Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 18 қазандағы № ҚР ДСМ- 106 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 25 қазанда № 24868 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір бұйрықтарына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізу:

      1) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (ұстап қалу) және аудару қағидалары мен мерзімдерін және Аударымдардың, жарналардың және (немесе) аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың артық (қате) есепке жатқызылған сомаларын төлеушілерге қайтаруды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 478 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15361) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (ұстап қалу) және аудару қағидалары мен мерзімдерінде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) аударымдар – жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлейтін, өздеріне аударымдар төлеу жүзеге асырылған медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті алу құқығын беретін ақша;

      3) аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеушілер (бұдан әрі – төлеушілер) – Заңда белгіленген тәртіппен аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеуді, ұстап қалуды, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударуды, төлеуді жүзеге асыратын тұлғалар;

      4) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – қор) – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алуды және оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

      5) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) жарналар – осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген жарналарды төлеушілер қорға төлейтін және медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекті алу құқығын беретін ақша;

      7) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға медициналық көмек көрсету жөніндегі құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені;

      8) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (бұдан әрі – МӘМС жүйесі) – МӘМС жүйесіне қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейтін, мемлекет белгілейтін нормалар мен қағидалардың жиынтығы;

      9) жұмыс істемейтін адам (осы Қағидаларға қолданылады) – кәсіпкерлік қызметті, оның ішінде еңбек қызметін жүзеге асырмайтын және табысы жоқ адам;

      10) жеке практикамен айналысатын адам – жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Заңның 5-бабының 4-тармағына сәйкес қорға өздері үшін аударымдар және (немесе) жарналар түспеген не қорға жарналар төлемеген адамдарға "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ұсынылады.";

      2) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-333/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21977 болып тіркелген) мынадай толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Қордың АЖ-да осы Қағидалардың 20-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар санаттары бойынша деректер болмаған жағдайда, Қор оларды мынадай растайтын құжаттарды ұсына отырып, Қорға жүгінген күннен бастап бір айға Қордың АЖ-ға тұтынушы ретінде енгізеді:

      1) балалар бойынша – баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (не туу туралы азаматтық хал актілері жазбаларынан мәліметтерді қамтитын анықтама (анықтамалар));

      2) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер – "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген 031/у нысаны бойынша анықтама;

      3) жұмыссыз ретінде тіркелгендер – "Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 259 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17199 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 259 бұйрық) бекітілген нысан бойынша жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама;

      4) бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар (баланың заңды өкілдерінің бірі) – баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (не туу туралы азаматтық хал актілері жазбаларынан мәліметтерді қамтитын анықтама);

      5) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала күтімі бойынша демалыста жүрген адамдар – баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (не туу туралы азаматтық хал актілері жазбаларынан мәліметтерді қамтитын анықтама);

      6) мүгедек балаға күтімді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар -"Медициналық – әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша баланың мүгедектігі туралы анықтама (бұдан әрі – № 44 бұйрық), баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (не туу туралы азаматтық хал актілері жазбаларынан мәліметтерді қамтитын анықтама), № 259 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама;

      7) бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар – № 44 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша мүгедектігі туралы анықтама;

      8) зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері:

      Ұлы Отан соғысына қатысушылар үшін – "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Ардагерлер туралы заң) 9-бабына сәйкес Ұлы Отан соғысы ардагерінің куәлігі немесе жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (жәрдемақыларды) алушының куәлігінде белгі қойылған беттердің көшірмелері;

      Ұлы Отан соғысының мүгедектері үшін – Ардагерлер туралы заңның 9-бабына сәйкес Ұлы Отан соғысы ардагерінің куәлігі немесе жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (жәрдемақыларды) алушының куәлігінде белгі қойылған беттердің көшірмелері;

      ардагерлер үшін - жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (жәрдемақыларды) алушының куәлігіне белгі қойылған беттердің көшірмелері;

      зейнетақы төлемдерін алушылар үшін – "Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 223 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11110 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша жасына байланысты зейнетақы/жәрдемақы алушының куәлігі;

      9) жұмыс істемейтін қандастар – "Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 329-Ө-М бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8624 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша қандастар куәлігі және № 259 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама;

      10) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналар – "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталғанын немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алғанын растайтын, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы ананың наградталғанын немесе атақ алғанын растайтын құжат;

      11) мүгедектер - № 44 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша мүгедектігі туралы анықтама;

      12) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай – ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар - орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымынан анықтама;

      13) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті жұмыс істемейтін алушылар – "Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11426 болып тіркелген) сәйкес берілген өтініш берушінің (отбасының) атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тиесілігін растайтын анықтама;

      14) Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 224 қаулысына сәйкес аударымдар және (немесе) жарналар төлеуден босатылған немесе жұмыс беруші дағдарыстық жағдайлар кезеңінде елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес МӘМС-ке аударымдар және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін немесе қатер төндіруі мүмкін адамдардың жеке басын куәландыратын құжат болып табылатын немесе Салық кодексінде – Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек қызметін растайтын мынадай құжаттардың бірі:

      еңбек кітапшасы;

      тоқтату күні мен оны тоқтатудың негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты;

      еңбек шартын жасасу және (немесе) тоқтату негізінде еңбек қатынастарының туындауын және (немесе) тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер;

      жұмыскерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзінді көшірмелер;

      жұмыс беруші қол қойған және мөрімен (ол болған кезде) растаған қызметтік тізім (жұмыскердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі);

      аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер;

      жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер;

      дуальды оқыту туралы шарт;

      жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архивтік анықтама;

      еңбек қатынастарының болуын растайтын заңды фактіні анықтау туралы соттың заңды күшіне енген шешімі жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжат болуы мүмкін.".

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы Еңбек және

      халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады