Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-172/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 қазанда № 21557 болып тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жығы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 73) тармақшасына, "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 2) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің міндеттерін атқарушы
А. Ғиният

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы Цифрлық даму,

      инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндеттерін атқарушы
2020 жылғы 30 қазаны
№ ҚР ДСМ-172/2020 бұйрығына
қосымша

Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидаларын бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жығы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 73) тармақшасына, "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 2) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10 - бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалар көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден (бұдан әрі – медициналық қарап-тексеру), механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу (бұдан әрі- жүргізушіні қайта медициналық қарап тексеруден өткізу) тәртібін айқындайды.

      3. Үміткерді медициналық қарап-тексеру және жүргізушіге қайта медициналық қарап-тексеру (бұдан әрі – Үміткерлер) кәсіптік жарамдылық сараптамасын жүргізу жөніндегі медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар медициналық денсаулық сақтау ұйымдарында (бұдан әрі – медициналық ұйымдар) өткізіледі.

2-тарау. Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткерді медициналық қарап -тексеруден өткізу тәртібі

1-параграф. Медициналық қарап-тексеруден өткізу тәртібі

      4. Үміткерді медициналық қарап-тексеруден өткізу үшін медициналық ұйымдарда тұрақты жұмыс істейтін медициналық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.

      5. Комиссия құрамын медициналық ұйымның басшысы бекітеді. Комиссияның құрамына: учаскелік дәрігер және (немесе) жалпы дәрігерлік практика дәрігері, психиатр, офтальмолог және отоларинголог енгізіледі. Медициналық комиссияның штатында көрсетілген мамандар болмаған кезде комиссияның құрамына медициналық ұйымдар басшыларының келісімі бойынша тиісті бейіндегі мамандар енгізіледі.

      Комиссияның төрағасы болып медициналық ұйым басшысының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары тағайындалады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Үміткерлерді медициналық қарап-тексеру осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген терапевтің, психобелсенді заттарды пайдалану тұрғысынан биологиялық ортаны зерттеуді қамтиды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 11.05.2021 № ҚР ДСМ -38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Үміткерлерді медициналық тексеру деректері Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілетін нысан бойынша амбулаториялық пациенттің медициналық картасына енгізіледі, онда денсаулық жағдайы туралы деректер көрсетіледі.

      8. Зерттеу нәтижелері бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда есепте тұрған (немесе тұрмаған) адамдарды және организмінде психикаға белсенді әсер ететін заттар алмасу өнімдері бар адамдарды басқаруға жіберу туралы мәселені қайта медициналық қарап-тексеру мерзімін кемінде бір жылдан кейін міндетті түрде көрсете отырып, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдардың дәрігерлік-консультациялық комиссиялары шешеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Үміткерлердің басқаруға жарамдылығы туралы қорытындыны әрбір маман өзінің бейіні бойынша жеке ұсынады.

      10. Көлік құралын басқаруға жарамды деп танылған адамдарға Анықтама беріледі.

      Көзілдірікпен басқаруға жарамды деп танылған адамдарға анықтамада "Қорытынды" деген сөзден кейін "Көзілдірік міндетті" деген белгі жасалады.

2-параграф. Қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу тәртібі

      11. Қайта медициналық-тексеру өткізу мынадай адамдардың контингенті үшін жүргізіледі:

      1) жолаушыларды және қауіпті жүктерді тасымалдауды орындайтын механикалық көлік құралдарының жүргізушілері;

      2) алпыс бес жасқа толған механикалық көлік құралдарының жүргізушілері;

      3) мүгедек-жүргізішілер;

      4) механикалық көлік құралдарын мас күйінде басқарғаны үшін немесе механикалық көлік құралын басқаруды осындай күйдегі адамға бергені үшін немесе жүргізушінің мас күйінде болуын анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден жалтарғаны үшін жүргізу құқығынан айырылған адамдар жатады.

      12. Жүргізушілердің қайта медициналық-тексеруден өту мерзімі "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабының 5-тармағында көзделген.

3-тарау. Көлік құралын басқаруға рұқсат беру туралы анықтама беру тәртібі

      13. "Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметті беруші көрсетеді.

      14. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын "Көлік құралын басқаруға рұқсат беру туралы анықтама беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында келтірілген.

      15. Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру көрсетілетін қызметті беруші (медициналық ұйымдар) арқылы немесе "Электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

      Өтінімді электрондық түрде берген кезде жеке басты куәландыратын құжат туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы ұсынылған құжат иесінің келісімімен "электрондық үкімет" веб-порталының хабарламасына жауап ретінде бір реттік пароль беру немесе қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен алады.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметті электрондық форматта алу үшін көрсетілетін қызметті алушы порталда электрондық – цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға сұрау салуды қалыптастырады.

      Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының "Жеке кабинетіне" электрондық құжат нысанында жібереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы барлық қажетті құжаттарды берген кезде "Жеке кабинетке" көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ қойылған электрондық құжат нысанында мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру күнінің белгіленуі туралы хабарлама не электрондық құжат нысанында мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап жіберіледі.

      Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттар, дәйексіз мәліметтер ұсынған жағдайларда, көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету стандартының 9-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту түрінде бас тартады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 11.05.2021 № ҚР ДСМ -38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      16. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер:

      1) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;

      2) көрсетілетін қызметті алушының осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбауы және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынуы;

      3) Қағидаларға сәйкес медициналық қарап-тексерудің теріс нәтижесі.

      Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту көрсетілетін қызметті беруші басшысының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның қолы қойылған, бас тарту негізі көрсетілген хатпен ресімделеді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 11.05.2021 № ҚР ДСМ -38 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      18. Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасының, Алматы, Түркістан облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының, облыстардың, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармаларының, сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.

4-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      Ескерту. 4-тарау жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) олардың қызметкерлерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына беріледі.

      20. "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 2) тармағына сәйкес тікелей мемлекеттік қызметті көрсететін көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен өтініш берушінің шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      21. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Портал арқылы жүгінген кезде шағымдану тәртібі туралы ақпаратты мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығының телефоны бойынша алуға болады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды сотқа дейінгі тәртіппен қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Шағым шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті берушіге беріледі.

      Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім не өзге де әкімшілік әрекет қабылдаса, шағымды қарайтын органға шағым жібермеуге құқылы.

      Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

  Қағидаларға
қосымша

"Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 07.12.2021 № ҚР ДСМ-125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

"Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Медициналық ұйымдар

2

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдері

1) көрсетілетін қызметті беруші;
2) "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы

3

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсету мерзімі

1) көрсетілетін қызметті беруші;
көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге құжаттарды тапсырған сәттен бастап-1 жұмыс күні ішінде;
көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушіге құжаттар топтамасын тапсыру үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты-5 минутқа дейін;
көрсетілетін қызметті берушіге Қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты - 1 жұмыс күні ішінде;
2) портал арқылы - құжатты тапсырған сәттен бастап 30 (отыз) минуттан аспайды.

4

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету нысаны

Электрондық (ішінара автоматтандырылған)/қағаз түрінде

5

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету нәтижесі

"Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген № 073/е нысаны бойынша берілген көлікті басқаруға рұқсат беру туралы медициналық анықтама не осы Стандарттың 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.

6

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Ақылы түрде, мемлекеттік қызмет көрсету құны "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 202-бабына сәйкес айқындалады.

7

Жұмыс кестесі

1) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес дүйсенбі-жұма аралығында түскі үзіліссіз сағат 9-00-ден 18-30-ға дейін, сенбі күні сағат 9-00-ден 13-00-ге дейін, демалыс-жексенбі және мереке күндері;
2) портал-жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы.

8

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

1) көрсетілетін қызметті берушіге:
- жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
- Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамдарды медициналық қарап тексеруден өткізу қағидаларына сәйкес медициналық қарап тексеру нәтижелері;
- Мемлекеттік қызмет көрсеткені үшін төлемді растайтын құжат;
2) порталға: электрондық сұрау салу нысанындағы өтініш.
Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы ұсынылған құжат иесінің келісімі болған жағдайда, іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен бір реттік парольді беру арқылы немесе "электрондық үкімет" веб-порталының хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы алады.

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер

1) Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;
2) көрсетілген қызметті алушының осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбауы және қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынуы;
3) көрсетілетін қызметті алушының осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуі.

10

Мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктері ескерілген өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушының порталда тіркелген ұялы байланыстың абоненттік нөмірі арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметті портал хабарламасына жауап ретінде бір реттік пароль беру немесе қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар.
Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ болған жағдайда Мемлекеттік көрсетілетін қызметті портал арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар.
Толық пакетті қалыптастыру үшін "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу кезінде "көлік құралын басқаруға рұқсат беру туралы анықтама беру" анықтамасын электрондық форматта қалыптастыру/болуы үшін медициналық мекемеде медициналық тексеруден өтуі қажет.
Дене мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін пандус, шақыру түймесі, Зағиптар мен нашар көретіндерге арналған тактильді жол, күту залы, құжаттар үлгілері бар тағандар болуы тиіс.
Көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушінің анықтамалық қызметтерінде, сондай-ақ "1414", 8-800-080-7777 Бірыңғай байланыс орталығында Мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі мен мәртебесі туралы ақпарат алуға мүмкіндігі бар.

  бұйрыққа
2-қосымша

Денсаулық сақтау саласындағы кейбір күші жойылған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      1) "Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруден өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 20 наурыздағы № 166 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8437 болып тіркелген, 2013 жылғы 20 желтоқсанда №190 (2565) "Заң газетінде" жарияланған);

      2) "Көлік құралдарын басқару құқықтарын алуға үміткер адамдарға медициналық тексеріп-қараулар жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 20 наурыздағы № 166 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2014 жылғы 26 маусымдағы № 350 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9619 болып тіркелген, 2014 жылғы 6 тамызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      3) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 19 шілдедегі № ҚР ДСМ-106 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізімінде № 19072 болып тіркелген, нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 22 шілдеде жарияланған) 1-тармағының 1) тармақшасы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады