2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 127-бабы төртінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 5 шiлдедегi № 47-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Н-ның өкілі – адвокат Н.К. Жолболовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Д.М. Ваисовтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты А.Е. Наренованың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары А.Б. Садвокасовтың,

      Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – Құқықтық бөлімнің бас консультанты А.А. Шамишевтің,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі А.А. Нуркееваның,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – бас ғылыми қызметкер Н.Н. Турецкийдің,

      Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор А.К. Канатовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 127-бабы төртінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Б.М. Нұрмұхановты, сарапшы – заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор В.В. Ханды және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚПК-нің 127-бабының нақ сол күдік бойынша қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны туралы қаулыдан басқа, қылмыстық қудалау органы қаулысының сот үшін міндетті күші болмайтыны туралы төртінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініштен және оған қоса берілген материалдардан сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында кейбір адамдарға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылғандықтан сотқа қылмыстық процес орбитасына тартылған адамдардың барлығы берілмегенін түсінуге болады.

      Өтініш беруші ҚПК-нің 127-бабының төртінші бөлігі Конституцияның 13-бабының 2-тармағына, 14-бабына, 76-бабының 2-тармағына және 77-бабының 1-тармағына қайшы келеді, өйткені ол судьяны қылмыстық қудалау органының шешіміне тәуелді етеді, бұған жол беруге болмайды деп ойлайды. Сонымен бірге, ол нақ осы күдік бойынша қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы сот үшін преюдиция болып табылады және ол оны қайта қарай алмайды деп есептейді.

      Өтініш субъектісінің пікірінше, өзінің сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығы дау айтылып отырған заң нормасымен бұзылып отыр, өйткені осы жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту қорғалу тәсілдерінің бірі болар еді.

      Конституциялық іс жүргізу шеңберіндегі отырыс барысында өтініш субъектісінің өкілі "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 42-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес өтініш көлемін азайту және "Нақ сол күдік бойынша қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны туралы қаулыдан басқа," деген сөздер бөлігінде ғана ҚПК-нің 127-бабы төртінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішхатын мәлімдеді.

      Қаралып отырған ҚПК нормасының конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Қылмыстық сот ісін жүргізудің, оның ұйымдастырылуының жалпы бастаулары және онда қылмыстық процесті жүргізетін органдардың рөлі Конституцияның нормаларымен, оған негізделген салалық заңнамамен реттеледі және конституциялық бақылау органының бірқатар нормативтік қаулыларының қарау нысанасы болды.

      Конституцияның 75-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады, ал сот билігі Қазақстан Республикасының атынан, оның ішінде қылмыстық сот ісін жүргізу арқылы да іске асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады (Негізгі Заңның 76-бабының 1 және 3-тармақтары).

      Судья сот төрелігін, оның ішінде қылмыстық істер бойынша сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады (Конституцияның 77-бабының 1-тармағы), істің барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге негізделген өзінің ішкі сенімін басшылыққа ала отырып, шешім қабылдайды. Сот билігінің дербестігі мен тәуелсіздігінің конституциялық кепілдіктері оның конституциялық мақсатын алдын ала айқындайды және судья лауазымын атқаратын азаматтың жеке басының артықшылығы болып табылмайды (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2004 жылғы 23 маусымдағы № 6 нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 36-НҚ нормативтік қаулысы).

      Конституцияда адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептелетіні (77-баптың 3-тармағының 1) тармақшасы) белгіленген.

      ҚПК-де осы конституциялық ережелер қылмыстық процесс қағидаттары ретінде айқындалған, оларды бұзу процестік әрекетті немесе шешімді заңсыз деп тануға, осындай іс жүргізу барысында шығарылған шешімдердің күшін жоюға не осы тұрғыда жиналған материалдарды заңдық күші жоқ дәлелдемелер деп немесе іс бойынша болып өткен іс жүргізуді жарамсыз деп тануға әкеп соғады.

      Заң шығарушының белгіленген тәсілдері негізгі халықаралық құқықтық актілердің ережелерімен үйлеседі.

      1948 жылы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында әр адамның өзінің құқықтары мен міндеттерін анықтап, өзіне тағылған қылмыстық айыптаудың негізділігін белгілеу үшін ісін толық теңдік негізінде ашық түрде және әділдіктің барлық талаптарын сақтай отырып, тәуелсіз және бейтарап соттың қарауына құқығы бар деп белгіленген (10-бап). Қылмыс жасады деп айыпталған әрбір адам өзінің кінәлілігі ашық сот талқылауы арқылы заңды түрде анықталғанша кінәлі емес деп есептелуге құқылы, бұл ретте оған барлық қорғалу мүмкіндіктері қамтамасыз етіледі (11-баптың 1-тармағы).

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (ХХІ) қарарымен қабылданған және 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабының 1-тармағында әрбір адам өзіне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезінде немесе қайсыбір азаматтық процесте өзінің құқықтары мен міндеттерін анықтау кезінде істі заң негізінде құрылған құзыретті, тәуелсіз және бейтарап соттың әділ және жария талқылауына құқылы деп бекітілген.

      2. Қылмыстық процесс нақты қылмыстық іс бойынша жүзеге асырылатын процестік әрекеттер мен шешімдердің жиынтығы ретінде дербес және дәйекті сатылардан тұрады, олар бір-бірінен бөлінген және әртүрлі органдар мен лауазымды адамдар жүзеге асыратын қылмыстық қудалау, қорғау және соттың істі шешу функцияларының аражігі нақты ажыратыла отырып, сотқа дейінгі іс жүргізудің және сот ісін жүргізудің мазмұнын құрайды. Судья, прокурор, тергеуші, анықтаушы дәлелдемелерді қаралған дәлелдемелердің жиынтығына негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды, бұл ретте ол заң мен ар-ожданды басшылыққа алады. Ешқандай дәлелдемелердің күні бұрын белгіленген күші болмайды (ҚПК-нің 23-бабының екінші бөлігі және 25-бабы).

      Қылмыстық істі басты сот талқылауына дайындау не оны тоқтату үшін қажетті және жеткілікті дәлелдемелерді жинау сотқа дейінгі іс жүргізудің негізгі мақсаты болып табылады. Бұл қылмыстық қудалау органдарына қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін тапқан әрбір жағдайда қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасын белгілеу, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеу, оларды жазалау үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдану, сол сияқты кінәсіз адамды ақтау бойынша шаралар қолдану міндеттерін жүктеуді білдіреді. Осы органдар өз өкілеттігін қандай да болсын органдар мен лауазымды адамдарға тәуелсіз және қылмыстық-процестік заң талаптарына қатаң сәйкестікте жүзеге асырады (ҚПК-нің 34-бабының бірінші және үшінші бөліктері).

      Қылмыстық процестің сатылылығы дәлелдеу нысанасын құрайтын барлық мән-жайлар толық анықталған кезде ғана, оның қатысушыларының құқықтарын қорғаудың белгіленген барлық кепілдіктері сақтала отырып, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді аяқтау және сот ісін жүргізуді бастау үшін алғышарттар туындайтынын көздейді. Жалпы қағида бойынша, басты сот талқылауы тек сотталушыға қатысты және оның сотқа берілген айыптау шегінде ғана жүргізіледі (ҚПК-нің 340-бабының бірінші бөлігі). Конституциялық Соттың 2024 жылғы 24 сәуірдегі № 42-НҚ нормативтік қаулысымен басты сот талқылауының шегін айқындаудың мұндай моделі Негізгі Заңға қайшы келмейді, әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығына және заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең болуына (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы және 14-бабының 1-тармағы) нұқсан келтірмейді деп танылды.

      Қылмыстық-процестік заңда көзделген негіздер болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру оны толық тоқтатумен не жекелеген күдіктілерге (айыпталушыларға) қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатумен аяқталуы мүмкін, бұл жөнінде прокурор бекіткеннен кейін заңдық күшке ие болатын уәжді қаулы шығарылады (ҚПК-нің 288290-баптары).

      Қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің сотқа дейінгі сатыларында осындай қаулының заңдылығы мен негізділігі прокурорлық қадағалау және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары шешімдерінің және әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығына тергеу соты тарапынан сот бақылауы шараларымен қамтамасыз етіледі. Конституциялық Сот өзінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 25-НҚ нормативтік қаулысында атап өткендей, тергеу сотының қызметі қылмыстық қудалау органдары тарапынан болатын заңсыз шешімдерден, әрекеттерден және жөнсіздіктен әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын іске асырудың маңызды кепілі болып табылады.

      ҚПК-нің 106-бабына сәйкес құқықтары мен бостандықтарын прокурордың, тергеу және анықтау органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей қозғайтын тұлға заңның бұзылуы туралы, оның ішінде қылмыстық істі тоқтатуда заңның бұзылуы туралы шағыммен сотқа жүгінуге құқылы. Шағымды қарау нәтижелері бойынша тергеу судьясы заңсыз деп танылған процестік шешімнің күшін жою туралы немесе шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулы шығарады.

      Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулысының тергеу соты үшін міндетті күші болмайды және сот бақылауын жүзеге асыру шеңберінде оның күші жойылуы мүмкін.

      Осылайша, сотқа дейінгі іс жүргізуде бір адамдарға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату және кейіннен басқа адамдарды сотқа беру айыпталушы субъектілерді және айыптау шегін анықтаумен байланысты болады, бұл қылмыстық қудалау органдарының дискрециялық өкілеттігіне кіреді, олардың шешімдері мүдделі адамдардың шағымдары бойынша одан әрі сот тексеруін жүргізу нысанасы болуы мүмкін.

      Сонымен бірге, Конституциялық Сот қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны туралы хабардар етілетін және тиісті процестік шешімге шағым жасау құқығы бар адамдар тобын айқындайтын ҚПК ережелерінің жеткілікті түрде үйлесімді емес екенін атап өтеді. ҚПК-нің 106-бабының бірінші бөлігіне сәйкес аталған шешімге сотқа шағым жасау құқығы құқықтары мен бостандықтарын осы шешім тікелей қозғайтын адамдарға берілген. Бұдан сотқа дейінгі тергеп-тексеру орбитасына бірнеше күдікті тартылған және кейіннен кейбір адамдарға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған жағдайда, олардың әрқайсысы өзінің сотқа шағым жасау құқығын қолдана алатыны шығады. Алайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізген адам прокурор бекіткен қаулы келіп түскеннен кейін өзіне қатысты қаулы шығарылған күдіктіні ғана хабардар етіп, оған қаулыға шағым жасау тәртібін түсіндіреді және тиісті өтінішхат келіп түскен кезде көшірмесін табыстайды (ҚПК-нің 289-бабының екінші бөлігі). Өздеріне қатысты қылмыстық қудалау жалғасып жатқан басқа күдіктілер жекелеген күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің тоқтатылғаны туралы шешіммен тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаннан кейін және қылмыстық іс материалдарымен танысу кезінде ғана танысуы мүмкін (ҚПК-нің 37-тарауы), бұл тағылған күдіктен (айыптаудан) қорғалуда олардың процестік мүмкіндіктерін азайтады.

      3. ҚПК-нің дәлелдеудің арнайы қағидаларына қатысты 16-тарауына кіретін 127-бап преюдиция мәселелерін реттейді, бұл сол бір адамдарға қатысты басқа іс бойынша бұрын анықталған фактілерді дәлелдеуден және құқықтық бағалаудан босатуды көздейді. Конституциялық Сот 2023 жылғы 14 шілдедегі № 23-НҚ нормативтік қаулысында преюдицияны қолдану сот дәлелденді деп таныған нақты мән-жайларды анықтауда процестік үнемдеу мақсатына қол жеткізуді қамтамасыз етеді деп атап өткен болатын.

      Қылмыстық процестегі преюдициялылық сот ісін жүргізуді жүзеге асыру кезінде сот билігінің актілеріне тән. ҚПК-нің 127-бабының бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде ол Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар сот шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының заңдық күшіне (Конституцияның 76-бабының 3-тармағы) негізделеді. Осы конституциялық ережеге сәйкес ҚПК-нің 127-бабының бірінші бөлігінде өзіне қатысты үкім шығарылған адамға қатысты үкім преюдициясы мәселелері реттелген, бұл басты сот талқылауында қылмыстық істің барлық материалдарын қарау және бағалау негізінде қаулы етілетін сот төрелігінің қорытынды түйіндеуші процестік актісі ретіндегі оның ерекше маңызына негізделген. Бұл ретте қылмыстық-процестік заңда теріске шығару преюдиция моделі бекітілген, ол жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша кассациялық тәртіппен сот үкімі мен басқа да шешімдерін тексеруге, күшін жоюға және өзгертуге кедергі келтірмейді.

      Сот актілерінің преюдициялық маңызын танудың сот ісін жүргізу түрлеріне, істің сипатына, сот әділдігін қамтамасыз ету, сот шешімдерінің жалпыға бірдей міндеттілігі мен сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі соттың тәуелсіздігі арасындағы теңгерімді сақтау қажеттігіне негізделген өз шегі болады. Аталған факторлар ескеріле отырып, бірқатар шет елдердің қылмыстық процесінде бұрын шығарылған үкімдердің преюдициялық маңызы танылмайды, соттар өзара байланысты қылмыстық істерді қараған кезде оларға басқа дәлелдемелермен қатар баға беріледі.

      ҚПК-нің 127-бабының төртінші бөлігіне сәйкес нақ сол күдік бойынша қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны туралы қаулыдан басқа, қылмыстық қудалау органы қаулысының сот үшін міндетті күші болмайды.

      Қылмыстық қудалау органы қаулысының сот үшін міндетті еместігі қағидаты сот билігінің конституциялық мақсатына, соттың және қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық сот ісін жүргізудегі рөліне сәйкес келеді.

      Конституциялық Сот ҚПК-нің 127-бабы төртінші бөлігінің ережелері, бұған дейін атап өтілгендей, сот актілеріне қатысты преюдиция институтына жатпайды деп есептейді. Аталған бөлікте қамтылатын нақ сол күдік бойынша қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны туралы қаулыға қатысты ескертпе ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 8) тармағына қатысты құқықтық мәнге ғана ие және осы тармақпен нормативтік тұтастықта қолданылуға тиіс, бұл ҚПК-нің басқа ережелерімен қатар, қылмыстық процестің іргелі бастауларының сақталуын және оны жүргізетін органдар құзыретінің аражігін ажыратуды қамтамасыз етеді. Көрсетілген қылмыстық-процестік нормаларда адамға қатысты қылмыстық қудалау органының нақ сол күдік бойынша қылмыстық қудалауды тоқтату туралы күші жойылмаған қаулысының болуы іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайларға жатқызылған, бұл адамды бір сол қылмыстық құқық бұзушылық үшін қайтадан қылмыстық жауаптылыққа тартуға жол бермеу қағидатынан да туындайды (Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 2) тармақшасы, ҚПК-нің 20-бабы). ҚПК-нің 35-бабының мазмұны негізге алына отырып, оның талаптары қылмыстық процесті жүргізетін барлық органдарға қатысты және сотқа дейінгі сатыларда да, сот сатыларында да мүлтіксіз сақталуға тиіс. Басты сот талқылауында бұл мән-жай ҚПК-нің 340-бабы бірінші бөлігінің ережелерімен ұштаса отырып, сотталушыға қатысты сот талқылауын жүргізу үшін сөзсіз кедергі болып табылады. Қылмыстық қудалау органының адамға қатысты қылмыстық істі сот төрелігін іске асыру сатысына дейін жеткізуден бас тартуға қатысты, заңдық күшін сақтайтын қаулыда, оның ішінде сот ісін жүргізуде білдірілген түпкілікті тұжырымдалған ұстанымын өзгерту осы органның құзыретінің аясына кіреді. Соның салдарынан, бұл айыптау шегін қайта қарау, айыпталушының одан заңда көзделген барлық құралдармен қорғалу құқығын сақтай отырып, жаңа айыптауды тұжырымдау және жарыспалылық процесінде белгіленген өзге де рәсімдерді жүргізу қажеттігіне алып келеді.

      ҚПК-нің 340-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер басты сот талқылауы барысында қаралып отырған істі басқа қылмыстық іспен біріктіру, басқа адамдардың әрекеттері қаралып жатқан іспен байланысты болса және жаңа адамдарға қатысты істі бөлек қарау мүмкін болмаса, басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту қажеттігі туындаса, сот айыптаушы тараптың өтiнiшхаты бойынша, процестің басқа да қатысушыларының пікірін ескере отырып, істі қарауда үзіліс жасайды және осы Кодекстің 321-бабында көзделген тәртіппен алдын ала тыңдауды өткізеді. Мұндай процестік тетіктің конституциялылығын Конституциялық Сот 2024 жылғы 24 сәуірдегі № 42-НҚ нормативтік қаулысымен таныған болатын.

      Қаралып отырған қылмыстық-процестік норманың редакциясында басқа да кемшіліктер бар. Нормада ондағы көзделген ерекшелік қолданылатын субъект (сотталушы немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру орбитасына тартылған барлық адамдар) нақтыланбаған. Қаулының күшіне енгені көрсетілмеген, ал ҚПК-нің 127-бабының алдыңғы бөліктерінде бұл сот актілеріне қатысты көрсетілген. Мазмұны барлық соттарды, оның ішінде қылмыстық қудалау органдары қаулыларының күшін жоюға уәкілеттік берілген тергеу соттарын қамтитын "сот" ұғымын интерпретациялау кезінде әркелкілік туындайды.

      Заң, Конституциялық Сот бірнеше рет атап өткендей, заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келуге және салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және заң ережелерін өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс (2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ, 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 63-бабының 4-тармағын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 127-бабының төртінші бөлігі төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      "Қылмыстық қудалау органы қаулысының сот үшін преюдициялық маңызы болмайды. "Нақ сол күдік бойынша қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны туралы қаулыдан басқа," деген ескертпені іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын және өзіне қатысты қылмыстық қудалау органының нақ сол күдік бойынша қылмыстық қудалауды тоқтату туралы Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 8) тармағына сәйкес қабылданған, күші жойылмаған қаулысы бар адамды соттауға жол бермейтін мән-жай ретінде түсіну керек.".

      2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 127-бабы төртінші бөлігінің ережелерін қолдану кезінде оларды өзгеше түсіндіру болмайды.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі алты ай мерзімде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізсін.

      4. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      5. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады