Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 25/2-V шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 23 ақпанда № 3693 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 2018 жылғы 25 қазандағы № 29/7-VI шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 25.10.2018 № 29/7-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
       РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағы 15)-тармақшасына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы", 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулыларына сәйкес ШЕШТІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 29.06.2016 № 4/6-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      1. Қоса беріліп отырған Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасы бекітілсін.
      2. Қосымшаға сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы А. Яровикова
      Шемонаиха аудандық
      мәслихатының хатшысы Ә. Баяндинов

  Шемонаиха аудандық
мәслихатының
2015 жылғы 30 қаңтардағы
№ 25/2-V шешімімен
бекітілген

Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы", 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулыларына сәйкес әзірленді және аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 28.03.2017 № 11/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен осы елді мекенде тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;
      тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;
      жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.
      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
      3. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерін айқындайтын сметаға сәйкес, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеуге жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша көрсетіледі.
      Коммуналдық қызметтерді жеткізушілер "Шемонаиха ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ (бұдан әрі - уәкілетті орган) табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі уәкілетті органмен келісілген коммуналдық қызметтерге тарифтерді, олардың өзгерістерін ұсынады. Тұрғын үй көмегін есептеу кезінде қызмет көрсетушілер ұсынған жылудың шығындалуы тұрғын үй алаңының әлеуметтік нормалардың шегінде есепке алынады.
      Көмірдің құнын есептеу үшін тұрғын үй көмегін есептеген тоқсанның алдындағы тоқсанның соңғы айындағы жағдай бойынша статистика басқармасы ұсынған қала бойынша орташа баға қолданылады.

2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      4. "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметін уәкілетті орган көрсетеді.
      5. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) уәкілетті органға өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
      2) тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
      3) мекенжай анықтамасы не өтініш берушінің тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын ауыл әкiмдерінiң анықтамасы;
      4) отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібін тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті орган белгілейді;
      5) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;
      6) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;
      7) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
      8) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот;
      9) алып тасталды - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 28.03.2017 № 11/5-VI шешімімен.
      Ескерту. 5 тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 29.06.2016 № 4/6-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 28.03.2017 № 11/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Алғаш рет өтініш берген кезде тұрғын үй көмегі қажетті құжаттар тізбесімен бірге өтініш берген айдан бастап тағайындалады.
      7. Өтініш беруші тұрғын үй көмегін тағайындауға тоқсан сайын өтініш берген кезде тұрғын үй көмегі өтініш берген тоқсанда құжаттарды ұсыну мерзіміне қарамастан тоқсанға тағайындалады. Егер алдыңғы тоқсанда құжаттар ұсынылмаған жағдайда тұрғын үй көмегін есептеу өтініш берген айдан бастап жүзеге асырылады.
      8. Жергілікті жылумен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегі өтініш берген айға қарамастан жылына бір рет тоқсанға тағайындалады.
      9. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін құжаттар ағымдағы тоқсанның соңғы айының 25-не дейін қабылданады.
      10. Тұрғын үй көмегі:
      жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (пәтері, үйі) бар немесе тұрғын үй - жайларын жалға (жалдауға) берген;
      құрамында жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органында тіркелмеген тұлғалары бар, келесі тұлғаларды қоспағанда: бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларды, сексен жастан асқандарды күтетін тұлғаларды, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеумен айналысатын, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі төрт және одан да көп балаларды тәрбиелеумен айналысатын аналар;
      құрамында заңды некеде тұрған, бірақ жоқ зайыбының тұрғылықты жерін білмейтін (көрсетпейтін) және осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына өтініш бермеген тұлғалары бар;
      егер ата-аналары ажырасқан және өздерімен бірге тұратын балаларына алимент өндіру туралы талап бермеген отбасыларға көрсетілмейді.
      11. Отбасының жұмыссыз мүшелері ұсынған жұмыстан немесе жұмысқа орналасудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, өз еркімен қоғамдық жұмыстарға қатысуды, оқуды немесе қайта оқуды тоқтатқан отбасылар жұмысқа орналасуды, оқуды және қайта оқуды қайта бастағанға дейін тұрғын үй көмегін алу құқығынан айырылады.
      12. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, электрмен жабдықтауға, газбен жабдықтауға арналған шығыстар өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға орта есеппен ескеріледі. Сумен жабдықтау, су бұру, жылу қуаты, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, телекоммуникация қызметтері үшін шығыстар қызмет көрсетушілердің тарифтері бойынша ескеріледі.
      13. Жалпы үйдегі жылу қуатын тұтынуды есептеу аспабы бар тұтынушылар үшін есепке алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша жалпы үйдегі есептеу аспабы бар үйлерді жылытуға кеткен жылу қуатын тұтыну нормасы шегінде анықталады.
      14. Суық және ыстық сумен жабдықтауды, газбен жабдықтауды тұтынуды есептеу аспаптары бар тұтынушылар үшін есепке алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша белгіленген тарифтер шегінде анықталады.
      15. Үйлерде орталықтандырылмаған жылыту болмаған жағдайда жылытуға және ыстық сумен жабдықтауға төлем мөлшері электр қуатына есептелген сомадан жалпы үйдегі есептеу аспабы бар үйлерді жылытуға жылу қуатын тұтыну нормалары және ыстық сумен жабдықтауға белгіленген тарифтер шегінде есептеледі.
      16. Құрамында зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедек балалар, қамқорлықтағылар, төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй көмегін есептегенде кіріс Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамаларымен уақыттың сәйкес кезеңіне белгіленген екі айлық есептік көрсеткішке түзетіледі (кемітіледі);
      17. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде келесі шарттар қолданылады:
      өтініш беруші заңды некеде тұрса, бірақ зайыбы сол мекен-жай бойынша тіркелмеген болса - ерлі-зайыптылардың екеуінің де табыстары есептеледі және тұрғын үй көмегі туралы өтініш берген зайыбының мекен - жайы бойынша тұрғын үй көмегі тағайындалады;
      өтініш берушінің үйінде 18 жасқа дейінгі бала тіркелген болса, оның ата-анасы ата-ана құқығынан айрылмаған және басқа мекен-жайда тіркелсе - баланың ата-анасының табыстары есепке алынады.
      18. Уәкілетті органның шешімі тұрғын үй көмегін ұсынудың негізі болып табылады.
      19. Тұрғын үй көмегін алушылар 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органды өз тұрғын үйінің меншік нысанының, отбасы құрамының, оның жиынтық табысы мен мәртебесінің кез келген өзгерістері туралы хабардар етеді.
      Өтініш берушілер ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы үшін заңнамамен белгіленген тәртіпте жауапты болады.
      20. Орынсыз алынған тұрғын үй көмегінің сомалары алушымен ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда заңмен белгіленген тәртіпте қайтарылуға жатады.

3. Тұрғын үй көмегінің мөлшері және тұрғын үйді ұстау мен коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері

      21. Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
      22. Отбасының шекті жол берілетін шығыстарының үлесі отбасының жиынтық табысына қарай 10% көлемінде белгіленеді.
      23. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін есептеу кезінде келесі нормалар ескеріледі:
      1) аудандар:
      жалғыз тұратын азаматтар үшін – 30 шаршы метр;
      екі адамнан тұратын отбасылар үшін – 30 шаршы метр;
      үш адамнан тұратын отбасылар үшін – 45 шаршы метр;
      төрт адамнан тұратын отбасылар үшін – 60 шаршы метр;
      бес немесе одан да көп адамдардан тұратын отбасылар үшін – 75 шаршы метр.
      2) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау шығындары – 1 шаршы метрге 19,9 теңге
      3) айына бір адамға газ шығыны – 5,5 кг.
      4) Электр қуатын тұтыну:
      бір адам тұрса – 72 кВт;
      екі адам тұрса (әр біреуіне) – 57 кВт;
      үш және одан да көп адам тұрса (әр біреуіне) – 50 кВт.
      5) тұрғын үй құрылысының жалпы ауданының 1 шаршы метріне көмірдің шығыны – 129,8 кг, бірақ бір үйге 5000 кг артық емес.

4. Тұрғын үй көмегін төлеу

      24. Тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы алушылардың дербес шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.

5. Қорытынды ережелер

      25. Осы Қағидалармен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

  Шемонаиха аудандық
мәслихатының
2015 жылғы 30 қаңтардағы
№ 25/2-V шешіміне
қосымша

Шемонаиха аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы ережесін бекіту туралы" 2010 жылғы 16 сәуірдегі 28/5-IV шешiмi (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5-19-119 болып тіркелген, "ЛЗ Сегодня" газетінің 2010 жылғы 28 мамырдағы № 23 санында жарияланған).
      2. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы Ережесін бекіту туралы" 2010 жылғы 16 сәуірдегі № 28/5-IV шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2010 жылғы 27 желтоқсандағы 34/8-IV шешiмi (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5-19-138 болып тіркелген, "ЛЗ Сегодня" газетінің 2011 жылғы 14 қаңтардағы № 2 санында жарияланған).
      3. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы ережесін бекіту туралы" 2010 жылғы 16 сәуірдегі 28/5-IV шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2012 жылғы 9 сәуірдегі № 3/6-V шешiмi (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5-19-171 болып тіркелген, "Уба-Информ" газетінің 2012 жылғы 11 мамырдағы № 19 санында жарияланған).
      4. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы ережесін бекіту туралы" 2010 жылғы 16 сәуірдегі № 28/5-IV шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2012 жылғы 12 шілдедегі № 4/8-V шешiмi (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2634 болып тіркелген, "Уба-Информ" газетінің 2012 жылғы 17 тамыздағы № 33 санында жарияланған).
      5. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы ережесін бекіту туралы" 2010 жылғы 16 сәуірдегі № 28/5-IV шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" 2012 жылғы 21 желтоқсандағы № 8/6-V шешiмi (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2831 болып тіркелген, "Уба-Информ" газетінің 2013 жылғы 1 ақпандағы № 5 санында жарияланған).
      6. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы ережесін бекіту туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2010 жылғы 16 сәуірдегі 28/5-IV шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2014 жылғы 27 наурыздағы № 19/6-V шешiмi (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3226 болып тіркелген, "Уба-Информ" газетінің 2014 жылғы 23 сәуірдегі № 17 санында жарияланған).
      7. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы қағидасын бекіту туралы" Шемонаиха аудандық мәслихатының 2010 жылғы 16 сәуірдегі 28/5-IV шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 24/5-V шешiмi (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3631 болып тіркелген, "Уба-Информ" газетінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 4 санында жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады