"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының, 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 154-бабының Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 4-тармағына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 13 маусымдағы № 19-НҚ нормативтік қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі А.А. Бельгибаевтың және оның өкілі – адвокат А.А. Кабдошеваның,

      Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі – төрағаның бірінші орынбасары Д.М. Малаховтың,

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі – төрағаның орынбасары С.С. Мүксімовтің,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Аскарбек Адылбекович Бельгибаевтың "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 13-бабының, 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚбК) 154-бабының және 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – Азаматтық кодекс (Ерекше бөлім) 895-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Е.Ә. Оңғарбаевтың хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, халықаралық тәжірибеге, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына А.А. Бельгибаевтың (бұдан әрі – ДК) Заңның 13-бабының, ӘҚбК-нің 154-бабының және Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) 895-бабының Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 4-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініші келіп түсті.

      Өтініштен және ұсынылған материалдардан ДК автокөлік қою үшін орын берумен байланысты кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғанын түсінуге болады. Тұрақ үшін жер учаскесі ДК-ге 6 жыл мерзімге уақытша пайдалануға берілген.

      2018 жылғы 22 маусымда өтініш субъектісі коммуналдық мемлекеттік мекеменің директоры болып тағайындалған. Заңның 1-бабының 4) тармақшасына сәйкес мемлекеттік ұйымда басқарушылық функцияларды орындайтын адам мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам болып табылады.

      Заңның 13-бабына сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынады.

      Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) 895-бабына сәйкес мемлекеттiк қызметшiнiң кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын мүлкi заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша сенiмгерлiкпен басқаруға берiлуге тиiс.

      Өтініш субъектісі тікелей ДК атында кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланылатын, Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) 895-бабына сәйкес сенімгерлік басқаруға берілуге жататын мүліктің тіркелмегенін және жоқ екенін растайды. Өзінің тағайындалуынан кейін ол сенімгерлік басқару шартын жер учаскесінің меншік иесі болмағандықтан ресімдей алмаған. Осыған байланысты нотариат куәландырған сенімхатпен өзінің қызына ДК кәсіпкерлік қызметіне басшылық ету және онымен байланысты барлық іс-әрекетті жасау құқығын берген.

      Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 7 қазандағы қаулысымен өтініш субъектісі Қазақстан Республикасының заңнамасында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салу белгіленген адамның осындай қызметпен айналысқаны үшін ӘҚбК-нің 154-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен оның апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

      Өтініш субъектісі осы жазылғандардың негізінде Заңның 13-бабында белгіленген тыйым салу өзінің кәсіпкерлік қызмет еркіндігі, сондай-ақ өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалану құқығын (Конституцияның 26-бабының 4-тармағы) бұзады деп санайды.

      Қаралып отырған Заң, Азаматтық кодекс (Ерекше бөлім) пен ӘҚбК нормаларының конституциялылығын тексерген кезде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның 33-бабының 4-тармағына сәйкес Республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгіленеді.

      Конституциялық Сот өзінің 2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулысында мемлекеттік қызметтің миссиясын, мемлекеттік қызметшілердің ерекше құқықтық мәртебесін, олардың алдына қойылған міндеттердің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, мемлекет азаматтар үшін, кандидаттарға қойылатын талаптарды және тиісті шектеулерді қоса алғанда, мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру қағидаларын айқындауға құқылы, бұлар мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық сенімін және берілген өкілеттіктердің теріс пайдаланылуына жол бермеуді қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін деп атап өтті.

      Белгіленген қағидалар мен шектеулердің бір бөлігі заңмен қорғалатын конституциялық құндылықтарға елеулі қатер төндіретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған. Қазақстан Республикасының заңнамасы сыбайлас жемқорлыққа кешенді қарсы іс-қимыл қажеттігінен туындайды, онда көзделген құралдар мен шаралар мемлекеттік билік органдарында, мемлекеттік және өзге де ұйымдарда жұмыс істейтін адамдарға олар жүзеге асыратын жария-құқықтық функциялар, оларға тиесілі активтердің сипаты мен көлемі және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып қолданылады.

      Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, мемлекеттік органдар қызметіне сенімді арттыруға бағытталған және құқықтық, әкімшілік, ұйымдастырушылық және өзге де шаралардан тұрады. Заңда көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі басқалармен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қамтиды, олар жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, лауазымды адамдарға ғана емес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға да қолданылады. Бұлар адамның және азаматтың кейбір конституциялық құқықтарын, оның ішінде әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігі, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалану құқығын (Конституцияның 26-бабының 4-тармағы) шектеумен ұштасуы мүмкін, бұл бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму туралы ережені іске асыруда маңызды рөл атқарады.

      Конституциялық Сот шектеу шараларының негіздері мен шегі Конституцияның 39-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиіс, оған сәйкес "адамның құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін" деп бірнеше рет атап өтті (2023 жылғы 21 сәуірдегі № 11, 2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ нормативтік қаулылар).

      Мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне құқықты жүзеге асыруына байланысты шектеулерді енгізген кезде заң шығарушы көрсетілген мақсаттарды қатаң түрде көздеуге тиіс.

      Өз кезегінде, осы конституциялық ереже Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылы 10 желтоқсанда 217 А (III) қабылданған) 29-бабының 2-тармағына сәйкес келеді, оған сәйкес өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру кезінде әр адам басқалардың құқықтары мен бостандықтарын тиісті түрде тану мен құрметтеуді қамтамасыз ету және демократиялық қоғамдағы моральдің, қоғамдық тәртіп пен жалпы игіліктің әділетті талаптарын қанағаттандыру мақсатында тек қана заңда белгіленген шектеулерге ғана ұшырауға тиіс деп белгіленеді.

      Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы күреске жазылған тәсілдер осы салада қабылданған халықаралық актілерде де қаланды.

      2008 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2003 жылғы 31 қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында (бұдан әрі – Конвенция) әрбір қатысушы мемлекет өзінің құқықтық жүйесінің негізгі принциптеріне сәйкес қоғамның қатысуына жәрдемдесетін және құқық тәртібі принциптерін, көпшілікке арналған істер мен көпшілікке арналған мүлікті басқаруды, адалдықты және параға сатып алмаушылықты, ашықтық пен жауапкершілікті бейнелейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің тиімді және үйлесімді саясатын жасайды және жүзеге асырады немесе жүргізеді (5-баптың 1-тармағы) деп белгіленеді.

      Конвенцияда "жария лауазымды тұлға" термині деп: "і) Қатысушы мемлекеттің заң шығарушы, атқарушы, әкімшілік немесе сот органында тұрақты немесе уақытша негізде еңбекке ақылы немесе ақысыз, осы тұлғаның лауазым дәрежесіне қарамастан, қандай да бір қызмет атқаратын кез келген тағайындалатын немесе сайланатын тұлға; іі) қандай да бір көпшілікке арналған міндетті орындайтын, мұның өзі Қатысушы мемлекеттің ішкі заңнамасында анықталатындай және осы Қатысушы мемлекеттің құқықтық істі реттеу саласында қолданатындай, оның ішінде көпшілікке арналған ведомство немесе көпшілікке арналған кәсіпорында, немесе қандай да бір көпшілікке арналған қызмет атқаратын кез келген басқа тұлға; ііі) Қатысушы мемлекеттің ішкі заңнамасында "жария лауазымды тұлға" ретінде анықталатын кез келген басқа тұлға түсініледі. Соған қарамастан осы Конвенцияның II тарауында көзделген кейбір нақты шараларды қабылдау мақсаттары үшін "жария лауазымды адам" дегеніміз Қатысушы мемлекеттің ішкі заңнамасында анықталатындай және осы Қатысушы мемлекеттің құқықтық тиісті реттеу саласында қолданатындай қандай да бір жария міндетті орындайтын немесе қандай да бір көпшілікке арналған қызметті беретін кез келген басқа тұлғаны білдіруі мүмкін" (2-баптың а) тармақшасы).

      2. Мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыруға жол бермеу Заңда белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің бірі болып табылады.

      Халықаралық тәжірибеге жүргізілген талдау көптеген мемлекеттерде жария лауазымды адам өз функцияларын орындауы кезінде ақы төленетін басқа қызметпен, оның ішінде кәсіпкерлік қызметпен айналысуға белгілі бір шектеулер белгіленетінін куәландырады. Кейбір елдерде тыйым салулар мен шектеулер лауазыммен айналысу кезеңінде ғана емес, жұмыстан шығарылғаннан кейінгі белгілі бір кезең бойында да қолданылады.

      Тыйым салулар мен шектеулер шегі мүдделер қақтығысының болуы немесе болмауы ескеріле отырып, лауазым санатына, оның функционалдық бағытына (негізгі немесе қосалқы) және басқа да өлшемшарттарға қарай сараланып айқындалады.

      Мұндай практика Конвенцияның 7-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келеді: "Әрбір Қатысушы мемлекет өзінің ішкі заңнамасының негізгі принциптеріне сәйкес ашықтыққа жәрдемдесетін және мүдделер қарама-қайшылығы туындауының алдын алатын жүйелерді құруға, қолдауға және нығайтуға ұмтылады". Мүдделер қақтығысын бақылау үшін нақты саяси шараларды әзірлеу ұлттық заң шығарушылардың міндеті болып табылады.

      Конституцияда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салу жекелеген тұлғаларға – Республика Президентіне (43-баптың 1-тармағы), Парламент депутаттарына (52-баптың 3-тармағы), Үкімет мүшелеріне (68-баптың 2-тармағы), Конституциялық Сот судьяларына (71-баптың 4-тармағы) және судьяларға (79-баптың 4-тармағы) тікелей белгіленген.

      Конституциялық Сот жария лауазымды адамдардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне конституциялық құқықты іске асыруына байланысты шектеулер Конституцияның 33-бабының 4-тармағында көрсетілгендей, олардың лауазымдық міндеттерінің сипатымен сараланған және байланысты болуға, сондай-ақ олардың өз өкілеттігін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына жол бермеуге бағытталған болуға тиіс деп санайды.

      Заңның 13-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға (өз қызметін тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда), мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдарға, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында облигацияларды, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акцияларының жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемде жай акцияларды) сатып алуды және (немесе) өткізуді қоспағанда, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынады.

      Осы мақсатта Заңның 12-бабына сәйкес аталған адамдар, атап айтқанда мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы, оның ішінде мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыру жөніндегі шектеулерді қабылдайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамау лауазымға қабылдаудан бас тартуға не жұмыстан шығаруға (атқаратын лауазымынан босатуға, өкілеттігін тоқтатуға) әкеп соғады, оларды сақтамау жұмыстан шығаруға (атқаратын лауазымынан босатуға, өкілеттігін тоқтатуға) негіз болып табылады. Мүдделер қақтығысын жою пайдаланылуы кіріс алуға алып келетін, өзіне тиесілі мүлікті сенімгерлік басқаруға беру арқылы жүзеге асырылады.

      Аталған адамдар санатының кәсіпкерлік қызметпен айналысуына тыйым салу мүдделер қақтығысын болғызбау, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалануға жол бермеу және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу қажеттігінен туындайды.

      Сонымен қатар, конституциялық іс жүргізу барысында анықталған, жекелеген тыйым салулар мен шектеулерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада регламенттеуге және практикада қолдануға байланысты проблемалар жеке және жария мүдделер арасындағы теңгерімді сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында оны өткеру шарттарын одан әрі заңнамалық тұрғыдан жетілдіруге назар аудару қажеттігін куәландырады.

      Қолданыстағы заңнама жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға, лауазымды адамдарға тұрғын үйді мүліктік жалдауға беру, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында облигацияларды, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алу және (немесе) өткізу, сондай-ақ, педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметпен айналысу құқығын береді. Бұл ретте мүліктік жалдау тек тұрғын үймен ғана шектелген, ал басқа меншік объектілерін жалға беруден заңды кіріс алу заңнамалық тұрғыдан реттелмеген.

      Конституциялық Сот тыйым салулар мен шектеулер көтермелеу сипатындағы басқа шаралармен (мысалы, қосымша әлеуметтік кепілдіктер белгілеу, мемлекеттік қызметшінің еңбегін ұйымдастыру үшін жағдай жасау, мүдделер қақтығысы болмаған жағдайда ақы төленетін өзге қызметпен айналысу құқығын беру) қолдау көрсетілетіндей болып белгіленуге тиіс деп есептейді.

      Бұл Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы № 802 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында да атап өтіледі.

      Жария лауазымды адамдардың түрлі санаттары үшін бірдей тыйым салулар мен шектеулерді енгізу міндеттемелер мен функционалдық міндеттер, өзге де еңбек жағдайлары және әлеуметтік қорғау ескерілмеген кезде, оның ішінде олардың функцияларымен байланысты емес қосымша кірісті заңды түрде алу мүмкіндіктерінің шектелуіне байланысты қосымша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туғызуы мүмкін.

      Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке кірген жағдайда және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу талаптары ескеріле отырып, заңды тұлға құру арқылы немесе оны құрмай осындай қызметпен айналысатын түрлі кәсіпкерлік субъектілерінің қосымша кірісті заңды түрде алу мүмкіндіктері Республика заңнамасында нақты реттелмеген.

      3. ӘҚбК-нің 154-бабында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салу заңнамамен белгіленген адамның осындай қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделеді.

      Көрсетілген норма "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының 3) тармақшасымен, 18-бабымен және Заңның 13-бабымен үйлеседі, бұларда мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына байланысты тиісті тыйым салулар белгіленген.

      Алайда, Конституцияның 33-бабы 4-тармағының және 39-бабы 1-тармағының ережелері негізге алына отырып, тыйым салу заңдарда ғана белгіленуге тиіс.

      4. Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) 895-бабында мемлекеттiк қызметшiнiң кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын мүлкi заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша сенiмгерлiкпен басқаруға берiлуге тиiс деп көзделген. Аталған норма бланкеттік сипатқа ие.

      Конституциялық Сот Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) 895-бабының конституциялылығына баға бермейді, өйткені оның ережелері мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қозғамайды.

      Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің мүлікті сенімгерлік басқаруға беру тәртібі "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңның 13-бабының 2-тармағында және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 18 мамырдағы № 116 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларында (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілген.

      Қағидалардың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сенімгерлік басқару – сенімгер басқарушының сенімгерлік басқару шартында белгіленген өкілеттіктер шегінде өзінің иеленуіне, пайдалануына және билік етуіне берілген мемлекеттік қызметшінің мүлкін мемлекеттік қызметшінің мүддесі немесе ол көрсеткен басқа адамның (пайда алушының) мүддесі үшін өз атынан жүзеге асыратын басқару жөніндегі қызметі.

      Мемлекеттiк қызметшiнiң мүлкiн сенімгерлік басқару мәмiле немесе әкiмшiлiк акт негiзiнде туындайды (белгіленеді).

      Мемлекеттiк қызметшi лауазымға кiрiскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кіріс алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметтi атқару уақытында сенімгерлік басқаруға береді (Қағидалардың 4 және 5-тармақтары).

      Конституциялық Сот дара кәсіпкер болып табылатын азамат мемлекеттік қызметке кірген жағдайда, пайдаланылуы кіріс алуға алып келетін мүлкі немесе бірлескен кәсіпкерліктегі үлесі жалпы қағидалар бойынша сенімгерлік басқаруға берілуге жатады деп санайды.

      Заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын азаматтарға, егер заңнамадан немесе құқықтық қатынастар мәнiнен өзгеше туындамайтын болса, Азаматтық кодекстiң коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалардың қызметiн реттейтiн қағидалары қолданылады (1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 19-бабы) дегенді ескеру керек.

      Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) 884-бабының 1-тармағына сәйкес меншiк иесi, сондай-ақ өзге заттық құқық субъектiсi немесе мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беруге уәкiлеттiк берілген құзыреттi орган мүлiктi сенiмгерлiк басқару субъектісі (құрылтайшы) бола алады. Тиісінше, меншік құқығында мүлкі жоқ, бірақ өзге заттық құқықтардың субъектісі болып табылатын дара кәсіпкер Азаматтық кодекстің (Жалпы бөлім) 195-бабына сәйкес оларды сенімгерлік басқаруға бере алады.

      Қаралған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеудің тиісінше орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Заңның 13-бабының 1-тармағында аталған адамдардың мүлікті сенімгерлік басқаруға беру мәселелерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актінің қабылдағаны жөн.

      Осы жазылғандардың негізінде, өтініш нысанасына қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігі құқығына шектеуді белгілеу бөлігінде, егер мұндай шектеу конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсаттарына байланысты болмаса, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 4-тармағына және 39-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 154-бабы Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 4-тармағына мынадай түсіндірмеде сәйкес келеді деп танылсын:

      осы бапта көзделген әрекетті жасағаны үшін әкімшілік жауаптылық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда туындайды.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізсін.

      4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады