"Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық негiздеме дайындау ережесін бекіту туралы"

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 6 сәуірдегі N 233 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 6 мамырда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6218 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрінің 2014 жылғы 4 сәуірдегі № 104-Ө бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрінің 04.04.2014 № 104-Ө бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңының 9-бабы 1-тармағының 16)-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық негiздеме дайындау ережесi бекiтiлсiн.
      2. Мынадай:
      1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi Балық шаруашылығы комитетi Төрағасының 2004 жылғы 8 қарашадағы «Балық ресурстарын және басқа да су жануарлары түрлерiн пайдалануға биологиялық негiздеме әзiрлеу ережесiн бекiту туралы» № 106-п бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 3245 болып тіркелген, жариялануы: Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілер Бюллетені, 2005 ж. № 1 нөмірімен жарияланған);
      2) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi Орман және аңшылық шаруашылығы комитетi Төрағасының 2004 жылғы 18 қарашадағы «Жануарлар дүниесiн (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) пайдалануға биологиялық негiздеме әзiрлеу ережесiн бекiту туралы» № 245 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 3256 болып тіркелген, «Құқықтық газетте» 2005 ж. 7 қазанында № 185-186 (919-920) нөмірімен жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Табиғат ресурстарын пайдалану стратегиясы департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрілігінде заңнамамен белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                        А. Күрішбаев

Қазақстан Республикасы    
Ауыл шаруашылығы министрiнің 
2010 жылғы 6 сәуірдегі    
№ 233 бұйрығымен бекiтiлген 

Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық
негiздеме дайындаудың ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық негiздеме дайындаудың осы ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заңының 9-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді және жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық негiздеме (бұдан әрi - Биологиялық негiздеме) дайындаудың тәртiбiн айқындайды.
      2. Биологиялық негiздеме – жануарлар дүниесiн пайдалануға, балықтардың жалпы жол берiлетiн аулау мөлшерiн анықтауға және жануарлар дүниесiнiң басқа да объектiлерiн алып қоюға, сондай-ақ жануарлар дүниесiнiң объектiлерi мен олардың мекендеу ортасына ықпал етуге қабiлеттi шаруашылық және өзге де қызметке арналған ғылыми негiзделген қорытынды.
      3. Биологиялық негiздемені дайындау келесі жағдайлар мен мақсаттарда жүзеге асырылады:
      1) жануарлардың түрлерiн санаттарға жатқызу және оларды жануарлар дүниесiнiң бiр санатынан басқасына ауыстыру;
      2) балықтарды аулаудың және жануарлар дүниесінің басқа объектілерін алудың жол берiлетiн жалпы көлемiн айқындау;
      3) жануарлар дүниесiнiң санын реттеу;
      4)  жануарлар дүниесінің акваөсіру, жерсіндіру, интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру;
      5) жануарлар дүниесі объектілерін пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгiлеу;
      6) жануарлар мен олар мекендейтiн ортаға шаруашылық және өзге қызметтiң әсерiн айқындау;
      7) мелиорациялық аулау кезінде.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.12.06 № 18-02/627 Бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Биологиялық негiздеме дайындау

      4. Жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған биологиялық негіздеме бір жыл ішінде жануарлардың өткен жылдағы санының есеп материалдары, жануарлар дүниесі объектілерінің және олар мекендейтін ортаның мониторингі, ғылыми зерттеулер негізінде дайындалады.
      Жануарлар дүниесін пайдалануға биологиялық негiздеменi дайындау жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      Балық және басқа да су жануарларын аулаудың жол берiлетiн жалпы көлемiн айқындау мақсатында биологиялық негіздеме түр құрамын көрсете отырып, 2 жылға дайындалады.
      5. Биологиялық негіздемеде келесі мәліметтер:
      1) жануарлар дүниесі объектілері үшін (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) биологиялық негiздеме әзiрлеудiң мақсаты:
      объектiлердiң атауы және олардың санаттары;
      таралу аймағы, санының динамикасы, материалды жинау әдістемесі, есепке алу тәсілдері, есеппен алынған аудан және түрлер бойынша есеп, бірнеше жылғы саны бойынша деректер;
      болжамды алу учаскесінің шекаралары, бет-бедерінің, өсімдік жамылғысының сипаттамасы, гидрологиялық шарты, ауа-райы көрсетілген аумақ (акватория);
      қазақ, орыс және латын тілдеріндегі атауы көрсетілген объектiлердiң жай-күйi туралы, орташа өнiмдiлiк пен табиғи өсімін молайтуға қабiлеттілік, тұяқты және iрi жыртқыш жануарлар үшiн таралымның жыныстық-жастық құрамы;
      2) балық ресурстары және басқа да су жануарлары үшін биологиялық негіздеме дайындаудың мақсаты:
      қызметті жүзеге асыру көзделген шектегі су объектісі, су айдыны және (немесе) учаскесі;
      биологияның негізгі ерекшеліктері, карта-схемамен станцияны таңдау негіздемесі, таралу аймағы, санның динамикасы, материалды жинау әдістемесі, есепке алу тәсілдері, есеппен алынған аудан және түрлер бойынша есеп, бірнеше жылғы саны бойынша мәліметтер;
      болжамды алу учаскесінің шекаралары көрсетілген аумақ (акватория), мекендейтiн ортаның жай-күйi туралы ақпарат (су айдынының гидрологиялық, гидрохимиялық, гидробиологиялық сипаттамасы, тұрақты дамудағы айқындағыштардың жай-күйі және акваөсіру мақсаттары үшін пайдалану мүмкіндіктері);
      қазақ, орыс және латын тілдеріндегі атауы көрсетілген балық ресурстарының және басқа да су жануарларының жай-күйi туралы, орташа өнiмдiлiк пен табиғи өсімін молайтуға қабiлеттілік, шығу тегі және кәсіпшілік қор.
      Жануарлар дүниесінің объектілері үшін болжамды алу (оңтайлы жол берілетін аулау) көлемінің негіздемесі және оның жануарлар дүниесi объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ету (ықпал ету) болжамы, жануарлар таралымының тұрақты жай-күйі нормативтерінің болуы, кәсіптің шектеулері көрсетіледі.
      Биологиялық негiздеме диаграммалардан, кестелерден, карта-схемалардан тұрады.
      6. Биологиялық негiздеме жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы басқару және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органға ұсынылады.

3. Биологиялық негiздеменi оның мақсаттарына және жануарлар
дүниесiнiң санаттарына орай дайындау ерекшелiктерi

      7. Биологиялық негiздеменi жануарлар дүниесiнiң санатына орай дайындаған кезде осы Ереженiң 5-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа мынадай қосымша мәлiметтер келтiрiледi:
      1) «жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi» - саны, зерделену дәрежесi, таралуы жөнiндегi көп жылғы деректер;
      2) «аңшылық объектiлерi болып табылатын жануарлардың түрлерi» – аңшылық алқаптары туралы ақпарат (аңшылық шаруашылығының санаты, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың түрi, аңшылық алқаптардың резервтiк қоры), жануарлар дүниесі объектiсінiң шаруашылық мәнi, пайдалану түрi (кәсiпшiлiк, спорттық-әуесқойлық, коллекциялық және ғылыми мақсаттарда) және аңшылық алқаптардың сыйымдылығы (жемшөптiк, ұялық, қорғау факторлары);
      3) «балық аулау объектiлерi болып табылатын балық ресурстары және басқа да су жануарлары үшін» – балық шаруашылығының су айдындары және (немесе) учаскелерi туралы ақпарат (ерекше қорғалатын табиғи аумақтың түрi, балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерiнiң резервтiк қоры, жануарлар дүниесі объектiсінiң шаруашылық мәнi, пайдалану түрi (кәсiпшiлiк, спорттық-әуесқойлық, коллекциялық және ғылыми және өзге де мақсаттарда) және су айдындарының және (немесе) учаскелерiнiң балық өнiмдiлiгi;
      4) «аң аулау мен балық аулауды қоспағанда, жануарлардың басқа да шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын түрлерi» – жануарлар дүниесі объектiсінiң шаруашылық мәнi және популяцияның лимиттелу факторының болуы;
      5) «халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылық және басқа үй жануарларының ауруларынан сақтану, қоршаған ортаға зиянды болдырмау, ауыл шаруашылық қызметiне, балық шаруашылығына елеулi зиян келтiрiлу қаупiнің алдын алу мақсатында саны реттелуге жататын жануарлардың түрлерi» – жануарлар дүниесі объектiсінiң шаруашылық мәнi, зиян келтiрудiң ықтимал дәрежесi, келтiрiлген зиян.
      8. Аңшылық және балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарларды пайдалануға арналған биологиялық негiздеме дайындаған кезде жануарларды аулаудың жол берiлетiн шектi көлемiн айқындау үшiн популяцияның өсiмiн болжау әдiсi пайдаланылады. Кейiннен, әрбір шаруашылықта жануарларды аулаудың көлемiн кәсіпшілік қарсаңындағы есеп алу, олар мекендейтін айналы мониторингі, алудың оңтайлы көлемі, климаттық және әлеуметтiк фактор деректерiне арналған түзетумен өзгерту қажет.
      9. Арнайы пайдалану кезiнде жануарларды алудың жол берiлетiн шектi көлемiн есептеу жануарлар дүниесiн пайдаланушылар үшiн биологиялық сан алуандыққа ықтимал зиянды ескере отырып, алудың нормативтері, популяцияның динамикасы мен мекендеу ортасының өзгеру үрдiсiн зерделеудiң объективтi көп жылдық деректерi негiзiнде бөлек жүргiзiледi.
      10. Жануарларды акваөсіру, интродукциялау реинтродукциялау мен будандастыруға арналған биологиялық негіздемені дайындаған кезде келесі мәліметтер көрсетіледі:
      1) интродукция аумағында мекендейтiн басқа түрлермен ықтимал өзара қатынас, өткен және қазiргi таралу аймағының түрі туралы;
      2) интродукцияланатын түрлермен өзара әсердi болжау, су жануарлары үшін биотехникалық жұмыс жүргiзу жөнiндегі ұсыныстар; орналастыру материалдарын алған орын; даму сатысы; орналастырудың биологиялық және шаруашылық мақсаттылығы; экономикалық – кәсіпорын құрылысы мен оны күтіп-ұстау жөніндегі есеп; орналастыруға ұсынылған су организмдерінің билогиялық, экологиялық сипаттамалары; орналастыру жүргізу мерзімі, орналасатын объектінің шаруашылық, экономикалық, кәсіпшілік, азықтық және өзге де сипаттамалары, экожүйеге және оның құрамына кіретін құнды объектілерге ықтимал әсері;
      3) орналасу объектілерінің аурулары және олардың орналасатын су айдынының фаунасы мен флорасына және көрсетілген аудан тұрғындарына ықтимал қауіптілігі; жерсіндіру объектілерінің таза тобын іріктеп алу бойынша ұсыныстар;
      4) іс жоспарланған ауданда биоценозға әсер етудің бағасы, аумақтың табиғат қорғау мәртебесі.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.12.06 № 18-02/627 Бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      11. Шаруашылық және өзге қызметтiң жануарлар дүниесi объектiлерi мен олар мекендейтiн ортаға әсерiн айқындаған кезде мекендейтiн ортаның болжамды сипаты мен өзгеру дәрежесi, әсер ету мерзiмi, терiс әсердi азайту үшiн ұсынылып отырған өтемақы шаралары, әрқилы түрлер мен түрлердiң жүйелiк топтарына әсердi сараптамалық бағалау туралы мәлiметтер келтiрiледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады