Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 2023 жылғы 20 маусымдағы № 3 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 21 маусымда № 32871 болып тіркелді

      "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12- бабының 2-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Стрататегиялық жоспарлау және
реформалар агенттінің Төрағасы
А. Иргалиев

  Қазақстан Республикасының
Стрататегиялық жоспарлау
және реформалар агенттігі
2023 жылғы 20 маусымдағы
№ 3 бұйрығына
қосымша

Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағида) "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 2-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және ұлттық санақтарды жүргізу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.

      2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) алғашқы статистикалық деректер – алынған немесе статистикалық нысандарда тіркелген деректер;

      2) арнайы құрылған комиссия – ұлттық санақты дайындауға және өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаулық мәселелерін шешу үшін құрылған комиссия;

      3) ауыл шаруашылығы санағы – ауыл шаруашылығының құрылымы мен жай-күйі туралы деректерді жинау, өңдеу, біріктірілген деректерді талдау және тарату процесін қамтитын статистикалық байқау;

      4) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      5) нұсқаушы-бақылаушы – санақ учаскелерінің толық қамтылуын бақылауды жүзеге асыратын адам;

      6) респондент – статистикалық әдіснамаға сәйкес статистикалық байқау объектісі бойынша деректерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға және оның құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері;

      7) санақ персоналы – осы Қағидада белгіленген тәртіппен ұлттық санақ жүргізуге уәкілетті орган тартатын адамдар;

      8) статистикалық нысан – статистикалық құжаттың алғашқы статистикалық деректерді белгіленген тәртіппен алуға немесе тіркеуге арналған қағаз немесе электрондық жеткізгіштердегі формуляры (бланк, есептілік нысаны, сұрақнама, сауалнама, санақ парағы және басқа да формулярлар);

      9) интервьюер – жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды және ұлттық санақтарды жүргізу кезінде респонденттер мен үй шаруашылықтарына сауалнама жүргізуді жүзеге асыратын адам;

      10) ұлттық санақ – халық санағы мен ауыл шаруашылығы санағын қамтитын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті орган статистикалық жұмыстар жоспарынан тыс жүргізетін арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқау;

      11) халық санағы – белгілі бір уақыт кезіндегі жағдай бойынша респондентті сипаттайтын демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинау, өңдеу, біріктірілген деректерді талдау және тарату процесін қамтитын статистикалық байқау.

2-тарау. Ұлттық санақтарды жүргізу тәртібі

      3. Ұлттық санақтар халық санағы мен ауыл шаруашылығы санағын қамтиды.

      4. Ұлттық санақтар:

      1) планшет немесе қағаз жеткізгішті (планшеттерді қолдану мүмкіндігі болмаған жағдайда) пайдаланумен, статистикалық тіркелімдер және/немесе әкімшілік деректер негізінде санақ парақтарын толтырусыз немесе алдын ала толтырумен сұхбат жүргізушінің респондентке сауал жүргізуі арқылы санақ парақтарын толтыруы;

      2) статистикалық тіркелімдер және/немесе әкімшілік деректер негізінде санақ парақтарын толтырусыз немесе алдын ала толтырумен, онлайн режимде интернет желісі арқылы электрондық түрде респонденттердің санақ парақтарын толтыруы арқылы жүргізіледі.

      5. Ұлттық санақ дайындық, негізгі және қорытынды кезеңдерді қамтиды.

      6. Дайындық кезеңі 2 (екі) жыл ішінде жүзеге асырылады.

      7. Дайындық кезеңінде уәкілетті орган мынадай іс-шараларды іске асырады:

      1) ұлттық санақты жүргізу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу;

      2) пилоттық санақты жүргізу тәртібін, санақ парақтарын, ұлттық санақты жүргізу жөніндегі әдіснамалық құралдарды әзірлеу және бекіту, сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл туралы бірлескен актілерді әзірлеу және бекіту;

      3) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту, ұлттық санақты жүргізуге арналған оқыту бағдарламаларын дайындау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, сондай-ақ санақ персоналына арналған оқыту семинарларын өткізуді ұйымдастыру;

      4) тиісті мемлекеттік органдармен, комиссиялармен, санақ персоналымен бірлесіп халық арасында ұлттық санақты жүргізудің мақсаты мен тәртібі туралы жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

      5) санақ персоналын іріктеу және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олармен ұлттық санаққа қатысуға шарттар жасасу;

      6) ұлттық санақтарды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес өтеулі қызметтер көрсету шарты бойынша интервьюерлер санын және олардың көрсетілетін қызметтерінің құнын есептеуді бекіту;

      7) ұлттық санақтарды жүргізу кезінде адамдарды интервьюерлер ретінде тарту тәртібін айқындау.

      Ұлттық санақтарды тиімді жүргізу мақсатында санақ парақтарын сынау, жүргізілуін ұйымдастыру мен алынған деректерді өңдеуді сынаудан өткізу, уәкілетті органның шешімі бойынша пилоттық санақ жүргізу арқылы облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы санағы субъектілерінің тізімдерін қалыптастыруы, нақтылауы, сондай-ақ уәкілетті органға ұсынуы сияқты қосымша іс-шаралар өткізілуі мүмкін.

      8. Негізгі кезеңде уәкілетті орган мынадай іс-шараларды іске асырады:

      1) сұхбат жүргізушілердің алынған мәліметтерді санақ парақтарына енгізумен респонденттерге сауал жүргізу;

      2) сауал жүргізу аяқталғаннан кейін санақ персоналының санақ парақтары деректерінің анықтығын және респонденттерді қамтудың толықтығын айқындау үшін кемінде 10 % қамтумен респонденттерді іріктемелі бақылап аралап шығуды ұйымдастыру;

      3) сұхбат жүргізушілердің респонденттен алған алғашқы статистикалық деректерді уәкілетті органға беруін ұйымдастыру;

      4) санақ парақтары деректерінің түсуіне қарай оларды ақпараттық жүйеге енгізуді ұйымдастыру.

      9. Қорытынды кезең 2 (екі) жыл ішінде жүзеге асырылады. Қорытынды кезеңде уәкілетті орган мынадай іс-шараларды іске асырады:

      1) ұлттық санақ қорытындыларын шығару;

      2) ұлттық санақ қорытындыларын жиынтық деректер түрінде қалыптастыру және жариялау.

      10. Санақ парақтарына негізгі сұрақтардан басқа өңірдің, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерделеу үшін қажетті қосымша сұрақтар қосылуы мүмкін.

      Санақ парақтарына жауаптары мемлекеттік құпияларға, коммерциялық немесе заңнамамен қорғалатын өзге де құпияға жататын, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кемсітетін не бұзатын ақпараттан тұратын сұрақтарды енгізуге жол берілмейді.

      11. Санақ парақтары уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде толтырылады.

      12. Санақ парақтарындағы мәліметтерді өңдеу оларды рұқсат етілмеген қол жеткізуден қорғау және оларды ұрлау, жоғалту, қолдан жасау немесе өзге де бұрмалауларға жол бермеуді қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылады.

      13. Санақ парақтарына жазбалар респонденттер құжаттамалық растаусыз ауызша немесе жазбаша хабарлайтын мәліметтер негізінде жүргізіледі.

      14. Санақ парақтарындағы респонденттен алынған алғашқы статистикалық деректер оның келісімінсіз таратуға жатпайды және статистикалық мақсаттар үшін ғана иесіздендірілген жиынтық түрде пайдаланылады.

      15. Санақ парақтарында көзделмеген алғашқы статистикалық деректерді жинауға жол берілмейді.

      16. Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлттық санақтарды жүргізу кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді уәкілетті органға, сондай-ақ өкілеттіктерін анықтай отырып, арнайы құрылған комиссияға жүктеуі мүмкін.

3-тарау. Ұлттық санақтарды жүргізу кезеңділігі мен мерзімдері

      17. Ауыл шаруашылығы санағы – он жылда бір реттен кем емес, ал халық санағы әлемдік санақтардың кезекті раундына орайластырылған мерзімдерде жүргізіледі.

      18. Уәкілетті органның ұсынысы бойынша санақтарды жүргізу мерзімдері мен ерекшеліктерін, оның ішінде санақтың қанша уақыт өткізілетінін көрсете отырып, ұлттық санақтарды жүргізу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

4-тарау. Ұлттық санақтардың қорытындыларын шығару және оларды жариялау

      19. Ұлттық санақтарды жүргізу кезінде алынған алғашқы статистикалық деректерді уәкілетті орган өңдейді.

      Ұлттық санақты жүргізу кезінде алынған алғашқы статистикалық деректер ұлттық санақтың қорытындысы ресми жарияланған сәттен бастап кемінде бір жыл қағаз жеткізгіштерде сақталады. Алғашқы статистикалық деректері бар электрондық жеткізгіштер кемінде елу жыл сақталады.

      Ұлттық санақтардың қорытындылары электрондық және қағаз жеткізгіштерде ресми жариялануға тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады