйымының негізгі көрсеткіштері;

      2) білім беру ұйымы бөлімшелерінің құрылымы;

      3) білім беру ұйымының контингенттері сонымен қатар оқыту түрлері және мамандықтары (кәсіптіктері) бойынша оқитын оқушылар туралы мәліметтер;

      4) білім беру ұйымының профессор-оқытушы, педагогикалық және қызмет көрсететін құрамының сандық және сапалық сипаттамасы;

      5) сауалнаманың нәтижелері;

      6) кешенді тестілеу мен бақылау жұмыстарының нәтижелері;

      7) білім беру ұйымы Жарғысының және мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;

      8) өртке қарсы қауіпсіздіктің және санитарлық эпидемиологиялық стансаның қорытындылары.

      33. Білім беру ұйымы ұсынған өзін-өзі бағалау материалдарының, Комиссияның қорытындысының негізінде уәкілетті органдар он күнтізбелік күн ішінде тиісті уәкілетті органның бұйрықтарымен (қаулыларымен) ресімделетін білім беру ұйымын аттестаттау немесе аттестаттамау туралы шешім қабылдайды.

      34. "Аттестатталмасын" деген шешім Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес заңды немесе жеке тұлғаға айыппұл салып, білім беру ұйымының лицензиясының қолданысын алты ай мерзімге дейін тоқтата тұруға әкеліп тірейді.

      35. Білім беру ұйымы "аттестатталсын" деген шешім егер білім беру қызметі білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарттарының талаптарына сәйкес болса, оның ішінде білім мен іскерлікті бағалаудың нәтижелері бойынша осы Нұсқаулықтың 24-тармағына сәйкес анықталған контингенттің тізімдегі құрамынан білім алушылардың кемінде 95%-ы қатысып, олардың кем дегенде 70%-ы оң баға алғанда қабылданады.
       Ескерту. 35-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2009.05.12. N 211 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Бұйрығымен.

      36 . Уәкілетті органдар лицензияның қолданысын тоқтатқан жағдайда тоқтату мерзімі өткен соң аттестаттау барысында анықталған кемшіліктерді жойғандығын анықтау үшін уәкілетті органдар комиссия құрады.

      37. Лицензияның қолданысының тоқтатыла тұруына себеп болған кемшіліктер жойылған жағдайда комиссияның оң ұсыныстарының негізінде уәкілетті органдардың шешімімен оның қолданысы қайта жандандырылады.

      38. Лицензияның қолданысының тоқтатыла тұруына себеп болған кемшіліктер алты ай ішінде жойылмаған жағдайда лицензиядан айыру әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
       Ескерту. 38-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2009.05.12. N 211 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Бұйрығымен.

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2008 жылғы 5 наурыздағы 
N 109 бұйрығымен бекітілген

Білім беру ұйымдарында аккредиттеуді ұйымдастыру
және өткізу бойынша
НҰСҚАУЛЫҚ 1. Жалпы ережелер

      1. Білім беру ұйымдарында аккредиттеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі осы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына , Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 1385 қаулысымен бекітілген Білім беру ұйымдарын аккредиттеу ережелеріне сәйкес дайындалды.

      2. Нұсқаулық кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын аккредиттеуді ұйымдастырудың және өткізудің тәртібін (бұдан әрі - аккредиттеу) белгілейді.

      3. Аккредиттеу білім беру ұйымдарының қызметін аккредиттеу органы жасаған стандарттар мен өлшемдердің сәйкестігіне бағалау негізінде жүзеге асырылады.

      4. Аккредиттеуді өткізуді ұйымдастыру аккредиттеу органдарын сертификаттауды жүзеге асыру және аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдарының Тізімін жүргізу болып табылады.

2. Білім беру ұйымдарын аккредиттеуді ұйымдастырудың
және өткізудің тәртібі

      5. Білім беру ұйымдарын институционалдық және мамандандырылған
аккредиттеуден өткізуді аккредиттеу органы осы аккредиттеу органы белгілеген стандарттар мен өлшемдерге сәйкес білім беру ұйымының қызметін бағалау негізінде жүргізеді.

      6. Аккредиттеу мәселелерін алқалы және ашық қарау үшін аккредиттеу органының жанынан Аккредиттеу кеңесі құрылады.
      Аккредиттеу кеңесінің құрамын және ол туралы ережені аккредиттеу органы бекітеді.

      7. Аккредиттеу кеңесінің құрамына білім беру саласындағы уәкілетті органның, аккредиттеу органының, білім беру ұйымдарының, мемлекеттік емес және студенттік ұйымдардың өкілдері кіреді.

      8. Институционалдық аккредиттеуден өту үшін білім беру ұйымдары аккредиттеу органына мынадай құжаттарды тапсырады:

      1) аккредиттеу органы бекіткен нысандағы өтiнiш;

      2) мемлекеттік лицензияның көшірмесі және білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін лицензияға қосымшалар.
      Мамандандырылған аккредиттеуден өту кезінде білім беру ұйымы аккредиттеу органына институционалдық аккредиттеуден өткені жөніндегі куәлігінің көшірмесін қоса тапсырады.
      Институционалдық және мамандандырылған аккредиттеудің біріктіріліп өткізілуі мүмкін.

      9. Аккредиттеу мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) білім беру ұйымының өтініш беруі және аккредиттеу органы мен білім беру ұйымының арасындағы екіжақты келісім-шарттың жасалуы;

      2) білім беру ұйымының аккредиттеу органы тағайындаған стандарттар мен өлшемдерге сәйкес келетіні туралы есебін жасап, өзін-өзі бағалауын өткізуі;

      3) білім беру ұйымының өзін-өзі бағалауы туралы есебін аккредиттеу органына ұсынуы;

      4) білім беру ұйымының өзін-өзі бағалауы туралы есебін аккредиттеу органында қарау;

      5) ұсынылған есеп бойынша аккредиттеу органының білім беру ұйымына ұсынымдар әзірлеуі;

      6) аккредиттеу органы сарапшыларының білім беру ұйымында болуы және олардың аккредиттеу органының стандарттары мен критерийлеріне сәйкестігін тексеру қорытындылары бойынша ұсынымдарымен қоса есеп жасауы;

      7) Аккредиттеу кеңесінде білім беру ұйымын аккредиттеу үшін материалдар дайындау;

      8) Аккредиттеу кеңесінде білім беру ұйымын аккредиттеу туралы мәселені қарау;

      9) Аккредиттеу органының тиісті шешімдерді қабылдауы;

      10) аккредиттеу органының веб-сайтында толық есепті жариялау.

      10. Білім беру ұйымдарын аккредиттеу аккредиттеуден өту туралы өтініш тіркелгеннен бастап Аккредиттеу кеңесі тиісті шешім шығарғанға дейін жүргізіледі.

      11. Аккредиттеу органымен білім беру ұйымының құжаттарын қарауының, білім беру ұйымына сарапшылардың баруының және шешім қабылдауының мерзімі аккредиттелетін білім беру ұйымдарының өтініш берген күнінен бастап, бір жылдан үш жылға дейін белгіленеді.

      12. Білім беру ұйымдарын аккредиттеу рәсімі аккредиттеу кестесіне сәйкес өткізіледі.

      13. Өзін-өзі бағалау рәсімі аяқталған соң білім беру ұйымы аккредиттеу органына өзін-өзі бағалау есебін қағаздық және электрондық нұсқада жібереді.

      14. Аккредиттеуді өткізу үшін аккредиттеу органы сыртқы сараптау комиссиясын құрады. Сыртқы сараптау комиссиясы туралы ережені аккредиттеу органы бекітеді.
      Сыртқы сараптау комиссияның білім беру ұйымына бару мерзімі туралы ақпарат сыртқы бағалау басталғанға дейін үш ай бұрын хабарланады.

      15. Сараптау комиссияның білім беру ұйымына баруы аккредиттеу органы бекіткен және жарияланған сыртқы бағалау стандарттарына сәйкес екі-төрт жұмыс күні ішінде өткізіледі.

      16. Сыртқы сараптау комиссиясы өзін-өзі бағалау есебін білім беру ұйымына барғанға дейін зерделейді.

      17. Білім беру ұйымына бару есебін сараптау комиссиясы аккредиттеу органында бір-екі күн ішінде жазады.

      18. Аккредиттеу органы өзін-өзі бағалау есебін, сыртқы сараптау комиссиясының есебін зерделейді және білім беру ұйымын аккредиттеуді Аккредиттеу кеңесінде қарау үшін материалдар дайындайды.

      19. Аккредиттеу кеңесі мынадай шешім қабылдайды:

      1) аккредиттелсін;

      2) аккредиттеуден бас тарту.

      20. Аккредиттеу органы Аккредиттеу кеңесінің оң шешімі негізінде білім беру ұйымын бес жыл мерзімге әсері бар аккредиттеу туралы куәлікті (бұдан әрі - куәлік) рәсімдейді.

      21. Куәліктің қолданыстағы мерзімін созу үшін білім беру ұйымы куәліктің қолданыс мерзімінің бітуіне бір жыл қалғанға дейінгі мерзімде аккредиттеу органына өтініш береді.

      22. Аккредиттеуден бас тартқан жағдайда білім беру ұйымына жазбаша хабарлама беріледі. Білім беру ұйымының қайта берген өтініші бір жылдан аз болмайтындай уақыт өткеннен соң жалпыға бірдей негізде қарастырылады.

      23. Аккредиттеу туралы куәліктер бланкілерінің нысанын белгілеуді, оны бекітуді, дайындауды, есепке алуды және сақтауды аккредиттеу органы жүзеге асырады.

      24. Аккредиттеу куәлiктерін алған білiм беру ұйымдары туралы ақпарат уәкілетті органға беріледі және аккредиттеу органының сайтына орналастырылады.

      25. Аккредиттеу туралы куәлiктің күші 5 жыл өткеннен кейін жойылады.

      26. Бiлiм беру ұйымы таратылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда, сәйкес өзгерістер уәкілетті органы аккредиттелген бiлiм беру ұйымдарының Тізіміне енгізеді.

      27. Білім беру ұйымын аккредиттеу немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім заңнамада белгіленген тәртіп бойынша шағымдалады.

      28. Аккредиттеу туралы куәлiк жоғалған жағдайда аккредиттеу органы бiлiм беру ұйымының жазбаша өтiнiшi негiзiнде он жұмыс күні ішінде оған аккредиттеу туралы куәлiктiң телнұсқасын бередi.
      Бiлiм беру ұйымын аккредиттеу туралы куәлiктiң телнұсқасын рәсімдеу бiлiм беру ұйымының өз қаражаты есебінен жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады