"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 02.08.2024 № 817 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған Ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша мемлекеттік авиацияның қызметіне мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясы ұшуларының қауіпсіздігін қадағалау бас басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясы басқару органдарының басшыларына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник |
С. Жасұзақов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік
комитетінің Төрағасы
___________К. Мәсімов
2017 жылғы " __ " _______
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
полиция генерал-полковнигі
_______________Қ. Қасымов
2017 жылғы " ___ " ________
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 424 бұйрығымен бекітілген |
Ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша мемлекеттік авиацияның қызметіне мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша мемлекеттік авиацияның қызметіне мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша мемлекеттік авиацияның қызметіне мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу тәртібін айқындайды және:
1) мемлекеттік авиацияның басқару органдарына;
2) пайдалануында мемлекеттік әуе кемелері бар мемлекеттік мекемелерге;
3) қызметі мемлекеттік әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз етумен және орындаумен сабақтас бөлімшелерге қолданылады.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша мемлекеттік авиацияның қызметін бақылау және қадағалау органы (бұдан әрі – ұшу қауіпсіздігі органы) – ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша мемлекеттік авиацияның қызметіне бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшесі;
2) тексерілетін субъектілер – осы Қағидалардың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалар, сондай-ақ қызметі ұшу қауіпсіздігі органының тексеруіне жататын авиация персоналы.
3. Мемлекеттік авиацияның басқару органдарына:
1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бас қолбасшылығы;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Авиация қызметі жатады.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 22.04.2021 № 249 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.4. Пайдалануында мемлекеттік әуе кемелері бар мекемелердің және қызметі мемлекеттік әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз етумен және орындаумен сабақтасатын, бірақ бұл ретте мемлекеттік авиация басқару органдарының бағынысында болмайтын бөлімшелердің қызметін бақылау және қадағалау тікелей және осы мекемелер мен бөлімшелер бағынысында болатын басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.
5. Ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша мемлекеттік авиацияның қызметін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды ұшу қауіпсіздігі органы тексеру нысанында және/немесе байқау нысанында жүзеге асырады.
2-тарау. Ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша мемлекеттік авиацияның қызметіне мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу
1-параграф. Тексеру жүргізу
6. Тексерілетін субъектіні тексеру – бұл бақылау және қадағалау нысаны, оны мынадай іс-қимылдардың бірін жасау арқылы бақылау және қадағалау органдары жүргізеді:
1) ұшу қауіпсіздігі органы лауазымды адамының тексерілетін субъектіге баруы;
2) байқау жүргізу кезінде ақпаратты талап етуді қоспағанда, тексеру мәніне қатысты қажетті ақпаратқа сұрау салу;
3) тексерілетін субъектінің "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарды сақтағаны туралы ақпаратты алу мақсатында оларды шақырту болып табылады.
Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қорғаныс министрінің 02.08.2024 № 817 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.7. Субъектіні тексеру ұшу қауіпсіздігі органының басшысы қол қойған нұсқама (бұдан әрі – Нұсқама) негізінде жүргізіледі.
8. Тексерілетін субъектілерді тексеру жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді.
Жоспарлы тексеру жыл сайынғы тексерулер жүргізу жоспары негізінде тексерілетін субъектіге қатысты тағайындалатын тексеру болып табылады.
Жоспардан тыс тексеру – адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүддесіне тікелей төнген қатерді жою мақсатында тексерілетін субъектіге қатысты ұшу қауіпсіздігі органы тағайындайтын тексеру.
9. Жыл сайынғы тексерулер жүргізу жоспарын ұшу қауіпсіздігі органы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүддесіне төнген қатерден сақтандыру мақсатында әзірлейді.
10. Жыл сайынғы тексерулер жүргізу жоспарын жоспарлы тексерулер жүргізу жылының алдындағы жылдың 1 қарашасына дейінгі мерзімде ұшу қауіпсіздігі органының басшысы бекітеді және осы Қағидаларда көрсетілген мекемелер мен бөлімшелерге таратылады.
11. Жыл сайынғы тексерулер жүргізу жоспарларына ұшу қауіпсіздігі органы басшысының шешімі бойынша тек тексеру мерзімдерін өзгерту жөнінде ғана өзгерістер енгізуге рұқсат етіледі. Бұл ретте басқару органының басшысы тексеру жүргізу мерзімдерін өзгерту қажеттігі туралы ұшу қауіпсіздігі органының басшысына тексеру жоспарланған күнге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей хабарлайды.
12. Тексерілетін субъектілерді жоспарлы тексерулер ұшу қауіпсіздігі органы айқындайтын кезеңділікпен, бірақ жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
13. Жоспарлы тексеру жүргізу туралы ұшу қауіпсіздігі органы тексеру басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын тексерілетін субъектіге тексеру жүргізу мерзімдері мен мәнін көрсете отырып, жазбаша түрде хабарлайды.
14. Жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіздемелер:
1) жеке және заңды тұлғалардан адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүддесіне елеулі зиян келтірілгені туралы не қатер төнгені туралы ақпарат және өтініштер алу;
2) авиациялық инциденттер туралы ақпарат алу.
15. Ұшу қауіпсіздігі органы жоспарлы тексеру жүргізу туралы тексерудің өзі басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын тексеру жүргізу мәнін көрсете отырып, тексерілетін субъектіге хабарлайды.
16. Тексерулер бір уақытта бір тексерілетін субъектіге қатысты да, бірнеше тексерілетін субъектіге қатысты да жүргізіледі.
17. Жоспарлы тексерулер кешенді және тақырыптық болып бөлінеді.
Кешенді тексеру мемлекеттік авиация саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға қатысты мәселелер кешені бойынша тексерілетін субъектінің қызметін тексеру болып табылады.
Тақырыптық тексеру мемлекеттік авиация саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға қатысты жекелеген мәселелер бойынша тексерілетін субъектінің қызметін тексеру болып табылады.
18. Осы Қағидаларда белгіленбеген ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзге де тексеру түрлерін жүргізуге жол берілмейді.
19. Жоспарлы (кешенді де, тақырыптық та) тексерулердің көлемі ұшу қауіпсіздігі органының басшысы бекіткен тексеру жоспарымен айқындалады.
20. Тексерушілер орналасуы мүмкін көп орынды әуе кемесінің экипаж мүшелерін тексеруді ұшуда әуе кемесінің бортында ұшу қауіпсіздігі органының ұшқыш және инженерлік-техникалық құрамы орындайды. Тексерушілерді әуе кемесінің бортына орналастыру мүмкін болмаған жағдайда тексеру объективті бақылау құралдарының материалдары негізінде жаттықтыру ұшуының нәтижелері бойынша жүргізіледі.
21. Тексеру жүргізу мерзімін ұшу қауіпсіздігі органының басшысы алдағы жұмыс көлемін, сондай-ақ қойылған міндеттерді ескере отырып белгілейді және ол отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.
22. Тексерудің елеулі ауқымына байланысты оны жүргізу мерзімін ұшу қауіпсіздігі органының басшысы (не оның орнындағы адам) бір рет отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
23. Тексеру мерзімдерін ұзартқан жағдайда ұшу қауіпсіздігі органы тексеруді ұзарту туралы актіні ресімдейді, онда тексеруге нұсқаманың нөмірі мен ресімдеу күні және ұзарту себебі көрсетіледі.
Тексеруді ұзарту туралы акті екі данада ресімделеді және оған тексеруді жүзеге асыратын ұшу қауіпсіздігі органының лауазымды адамы және тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы қол қояды.
Актінің бір данасы ұшу қауіпсіздігі органында сақталады, екінші данасы тексерілетін субъектінің уәкілетті адамына беріледі.
24. Тексеру:
1) осы тексерілетін субъекті қарамағында болатын мемлекеттік органның жоспарына сәйкес жүргізілетін іс-шараларға тексерілетін субъекті тартылған;
2) ұшу қауіпсіздігі органы олардың нәтижелерін алғанға дейін арнайы зерттеулер, сынақтар жүргізген;
3) бақылау және қадағалау органы мәліметтер мен құжаттарды алғанға дейін отыз жұмыс күнінен артық мерзімге жүргізілетін тексеру шеңберінде шет мемлекеттерден елеулі мәні бар мәліметтер мен құжаттарды алу қажет болған жағдайларда тоқтатыла тұрады.
Тексерілетін субъектіні тексеруді тоқтата тұру не жандандыру туралы хабардар ету тексеруді тоқтата тұруға не жандандыруға дейін үш күн бұрын жүргізіледі.
25. Тексеруді тоқтата тұру немесе жандандыру кезінде тексеруді тоқтата тұру не жандандыру туралы акті жасалады, онда тексеруге нұсқаманың нөмірі мен ресімдеу күні және тоқтата тұру себебі көрсетіледі.
26. Тексеруді тоқтата тұру (жандандыру) туралы акті екі данада ресімделеді және оған тексеруді жүзеге асыратын ұшу қауіпсіздігі органының лауазымды адамы және тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы қол қояды.
Актінің бір данасы тексерілетін субъектінің органында сақталады.
27. Тоқтата тұрылған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу оны жандандырған күннен бастап жалғастырылады.
28. Тексеру тоқтатыла тұрған және осы Қағидалардың 24-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген іс-шаралар аяқталған күннен және осы Қағидалардың 24-тармағының 2) мен 3) тармақшаларында көрсетілген нәтижелерді, мәліметтер мен құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жандандырылмаған тексерілетін субъектіге қайта тексеру жүргізуге жол берілмейді.
29. Объектіге тексеру жүргізу үшін келген ұшу қауіпсіздігі органының лауазымды адамдары:
1) тексеруді тағайындау туралы нұсқаманы;
2) жеке куәлікті көрсетеді.
Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қорғаныс министрінің 16.07.2020 № 327 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.30. Тексеру жүргізу кезінде ұшу қауіпсіздігі органының лауазымды адамдарына:
1) егер осындай талаптар бақылау және қадағалау органының құзыретіне жатпаса, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген талаптардың орындалуын тексеруге;
2) егер олар тексеру объектілері болып табылмаса немесе тексеру мәніне жатпаса, құжаттарды, ақпаратты және материалдарды ұсынуды талап етуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген жағдайларды қоспағанда, тексеру жүргізу нәтижесінде алынған және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты жария етуге және/немесе таратуға;
4) осы Қағидалардың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, оған қатысты сол бір мәселе бойынша сол бір кезең ішінде бұрын тексеру жүргізілген тексерілетін субъектіге тексеру жүргізуге жол берілмейді.
31. Тексерілетін субъектінің лауазымды адамдары тексеру жүргізу кезінде:
1) тексеру міндеттері мен мәніне сәйкес ұшу қауіпсіздігі органының лауазымды адамдары осы Қағидалардың 29-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде тексерілетін субъектінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін;
2) ұшу қауіпсіздігі органының лауазымды адамдарына мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тігу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін ұсынуды;
3) тексеру міндеттеріне және мәніне сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қол жетімділікті;
4) егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше көзделмесе, тексеруді жүзеге асыру кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуді;
5) осы объекті үшін белгіленген нормативтерге сәйкес объектіге зиянды және қауіпті өндірістік ықпал ету факторларына тексеру жүргізу үшін келген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
32. Тексеруді жүргізудің басталуы тексерілетін субъектіге тексеру нұсқамасын тапсырған күн болып саналады.
33. Ұшу қауіпсіздігі органының лауазымды адамында тексеруге нұсқама болған кезде тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы тексеру мәніне жататын барлық қажетті объектілерді, материалдар мен мәліметтерді тексеруге ұсынады.
34. Қажетті объектілерді, материалдар мен мәліметтерді тексеруге ұсыну (толық көлемде немесе ішінара) мүмкін болмаған жағдайда ұсынбау себептерін көрсете отырып, еркін нысанда акт жасалады.
Акт екі данада ресімделеді және оған тексеруді жүзеге асыратын ұшу қауіпсіздігі органының лауазымды адамы және тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы қол қояды.
Актінің бірінші данасы ұшу қауіпсіздігі органында сақталады, екінші данасы тексерілетін субъектінің уәкілетті адамына беріледі.
35. Тексеруді тексеруге нұсқамада көрсетілген лауазымды адамдар жүргізеді.
36. Тексеру жүргізетін лауазымды адамдардың құрамына өзгерістер ұшу қауіпсіздігі органы басшысының шешімімен енгізіледі.
37. Тексеру қорытындылары бойынша ұшу қауіпсіздігі органының лауазымды адамдары осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тексеру нәтижелері туралы акті жасайды.
38. Тексеру нәтижелері туралы акті үш данада жасалады және оған тексеруді жүзеге асыратын ұшу қауіпсіздігі органының лауазымды адамдары қол қояды.
Барлық қосымшалары бар тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасы тексеруді жүргізген ұшу қауіпсіздігі органында сақталады.
Тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасы анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау және басқа да іс-қимылдар үшін тексерілетін субъектіге немесе оның өкіліне жолданады.
Тексеру нәтижелері туралы актінің үшінші данасы бағынысында тексерілетін субъекті бар басқару органының басшысына жолданады.
Қажет болған кезде бағынысында тексерілетін субъекті бар басқа да мүдделі органдарға жолдау үшін тексеру нәтижелері туралы актінің қосымша даналары жасалады.
39. Тексеру нәтижелері туралы актіге олар бар болған кезде жекелеген мәселелер бойынша тексеру нәтижелері туралы актілер (анықтама-баяндамалар), жүргізілген зерттеулер (сынақтар) және сараптамалар хаттамалары (қорытындылары) және басқа да құжаттар немесе тексеру нәтижелеріне байланысты олардың көшірмелері қоса беріледі.
40. Тексеру нәтижелері мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның басшысына баяндалады.
41. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және/немесе қарсылықтар бар болған жағдайда тексерілетін субъектінің басшысы не өкілдері оларды жазбаша түрде жазады.
42. Ескертулер және/немесе қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы актіде тиісті жазба жасалады.
43. Тексеру қорытындылары бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда ұшу қауіпсіздігі органы тексерілетін субъектіге анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқама береді.
44. Анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқамада ұшу қауіпсіздігі органының анықталған кемшіліктерді, бұзушылықтарды және олқылықтарды жою жөніндегі ұсынымдары көрсетіледі.
45. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар (кемшіліктер, олқылықтар) және нұсқамада көрсетілген ұсынымдар бойынша тексерілетін субъект он жұмыс күні ішінде ұшу қауіпсіздігі органына мерзімін көрсетіп, тексеру жүргізген ұшу қауіпсіздігі органының басшысымен келісілетін анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданатын шаралар туралы ақпаратты ұсынады.
Ескерту. 45-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 02.08.2024 № 817 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.46. Тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзулар болмаған жағдайда тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.
47. Тексерудің аяқталуы тексерілетін субъектіге осы Қағидаларға 2-қосымша бойынша тексеру нәтижелері туралы актіні тексеруге нұсқамада көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірмей тапсырған күн болып саналады.
48. Егер ұшу қауіпсіздігі органы жүргізген тексеру осы Қағидаларда белгіленген тексерулерді ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптар бұзыла отырып жүзеге асырылған болса, мемлекеттік авиация саласындағы тексеру уәкілетті органмен жарамсыз болып танылады.
49. Осы Қағидалардың талаптарын бұзуларға:
1) тексеру жүргізуге негіздемелердің болмауы;
2) тексеруге нұсқаманың болмауы;
3) осы Қағидалардың 31-тармағының талаптарын бұзу;
4) бақылау және қадағалау органының олардың құзыретіне жатпайтын мәселелер бойынша тексерулерді тағайындауы жатады.
50. Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның тексерудің жарамсыз болуына байланысты тексерілетін субъектінің тексеру нәтижелері туралы актіні жою туралы баянатын қарауы баянат берілген сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
51. Тексеруді жарамсыз деп тану мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның немесе соттың осы тексеру нәтижелері туралы актіні жоюы үшін негіздеме болып табылады.
2-параграф. Байқауды жүргізу тәртібі
52. Тексерілетін субъектілердің ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша қызметін байқау (бұдан әрі – байқау) ұшу қауіпсіздігі органының тексерілетін субъектілерге бармай, оларды жүргізуді көздейтін бақылау және қадағалау нысаны болып табылады.
Байқау:
1) авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру нәтижелері бойынша;
2) мемлекеттік авиацияны пайдалану саласындағы тексерілетін субъектілердің қызметіне байланысты және бақылау және қадағалау органына тексерілетін субъектінің өкілдері ұсынған ақпарат, құжаттар мен материалдар негізінде пысықталған ұсынымдардың орындалуымен жүзеге асырылады.
53. Осы Қағидалардың 52-тармағында көрсетілген ақпарат, құжаттар мен материалдар тізбесі мен көлемін, сондай-ақ оларды ұсыну кезеңділігін ұшу қауіпсіздігі органы айқындайды.
54. Байқау оларды жүргізу жиілігіне байланысты жүйелі, эпизодтық және дара болып бөлінеді.
Жүйелі байқау – байқауға жатқызылатын үдерістер қарқынын анықтау үшін регламенттелген кестені пайдалана отырып байқау.
Эпизодтық байқау – оны орындаудың регламенттелген кестесінсіз байқау. Бұл ретте қайта зерттеу байқаудың нақтыланған рәсімін пайдаланады.
Дара байқау – қойылған мақсаттарға сәйкес бір рет жүргізілетін байқау.
55. Байқау жүргізу кезінде тексерілетін субъектіні алдын ала хабардар ету талап етілмейді.
56. Байқау нәтижелері бойынша тексерілетін субъектілердің қызметіне талдау жүргізіледі және қорытынды құжаттар (анықтама, қорытынды және басқалары) жасалады.
57. Байқау барысында қандай да бір бұзушылықтар анықталған жағдайда ұшу қауіпсіздігі органы тексерілетін субъектіге анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқама жолдайды.