"Қызылорда облысының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидаларын бекіту туралы" Қызылорда облыстық мәслихатының 2015 жылғы 18 наурыздағы № 263 шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қызылорда облыстық мәслихатының 2025 жылғы 19 ақпандағы № 153 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 24 ақпанда № 8584-11 болып тіркелді

      Қызылорда облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Қызылорда облысының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидаларын бекіту туралы" Қызылорда облыстық мәслихатының 2015 жылғы 18 наурыздағы № 263 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4966 болып тіркелген) келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:

      "Қызылорда облысында жануарларды асырау қағидаларын бекіту туралы";

      көрсетілген шешімнің 1-тармағы жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса берілген Қызылорда облысында жануарларды асырау қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген шешіммен бекітілген Қызылорда облысының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы М. Тлеумбетов

  Қызылорда облыстық мәслихатының
2025 жылғы 19 ақпандағы
№ 153 шешіміне қосымша

  Қызылорда облыстық мәслихатының
2015 жылғы 18 наурыздағы
№ 263 шешімімен бекітілген

Қызылорда облысында жануарларды асырау қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қызылорда облысында жануарларды асырау қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Ветеринария туралы", "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және Қызылорда облысында жануарларды асырау тәртібін айқындайды.

      2. Қағидалар жануарларды асырайтын жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі - жануарлар иелері) қолданылады.

      3. Осы қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлiметтердi енгiзе отырып және ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi қамтитын, жануарларды есепке алу рәсiмi;

      2) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар - мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау объектілеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық, зоогигиеналық) талаптарды белгілейтін, сондай-ақ ветеринариялық нормативтердің негізінде ветеринариялық іс-шараларды жүргізу тәртібін айқындайтын, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылатын нормативтік құқықтық акт;

      3) ветеринариялық паспорт – электрондық құжат түрінде берілетін, уәкілетті орган белгілеген нысандағы құжат, онда: жануарларды есепке алу мақсатында жануардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы (тyған күні), жеке нөмірі көрсетіледі;

      4) ветеринария саласындағы маман – ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар бөлiмшелерiнің, мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдардың ветеринария мамандықтары бойынша жоғары, орта білімнен кейiнгi немесе техникалық және кәсiптiк бiлiмi бар қызметкерi;

      5) ветеринариялық іс-шаралар - жануарлар ауруларының профилактикасын, оларды емдеуді немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнімділігін арттыруға; жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қоса алғанда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп және жемшөп қоспаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені;

      6) дезинсекция – жәндіктер мен басқа да буынаяқтыларды жою жөніндегі іс-шаралар кешені;

      7) дезинфекция – инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою жөніндегі шаралар кешені;

      8) дератизация – кеміргіштерді жою жөніндегі іс-шаралар кешені;

      9) жануарлар – фаунаға жататын биологиялық объектілер: ауыл шаруашылығы және үй, жабайы жануарлар.

2 тарау. Жануарларды асырау тәртібі

      4. Жануарларды "Жануарларды өсіруді, өткізуді жүзеге асыратын, өндіріс объектілеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 мамырдағы № 7-1/498 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11837 болып тіркелген) (бұдан әрі – Өндіріс объектілеріне қойылатын талаптар) және ""Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26447 болып тіркелген) сәйкес асырау керек.

      5. Жануарларды асырау қызметі процесінде пайда болатын биологиялық қалдықтар "Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 16-07/307 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11003 болып тіркелген) сәйкес жойылуға жатады.

      6. Жануарлар тұратын орындарды жәндіктерге, кеміргіштерге қарсы күрес мақсатында "Дезинфекция, дезинсекция, дератизация жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 27 қарашадағы № 7-1/619 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10028 болып тіркелген) және Өндіріс объектілеріне қойылатын талаптарға сәйкес дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық препараттармен өңдеу қажет.

      7. Жануарларды бірдейлендіру сырғалау, чип салу және таңба басу арқылы жүргізіледі.

      8. Жануарларға қарау тәртібі "Жануарларға қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 16-02/701 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10183 болып тіркелген) айқындалған.

      9. Асырау тәртібі, қараусыз ұсталған жануарлардың иелеріне қайтарылуы мен иелерінің жауапкершілігі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес айқындалады.

      10. Жануарларды өсірумен, асыраумен, бағумен, көбейтумен айналысатын жануар иелері келесіні қамтамасыз ету қажет:

      1) ауыл шаруашылығы, үй жануарлары мен асыл тұқымды малдарды уақытылы бірдейлендіруді;

      2) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жануарларды уақытылы ветеринариялық іс-шаралар өткізуді;

      3) жануарлар және адамдар ортасының қауіпсіздігін, сонымен қатар мүліктің жануарлардан зиян келтіруінен;

      4) жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына: жаңадан сатып алынған жануар (жануарлар), алынған төл, оның (олардың) сойылғаны мен өткізілгені; жануарлар қырылған, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауды және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шараларды қолдануды;

      5) көлік жолында жануарлармен өткен кезде жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтау және оның жолдан өтіп бара жатқандағы тәртібін тікелей қадағалау арқылы жолдан өткен кезде жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауды;

      6) санитариялық-гигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) нормалар мен қағидалардың талаптарын сақтауды.

      11. Жануарларды адамдардың демалу және шомылу орындарында, су бұрқақтарда, табиғи және жасанды су айдындарында шомылдыруға;

      жануарларға қатыгездік жасауға;

      аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округ әкімі айқындаған, мал жаятын орындардан басқа орындарда жануарларды жаюға;

      көшелерде, алаңдарда, гүлзарларда, басқа да қоғамдық ортақ пайдаланылатын орындарда жануарларды жаюға тыйым салынады.

      12. Жануарларды сату, әкелу және әкету ветеринариялық паспорт негізінде ветеринариялық құжатты рәсімдеген жағдайда ғана рұқсат етіледі.

      13. Жануарларды сою "Жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (жануарларды сою), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектiлеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 18 қыркүйектегі № 7-1/832 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12208 болып тіркелген) сәйкес жүргізілуі қажет.

3 тарау . Қорытынды ереже

      14. Осы Қағидаларды бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған жауапкершілікке әкеп соғады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады