Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 122 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 28 сәуірде № 22644 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.05.2021 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 7-бабының 35-11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 12.05.2022 № 126 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Білім және

      ғылым министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Денсаулық

      сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Еңбек және

      халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму,

      инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2021 жылғы 28 сәуірдегі
№ 122 бұйрығымен
бекітілген

Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.09.2022 № 265 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 35-11) тармақшасына сәйкес әзірленді және балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:

      1) оператор – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы немесе осы Қағидаларға сәйкес мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру рәсімін басқаруды орындауға уәкілеттік берілген оның құрылымдық бөлімшесі;

      2) Өнім беруші – білім беру ұйымдарынан басқа, меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, заңды тұлға немесе дара кәсіпкер;

      3) баланың заңды өкілдері – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын ата-аналар (ата-ана), бала асырап алушылар, қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана (баланы қабылдайтын ата-аналар), патронат тәрбиеші және оларды алмастыратын басқа да адамдар.

2-тарау. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру тәртібі

      3. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) орналастыру мыналарды қамтиды:

      1) мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін өнім берушілерді іріктеу;

      2) шығармашылық үйірмелерге орындарды бөлу тәртібі.

      Оператор мемлекеттік тапсырысты орналастыруды "Ұлттық білім беру дерекқоры" ақпараттық жүйесімен (бұдан әрі – ҰБДҚ) интеграцияланған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырады.

      Мемлекеттік тапсырысты орналастыру оператордың тиісті жылға арналған бюджетінде көзделген қаражат көлемінде өнім берушілер арасында жүзеге асырылады.

      Оператор мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру жоспарының жобасын күнтізбелік жылдың толық көлемінде жасайды және жыл сайын жоспарланатын жылдың алдыңғы жылының 31 қазаннан кешіктірілмейтін мерзімде оператордың ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

      Оператор мемлекеттік тапсырысты қаржыландырудың бекітілген жоспарын ол бекітілгеннен кейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде оператордың ресми интернет-ресурсында жыл сайын орналастырады.

      Оператор жыл сайын қаржы жылының бірінші жұмыс күні мемлекеттік тапсырысты қаржыландыруға бекітілген көлемін алдыңғы қаржы жылының мемлекеттік тапсырысын қаржыландыруды жалғастыруға көзделген қаражат көлемін шегере отырып, ақпараттық жүйеде орналастырады.

      Оператордың бюджетінен мемлекеттік тапсырысты іске асыруға қосымша қаражат бөлінген кезде, бекітілген қосымша қаржыландыру көлемі ол бекітілгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей ақпараттық жүйеде орналастырылады.

      Балалар контингентін жинақтауды оператор баланың заңды өкілдерінің белгілі бір өнім берушіге берген электрондық өтініштері негізінде автоматты түрде ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырады. Балалар контингентін жинақтау кезінде ақпараттық жүйе осы Қағидалардың 11 және 12 – тармақтарында көзделген кезектілікті басшылыққа ала отырып, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге (бұдан әрі-шығармашылық үйірмелер) орындар бөледі.

      Мемлекеттік тапсырысты орналастыру, балалар контингентін жинақтау, сондай-ақ өнім берушінің, оператордың және баланың заңды өкілінің осы процестерге байланысты өзге де ілеспе функционалдық операциялары баланың заңды өкілі үшін өтеусіз жүзеге асырылады;

      3) мемлекеттік тапсырысты орналастырудың, оның сапасы мен нысаналы игерілуінің барлық кезеңдері мен рәсімдерінің орындалуын қамтамасыз ету электрондық және жалпыға қолжетімді форматтарда жүзеге асырылады.

Параграф 1. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін өнім берушілерді іріктеу

      4. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысу үшін өнім беруші ақпараттық жүйе арқылы операторға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мынадай құжаттарды қоса бере отырып өтініш береді:

      1) жеке тұлғалар үшін – дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарлама немесе дара кәсіпкердің талоны, немесе дара кәсіпкердің куәлігі, заңды тұлғалар үшін-заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      2) шығармашылық үйірме қызметін ұйымдастыруға пайдалану үшін өнім берушінің меншігіндегі және (немесе) өзге де заңды негіздегі жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды ұсынады.

      Жылжымайтын мүлікті пайдалану құқығын растайтын құжаттың мерзімі өнім беруші өтініш берген күннен кейін кемінде 10 (он) айды құрайды.

      Мемлекеттік меншіктегі жылжымайтын мүлікті пайдаланған жағдайда қызмет көрсету туралы шарт ұсынылады, онда құқық белгілейтін құжаттарды ұсына отырып, көрсетілетін қызметті беруші тікелей теңгерім ұстаушы болып табылады;

      3) эпидемиялық маңыздылығы болмашы объекті қызметінің басталғаны (оларды пайдалану) туралы хабарламаның көшірмесі;

      4) өнім беруші бекіткен оқу бағдарламасы:

      оқу бағдарламасының мақсаттары мен міндеттері;

      болжамды шығармашылық нәтижелер;

      оқу дәрежелері бойынша сабақтардың мазмұны (Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 27 сәуірдегі № 113 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22634 болып тіркелген) мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне (бұдан әрі – Әдістеме) сәйкес бір тақырыпқа жұмсалатын сабақтардың санын көрсете отырып, күнтізбелік бір жылға сабақтардың тақырыптарын аудару));

      сабақтарды қамтамасыз ету үшін материалдық-техникалық жарақтандырудың сипаттамасы;

      сабақтарды өткізу кестесі;

      баланың заңды өкілдері үшін ішкі іс-шараларды, оның ішінде конкурстық (жарыстық), есептік іс-шараларды және ашық сабақтарды өткізудің жоспарланған кестесі;

      сабақ өткізу үшін қажетті балалардың жеке мүкәммалы мен киім-кешегі туралы мәліметтер;

      осы Қағидалардың 12-тармағында көзделген жағдайларда қашықтықтан сабақтар өткізу мүмкіндігін ескере отырып, өнім беруші бекіткен шығармашылық үйірмеге қатысу регламенті;

      шығармашылық үйірмеге қатысу регламенті;

      5) осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді қоса бере отырып, балалармен сабақ өткізу үшін тартылатын қызметкерлердің тізімі.

      5. Балалармен сабақ өткізетін өнім берушінің әрбір қызметкеріне өтінішке мынадай құжаттар мен мәліметтерді қамтитын ақпарат қоса беріледі:

      1) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі;

      2) Әдістемеде көрсетілген шығармашылық үйірмелер түрлері бойынша мәдениет немесе өнер, педагогикалық ғылымдар немесе әлеуметтік ғылымдар бағыттары бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) және/немесе техникалық және кәсіптік білім туралы дипломның көшірмесін ұсыну тәсілімен кәсіптік шығармашылық бейінін, біліктілік деңгейін растайтын құжаттар;

      3) "Қазақстан Республикасының азаматтарын алғашқы көмек көрсету дағдыларына оқыту қағидаларын, сондай-ақ алғашқы көмек көрсетілетін шұғыл және шұғыл жағдайлар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 19 қазандағы № ҚР ДСМ-138/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21464 болып тіркелген) сәйкес өтініш берілген күнге қарай 24 (жиырма төрт) айдан кешіктірмей берілген куәлік немесе сертификат, немесе жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) және/немесе орта кәсіптік медициналық білімінің болуы туралы дипломның болуы;

      4) өтініш берілген күнге күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірілмей берілген соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама;

      5) наркологиялық ұйымдағы диспансерлік бақылаудың жай-күйі/жай-күйі туралы өтініш берілген күнге күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей берілген анықтама;

      6) өтініш берілген күнге күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей берілген психоневрологиялық ұйымдағы диспансерлік бақылаудың жай-күйі/жай-күйі туралы анықтама;

      7) мамандандырылған туберкулезге қарсы ұйымнан өтініш берілген күнге күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей берілген анықтама (туберкулезбен ауыратын науқастардың диспансерлік есепте тұруы/тұрмауы туралы).

      Қызметкерлер бойынша деректер, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар, оқу бағдарламасы, сондай – ақ осы Қағидалардың 4 және 5-тармақтарында көзделген құжаттар мен мәліметтер (бұдан әрі-деректер) өзгерген кезде өнім беруші деректерді түзетеді және растаушы құжаттарды қоса бере отырып, ақпараттық жүйе арқылы қарау үшін операторға жібереді.

      Ұсынылған деректер сәйкес келген кезде оператор 5 (бес) жұмыс күні ішінде өнім берушінің енгізілген өзгерістерін мақұлдайды, сәйкес келмеген жағдайда қабылдамайды.

      6. Өтінішке қоса берілетін құжаттар мен мәліметтер, операторға олардағы ақпаратты сәйкестендіру үшін жеткілікті ретінде орындалған электрондық құжаттар түрінде ұсынылады.

      Өтініш беру ақпараттық жүйеде орналастырылатын және мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын тараптардың өзара қарым-қатынастарын реттейтін оператордың жария офертасына өнім берушінің акцептімен сүйемелденеді.

      7. Оператор өнім беруші өтініш берген күннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде өтінішті қарайды.

      Өтінішті қарау қорытындылары бойынша өнім беруші осы Қағидалардың 4, 5 және 6-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келген кезде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын өнім берушілердің тізіміне енгізіледі. Өнім беруші осы Қағидалардың 4, 5 және 6-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келмеген кезде, өнім берушіге дәлелді бас тарту жіберіледі.

      8. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын өнім берушілер тізіміне енгізілген өнім беруші осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша операторға өтініш жіберу арқылы өз бастамасы бойынша тізімнен шығарылады.

Параграф 2. Шығармашылық үйірмелерге орындарды бөлу тәртібі

      9. Шығармашылық үйірмелердегі орындар босатылған кезде өнім беруші 3 (үш) жұмыс күні ішінде олар туралы тиісті мәліметтерді ақпараттық жүйеге енгізеді. Ақпараттық жүйе енгізілген мәдіметтерді автоматты түрде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 123 бұйрығымен бекітілген Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22643 болып тіркелген) көзделген мемлекеттік қаржыландыру көлемдерін бөлу кезінде ескереді.

      Ақпараттық жүйе босаған орындарды балалар арасында олардың кезектілігіне сәйкес бөліне отырып, баланың заңды өкіліне шығармашылық үйірмеге қабылдауға арналған электрондық ваучер береді.

      10. Шығармашылық үйірмеге қабылдауға ваучер алу үшін баланың заңды өкілі кезекке қою үшін электрондық өтініш (бұдан әрі – өтініш) береді.

      Ваучер, ақпараттық жүйе оны алған бала туралы ақпаратты тіркейтін, бала қабылданатын өнім берушінің шығармашылық үйірмесі және балаға бөлінетін қаржыландыру көлемін көрсететін бірегей нөмір болып табылады. Берілген ваучер туралы ақпарат электрондық хабарлама арқылы баланың заңды өкіліне жіберіледі.

      Баланың заңды өкілінің арыз беруін оның өзі жүзеге асырады. Осы талаптың бұзылуы анықталған кезде ақпараттық жүйе кезектегі өтініштің және ол бойынша берілген ваучердің күшін жояды.

      Мемлекеттік спорттық, шығармашылық және білім беру тапсырыстары шеңберінде ел ауқымында бір балаға спорт секцияларының немесе шығармашылық үйірмелердің қызметтеріне кезекте баланың заңды өкілінің бірден көп емес өтінішінің болуына жол беріледі.

      Шығармашылық үйірмені ауыстырған кезде баланың заңды өкілі өнім берушіге кезекке қоюға бұрын берілген өтінішті кері қайтарып алу туралы өтініш жібереді және кезекке қоюға қайта өтініш береді.

      11. Шығармашылық үйірмеге қабылдау кезегі ақпараттық жүйеде автоматты режимде жүргізіледі және баланың және заңды өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), шығармашылық үйірменің түрі, өтініштің нөмірі мен уақыты, секундтың үлесіне дейін дәлме-дәл, кезектегі реттік нөмірін қамтиды, сондай-ақ ақпараттық жүйе ұсынған мәліметтер негізінде бөлуге арналған орындардың тізімін қамтиды.

      Кезек балалардың заңды өкілдерінің берген өтініштері бойынша баланың жас шектеулері ескеріле отырып, өнім берушінің әрбір шығармашылық үйірмесі бойынша жеке құрылады.

      Ішкі істер органдарында есепте тұрған девиантты мінез-құлықты балалар басым тәртіппен ақпараттық жүйеде тіркеледі.

      Кезектегі позиция заңды өкілдердің өтінішті қайтарып алуына байланысты немесе ваучерді алу себебінен балалардың кезектен шығу себебінен кему жағына қарай және осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес ваучерлерін өнім беруші кері қайтарып алған балалардың кезекке оралу себебі бойынша өсу жағына қарай жылжиды.

      Кезекте орын ауыстыруға жол берілмейді.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 14.05.2024 № 188-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Орындарды бөлу және ваучерлерді беру күн сайын Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 18:00-де ақпараттық жүйе автоматты режимде жүзеге асырылады.

      Ваучерлер тізімге енгізілген өнім берушілердегі шығармашылық үйірмелердің бос орындарына кезек тәртібімен беріледі. Ваучер берілгеннен кейін баланың заңды өкілінің өтініші кезектен алынады.

      Ваучердің қолданылу мерзімі 10 (он) жұмыс күнін құрайды, осы уақыт ішінде баланың заңды өкілі шығармашылық үйірмеге қабылдау үшін қажетті құжаттарды жинауды және өнім берушімен шарт жасасуды жүзеге асырады.

      Ваучер атаулы болып табылады және айырбастауға жатпайды. Ваучердің қолданылу мерзімі ұзартылмайды, қолданылу мерзімі өткен ваучер автоматты түрде жойылады. Баланың заңды өкілі қажет болған жағдайда қайта өтініш бере алады.

      Өнім берушілерден өтінімдерді қабылдау, орындарды бөлу және ваучерлерді беру тиісті қаржы жылының 1 қаңтарынан бастап 30 қарашасына дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.

      1 желтоқсаннан 31 желтоқсанға дейін ақпараттық жүйемен өтінімдерді қабылдау, орындарды бөлу және ваучерлерді беру келесі жылдың бірінші жұмыс күніне дейін тоқтатылады.

      Өнім берушілерден өтінімдерді қабылдау, орындарды бөлу және ваучерлерді беру мынадай кездерде уақытша тоқтатылады:

      1) оператордың бюджетінде тиісті жылға көзделген мемлекеттік тапсырыс үшін қаражат көлемі толық игерілген кезде;

      2) мемлекет тарапынан өнім берушілердің амалсыз тұрып қалуына әкеп соғатын, оның ішінде карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан балалардың шығармашылық үйірмеге қатысу мүмкіндігі болмайтын шектеу шаралары белгіленген кезде.

      Мемлекет тарапынан өнім берушілердің амалсыз тұрып қалуына әкеп соғатын, оның ішінде карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан балалардың шығармашылық үйірмеге қатысу мүмкіндігі болмайтын шектеу шаралары белгіленген жағдайда, орындарды бөлу және ақпараттық жүйемен ваучерлер беру уақытша тоқтатыла тұрады.

      Эпидемиологиялық жағдайға байланысты тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) өңірдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы негізінде шығармашылық үйірмелерде қашықтықтан сабақтар өткізуге жол беріледі.

      13. Жыл сайын 1-31 тамыз және 1-28 ақпан аралығында ақпараттық жүйе бұрын кезекке қоюға өтініш берген, кезекте тұру мерзімі үш айдан асатын және баланы шығармашылық үйірмелерге қабылдау үшін ваучерлер алынбаған балалардың заңды өкілдерінің кезекті электрондық растау рәсімін жүзеге асырады.

      Баланың заңды өкілі электрондық түрде кезекте тұруға одан әрі мүдделілігін растайды немесе баланың заңды өкілінің растауы болмаған жағдайда ақпараттық жүйе өтінішті кезектен алып тастайды.

      Қажет болған жағдайда баланың заңды өкілі кезекке қоюға қайта өтініш беруді жүзеге асырады.

      14. Өнім беруші шығармашылық үйірмедегі орындарды, оның ішінде берілген ваучері бар орындарды қайтарып алу себебін көрсете отырып, кері қайтарып алады.

      Ваучер берілген орынды қайтарып алу баланың заңды өкілінің өтінішті беру күні мен уақытына сәйкес позицияға кезектегі бастапқы өтінішін қалпына келтіреді.

      15. Ақпараттық жүйе автоматты режимде төмендегі ақпаратты өзектендіреді және ресми интернет-ресурста орналастырады:

      1) елді мекеннің аудандарындағы (шағын аудандардағы) шығармашылық үйірмелерге сұраныс туралы мәліметтер;

      2) келесі қаржы жылына арналған мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру жоспары туралы мәліметтер;

      3) ағымдағы қаржы жылында мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру жоспарының ай сайын орындалуы туралы мәліметтер;

      4) шығармашылық үйірменің рейтингі туралы мәліметтер;

      5) оператор балаларға арнап ұйымдастыратын аудандық, қалалық және өңірлік конкурстардың, байқаулар мен жарыстардың тегін іс-шараларының күнтізбесі;

      6) өнім берушілерден орындарды босату хронологиясы;

      7) ваучерлерді беру хронологиясы.

      16. Оператор мемлекеттік тапсырыс рәсімдерін орындау барысында жинақталатын мәліметтерді ақпараттық жүйенің серверлерінде және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бірыңғай көлік ортасы периметрінің ішінде нақты орналасқан ақпарат жеткізгіштерде сақтауды жүзеге асырады.

      Мемлекеттік тапсырыс міндеттерін жүзеге асыратын ақпараттық жүйенің компоненттері:

      1) "электрондық үкіметтің" сыртқы шлюзі арқылы интернет желісін пайдаланушылармен өзара іс-қимыл жасайды;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы екінші деңгейден төмен емес ақпараттандыру объектілеріне қойылатын талаптарға сәйкестігіне ақпараттық қауіпсіздікке жүргізілген сынақтардың сәтті нәтижесі туралы акт алады;

      3) мемлекеттік білім беру, шығармашылық және спорттық тапсырысын алуға кезекте тұрған және алатын балалар, осы процеске қатысатын өнім берушілер мен олардың қызметкерлері бойынша ақпарат алмасуды және ақпаратты салыстырып тексеруді, сондай-ақ, бала баратын орта білім беру ұйымы туралы мәліметтерді, оның қорғаншылары мен қамқоршылары туралы мәліметтерді (болған жағдайда) алуды жүзеге асыру үшін ҰБДҚ-мен интеграцияйды;

      4) цифрландыру саласындағы "Қазақстан Республикасының мобильді азаматтар базасы" ақпараттық жүйесімен интеграциаланады;

      5) істен шығу жағдайында жұмысқа қабілеттілікті тез қалпына келтіру мүмкіндігі үшін жинақталған деректерді резервтейді.

3-тарау. Шығармашылық үйірмелердің жұмыс істеу тәртібі

      17. Шығармашылық үйірмелердің жұмыс істеуі мыналарды қамтиды:

      1) сабақтар өткізу үшін үй-жайға қойылатын талаптар;

      2) балаларды есептеу, есепке алу және дамыту.

      Шығармашылық үйірмелердің жұмыс істеуін өнім беруші сабақ өткізуге арналған үй-жайларды жабдықтауға қойылатын талаптарды ескере отырып және Әдістемеге сәйкес шығармашылық үйірмелердің түрлеріне қойылатын талаптарды ескере отырып жүзеге асырады.

Параграф 1. Сабақтар өткізу үшін үй-жайға қойылатын талаптар

      18. Сабақтар өткізуге арналған үй-жай орналасқан ғимарат бөлек санитариялық тораппен жабдықталады:

      дәретхана. Кәрізденбеген жерде санитариялық-аулалық қондырғылар орнатуға жол беріледі;

      ыстық және суық суы бар қолжуғышпен;

      жеке гигиена құралдарымен, оның ішінде дәретхана қағазымен және сабынмен;

      жарықтандыру;

      қол кептіргішпен немесе бір рет қолданылатын қағаз сүлгімен.

      19. Сабақ өткізуге арналған үй-жайлар келесімен жабдықталады:

      1) топтағы балалардың рұқсат етілген шекті санынан кем емес жеке шкафтармен жабдықталған киім шешетін орынмен жабдықталады.

      2) бейне мұрағатты кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн сақтау мүмкіндігі бар бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етіледі;

      3) Өрт қауіпсіздігі жүйесімен.

      20. Сабақтар өткізуге арналған үй-жайлар, санитариялық тораптар мен киім шешетін бөлмелер жылытылады және күзгі-қысқы кезеңде кемінде 20°C температураны қамтамасыз етеді.

      Сабақ өткізуге арналған үй-жайдың табиғи жарықтандырылуы және желдету мүмкіндігі бар терезелері болады не ішке сору-сыртқа тарату желдеткішімен жабдықталады.

      21. Сабақтар өткізуге арналған үй-жайларды ұстау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23890 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      Дене, психикалық, интеллектуалдық және басқа да ерекшеліктері бар адамдар үшін үй-жайлар "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабы 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келеді.

Параграф 2. Балаларды тіркеу, есепке алу және дамыту

      22. Ваучерде көрсетілген өнім беруші мен баланың заңды өкілі арасында ваучердің қолданылу мерзімі ішінде шығармашылық үйірме сабақтарын өткізу жөнінде қызметтер көрсетуге шарт жасалады.

      Өнім беруші мен баланың заңды өкілі арасында шарт жасасу әрбір ваучер бойынша жеке жүзеге асырылады.

      23. Баланың заңды өкілі өнім берушінің біліктілігін және сабақтарды өткізу шарттарын бағалау мақсатында өнім берушімен шартқа қол қою немесе қол қоймау туралы шешім қабылдау үшін ваучердің қолданылу мерзімі кезеңінде кемінде екі сынақ сабағын өткізуге жіберіледі.

      24. Шарт жасасу үшін баланың заңды өкілі өнім берушіге мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) шығармашылық үйірмеге қабылдау үшін еркін нысандағы өтініш;

      2) баланың суреті;

      3) баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;

      4) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) 027/е нысаны бойынша берілген медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымнан анықтама;

      5) баланың заңды өкілін растайтын жеке куәлігінің көшірмесі.

      Мүмкіндіктері шектеулі немесе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар тобына қабылдау үшін баланың заңды өкілі өнім берушіге оның мәртебесін растайтын құжатты ұсынады.

      25. Өнім беруші шарт жасасудан мынадай кезде бас тартады:

      1) баланың заңды өкілі осы Қағидалардың 24-тармағында көзделген құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған кезде;

      2) баланың заңды өкілінің анық емес және бұрмаланған ақпарат берген кезде;

      3) баланы шығармашылық үйірмеге қабылдауға кедергі келтіретін медициналық қарсы айғақтар болған кезде.

      Ерекше білім беру қажеттіліктері бар немесе мүмкіндіктері шектеулі баланы шығармашылық үйірмеге қабылдау мүмкіндігін бағалау өнім берушінің қалауы бойынша анықталады.

      26. Баланы шығармашылық үйірмеге қабылдау шарт жасалған күннен кейінгі келесі күні жүзеге асырылады.

      27. Қажеттілікке сәйкес өнім беруші баланың заңды өкілдеріне алдын ала хабарлай отырып сабақ кестесіне өзгерістер енгізеді, топтардағы балалар санын түзетеді.

      28. Өнім беруші күнтізбелік жылға арналған жұмыс жоспарын жасайды және онымен әрбір баланың заңды өкілін таныстырады.

      Жұмыс жоспары мыналарды қамтиды:

      1) аптасына сабақтардың саны мен кестесі;

      2) конкурстық (жарыстық) іс-шаралардың болжамды кестесі;

      3) балалар іссапарларының болжамды кестесі;

      4) баланың заңды өкілдері алдында есеп беру сөздерінің болжамды кестесі.

      29. Өнім беруші шығармашылық үйірмеге қатысатын әрбір бала бойынша қағаз немесе электрондық тасымалдағышта портфолио жүргізеді, оған бейне және фотоматериалдар мен олар туралы ақпарат енгізеді:

      баланың жыл ішіндегі шығармашылық даму көрсеткіштері;

      конкурстық (жарыстық) іс-шараларға қатысу нәтижелері бойынша;

      іссапарларға қатысу;

      баланың заңды өкілдері алдында есеп беру сөздеріне қатысу;

      сабаққа қатысу.

      Денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық қарап-тексеруден өту нәтижелері бойынша баланы шығармашылық үйірмелерге сабақтарға жіберуге немесе жібермеуге құқығы бар.

      30. Өнім беруші баланы шығармашылық үйірмеден келесі негіздер бойынша бір жақты тәртіпте шығарады:

      1) мектеп каникулдары, сауықтыру лагерьлеріндегі демалыс, оңалту іс-шараларынан өту және/немесе мүмкіндігі шектеулі балаларды, мүгедектігі бар балаларды, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды емдеу, сондай-ақ конкурстарға, фестивальдарға, жарыстарға, олимпиадаларға қатысу кезеңін қоспағанда, себепсіз қатарынан 3 (үш) өткізіп алынған сабақтар болған кезде, оқу-жаттығу жиындарында заңды өкілінің өтініші бойынша, санаторий-курорттық ұйымдарда болуы-растайтын құжаттарды ұсынған кезде;

      2) шығармашылық үйірмеге бару регламентін сақтамағаны үшін;

      3) денсаулық сақтау ұйымы растаған, баламен сабақ өткізуге кедергі келтіретін, баланың медициналық қарсы көрсетілімдері немесе эмоциялық-ерік саласының бұзылыстары болған кезде;

      4) шарт талаптары сақталмаған кезде тоқтатылады.

      Бала оқудан шығарылған кезде Өнім беруші 10 (он) жұмыс күні ішінде баланың заңды өкіліне баланың портфолиосын береді.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 01.12.2022 № 346 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Балалар мен жасөспірімдерге
арналған шығармашылық
үйірмелерде мемлекеттік
шығармашылық тапсырысты
орналастыру және олардың
жұмыс істеу қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  Мемлекеттік шығармашылық
тапсырыс операторына
____________________________
жергілікті атқарушы орган,
облыс, республикалық
маңызы бар қаланың және
астананың немесе оның
шығармашылық тапсырысты
орналастыру рәсімдерін
әкімшілендіруді орындауға
уәкілетті басшысы атынан
____________________________
басшының қызметі, тегі, аты,
әкесінің аты (бар болған
жағдайда) өнім беруші атынан
____________________________
заңды тұлғаның (бизнес-
сәйкестендіру нөмірі)
жеке кәсіпкердің атауы
(жеке сәйкестендіру нөмірі)
басшысы атынан ____________
басшының қызметі, тегі, аты,
әкесінің аты (бар болған
жағдайда)

Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыруға қатысуға өтініш

      Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыруға қойылатын талаптарды зерделеп, қоса берілген құжаттарды қарауыңызды және мені мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын өнім берушілердің тізіміне қосуды сұраймын.

      Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес келесі шығармашылық үйірмелер қызметін көрсетуді жоспарлап отырмын:

№ р/с

Шығармашылық үйірменің түрі

Балалар тобының түрі (инклюзивті, интеграцияланған, арнайы)

Баланың жасы мен жынысы

Қызмет көрсетудің түрі (стационарлық немесе қашықтықтан)

Сабақтарды өткізу тілі

Елді мекеннің ауданы (шағын учаске)

Қызмет көрсету мекен-жайы

1

2

3

4

5

6

7

8

      Осымен балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларында көзделген талаптармен, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларымен және мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесімен танысқанымды растаймын.

      Қосымша: құжаттар ______ парақта

      Ұйымның басшысы ________________________________________

      қолы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

      Толтырылған күні

  Балалар мен жасөспірімдерге
арналған шығармашылық
үйірмелерде мемлекеттік
шығармашылық тапсырысты
орналастыру және олардың
жұмыс істеу қағидаларына
2-қосымша
  Нысан
  Мемлекеттік шығармашылық
тапсырыс операторына
____________________________
жергілікті атқарушы орган,
облыс, республикалық
маңызы бар қаланың және
астананың немесе оның
шығармашылық тапсырысты
орналастыру рәсімдерін
әкімшілендіруді орындауға
уәкілетті басшысы атынан
____________________________
басшының қызметі, тегі, аты,
әкесінің аты (бар болған
жағдайда) өнім беруші атынан
____________________________
заңды тұлғаның (бизнес-
сәйкестендіру нөмірі)
жеке кәсіпкердің атауы
(жеке сәйкестендіру нөмірі)
басшысы атынан _____________
басшының қызметі, тегі, аты,
әкесінің аты
(бар болған жағдайда)

Өтініш

      Мені мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыруға қатысатын өнім

      берушілердің тізімінен ________________________________________________ себебі

      себебін сипаттау

      бойынша шығаруды сұраймын

      Ұйымның басшысы ____________________________________

      қолы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

      Толтырылған күні

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады