Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2003 жылғы 5 ақпан N 131. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 2 қазандағы № 633 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 633 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Yкiметiнiң 25.02.2016 № 111 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сауда қызметiн реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2-7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Yкiметiнiң 25.02.2016 № 111 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қосымшаға сәйкес Сауда рыноктарының қызметiн ұйымдастыру ережесi (бұдан әрi - Ереже) бекiтiлсiн.

      2. Облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкiмдерi 2003 жылдың 1 желтоқсанына дейiн жұмыс iстеп тұрған сауда рыноктарының қызметiн жоғарыда аталған Ережеге сәйкес келтiрсiн.

      3. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі


  Қазақстан Республикасы
Yкiметiнің
2003 жылғы 5 ақпандағы
№ 131 қаулысымен
бекiтiлген

Сауда базарларының қызметiн ұйымдастыру қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Yкiметiнiң 25.02.2016 № 111 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Сауда базарларының қызметiн ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметiн реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – Заң) iске асыру мақсатында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Кодекс), Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" 2010 жылғы 4 мамырдағы, "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы, "Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы" 2000 жылғы 7 маусымдағы заңдарына сәйкес әзiрленген және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сауда базарларының қызметiн ұйымдастыру тәртібiн айқындайды.

      Осы Қағидалар сауда базарының барлық субъектiлерiне қолданылады.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер қолданылады:

      1) автодүкен – сауда жабдығымен жарақталған мамандандырылған автокөлiк құралы (тауарларды автодүкендер арқылы өткізген кезде мамандандырылған көлік құралы техникалық тұрғыдан жарамды болуға тиіс);

      2) автомат – тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы;

      3) базар әкiмшiлiгi – базар қызметiн тiкелей басқару үшiн базардың меншiк иесi (иегерi) құрған басқару аппараты;

      4) бөлшек базар – қызмет көрсетудi және тұтынушылардың тiкелей өздерiне, тұрмыстық және отбасылық пайдалануына арналған тұтыну мақсатындағы тауарларды даналап немесе шамалы мөлшерде сатып алу-сату жүзеге асырылатын базар;

      5) бөлшек сауда – сатып алушыға жеке, отбасылық, үй iшiнде немесе кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға арналған тауарларды сату жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;

      6) дүкен – сауда, қосалқы, әкiмшiлiк-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етiлген, күрделi стационарлық құрылыс немесе оның бiр бөлiгi;

      7) дүңгiршек – бір немесе бірнеше сауда орнына есептелген, азық-түлік тауарларын сақтауға арналған сауда залы мен үй-жайлары жоқ, сауда жабдығымен жарақталған, тасымалданатын күрделi емес құрылыс;

      8) жылжымалы сөре – арнайы белгіленген орынға орналастырылатын, сауда орнын білдіретін тасымалданатын уақытша құрылыс (конструкция);

      9) коммуналдық базар – жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылатын, тұтынушылардың тiкелей өздерiне, тұрмыстық және отбасылық пайдалануына арналған азық-түлік тауарларын басымдықпен сатып алу-сату жүзеге асырылатын сауда базары;

      10) көтерме базар – одан әрі өткiзу немесе өндiрiсте пайдалану мақсатында тауарларды партиялармен (көп мөлшерде) сатып алу-сату жүзеге асырылатын базар;

      11) көтерме сауда – кейiннен сатуға немесе жеке, отбасылық, үй-iшiлiк және осындай өзге де пайдалануға байланысты емес өзге де мақсаттарға арналған тауарларды өткізу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;

      12) сауда базарының меншiк иесi (иегерi) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет ететiн, сауда қызметiн жүзеге асыру үшiн сауда орындарын беретін және басқа да қызмет түрлерiн көрсететін базардың мүлкiн иеленетін, пайдаланатын, оның ішінде меншік құқығында пайдаланатын дара кәсіпкер және (немесе) заңды тұлға;

      13) сауда базары – аумақта шаруашылық қызмет ету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негізде жұмыс істейтін және өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшін алаңмен қамтамасыз етілген, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігі, сәулет-құрылыс талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талаптарға сәйкес келетін сауда қызметіне арналған оқшауланған мүліктік кешен;

      14) сауда қызметi – жеке және заңды тұлғалардың тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсiпкерлiк қызметi;

      15) сауда қызметiнiң субъектiсi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сауда қызметiн жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      16) сауда керек-жарағы – сауда қызметiн жүзеге асыруға арналған заттар;

      17) сауда объектiсi – құрал-жабдықпен арнайы жарақтандырылған, тауарлар сату кезiнде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет етуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi, құрылыс немесе құрылыстың бiр бөлiгi, сауда базары, автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;

      18) сауда орны – тауарлар сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет етуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын құрал-жабдықпен жарақтандырылған орын;

      19) сауда шағын базары (бұдан әрi – шағын базар) – сауда орындарының саны 25-тен аспайтын, тауарларды зауыттық орамда (ыдыста) даналап, ауылшаруашылық өнімін, сондай-ақ арнайы сақтау жағдайларын талап етпейтiн тауарларды сатуға арналған базар;

      20) стационарлық емес сауда объектісі – инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуының (технологиялық біріктірілуінің) болуына немесе болмауына қарамастан, жермен берік байланысы жоқ уақытша құрылыс немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;

      21) стационарлық сауда объектісі – жермен берік байланысқан және инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылған (технологиялық біріктірілген) ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй-жай), құрылыс немесе құрылыстың бiр бөлiгі (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй жай);

      22) тауар – сатуға немесе айырбастауға арналған, айналымнан алынбаған кез келген еңбек өнiмi;

      23) тауарлар тобы – функциялық мақсатында ұқсастығы бар тауарлар жиынтығы;

      24) халықтың декреттелген тобы – халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін және айналасындағы адамдарға инфекциялық және паразиттік ауруларды жұқтыруда барынша қауіп төндіретін адамдар;

      25) шатыр (павильон) – құрастырмалы-жинамалы конструкциялардан, бір немесе бірнеше сауда орындары үшін сауда жабдықтарымен жарақтандырылған сауда қорына арналған алаңы бар және арнайы белгіленген орынға орналастырылатын, жеңiл құрылатын құрылыс.

      3. Базарда тауарларды көтерме және бөлшек сату түрiндегі сауданы, сондай-ақ қызметтер көрсетуді базар аумақтарында орналасқан стационарлық және стационарлық емес сауда объектілері арқылы сауда қызметі субъектілері жүзеге асырады.

      4. Сауда базарларын жобалау, салу және реконструкциялау сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қолданыстағы мемлекеттік нормативтерде көзделген талаптарға сәйкес және өз құзыретi шегiнде белгiленген тәртiппен тиiстi органдармен келiсiлген жобалар бойынша жүргiзiледi.

      Объектіні қабылдаудың бекітілген актісі болмаса, базарды пайдалануға жол берілмейді.

      5. Тауарлық-салалық белгiсi бойынша сауда базарының аумағын мамандандыруды және аймақтарға бөлуді, сондай-ақ базарда жүзеге асырылатын мәмілелердiң көлемi мен сипатына байланысты базардың түрін қолданыстағы нормативтерге сәйкес базар әкiмшiлiгi айқындайды.

      6. Базарлар:

      1) тауарлық мамандануы бойынша:

      азық-түлiк тауарларын өткiзу бойынша – азық-түлiк;

      өнеркәсiп тауарларын, тұрмыстық техниканы және тағы басқаларды өткізу бойынша – азық-түлiк емес;

      2) өткізетін тауарларына байланысты:

      мамандандырылған;

      әмбебап;

      3) мәмiлелердiң көлемi мен оларды жүзеге асыру тәсiлдерi бойынша:

      бөлшек;

      көтерме болып жiктеледi.

      7-тармақ 01.01.2020 дейін қолданыста болды – ҚР Yкiметiнiң 25.02.2016 № 111 қаулысымен.

      8. Әмбебап сауда базары сауда орындары әртүрлі топтағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары болып табылады:

      1) астананың, республикалық маңызы бар қаланың және облыстық маңызы бар қаланың аумағындағы сауда базары, автодүкендерді қоспағанда, ішінде стационарлық емес сауда объектілері орналастыруға болатын бір және одан да көп стационарлық сауда объектілерінен тұрады;

      2) аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың аумағындағы сауда базары стационарлық және (немесе) стационарлық емес сауда объектілерінен тұрады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Yкiметiнiң (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) 25.02.2016 № 111 қаулысымен.

      9. Мамандандырылған сауда базары тауарлардың жалпы санының жетпіс және одан да көп пайызы бір топтағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары болып табылады.

      Мамандандырылған сауда базары стационарлық және (немесе) стационарлық емес сауда объектілерін білдіреді.

      10. Сауда базарларының жұмыс режимiн базарлардың әкiмшілiгi белгілейдi.

2. Базар аумақтарын ұстауға, жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптар

      11. Базарды ұйымдастыру кезiнде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бекітілген "Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының (бұдан әрі – санитариялық қағидалар), өрт қауіпсіздігі, сәулет, құрылыс, ветеринариялық, экологиялық және басқа да талаптар сақталуы тиiс.

      12. Базар аумағында орналасқан құрылыстар да қауiпсiздiк техникасы, ветеринариялық, санитариялық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі қағидаларына, құрылыс нормалары мен қағидаларына, сондай-ақ тиiстi бейiндегi (үлгідегі) объектiлер үшiн белгiленген басқа да талаптарға сай келуге тиiс.

      13. Базар аумағында құрылыстар мен жабдықты орналастыру тұтынушылардың сауда орындарына еркiн келуiн, өрт қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын және авариялық немесе төтенше жағдайларда адамдар мен материалдық құндылықтарды шұғыл эвакуациялау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуі тиiс.

      14. Базардың санитариялық жай-күйi санитариялық қағидалар талаптарына сәйкес болуға тиiс.

      15. Сауда базарларында:

      1) орналастыру схемасына сәйкес сауда орындары, әкімшілік-тұрмыстық, қойма үй-жайлары және жалпы пайдаланылатын орындар жабдықталуға;

      2) шолуға арналған қолжетімді орындар жабдықталуға тиіс, онда:

      сауда базарында сауда орындарын орналастыру схемасын қамтитын ақпарат;

      авариялық немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде эвакуациялау схемасы;

      өрт шыққан кезде адамдарды қауіпсіз аймаққа қауіпсіз эвакуациялауды жүргізу, өртке қарсы қызметті шақыру және өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін өртті сөндіруді ұйымдастыру жөніндегі ұйым қызметкерлерінің іс-қимыл тәртібін қамтитын эвакуация жоспары;

      сауда орындарын жалға беру (пайдалану) тәртібі мен шарттары туралы ақпарат, оның ішінде осы Қағидалардың 20-тармағының 12) тармақшасына сәйкес базарларда жеңiлдiктерi бар тұлғалардың тiзбесi;

      бос сауда орындарының болуы-болмауы туралы ақпарат;

      сауда орындарын жалға беру (пайдалану) жөніндегі келіссөздерді жүргізуге уәкілетті тұлғаның байланыс (телефон нөмірі және (немесе) электрондық мекенжайы) деректері;

      Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген ақпарат;

      бақылау өлшеу құралдарының, пiкiрлер мен ұсыныстар кітабының орналасқан орны;

      базар жұмысына қатысты мәселелер туындаған жағдайда жүгіну қажет базар әкiмшiлігі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, ветеринария және өсiмдiктер карантинi жөнiндегi органдар iшкi iстер бөлiмi телефондарының нөмiрлерi;

      санитариялық-ветеринариялық сараптама жүргiзу үшiн азық-түлік тауарларынан алынатын iрiктеу нормалары (мұндай ақпараттың ет және жемiс-көкөнiс павильондарында орналасуы мiндеттi) орналастырылады.

      Коммуналдық базарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысымен бекітілген әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының тiзбесiне сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ағымдағы бөлшек бағалары туралы ақпараттық стендтер орнатылады. Сондай-ақ мұндай ақпараттық стендте өзге де азық-түлік тауарларының ағымдағы бөлшек бағалары туралы ақпарат қамтылуы мүмкін.

      Базар аумағы сауда қатарларына (жемiс-көкөнiс, ет, сүт, тұрмыстық тауарлар, киiм, аяқ киiм және т.б.), қоғамдық тамақтану объектілеріне, бақылау өлшеу құралдарына, автобус аялдамаларына, шығуға және т.б. бағыттар сiлтемелерімен жарақтандырылады.

      Базар қажеттi сауда керек-жарағымен, жабдықпен, оның iшiнде "Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қолдануға жол берiлген бақылау өлшеу құралдарымен жарақтандырылады.

      Әрбiр азық-түлік сауда залында өлшеу бақылау құралдары орнатылады.

      16. Базар аумағында қоғамдық тамақтану, сауда, халыққа тұрмыстық қызметтер көрсету және әлеуметтік мақсаттағы объектiлерді орналастыру және жабдықтау санитариялық қағидалардың талаптарын сақтай отырып және Кодекстің 21-1-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.

      17. Азық-түлiк емес сауда залдарында заттарды (киiм, аяқ киiм) сату кезiнде оларды өлшеп, киiп көру үшiн жағдай жасалуы, ал ақаусыздығын тексерудi талап ететiн күрделi-техникалық және басқа да тауарлар үшiн – оны өткiзуге арналған жағдай жасалуға тиiс.

      18. Базар аумағындағы сумен жабдықтау және су бұру санитариялық қағидалар талаптарына сай болуға тиiс.

      19. Базарда тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін, азық-түлік шикізатын, тауарларды сақтау және өткiзу санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Базар әкімшiлiгінiң жұмысын ұйымдастыру

      20. Базар әкiмшiлігі:

      1) Қазақстан Республикасының сауда қызметiн регламенттейтін қолданыстағы заңнамасына, осы Қағидаларға және базар субъектiлерiнiң өзара қатынастарының iшкі тәртiбiн айқындайтын базар регламентiне сәйкес базардың қалыпты жұмыс iстеуi және оның жұмысын ұйымдастыру үшін қажеттi жағдайларды қамтамасыз етедi;

      2) базардың регламентiн әзiрлейдi, онда мiндеттi түрде:

      жұмыс режимi және базарға сауда қызметi субъектiлерінің, сатып алушылардың және базар әкімшілігі қызметкерлерінің келу тәртібi;

      базар ұсынатын қосымша қызметтер тiзбесi;

      сауда қызметiнiң субъектiлеріне сауда орындарын беру тәртiбi, олардың сипаттамасы, жалға алу шарттары көрсетiледі;

      3) базар аумағын уақтылы тазалауды және абаттандыруды қамтамасыз етедi;

      4) базарда ай сайын кестеге сәйкес санитариялық күн өткiзедi;

      5) базардың мамандануына байланысты энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау бөлiгiнде базар аумағындағы сауда объектiлерi мен орындарына сервистік қызмет көрсетудi, сондай-ақ пайдалану шарттарына және оларға белгiленген талаптар мен санитариялық қағидаларға сәйкес келетін сауда керек-жарағының және бақылау таразыларының болуын қамтамасыз етедi;

      6) қоғамдық тәртiптi, өрт қауiпсiздiгін сақтау, қарауылдық күзет ұйымдастыру және базарды абаттандыру бойынша iс-шараларды өткiзу бойынша шаралар қабылдайды;

      7) осы Қағидаларға, құрылыс нормалары мен қағидаларына, санитариялық қағидаларға, өрт қауiпсiздiгi қағидаларына, экологиялық қағидаларға және қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа да талаптарға сәйкес базар жұмысын ұйымдастырады;

      8) базар аумағына кiреберiске базардың түрін, мамандануын, атауын, жұмыс режимiн көрсете отырып маңдайша (мемлекеттiк және орыс тілдерiнде) орнатады;

      9) мынадай нормативтiк құқықтық актілер:

      "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Сауда қызметiн реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Өлшем бiрлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасының Заңы;

      осы Сауда базарларының қызметiн ұйымдастыру қағидалары;

      санитариялық қағидалар болуға тиiс.

      Қажеттілiк туындаған жағдайда аталған нормативтiк құқықтық актілер сауда базарының барлық субъектiлерiне танысу үшiн беріледі;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, базар көрсететін қызметтер үшін төлем мөлшерлемесін (сауда орындары мен үй-жайларды жалға алу, сондай-ақ басқа да қосымша көрсетілетін қызметтер) дербес белгiлейдi;

      11) Заңға сәйкес сауда объектілерін, сауда объектілеріндегі, оның ішінде сауда базарларындағы сауда орындарын жалға бергенде (пайдаланғанда) жалдау (пайдалану) шарттарын жасауға міндетті (күнтізбелік ай шегінде үш күннен астам мерзімге шарт жасаған кезде – жазбаша түрде);

      12) базар көрсететiн қызметтер бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдiктер беру туралы шешiмді дербес қабылдайды (бұл ретте жеңілдiктер беру туралы хабарландыру мен тиiстi жеңiлдiктерi бар тұлғалардың тiзбесi жалпыға қолжетiмдi жерде орналастырылады);

      13) шарт негізінде құқықтық тәртіпті қорғау және өрт қауіпсіздігі жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік емес ұйымдарға, ветеринариялық қадағалау органдарына тұрақты бекеттер орналастыру үшін қызметтік үй-жайлар береді;

      14) сауда қызметінің субъектілерi үшiн ақылы қызметтер (тоңазытқыштарда, қоймаларда және басқа да қойма үй-жайларында тауарларды, өнiмдi, сондай-ақ сатушылардың жеке заттарын сақтау; ет шабу; жүктерді сауда орындарына тасу; автотұрақтарды пайдалану; радио арқылы хабарландырулар және басқалар) ұсынады.

      21. Сауда базарының меншік иесі (иегерi) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық міндеттемені орындайды.

      22. Базардың техникалық персоналы сауда базары аумағында шаруашылық қызметтi санитариялық киiм киіп жүзеге асырады, сондай-ақ санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтайды.

      23. Коммуналдық базардың әкімшілігі облыстың, қаланың, ауданның жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша апта сайынғы негізде коммуналдық базарда сатылатын азық-түлік тауарларына ұсынылатын бөлшек бағаны белгілейді.

      24. Коммуналдық базардың әкімшілігі облыстың, қаланың, ауданның жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша жыл сайынғы негізде тоқсанына бір реттен жиілетпей түзету мүмкіндігімен көрсетілетін қызметтердің барлық түрлері бойынша (сауда алаңдарын жалға беру, тауарларды сақтау, қоймаға қою, сұрыптау және буып-түю, сондай-ақ жүк және жеңіл автокөліктің кіруі және тұрағы) тіркелген тарифтерді белгілейді.

4. Базарлардың жұмысын бақылау

      25. Осы Қағидалар талаптарының сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртiппен уәкiлетті мемлекеттiк органдар және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады.

      26. Базар әкімшілігі уәкiлетті органдардың лауазымды тұлғаларына тексерулер жүргізуге жәрдем көрсетедi және осындай тексерулер барысында анықталған кемшiлiктер мен бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдайды.

      27. Жүзеге асырылған тексерулер нәтижелерi бойынша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының бұзылуы анықталған кезде, бақылаушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қабылдайды.

      28. Базардың меншiк иесi (иегерi) және (немесе) әкімшілігі осы Қағидаларды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жауапты болады.

5. Сауда процесiн ұйымдастыру

      29. Сауда қызметiнiң субъектiлерi және халықтың декреттелген тобына жататын базар қызметкерлерi санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтауы, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның Міндетті медициналық қарап тексеруді өткізу қағидаларына сәйкес медициналық тексеруден өтуі тиіс.

      30. Сауда қызметiнiң субъектiсi: өнiмдердiң сәйкестігі мен қауiпсiздiгiн куәландыратын құжаттарсыз және (немесе) тұтынушылардың өмiрi немесе денсаулығы үшiн қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін (оның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағына одан тысқары жерлерден әкелiнген) тауарларды сатқан, сондай-ақ тауарлардың қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын ресми құжатты заңсыз пайдаланған; сатылатын тауардың сапасына қатысты сатып алушыларды алдаған; тұтынушыны артық өлшеу арқылы алдаған; санитариялық қағидалардың талаптарын бұзып тауарлар саудасын жасаған жағдайда "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген жауаптылықта болады.

      31. Сауда қызметiнiң субъектiлерi тауарларды сату кезiнде:

      1) базардағы сауда қағидалары мен базардың iшкi тәртiбiн сақтауы;

      2) санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауы;

      3) жүкқұжаттардың түпнұсқалары мен нормативтiк актілерде көзделген басқа да тауардың iлеспе құжаттары; тауарлардың сәйкестігі мен қауiпсiздiгiн растайтын құжаттар болуы;

      4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық есебін жүргізуі қажет.

      32. Осы Қағидалардың 31-тармағының 3) тармақшасында аталған құжаттар сауда қызметiнiң субъектiсiнде бүкіл жұмыс уақытында сақталады және бақылаушы органдар мен базар әкiмшiлiгiнiң, сондай-ақ тұтынушылардың бiрiншi талап етуі бойынша берiледi.

      33. Сауда орнын үшiншi тұлғаға беру тараптардың (сауда қызметiнiң субъектiсi мен базар әкiмшiлiгi) келiсiмi бойынша жүргiзiледi.

      34. Сауда қызметiнiң субъектiлерi Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық міндеттемелерді орындайды.

      35. Базарда сатуға тыйым салынған тамақ тауарларының тiзбесi санитариялық қағидалар талаптарында айқындалады.

      36. Заңға сәйкес еркiн сатуға тыйым салынған тауарларды базарда сатуға тыйым салынады.

      37. Базарларда ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу мiндетті болып табылады. Жануарлардан алынатын шикізаттарды ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізбей сатуға тыйым салынады.

      38. Коммуналдық базарда азық-түлік тауарларын сатуға сауда орындарының кемінде 70 %, оның ішінде кемінде 10 % сауда орны өз өнімдерін сату үшін тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге беріледі.

      Бұл ретте азық-түлік тауарларын сату үшін сауда орындарының нақты санын және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сауда орындарының нақты санын айқындауды жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша коммуналдық базар әкімшілігі жүзеге асырады.

6. Сатылатын тауарлардың сапасы мен қауiпсiздiгi

      39. Базарда айналымға техникалық реттеу, сондай-ақ тағам өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен олардың базардағы айналымының белгіленген қағидаларына сәйкес тауарлар (өнімдер) жіберіледі.

      40. Сату уақытында сапасын жоғалтқан және сапасыз тауарлар разрядына өткен тауар сатудан алынады.

      Өнiмдер мен тауарларды жою немесе одан әрі қайта өңдеу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Уақытша сақтауға қойылған тауарлар ыдыста қатталуы тиiс. Сақтау үй-жайларында тауарлар тауарларды қатар орналастыру қағидаттары, қоймаға қою, режим мен сақтау нормалары сақтала отырып орналастырылады.

7. Сауда базарларының қызметiн тоқтату

      41. Сауда базарының меншiк иесi базар қызметiн Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады