Павлодар облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Павлодар облыстық мәслихатының 2021 жылғы 22 суәірдегі № 22/3 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 27 мамырда № 7296 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңына сәйкес Павлодар облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Павлодар облыстық мәслихатының 07.09.2022 № 190/15 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1. Қоса беріліп отырған Павлодар облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыстық мәслихаттын аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Павлодар облыстық мәслихатының сессия төрағасы К. Абишев
      Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Е. Айткенов

  Павлодар облыстық
  Мәслихатының
2021 жылғы 22 сәуірдегі
№ 22/3 шешімімен
бекітілген

Павлодар облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы
жануарларын асырау қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Павлодар облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңына сәйкес әзірленді және Павлодар облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау тәртібін жүзеге асырауды айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар қолданылады:

      1) ауыл шаруашылығы жануарлары – адам өсiретiн, ауыл шаруашылығы өндiрiсiне тiкелей қатысы бар малдардың, құстардың, балықтардың және бал араларының барлық түрi;

      2) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлiметтердi енгiзе отырып және ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi қамтитын, жануарларды есепке алу рәсiмi;

      3) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқор – диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, жануардың жеке нөмірі туралы, оны ветеринариялық дауалау туралы деректерді, сондай-ақ жануардың иесі туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көпдеңгейлі жүйесін көздейтін, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүзеге асыратын және уәкілетті орган пайдаланатын ветеринариялық есепке алудың бір бөлігі;

      4) ветеринариялық паспорт – электрондық құжат түрінде берілетін, уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат, онда: жануарларды есепке алу мақсатында жануардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы (тyған күні), жеке нөмірі көрсетіледі;

      5) дезинфекция – инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою жөніндегі шаралар кешені;

      6) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      7) жануарлар – омыртқалы жануарлар;

      8) жануарларды карантиндеу – диагностикалық зерттеулер мен ветеринариялық дауалау жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын жануарларды оқшаулап ұстау;

      9) жануарлардың аса қауіпті аурулары – уәкілетті орган айқындайтын, жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, тез немесе кең таралатын, жануарлардың ауруға шалдыққыштығына немесе өлуіне, үлкен әлеуметтік-экономикалық залалға әкеп соғатын жануарлар аурулары.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облыстық мәслихатының 07.09.2022 № 190/15 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен

2 тарау. Ауыл шаруашылығы жануарларын асырау тәртібі

      3. Алып тасталды - Павлодар облыстық мәслихатының 16.01.2023 № 235/20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      4. Ауыл шаруашылығы жануарлары қолданыстағы зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық нормаларға сәйкес және экологиялық қауіпсіздікті ескере отырып, тұрғын үй ғимараттарынан, мектептерден, медициналық және мектепке дейінгі мекемелерден, саябақтардан, хайуанаттар бақтарынан, стадиондардан, қоғамдық тамақтандыру, сауда және азық-түлік өнеркәсібі мекемелерінен, демалыс орындарынан, балалардың сауықтыру ұйымдары мен шипажайлардан, жасанды су айдындарынан, артезиан құдықтарынан, су көздерінен қашықта орналасқан арнайы жабдықталған панажайларда ұсталады.

      5. Жеке аулаларда ветеринариялық-санитариялық ережелерді сақтаған жағдайда қолданыстағы зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық нормаларға сәйкес және экологиялық қауіпсіздікті ескере отырып, арнайы жабдықталған орындарда ауыл шаруашылығы жануарларын асырауға рұқсат етіледі.

      6. Елді мекеннің ауа кеңістігінен жабайы құстар ұшып өтетін мезгілде құс иелері құстарын жұқпалы ауруларды таратушы болуы мүмкін ұшып өтетін жабайы құстармен қатынасты болдырмайтын жабық орындарда асырау қажет.

      7. Тұрғын үй қорының пәтерлерінде (көп қабатты тұрғын үйлер) ауыл шаруашылығы жануарларын асырауға жол берілмейді.

      8. Ауыл шаруашылығы жануарларын қоғамдық шомылатын орындарда, тоғандарда, су бұрқақтарда, су қоймаларында және су бөгеттерінде суаруға жол берілмейді.

      Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда ортақ су пайдалану тәртiбiмен жол берiледi.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - Павлодар облыстық мәслихатының 07.09.2022 № 190/15 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      9. Ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі, тірі организмдермен және биологиялық тіндермен (материалдармен) ветеринариялық практикалық және ғылыми қызмет пен эксперименттер нәтижесінде түзілген, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын өсіруді, дайындауды (союды), жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сақтауды, қайта өңдеу мен өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінің, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдардың қызметі процесінде пайда болатын материалдар, заттар, малдан, өсімдіктерден және минералдардан қалған қалдықтар (жануарлардың өлекселері, абортталған және өлі туған төлдер, ветеринариялық конфискаттар, жемшөп қалдықтары) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі "Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларын бекіту туралы" № 16-07/307 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11003 болып тіркелген) жойылуға жатады.

      10. Адамдардың сүйемелдеуінсіз жүрген ауыл шаруашылығы жануарлары қараусыз жануарлар болып есептеледі және иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға айдауға жатады.

      Ұсталған қараусыз жануарларды ұстау, иелеріне қайтару тәртібі және иелерінің жауапкершілігі 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес айқындалады.

      11. Ауыл шаруашылығы жануарларына қарау тәртібі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы "Жануарларға қарау қағидаларын бекіту туралы" № 16-02/701 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 10183 болып тіркелген) белгіленген.

      12. Ауыл шаруашылығы жануарларын асыраудың міндетті шарты болып аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау, паразитарлық ауруларға қарсы өңдеу, тұрғылықты мекен-жайға қарасты ветеринариялық емханаларда диагностикалық зерттеуден өткізуі болып табылады.

      13. Ауыл шаруашылығы жануарлар иелері, жануалар науқастанған немесе ауруға күдікті туындаған барлық жағдайда ветеринарлық мекемеге хабарласып, тексеру нәтижелері бойынша маманның нұсқауын мүлтіксіз сақтауы қажет.

      14. Союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай, ауыл шаруашылығы жануарларды өткiзу үшiн союға жол берілмейді.

      15. Ауыл шаруашылығы жануарларын сату, әкелу және әкету ветеринариялық паспорт негізінде ветеринариялық құжатты рәсімдеген жағдайда ғана рұқсат етіледі.

      16. Диагностикалық зерттеулер және ветеринариялық өңдеулер жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын ауыл шаруашылығы жануарларына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы "Жануарларды карантиндеу қағидаларын бекіту туралы" № 7-1/700 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 10223 болып тіркелген) карантиндеу жүргізу қажет.

      17. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінен тыс жерге орнын ауыстыру (тасымалдау) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 мамырдағы "Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" № 7-1/496 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 11845 болып тіркелген) жүргізіледі, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы "Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" № 7-1/453 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 11898 болып тіркелген), ветеринариялық құжаттар арқылы сүйемелденеді.

      18. Осы Қағидаларды бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған жауапкершілікке әкеп соғады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады