Т. Рысқұлов ауданында жиналыстар, митингілер, демонстрациялар, шерулер мен пикеттерді өткізуге арналған арнайы орындарды белгілеу және оларды пайдалану тәртібі туралы

Жаңартылған

Жамбыл облысы Т. Рысқұлов аудандық мәслихатының 2020 жылғы 26 маусымдағы № 56-5 шешімі. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 30 маусымда № 4655 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабына, "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы Заңының 8 бабына сәйкес, Т.Рысқұлов аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімінің № 1, 2, 3 қосымшаларына сәйкес Т.Рысқұлов ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізуге арналған арнайы орындар, арнайы орындарды пайдалану тәртібі, олардың шекті толу нормалары, сондай-ақ материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар айқындалсын.

      2. Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының 2016 жылғы 22 ақпандағы №42-6 "Т.Рысқұлов ауданы бойынша жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы" (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде 2016 жылғы 14 наурыздағы № 2977 тiркелген, 2016 жылдың 28 наурызында "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) шешiмiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуына бақылау және интернет ресурстарында жариялауды аудандық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет және жергілікті өзін –өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Тұрар Рысқұлов аудандық
      мәслихаттың сессия төрағасы С. Далибаев
      Тұрар Рысқұлов аудандық
      мәслихат хатшысы Т. Джаманбаев

  №1 қосымша

Т.Рысқұлов ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізуге арналған арнайы орындар, арнайы орындарды пайдалану тәртібі, олардың шекті толу нормалары, сондай-ақ, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар

      1. Жиналыстар мен митингілерді ұйымдастыру және өткізу үшін келесі арнайы орыны айқындалсын:

      1) Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы, Жібек жолы көшесі, "Дендро" саябағының алдындағы алаң.

      2. Т.Рысқұлов ауданында шерулер мен демонстрациялар өткізу келесі маршруты болып белгіленсін:

      1) Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы, О.Болысов көшесі №1 үйден бастап Жібек жолы көшесіне дейін.

      3. Т.Рысқұлов ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі:

      1) Т.Рысқұлов ауданының әкімдігі бейбіт жиналысты ұйымдастыру және өткізу кезінде бейбіт жиналысты ұйымдастыру және өткізуге жұмылдырылған ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін тұрақты түрде жұмыс істейтін жедел штаб құрады. Жедел штабтың құрамына жергілікті полиция қызметі, азаматтық қорғау органдары өкілдері, бейбіт жиналысты ұйымдастырушы (бұдан әрі - ұйымдастырушы) кіреді. Жедел штабты аудан әкімдігінің уәкілетті өкілі басқарады;

      2) ұйымдастырушы бейбіт жиналысты ұйымдастыру және өткізу тәртібін регламенттейтін қатысушылардың жүріс-тұрыс қағидаларын азаматтар үшін жалпыға қолжетімді жерге орналастырады, қоғамдық тәртіпті сақтауды, қатысушылардың қауіпсіздігін, өрт және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін, жазатайым оқиғалар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін шараларды және төтенше жағдайлар туындаған кезде эвакуациялау тәртібін көздейді;

      3) ұйымдастырушы жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, жедел штабты басқару пунктінің, жергілікті полиция қызметінің және жедел жәрдемнің қызметтік автокөлігі, сондай-ақ, резерві тұрағының орналасатын жерін айқындайды;

      4) жергілікті полиция қызметі бейбіт жиналыс басталуынан екі тәулік бұрын қоғамдық тәртіпті сақтауды, жол және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған күш пен құралдарды орналастыру жоспарын бекітеді;

      5) Т.Рысқұлов ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылар Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңындағы көзделген міндеттер мен тыйымдарды қатаң сақтауға міндетті.

      3. Т.Рысқұлов ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың шекті толу нормалары:

      а / в = с;

      а – бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың аумағы (шаршы метр);

      в – бейбіт жиналыстарға қатысатын әрбір азаматқа қарастырылған шекті норма (1,5 шаршы метр);

      с - бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың шекті толу нормасы (бейбіт жиналысқа қатысатын адамдардың шекті саны).

      4. Т.Рысқұлов ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды жергілікті полиция әрбір бейбіт жиналысты өткізу кезінде бекітетін қоғамдық тәртіп сақтауды, жол және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған күш пен құралдарды орналастыру жоспарына сәйкес анықталады.

  №2 қосымша

Бейбіт жиналыстарды, шеррулерді және демонстрацияларды өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету


п/п

Арнайы орынның атауы

Материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі

Шекті толу нормалары

1.

Құлан ауылы "Дендро" саябағының алдындағы алаң

Жер учаскесінің көлемі
–250 шаршы метр;
- жасанды жарықтандыру;
- электрэнергиясын қосу нүктесі;
- бейне бақылау камералары және бейне жазбалар орнатылған

150 адам

2.

Құлан ауылы, О.Болысов көшесі №1 үйден бастап, Жібек жолы көшесіне дейін

Маршруттың ұзындығы 0,300 километр немесе 300 метр;
- маршрут бойында көшелер жарықтандырылған;
- бейне бақылау камералары және бейне жазбалар орнатылған

150 адам

  №3 қосымша

Пикеттеуді өткізу тәртібі

      Ескерту. 3-қосымшаға өзгерістер енгізілді - Жамбыл облысы Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының 26.03.2024 № 18-6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Пикеттеу – қоғамдық маңызы бар мәселелер және (немесе) адамдардың және (немесе) органдардың, ұйымдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша пікірін жария білдіру мақсатында Қазақстан Республикасының бір азаматының белгілі бір жерде, белгілі бір уақытта болуы.

      Пикеттеуді:

      1) жаппай жерлеу орындарында;

      2) теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;

      3) мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;

      4) қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;

      5) магистральдық темір жол желілерінде, магистральдық құбыр жолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда өткізуге тыйым салынады.

      Пикеттеу барысында:

      1) оны тек бір азамат тұрақты түрде, яғни қозғалыссыз жүргізуіне;

      2) плакаттарды, транспаранттар мен өзге де көрнекі үгіт құралдарын пайдалануға;

      3) бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда, бір жерде, бір уақытта бір объектіде бір күнде екі сағаттан асырмай жүргізілуіне жол беріледі.

      Пикеттеу барысында:

      1) бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда, бір жерде, бір уақытта бір объектіде екі және одан көп пикеттерді өткізуге;

      2) дыбыс күшейткіш құралдарды пайдалануға;

      3) пикеттеуге тыйым салынған іргелес нысан аумағынан 800 метр қашықтықта пикеттеу жүргізуге жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады