Iшкi сауда ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 сәуірдегі N 371 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 1034 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 23.12.2015 № 1034 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығы.
 

      "Сауда қызметiн реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуiрдегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Iшкi сауда ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметiнiң       
2005 жылғы 21 сәуiрдегi
N 371 қаулысымен   
бекiтiлген      

Iшкi сауда ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Iшкі сауда ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Сауда қызметiн реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуiрдегi Заңына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының аумағында iшкi сауда қызметiн жүзеге асырудың тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Ереже Қазақстан Республикасының арнайы заңнамалық кесiмдерімен реттелетін тауарлардың жекелеген түрлерiнiң айналымы жөніндегi қатынастарға қолданылмайды.

      3. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) автодүкен - сауда жабдығымен жарақталған мамандандырылған автокөлiк құралы;
      2) тауардың түр-түрі - қандай болмасын бiр немесе жиынтық белгiлер бойынша бiрiктiрiлген тауарлар жиыны;
      3) iшкі сауда (ішкі сауда қызметі) - Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сауда қызметі;
      4) көшпелi сауда - мамандандырылған немесе сауда үшін арнайы жабдықталған көлiк құралдарын, сондай-ақ тек көлік құралымен жиынтықта қолданылатын ұтқыр жабдықты пайдалана отырып, тұрақты жұмыс iстейтiн бөлшек сауда желiсiнен тыс жүзеге асырылатын бөлшек сауда;
      5) жылжымалы сөре - арнайы белгіленген орынға орналастырылатын жеңiл құрылатын тасымалды немесе жылжымалы сауда орны;
      6) тауар сапасы - тауардың тұтынушылық сипаттарының жиынтығы;
      7) дүңгiршек - арнайы бөлінген жер учаскесiне орнатылатын, сауда залы болмайтын, сауда жабдығымен жарақталған күрделi емес тасымалды құрылыс;
      8) дүкен - сауда, қосалқы, әкiмшiлiк-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етілген тұрақты жұмыс істейтін күрделi құрылыс немесе оның бөлiгi;
      9) көтерме сауда - жеке, отбасылық, үйiшiлiк және осыған ұқсас өзге де пайдаланумен байланысты емес, кейiннен сатуға немесе өзге де мақсаттарға арналған тауарларды өткiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
      10) шатыр - құрастырмалы-жинамалы конструкциядан жасалып, сауда жабдықтарымен жарақталған және арнайы бөлінген орынға орналастырылатын жеңіл құрылатын құрылыс;
      11) сатып алушы - тауар сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
      12) сатушы - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сауда қызметiн жүзеге асырушы сауда қызметiнiң субъектiсі;
      13) бөлшек сауда - тауарларды тұтынушыларға олардың жеке пайдалануы үшiн сату жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
      14) жарамдылық мерзiмi - ол аяқталғаннан кейiн тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңi;
      15) сақтау мерзiмi - белгiленген сақтау шарттары сақталған жағдайда тауар нормативтiк құжаттарда көрсетiлген өзiнiң барлық қасиеттерiн сақтайтын кезең;
      16) тез бұзылатын тамақ өнiмдерi - тасымалдаудың, сақтаудың және сатудың арнайы қатал регламенттелетiн шарттарын талап ететiн тамақ өнiмдерi;
      17) тауар - айналымнан алынбаған, сатуға немесе айырбасқа арналған кез келген еңбек өнiмi;
      18) тауарлық көршiлiк - шикi және дайын өнiмдердi бiрге сақтауды және сатуды, олардың ластануын және тауардың сапасына әсер ететiн бөгде иiстердiң сiңуiн болдырмайтын шарттар;
      19) сауда қызметi - жеке және заңды тұлғалардың тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсiпкерлiк қызметi;
      20) сауда ақпараты - тауар, дайындаушы, сатушы туралы заңнамада көзделген және тауармен және оны пайдаланудың ерекшелiктерiмен таныстыру мақсатында сатушыға жеткiзiлетiн мәліметтер;
      21) сауда автоматы - тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы;
      22) сауда үйi - бiртұтас басқарылатын сауда объектiлерiнiң және қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң жиынтығы орналасқан сауда қызметiне арналған және сауда, әкiмшiлiк-тұрмыстық және қойма үй-жайларымен және өз аумағы шекарасының шегiнде автокөлiк құралдарын қоюға арналған алаңмен қамтамасыз етiлген тұрақты жұмыс iстейтiн күрделi құрылыс;
      23) сауда залы - сатып алушыларға қызмет көрсетуге арналған сауда үй-жайының арнайы жабдықталған негiзгi бөлiгi;
      24) сауда мүкаммалы - сауда қызметін жүзеге асыруға арналған заттар;
      25) сауда объектiсi - сауда қызметiн жүзеге асыру үшiн сауда қызметiнiң субъектiлерi пайдаланатын мүлiктiк кешен;
      26) сауда базары - аумақта шаруашылық қызметін көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн, маңындағы аумақтан бөлектенген, сауда қызметiне арналған және өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшiн алаңмен қамтамасыз етіліп оқшауланған мүлiктiк кешен;
      27) баға - тауар құнының ақшалай көрiнiсi;
      28) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган - сауда қызметі саласында мемлекеттік реттеуді және үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      29) қоғамдық тамақтандыру - тамақ өнімдерін өндірумен, қайта өндеумен, сатумен және тұтынуды ұйымдастырумен байланысты кәсіпкерлік қызмет;
      30) мейрамхана - тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, тапсырыстық және фирмалық тағамдарды қоса алғанда, дайындалуы күрделі астың түр-түрін, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс объектісі;
      31) дәмхана - тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, дайындалуы күрделі емес астың түр-түрін, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс объектісі;
      32) бар - тұтынушыларға тіске басар, десерт және кондитерлік тағамдар, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтандыру және демалыс
      33) асхана - тұтынушылар дербес қызмет көрсететін қоғамдық тамақтандыру объектісі.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.06.30 № 738 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

2. Iшкі сауда қызметінің субъектiлерi мен объектiлерi

      4. Iшкi сауда қызметiнiң субъектiлерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сауда қызметiн жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар жатады.

      5. Сауда объектiлерi мен қоғамдық тамақтандыру объектiлерi iшкi сауда объектiлерiне жатады.

      6. Сауда объектiлерiне мыналар жатады:
      1) сауда автоматы;
      2) жылжымалы сөре;
      3) автодүкен;
      4) шатыр;
      5) дүңгiршек;
      6) дүкен;
      7) сауда үйі;
      8) сауда базары.

      7. Сауда объектiсiнiң мамандануын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының келiсiмi бойынша оның меншiк иесi айқындайды.

      8. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерi мынадай санаттарға бөлiнедi:
      1) мейрамхана;
      2) дәмхана;
      3) бар;
      4) асхана.

3. Сауда қызметiн жүзеге асыруға қойылатын талаптар

Параграф 1. Сауда қызметін жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптар

      9. Сатуға ұсынылатын тауарлардың түр-түрiн, көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесiн, сондай-ақ қызмет көрсету нысандарын сатушы өз қызметiнiң бейiнi мен мамандануына сәйкес дербес айқындайды.

      10. Сатушы сауда қызметiн жүзеге асыру кезінде бейiнi мен мамандануды ескере отырып, ұлттық стандарттарда, санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, өртке қарсы қағидаларда және басқа нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарды сақтайды.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.

      11. Сатушы тауарларды сату орындарында сақтау мен өткiзу кезiнде стандарттардың талаптарына сәйкес олардың сапасы мен қауiпсiздiгiн сақтауды, сауданың тиiстi жағдайларын, сондай-ақ сатып алушының тауарларды дұрыс таңдауы мүмкiндігін қамтамасыз ететiн қажеттi үй-жайларға, жабдық пен мүкаммалға ие болады.

      12. Егер сатушы жүзеге асыратын қызмет лицензиялауға жататын болса, онда ол лицензияның нөмiрi мен қолданылу мерзiмi туралы, сондай-ақ оны берген орган туралы ақпаратты ұсынады.
      Көрсетiлген ақпарат сатып алушының танысуы үшiн ыңғайлы орындарда орналастырылады.
      Егер сауда сатушының тұрақты тұратын жерiнен тыс жүзеге асырылса, осыған ұқсас ақпарат сауда уақытша үй-жайларда, жәрмеңкелерде, лотоктардан және басқа да жағдайларда жүзеге асырылған кезде де сатып алушылардың назарына жеткiзiледi.

      13. Сатушы уақытылы көрнекi және қолжетiмдi нысанда тауарларды дұрыс таңдау мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiн тауарлар мен оларды дайындаушылар, атап айтқанда:
      1) тауардың атауы;
      2) тауар шығарылған ел, тауарды дайындаушының атауы мен орналасқан жерi (мекен-жайы), дайындаушы (сатушы) сатып алушылардан талаптар қабылдауға уәкiлеттiк берген және тауарға жөндеу жүргiзетiн әрi техникалық қызмет көрсететiн ұйымның (ұйымдардың) орналасқан жерi;
      3) талаптарына тауар сәйкес келуi тиiс стандарттардың белгiленуi;
      4) тауардың тұтыну сипаттары мен құрамы туралы мәлiметтер;
      5) тауарды тиiмдi және қауiпсiз пайдалану мен сақтаудың тәсiлi, ережесi және шарттары;
      6) кепiлдiк мiндеттемелер және талаптар қоюдың тәртiбi;
      7) егер олар нақты тауар үшiн белгіленсе, дайындалған күнi, қызмет ету мерзiмi немесе сақтау және жарамдылық мерзiмi, сондай-ақ егер тауарлар көрсетілген мерзiмдер өткеннен кейiн сатып алушының өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне қауiп төндiретiн болса немесе өз мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болса, көрсетiлген мерзiм аяқталғаннан кейiн сатып алушының қажеттi әрекеттерi туралы және ондай әрекеттер орындалмаған жағдайда мүмкiн болатын салдарлар туралы мәлiметтер;
      8) тауарды сатып алу шарттары;
      9) тауардың көтерме саудадағы және (немесе) бөлшек саудадағы бағасы, оның iшiнде қосылған құн салығы көрсетiле отырып;
      10) тауардың сапасы мен дайындаушының тауарлық белгiсi туралы мәлiметтер;
      11) аудио, аудиожазба өнiмдерiн, электронды есептеу машиналары мен деректер қорларына арналған бағдарламаларды сату кезiнде - туындыға авторлық және/немесе сабақтас құқықтардың иесi туралы мәлiметтер туралы қажет және дұрыс ақпаратты сатып алушының назарына жеткiзедi.

      14. Егер сатып алушы сатып алған тауар бұрын қолданыста болса немесе ақауы (ақаулары) жөнделген болса, сатушы бұл ақпаратты сатып алушының назарына жеткiзедi.

      15. Тауарларды сату кезiнде сатушы тауарлардың белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау туралы ақпаратты сатып алушының назарына жеткiзедi және тұтынушыға оның талап етуi бойынша мына құжаттардың бiрiн ұсынады:
      1) сәйкестік туралы сертификат немесе декларация және тауардың қауiпсiздiгi туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды;
      2) сертификаттың түпнұсқасын ұстаушы немесе сертификат берген тауарларды сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi орган куәландырған сертификаттың көшiрмесi;
      3) дайындаушы немесе жеткiзушi (сатушы) ресiмдеген тауарға iлеспе құжаттар;
      4) туындылар авторлық (лицензиялық) шарт бойынша қайта шығарылған жағдайда - шарттың көшiрмесi.
      3) және 4) тармақшаларында көрсетiлген құжаттар дайындаушының (жеткiзушiнiң, сатушының) деректемелерi көрсетiле отырып, оның қолымен және мөрiмен куәландырылады.

      16. Тауар, оны дайындаушы және сатушы туралы ақпарат Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде және стандарттардың талаптарында белгiленген тәсілдермен, ал егер олар көрсетiлген кесiмдермен айқындалмаған болса, онда тауарлардың жекелеген түрлерi үшiн немесе халықаралық стандарттармен қабылданған тәсiлдермен сатып алушының назарына жеткiзiледі.
      Бұл ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиiс.

      17. Сатушы, тауарлар және оларды дайындаушылар туралы ақпарат сатып алушылардың назарына мемлекеттік және орыс тiлдерiнде, ал қажет болған жағдайда сатушының қалауы бойынша басқа да тiлдерде жеткiзiледi.

      18. Мыналарды сатуға жол берілмейді:
      1) зияткерлік меншiк объектiлерiн қамтитын, авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұза отырып немесе бөгде тауарлық белгiнi заңсыз пайдалана отырып дайындалған тауарлар;
      2) айналымнан алынып тасталған тауарлар;
      3) арнайы рұқсат алынбаған, айналымы Қазақстан Республикасының заңнамасымен шектеулі тауарлар;
      4) белгiленген тәртiппен таңбалауға жататын, акциздік маркалары жоқ акцизделетiн тауарлар;
      5) тиiстi сапасы жоқ, қауiпсiздiк талаптарына жауап бермейтiн және нормативтік құжаттарға, техникалық шарттарға сәйкес келмейтiн тауарлар;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасымен сатуға тыйым салынған өзге де тауарлар.

      19. Сатушы көрсетiлетiн қызметтер, олардың бағалары және қызметтер көрсетудiң шарттары, сондай-ақ тауарларды сату кезiнде қолданылатын сауданың түрi туралы көрнекі және дұрыс ақпарат береді. Тауарларды сату кезінде сатып алушыға өз бетімен немесе сатушының көмегiмен өнiмнiң сапасы мен қауiпсiздiгi туралы ақпаратпен танысуға мүмкiндiк берiледi.

      20. Сатушы сатып алушыға ұсынылатын тауарды қарау, сипаттарына тексеру жүргiзу немесе, егер оған тауардың сипатына қарай тыйым салынбаса, оның жұмыс iстеуiн көру мүмкiндiгiн бередi.

      21. Сатып алушыға сатып алынатын тауарлардың сапасын, жиынтығын, шамасын, салмағын және бағасын, олардың ыңғайлылығын тексеру, сондай-ақ оларды қауiпсiз және дұрыс пайдалану жөнiнде ақпарат алу мүмкiндiгi берiледi.
      Сатушы мұндай жағдайларда, оның iшiнде көрсетiлген сипаттамаларды өз бетiмен тексеру үшiн оған бақылау-өлшеу құралдарын ұсынады және қажет болған жағдайда оларды сараптамаға жiберуге ықпал етедi.

      22. Сатушы сатылатын тауарларда тауардың атауын, оның сортын, тауардың салмағы немесе бiрлiгi үшiн бағасын көрсете отырып, айқын ресiмделген баға көрсеткiштерiнiң болуын қамтамасыз етедi.

      23. Тауардың бағасын сауда қызметiнiң субъектiлерi өз бетiмен айқындайды. Бағаларды мемлекеттiк реттеуге тек Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне сәйкес рұқсат етiледi.

      24. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе сатушы мен сатып алушының арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, сатушының сатып алушыға кассалық немесе тауарлық чектi немесе тауарға ақы төленгендiгiн растайтын өзге де құжатты берген сәтiнен бастап сатып алу-сату шарты тиiстi нысанда жасалған болып саналады.

      25. Сатушы өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртiппен және жағдайларда фискальдық жады бар бақылау-кассалық машиналарын қолданады.

      26. Сатушы сатып алушыға тауардың құнына енгізiлуi мүмкiн тауарларды сатумен байланысты қызметтердi ұсынады.
      Бұл ретте сатып алушыға тауарды сату кезiнде ұсынылатын қызметтерден бас тарту, сондай-ақ сатушыдан өзiнiң келiсiмiнсiз ұсынылған қызметтер үшiн төленген соманың қайтарылуын талап ету мүмкiндiгi берiледi.

      27. Сатушы бiр тауарларды сатуды екiншi тауарларды мiндеттi түрде сатып алуға немесе оларды сатуға байланысты мiндеттi қызметтер көрсетуге шарттаспайды.

      28. Сатушы өз сипаты бойынша ыдысқа салуды және (немесе) орауды қажет етпейтiн тауарды қоспағанда, сатып алушыға тауарды лайықты сапада ыдысқа салып және (немесе) ораммен, тауарға қатысты құжаттармен және керек-жарақтармен бiрге белгiлi бiр жиында (тауарлар жиынтығы) және жиынтықта бередi.
      Берiлетiн тауардың сапасына, ыдысына және (немесе) орамына, оның жиынтықтығына, керек-жарақтары мен құжаттамасына, тауарлар жиынтығына, сондай-ақ тауарды жеткiзу шарттарына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленедi.

      29. Тауарды сатып алушының оны белгiлi бiр мерзiмде қабылдайтыны туралы шартпен сатқан жағдайда, сатушы тауарды осы мерзiм iшiнде басқа сатып алушыға сата алмайды.
      Егер сатушы мен сатып алушының арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, сатушының келмеуiн немесе шартта айқындалған мерзiм iшiнде тауарды қабылдау үшiн өзге де қажеттi әрекеттер жасамауын сатушы сатып алушының тауарды сатып алудан бас тартуы деп қарауы мүмкiн.

      30. Егер сатушы неғұрлым ұзағырақ мерзiм жарияламаған болса, сатып алушыға азық-түлiк емес тауар берiлген сәттен бастап 14 күн iшiнде оған сатып алынған тиiстi сапалы тауарды сатып алу орнында немесе сатушы хабарлаған өзге де орындарда, бағада айырмашылық болған жағдайда сатушымен қажеттi қайта есеп айырысу жүргiзе отырып, басқа мөлшердегi, нысандағы, ауқымдағы, пiшiндегi, түстегi, жиынтықтағы және тағы басқа ұқсас тауарға алмастыру мүмкiндiгi берiледi.
      Сатушыда алмастыру үшiн қажеттi тауар болмаған жағдайда сатып алушыға сатып алынған тауарды сатушыға қайтару және ол үшiн төленген ақшалай соманы алу мүмкiндiгi берiледi.
      Уағдаластық бойынша сатушы сатып алушыға сатып алынған тауарды ол саудаға бiрiншi түскен кезде ұқсас тауарға айырбастау мүмкiндiгiн бередi.
      Егер тауар тұтынуда болмаса, оның тұтынушылық қасиеттерi сақталса және оның осы сатушыдан сатып алынғаны туралы дәлелдер болса, сатып алушының тауарды айырбастау не қайтару туралы талабы қанағаттандыруға жатады.

      31. Егер тауардың кемшiлiктерi сатушымен келiсiлмесе, тиiстi сапасы жоқ тауар берiлген сатып алушыға өз қалауы бойынша сатушыдан:
      1) сатып алу бағасын мөлшерлес азайтуды;
      2) ақылға қонымды мерзiмде тауардың кемшiлiктерiн өтеусiз жоюды;
      3) тауардың кемшiлiктерiн жоюға жұмсалған өз шығыстарын өтеудi;
      4) тиiстi сапасы жоқ тауарды шартқа сәйкес тауарға алмастыруды;
      5) шартты орындаудан бас тарту және тауарға төленген ақшалай соманы қайтаруды талап ету мүмкiндiгi берiледi.

  Параграф 2. Сауда объектiлерiне қойылатын талаптар

      32. Сауда автоматтарын, жылжымалы сөрелердi, автодүкендердi, шатырлар мен дүңгіршектердi қоспағанда, сауда қызметiнiң объектiлерi:
      1) өз ұйымының фирмалық атауы, орналасқан жерi (мекен-жайы) және жұмыс режимi көрсетiлген маңдайша жазуларымен (мемлекеттiк, орыс және сатушының тiлегi бойынша басқа да тiлдерде);
      2) сауда аймақтарының мамандану бойынша көрсеткiштерiмен;
      3) барлық қажеттi объектiлер: сауда қатарлары, анықтама бюросы, сантехникалық тораптар, бақылау өлшеу құралдары тағы басқалар көрсетiлген жоспарлармен;
      4) сауда бөлiмшелерiне (көкөнiс, жемiс-жидек, ет, сүт, тұрмыстық тауарлар, киiмдер, аяқ киімдер т.б.), тамақтандыру пункттерiне, бақылау таразыларына, шығар есiктерге, автокөлiк тұрақтарына, балалар алаңдарына бағыттау көрсеткiштерiмен;
      5) автокөлiктi қоюға арналған тұрақтармен;
      6) сантехникалық тораптармен;
      7) күзетпен жарақталады.

      33. Сауда қызметiнiң объектiлерi техника қауiпсiздiгi ережелерiне, ветеринарлық, санитарлық-эпидемиологиялық, өртке қарсы және сауда қызметiнiң тиiстi объектiсi үшiн белгiленетiн басқа да талаптарға жауап беруi тиiс.

      34. Сауда жабдығын сауда объектiсiнде орналастыру тұтынушылардың сауда орындарына еркiн кiруiн, өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтауды, авария немесе төтенше жағдайларда адамдар мен материалдық құндылықтарды шұғыл шығару мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi.

      35. Азық-түлiк емес сауда объектiлерiнде (сауда объектiлерiнiң залдарында) заттарды (киiм, аяқ киiм) сату кезiнде оларды өлшеп көруге арналған жағдайлар, ал күрделi техника мен тексерудi талап ететiн басқа да тауарлар үшiн тексеру жүргiзуге арналған жағдайлар жасалуы тиiс.

      36. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сату мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат еткен материалдардан жасалған ыдыстардан, тауарлық көршiлiк қағидаты сақтала отырып, жүзеге асырылады.

      37. Сауда объектiсi қажеттi сауда мүкаммалымен, жабдықпен, оның iшiнде "Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қолдануға рұқсат етiлген өлшеу құралдарымен жарақталады.

Параграф 2-1. Мейрамхана, дәмхана, бар, асхана санаттары бойынша қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметін жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптар

      Ескерту. 3-бөлім 2-1-параграфпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2011.06.30 № 738 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      37-1. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) түтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі, олардың мүлкінің сақталуы қамтамасыз етілуі тиіс.
      37-2. Қоғамдық тамақтандыру объектілерін (мейрамханаларды, дәмханаларды, барларды, асханаларды) орналастыруға, жер учаскелерін беруге, салу мен қайта жаңартуға арналған жобалық құжаттаманы бекітуге, пайдалануға беруге санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда рұқсат етіледі.
      37-3. Қоғамдық тамақтандыру объектілері (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) ғимараттарының сәулет-жоспарлау шешімдері мен сындарлы элементтері және пайдаланылатын техникалық жабдық сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында қолданыстағы Техникалық регламенттерге сәйкес келуі тиіс.
      37-4. Қоғамдық тамақтандыру объектілерін (мейрамханаларды, дәмханаларды, барларды, асханаларды) жеке тұрған және жапсарлас салынған ғимараттарда, қоғамдық ғимараттарға іргелес салынған үй-жайларда, ғимараттардың бірінші және одан төменгі қабаттарында орналастыруға, сондай-ақ өнеркәсіптік объектілердің аумақтарында орналастыруға рұқсат беріледі.
      Тұрғын үй мақсатындағы ғимараттарда орындар саны және орын-жайлар көлемі шектелген, қоғамдық тамақтандырудың іргелес-жапсарлас салынған объектілерінде орналастыруға рұқсат етіледі.
      37-5. Тұрғын үй ғимараттарында орналасқан қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (мейрамханалардың, дәмханалардың, барлардың, асханалардың) ғимараттың тұрғын үй бөлігінен оқшауланған кіру және көшудің шығу есіктері болуы тиіс. Азық-түлік шикізатын және тағам өнімдерін тұрғын үйдің аула жағынан қабылдауға жол берілмейді. Жүк тиеуді тұрғын үйдің терезелері жоқ бүйір жағынан, арнайы жүк тиейтін үй-жайлар болған жағдайда магистральдар жағынан жер асты туннелдерінен орындау қажет. Өнімділігі шағын объектілер үшін оның жұмысы басталғанға дейін негізгі кірер есік жағынан жүк тиеуге рұқсат етіледі.
      37-6. Қоғамдық тамақтандыру объектілерін (мейрамханаларды, дәмханаларды, барларды, асханаларды) тұрғын үй ғимараттарында орналастырған кезде олардың үй-жайлары шу, діріл деңгейі және дыбысты оқшаулау талаптары бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес келуі тиіс.
      37-7. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (мейрамханалардың, дәмханалардың, барлардың, асханалардың) жазғы алаңдарын тұрғын үй ғимараттарының бірінші қабаты терезелерінің алдына және тротуарларға орналастыруға, сондай-ақ тамақ дайындайтын технологиялық жабдық пен дыбыс шығаратын аппаратураны орнатуға жол берілмейді.
      37-8. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) қоғамдық тамақтандырумен байланысты емес тұруға, жұмыстар мен қызметтер көрсетуге арналған үй-жайларды орналастыруға, сондай-ақ жануарлар мен құстар ұстауға рұқсат етілмейді.
      37-9. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) авариялық шығу жолдары, сатылар, авариялық жағдайдағы іс-қимылдар туралы нұсқаулықтар көзделген, көрінетін жерлерде өрт жағдайы кезінде адамдарды көшіру жоспарлары (схемалар), сондай-ақ тұтынушылардың қалыпты жағдайда да төтенше жағдайларда да еркін бағдар алуын қамтамасыз ететін, жақсы көрінетін ақпараттық нұсқаулар ілінеді.
      37-10. Қоғамдық тамақтандыру объектілері (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) бастапқы өрт сөндіру құралдарының қажетті санын анықтауға сәйкес жарамды бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуге және автоматты өрт сигналын беру және қолданыстағы нормаларға сәйкес адамдарға өрт туралы хабарлау жүйесімен жабдықталуы, инженерлік жүйелермен және жайлылықтың қажетті деңгейін қамтамасыз ететін жабдықтармен жарақталуға, оның ішінде жасанды және табиғи жарықтары, ыстық және суық сумен, кәрізбен жабдықтау, жылыту, желдету жүйелері, телефон байланысы болуы тиіс.
      37-11. Салынып және қайта жаңартылып жатқан қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) мүгедектерге қызмет көрсету үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың қолданыстағы талаптарына сәйкес мүгедектердің арбалары жүріп өту үшін кіру есіктерінде еңіс пандустар, лифтілер, залдарда мүгедектердің арбалары айналып бұрылуы үшін алаңдар, арнайы жабдықталған дәретхана бөлмесі көзделуі тиіс.
      37-12. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінде (мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда) қызмет көрсетілетін контингенттің ерекшелігіне сәйкес арнайы қызмет көрсету аймақтары көзделуі мүмкін, мысалы диеталық, емдеу-сауықтыру, балалар тамағы.
      37-13. Өндірістік үй-жайларды орналастыру және осы үй-жайлардағы жабдықтар өнімді өндіру мен сатудың технологиялық үдерістерінің дәйектілігін (ағымын), сондай-ақ санитарлық ережелердің технологиялық жобалау нормаларының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.
      37-14. Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (мейрамханалардың, дәмханалардың, барлардың, асханалардың) аумағы абаттандырылуы, таза ұсталуы тиіс, онда көлікті уақытша қоюға арналған алаңдар, қоқыс жинау үшін қақпағы бар контейнерлер орнатуға арналған асфальтталған немесе бетондалған алаң көзделуі тиіс. Қоқыс жинау алаңы объектілерден және тұрғын үйлердің терезелері мен есіктерінен кемінде 25 метр қашықтықта орналастырылады.

Параграф 3. Сауда қызметiн ұйымдастыру және жүзеге асыру
кезiнде қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық
және ветеринарлық талаптар

      38. Тамақ өнiмдерiн сақтаумен және сатумен айналысатын сауда қызметінiң субъектiлерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi сақтауы тиiс.

      39. Жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты, ветеринарлық препараттарды, азықтар мен азықтық қоспаларды дайындау, сақтау және сату жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын сауда қызметiнiң субъектiлерi Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртiппен сәйкестендiру рәсiмiнен өтедi.

      40. Азық-түлiк тауарларын сататын және қоғамдық тамақтандыру қызметтерiн көрсететiн сауда объектiлерi мен қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң қызметкерлерi халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өтедi.

4. Iшкi сауданың түрлерi

      41. Iшкi сауда түрлерiне көтерме және бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру және заңнамада белгiленген өзге де сауда түрлерi (аукциондық, комиссиондық, шекара маңы, көшпелi, көрме-жәрмеңкелiк, электрондық, биржалық сауда және тапсырыстар бойынша сауда) жатады.

           Параграф 1. Көтерме сауданы жүзеге асыру тәртiбi

      42. Көтерме сауда бөлшек сауданы жүзеге асыру орындарынан оқшауланған орындар болған жағдайда мамандандырылған немесе аралас дүкендерде, сауда үйлерi мен сауда базарларында жүзеге асырылады.
      Оқшауланған орындар болған жағдайда көкөнiс және жемiс-көкөнiс өнiмдерiн көлiк құралдарынан көтерме саудамен сатуға рұқсат етiледi.

      43. Тауарлар түр-түрiнiң ауқымдылығы бойынша көтерме сауда мамандандырылған және әмбебап болуы мүмкiн.
      Мамандандырылған көтерме сауда тауарлардың жекелеген түрлерiн сатуға бағдарланады.
      Әмбебап көтерме сауда сауданы бiрнеше тауарлар түрлерiн сатуға бағдарланады.

      44. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде сауда объектiсi түр-түрлiлiктiң ерекшелiгiне және жұмыс iстеудiң нақты жағдайларына қарай тауарды өндiру аймақтарында да, оларды жаппай тұтыну орталықтарында да орналасуы мүмкін.

      45. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде:
      1) сауда объектiлерiнде сатылатын тауарларға қойылатын бағалардың деңгейi мен шектерi;
      2) мәмiлелер кезiндегi делдалдық үшiн сауда объектiсiндегi делдалдар алатын сыйақы мөлшерлерi белгiленбеуi тиiс.

      46. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде сауда объектiлерiнiң меншiк иелерi мынадай талаптарды қамтамасыз етедi:
      1) тауарларды сату, сатып алу, сақтау;
      2) көтерме сауданы жүргiзуге арналған ұйымдық жағдайлар жасау, сауда мәмiлелерiн жасасу;
      3) сатылатын тауарлардың сапасын бақылауды қамтамасыз ету және осы Ереженiң талаптарын сақтау;
      4) көтерме сауда субъектiлерiн салмақ өлшеу жабдығымен және басқа да қызмет түрлерiмен қамтамасыз ету;
      5) инженерлiк инфрақұрылым құру және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, тоңазыту, сауда жабдығына және өзге де жабдықтар мен тетiктерге техникалық қызмет көрсету;
      6) сауда объектiсiн күзету және көтерме сатып алу-сату жүргiзудiң қауiпсiздiгi.
      Көтерме сауда объектiсiнiң аумағында техникалық реттеу және метрология, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, ветеринарлық қадағалау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың қызметтерi мен банк және қаржы мекемелерiнiң, байланыстың бөлiмшелерi (филиалдары) және басқалары да орналасуы мүмкiн.
      Ескерту. 46-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.06.28 N 637 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      47. Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде, жасалған сату-сатып алу шарттары бойынша есеп айырысуды қолма қол ақшасыз тәртiппен жүзеге асыруға рұқсат етiледi.
      Көтерме сауданы жүзеге асыру кезiнде көтерме саудаға қатысушылармен (тауардың меншiк иелерiмен) келiсiм бойынша аукциондық және конкурстық сауда-саттықтарға рұқсат етiледi.

  Параграф 2. Бөлшек сауданы жүзеге асыру тәртiбi

      48. Бөлшек сауданы жүзеге асыратын сатушы тауарды Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiмен қандай да бiр тауарларды сату кезiнде тұтынушының жасы бойынша шектеу қойылатын жағдайларды қоспағанда, тауарды сатып алуға өтiнiш бiлдiрген әрбiр адамға сатады. Мұндай жағдайларда сатушы, егер тұтынушы өзiнiң жасын растайтын құжаттар ұсынбаса, сатудан бас тартады.

      49. Сатушы бөлшек сауданы жүзеге асыру кезiнде сатып алушыға кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес жеке, отбасылық, үйiшiлiк немесе өзге де пайдалануға арналған тауарларды бередi.

      50. Бөлшек сауда дүкендер, сауда үйлерi, сауда базарлары, сауда автоматтары, дүңгiршектер, автодүкендер, шатырлар және жылжымалы сөрелер арқылы жүзеге асырылады.

      51. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта өзгеше белгiленбесе, не тауардың табиғатынан туындамаса, бөлшек сауда кезiнде тауардың әр бiрлiгі оралады, өлшеніп, буылады.

      52. Тауарларды сатылатын орындарында шығарып қою, олардың үлгiлерiн көрсету немесе сатылатын тауарлар туралы мәлiметтер беру (сипаттау, каталогтар, фотосуреттер тағы сол сияқты), сатушы тиiстi тауарлардың сатуға арналмағанын анық айқындаған жағдайларды қоспағанда, бағаларының немесе сатып алу-сату шартының басқа да елеулi жағдайларының көрсетiлгенiне қарамастан, жария оферта болып танылады.

      53. Желiлiк маркетинг, қоғамдық таратушылар, почта бойынша және басқа да тәсiлдермен сату арқылы атқарылатын сауда орындарынан тыс бөлшек сауда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiлеген тәртiппен реттеледi.

      54. Егер заңнамалық кесiмдерде немесе бөлшек саудада сатып алу-сату шартында, оның iшiнде сатып алушы қосылатын формулярлардың немесе өзге де стандартты нысандардың шарттарында өзгеше белгiленбесе, сатушы сатып алушыға кассалық немесе тауарлық чектi немесе тауар төлемiн растайтын өзге де құжатты берген сәтiнен бастап бөлшек саудада сатып алу-сату шарты лайықты нысанда жасалған болып саналады.

Параграф 3. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң сауданы жүзеге асыру тәртiбi

      55. Сауда қызметiнiң субъектiлерi өз өнiмiн, сондай-ақ басқа да азық-түлiк тауарларын өндiру, қайта өңдеу, сату және тұтынуды ұйымдастыру және қоғамдық тамақтану өнiмдерiн тұтынуды ұйымдастыру мен қызметтер көрсету үшiн мүлiктiк кешендi - мейрамхананы, дәмхананы, асхананы, барды пайдаланады.

      56- 61. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.06.30 № 738 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      62. Сауда қызметінің субъектілері, егер осы Ережеде өзгеше көзделмесе, өз қызметін қоғамдық тамақтандыру объектісінің сауда залдарында да, олардан тысқары жерлерде де жүзеге асырады. Қоғамдық тамақтандыру объектісінің үй-жайлары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар мен ережелерге сәйкес орналасады және жабдықталады.
      Ескерту. 62-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.06.30 № 738 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      63. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерi сатып алушыға осы Ереженiң 13-тармағында көрсетiлген ақпараттан басқа мынадай:
      1) ұсынылатын өнiмнiң түр-түрi туралы;
      2) ұсынылатын қызметтердiң тiзбесi туралы мәлiметтердi бередi.

      64. Сатып алушылардың белгiлi бiр контингентiне (жұмысшылар, оқушылар, жолаушылар, көрермендер және басқалар) қызмет көрсететiн қоғамдық тамақтандыру объектiлерi жанында өздерi орналасқан ұйымдардың, мекемелердiң әкiмшiлiктерiмен келiсiм бойынша жұмыс режимiне, сабақтар кестесiне, ұшақтардың, пойыздардың, автобустардың қозғалыс кестесiне сәйкес жұмыс режимiн белгiлейдi.

      65. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнде келушiлерге ас мәзiрiн ұсыну қоғамдық тамақтандырудың ас мәзiрiнде көрсетiлген тауарларын бөлшек саудада сатып алу-сату шартын жасасуына ұсыныс (жария оферта) болып танылады.

      66. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.06.30 № 738 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

5. Сауданың өзге де түрлерiн жүзеге асыру тәртiбi

Параграф 1. Аукциондық сауда

      67. Тауарларды сату жөнiндегi аукциондық сауда жария сауда жүргiзу жолымен жүзеге асырылады.
      Бастапқы баға сатушының сауда-саттық жүргiзу сәтiндегi тауардың рыноктық құны негiзге алына отырып айқындалуы мүмкiн, түпкiлiктi бағаны сатып алушы сауда-саттық жүргiзудiң нәтижесiнде айқындайды.

      68. Аукцион нысанындағы конкурстық сауда-саттық кезiнде сатушы аукционның затын ол үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынатын аукционға қатысушыға сатуға мiндеттенедi.

      69. Аукциондық сауда сатушы жариялаған бағаны арттыру немесе кемiту шарттарында өткiзiлуi мүмкiн.

      70. Бағаны төмендетумен өткiзiлетiн аукциондық сауда шарттарында ол бойынша заттың сатылуы мүмкiн болатын ең төменгi баға көзделуi мүмкiн.

      71. Осы Ереженiң 18-тармағында көрсетiлген тауарлардан басқа кез келген жылжымалы немесе жылжымайтын мүлiк аукциондық сауданың нысанасы болуы мүмкiн.

      72. Аукциондық саудаға қатысу туралы ұсыныстар аукцион заты, оны өткiзудiң орны мен уақыты туралы мәлiметтердi қамтиды.

      73. Аукциондық саудаға қатысуға тiлек бiлдiрген тұлғалар, егер оны өткiзудiң шарттарында өзгеше белгiленбесе, аукцион басталғанға дейiн, аукционға қатысуға өтiнiш бередi және кепiлдiк жарнаның белгiленген сомасын енгізедi.

      74. Егер аукционның затын оған қатысушылардың бiр де бiрi сатып алуға тiлек бiлдiрмесе, бастапқы бағаның төмендетiлуi немесе аукционның заты осы аукционнан алып тасталуы мүмкiн.

      75. Егер аукцион шарттарында өзгеше белгiленбесе, ең жоғары баға ұсынған аукционға қатысушымен оған аукционның затын сату туралы шарт жасалады.

      76. Егер сатып алушы осы Ереженiң 75-тармағында көзделген шартты жасасудан бас тартса, ол аукционға қатысушылардың қатарынан шығарылады, оған кепiлдiк жарна қайтарылмайды, ал сатып алушы оны сатып алудан бас тартқан аукционның заты сауда-саттыққа қайтадан шығарылуы мүмкiн.

      77. Аукционға қатысқан, бiрақ онда ештеңе сатып алмаған тұлғаларға кепiлдiк жарнаның сомасы қайтарылады.
      Аукционның қандай да бiр затын сатып алған тұлғаларға кепiлдiк жарнаның сомасы төленген сатып алу бағасының есебiне есептеледi.

Параграф 2. Комиссиялық сауда

      78. Комиссияға тауарлар Қазақстан Республикасының азаматтарынан, шетелдiк азаматтардан, азаматтығы жоқ тұлғалардан қабылданады.

      79. Егер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында меншiк құқығы ауысуының өзге тәртiбi көзделмеген болса, комиссияға қабылданған тауарға меншiк құқығы ол сатып алушыға сатылған (берiлген) сәтке дейiн комитентте қалады.

      80. Комиссионер комитенттiң алдында өзiндегi комитент сату үшiн берген тауардың жоғалғаны, жетпегенi немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi.

      81. Комиссионер мен комитент арасындағы келiсiм бойынша комиссияға жаңа және бұрын тұтынылған азық-түлiк емес тауарлар қабылданады.

      82. Комиссияға тауарларды қабылдау комиссионер және комитент қол қоятын мынадай мәлiметтердi қамтитын жазбаша нысандағы комиссия шартын жасау жолымен ресiмделедi:
      1) шарттың нөмiрi, оның жасалған күнi;
      2) тараптардың атауы және деректемелерi (мекен-жайы, есеп шоты, комиссионердiң телефоны, паспорт деректерi немесе комитенттiң жеке басын куәландыратын өзге де құжаттың деректерi);
      3) тауардың атауы;
      4) бұрын тұтынылған тауардың тозу деңгейi және кемшiлiктерi;
      5) тауардың бағасы;
      6) комиссиялық сыйақының мөлшерi және төлеу тәртiбi;
      7) тауарды комиссияға қабылдау шарттары; тауарға арзандату жүргiзудiң тәртiбi мен мөлшерi; тауарды сатудың оны арзандатқанға дейiнгi және кейiнгi мерзiмдерi; комиссионер сатпаған тауарды комитентке қайтарудың шарттары мен тәртiбi;
      8) комиссионер мен комитент арасында есеп айырысу шарттары мен тәртiбi; егер тараптардың келiсiмi бойынша бұл шығыстар өтелуге жатса, комиссияға қабылданған тауарды сақтау бойынша комиссионердiң шығыстарын төлеу мөлшерi.
      Тауарларды комиссияға қабылдау ресiмделетiн шартқа тараптардың келiсiмi бойынша комитенттiң құқықтарын шектемейтiн қосымша шарттар енгiзiлуi мүмкiн.
      Егер комиссияға бiрнеше тауарлар тапсырылса, олардың атаулары мен бағалары тауарларды комиссияға қабылдау ресiмделетiн шарттың ажырамас бөлiгі болып табылатын тауарлар тiзбесiнде көрсетiлуi мүмкiн. Көрсетiлген шарт екi данада жасалады. Бiр данасы комитентке тапсырылады, екiншiсi комиссионерде қалады.

      83. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік тiркелуге жататын отандық та, шетелдiк те өндiрiстiң автомобильдерi, мотоциклдерi және мототехниканың басқа да түрлерi (бұдан әрi - көлiк құралдары деп аталады), олардың нөмiрлi агрегаттары көлiк құралдарына және олардың агрегаттарына меншiк құқығын, сатуға байланысты олар есептен шығарылғандығын куәландыратын құжаттар болған жағдайда комиссияға қабылданады.

      84. Қымбат бағалы металдардан және қымбат бағалы тастардан жасалған бұйымдар осы Ережеде көзделген оларға қойылатын талаптарға сәйкес комиссияға қабылданады.

      85. Комиссияға осы Ереженiң 18-тармағында көзделген тауарлар, сондай-ақ үй жағдайларында аурулардың алдын алу мен емдеуге арналған тауарлар; жеке гигиена заттары; парфюмерлiк-косметикалық тауарлар;
      полимерлiк материалдардан жасалған тамақ өнiмдерiмен жанасатын, соның iшiнде бiр рет пайдалануға арналған бұйымдар мен материалдар; тұрмыстағы химия тауарлары; дәрiлiк заттар қабылданбайды.

      86. Тауарды комиссияға қабылдау кезiнде оған тауарлық жапсырма, ал ұсақ бұйымдарға (сағаттар, моншақтар, сәндi түйреуiштер және басқа да соған ұқсас бұйымдар) - тауарды қабылдау кезiнде ресiмделетiн құжаттың нөмiрi мен бағасы көрсетiлген баға көрсеткiшi бекiтiледi.
      Комиссияға қабылданған тауарлардың тiзбесiнде және тауарлық жапсырмада тауардың жай-күйiн сипаттайтын мәлiметтер көрсетiледi (жаңа, бұрын тұтынуда болған, тозу дәрежесi, негiзгi тауарлық белгiлерi, тауардың кемшiлiктерi). Комиссияға қабылданған көлiк құралдарына қатысты бұл мәлiметтерге көлiк құралының сәйкестендiру нөмiрi, маркасы, моделi, атауы (түрi), шығарылған жылы, двигателiнiң, шассиiнiң (рамасының), шанағының (тiркемесiнiң), "транзит" тiркеу белгiсiнiң нөмiрлерi, шанағының (кабинаның) түсi, спидометр деректерi бойынша жүрiлгенi, көлiк құралы паспортының сериясы және нөмiрi енгiзiледi, ал Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген көлiк құралына қатысты оның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кедендiк ресiмделгенiн растайтын құжаттың нөмiрi мен күнi көрсетiледi.
      Комиссияға қабылданған тауарлардың тiзбесi мен тауарлық жапсырмаға комиссионер және комитент қол қояды.

      87. Комиссионер комитентке оның келiсiмiмен қосымша қызметтер (тауарды үйде қабылдау және бағалау, iрi көлемдi тауарды комитенттен сауда объектiсiне жеткiзу бойынша және басқа) ұсынуы мүмкiн.

      88. Комитент кез келген уақытта комиссионерге берiлген тапсырманы бұза отырып, комиссияның шартын орындаудан бас тартуға құқылы. Комиссионер тапсырманы бұзудан туындаған шығындарды өтеудi талап ете алады.
      Комитент комиссияның шартында белгiлеген мерзiмде, ал егер мұндай мерзiм белгiленбесе, комиссионердiң қарауындағы өз мүлкiне дереу иелiк етедi.
      Егер комитент өз мүлкiне иелік етпесе, комиссионер тауарды комитент есебiнен сақтауға тапсыруы не оны комитент үшiн мүмкiндiгiнше неғұрлым тиiмдi бағаға сатуы мүмкiн.

      89. Комиссионер мен комитенттiң арасында комиссия шартының талаптарын орындау жөнiнде туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.

      90. Тауардың бағасы комиссионер мен комитенттiң келiсiмiмен айқындалады.

      91. Комитент комиссионерге комиссиялық сыйақы төлейдi, оның мөлшерi тараптардың келiсiмiмен айқындалады.
      Егер шартта сыйақы мөлшерi немесе оны төлеудiң тәртiбi көзделмеген болса және сыйақы мөлшерiн шарттың талаптарына сүйенiп айқындау мүмкiн болмаса, сыйақы комиссия шартын орындағаннан кейiн әдетте осыған ұқсас қызметтер үшiн салыстырмалы жағдайлар кезiнде алынатын мөлшерде төленедi.

      92. Комиссияға қабылданған тауар демалыс және мерекелiк күндердi қоспағанда, оны қабылдағаннан кейiн келесі күннен кешiктiрмей сатуға түседi.
      Комиссионердiң кiнәсi бойынша тауардың түсуi кешiктiрiлген жағдайда соңғысы комитентке мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн сыйақы сомасының үш пайызы мөлшерiнде тұрақсыздық төлемiн төлейдi. Тараптардың келiсiмi бойынша тұрақсыздық төлемнiң неғұрлым жоғары көлемі белгiленуi мүмкiн.

      93. Қабылданған тапсырманы комиссионер комитенттiң нұсқауларына сәйкес, ал шартта мұндай нұсқаулар болмаған жағдайда - комитент үшiн неғұрлым тиiмдi шарттарда, iскерлiк айналымының дәстүрлерiне немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындайды.

      94. Комиссионер, егер iс жағдаяттары бойынша бұл комитенттiң мүддесi үшiн қажет болса және комиссионер комитентке алдын ала сұрау сала алмаса не өз сұрау салуына ақылға қонымды мерзiмде жауап ала алмаса комитент нұсқауынан ауытқуы мүмкiн. Комиссионер жол берілген ауытқулар туралы, хабарлау мүмкiн болған бойда, комитентті хабардар етедi.
      Комитент комиссионерге алдын ала сұрау салусыз оның нұсқауларынан ауытқу мүмкiндiгiн беруi мүмкiн. Мұндай жағдайда комиссионер, егер комиссия шартында өзгеше көзделмесе, жол берiлген ауытқулар туралы ақылға қонымды мерзiмде комитенттi хабардар етедi.

      95. Оны комиссияға қабылдау кезінде анықталмаған және сатып алушыға сатуға (беруге) дейiн айқындалмаған кемшiлiгi бар жаңа тауар, егер кемшiлiктер комиссионердiң кiнәсi бойынша туындағаны дәлелденбесе, комиссионердiң тауарды сақтау жөнiндегi шығыстары төленбестен сатудан алынады және комитентке қайтарылады. Тараптардың келiсiмi бойынша бұл тауарды пайдаланудың өзге тәртiбi айқындалуы мүмкiн.

      96. Кепiлдiк мерзiмi бар тауарды сату кезiнде, егер ол мерзiм өтiп кетпесе, сатып алушыға комитенттен алынған кепiлдiк талоны, техникалық паспорты, сервистiк кiтапша немесе оны алмастыратын сатып алушының қалған кепiлдiк мерзiмiн пайдалану мүмкiндiгiн растайтын өзге де құжат берiледi.

      97. Егер оның кемшiлiктерi комиссионермен келiсiлмесе, оған тиiстi сапасы жоқ жарамайтын тауар сатылған сатып алушы, өз қалауы бойынша:
      1) соған ұқсас маркадағы (модельдегi, артикулдегi) тауарға ауыстыруды;
      2) сатып алу бағасын тиiсiнше қайта есептей отырып басқа маркадағы (модельдегі, артикулдегi) осындай тауарға ауыстыруды;
      3) сатып алу бағасын мөлшерлеп кемiтудi;
      4) тауардың кемшiлiктерiн дереу тегiн жоюды;
      5) тауардың кемшiлiктерiн жоюға жұмсалған шығыстарды өтеудi талап ете алады.
      Бұл ретте сатып алушы өзiне тиiстi сапасы жоқ тауарды сату салдарынан келтiрiлген залалдың толық өтелуiн талап ете алады.
      Сатып алушының осы тармақтың 1), 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген талаптары комиссионердiң келiсiмiмен қанағаттандырылуы тиiс.
      Сатып алушы, осы тармақта көрсетiлген талаптарды ұсынудың орнына, сатып алған тауардан бас тартуы және тауар үшiн төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуi мүмкiн.
      Бұл ретте сатып алушы алынған тиiстi сапасы жоқ тауарды комиссионердiң талабы бойынша және оның есебiнен қайтаруы тиiс.

      98. Комиссияға қабылданған тауарларды арзандатудың тәртiбi мен мөлшерi комиссия шартын жасасу кезiнде комиссионермен және комитентпен келiсiледi.
      Шақырту туралы комитенттi хабардар ету тәсiлi және оның келу мерзiмi тараптардың келiсiмiмен айқындалады.
      Комитент арзандатудан бас тартқан жағдайда, егер ол шартта көзделсе, комиссионерге оны сақтау жөнiндегi шығыстарды өтей отырып, тауар оған қайтарылады.
      Тауарға бағалау жүргiзу шартқа қоса берiлетiн комиссияға қабылданған тауарлардың тiзбесiнде, тауар жапсырмасында немесе баға көрсеткiшiнде көрсетiледi.

      99. Комиссионер комитенттiң көрсеткенiнен де неғұрлым тиiмдi шарттарда мәмiле жасаған жағдайда, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, қосымша пайда комитент пен комиссионердiң арасында тең бөлiнедi.

      100. Мүлікті комитентпен келiсiлгеннен төмен баға бойынша сатқан комиссионер, егер ол мүлiктi келiсiлген баға бойынша сатуға мүмкiндiгi болмағанын және мейiлiнше төмен бағамен сату көбірек шығынға әкелетiнiн, сондай-ақ оның комитент нұсқауынан бас тартуға комитенттің алдын ала келiсiмiн алу мүмкiндiгi болмағанын дәлелдесе, комитентке айырманы өтейдi.

      101. Комиссионер сатылған тауар үшін ақшаны комитентке тауар сатылғаннан кейiн үшiншi күннен кешiктiрмей төлейді.
      Сатылған тауар үшiн ақша төлеу, сондай-ақ комиссияға қабылданған, бірақ сатылмаған тауарды қайтару комитент комиссия шартының жасалғанын растайтын құжатты, паспортты немесе комитенттiң жеке басын куәландыратын өзге де құжатты ұсынғаннан кейін жүргiзiледi.
      Комитенттiң қалауы бойынша, оған сатылған тауар үшiн ақша төлеуді комиссионер қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша жүргiзуi мүмкiн.

      102. Комитент уәкiлеттiк берген тұлғаға сатылған тауар үшiн ақша төлеудi, сондай-ақ сатылмаған тауарды қайтаруды комиссионер белгiленген тәртіппен ресімделген сенімхат және комиссия шартының жасалғанын растайтын құжат ұсынылғаннан кейін жүргізуі мүмкiн.

      103. Егер тараптардың келiсiмiнде өзге мерзім белгiленбесе, сатылған тауар үшiн комитентке ақша төленген не оған сатылмаған тауар қайтарылған күннен бастап 30 күннің iшiнде комитенттiң комиссия шартының тиiстi дәрежеде орындалмауымен байланысты талаптары комиссионерге ұсынылуы мүмкін.

Параграф 3. Тапсырыстар бойынша жасалатын сауда

      104. Тапсырыстар бойынша жасалатын сауда сатушының жарнама және тауарлар туралы ақпарат таратудың өзге де тәсiлдерi негiзiнде мәліметтер беру жолымен жүзеге асырылады.

      105. Тауарларды тапсырыс бойынша сату жиынтық (стандарттық) жөнелтiлiмдер арқылы да жүзеге асырылуы мүмкiн. Жиынтық (стандарттық) жөнелтiлiмдер әр түрлі мақсаттағы тауарлар жиынтықтарын қамтуы мүмкiн.

      106. Тапсырыстар бойынша жасалатын сауданы сауда қызметінің субъектiлерi сатып алушының көшпелi сауда орындарында, тiкелей, телефон немесе почта тапсырысы арқылы тапсырыстар беруi және (немесе) қабылдауы арқылы жүзеге асырады.

      107. Тапсырысты қабылдау және орындау жөнiндегi қызметтердiң бағасы, ақы төлеу тәртiбi, жеткiзу мерзiмi шартпен айқындалады.

      108. Тауарларды тапсырыс бойынша босату оралған түрде жүргiзiледi.
      Онсыз тауар сатылмайтын ораманың (қағаз, пергамент, целлофан және басқалары) құны тауар бағасына кiредi.
      Сатып алушының тiлегi бойынша сатушы тауарды арнайы ыдысқа (себеттер, қораптар, полиэтилен сөмкелер және басқалар) салу, тапсырыстарды сыйлықтық безендiрумен жиынтықтау бойынша қосымша қызметтер көрсетуі тауарларды үйге жеткiзу бойынша қызметтер көрсетуі мүмкін.
      Арнайы ыдыстардың үлгiлерi олардың құны көрсетiле отырып сатып алушылардың назарына шығарылып қойылады. Тауарлардың орамасы және жеткізу құралдары санитарлық ережелер мен нормалардың талаптарына жауап беруi және тауарлардың сақталуын қамтамасыз етуi тиiс.

      109. Тапсырысты жинақтағаны үшiн төлем, тауарларды сатып алушының үйiне жеткізу бойынша, сондай-ақ басқа да қосымша қызметтер көрсеткені үшiн шығыстар тапсырыс құнына кiредi және оларды прейскуранттың негiзiнде сатушы айқындайды.

      110. Тауарды елдi мекен шегiнде жеткiзу қолма-қол жүзеге асырылады, тауарларды басқа орындардан жеткізу көлік немесе почта ұйымымен шарт жасасу арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін.
      Тауарлар басқа елді мекеннен жеткiзiлген жағдайда тауар үшін есеп айырысуды, сондай-ақ көлік немесе почта ұйымы көрсеткен қызметтерге ақы төлеудi сатушының агентi жүзеге асырады.

      111. Тапсырыстарды қабылдау, беру және жеткізу сатып алушымен келiсiлген уақытта жүргiзiледi. Сатып алынған тауарларға төлемдi қолма-қол және қолма-қол ақшасыз түрде жүргізуге рұқсат етiледi.

      112. Қабылданған тапсырысты жиынтықтау кезiнде сатушы сатып алушының келiсiмiнсiз тауарлардың түр-түріне өзгерістер енгiзбейдi. Тапсырыс берiлген тауарлардың қандай да бірі болмаған жағдайда сатушы сатып алушыны ескертедi және оған тиiстi ауыстыру ұсынады.

      113. Тауарларға тапсырыстар Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiмен қандай да бiр тауарларды сату кезiнде тұтынушының жасы бойынша шектеу белгiленетiн жағдайларды қоспағанда, тауар сатып алу үшiн жүгiнген әрбiр адамнан қабылданады. Тапсырыстарды қабылдау және бepу, егер заңнамада өзгеше көзделмесе телефон бойынша, азаматтардың жұмыс орны бойынша және өзге де орындарда жүзеге асырылады.

      114. Сатып алушыға шарттасқан мерзімде тапсыру мүмкiндiгiнiң болмауына байланысты қайтарылған тапсырысты сатушы өзiнiң қалауы бойынша пайдаланады.

      115. Тапсырыс беруші шарттың талаптары бұзылмастан орындалған тапсырысты қабылдаудан бас тартқан жағдайда, тапсырыс беруші тауарды тапсырыс берушіге дейiн және керi қарай тасымалдау жөніндегі қызметтiң құнын өтейдi.

      116. Сатушы шарттың талаптарын бұзған жағдайда сатып алушы өз таңдауы бойынша тапсырысты орындаудың жаңа мерзімін белгiлеуге, тауар үшiн төлемді азайтуды талап етуге, шартты бұзуға және залалдарды өтеудi талап етуге немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де шаралар қабылдауға құқылы.

Параграф 4. Шекара маңындағы сауда

      117. Шекара маңындағы сауданы Қазақстан Республикасының шекара маңы аумағы мен шектес мемлекеттiң тиісті шекара маңы аумағындағы жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

      118. Шекара маңындағы сауданы жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен шектес мемлекеттермен жасасқан халықаралық шарттарда белгiленген талаптарға сәйкес айқындалады.

Параграф 5. Көшпелi сауда

      119. Көшпелi сауда тиістi аумақта жоқ тауарларға тұтынушылық қажеттiлiктi қанағаттандыру үшiн не осы аумақта сауда объектiлерi болмаған жағдайда жүзеге асырылады.

      120. Сауда қызметiнiң субъектілері көшпелi сауданы жергiлiктi атқарушы органдар белгiлеген арнайы бөлінген орындарда жүзеге асырады.
      Көшпелi сауда автодүкендерде және (немесе) шатырларда жүзеге асырылады.
      Көшпелi сауданы жүзеге асыру кезiнде сауда қызметiнiң субъектiлерi осы Ереженiң нормаларын басшылыққа алады.

Параграф 6. Көрме-жәрмеңкелік сауда

      121. Көрме-жәрмеңкелiк сауда орталық атқарушы органдардың, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң немесе жергiлікті атқарушы органдардың, сондай-ақ сауда қызметі субъектiлерiнiң рынок конъюнктурасын зерделеу, тауарларды сатып алу-сатуды ұйымдастыруға жәрдемдесу, шарттар жасасу және жаңа сауда байланыстарын орнату мақсатында көрмелер және жәрмеңкелер ұйымдастыруы жолымен жүзеге асырылады. Көрме-жәрмеңкелiк сауда тауарлар үлгілерiн көрсетумен байланысты болады.
      Сауда қызметі субъектiлерi қоғамдық орындарда көрме-жәрмеңкелiк сауданы өткiзудi тиiстi аумақтың жергілікті атқарушы органымен өткiзу уақытын және орнын келiсу арқылы жүзеге асырады.
      Көрме-жәрмеңкелiк сауданы жүзеге асыратын сауда қызметiнiң субъектiлерi өз қызметінде осы Ереженің нормаларын басшылыққа алады.

      122. Шартта белгiленген жағдайларда және мерзiмде қайта әкелуге жататын тауарды көрме-жәрмеңкелік сауданы жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге әкету Қазақстан Республикасының кедендiк заңнамасына сәйкес реттеледi.

Параграф 7. Электрондық сауда

      123. Электрондық сауда электрондық саудаға қатысушылардың электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, тауарларды сатып алу-сатуға арналған келiсiмiнiң (шартының) негiзiнде сауда мәмiлелерiн жасасу жолымен жүзеге асырылады.

      124. Электрондық саудаға қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау сауда қызметi субъектiлерi үшiн көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

      125. Электрондық сауданы жүзеге асырудың тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

Параграф 8. Тауарлардың биржалық саудасы

      126. Биржалық сауда Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      127. Биржа биржалық тауарлардың көтерме саудасын жүргiзумен тiкелей байланысты ұйымдастыру және реттеу қызметiн жүзеге асырады.

      128. Биржалар биржалық саудаға тiкелей байланысты емес сауда, сауда-делдалдық және кез келген өзге де қызметтi жүзеге асырмайды.

      129. Көпшiлiк сауда-саттыққа биржа шығаратын биржалық тауар нормативтiк құжаттаманың талаптарына және қолданыстағы стандарттарға жауап бередi.

      130. Биржалық сауда-саттық барысында биржа тiркеген биржалық саудаға қатысушылар биржалық тауарға қатысты жасасатын шарт (келiсiм, келiсiм-шарт) биржалық мәмiле болып табылады. Биржалық мәмiлелердi тiркеу және ресiмдеу тәртiбiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес биржа белгілейдi.

      131. Биржада белгiленбеген тәртiппен жасалған мәмiлелерге биржаның кепiлдiктерi қолданылмайды.

      132. Биржалық сауда-саттық барысында биржалық саудаға қатысушылар:
      1) нақты тауарға қатысты құқықтар мен мiндеттердi өзара табыстауға;
      2) жеткiзiлу мерзiмi кейiнге қалдырылған нақты тауарға қатысты құқықтар мен мiндеттердi өзара табыстауға (форвардтық мәмiлелер);
      3) биржалық тауарды болашақта жеткізуге арналған стандартты келiсiм-шарттарға қатысты құқықтар мен мiндеттердi өзара табыстауға (фьючерстiк мәмiлелер);
      4) биржалық тауарға немесе биржалық тауарды жеткiзуге арналған келiсiм-шартқа қатысты құқықтар мен мiндеттердi болашақта табыстау құқықтарын беруге (опциялық мәмiлелер);
      5) биржалық сауда ережелерiнде белгiленген биржалық тауарға немесе келiсiм-шартқа байланысты мәмiлелердi жасай алады.

      133. Брокерлiк ұйымдар, брокерлер, дилерлер және бiр жолғы келушiлер биржалық саудаға қатысушылар болып табылады.

      134. Биржалық сауда:
      1) клиенттiң атынан және оның есебiнен, клиенттiң атынан және өз есебiнен немесе өз атынан және клиент есебiнен биржалық мәмiлелер жасасу (брокерлiк қызмет);
      2) кейiн биржада қайта сату мақсатымен өз атынан және өз есебiнен биржалық мәмiлелер жасасу (дилерлiк қызмет);
      3) өз атынан және өз есебінен бiр жолғы келушілермен биржалық мәмiлелер жасасу жолымен жүзеге асырылады.

      135. Биржа биржалық сауда қатысушысының талабы бойынша жария көпшiлiк сауда-саттықтары арқылы сатылатын нақты тауарлар сапасының нормативтiк құжаттама талаптарына сәйкестiгiне сараптама ұйымдастырады.

      136. Биржаның:
      1) биржалық сауда ережелерiн және басқа да ережелердi;
      2) биржа және оның бөлiмшелерi көрсететiн қызметтер үшiн өзiнiң мүшелерiнен және биржалық саудаға басқа да қатысушылардан биржаның пайдасына алынатын төлемдердiң ставкаларын;
      3) биржаның жарғысын, биржалық сауда ережелерін және биржа белгілейтін басқа да ережелерді бұзғаны үшін алынатын, биржалық шарттың талаптарында көзделген экономикалық санкциялардың мөлшерлерін өз бетiмен белгілейді.

      137. Биржаға:
      1) биржалық тауарға арналған бағаның деңгейлерi мен шектерiн;
      2) биржалық мәмілелерге делдалдық жасағаны үшiн биржалық сауда-саттыққа қатысушылар алатын сыйақы көлемiн белгiлеуге тыйым салынады.

      138. Қызметтер үшiн тарифтер мен биржалық сауда-саттықтарға қатысушылардан алынатын комиссиялық алымдардың прейскуранты кез келген биржалық саудаға қатысушыға танысу үшiн қол жетімді орындарда орналасады.

6. Тауарлардың жекелеген түрлерiн сатуға қойылатын талаптар

Параграф 1. Азық-түлiк тауарларын сатуға қойылатын
талаптар

      139. Тауарлар олар сауда залына немесе өзге де сату орнына берiлместен бұрын ыдыстан, орама және байлама материалдардан, металл тiстемелерден босатылады. Тауардың ластанған бетi немесе бөлiктерi алынып тасталады. Сатушы сондай-ақ тауарлардың сапасына (сыртқы белгiлерi бойынша), тауарлардың осы Ереженiң 13 және 140-тармақтарында көрсетілген қажетті құжаттамасы мен ақпаратының болуына тексеру жүргiзедi.

      140. Этикеткаларда, жапсырмаларда, қосымша парақтарында және орама материалдары мен бұйымдардың стикерлерінде, тамақ өнiмдерiнiң түрлерi ескеріле отырып, осы Ереженiң 13-тармағында көрсетiлген ақпараттан басқа, мемлекеттік және орыс тілдерiнде:
      1) өнімнің тағамдық құндылығы (құнарлылығы, ақ уыздардың, майлардың көмiртектерiнiң, витаминдердiң, макро және микроэлементтердің құрамы);
      2) арналуы және қолданылу шарттары (оның iшiнде балаларға арналған, диеталық және емдiк-алдын алу тағам өнiмдерi мен биологиялық белсендi қоспалар);
      3) дайын тағамдарды дайындау тәсiлдерi мен шарттары (тамақ өнiмдерiнiң концентраттары мен жартылай фабрикаттары үшiн);
      4) сақтау шарттары мен мерзiмдерi (олардың сақтау шарттарына талаптар қойылатын тағам өнiмдерiне қатысты) және жарамдылық мерзiмдерi;
      5) тағам өнiмдерiнiң дайындалған күнi мен оралған күнi;
      6) тағамдық және биологиялық белсендi қоспаларды қоса алғанда, құрамы және қолданылатын генетикалық түрлендiрiлген көздерi туралы мәлiметтер көрсетiледi.

      141. Өлшемелi тауарларды сатар алдында сатушы қаттаған және ораған жағдайда қатталатын тез бүлiнетiн тауарлардың көлемi сауданың бiр күнi iшiнде олардың сатылатын көлемiнен аспайды.
      Қатталған тауарда оның атауы, салмағы, килограмм үшiн бағасы, салмақ бағасы, қатталған күнi, жарамдылық мерзiмi көрсетiледi.

      142. Өлшемелi азық-түлiк тауарлары сатып алушыға орама үшiн қосымша ақы алынбастан оралған түрде берiледі.
      Орама үшiн стандарттардың мiндеттi талаптарына сәйкес материалдар пайдаланылады.

      143. Өлшенiп сатылатын азық-түлiк тауарларының бағасы таза салмақ бойынша айқындалады.

      144. Азық-түлiк тауарларының саудасы орындарында азық-түлiк емес жанама тауарлардың сатылуы және азық-түлiк тауарларының сапасы мен қауiпсiздiгiн және санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалардың және стандарттардың мiндеттi талаптарында белгiленген оларды сату жағдайларын нашарлатуға әкеп соқтырмайтын қоғамдық тамақтандыру қызметiнiң көрсетiлуi және тауар көршiлiгi қағидаты ескерiлуi мүмкiн.

      145. Сауда объектiлерiне сату үшiн түскен жануарлардан алынған өнiмдер мен шикiзат мемлекеттiк ветеринарлық қадағалауға жатады және Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен ветеринарлық-санитарлық сараптау зертханаларында зертханалық талдауға ұшырайды.

Параграф 2. Нан-тоқаш және кондитерлiк өнiмдердi
сатуға қойылатын талаптар

      146. Нан-тоқаш және кондитерлiк өнiмдердi сатумен айналысатын сауда қызметiнiң субъектiлерi өз қызметiнде осы Ереженi, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, осы тауарлар саудасы бойынша әрбiр сауда объектiлерiнде болатын нормативтiк-техникалық құжаттарды басшылыққа алады.

      147. Нан-тоқаш өнiмдерiн барлық меншiк нысанындағы сауда желiлерiнде сату мамандандырылған және фирмалық нан-тоқаш және кондитерлiк дүкендерде, азық-түлiк дүкендерiнiң нан-тоқаш бөлiмдерiнде жүргiзiледi.

      148. Нан-тоқаш және кондитерлiк өнімдердiң әрбiр партиясы өнiмнiң пештен шыққан уақыты көрсетiле отырып, тауарлық-көліктік жүк құжатымен, сондай-ақ сәйкестiк сертификатымен қамтамасыз етiлуi тиiс.

      149. Өзiне өзi қызмет көрсететiн дүкендер сатып алушылардың нан-тоқаш және кондитерлiк өнiмдердi таңдауы үшiн нан және нан-тоқаш өнiмдерi орналасқан жабдықтың әр қума метрiнде екi данадан кем емес есепте металл қысқыштармен, қасықшалармен, күрекшелермен жабдықталады.

      150. Сатып алушылардың тiлегi бойынша 0,4 кг және одан көп салмақтағы даналап сатылатын нан-тоқаш өнiмдерiн (орамадағы бұйымдардан басқа) 2-4 тең бөлiктерi кесуге рұқсат етiледi.

      151. Нан-тоқаш өнiмдерiн кесуге үгiндiлердi азайту, тез және тең кесу үшiн жүзi үнемі және жақсы қайралатын нан кескiш тұтқалы немесе қол пышақтары қолданылады.

      152. Сапасыз нан-тоқаш және кондитерлiк өнiмдер сатылған жағдайда нан-тоқаш және кондитерлiк өнiмдер саудасы жөнiндегi объектiнiң қызметкерлерi сатып алушының талабы бойынша оларды сапалысына алмастырады.

Параграф 3. Тоқыма, трикотаж, тiгін және үлбiр
тауарлары мен аяқ киiмдердi сатуға қойылатын талаптар

      153. Тоқыма тауарлары (мата және мата емес материалдар мен олардан жасалатын бұйымдар), трикотаж бұйымдары, тiгiн тауарлары (киiм, iш киiм, бас киiмдер), үлбiрден жасалған бұйымдар мен аяқ киiмдер сауда залына берiлерден бұрын сату алдындағы дайындықтан өтедi, ол:
      1) тауарды орамынан шығаруды, сорттауды және қарауды;
      2) тауар сапасын (сыртқы белгiлерi бойынша) және осы Ереженің 13-тармағында көрсетiлген қажетті ақпараттың болуын тексеруді;
      3) қажет болған жағдайда бұйымдарды тазалауды және үтіктеу мен оларды ұсақ жөндеуді қамтиды.

      154. Сату үшiн ұсынылатын тауарлар түрлерi, модельдерi, мөлшерлерi, ұзындығы бойынша топтастырылады және сауда залына қойылады. Сауда ерекшелiктерi ескеріле отырып, сауда залында сатып алушыға өзіне қажеттi тауарды таңдау және сатып алу мүмкiндiгiн беретiн сатуға ұсынылатын тауарлардың үлгiлерi қойылуы мүмкiн.
      Ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған трикотаж, тігін, үлбiр тауарлары мен аяқ киiмдер сауда залында жеке орналасады.
      Маталар түрлері және олар жасалған талшықтар бойынша, үлбiр тауарлары - үлбiрдiң түрлерi бойынша топтастырылады.
      Матаның әрбiр үлгiсi олар жасалған талшықтардың пайыздық құрамы туралы ақпаратпен, ал үлбiрден жасалған бұйымдар - үлбiрдiң түрi туралы ақпаратпен де қамтамасыз етiледi.

      155. Тауарларда өзiнiң атауы, артикулы, бағасы, мөлшерi (киім, iшкиiм және басқа да тiгiн бұйымдары, аяқ киiм, бас киiм үшiн) және ұзындығы (киiм мен iш киiм үшін) көрсетiлген ілме жапсырмалар болады.

      156. Сатушы сатып алушыға тiгiн, сырт трикотаж бұйымдарын, бас киiмдердi, үлбiр тауарлары мен аяқ киiмдердi киiп көру үшiн жағдай жасайды. Осы мақсат үшiн сауда залдарын айналары бар киіп көру кабиналарымен жабдықтау, банкеткалармен немесе орындықтармен, сондай-ақ тұғырлармен жарақтау қажет.

      157. Жүн маталарды, мақталы және басқа да ауыр маталарды сатып алушыға сату кезiнде өлшеу сөреде (үстелде) бүктемелерсiз бос күйде жатқан матаның үстiне стандартты қатты метрдi қою жолымен жүргiзiледi. Жұқа және жеңiл маталар матаны қатты стандартты метрге тартпай бос жанастыру арқылы сөреге тастап отыру жолымен өлшенедi.
      Жүн маталар мен трикотаж жаймаларынан басқа маталардың барлық түрлерін өлшеу матаны бiр жағына металдан жасалған таңбалы өлшеу лентасы орнатылған сөреге (үстелге) жаю жолымен де жүргiзiлуi мүмкiн.
      Сатып алынған затқа мата тiлiктерiн қосуға, сондай-ақ егер фабрикалық әрленуi бұзылса және таңба терiс жағынан қойылса, фабрикалық iлме жапсырмалары мен таңбалары (хаздық етектерi) бар мата тiлiктерiн сатуға тыйым салынады.

      158. Сатушы маталарды, киiмдердi, үлбір тауарлары мен аяқ киiмдердi босату кезiнде сатып алушының көзінше тауардың сапасын (сырттай қарау жолымен) өлшену дәлдiгiн (санын), сатып алынған заттың құнын есептеудiң дұрыстығын тексередi.

      159. Маталар, киiмдер, үлбiр тауарлары мен аяқ киiмдер орама үшiн қосымша төлем алынбастан, сатып алушыға оралған күйде берiледi.

Параграф 4. Тұрмыстық мақсаттағы техникалық
жағынан күрделi тауарларды сатуға қойылатын талаптар

      160. Тұрмыстық радиоэлектрондық аппаратура, байланыс құралдары, есептеу және көбейту техникасы, фото және киноаппаратура, сағаттар, музыкалық тауарлар, тұрмыстық электр приборлары, машиналар мен аспаптар, сондай-ақ тұрмыстық мақсаттағы техникалық жағынан күрделi басқа да тауарлар сауда залына немесе сатып алынған затты беретiн орынға берiлгенге дейiн сату алдындағы дайындықтан өтедi, ол:
      1) тауарды орамынан шығаруды, зауыттық майын, шаңды, қиқымдарды алуды;
      2) тауарды қарауды, атап айтқанда: бұйымның жиынтығын, сапасын, осы Ереженiң 13-тармағында көрсетiлген қажеттi ақпараттың болуын тексерудi;
      3) қажет болған жағдайда бұйымды жинауды және оны жөндеудi қамтиды.

      161. Сатып алушының талабы бойынша сатушы оны тауардың құрылысымен және жұмысымен таныстырады, жиналған, техникалық жағынан жарамды күйiнде көрсетеді. Қосу үшiн арнайы жабдықты талап етпейтін тауарлар жұмыс iстейтiн күйінде көрсетіледі.

      162. Сатушы немесе онымен жасасқан шарт бойынша сатушының функцияларын орындайтын ұйым стандарттардың немесе тауарға қоса берiлетiн техникалық құжаттаманың (техникалық паспорт, пайдалану жөнiндегi нұсқаулық) талаптарына сәйкес сатып алушы өз бетімен жинауға және (немесе) қосуға рұқсат етілмейтін техникалық жағынан күрделі тауарды сатып алушының үйінде жинауды және (немесе) орнатуды (қосуды) жүзеге асырады.
      Егер тауарды жинау және (немесе) орнату құны оның құнына енгiзiлген болса, онда көрсетiлген жұмыстарды сатушы немесе тиісті ұйым тегін орындайды.
      Егep тауарды жинау және (немесе) орнату құны оның құнына енгiзiлмеген болса, сатушы тауарды сату кезінде көрсетілген жұмыстарды орындайтын ұйымдар туралы ақпаратты сатып алушының назарына жеткiзедi.

Параграф 5. Парфюмерлiк-косметикалық тауарларды
сатуға қойылатын талаптар

      163. Парфюмерлiк-косметикалық тауарлар сауда залына берiлмес бұрын орамынан босатылады және қаралады, тауардың әрбiр бiрлiгiнiң сапасы (сыртқы белгiлері бойынша) және онда осы Ереженiң 13 және 164-тармақтарында көрсетілген қажетті ақпараттың болуы тексерiледi.

      164. Парфюмерлiк-косметикалық тауарлар туралы ақпарат осы Ереженiң 13-тармағында көрсетiлген мәліметтерден басқа, нақты тауардың ерекшеліктері ескеріле отырып, оның мақсаты, бұйымының құрамына кіретін ингредиенттері, жұмыс iстеуi мен тигiзетін әсері, қолдану үшін шектеулерi (қарсы көрсеткiштерi) қолдану тәсілдері мен шарттары туралы мәліметтердi қамтиды.

      165. Сатып алушыға тауардың қасиеттерiмен (иiсi, түсi, көлемi және т.б.) және ерекше сипаттамаларымен танысу мүмкiндiгi беріледі.

      166. Тауарларды целлофан орағышы немесе фирмалық лентасы бар орамамен беру кезiнде сатып алушыға целлофанды немесе фирмалық лентаны алу жолымен орама iшiн тексеру мүмкiндiгi берiледi. Тауардың аэрозольдi орамасын сатуды жүзеге асыратын адам ораманың жұмыс iстеуiн сатып алушының көзінше тексередi.

Параграф 6. Жеңiл автомобильдердi, мототехникаларды,
тiркемелердi және нөмiрлi агрегаттарды сатуға
қойылатын талаптар

      167. Жеңiл автомобильдер, мотоциклдер және мототехниканың басқа да түрлері, тіркемелер мен олардың нөмірлі агрегаттары түрлері мен көлемдерiн өнiмдi дайындаушылар айқындайтын сату алдындағы дайындықтан өтеді. Сатушы тауардың сервистік кiтапшасына немесе оны алмастыратын өзге де құжатқа осындай дайындықтың өткізілгені туралы белгі қояды.

      168. Сатуға ұсынылатын тауарды көрсету кезiнде сатып алушының оған еркiн қол жеткiзуi қамтамасыз етiледi.

      169. Тауарды сатып алушыға беру кезiнде дайындаушы белгiлеген керек-жарақтар жиынтығы мен құжаттар, оның iшiнде сервистiк кiтапша немесе оны алмастыратын өзге де құжат, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртiппен оларды мемлекеттiк тiркеу үшiн көлiк құралына меншiк құқығын куәландыратын құжат бiр мезгiлде берiледi.

      170. Сатушы тауарды беру кезiнде сатып алушының көзiнше, тауарды сату алдындағы дайындық бойынша орындалған жұмыстардың сапасын, сондай-ақ оның жиынтығын тексередi.

Параграф 7. Қымбат бағалы металдардан және қымбат
бағалы тастардан жасалған бұйымдарды сатуға
қойылатын талаптар

      171. Қымбат бағалы металдардан және қымбат бағалы тастардан жасалған зергерлiк бұйымдарды, корпусы қымбат бағалы металдардан жасалған сағаттарды сату күзет элементтерiмен немесе арнайы күзетпен жарақталған сауда объектiлерi арқылы жүзеге асырылады.

      172. Қымбат бағалы металдардан немесе қымбат бағалы тастардан жасалған бұйымдар сауда залына берiлгенге дейiн:
      1) бұйымды қарауды және ақауын тексерудi;
      2) оларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік сынамалық таңбасы (қазақстандық өндірістің бұйымдары үшін) мен шығарушы бедерлерінің болуын тексеруді;
      3) пломбалар мен жапсырмалардың сақталуын;
      4) мөлшерлер бойынша сұрыптауды қамтитын сату алдындағы дайындықтан өтедi.
      Ескерту. 172-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.06.28 N 637 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      173. Қымбат бағалы және жартылай қымбат бағалы металдар мен тастардан жасалатын зергерлiк бұйымдар сатылатын сауда қызметi объектiлерi дәлдiктiң тиiстi түрiндегі және сыныбындағы таразы құралдарымен жарақталады.
      Қымбат бағалы және жартылай қымбат бағалы металдар мен тастардан жасалған зергерлiк бұйымдарды сату кезiнде техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкiлеттi органның уақытылы тексерiлгендiгi туралы куәлiгi бар таразылар мен салмақ басқыштар пайдаланылады.
      Алтын мен платинаны өлшеу 0,01 г, күмiс 0,1 г дейiнгi дәлдiкпен жүргiзiледi. Қымбат бағалы тастар 0,01 карат, жартылай қымбат бағалылар 0,01 г дейiнгi, жасандылары 0,1 г дейiнгi дәлдiкпен өлшенедi.
      Зергерлiк және алтын бұйымдар 0,01 г, күмiс бұйымдар 0,1 г дейiнгi дәлдiкпен өлшенедi.
      Сатып алушының талабы бойынша оның көзiнше қымбат бағалы металдардан және қымбат бағалы тастардан жасалған жапсырмасыз сатып алынған салмағы 1 кг дейiнгi бұйымдарды өлшеу салмақты айқындаудың 0,01 г аспайтын дәлсiздiгi бар таразыларда және 1 кг-нан 10 кг-ға дейінгілер айқындаудың 0,1 г аспайтын дәлсіздiгі бар таразыларда жүргiзiледi.
      Ескерту. 173-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.06.28 N 637 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      174. Алтыннан жасалған бұйымдарды сатудың осы Ережеде көзделген тәртiбi платина мен палладийден жасалған бұйымдарға толығымен қолданылады.

      175. Қазақстан Республикасында өндiрiлген әрi оның аумағына әкелiнген зергерлік бұйымдарды, үстелдi жабдықтау, үй-жайды әсемдеу заттарын және қымбат бағалы металдардан (алтын, күміс, платина, палладий және олардың қорытпалары) жасалған басқа да бұйымдарды, қымбат бағалы тастары және iнжу бар бұйымдарды, сондай-ақ жартылай қымбат бағалы, жасанды және синтетикалық тастардан жасалған қосымшалары бар қымбат бағалы металдардан жасалған бұйымдарды сату бұл бұйымдарда дайындаушылардың таңба-бедерлерi болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
      Қырланған қымбат бағалы табиғи тастарды және iнжудi сату тек әрбiр тасқа немесе сатылатын тастардың жиынына сертификат болған жағдайда жүзеге асырылады.

      176. Қымбат бағалы металдардан және қымбат бағалы тастардан жасалған бұйымдарды, сондай-ақ қырланған қымбат бағалы табиғи тастарды сату кезiнде жеке орама пайдаланылады.

      177. Бұйымның маркалануының дұрыстығын, оның iшiнде салмағын тексеру мақсатында жапсырманы алу талап етiлетiн жағдайда, кейiннен дүкеннің жапсырма-көшiрмесiнде актiнiң нөмiрi көрсетiле отырып, акт жасалады. Дайындаушының жапсырмасы сақталады және бұйымға көшiрмемен бiрге iлiнедi.

Параграф 8. Аудио, аудиожазба өнiмдерiн және
электрондық есептеу машиналары мен дерекқорларға
арналған бағдарламаларды сатуға қойылатын талаптар

      178. Материалдық тасығыштардың кез келген түріне жазылған аудиожазба туындыларының даналарын, фонограммаларды, электрондық есептеу машиналары мен дерекқорларға арналған бағдарламаларды сату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар сақтала отырып, аталған өнiмдi сататын сатушылар мен туындылар құқығын иеленушiлердiң арасындағы келiсімнің негiзiнде жүргізіледі.

      179. Сатушы аудиожазба туындыларына қатысты осы Ереженiң 13-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа сатып алушыға мынадай ақпаратты ұсынады:
      1) фильмнiң, фильм түсiрiлген студияның атауы және оның шығарылған жылы;
      2) негiзгi фильмдік графикалық деректер (жанры, аннотациясы, сценарий авторы, режиссерi, композиторы, басты рөлдi орындаушылар және т.б. туралы мәліметтер);
      3) фильмнiң ұзақтығы (минутпен);
      4) көрермендер аудиториясының жастық шектелiмi жөнiндегi ұсынымдар;
      5) туындыға авторлық және (немесе) сабақтас құқық иесі туралы мәлiметтер.

      180. Сатушы фонограмма данасына қатысты осы Ереженің 13-тармағында көрсетiлген мәліметтерден басқа сатып алушыға мынадай ақпарат ұсынады:
      1) материалдық тасығышта жазылған әрбір музыкалық туындының атауы;
      2) музыкалық туындының ұзақтығы (минутпен);
      3) музыканың және музыкалық туынды сөзiнiң авторлары туралы мәлiметтер;
      4) туындыға авторлық және (немесе) сабақтас құқық иесi туралы мәлiметтер.

      181. Сатушы электрондық есептеу машиналары мен деректер қорына арналған бағдарламаларға қатысты осы Ереженiң 13-тармағында көрсетілген мәлiметтерден басқа сатып алушыға мынадай ақпарат ұсынады:
      1) электрондық есептеу машиналары мен деректер қорына арналған бағдарламаның атауы;
      2) жүйелiк талаптар;
      3) аннотация, жанр;
      4) туындыға авторлық және (немесе) сабақтас құқық иесi туралы мәлiметтер;
      5) "қораптық нұсқаны", бағдарламалық қамтамасыз етуге арналған лицензияны сатып алу жолымен сатып алынған бағдарламалық  қамтамасыз етудi пайдалану.

      182. Эротикалық мазмұны бар тауарды тек арнайы дүкендерде сатуға рұқсат етіледі.

      183. Материалдық тасығыштардың кез келген түріне жазылған аудиожазба туындыларының, фонограммалардың, электрондық есептеу машиналарына, деректер қорына арналған бағдарламалардың даналарын сатуға орамада және (немесе) жапсырмада шығыс деректерi: өнiм даналарын дайындаушының (импорттаушының) атауы мен орналасқан жері, авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды иеленуші туралы мәлiметтер болған жағдайда ғана рұқсат етiледi.

      184. Көрермен аудиториясының жастық шектелімі бар өнім өнiмнiң орамасында көрсетiлген жасқа жеткен адамдарға ғана көрсетiледi және сатылады.

      184-1. Аудио-, аудиокөрнекі шығармалардың, электрондық есептеу машиналарына арналған бағдарламалардың және кез келген материалдық тасығыштардағы дерекқорлардың даналарын сату тек сауда үйлері мен дүкендерде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 184-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2008.06.28 N 637 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

7. Осы Ереженiң сақталуын бақылау

      185. Осы Ереже талаптарының сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыретiнiң шегінде уәкiлеттi орган және басқа да мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.

      186. Сауда қызметiнiң субъектiсi уәкiлеттi органдардың лауазымды адамдарына тексеру жүргiзуге жәрдем көрсетеді және жүргiзiлген тексеру барысында анықталған кемшiлiктер мен жолсыздықтарды жою шараларын қабылдайды.

      187. Жүргiзiлген тексерулердiң нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда бақылаушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қабылдайды.

      188. Сауда қызметiнiң субъектiлерi осы Ереженi бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдеріне сәйкес жауапты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады