Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қалыптастыру, пайдалану және оларды есептен шығару қағидалары мен нормативін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 5 қазандағы № 290 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 11 қазанда № 24696 болып тіркелді.

      "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 26) тармақшасына және 28-бабы 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қалыптастыру, пайдалану және оларды есептен шығару қағидалары мен нормативі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық, фитосанитариялық және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
Е. Карашукеев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
2021 жылғы 5 қазандағы
№ 290 бұйрығымен
бекітілген

Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қалыптастыру, пайдалану және оларды есептен шығару қағидалары мен нормативі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қалыптастыру, пайдалану және оларды есептен шығару қағидалары мен нормативі (бұдан әрі – Қағидалар) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы 26) тармақшасына және 28-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленді және ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қалыптастыру, пайдалану және оларды есептен шығару тәртібі мен нормативін айқындайды.

      2. Ветеринариялық препараттардың республикалық қоры эпизоотия ошақтарын жою және "Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы № 7-1/559 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9891 болып тіркелген) бекітілген Профилактикасы, диагностикасы мен жойылуы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауiптi ауруларының тiзбесiне (бұдан әрі – Тізбе) енгізілген жануарлардың аса қауіпті ауруларының таралу қаупінің алдын алу кезінде пайдаланылатын, үнемі жаңартылып отыратын ветеринариялық препараттардың белгілі бір көлемін білдіреді.

      3. Ветеринариялық препараттардың республикалық қорының мемлекеттік сатып алынуын, сақталуын, пайдаланылуын және олардың есептен шығарылуын ұйымдастыруды Заңның 8-бабы 27) тармақшасына сәйкес ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – ведомство) жүзеге асырады.

2-тарау. Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қалыптастыру нормативі

      4. Ветеринариялық препараттардың республикалық қоры бюджеттік бағдарламалар шеңберінде сатып алынған ветеринариялық препараттардың көлемінен құрылады.

      5. Ветеринариялық препараттардың түрлері бойынша қор нормативін ведомство жыл сайын өткен жылғы эпизоотиялық мониторинг деректері және жоспарланып отырған жылы жануарлардың аса қауіпті ауруларының таралу мүмкіндігін болжау негізінде қалыптастырады.

      Ветеринариялық препараттардың түрлері бойынша республикалық қордың алдағы жоспарланған жылға арналған нормативін ветеринария саласындағы уәкілетті орган жыл сайын ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін бекітеді.

      6. Ветеринариялық препараттардың қалыптастырылған республикалық қоры Заңның 11-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйымда, ветеринариялық препаратқа арналған нормативтік-техникалық құжаттамада, ветеринариялық препаратты қолдану (пайдалану) жөніндегі нұсқамада (нұсқаулықта) белгіленген ветеринариялық препараттарды сақтау режиміне сәйкес арнайы бейімделген үй-жайларда (қоймаларда) сақталады.

3-тарау. Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын пайдалану тәртібі

      7. Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын пайдалану Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ветеринариялық препараттарды республикалық қордан бөлу туралы шешімі бойынша мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) Тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті аурулары ошақтарының өршуі;

      2) Тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті ауруларын жою және олардың таралуының алдын алу мақсатында бақылау аймағын, буферлік (қорғаныш) аймақты қоса алғанда, эпизоотия ошағында және саламатсыз пунктте жоспардан тыс ветеринариялық іс-шаралар жүргізу;

      3) Тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті ауруларының еніп кетуін және таралуын болғызбау мақсатында жоспардан тыс ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу;

      4) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын оларды сақтау мерзімдері өткенге дейін жоспарлы ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізуде пайдалану арқылы жаңартып, кейіннен ветеринариялық препараттардың осындай сапасымен толықтырып отыру;

      5) Тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы жоспарлы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу;

      6) ветеринариялық бақылау бекеттерінде көлік құралдарын дезинфекциялауды жүргізу;

      7) шұғыл шаралар жүргізу (Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет немесе жаңадан анықталған аса қауіпті, экзотикалық (Қазақстан Республикасының аумағында кездеспейтін аурулардың) жануарлар ауруларының таралу ошақтарын дереу оқшаулау және жою).

      8. Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын пайдалануды мыналар жүзеге асырады:

      1) осы Қағидалардың 7-тармағының 1), 2), 3), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, Заңның 11-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйым;

      2) осы Қағидалардың 7-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар.

      9. Осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы 1 (бір) жұмыс күні ішінде ветеринариялық препараттарды республикалық қордан бөлу туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 8-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ветеринариялық препараттарды пайдалану кезінде республикалық қордан ветеринариялық препараттарды бөлу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 85 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32641 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидаларын сақтай отырып, ветеринариялық препараттарды республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беру туралы шешім қабылданғаннан кейін жүзеге асырылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 24.05.2024 № 177 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын бөлу кезінде рұқсат қағазы ресімделеді, оны ведомство 1 (бір) жұмыс күні ішінде ветеринариялық препараттардың республикалық қорын сақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік ветеринариялық ұйымға жібереді.

      11. Ведомстводан тиісті рұқсат қағазды алғаннан кейін ветеринариялық препараттардың республикалық қорын сақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік ветеринариялық ұйым көлік жүкқұжатын, тауарлық-көліктік жүкқұжатты ресімдей отырып, көлік ұйымына ветеринариялық препараттардың берілуін қамтамасыз етеді.

      Ветеринариялық препараттарды құрғақ, таза көлік құралдарымен тасымалдау (жеткізу) жүзеге асырылады.

      Көлік ұйымы ветеринариялық препараттардың республикалық қордан өңірлерге оларды сақтау, қолдану орындарына тасымалдануын (жеткізілуін) жүзеге асырады.

      12. Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын сақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік ветеринариялық ұйым осы Қағидалардың 8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ветеринариялық препараттарды пайдалану үшін ветеринариялық препараттардың қолдану орындарына тасымалдануын (жеткізілуін) қамтамасыз етеді.

      13. Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қолдану нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 маусымдағы № 16-07/332 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9639 болып тіркелген) бекітілген Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау және жүргізу қағидаларына (бұдан әрі – Жоспарлау қағидалары) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар туралы акт жасалады, оған Жоспарлау қағидаларына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша вакциналауға, аллергиялық зерттеуге, өңдеуге түскен жануарлардың тізбесі қоса беріледі.

4-тарау. Ветеринариялық препараттардың республикалық қорын есептен шығару тәртібі

      14. Ветеринариялық препараттарды пайдалану кезінде оларды республикалық қордан есептен шығаруды, сондай-ақ оларды сақтау мерзімі өткеннен кейін жойылған немесе зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша мақсатына қарай пайдалануға жарамсыз деп танылған кезде есептен шығаруды ведомство басшысының бұйрығымен құрылған комиссия жүзеге асырады. Комиссия төрағадан және комиссияның төрт мүшесінен тұрады.

      Ветеринариялық препараттардың технологиялық және иммундық-биологиялық қасиеттері ветеринариялық препаратқа нормативтік-техникалық құжаттамада (ветеринариялық препаратты қолдану (пайдалану) жөніндегі нұсқауда (нұсқаулықта)) белгіленген сақтау мерзімі ішінде нашарлаған кезде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 18-02/144 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7605 болып тіркелген) бекітілген Ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының және (немесе) антибиотиктері, гормондары және биологиялық стимуляторлары бар ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының серияларының (топтарының) ветеринариялық нормативтердің талаптарына сәйкестігін айқындау қағидаларына сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін ветеринариялық препараттардың қасиеттерінде анықталған ауытқулар көрсетіле отырып, рекламация ресімделеді.

      15. Ветеринариялық препараттарды пайдалану кезінде оларды республикалық қордан есептен шығару, сондай-ақ оларды сақтау мерзімдері өткеннен кейін жойылған немесе зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша мақсатына қарай пайдалануға жарамсыз деп танылған кезде есептен шығару Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2013 жылғы 23 қыркүйектегі № 16-07/443 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8837 болып тіркелген) бекітілген Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын қолдану кезінде оларды есептен шығару, сондай-ақ оларды сақтау мерзімдері өткеннен кейін жою немесе зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша мақсатына қарай қолдануға жарамсыз деп тану қағидалары мен нормативінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады