Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 24 қазандағы № 15-4 шешімі. Батыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 30 қазанда № 7440-07 болып тіркелді

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 12-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес, Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерлерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшері осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына (келісім бойынша) жүктелсін.

      4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мәслихат төрағасы М. Мукаев

  Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты
2024 жылғы 24 қазандағы
№ 15-4 шешіміне 1-қосымша

Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшері

      1. Негізгі ұғымдар:

      1) әлеуметтік қолдау төлеу жөніндегі уәкілетті орган "Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган).

      2) жұмыс беруші – жұмыскер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға.

      3) медицина қызметкері - кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;

      4) фармацевтика қызметкері - фармацевтикалық білімі бар және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;

      2. Денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган:

      1) жыл сайын облыстағы медициналық ұйымдардағы кадр тапшылығына талдау жүргізеді және ағымдағы жылға кадр тапшылығын бекітеді;

      2) Батыс Қазақстан облысының медициналық ұйымдарының медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерінен сынақ мерзімі өткеннен кейін, медициналық ұйымдар басшысының сұрауымен әлеуметтік қолдауға өтініш қабылдайды.

      3. Әлеуметтік қолдау мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын Батыс Қазақстан облысының медициналық ұйымдарына жұмысқа қабылданған және денсаулық сақтау ұйымдарымен (бұдан әрі – жұмыс беруші) еңбек шартын жасасқан тиісті маман сертификатымен жоғары медициналық білімі бар медицина және фармацевтика қызметкерлеріне сынақ мерзімі (3 ай) өткеннен кейін, ағымдағы жылға бекітілген кадр тапшылығын ескере отырып төленеді.

      4. Әлеуметтік қолдау – облыстың ауылдық жерлеріне және кенттеріне, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларына кемінде 5 (бес) жыл мерзімге жіберілетін медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге бала үш жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты демалысты есепке алмағанда біржолғы көмек ретінде еңбек шарты жасалғаннан кейін, медициналық және фармацевтикалық қызметкердің жеке шотына аудару арқылы төленеді.

      Әлеуметтік қолдау шаралары осы әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі шеңберінде бұрын алынған ақшалай қаражатты қайтару жөніндегі міндеттемелерді орындамаған және (немесе) осы әлеуметтік қолдау шараларының жүйесіне сәйкес әлеуметтік қолдауды төлеу үшін көзделген еңбек шартында белгіленген мерзім өткенге дейін еңбек қатынастары тоқтатылған медицина және фармацевтика қызметкерлеріне қолданылмайды.

      5. Медициналық және фармацевтикалық қызметкер әлеуметтiк қолдау алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жеке куәлігінің көшірмесін;

      2) білім туралы дипломының көшірмесін (нотариалдық куәландырылған);

      3) еңбек кітапшасының көшірмесін (болған жағдайда);

      4) мемлекеттік медицина ұйымына жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін;

      5) мемлекеттік медицина ұйымымен жасақталған еңбек шарты;

      6) 3х4 фото сурет (2 дана);

      7) екінші деңгейдегі банктерден дербес шоттың болуы туралы анықтама.

      6. Жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету мөлшері:

      1) Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерлеріне және кенттеріне, аудандық маңызы бар қалаға республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен жалақының бір жүз еселенген мөлшерінде;

      2) Батыс Қазақстан облысының облыстық маңызы бар қалаға республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен жалақының алпыс еселенген мөлшерінде.

      7. Жұмыскердің не жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты (5 жылға дейін) мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен бір ай ішінде талап арыз беру арқылы бұрын аударылған бюджет қаражатын бюджет кірісіне қайтару жөнінде шаралар қабылдайды. Еңбек қатынастары мерзімінен бұрын бұзылған кезде бұрын төленген ақшалай қаражатты қайтару еңбек шартында көзделеді.

      8. Жұмыс беруші қызметкер әлеуметтік қолдау алу құқығынан айырылған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей (еңбек шарты бұзылған жағдайда), бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.

  Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты
2024 жылғы 24 қазандағы
№ 15-4 шешіміне 2-қосымша

      1. "Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен әлеуметтiк қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау қағидасын бекіту туралы" Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №40-11 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6597 болып тіркелген);

      2. "Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № 40-11 "Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен әлеуметтiк қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 31 мамырдағы №3-5 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №7182-07 болып тіркелген);

      3. "Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының "Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен әлеуметтiк қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау қағидасын бекіту туралы" 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № 40-11 шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2024 жылғы 16 ақпандағы №10-15 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №7329-07 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады