Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 13 тамыздағы № 613 Жарлығы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
      2. (құпия).
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті:
      1) ведомстволық нормативтік құқықтық актілерді осы Жарлыққа сәйкес келтірсін;
      2) заңнамада белгіленген тәртіппен осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының                           Н.Назарбаев
      Президенті

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2013 жылғы 13 тамыздағы
№ 613 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына
енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 сәуірдегі № 2922 Жарлығына:
      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 6) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:»;
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережеде:
      кіріспе алып тасталсын;
      1-тармақтың үшінші бөлігі алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      «1-1. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомостволық бағынысты ұйымдары, аумақтық және өзге де органдары, сондай-ақ мынадай: Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (құпия), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Арнаулы ақпарат қызметі (құпия) ведомстволары бар.»;
      4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Ұлттық қауіпсіздік комитеті азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан қатысады.
      5. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарапы болуға құқығы бар.»;
      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
      «5-1. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының бұйрықтарымен және заңнамада көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.»;
      9 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «9. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті» мемлекеттік мекемесі.
      (құпия).
      10. Осы Ереже Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылтай құжаты болып табылады.»;
      мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:
      «10-1. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне кәсіпкерлік субъектілерімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Ұлттық қауіпсіздік комитетіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.»;
      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің миссиясы және негізгі міндеттері»;
      мынадай мазмұндағы 10-2-тармақпен толықтырылсын:
      «10-2. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің миссиясы қарсыластың барлау-бүлдіру әрекетінен елдің конституциялық құрылысы негіздерінің, мемлекеттік егемендігі, аумақтық тұтастығы, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуеті қорғалуының тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайларды құру, ұстап тұру және дамыту, Мемлекеттік шекараны күзету, үкіметтік байланысты ұстап тұру және қамтамасыз ету болып табылады.»;
      11-тармақта:
      мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «4-1) Қазақстан Республикасында терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру;»;
      7) және 8) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «7) Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарында, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарында шифрлау жұмысын ұйымдастыру;
      8) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауды және күзетуді қамтамасыз ету;»;
      мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «8-1) Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелерін физикалық қорғауды қамтамасыз ету;»;
      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің негізгі функциялары, міндеттері мен құқықтары»;
      12-тармақта:
      13)14) және 15) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «13) терроризмге және экстремизмге, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға және қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған өзге де іс-әрекеттерге қарсы іс-қимыл бойынша шараларды әзірлейді және іске асырады, терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл салаларындағы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады. Терроризмге қарсы операцияларды өткізуді ұйымдастырады;
      14) террористік тұрғыдан осал объектілердің басшыларын террористік қатерлердің сипаты мен ерекшелігі туралы хабардар ету, терроризмге қарсы іс-қимыл мен терроризмге қарсы қорғалу жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, террористік тұрғыдан осал объектілерде терроризмге қарсы практикалық оқу-жаттығуларды өткізу арқылы олардың терроризмге қарсы қорғалуы деңгейін арттыруға ықпал етеді;
      15) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру және террористік қатерлерді бейтараптандыруға дайын болу жөніндегі шаралар кешенін іске асыруына бақылауды жүзеге асырады;»;
      17)19)23)26) тармақшалар алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 27-1), 27-2), 27-3), 27-4), 27-5) және 27-6) тармақшалармен толықтырылсын:
      (құпия);
      28) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «28) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда желілер мен байланыс құралдарының пайдаланылуын анықтауды және оның жолын кесуді қамтамасыз етеді;»;
      29)30)31) тармақшалар алып тасталсын;
      32) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «32) шифрлау құралдарын есепке алу, тарату, тасымалдау, сүйемелдеу және олармен жұмыс істеу тәртібін белгілейді;»;
      33) және 38) тармақшалар алып тасталсын;
      39) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «39) ұлттық қауіпсіздік органдарының мемлекеттік қызметке кіретін және онда жұмыс істейтін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және оның ведомстволары қызметшілерінің лауазымына орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарына заңнамада белгіленген тәртіппен және шекте міндетті арнайы тексеру жүргізуін ұйымдастырады;»;
      40)44) және 52) тармақшалар алып тасталсын;
      57), 58) және 59) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      «57) өз өкілеттігі шегінде құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда, құрлықтық қайраңда және өткізу пункттерінде Мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді қамтамасыз етеді, Мемлекеттік шекарада жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді;
      58) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлау, қарсы барлау және жедел іздестіру қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
      59) Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге, Мемлекеттік шекара режимін белгілеу мақсатында қажетті құжаттар мен материалдарды дайындауға қатысады;»;
      мынадай мазмұндағы 59-1), 59-2), 59-3) және 59-4) тармақшалармен толықтырылсын:
      «59-1) шекаралық кеңістікте және халықаралық қатынас арналарында саяси, әлеуметтік-экономикалық және қылмыстық ахуалды талдауды және болжамдауды жүзеге асырады;
      59-2) азаматтарды әскери қызметке шақыруды жүргізу кезеңінде әскерге шақыру комиссияларының жұмысына қатысады;
      59-3) Қазақстан Республикасының жергілікті әскери басқару органдары ұсынған жиынтық деректер негізінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мұқтажы үшін шақырылатын контингентке мониторингті және оларды іріктеуді жүзеге асырады;
      59-4) шектес мемлекеттер аумақтарынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы жаппай өтуден; Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге әрекеттенуден; терроризм актілерінен; билікті күштеп басып алуға немесе Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күштеп ұстап тұруға бағытталған іс-әрекеттерден; диверсиялардан; қарулы бүліктен туындаған әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды анықтайды, олардың алдын алады және жолын кеседі, сондай-ақ «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңында көзделген өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асырады;»;
      мынадай мазмұндағы 12-1, 12-2 және 12-3-тармақтармен толықтырылсын:
      «12-1. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің (бұдан әрі - Шекара қызметі) функциялары:
      1) шекаралық саясатты іске асырады;
      2) Мемлекеттік шекарада жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты мемлекеттік және өзге де бағдарламаларды орындауға және әзірлеуге қатысады;
      3) Мемлекеттік шекара туралы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттерді орындауды ұйымдастырады;
      4) Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауға қатысты мәселелер бойынша өз құзыретінің шегінде халықаралық ұйымдардың іс-қимылына қатысады;
      5) Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге қатысады;
      6) белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады;
      7) Шекара қызметінің құрылымына кіретін бөлімшелердің (бұдан әрі - Шекара қызметінің бөлімшелері) іс-қимылына басшылықты, үйлестіруді жүзеге асырады және келісімділігін қамтамасыз етеді, оларға практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді;
      8) Шекара қызметі бөлімшелерінің тұрақты дайындығын жауынгерлік
және жедел-қызметтік дайындықтың түрлі дәрежесіне ауыстыруды қамтамасыз етеді;
      9) жауынгерлік кезекшілік пен жауынгерлік қызметті өткеруді ұйымдастырады;
      10) Шекара қызметі жедел бөлімшелерінің барлау, қарсы барлау, жедел іздестіру іс-қимылдарын ұйымдастырады;
      11) шекара маңы аудандарында радиотехникалық және радиоэлектрондық барлауды жүзеге асырады;
      12) Мемлекеттік шекара арқылы жүзеге асырылатын шет мемлекеттердің арнаулы қызметтері мен ұйымдарының Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлау және өзге де іс-әрекетіне қарсы күрес жөніндегі Шекара қызметі тиісті бөлімшелері жүргізетін негізгі бағыттарын анықтайды;
      13) Шекара қызметі бөлімшелерінің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын моральдық-психологиялық қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды ұйымдастырады;
      14) жеке құрам арасында әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтау, көпұлтты әскери ұжымдарды топтастыру, әскери қызметтің қауіпсіздігі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;
      15) әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери ұжымдарды топтастыру, әскери қызметтің қауіпсіздік жағдайларын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды ұйымдастырады және жүргізеді;
      16) Шекара қызметінің бөлімшелерінде заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуына бақылауды жүзеге асырады, олардың жеке құрамымен әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды ұйымдастырады және әскери қызметшілердің, олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдігін қамтамасыз етеді;
      17) перспективалық жоспарлауды және Шекара қызметінің бөлімшелерін пәтерге орналастыруды қоса алғанда, жауынгерлік, техникалық, тылдық, қаржылық, кадрлық, ақпараттық, медициналық және басқа да қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      18) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес
қажеттіліктерді жоспарлауды жүзеге асырады;
      19) Шекара қызметі бөлімшелерінің бюджеттік қаражаттарды мақсатты пайдалануын қамтамасыз етеді;
      20) Шекара қызметі объектілерінің және оның бөлімшелерінің өртке қарсы қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шараларды әзірлейді және қабылдайды;
      21) Шекара қызметін және оның бөлімшелерін мерзімдік қызмет, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауды және жұмыскерлерді алуды жүргізеді және ұйымдастырады;
      22) кадрларды орналастыруды және әскери атақтарды беруді жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының қарауына номенклатураға сәйкес лауазымға тағайындау және әскери атақ беру бойынша ұсыныстар енгізеді;
      23) Академияны және өзге де оқу бөлімдерін басқаруды және олардың жұмысының сапасына бақылауды жүзеге асырады;
      24) Шекара қызметі академиясында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және де шет мемлекеттердің басқа да оқу орындары мен орталықтарында кадрларды даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
      25) Шекара қызметі бөлімшелерінің жауынгерлік дайындығы оқу үдерісінің сапасын арттыруды қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды өткізеді;
      26) белгіленген сан шегінде Шекара қызметі бөлімшелерінің ұйымдастырушылық құрылымы мен штаты бойынша ұсыныстарды әзірлейді;
      27) заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен өз қарауына жатқызылған өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      12-2. (құпия).
      12-3. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз құзыреті шегінде:
      1) мемлекеттік қызметке кіретін және онда жұмыс істейтін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және оның ведомстволары қызметшілерінің лауазымына орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарына заңнамада белгіленген тәртіппен және шекте міндетті арнайы тексеруді жүргізуге;
      2) жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде мемлекеттік құпияларды құрайтын ұлттық қауіпсіздік органдарының мәліметтеріне техникалық енудің алдын алу бойынша шараларды жүзеге асыруға;
      3) ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етуге;
      4) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының аумағындағы заңсыз әскерилендірілген құрамалардың, басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіби одақтарының, діни негіздегі партиялардың, сондай-ақ шетел заңды тұлғалары мен азаматтарының, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың саяси партиялар мен кәсіби одақтарды қаржыландырудың алдын алуға және жолын кесуге көмек көрсетуге;
      5) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін қорғаныс кешені, атом энергетикасы, көлік және байланыс объектілерінің, өңірлердің тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінің және басқа да стратегиялық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысуға;
      6) ұлттық қауіпсіздік органдарына жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында ақпараттық-талдау жұмысын жүзеге асыруға;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау мен Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге баруына, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағына келуіне және оның аумағынан тыс жерлерге кетуіне, сондай-ақ олардың Республика аумағында болу режиміне қатысты мәселелерді шешуге қатысуға;
      8) Қазақстан Республикасының аумағындағы шет мемлекеттер өкілдіктерінің және халықаралық ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша басқа құзыретті органдармен өзара іс-қимылда шаралар қолдануға;
      9) Қазақстан Республикасы Президентінің нұсқауы бойынша басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп Қазақстан Республикасында болған кезеңде мемлекет басшыларының, шетел үкіметтері мен халықаралық ұйым басшыларының, сондай-ақ ел аумағында өтетін маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысуға;
      10) Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысуға;
      11) Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік және қызметтік құпияларды құрайтын мәліметтерге рұқсатты ресімдеуге (қайта ресімдеуге) рұқсат беруге арнайы тексеру жүргізуге;
      12) заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен өз қарауына жатқызылған өзге де міндеттерді орындауға міндетті.»;
      13-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1), 15-1) және 19-1) тармақшалармен толықтырылсын:
      «1-1) құқыққа қайшы іс-әрекеттің жолын кесу жөніндегі жедел-жауынгерлік іс-шараларды әзірленетін арнайы әдістемелерге сәйкес жүзеге асыруға, сондай-ақ арнайы құралдарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес пайдалануға;»;
      «15-1) Ұлттық қауіпсіздік комитеті функциясының бөлігін орындайтын және уәкілетті органда есептік тіркеуге жатпайтын оның орналасқан жерден тыс оқшауланған құрылымдық бөлімшелерін иеленуге;»;
      «19-1) радиоэлектрондық және радиотехникалық барлауды жүзеге асыруға;»;
      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «14. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне басшылықты Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы (бірінші басшы) жүзеге асырады.»;
      мынадай мазмұндағы 14-1-тармақпен толықтырылсын:
      «14-1. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын лауазымға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды және Қазақстан Республикасының Президенті қызметтен босатады.»;
      16-тармақта:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «16. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының өкілеттігі:»;
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысын ұйымдастырады;»;
      7) тармақша алып тасталсын;
      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «9) ұйымдастырушылық, кадрлық, құрылымдық-штаттық, қаржылық, өндірістік-шаруашылық және өзге де мәселелерді шешуде Ұлттық қауіпсіздік комитеті ведомстволарының, құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық органдарының ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары мен лауазымды тұлғаларының өкілеттігін айқындайды;»;
      16) тармақша алып тасталсын;
      51) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «51) Сүңгуірлік түсу қағидаларын бекітеді;»;
      мынадай мазмұндағы 51-1) және 51-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      «51-1) Әуе-десанттық дайындық қағидаларын бекітеді;
      51-2) Биікте атқарылатын дайындық қағидаларын бекітеді;»;
      54) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «54) Ұлттық қауіпсіздік органдарында арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілерін техникалық пайдалануды ұйымдастыру қағидаларын, сондай-ақ оларды Ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;»;
      72) және 117) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      (құпия);
      мынадай мазмұндағы 124-1), 124-2), 124-3), 124-4), 124-5), 124-6), 124-7), 124-8) және 124-9) тармақшалармен толықтырылсын:
      (құпия);
      мынадай мазмұндағы 125-1), 125-2), 125-3), 125-4), 125-5), 125-6), 125-7), 125-8), 125-9), 125-10), 125-11), 125-12), 125-13), 125-14), 125-15), 125-16), 125-17), 125-18), 125-19), 125-20), 125-21), 125-22), 125-23), 125-24), 125-25), 125-26) және 125-27) тармақшалармен толықтырылсын:
      «125-1) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің кинологиялық жұмысты жүргізу тәртібін анықтайды;
      125-2) ұлттық қауіпсіздік органдарында жоспарлау тәртібін анықтайды;
      125-3) ұлттық қауіпсіздік органдары заңды тұлғаларының шартты және шынайы атауларын қолдану тәртібін анықтайды;
      125-4) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Ұстау, Мемлекеттік шекарадан өтуді бақылау, заңды шектеу қойылған адамдарға қатысты кіруді және шығуды жабу жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      125-5) «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесінде жедел есепте тұрған адамдарды Мемлекеттік шекара арқылы өткізуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      125-6) Ұлттық қауіпсіздік органдарындағы ақпараттық жүйелерді құру, жұмыс істеуін және дамытуды қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      125-7) Ұлттық қауіпсіздік органдарында электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, сақтау, өңдеу, беру және оған ену қағидаларын бекітеді;
      125-8) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Ұлттық қауіпсіздік комитетінің электрондық ақпараттық ресурстары мен мемлекеттік органдар деректерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      125-9) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиісті білім деңгейіндегі жоғары арнаулы (әскери) оқу орындарында білім беру қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
      125-10) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары арнаулы (әскери) оқу орындарында оқитындарға тәжірибе (тағылымдама) ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
      125-11) Ұлттық қауіпсіздік органдарында жедел-жауынгерлік, арнаулы және дене шынықтыру дайындығын ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      125-12) Ұлттық қауіпсіздік органдарында шифрды ашу жұмысын жүргізу қағидаларын бекітеді;
      125-13) Ұлттық қауіпсіздік органдарында радиожиілік спектрі мен радиоэлектрондық құралдарды пайдалану қағидаларын бекітеді;
      125-14) Ұлттық қауіпсіздік комитеті ведомстволарының, құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдарының, аумақтық және өзге де органдарының өзара іс-қимылы тәртібін белгілейді;
      125-15) Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясы органдарының гауптвахталарында ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілерін ұстаудың ішкі тәртібінің қағидаларын бекітеді;
      125-16) Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясы органдарының алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру, жүзеге асыру және есепке алу жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      125-17) Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясы органдарының анықтау, тергеу және сот органдарынан жасырынған, сондай-ақ бөлім мен қызмет орнын өз бетімен тастап кеткен әскери қызметшілерін іздеуді ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      125-18) Ұлттық қауіпсіздік органдары автокөлік құралдарының жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      125-19) Ұлттық қауіпсіздік органдары объектілерінің күштік  және техникалық қорғанысын қамтамасыз етуді үйлестіруді жүзеге асыру және бақылау қағидаларын бекітеді;
      125-20) Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» қызметінің жеке құрамын, қару-жарақ, оқ-дәрілерін және арнайы техникасын тасымалдау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әуе көлігін тарту қағидаларын бекітеді;
      125-21) Қорғалған байланыс жабдықтары мен желілерін орналастыру  және монтаждау қағидаларын бекітеді;
      125-22) Соғыс уақытында жұмысқа ұлттық қауіпсіздік органдарының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге арналған арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерін дайындау қағидаларын бекітеді;
      125-23) Соғыс уақытында жұмысқа ұлттық қауіпсіздік органдарының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге арналған шифрланған, құпияландырылған және кодталған байланыс желілерін ұйымдастыру және дайындау қағидаларын бекітеді;
      125-24) Ұлттық қауіпсіздік органдарының жергілікті және қалааралық хабарландыру жүйелерін (желілерін) ұйымдастыру және пайдалану қағидаларын бекітеді;
      125-25) Ұлттық қауіпсіздік органдарында локальді есептеуіш желілерді ұйымдастыру және құру жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      125-26) Ұлттық қауіпсіздік органдарында электронды поштаны ұйымдастыру және техникалық пайдалану жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      125-27) Ұлттық қауіпсіздік органдарында Интернет желісіне ену шлюзін ұйымдастыру және техникалық пайдалану жөніндегі қағидаларды бекітеді;»;
      мынадай мазмұндағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:
      «17-1. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз орынбасарларының өкілеттігін анықтайды.»;
      20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «20. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің объектілері Қазақстан Республикасының режимдік немесе айрықша режимдік объектілерінің қатарына жатады. Оларды қорғау Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
      21. Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлікке ие болуы мүмкін.
      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және заңнамада тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.»;
      мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:
      «22-1. Ұлттық қауіпсіздік комитеті егер заңнамада өзгеше көзделмесе, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша оған бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.»;
      6-тарау мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Ұлттық қауіпсіздік комитетін қайта ұйымдастыру және тарату
      23. Ұлттық қауіпсіздік комитетін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.»;
      мынадай мазмұндағы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың, аумақтық органдардың және мемлекеттік мекемелердің тізбелерімен толықтырылсын:

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағында тұрған ұйымдардың
тізбесі

       «Қазимпекс» республикалық орталығы» акционерлік қоғамы

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және оның ведомстволарының
қарамағындағы аумақтық органдардың тізбесі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      1. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті (құпия).
      2. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті (құпия).
      3. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті (құпия).
      4. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті (құпия).
      5. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті (құпия).
      6. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті (құпия).
      7. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті (құпия).
      8. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті (құпия).
      9. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті (құпия).
      10. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті (құпия).
      11. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті (құпия).
      12. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті (құпия).
      13. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті (құпия).
      14. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті (құпия).
      15. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті (құпия).
      16. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті (құпия).

      Ескертпе: Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық органдарының олардың орналасқан жерден тыс оқшауланған және уәкілетті органда есептік тіркеуге жатпайтын құрылымдық бөлімшелері - қалалық (аудандық) бөлімдері мен бөлімшелері бар.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Арнаулы ақпарат қызметі
(құпия).

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және оның ведомстволарының
қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» қызметі (құпия).
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясы (құпия).
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғылыми-зерттеу институты (құпия).
      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орталық әскери госпиталі (құпия).
      5. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік әскери госпиталі (құпия).
      6. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің республикалық емханасы.
      7. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің емханасы (құпия).
      8. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің санитарлық эпидемиологиялық отряды (құпия).
      9. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторы.
      10. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің тергеу изоляторы.
      11. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің тергеу изоляторы.
      12. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің тергеу изоляторы.
      13. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Спорт командаларын даярлау орталығы - «Ұшқын - Искра» спорт клубы.

      Ескертпе: Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағындағы мемлекеттік мекемелер олардың орналасқан жерден тыс оқшауланған және уәкілетті органда есептік тіркеуге жатпайтын құрылымдық бөлімшелерін иеленуге құқылы.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара
қызметі (құпия).».

      2. (құпия).
      3. «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәселелері» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 282 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 54, 533-құжат; 2006 ж., № 1, 2-құжат; 2011 ж., № 60, 849-құжат):
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы ережесі осы өзгерістер мен толықтыруларға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      4. (құпия).
      5. «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 13 наурыздағы № 282 Жарлығында:
      1-тармақтың 2)3)4)5) және 6) тармақшалары алып тасталсын.

Қазақстан Республикасы Президентінің
2013 жылғы 13 тамыздағы     
№ 613 Жарлығымен бекітілген   
Қазақстан Республикасы Президентінің
кейбір жарлықтарына енгізілетін 
өзгерістер мен толықтыруларға  
2-ҚОСЫМША            

Қазақстан Республикасы  
Президентінің      
1999 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 282 Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН       

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара
қызметі туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ереже

      1. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (бұдан әрі — Шекара қызметі) Мемлекеттік шекараның тұтастығын  және қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету, шекара кеңістігінде заңдылық пен белгіленген тәртіпті сақтау мақсатында құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда (оның ішінде суасты ортасында) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (бұдан әрі - Мемлекеттік шекара) қорғауды және күзетуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы болып табылады.
      2. Шекара қызметі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілер мен халықаралық шарттарға, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Шекара қызметі мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның пакты және шартты атаулары, өзінің нышаны мен айырым белгісі, мемлекеттік тілде жазылған өзінің атауы бар мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында шоттары бар.
      4. Шекара қызметінің құрылымын және оның әскери қызметшілері мен жұмыскерлерінің штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте және ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен ұлттық қауіпсіздік органдары штат санының лимиті шегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы бекітеді.
      5. Шекара қызметінің бірыңғай жүйесін:
      Шекара қызметі - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы (Орталық аппарат);
      бірлестіктер (өңірлік басқармалары);
      құрамалар (шекара жасақтары, шекаралық бақылау жасақтары, авиациялық базалар);
      жауынгерлік бөлімдер (жеке шекара комендатуралары, жеке бақылау-өткізу пункттері, шекаралық корабльдер мен катерлер дивизиондары, жеке авиациялық эскадрилья, жеке аралас авиациялық эскадрильялар, әскери бөлімдер);
      қамтамасыз ету бөлімдері (байланыс полкі, кинологиялық орталық, оқу шекара жасағы, жеке инженерлік-саперлік батальон, сақтау базалары, күзет және қамтамасыз ету комендатуралары, десанттық-шабуылдаушы маневрлік топтар, аудандық пайдалану бөлімдері және өзге де қамтамасыз етуші бөлімдер);
      бөлімшелер (шекара комендатуралары, шекара заставалары, шекара заставаларын техникалық бақылау, шекаралық бақылау бөлімдері, шекаралық бақылау бөлімшелері, шекаралық постылары, техникалық бақылау постылары, бақылау-өткізу пунктері, шекаралық корабльдер, шағын катерлер тобы, шекаралық катерлер, десанттық-шабуылдаушы мотоманеврлік топтар, десанттық-шабуылдаушы заставалар, барлау парашюттік-десанттық заставалары, авиациялық эскадрильялар, авиациялық жасақтар, авиациялық буындар, байланыс желілері, мамандарды дайындайтын мектептер, оқу орталықтары, оқу пункттері, оқу дивизиондары, оқу заставалары, оқу кавалериялық эскадроны, оқу жөндеу кавалериялық заставалары, қызметтік иттерді өсіру питомнигі, жылқыларды өсіру бойынша питомнигі және өзге де бөлімшелер);
      оқу орны (Шекара қызметінің академиясы) құрайды.
      6. Шекара қызметі заңнамаға сәйкес азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысады.
      7. Шекара қызметінің, егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      8. Шекара қызметінің заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Желтоқсан көшесі, 48.
      9. Шекара қызметінің іс-қимылын қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      10. Шекара қызметінің толық атауы - «Қазақстан Республикасы  ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі» мемлекеттік мекемесі.
      (құпия).
      11. Осы Ереже Шекара қызметінің құрылтай құжаты болып табылады.

2. Шекара қызметінің негізгі мақсаттары, функциялары,
міндеттері және құқықтары

      12. Шекара қызметінің негізгі міндеттері:
      1) Мемлекеттік шекараның режимін және өткізу пункттеріндегі режимді қамтамасыз ету;
      2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау, оны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге қатысу;
      3) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігінің міндеттерін шешуге қатысу;
      4) Мемлекеттік шекарада және континенттік қайраңда Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғауға қатысу;
      5) шекаралық аймақта, аумақтық суларда (теңізде), ішкі суларда  және континенттік қайраңда белгіленген режимдердің сақталуын дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп бақылауды жүзеге асыру;
      6) шекаралық кеңістікте азаматтарды, табиғи ресурстарды  және қоршаған ортаны қорғауда, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын сақтауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау, табиғат қорғау органдарына жәрдем көрсету;
      7) заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен белгіленген өзге де міндеттер болып табылады.
      13. Шекара қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) шекаралық саясатты іске асырады;
      2) Мемлекеттік шекарада жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты мемлекеттік және өзге де бағдарламаларды орындауға және әзірлеуге қатысады;
      3) Мемлекеттік шекара туралы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттерді орындауды ұйымдастырады;
      4) Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғауға қатысты мәселелер бойынша өз құзыретінің шегінде халықаралық ұйымдардың іс-қимылына қатысады;
      5) Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге қатысады;
      6) белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады;
      7) Шекара қызметінің құрылымына кіретін бөлімшелердің (бұдан әрі - Шекара қызметінің бөлімшелері) іс-қимылына басшылықты, үйлестіруді жүзеге асырады және келісімділігін қамтамасыз етеді, оларға практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді;
      8) Шекара қызметі бөлімшелерінің тұрақты дайындығын жауынгерлік  және жедел-қызметтік дайындықтың түрлі дәрежесіне ауыстыруды қамтамасыз етеді;
      9) жауынгерлік кезекшілік пен жауынгерлік қызметті өткеруді ұйымдастырады;
      10) Шекара қызметі жедел бөлімшелерінің барлау, қарсы барлау  және жедел іздестіру іс-қимылдарын ұйымдастырады;
      11) шекара маңы аудандарында радиотехникалық және радиоэлектрондық барлауды жүзеге асырады;
      12) Мемлекеттік шекара арқылы жүзеге асырылатын шет мемлекеттердің арнаулы қызметтері мен ұйымдарының Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлау және өзге де іс-әрекетіне қарсы күрес жөніндегі Шекара қызметі тиісті бөлімшелері жүргізетін негізгі бағыттарын анықтайды;
      13) Шекара қызметі бөлімшелерінің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын моральдық-психологиялық қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды ұйымдастырады;
      14) жеке құрам арасында әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтау, көпұлтты әскери ұжымдарды топтастыру, әскери қызметтің қауіпсіздігі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;
      15) әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери ұжымдарды топтастыру, әскери қызметтің қауіпсіздік жағдайларын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды ұйымдастырады және жүргізеді;
      16) Шекара қызметінің бөлімшелерінде заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуына бақылауды жүзеге асырады, олардың жеке құрамымен әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды ұйымдастырады және әскери қызметшілердің, олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдігін қамтамасыз етеді;
      17) перспективалық жоспарлауды және Шекара қызметінің бөлімшелерін пәтерге орналастыруды қоса алғанда, жауынгерлік, техникалық, тылдық, қаржылық, кадрлық, ақпараттық, медициналық және басқа да қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      18) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қажеттіліктерді жоспарлауды жүзеге асырады;
      19) Шекара қызметі бөлімшелерінің бюджеттік қаражаттарды мақсатты пайдалануын қамтамасыз етеді;
      20) Шекара қызметі объектілерінің және оның бөлімшелерінің өртке қарсы қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шараларды әзірлейді және қабылдайды;
      21) Шекара қызметін және оның бөлімшелерін мерзімдік қызмет, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауды және жұмыскерлерді алуды жүргізеді және ұйымдастырады;
      22) кадрларды орналастыруды және әскери атақтарды беруді жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының қарауына номенклатураға сәйкес лауазымға тағайындау және әскери атақ беру бойынша ұсыныстар енгізеді;
      23) Академияны және өзге де оқу бөлімдерін басқаруды және олардың жұмысының сапасына бақылауды жүзеге асырады;
      24) Шекара қызметі академиясында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және де шет мемлекеттердің басқа да оқу орындары мен орталықтарында кадрларды даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
      25) Шекара қызметі бөлімшелерінің жауынгерлік дайындығы оқу үдерісінің сапасын арттыруды қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды өткізеді;
      26) белгіленген сан шегінде Шекара қызметі бөлімшелерінің ұйымдастырушылық құрылымы мен штаты бойынша ұсыныстар тұжырымдайды;
      27) заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен оның қарауына жатқызылған өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      14. Мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету кезінде Шекара қызметі:
      1) Мемлекеттік шекарадан өтуді өзгертудің, Қазақстан Республикасының аумағын игерудің кез келген әрекеттерінің жолын кесуге;
      2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының қорғанысы бойынша міндеттерді шешуге, сондай-ақ төтенше және әскери жағдай режимдерін қамтамасыз етуге қатысуға;
      3) Қазақстан Республикасының аумағына әскери басып кірулерге тойтарыс беруге, Мемлекеттік шекарада қарулы және өзге де арандатушылықтардың жолын кесуге, аталған қылмыстық қол сұғушылықтардан халықты, мемлекеттік және жеке мүлікті қорғауға;
      4) Мемлекеттік шекарадан адамдардың және көлік құралдарының белгіленген өткізу пункттерінен тыс не өткізу пункттерінде заңсыз әдістермен өтудің алдын алуға және оның жолын кесуге, Мемлекеттік шекараны бұзушыларды және шекаралық кеңістікте өзге де құқық бұзушыларды анықтауға және ұстауға;
      5) тиісінше ресімделген құжаттар болған және бақылау түрлері белгіленген өткізу пункттерінде өту кезінде Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді өткізуді белгіленген тәртіпте жүзеге асыруға;
      6) Мемлекеттік шекара режимінің және өткізу пункттеріндегі режимнің орындалуын қамтамасыз етуге;
      7) шекаралық режимнің, аумақтық сулар (теңіз) мен ішкі сулар режимінің және континенттік қайраң режимінің сақталуын дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп бақылауға, шекаралық аймаққа кіретін орындарда бақылау бекеттерінің қызметін ұйымдастыруға;
      8) өз құзыреті шегінде құқық бұзушылықтардың алдын алуды жүзеге асыруға;
      9) Мемлекеттік шекара арқылы өтетін адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне немесе Қазақстан Республикасынан шығуына құқық беретін құжаттарын тексеруге, оларға тиісті белгілер соғуға және ондай құжаттарды уақытша алып қоюға, сондай-ақ жарамсыз құжаттарды алып қоюға;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат етілмеген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ айыппұл салу туралы сот шешімдерін және уәкілетті органдардың қаулыларын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде орындамаған шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың кіруін шектеуге;
      11) шетелде немесе Қазақстан Республикасында болған кезеңде жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен өзге де адамдардың жеке басы анықталғанға дейін оларды өткізу пункттерінде қалдыра отырып, өткізбеуге;
      12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адамдарды ұстауды және жеке тексеріп қарауды жүзеге асыруға;
      13) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзуға жол берген көлік құралдарын тоқтатуға, қарап тексеруге және ұстауға, құқық бұзушылық мән-жайларын анықтау үшін оларды Шекара қызметі бөлімшелерінің қарауына жеткізуге (айдауылмен жеткізуге);
      14) Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін жарылғыш, уландырғыш, радиоактивті, есірткі заттарды, қаруды, оқ-дәрілерді, өзге де жүктер мен тауарларды, сондай-ақ контрабандалық жолмен өткізілетін жүктер мен тауарларды белгіленген тәртіппен дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп ұстауға және алып қоюға;
      15)әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны күзетуге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жәрдем көрсетуге;
      16) шекаралық кеңістікте азаматтарды, табиғи ресурстарды және қоршаған ортаны қорғауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау және табиғат қорғау органдарына жәрдем көрсетуге;
      17) Шекара қызметінің инженерлік-техникалық құралдарын, құрылыстарын және бөгеуіштерін жабайы жануарлардың қоныс аудару жолдарын ескере отырып, жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынысы бойынша орнатуға;
      18) Мемлекеттік шекарадан су астындағы орта арқылы кесіп өтуге бақылауды жүзеге асыруға;
      19) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту қатері туындаған кезде немесе заңсыз кесіп өту кезінде Қазақстан Республикасының аумақтық суларында (теңізінде) және ішкі суларында, сондай-ақ олардың шегінен тыс жерлерде шет мемлекеттердің шекарасына дейінгі суларда су астындағы объектілерді танып айыру (жіктеу) үшін өздерінде бар құралдарды пайдалануға;
      20) Мемлекеттік шекараны қорғау мүддесінде су астындағы ортада сүңгуір қайыққа қарсы және диверсияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға;
      21) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша хаттамалар жасауға және іс жүргізуге;
      22) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған істер бойынша анықтау жүргізуге;
      23) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайтын шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғауды жүзеге асыруға;
      24) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
      15. Шекара қызметі Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте міндеттерін іске асыру мен өз функцияларын жүзеге асыру үшін:
      1) қажетті инженерлік-техникалық құралдарды, құрылыстар мен бөгеттерді салуға және орнатуға;
      2) байланыс және коммуникация желілерінің құрылысын жүзеге асыруға, техника мен қару-жарақты орналастыруға және пайдалануға;
      3) Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге, шектес мемлекеттермен Мемлекеттік шекарадағы режимді орнату мақсатында қажетті құжаттар мен материалдарды әзірлеуге қатысуға;
      4) кез келген жергілікті жер учаскелерінде, оның ішінде ерекше қорғалатын аумақтарда және табиғат қорғау аймақтарында болуға (шекаралық нарядтарды орналастыруға), сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару кезінде олар арқылы жүріп-тұруға, жер учаскелерінің меншік иелерінен (жалға алушылардан) шекаралық нарядтардың жүріп-тұруына арналған орындарды бөлуді, қоршалымдар арқылы өтетін немесе өзге де кедергілер арқылы өтетін жерлерді жабдықтауды және тиісті түрде күтіп-ұстауды талап етуге;
      5) шекаралық саясат және Мемлекеттік шекараны, аумақтық суларды (теңізді) және континенттік қайраңды күзетуді жедел қамтамасыз ету саласында қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін, сондай-ақ барлау қызметін жүргізуге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдануға;
      6) өз өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының шекаралық саясатын іске асыру және уәкілетті органдар мен ұйымдардың шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметін үйлестіруге, Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын немесе Мемлекеттік шекараны қорғау мүдделерін қозғайтын қызметті жүзеге асыратын өз күштері мен уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыруға;
      7) мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, ұйымдарға шекаралық кеңістікте құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін немесе Шекара қызметінің іс-қимылына кедергі келтіретін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұсынулар енгізуге;
      8) халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде шет мемлекеттердің шекаралық органдарымен Мемлекеттік шекараны қорғауда өзара іс-қимылды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
      9) Қазақстан Республикасының шекара өкілдерінің қызметіне тікелей басшылықты жүзеге асыруға;
      10) шектес мемлекеттердің шекара өкілдерімен Мемлекеттік шекара режимін ұстап тұру, шекарадағы тосын оқиғаларды реттеу, ақпарат алмасу мәселелері бойынша хат-хабар алмасуды жүргізу, осы Заңда белгіленген тәртіппен шекара мәселелері жөнінде келіссөздер жүргізу үшін өзара уағдаластық бойынша шектес мемлекеттердің өкілдерін Қазақстан Республикасының аумағына шақыруға және шектес мемлекеттердің аумағына өтуге;
      11) міндеттерді орындау үшін уәкілетті органдардан, ұйымдардан  және қоғамдық бірлестіктерден қажетті ақпаратты сұратуға және өтеусіз алуға;
      12) Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы міндеттерді шешуге азаматтарды ерікті жасақтар құрамында, Шекара қызметінің штаттан тыс қызметкерлері ретінде және өзге де нысандарда ерікті негізде тартуға, Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде көзге түскен азаматтарды көтермелеуге және қойылатын талаптарға сай келетін адамдарды Шекара қызметінің оқу орындарына түсу үшін ұсыным жасауға;
      13) Қазақстан Республикасының халқына құқықтық тәрбие беруге қатысуға, шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды жүргізуге, құқық бұзушылықтар, құқық бұзушыларды іздестіру туралы халықты хабарландыру үшін және өзге де мақсаттарда бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға;
      14) «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңға сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы, арнайы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолдануға;
      15) шекаралық кеңістікте жасалған немесе дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар туралы мәлімдемелерді немесе хабарламаларды қарауға, оларды тіркеуге және олар бойынша тиісті шаралар қолдануға;
      16) Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз ететін мамандандырылған есепке алуды және ақпараттық жүйелерді құруға және пайдалануға;
      17) Мемлекеттік шекараны қорғау саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге;
      18) Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын әскери қызметшілердің киім нысаны мен жарақтарды айқындауға;
      19) Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды заңнамамен белгіленген тәртіппен тексеріп қарауды жүзеге асыруға;
      20) көлік құралдарымен ілесіп жүруге және оларда шекаралық нарядтарды орналастыруға;
      21) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен бірлескен шешімдерінде айқындалатын тәртіппен Мемлекеттік шекара күзетін күшейту кезінде олар бөлетін күштер мен құралдарды пайдалануға;
      22) құқық бұзушылардың ізіне түсу кезінде азаматтардың тұрғын  және тұрғын емес үй-жайларына, ұйымдардың аумақтары мен үй-жайларына кедергісіз (қажет болғанда жабатын құрылғыларды істен шығара отырып) тәуліктің кез келген уақытында кіруге, сондай-ақ (жиырма төрт сағат ішінде тиісті прокурорды кейіннен хабардар ете отырып) оларды қарап тексеруге;
      23) шекаралық іздеулер мен операцияларды, өзге де іздестіру іс-әрекеттерін жүргізу кезінде бақылау бекеттерін өз бетінше орнатуға, адамдар мен көлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеуге немесе оған тыйым салуға, азаматтарды жергілікті жердің жекелеген учаскелеріне жібермеуге, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында олардың сонда қалуын немесе осы учаскелерді тастап шығуын міндеттеуге;
      24) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төнген кезде Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы және өзге де уәкілетті органдарын хабардар ете отырып, қорғаныс мақсатындағы жұмыстарды, халықаралық міндеттемелерді орындау мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде туындаған салдарларды жоюға байланысты жұмыстарды қоспағанда, шекаралық белдеуде әртүрлі жұмыстарды жүргізуді уақытша шектеуге;
      25) қызметтік мақсаттарда байланыс құралдарын, ал Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кіруге тойтарыс берген, Мемлекеттік шекарадағы заңсыз жаппай өтуге және өзге де арандатуларға кедергі келтірген, іздестіру іс-шараларын жүргізген, құқық бұзушылықтарды жасады деп күдік келтірілген адамдарды жеткізген кезде, ұйымдардың көлік құралдарын, ал қажет болған жағдайларда - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен иелерінің талаптары бойынша кейіннен оларға шығындарды не келтірілген залалды өтей отырып, азаматтардың көлік құралдарын пайдалануға;
      26) Мемлекеттік шекараны кесіп өту, аумақтық суларда (теңізде)  және ішкі суларда жүзу кезінде немесе кемелер қазақстандық порттарда тұрған уақытта құқық бұзушылықтарға жол берген шетелдік әскери емес кемелер экипаждары мүшелерінің және оларда болған өзге де адамдардың жағаға шығуына және жағада болуына тыйым салуға;
      27) азаматтардан Мемлекеттік шекарада белгіленген тәртіпті сақтауды, Шекара қызметінің іс-әрекетіне кедергі келтіретін құқыққа қайшы әрекеттерді тоқтатуды талап етуге, бұл талаптарды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тиісті шараларды қолдануға;
      28) шекаралық кеңістікте белгіленген режимді бұзушыларды Шекара қызметінің әкімшілік ұстауға алынған адамдарды ұстау үшін арнайы жабдықталған үй-жайларында ұстауға;
      29) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес әкімшілік ұстауға алынған адамдарды тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында және ұстау үшін арнайы жабдықталған үй-жайларда орналастыруға;
      30) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзудың өздеріне белгілі болған мән-жайлары туралы түсініктемелер алу мақсатында адамдарды Шекара қызметінің бөлімшелеріне шақыруға;
      31) қазақстандық-ресейлік мемлекеттік шекарада автомобиль өткізу пункттерінің инфрақұрылымын құруға;
      32) өткізу пункттерінің балансында тұрған инженерлік-техникалық құрылыстарды, бөгеуіштерді, коммуникацияларды күтіп-ұстауды жүзеге асыруға, сондай-ақ пайдаланылатын жабдықтың пайдаланылуы мен сақталуын қамтамасыз етуге;
      33) кеден органдары жоқ өткізу пункттерінде радиациялық бақылаудың техникалық құралдарын пайдалана отырып, радиациялық бақылауды автоматты түрде немесе қолмен тексеру режимінде жүзеге асыруға;
      34) құрамында радиоактивті заттар бар инспекциялық-тексеріп қарау кешендерінің пайдаланылуын ұйымдастыруды, сондай-ақ құрамында радиоактивті заттар бар немесе иондаушы сәуле өндірілетін радиоактивті заттармен, аспаптармен немесе аппаратурамен жұмыс істеген кезде ұлттық қауіпсіздік органдарында радиациялық қауіпсіздікті бақылауды жүзеге асыруға;
      35) аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда, шекаралық өзендер, көлдер және өзге де су айдындары суларының қазақстандық бөлігінде қазақстандық және шетелдік (суүсті және суасты) кемелерге, мұз үстімен жылжитын құралдарға қатысты:
      егер кеме сұрау салу белгілеріне жауап бермесе, жүзуге тыйым салынған ауданда болса, Қазақстан Республикасының суларына кіру, онда жүзу және болу тәртібін бұзса, оны тоқтатуға және қарап тексеру жүргізуге құқығы бар. Кемені қарап тексеру кеме және навигация құжаттарын, экипаж мүшелері мен жолаушылардың құжаттарын, жүктерге арналған құжаттарды, қажет болған жағдайда кеменің жайларын да тексеруді қамтиды. Кемені қарап тексеру нәтижелері бойынша оған, белгіленген қағидаларды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының суларында жүзуді (болуды) жалғастыруға рұқсат етілуі немесе Қазақстан Республикасының суларын тастап шығу ұсынылуы мүмкін немесе ол Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу немесе әкімшілік заңнамасына сәйкес ұсталуы мүмкін;
      егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартуға жататын адамдарды ұстауға, осы адамдарды анықтау және тергеу органдарына немесе тиісті органдарға тапсыруға; егер тоқтау туралы көзге көрінетін немесе дыбыстық белгіні (олардың осы белгіні көруі немесе естуі мүмкін болатындай ара қашықтықтан) бергеннен кейін ізге түсу Қазақстан Республикасының суларында басталса және үздіксіз жүргізілсе, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын немесе заңнамасын бұзған кемелер (мұз үстімен жылжитын құралдар) өз елінің немесе үшінші мемлекеттің аумақтық суларына кіргенге дейін аумақтық сулар (теңіз) шегінен тыс суларда олардың ізіне түсуге және оларды ұстауға;
      36) аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда су астындағы ортаның жағдайын анықтау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа да уәкілетті органдардың күштері мен құралдарын тартуға;
      37) аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда су астындағы объектілер табылған кезде бұл суларға кіру мақсаты туралы сұрау салу жүргізуге, бағытын өзгертуді талап етуге, оларға су астындағы жағдайдан шығуды, өз туын көрсетуді ұсынуға, тоқтатуға және оларды қарап тексеру жүргізуге, табылған су астындағы объектілер іс-әрекеттерінің алдын алу немесе оларды тоқтату бойынша өзге де шараларды қолдануға;
      38) су асты ортасында Мемлекеттік шекараны күзету кезінде, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жататын адамдарды ұстауға, осы адамдарды анықтау және тергеу органдарына немесе тиісті органдарға беруге;
      39) аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің және (немесе) жүзудің белгіленген тәртібін бұзған су астындағы құралдарды ұстауға, құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтау үшін оларды Қазақстан Республикасының порттарына, өзге де орындарға жеткізуге (айдауылмен алып жүруге), осы құралдарды анықтау және тергеу органдарына беруге;
      40) Мемлекеттік шекараға және Шекара қызметінің іс-қимылына қатысты өзге де мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға;
      41) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.

3. Шекара қызметінің іс-қимылын ұйымдастыру

      16. Шекара қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры басқарады. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының номенклатурасындағы лауазымды тұлғаларды Шекара қызметі директорының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
      17. Шекара қызметінің директоры Шекара қызметінің іс-қимылын ұйымдастырып, басшылық жасайды және оған жүктелген тапсырмалардың орындалуына дербес жауап береді.
      18. Шекара қызметі директорының:
      1) белгіленген тәртіппен Шекара қызметі әскери қызметшілерінің міндетті орындауы үшін бұйрықтар шығаруға және нұсқаулар беруге;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, сондай-ақ шет мемлекеттердің арнаулы және құқық қорғау қызметтерімен және халықаралық ұйымдарымен өзара қарым-қатынаста Шекара қызметінің атынан өкілдік етуге;
      3) өз орынбасарларының, сондай-ақ Шекара қызметінің өзге де лауазымды тұлғаларының құқықтары мен міндеттерін айқындауға, оларға Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес құқықтарының бір бөлігін беруге;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Мемлекеттік шекарада, шекара кеңістігінде немесе шекара белдеуінде жүзеге асырылатын іс-қимылдарды шектеу немесе тоқтата тұру туралы шешімдер қабылдауға;
      5) өз құзыреті шегінде Шекара қызметінің әскери қызметшілерін лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Шекара қызметінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді әскери қызметтен босатуға;
      7) Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен жұмыскерлерін көтермелеу, материалдық көмек көрсету және тәртіптік жаза қолдану, сондай-ақ әскери атақ беру мәселелерін белгіленген тәртіппен шешуге;
      8) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасына Шекара қызметінің әскери бөлімдерін құру, тарату, орындарын ауыстыру және қайта ұйымдастыру, сондай-ақ олардың құрылымдары және штаттары бойынша ұсыныстар енгізуге;
      9) Шекара қызметінің ведомстволық бағынысты бірлестіктерінің, құрамаларының, әскери бөлімдері мен бөлімшелерінің ережелерін (жарғыларын) бекітуге;
      10) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасы белгілеген өкілеттіктер шегінде Шекара қызметі әскери қызметшілерінің әскери қызмет өткеруіне, сондай-ақ жұмыскерлерінің еңбек қатынастарына байланысты мәселелерді шешуге;
      11) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасына белгіленген тәртіппен жоғары әскери атақ берілетін кандидаттар, Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен жұмыскерлерін, сондай-ақ Мемлекеттік шекараны күзетуге қатысатын адамдарды ведомстволық наградалармен наградтау бойынша ұсыныстар енгізуге;
      12) Шекара қызметінің қызметтік-жауынгерлік, жедел-қызметтік, әскери-техникалық, әкімшілік-құқықтық, қылмыстық іс жүргізу, шекаралық өкілдік және өзге де іс-қимылдарына тексеру ұйымдастыруға;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.
      19. Шекара қызметі директорының орынбасарлары, оның ішінде бір бірінші орынбасары бар, оларды белгіленген тәртіппен ҰҚК Төрағасы лауазымға тағайындайды және одан босатады.
      20. Шекара қызметінің директоры болмаған жағдайда, Шекара қызметі директорының тапсырмасы бойынша оның міндеттерін бірінші орынбасары немесе орынбасарларының бірі орындайды.
      21. Мемлекеттік шекараны күзету және қорғаудың, кадрлармен жұмыс жасау тәжірибелерінің маңызды мәселелерін қарастыру, келісімді шешім қабылдау үшін Шекара қызметінде Әскери кеңес құрылады. Әскери кеңес құрамының санын және әскери кеңес туралы ережені Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы бекітеді.

4. Шекара қызметінің мүлкі

      22. Заңнамамен көзделеген жағдайларда Шекара қызметінің жедел
басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Шекара қызметінің мүлкі оның меншігіне берілген мүліктер есебінен, сондай-ақ заңнамамен тыйым салынбаған жеке іс-қимылының нәтижесінде және өзге де көздерден (ақшалай кірістерді қосқанда) алынған мүліктерден құралады.
      23. Шекара қызметіне бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      24. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Шекара қызметінің оған бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
      25. Шекара қызметінің объектілері Қазақстан Республикасының режимдік немесе айрықша режимдік объектілеріне жатады.

5. Шекара қызметін қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Шекара қызметін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан
Республикасының заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады