Астана қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 13 тамыздағы № 502-2661 қаулысы. Астана қаласының Әділет департаментінде 2024 жылғы 16 тамызда № 1390-01 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабына, "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 7-бабы 2-тармағының 17-10) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19123 болып тіркелген) бекітілген Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларының 2-тармағына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Астана қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. "Нұр-Сұлтан қаласындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 19 қыркүйектегі № 502-1244 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1246 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулының Астана қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оның Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласының әкімі Ж. Қасымбек

  Астана қаласы әкімдігінің
2024 жылғы 13 тамыздағы
№ 502-2661 қаулысына
қосымша

Астана қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Астана қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабына, "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 2-тармағының 7-10) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19123 болып тіркелген) бекітілген Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларының 2-тармағына сәйкес әзірленген және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Астана қаласының азық-түлiк тауарларының тұрақтандыру қоры (бұдан әрі − тұрақтандыру қоры) – астананың аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған азық-түлiк тауарларының жедел қоры;

      2) азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын жаңарту – азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;

      3) азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын пайдалану – тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;

      4) азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру – сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;

      5) ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (бұдан әрі – ауылшартауарөндіруші) – ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;

      6) сатып алу интервенциялары – астананың аумағында бағалар төмендеген кезде, Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмалары шеңберінде мамандандырылған ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;

      7) тауар интервенциялары – бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс- шаралар;

      8) тіркелген баға – өндіруге/сатып алуға, сақтауға, табиғи кемуге (кебуге), межелі орынға дейін жеткізуге кеткен шығындарды, сондай-ақ өнімнің өзіндік құнынан маржалық табысты ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы;

      9) форвард – сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттармен базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгілі бір мерзімі өткеннен кейін өзіне міндеттеме алатын туынды қаржы құралы;

      10) шекті сауда үстемесі – ішкі сауда субъектілерінің түпкілікті тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.

      3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктері Қағидаларға сәйкес іске асырылады.

      4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің тиімді және уақтылы қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының әкімі (бұдан әрі – әкім) Астана қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.

      5. Әкімнің орынбасары Комиссияның төрағасы болып табылады, "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" (бұдан әрі – Басқарма), "Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы", "Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Комиссия мүшелері болып табылады. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.

      6. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы және кемінде тоғыз адамнан тұруы тиіс. Бұл ретте Комиссия мүшелерінің үштен екісі жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуы тиіс. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.

      7. Комиссияның құзыретіне мыналар жатады:

      1) Астана қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылдау;

      2) азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын құру және пайдалану тетігін іске асыру мақсатында, азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін анықтау;

      3) Қағидаларға сәйкес қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін анықтау;

      4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін анықтау бойынша мамандандырылған ұйымдардың ұсыныстарын қарау.

      8. Комиссияны құруды және жұмысын ұйымдастыруды Басқарма қамтамасыз етеді.

      9. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін Басқарма әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарт жасасу жолымен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.

      10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жылдық кезеңге, Басқарма мамандырылған ұйыммен тұрақтандыру қорының заттай және ақшалай мәндегі өтпелі активтері туралы міндеттемелері көрсетілген қосымша келісім жасасады.

      Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатының жергілікті бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етеді.

      Егер мамандандырылған ұйымның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда соманың қайтарылуы сатып алу және өткізу бағаларының айырмасын шегере отырып жүзеге асырылады.

      11. Мамандандырылған ұйымның тұрақтандыру қорын пайдалану кезінде туындаған үстеме, коммуналдық және басқа да шығыстары жыл сайын азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағалары арасындағы айырма есебінен жабылады.

      12. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардың (бұдан әрі – мамандандырылған ұйым) тізбесін Заңның 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      13. Басқарма Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктеріне:

      1) ай сайын, есепті айдан кейінгі әр айдың 20-на дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпаратты;

      2) көкөніс өнімдерінің форвардтық шарттары шеңберінде ауылшартауарөндірушілерді қаржыландыруға бір ай қалғанда алдын ала төлем сомасын, өткізу нүктелерін және (немесе) сауда объектілерін көрсете отырып, жеткізу кестесін көрсете отырып, сатып алынатын көкөніс өнімдерінің көлемі туралы ақпаратты;

      3) форвардтық шарттар шеңберінде ауылшартауарөндірушілерді түпкілікті қаржыландырғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде сатып алынған көкөніс өнімдерінің көлемі, өткізу нүктелері және (немесе) сауда объектілері көрсетілген жеткізу кестелері туралы ақпарат береді.

2-тарау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бойынша тетіктерді іске асыру тәртібі

      14. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында Басқарма әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандырудың:

      1) тұрақтандыру қорының қызметі;

      2) кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тетіктерін іске асырады.

      15. Астана қаласының әкімдігі (бұдан әрі – әкімдік) бөлетін, оның ішінде бұрын азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыруға бөлінген ақшалай қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қаржыландыру көзі болып табылады.

      16. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру шеңберінде көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауылшартауарөндірушілерді, сондай-ақ қарақұмық жармасын (дәні), тазартылған (домалақ дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сортты бидай ұнын және ақ қантты – құмшекерді өндіру үшін қайта өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландыру тіркелген бағаны белгілей отырып, форвардты қолданумен жүзеге асырылады.

      Көкөніс өнімдерін өндіру үшін ауылшартауарөндірушілерді және қарақұмық жармасын (дәні), тазартылған (домалақ дәнді) күрішті, күнбағыс майын, бірінші сортты бидай ұнын және ақ қантты – құмшекерді өндіру үшін өңдеуші кәсіпорындарын қаржыландыру форвардтық шарттың жалпы сомасының 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын мөлшерде алдын ала төлем және өнім жеткізілгеннен кейін түпкілікті есеп айырысу шарттарында жүзеге асырылады.

      17. Форвардтық шарттар шеңберінде сатып алынатын көкөніс өнімінің көлемі Комиссия шешіміне сәйкес өңірлік сұраныс негізінде астана халқының үш айлық қажеттілігінің 50 (елу) пайызына дейін қалыптастырылады.

      18. Мамандандырылған ұйым ауылшартауарөндірушілерді форвардтық шарттар шеңберінде:

      2023 жылғы 10 қаңтарға дейін 2023 жылы ерте шығатын көкөніс өнімдерін өндіру және 2023 жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;

      2023 жылғы 1 ақпанға дейін 2023 жылғы күзгі түсімнің көкөніс өнімдерін өндіру және 2024 жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;

      2023 жылғы 1 тамызға дейін 2024 жылы ерте шығатын көкөніс өнімдерін өндіру және 2024 жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;

      2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін 2024 жылғы күзгі түсімнің көкөніс өнімдерін өндіру және 2025 жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қаржыландыруды жүзеге асырады.

      2024 жылдан бастап және одан кейінгі жылдары ауылшартауарөндірушілерді көкөніс өнімдерін өндіру үшін қаржыландыру мынадай мерзімдерде жүзеге асырылады:

      ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейін келесі жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;

      ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегіне дейін келесі жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты өніммен қамтамасыз ету үшін.

      19. Мамандандырылған ұйым көкөніс өнімдерін сатуды бастағанға дейін ауылшартауарөндірушілерде немесе басқа қоймаларда сақтауды жүзеге асырады. Сақтау шығындарын есептеу басқарманың өңірдегі сақтаудың ұқсас түрлеріндегі сақтаудың орташа құны туралы деректері негізінде жүргізіледі.

      20. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде көкөніс өнімдерін жеткізу мамандандырылған ұйым әкімдікпен бірлесіп, маусымаралық кезеңде (қысқы-көктемгі кезең: ақпан, наурыз, сәуір; көктемгі-жазғы кезең: мамыр, маусым, шілде) қалыптастыратын кесте негізінде не ішкі нарыққа реттеушілік әсер ету қажет болған жағдайда басқа кезеңдерде жүзеге асырылады.

      21. Мамандандырылған ұйым әкімдікпен бірлесіп, форвардтық шарт жасалған сәттен бастап көкөніс өнімдерін өндіру циклінің барлық кезеңдерінде егістікке бара отырып, ауылшартауарөндірушілердің қызметіне мониторингті жүзеге асырады.

      22. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері шеңберінде сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18 және 19-баптарына сәйкес сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.

3-тарау. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры қызметінің тәртібі

      23. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорының қызметі Астана қаласының тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану жолымен жүзеге асырылады.

      24. Мамандандырылған ұйым статистикалық деректер және басқа да көздер негізінде өңірдің азық-түлік тауарларының ішкі нарығына және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нарықтарына тұрақты негізде талдау (өндіріс көлемі және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың, бағалардың болуы) жүргізеді, тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін айқындайды және сатып алу интервенциялары туралы шешім қабылдайды.

      25. Мамандандырылған ұйымның сатып алу интервенциялары туралы шешімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін тиімді және уақтылы қолдануды қамтамасыз ету мақсатында қабылданады.

      26. Тұрақтандыру қорын пайдалануды тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларын жаңарту жолымен мамандандырылған ұйым жүзеге асырады.

      27. Мамандандырылған ұйым аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету қажет баға деңгейінің көтерілуі жағдайында, 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.

      28. Мамандандырылған ұйым тұрақтандыру қорын уақтылы жаңарту мақсатында тұрақты негізде тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдерін қамтамасыз етеді.

      29. Тұрақтандыру қорын жаңарту азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу немесе кейін дәл сондай көлемдегі жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылғы жаңа шығымнан азық-түлік тауарларын жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін азық-түлік тауарларын қайтару жолымен жүзеге асырылады.

      30. Тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын тауар интервенциялары, азық-түлік тауарларын жаңарту үшін мамандандырылған ұйымдар өздерінің өткізу нүктелері және (немесе) азық-түлік тауарларын өткізетін сауда объектілері арқылы, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындары шекті сауда үстемесі шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өткізуді жүзеге асырады.

      31. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік теңгерімінің (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, қорлардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорына сатып алатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін, сондай-ақ шекті сауда үстемесін айқындайды.

      32. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде бюджеттік қаражаттың 70 (жетпіс) пайызы форвардтық шарттар шеңберінде ауылшартауарөндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бағытталады.

      33. Мамандандырылған ұйым өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 19-бабының 1-тармағына сәйкес, статистикалық жұмыстар жоспарына сай астананың мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 (он) немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстап тұру ескеріле отырып қалыптастырылады.

      34. Комиссия әкімге сатып алынатын азық-түлік тауарларының бекітілген тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін бекіту туралы ұсынымдар енгізеді.

      35. Басқарма Комиссияның ұсынымдары негізінде сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және шекті сауда үстемесін бекітеді.

      36. Тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу тікелей өндірушілерден, оның ішінде форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады. Егер өндіруші өнімді өткізуді тікелей жүзеге асырмаса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме сауда жеткізушілерінен (дистрибьютерлерден) жүзеге асырылады.

      37. Бұл ретте өңдеу кәсіпорны өндірген дайын азық-түлік тауарының бағасы оның әкімдік бекіткен шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасынан аспайды және мамандандырылған ұйымның өңдеу кәсіпорнымен жасасқан өткізу туралы шартында айтылады.

      38. Басқарма мамандандырылған ұйыммен бірлесіп, тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жері, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары, әкімдіктің және мамандандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы халықтың назарына жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.

4-тарау. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі

      39. Басқарма әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында, мамандандырылған ұйым арқылы азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз ету және ақылық талаптарының шарттарымен жүзеге асырылады.

      40. Бөлінген бюджет қаражатының 70 (жетпіс) пайызы ауылшартауарөндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарды қаржыландыруға пайдаланылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптарды орындау үшін ауылшартауарөндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарынан өтінімдер болмаған кезде, қарыз азық-түлік тауарларын өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі.

      41. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына белгіленген төмендетілген бөлшек/көтерме сауда бағаларын белгілеуі жолымен қамтамасыз етіледі.

      42. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектісін Комиссия айқындайды.

      Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мынадай бірыңғай талаптар (өлшемшарттар) белгіленеді:

      1) заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің болуы;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзімі кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектісінен алынған құжаттарды қарау күніне салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешектің болмауы;

      3) екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар берген кредиттер (қарыздар) бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;

      4) меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде (жалға алу/өтеусіз пайдалану/сенімгерлік басқару) азық-түлік тауарларын тиісті сақтауға және азық-түлік тауарларымен сатып алу, дайындық, тарату операцияларын орындауға арналған қойма үй-жайлары мен арнайы жабдығы бар үй-жайлардан тұратын инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешеннің болуы;

      5) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болмауы;

      6) мамандандырылған ұйым алдында орындалмаған міндеттемелердің, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелердің, кәсіпкерлік субъектісінің мүлкіне шектеулер мен ауыртпалықтардың болмауы;

      7) осы Қағидалардың 46-тармағына сәйкес міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің болуы.

      43. Кәсіпкерлік субъектілерін іздестіру және өтініштерді қабылдауды мамандандырылған ұйым жүзеге асырады, мамандырылған ұйым қажетті құжаттарды жинап, тексергеннен кейін оны Комиссия отырысына шығару үшін әкімдікке ұсынады.

      44. Комиссия кәсіпкерлік субъектісін айқындағаннан кейін мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектісіне қарыз береді.

      45. Несие беру кезінде кәсіпкерлік субъектілер мен Комиссия мүшелері үлестес тұлға болмауы керек.

      46. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызын қайтару бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелердің орындалуы кепіл, банк кепілдігі, сақтандыру шарты, үшінші тұлғалардың кепілдігі/кепілгерлігі түрінде қамтамасыз етіледі. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жазбаша нысанда ресімделеді.

      47. Қарыз беру шарттары мамандандырылған ұйым мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалған қарыз шартында белгіленеді.

      48. Қарыз мерзімі өткен берешекті қайта қаржыландыруға берілмейді.

      49. Қарыз тек ұлттық валютада беріледі.

      ______________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады