Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдерінің кейбір мәселелері туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2010 жылғы 28 шілдедегі № 223 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 20 тамызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6404 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 24 ақпандағы № 86 Бұйрығымен.

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 2012.02.24 № 86 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңын, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Патент заңы» Заңын, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңын және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 29 маусымдағы «Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы» Заңын іске асыру мақсатында, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдерін аттестаттау, тіркеу және тіркеу жөнінде куәлік беру ережесі;
      2) Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдеріне қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
      2. Осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрағасының кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет министрінің орынбасарына жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап жиырма бір күнтізбелік күн ішінде қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің м.а.                          Д. Құсдәулетов

Қазақстан Республикасы 
Әділет министрінің м.а.
2010 жылғы 28 шілдедегі
№ 223 бұйрығына 1-қосымша

Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдерін аттестаттау, тіркеу және тіркеу жөнінде куәлік беру ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдерін аттестаттау, тіркеу және тіркеу жөнінде куәлік беру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Патент заңы» Заңына, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңына және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 29 маусымдағы «Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы» Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдерін аттестаттау, тіркеу және тіркеу жөнінде куәлік берудің тәртібін белгілейді.
      2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер қолданылады:
      1) Апелляциялық комиссия - Уәкілетті органның Апелляциялық комиссиясы;
      2) Аттестаттау комиссиясы - Уәкілетті органның Аттестаттау комиссиясы;
      3) бюллетень - зияткерлік меншікті қорғау мәселелері жөніндегі ресми мерзімдік басылым;
      4) үміткер - патенттік сенімді өкіл қызметімен айналысуға үміттену құқығы бар тұлға;
      5) Біліктілік талаптар - Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдеріне қойылатын біліктілік талаптар;
      6) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті;
      7) патенттік сенімді өкіл - жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымы алдындағы өкілдігіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық берілген Қазақстан Республикасының азаматы;
      8) Тізілім - Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдерінің тізілімі.
      9) Сараптама жасау ұйымы - мемлекеттік монополияға жатқызылған салаларда (өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғау саласында қызмет көрсету) қызметін жүзеге асыратын, уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйым.

2. Аттестаттаудан өту үшін құжаттарды қабылдау тәртібі

      3. Үміткер Аттестаттау комиссиясына оны аттестаттауға жіберу туралы еркін нысанда өтінішін жібереді.
      4. Өтініш мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жіберіледі.
      5. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) фотосуреті бар кадр есебі жөніндегі жеке іс парақ;
      2) жоғары білімі туралы дипломының нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      3) үміткердің зияткерлік меншік құқығы саласында еңбек өтілін дәлелдейтін құжат немесе оның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      4) жеке куәліктің көшірмесі;
      5) патенттік сенімді өкілдерді аттестаттағаны үшін мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат;
      6) кандидаттың қалауы бойынша, оның біліктілігін сипаттайтын басқа да құжаттар.
      6. Осы Ережеде көзделген құжаттар ұсынылмаған немесе тиісті түрде ресімделмеген жағдайда, Аттестаттау комиссиясы үміткерге жетіспейтін мәліметтерді немесе құжаттарды екі ай мерзімінде ұсыну қажеттілігі туралы хат жолдайды.
      7. Үміткер белгіленген мерзімде жетіспеген мәліметтер мен құжаттарды жібермеген жағдайда, өтініш қоса берілген барлық құжаттармен бірге үміткерге қайтарылады.

3. Патенттік сенімді өкілдерді аттестаттау және тіркеу процедурасы

      8. Патенттік сенімді өкілді аттестаттау және тіркеу рәсімі өзіне:
      1) Біліктілік талаптарда көзделген патенттік сенімді өкілге қойылатын талаптардың сәйкестігін тексеруді;
      2) аттестаттауды;
      3) сенімді өкіл куәлігін беруді;
      4) Тізілімге енгізуді және Тізілімнен алынған мәліметтерді жариялауды қамтиды.
      9. Аттестаттау комиссиясы патенттік сенімді өкілге қойылатын Біліктілік талаптарына сәйкестікті тексеруді патенттік сенімді өкілдікке үміткердің өтініші, өтініште көрсетілген мәліметтерді растайтын түпнұсқалы құжаттары немесе олардың нотариалды куәландырылған көшірмелері негізінде жүргізеді.

4. Аттестаттауды өткізу тәртібі

      10. Аттестаттау комиссиясы аттестациялық істің материалдарын қараудың қорытындысы бойынша, аттестаттауға жіберу немесе жіберуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Аттестаттауға жіберуден бас тарту туралы шешім үміткердің қойылатын біліктілік талаптарына сай келмейтіндігі анықталғанда қабылданады.
      11. Патенттік сенімді өкілдің қызметімен айналысу құқығына өтініш берген үміткерді аттестаттауға жіберуден бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда, ол он күнтізбелік күн ішінде жазбаша хабарланады.
      12. Аттестаттауға жіберілген үміткерге жіберілгені туралы жазбаша хабарлама жіберіледі.
      13. Үміткерге аттестаттаудың өтетін орны, күні және уақыты туралы оны өткізуге дейін кемінде он күнтізбелік күн бұрын хабарланады.
      14. Үміткер емтихан тапсырарда жеке куәлігін ұсынады.
      15. Емтихан ауызша түрде жүргізіледі. Емтихан билеттеріне зияткерлік меншік объектілері бойынша теориялық сұрақтар және бір-бір практикалық тапсырма енеді.
      16. Аттестаттау комиссиясы емтихан қорытындысы бойынша үміткерді аттестаттау немесе аттестаттаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      17. Аттестаттау комиссиясының шешімі екі дана етіп жасалады, оның біреуі аттестаттау ісінде қалады, екіншісі үміткерге беріледі.
      18. Аттестаттаудан өтпеген үміткер, Аттестаттау комиссиясына кемінде алты айдан кейін аттестаттауға жіберу туралы қайта өтініш беруіне болады.
      19. Аттестаттауға келмеген үміткер Аттестаттау комиссиясының келесі отырысына шақырылады.
      20. Үміткер аттестаттауға екінші рет келмеген жағдайда, оның өтініші қаралмай қалады және өтініш қоса берілген құжаттармен үміткерге қайтарылады.
      21. Аттестаттау комиссиясының аттестаттауға жіберуден бас тарту, аттестаттаудан бас тарту және өтінішті қараусыз қалдыру туралы шешімдеріне шешімді алған күннен бастап үміткер бір ай мерзімінде Апелляциялық комиссияға немесе сотқа шағым жасауына болады.

5. Патенттік сенімді өкілді тіркеу жөніндегі куәлікті беру тәртібі

      22. Осы Ережеге қосымшада көрсетілген нысандағы Патенттік сенімді өкілді тіркеу жөніндегі куәлік (бұдан әрі - куәлік) куәлікті беру үшін мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат ұсынылған кезде беріледі.
      23. Куәлік мемлекеттік және орыс тілдерінде толтырылады.
      24. Куәлік патенттік сенімді өкілдің өзіне беріледі немесе тапсырыс бойынша поштамен жіберіледі.

6. Патенттік сенімді өкілдер мәліметтерін Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдерінің тізіліміне енгізу және одан алып тастау

      25. Тізілімге куәлік алған патенттік сенімді өкілдер мәліметтері мен олардың алдағы уақыттағы өзгерістері енгізіледі. Тізілім уәкілетті органмен жүргізіледі және Интернет-ресурста орналастырылады.
      26. Тізілімде келесі мәліметтер көрініс табады:
      1) куәлік нөмірі болып табылатын реттік тіркеу нөмірі;
      2) патенттік сенімді өкілді тіркеу күні;
      3) патенттік сенімді өкілдің тегі, аты, әкесінің аты;
      4) тұрақты тұрғылықты жерінің атауы;
      5) Аттестаттау комиссиясы шешімінің нөмірі және күні;
      6) хат алмасу үшін мекен-жайы, сондай-ақ бар болған жағдайда телефон, телетайп, телефакс нөмірлері, хат жазысу тілдері;
      7) куәлікті беру немесе жіберу туралы мәліметтер;
      8) Тізілімнен алып тастау жөніндегі мәліметтер.
      27. Патенттік сенімді өкілдер Тізілімге енгізілген мәліметтердің барлық өзгерістері туралы бір ай мерзімінде Уәкілетті органға хабарлайды.
      28. Патенттік сенімді өкіл Аттестаттау комиссиясының шешімімен:
      1) өзінің Аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасы аумағынан тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;
      3) патенттік сенімді өкіл өз міндеттерін алақол орындаған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын өрескел бұзған жағдайда;
      4) патенттік сенімді өкіл қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп танылған жағдайда;
      5) патенттік сенімді өкілдің әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылған жағдайда Тізілімнен алынып тасталады.
      29. Тізілімнен алынып тасталған патенттік сенімді өкіл куәлігі жарамсыз деп танылады және қайтарып алуға жатады.
      30. Ереженің 28-тармағы 1) және 2) тармақшаларының негіздері бойынша Тізілімнен алынып тасталған патенттік сенімді өкіл Тізілімнен алып тасталған уақыттан бастап үш жыл ішінде Аттестаттау комиссиясына шығару және өтініш беру үшін негіздер тоқтатылу шартымен, біліктілік емтиханды қайта тапсырмай-ақ патенттік сенімді өкіл ретінде қайта тіркелуі мүмкін.
      31. Патенттік сенімді өкіл қызметі Тізілімде тіркеуі және куәлік бар болған жағдайда жүзеге асырылады.

7. Патенттік сенімді өкілді тіркеу және тіркеуді жарамсыз деп тану туралы мәліметтерді жариялау

      32. Патенттік сенімді өкілді тіркеу туралы мәліметтерді жариялау Тізілімде тіркелгеннен кейін жүргізіледі.
      33. Патенттік сенімді өкіл ретінде тіркеу туралы мәліметтерді жариялау кезінде, Уәкілетті орган бюллетенде мемлекеттік және орыс тілдерінде мынадай мәліметтерді жариялайды:
      1) тегі, аты, әкесінің аты;
      2) куәлік нөмірі мен оны беру күні;
      3) хат алмасу үшін мекен-жайы, сондай-ақ бар болған жағдайда телефон, телетайп, телефакс нөмірлері, хат жазысу тілдері;
      34. Уәкілетті орган бюллетенде патенттік сенімді өкіл мәліметтерінің өзгеруі және патенттік сенімді өкілді Тізілімнен алып тастау туралы ақпаратты мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялайды.

Қазақстан Республикасының 
патенттік сенімді өкілдерін
аттестаттау, тіркеу және  
тіркеу жөнінде куәлік беру
ережесіне қосымша         

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ
ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ КОМИТЕТІ №_______КУӘЛІК

Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілі ретінде тіркелген (Т.А.Ә.)__________________________________________________ берілді.

Қазақстан Республикасының Патенттік сенімді өкілдер тізіліміндегі
нөмірі __________

Қазақстан Республикасының Патенттік сенімді өкілдер тізіліміне жазулардың енгізілген күні
«__»_____________20___ж.

Куәліктің күші шексіз.

Қазақстан Республикасы
Әділет министрлігі
Зияткерлік меншік құқығы
комитетінің төрағасы м.о.

КОМИТЕТ ПО ПРАВАМ ИНТЕЛЛЕКТУАЛЬНОЙ
СОБСТВЕННОСТИ МИНИСТЕРСТВА ЮСТИЦИИ
РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН СВИДЕТЕЛЬСТВО
№____________

Выдано (Ф.И.О.) ________________________________________________
зарегистрированному (ой) в качестве патентного поверенного Республики Казахстан.

Номер в Реестре патентных поверенных Республики Казахстан ______

Дата внесения сведений в Реестр патентных поверенных Республики Казахстан
«___»_____________20____г.

Действие свидетельства бессрочно.

Председатель
Комитета по правам
интеллектуальной собственности
Министерства юстиции
Республики Казахстан               м.п.              ______________

Қазақстан Республикасы 
Әділет министрінің м.а.
2010 жылғы 28 шілдедегі
№ 223 бұйрығына 2-қосымша

Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдеріне қойылатын біліктілік талаптар

      1. Осы Біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Патент заңы» Заңына және Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңына және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 29 маусымдағы «Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы» Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында патенттік сенімді өкілдеріне қойылатын біліктілік талаптарын айқындайды.
      2. Патенттік сенімді өкілдерге қойылатын біліктілік талаптары келесілердің:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтығының;
      2) жоғары білімнің;
      3) зияткерлік меншік құқығы саласында екі жылдан кем емес жұмыс тәжірибесінің бар болуын қажет етеді.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2011.03.30 № 194 (ресми жарияланған күнінен бастап жиырма бір күнтізбелік күн ішінде қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Қазақстан Республикасы 
Әділет министрінің м.а.
2010 жылғы 28 шілдедегі
№ 223 бұйрығына 3-қосымша

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті төрағасының күшін жоюға жататын бұйрықтарының тізбесі

      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті төрайымының 2002 жылғы 4 қарашадағы № 187 «Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдеріне қойылатын біліктілік талаптарды бекіту туралы» бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2039 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер Бюллетенінде жарияланған, 2003 ж., № 2, 763-құжат);
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті төрайымының 2002 жылғы 4 қарашадағы № 188 «Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдерді аттестаттау және тіркеу ережесін бекіту туралы» бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2040 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер Бюллетенінде жарияланған, 2003 ж., № 2, 762-құжат);
      3) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі Комитеті Төрайымының 2004 жылғы 12 ақпандағы № 7-п «Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдерді тіркеу және аттестаттау ережесін бекіту туралы» № 2040 тіркелген «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті төрайымының 2002 жылғы 4 қарашадағы № 188 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы» бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2707 болып тіркелген);
      4) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті Төрайымының 2005 жылғы 30 желтоқсандағы № 69-н.қ. «Қазақстан Республикасының патенттік сенім білдірілген өкілдерін аттестаттау және тіркеу ережесін бекіту туралы» № 2040 тіркелген «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті Төрайымының 2002 жылғы 4 қарашадағы № 188 бұйрығына толықтыру мен өзгеріс енгізу туралы» бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4024 болып тіркелген, 2006 жылғы 1 ақпандағы № 16 (822) «Заң газетінде» жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады