Мемлекеттiк орман күзетi туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 наурыздағы N 291 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 4 қыркүйектегі № 745 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.09.2015 № 745 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 12 мамырдағы № 18-1/429 бұйрығын қараңыз.

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.07 N 1413 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шiлдедегі Орман кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік орман күзеті туралы ереже бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.07 N 1413 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      2. Мыналардың:
      1) "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк орман күзетi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 21 сәуiрдегi N 421 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1994 жыл, N 19, 188-құжат);
      2) "Қазақ орман шаруашылығы басшы қызметкерлерi мен мамандарының бiлiктілiгiн арттыру институтын тарату туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 6 сәуiрдегi N 454 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлген өзгерiстердiң 1-тармағының (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2001 жыл, N 13, 158-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң      
2004 жылғы 9 наурыздағы
N 291 қаулысымен  
бекiтілген     

Мемлекеттік орман күзеті туралы ереже

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.07 N 1413 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттiк орман күзетi (бұдан әрi – мемлекеттік орман күзетi) ормандарды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерiмен айналысатын орман мекемелерiнiң қызметкерлерiнен тұрады.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.07 N 1413 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      2. Мемлекеттік орман күзетiне Қазақстан Республикасының Орман  кодексiне сәйкес мемлекеттік орман қорын күзету мен қорғау ережесiн, орман пайдалануды жүзеге асырудың, мемлекеттiк орман қоры жерлерiнiң нысаналы мақсатына сәйкес оларды пайдаланудың белгiленген тәртiбiн бұзуды тыю және оның алдын алу жөнiнде, сондай-ақ орманға зиян келтiретiн басқа да iс-әрекеттердi тыю және олардың алдын алу жөнiнде құқықтар беріледi.

2. Мемлекеттiк орман күзетiнiң мiндеттерi

      3. Мемлекеттік орман күзетiнiң негiзгi мiндеттерi:
      1) орман өрттерiнiң алдын алу, оларды дер кезiнде байқау және жою жөнiнде iс-шаралар ұйымдастыру және жүргiзу;
      2) мемлекеттiк орман қорының аумағындағы барлық жұмыс iстеушiлердiң және онда орналасқан ұйымдардың, сондай-ақ орманда жүрген жеке тұлғалардың ормандардағы өрт қауiпсiздiгi ережесi мен  санитарлық ереженi сақтауын қамтамасыз ету;
      3) ормандарды заңсыз ағаш кесуден, зақымданудан, талан-таражыға салудан және Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзудың басқа да әрекеттерiнен күзету, coндай-ақ мемлекеттік орман қоры жерлерiн күзету;
      4) орман пайдаланушылардың сүректi түбiрiмен босату ережесiн және орман пайдаланудың басқа да түрлерiнің ережелерiн орындауын қамтамасыз ету;
      5) орман зиянкестерi мен ауруларының ошақтарын дер кезiнде анықтау, олардың таралуына болжам жасау және олармен күресу;
      6) биотехникалық iс-шаралар жүргiзу;
      7) мемлекеттiк орман қopы аумағында аң және балық аулау ережелерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;
      8) мемлекеттiк орман қорын күзетудi, қорғауды, ормандарды молықтыруды, ұтымды пайдалануды және орман өсiрудi қамтамасыз ететiн басқа да iс-әрекеттер болып табылады.

3. Мемлекеттік орман күзетiн ұйымдастыру

      4. Мемлекеттiк орман күзетiнiң құрамына мына қызметкерлер:
      1) орман шаруашылығы мемлекеттiк мекемелерiнде – директорлар – бас орман күтушілер, директорлардың орынбасарлары – бас орман күтушілердің орынбасарлары, барлық санаттағы орман шаруашылығы инженерлерi, аңтанушылар, орман питомниктерiнiң бастықтары, орман өрт сөндiру станцияларының бастықтары, орман күтушілер, орман күтушілердің көмекшiлерi, орман шеберлері, орманшылар (қорықшылар);
      2) облыстық атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшелерiнде – басшылары және орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiру мәселелерiмен айналысатын мамандар енедi.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.07 N 1413 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 18.10.2013 N 1102 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      5. Орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органның (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүйесiне енетiн, орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiру мәселелерiмен айналысатын мамандандырылған ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметкерлерi мемлекеттік орман күзетiнiң қызметкерлерiне теңестiрiледi.
      6. Орман мекемесiнiң директоры - бас орманшысы (бұдан әрi - директор) орман мекемесiнiң ведомстволық тиесілілiгiне байланысты уәкiлеттi органның немесе облыстық атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшесiнiң бұйрығымен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
      7. Директор орман мекемесiнiң жұмысын ұйымдастырады әрi оған басшылық етедi және орман мекемесiне жүктелген мiндеттердi орындау және оның өзiнiң функцияларын жүзеге асыруы үшiн жеке жауапкершілiкте болады.
      8. Директор өзiнiң қызметiн жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) барлық ұйымдарда орман мекемесiнiң мүдделерiн бiлдiредi;
      2) шарттар жасасады;
      3) сенiмхаттар бередi;
      4) банк шоттарын ашады;
      5) орман мекемесiнiң барлық қызметкерлерiне мiндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi;
      6) уәкiлетті орган немесе облыстық атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшесi тағайындайтындардан басқа, орман мекемесiнiң қызметкерлерiн жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
      7) орман мекемесiнiң қызметкерлерiне ынталандыру шаралары мен тәртiптiк жаза қолданады;
      8) орман мекемесiнiң даму перспективаларын және оны техникамен жарақтандыру бағыттарын айқындайды;
      9) орман қорының мемлекеттiк есебiн, мемлекеттiк орман мониторингiн, жануарлар дүниесiнiң мемлекеттiк есебiн жүргiзудi қамтамасыз етедi, мемлекеттік орман кадастры мен жануарлар дүниесiнiң кадастрын жүргiзу жөнiндегi жұмыстарға қатысады;
      10) ормандарды күзетудi, қорғауды, молықтыруды және орман өсiрудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi, орман мекемесiнiң қарауындағы мемлекеттiк орман қоры аумағында орман пайдалануды реттейдi;
      11) орман мекемесiнiң аумағында орман өрттерiнiң алдын алу және олармен күресу жөнiндегi iс-шараларын әзiрлеудi және олардың орындалуын iске асыруды ұйымдастырады;
      12) ағаш кесу билеттерiн бередi;
      13) Қазақстан Республикасының орман заңнамасы, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және тыю жөнiнде шаралар қолданады;
      14) орман мекемесiнiң аумағындағы өрттердi сөндiру үшiн өрт қауiпi бар маусымға жанар-жағармай материалдарының резервiн жасайды;
      15) оған Қазақстан Республикасының заңнамасы жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      9. Орман мекемесi директорының орынбасары - бас орманшының орынбасары орман мекемесiнiң ведомстволық тиесілілігiне байланысты уәкілеттi органның немесе облыстық атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшесiнiң бұйрығымен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
      10. Директордың орынбасары өзiнiң қызметiн жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) орман қорын күзету, қорғау және пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiру бағдарламаларын әзiрлеуге және оларды орындауға қатысады;
      2) ормандарды күзету, қорғау, молықтыру және орман өсiру, тұрақты орман тұқымдары учаскелерi мен ағаш тұқымдары плантацияларын күтiп ұстау, ағаш тұқымдарын дайындау, өңдеу және сақтау жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастырады;
      3) орман орналастыру жобаларына сәйкес орман пайдалану орындары мен көлемдерiн айқындайды;
      4) орман ресурстарын тендерлерге қою үшiн материалдар әзiрлеудi ұйымдастырады және олардың ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етедi;
      5) орман қорының мемлекеттік есебi мен мемлекеттік орман кадастры бойынша құжаттаманың жүргiзілуiн қамтамасыз етедi;
      6) инженерлердiң, аңшылық мамандарының, орманшылардың жұмысына басшылық жасайды;
      7) ормандарды жерден және авиациямен күзету қызметтерiнiң жұмысын үйлестiредi;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      11. Орман шаруашылығының барлық санаттағы инженерлерi (аға орманшылар) ормандарды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану жөнiндегi жұмысты жүргiзедi.
      12. Орман күзету және қорғау жөнiндегi инженер Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) орманшылықтардың орман күзету мен қорғау жөнiндегi жұмысын ұйымдастырады;
      2) ормандардағы өрттің алдын алу, ормандарды заңсыз ағаш кесуден және орман тәртібiн бұзудың басқа да түрлерiнен күзету, ормандарды зиянды жәндiктер мен аурулардан қорғау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады;
      3) ормандарды жерден және авиациямен күзету қызметтерiнiң өзара iс-қимыл жасауын ұйымдастырады;
      4) өртке қарсы насихатты, ормандарды сақтау, орман мекемесi аумағында өрт қауiпсiздiгi ережесiн орындау туралы мәселелердiң бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелi түрде көрiнiс тауып тұруын ұйымдастырады;
      5) айналымдар ревизиясын жоспарлайды және жүзеге асырады;
      6) орман кордондарының және орман күзетiмен байланысты басқа да құрылыстар мен ғимараттардың ақаусыз күйде күтіп ұсталуына, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрiнi сақтау және күтiп ұстау ережесiнiң сақталуына, орман күтушілердiң (қорықшылардың) нысандық киiммен, таңбалармен, омырауға тағатын белгiлермен, қызмет куәлiктерiмен және қарумен қамтамасыз етiлуiне жауап бередi;
      7) орманды күзету және қорғау жөнiнде есеп пен белгіленген есептеме берудi жүргiзедi;
      8) орман заңнамасын бұзушылықтар бойынша iстердi жүргiзедi және әкiмшiлiк айыппұлдардың, талап-арыздардың дер кезiнде өндiрiп алынуын бақылайды;
      9) орман заңнамасын бұзушылықтар мен орман өрттерi туралы iстер бойынша сот органдарында директордың тапсырмасы бойынша орман мекемесiнiң мүдделерiн бiлдiредi.
      13. Ормандарды молықтыру және орман өсiру жөнiндегi инженер Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген тәртіппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) орманшылықтардың ағаш тұқымдарын дайындау, отырғызу материалын өсiру, орман дақылдарын отырғызу жөнiндегi жұмысын ұйымдастырады;
      2) орман дақылдарын өндiрудi тексередi, орман дақылдарын өсiру жұмыстарын орындаудың агротехникалық мерзiмi мен сапасын бақылайды;
      3) орман дақылдарын отырғызудың жұмыс жоспарын жасайды;
      4) ормандарды молықтыру және орман өсiру бойынша есеп пен белгiленген есептеме берудi жүргiзедi.
      14. Орман пайдалану жөнiндегi инженер Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) орманшылықтардың орман орналастыру жобаларына сәйкес орман пайдалану жөнiндегi жұмысын ұйымдастырады;
      2) орман мекемесi аумағындағы мемлекеттiк орман қорының ұтымды пайдаланылуына, ағаш кесу және ағашты түбiрiмен босату, ағаш кесiлген орындарды тазалау ережелерiнiң сақталуына қадағалау жұмыстарын жүргiзедi;
      3) кеспеағаштар iрiктеу сапасын және тиiстi құжаттаманың жүргiзiлуiн тексередi;
      4) орман пайдалануға рұқсат беретiн құжаттардың есебi мен сақталуын ұйымдастырады;
      5) кеспеағаш қорын iрiктеу және орманды ілеспе пайдалану жөнiндегi құжаттаманы жүргiзедi;
      6) орман пайдалану және жер пайдалану мәселелерi бойынша сот органдарында директордың тапсырмасы бойынша орман мекемесiнiң мүдделерiн бiлдiредi.
      15. Инженер-орман патологы Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) ормандарды зиянды жәндiктер мен аурулардан қорғау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      2) орман зиянкестерi мен ауруларын, олардың түр құрамын, санын және таралуын анықтау жөнiндегi жұмысты жүзеге асырады, зиянды жәндiктер мен аурулар ошақтарының жүйелi есебiн жүргiзедi;
      3) орманның ағымдағы, экспедициялық, аэровизуальдық және басқа да орман патологиялық тексерулерiн жүргiзедi, оның санитарлық жай-күйiн анықтайды;
      4) барлық орман екпелерiнде, сондай-ақ орман питомниктерiнде зиянды жәндiктер мен ауруларға қарсы алдын алу iс-шараларын жүргiзудi ұйымдастырады;
      5) байқау материалдарын өңдейдi, орман зиянкестерi мен аурулары ошақтарының жиынтық ведомостарын, жобаланатын санитарлық-сауықтыру iс-шараларының ведомостарын жасайды және олар бойынша орман зиянкестерiнiң ошақтарын жерден және авиациямен өңдеудi жүргiзу үшiн қажеттi есептер жүргiзедi.
      16. Аңшылық маманы Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) жануарлар дүниесiнiң ресурстарын қорғау, өсiмiн молайту және ұтымды пайдалану жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      2) биотехникалық және аңшылық шаруашылығы iс-шараларының орындалуын қамтамасыз етедi;
      3) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзушыларға қарсы күрестi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
      4) аң ауланатын жерлердi пайдалануды жақсарту жөнiндегi iс-шараларды әзiрлейдi;
      5) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында есеп берудi жүргiзедi;
      6) директордың тапсырмасы бойынша сот органдарында жануарлар дүниесiн қорғау және пайдалану мәселелерi бойынша орман мекемесiнiң мүдделерін білдіреді.
      17. Орманшы өзiнiң жұмысында орманшылыққа басшылықты тiкелей жүзеге асырады.
      18. Орманшы Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) материалдық, еңбек және қаржы ресурстарын тиiмдi пайдалану, орман шаруашылығы өндiрiсiнде озық техника мен технологияны енгiзу жөнiндегi жоспарлы тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етедi;
      2) орманшылық аумағында ормандарды өрттерден, заңсыз ағаш кесуден және орман заңнамасының басқа да бұзушылықтарынан күзету, ормандарды зиянды жәндiктер мен аурулардан қорғау жөнiндегi жұмыстарға, сондай-ақ ормандарды молықтыру мен орман өсiру, орман пайдалану және жабайы жануарларды қорғау жөнiндегi жұмыстарға басшылық жасайды;
      3) ағаш кесудiң орман орналастыру жобасына және бекiтiлген жоспарларға сәйкес жүргiзiлуiн ұйымдастырады;
      4) ағаш кесу орындарына және дайындалған сүректiң босатылуына куәландыру жүргiзедi;
      5) барлық орман пайдаланушылардың сүректi түбiрiмен босатудың белгiленген ережесiн және өрт қауiпсiздiгi ережесiн орындауын iске асырады;
      6) орманшылыққа келiп түсетiн орман заңнамасын бұзушылықтар туралы хаттамалардың жасалу дұрыстығын тексередi, сүректі заңсыз кесуден немесе оның бүлiнуiнен болған залалды айқындайды;
      7) орманшылық аумағындағы орман өрттерiн сөндiрудi басқарады;
      8) орман орналастыру мен жобалау-iздестiру жұмыстарын орындау кезiнде көмек көрсетедi, осы жұмыстардың сапасын бақылайды;
      9) орманшылықтардың мемлекеттiк орман күзетi қызметкерлерiнiң орман шаруашылығы, орман дақылдарын өсiру, орманды қорғау, өртке қарсы және биотехникалық жұмыстарды жүргiзу жөнiндегi оқуын, сондай-ақ еңбектi қорғау және қауiпсiздiк техникасы, еңбек заңдарын сақтау жөнiндегi оқуы мен оларға нұсқама берілуiн ұйымдастырады;
      10) директордың тапсырмасы бойынша орманшылық қызметiнiң мәселелерi бойынша сот органдарында орман мекемесiнiң мүдделерiн білдіредi.
      19. Орманшының көмекшiсi өзiнiң жұмысында тiкелей орманшыға бағынады.
      20. Орманшының көмекшiсi Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) орманшының тапсырмасы бойынша уақытша ұзақ мерзiмдi орман пайдаланудағы ормандарды күзетудiң, қорғаудың және молықтырудың жай-күйіне тeкcepу жүргiзедi;
      2) орман мастерлерiнiң, орман күтушiлердiң (қорықшылардың), уақытша өрт қарауылдары мен өрт сөндiрушілер командаларының оларға жүктелген мiндеттердi уақтылы және дәлме-дәл орындауын қадағалайды және оларға нұсқау бередi;
      3) орманшылыққа келiп түсетiн орман заңнамасын бұзушылықтар туралы актiлердiң жасалу дұрыстығын тексередi, сүректi заңсыз кесуден немесе оның бүлiнуiнен болған залалды айқындайды;
      4) айналымдар мен учаскелердiң ревизиясын жүргiзедi;
      5) барлық орман пайдаланушылардың сүректi түбiрiмен босату ережесiн және өрт қауiпсiздiгi ережесiн орындауын бақылайды;
      6) орманшылық аумағында өртке қарсы алдын алу iс-шараларын жүргiзумен тiкелей айналысады, ал орман өрттерi пайда болған жағдайда орман күтушi келгенше оларды сөндiруге басшылық жасайды;
      7) орманшылықта орындалған орман шаруашылығы жұмыстарының техникалық құжаттамасын, есебiн және есеп берілуiн жүргiзедi, орман орналастыру материалдарына ағымдағы өзгерiстердi жүйелi түрде енгiзiп отырады.
      21. Орман мастерi өзiнiң жұмысында тiкелей орманшыға және оның көмекшiсiне бағынады.
      22. Орман мастерi Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) өз учаскесi орман күтушілерiнiң (қорықшыларының) жұмысына басшылық жасайды және оларға нұсқау бередi, сондай-ақ олардың өз мiндеттерiн орындауына бақылау жасауды жүзеге асырады;
      2) айналымдарға ревизия жүргiзедi, кордондардың тиiстi дәрежеде күтiп ұсталуын, қарудың және орманшылар мен қорықшыларға тапсырылған бүкіл мүлiктiң аман сақталуын қадағалайды;
      3) орман өрттерi пайда болған жағдайда бұл туралы орман күтушiнi бiр мезгілде хабардар ете отырып, тiкелей оларды жоюға шаралар қолданады;
      4) орман заңнамасын бұзушылық туралы учаске бойынша жасалған хаттамаларды екi күн мерзiмде орманшылыққа (немесе орман мекемесiне) жiбередi;
      5) кеспеағаштар, сондай-ақ шабындықтар, жайылымдар және басқа да орман пайдалану алқаптарын iрiктеуге қатысады;
      6) ағаш кесу орындарын куәландыруға, ағаш материалдарын босатуға, учаскеде орындалған орман шаруашылығы iс-шараларын қабылдауға қатысады;
      7) ағаш отырғызу, ағаш тұқымдарын себу және орманның табиғи жолмен қалпына келуiне жәрдемдесу, ағаш тұқымдарын жинау, орманды күтiп-баптау мақсатында кесу жөнiндегi жұмыстарға басшылық жасайды.
      23. Орман күтушi (қорықшы) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн және өзiне тапсырылған мүлiктi тiкелей күзетудi, қорғауды жүзеге асырады. Өзiнiң жұмысында ол орман мастерiне бағынады.
      24. Орман күтушi (қорықшы) Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) заңсыз ағаш кесудi, мал жаюды және Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзудың басқа да түрлерiнiң жолын кесу жөнiнде шаралар қолданады;
      2) орман өртi пайда болған жағдайда бiр мезгілде мемлекеттiк орман күзетiнiң жоғары тұрған қызметкерлерiне өрт туралы хабарлап, оны жоюға шаралар қолданады;
      3) айналым аумағындағы барлық жұмыс iстеушілер мен онда орналасқан ұйымдардың, сондай-ақ орманда жүрген жеке тұлғалардың ормандардағы өрт қауiпсiздiгi ережесi мен санитарлық ереженi сақтау жұмысын жүргiзедi, осы ережелердi бұзудың барлық көрiнiстерi жайында орман мастерiне дереу хабарлайды, ал қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының орман заңнамасы , жануарлар дүниесiн қорғау , өсiмiн молайту және пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Қазақстан Республикасының заңнамалары саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы осы жайында хаттама жасайды;
      4) өзiнiң айналымында көпiрлердiң, өрт мұнараларының, телефон желiсiнiң, шектеушi, орман орналастыру және орман шаруашылығы белгілерiнiң сақталуын қадағалайды;
      5) айналымда байқалған зиянды жәндiктердiң ошақтары, орман аурулары, жел сұлатпасы, дауыл құлатқан ағаштар, бiтiк өскен ағаштардың қурауы және орман шаруашылығына нұқсан келтiруi мүмкiн басқа да құбылыстар жайында орман мастерiне немесе орманшылыққа хабарлайды;
      6) сүрек дайындау, мал жаю, шөп шабу және орман пайдаланудың басқа түрлерi құқығына берiлген құжаттарды тексередi, орман пайдаланудың белгiленген ережесiнiң орындалуын қадағалайды;
      7) орман өрттерiнiң пайда болуына кiнәлi тұлғаларды ұстап, оларды тиiстi iшкi iстер органдарына жеткiзедi.
      25. Орман күтушiге оған күзетуге берiлген мемлекеттiк орман қоры учаскесi мен мүлiктiң тiзбесi бар айналым жоспары мен паспорты берiледi.

4. Мемлекеттiк орман күзетiнiң қызметi

      26. Мемлекеттiк орман күзетiне жұмысқа (орманшылар мен қорықшылардан басқа) орман шаруашылығы, орман-техникалық жоғары немесе орта оқу орындарын бiтiрген тұлғалар қабылданады.
      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.11.07 N 1413 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      27. Жалпы орта білiмi бар орман күтушілер (қорықшылар) жұмысқа қабылданған кезде орман мекемесiнiң ведомостволық тиесілілiгiне байланысты уәкілетті орган немесе облыстық атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшесi бекiткен бағдарлама бойынша орман мекемелерiнде мiндетті түрде оқиды және ормандар мен жануарлар дүниесiн күзету, қорғау мәселелерi бойынша техникалық минимум тапсырады.
      28. Орман күтушi (қорықшы) қызметiне 18 жасқа толған және денсаулық жайы уәкілеттi орган - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiмен келiсiм бойынша белгілейтiн талаптарға сай келетiн тұлғалар қабылданады.
      29. Мемлекеттiк орман күзетiнiң қызметкерлерiне үлгілi жұмысы, орман өрттерiмен және орман тәртiбiн бұзушылықтармен күресте бастамашылық, тапқырлық және жанқиярлық танытқаны үшiн Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес марапаттау шаралары қолданылады.
      30. Жұмыстағы терiс қылықтары үшiн мемлекеттiк орман күзетi қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жаза қолданылуы мүмкін.
      31. Мемлекеттiк орман күзетiнiң лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен нысандық киiммен, арнайы қорғаныс құралдарымен және қызмет бабында пайдаланылатын жер телiмдерiмен қамтамасыз етіледi.
      32. Кеспеағаштардың iрiктелуiне, ағаш кесудiң, ағашты түбiрiмен босатудың дұрыстығын бақылау, заңсыз ағаш кесудi тiркеу, сондай-ақ сүректi кеспеағаштан немесе жоғарғы жақтағы қоймалардан тасып әкету кезiнде оның есебiн жүргiзу үшiн орман мастерлерiне, орман күтушілерге, орман күзету және қорғау жөнiндегi инженерлерге таңбалар беріледi.
      33. Мемлекеттiк орман күзетiнде жұмыс iстеу кезiнде орман күтушілерге (қорықшыларға) қызмет бабында пайдаланылатын үй-жайлар (кордондар) берiлуi мүмкiн.
      34. Мемлекеттiк орман күзетiнің қызметкерлерiне өздерiнiң қызмет мiндеттерiн орындауы үшiн белгiленген тәртiппен көлiк құралдары беріледi.
      35. Орманшылар мен орман мастерлерi ауысқан кезде айналымды, мастер учаскесiн және айналым мен мастер учаскесiне бекiтiп берiлген мүлiктi қабылдау-тапсыру актiсi жасалады.
      Айналымды тапсыру кезiнде орман мастерiнiң қатысуы, ал мастер учаскесiн тапсыру кезiнде - орман күзету және қорғау жөнiндегi инженер мен орманшының қатысуы мiндеттi.
      36. Орманшыны ауыстырған кезде орман мекемесi директорының бұйрығымен мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн, техникалық құжаттаманы, негiзгi құрал-жабдықтарды және орманшылыққа бекiтiлген мүлiктi қабылдау-тапсыру жөнiнде комиссия құрылады.
      37. Орман мекемесiнiң директорын ауыстырған кезде уәкілеттi органның немесе облыстық атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшесiнiң бұйрығымен орман мекемесiнiң ведомстволық тиесілілiгiне байланысты мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн және орман мекемесiне бекiтiлген басқа да мүлiкті қабылдау-тапсыру жөнiнде комиссия құрылады.

5. Мемлекеттiк орман күзетiнiң қару-жарағы

      38. Мемлекеттiк орман қорының лауазымды тұлғаларына Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiлеген тәртiппен қызмет қаруын сақтауға, алып жүруге және қолдануға рұқсат етіледi.
      39. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттiк орман күзетiнiң лауазымды тұлғаларының дене күшiн, арнайы қорғаныс құралдарын және қызмет қаруын қолдануға құқығы бар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады