Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 28.12.2015 № 148 Жарлығымен.
Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
«Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 149 Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ереженің 26-тармағына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының орта мерзімді кезеңдегі дамуын қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 18 сәуірдегі
№ 552 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мазмұны
1. Паспорты
2. Кіріспе
3. Жағдайды талдау
4. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері
5. Мемлекеттік этносаясатты қалыптастыру мен іске асыру бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі бағыттары
5.1. Ұлттық бірлікті қалыптастыру саласында
5.2. Мемлекеттік этносаясатты іске асыруға қолдау көрсету саласында
5.3. Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдіру саласында
5.4. Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын нығайту саласында
6. Тұжырымдаманы іске асыру тетігі мен ресурстық қамтамасыз ету
7. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер
1. Паспорты
Атауы: Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама).
Негізгі әзірлеуші: Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі.
Негізгі орындаушы: Қазақстан халқы Ассамблеясының (бұдан әрі - Ассамблея) Хатшылығы.
Іске асыру мерзімі: 2013-2020 жылдар.
2. Кіріспе
Тұжырымдама Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына, «Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 149 Жарлығына, Қазақстанның Ел бірлігі доктринасына (бұдан әрі - Доктрина), Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына, Қазақстан Республикасы Президентінің Ассамблеяның XIX сессиясында белгіленген қағидаттарды ескере отырып, Ассамблеяның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын пысықтау және қабылдау туралы тапсырмаларына сәйкес әзірленді.
Доктрина халықтың бірлігін нығайтуға, демократияны, мәдениеттер мен өркениеттердің үндесуін дамытуға бағытталған құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мемлекеттік-басқарушылық шаралардың тұтас жүйесін жасау үшін негіз болып табылады.
Бүгінгі таңда «Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясы туралы және Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 26 сәуірдегі № 856 Жарлығымен бекітілген Ассамблеяның орта мерзімді кезеңге арналған (2011 жылға дейінгі) стратегиясы (бұдан әрі - Ассамблея стратегиясы) іске асырылды, негізгі мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілді.
3. Жағдайды талдау
XXI ғасыр Батыс пен Шығыс мәдениеттері мен өркениеттері байланыстарының, бүкіл әлемдегі этносаралық қарым-қатынастардың, полиэтносты қоғамдардың ықпалдасуында жаңа көзқарастар қалыптастырудың мәселелерін өткір қойып отыр.
Бұл ахуалда жүйелі жалпы өркениеттік дағдарыстың белгілері бар, оның ішіне әлемдік қаржы дағдарысынан басқа энергетикалық, экологиялық, азық-түліктік, әлеуметтік дағдарыстардың белгілері де кіреді.
Әлемнің көптеген елдерінде этносаралық және дінаралық қарым-қатынас мәселелері тағы да күн тәртібіне шықты. Еуропадағы дәстүрлі құндылықтар жүйелері мен Азия және Африка мемлекеттерінен шыққан, тез өсіп келе жатқан этностық қауымдастықтар мәдениеті арасында жанжалдар туындау мүмкіндігі ұлғайып келе жатқаны байқалуда. Ұлттық диаспоралардың өздері тұрып жатқан елдің қоғамына сіңісіп кетуі күн өткен сайын күрделеніп барады. Әлемнің дамуында мәдени полифонияның барған сайын дербес ғаламдық құбылыс ретінде көрініс беретін кезеңі тақап қалды. Әлемнің әр өңіріндегі және жекелеген мемлекеттердегі өмір салтын, дәстүрлерді, мәдениетті, этностық бейнені бірыңғай ету мүмкін емес екендігі айқын бола бастады. Бұл жағдай түсіністік таппаса, ғаламдық әлеуметтік, мәдени, діни қарама-қайшылықтың өршуі ықтимал дүниеге айналады.
Бүгінде бүкіл әлемде қазіргі заманның өткір мәселелері бірлескенде және консенсус негізінде ғана шешілуі мүмкін екендігі жөнінде түсінік қалыптасып келеді.
Полиэтностық және поликонфессиялық құрамы ажырамас сипаты болып табылатын Қазақстан үшін қоғамдық келісім, толеранттылық, полиэтносты қоғамның ұйысуы, мәдениетаралық және өркениетаралық үндесу идеяларына бейілдік - бұл аксиома.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда ел азаматтарының құқығы мен еркіндігін қамтамасыз ететін демократиялық тетіктерді дамыту міндеті тұрды. Бүгінде, Қазақстанның 22 жылдық тәуелсіз дамуынан кейін, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі ажырамас бөлігі болып табылатын «қазақстандық даму жолы» бүкіл әлемде мойындалып отыр.
1995 жыл еліміздегі саяси жүйенің түбегейлі реформаланып, Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамашылығымен республиканың этномәдени орталықтары негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған жылы болды. Бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституция қабылданып, осыған орай этносаралық қатынастар саласындағы саясат дәйекті демократиялық сипат алды. Барлық азаматтардың этностық қатыстылығына және діни сеніміне қарамастан теңдігі қоғамдық келісімнің негізгі қағидатына айналды.
Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін мемлекет, азаматтық қоғам институттарымен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, бейбітшілік пен қоғамдық келісім идеяларын қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру бойынша орасан зор жұмыс жүргізді.
Ол жұмыстың маңызды кезеңдері - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сәйкестігін қалыптастыру тұжырымдамасы, Тіл саясатының тұжырымдамасы, Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңы, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2010 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы, «Қазақстан - 2030» стратегиясы, «Қоғамды идеялық тұрғыда ұйыстыру - Қазақстан дамуының басты шарты» тұжырымдамасы қоғамдық беріктіктің қажетті қорын қалыптастыруға, толеранттылықтың ресурсын ұлғайтуға мүмкіндік берді.
2002 жылдан бастап бұл жұмыс Ассамблея стратегиясы негізінде жүргізілді.
Ассамблея стратегиясы ережелерін іске асыру Ассамблеяның жыл сайынғы сессияларында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың берген тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарлары негізінде жүргізілді.
Ассамблея стратегиясын іске асырудың қорытындысында «Қазақстан-2030» стратегиясы міндеттерін іске асырудағы Ассамблеяның рөлін арттыру бойынша негізгі мақсатқа және төмендегі нәтижелерге қол жеткізілді:
1. Мемлекеттік тіл мен қазақ халқының мәдениетінің өзекті рөлін арқау ете отырып, азаматтық және рухани-мәдени біртұтастық негізінде, бұқаралық қоғамдық санада ұлттық-мемлекеттік сәйкестік туралы тұжырымның нық қалыптасуына қол жеткізілді;
этносаралық және конфессияаралық толеранттылық қағидаттары мен нормалары бекітілді;
мемлекеттік органдардың этномәдени ұйымдармен өзара іс-қимылы күшейтілді;
жүйелі негізде этносаралық жағдайға мониторинг жүргізу әлеуметтік шиеленіскен ошақтарды уақтылы анықтауға және оларды жою бойынша шараларды қолға алуға мүмкіндік берді;
ғылыми-теориялық және институционалдық-тәжірибелік сипатта этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты және іске асуда.
2. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара тиімді іс-қимылы қамтамасыз етілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 маусымдағы № 593 қаулысымен бекітілген Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдірудің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылды. Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 948 млн. теңге және жергілікті бюджеттерден 414 млн. теңге бөлінді.
2009 жылдан Ассамблея стратегиясын іске асыру мәдениет, ақпарат, этносаралық келісім, тілдерді дамыту салаларындағы орталық атқарушы органның 2009-2011 жж. 2011-2014 жж. және 2011-2015 жж. арналған стратегиялық жоспарларының «Толерантты тілдік орта құру - Қазақстан халқының бірігу факторы» және «Ұлттың тұрақты дамуы үшін мемлекеттікті, халықтың бірлігін одан әрі нығайту және қоғамның бірігуін қамтамасыз ету» деп аталатын 2-ші және 4-ші стратегиялық бағыттары аясында жүзеге асырылуда.
3. Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіру қамтамасыз етілді. Ассамблея 820 этномәдени бірлестіктің жұмысын үйлестіруде, оның ішінде 28-і республикалық, бұлардың 324-і әділет органдарында тіркелген, қалғандары олардың филиалдары болып табылады және жергілікті атқарушы органдарда есепті тіркеуде тұр.
Олардың дамуына барлық жағдай жасалған, Астанада Бейбітшілік және келісім сарайы, өңірлерде - этномәдени бірлестіктердің кеңселері орналасқан Достық үйлері жұмыс істейді. Жұмыс жоспарлы негізде жүргізіледі, этномәдени бірлестіктер жұмысы туралы деректер базасы қалыптастырылған.
Этномәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіру үшін республикалық, сондай-ақ Астана және Алматы қалалық, облыстық этномәдени бірлестіктер басшыларымен жыл сайын семинар-кеңестер ұйымдастырылады. Өңірлерде ассамблея кеңестерінің отырыстары жүйелі түрде өткізіледі, ол отырыстарда Мемлекет басшысының Ассамблея сессияларында және жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында қойған міндеттерді шешуге этномәдени бірлестіктерінің атсалысуы талқыланып, тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірленеді.
Мемлекеттік органдарға консультациялық және әдістемелік көмек көрсету үшін Ассамблея Хатшылығы мәдениет, ақпарат, этносаралық келісім, тілдерді дамыту салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп, жыл сайын этномәдени бірлестіктермен жұмыс жөнінде анықтамалықтар, әдістемелік ұсынымдар мен құралдар әзірлейді, мұндай жұмыс өңірлерде де жүргізіледі. Түрлі этностар мен нақты этномәдени бірлестіктердің мәселелерін шешу жөніндегі жұмыс оларды Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне жету үшін біріктіруге мүмкіндік берді.
4. Этносаралық қатынастар саласындағы келеңсіз үрдістердің алдын алу бойынша сақтандыру тетіктерінің жүйесін қалыптастыру және ықтимал қатерлерді жою, сондай-ақ этностық факторды саясиландыруға жол бермеу саласында этносаралық жағдайға мониторинг жүргізу жүйесін нығайтуға қол жеткізілді.
Уәкілетті мемлекеттік органдар: әлеуметтік өлшеулерді қоса алғанда этносаралық қатынастарға (тоқсан сайынғы тәртіпте) мониторингті; азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге, тіл саясаты саласында құқықтардың бұзылуын анықтауға және жоюға мониторингті; этностық, діни және тілдік себептер бойынша азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін материалдарды анықтау жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарына мониторингті жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты этносаралық қатынастардың көкейтесті мәселелері бойынша жыл сайын бірқатар зерттеулер дайындайды.
5. Ассамблеяның қызметін жетілдірудегі және саяси жүйені демократияландырудағы, қоғамдық дамудың көкейтесті мәселелерін шешудегі рөлін арттыруда Ассамблеяны институционалдық тұрғыдан едәуір нығайтуға қол жеткізілді.
Этносаралық қатынастар саласын реттеу бойынша нормативтік құқықтық база қалыптастырылды. Оның негізін 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы қалады, онда этностық тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа қатыстығына қарамастан елдің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер жасау кепілдігі, сондай-ақ этносаралық қатынастарды мемлекеттік реттеу тетіктері, қауымдастықтың азаматтық-саяси моделі көрсетілген. Негізгі заң этносаралық келісімді бұзатын кез келген әрекетті конституциялық емес деп таниды.
Көрсетілген конституциялық қағидаттар 1996 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сәйкестігін қалыптастыру тұжырымдамасында, 1996 жылғы Тіл саясатының тұжырымдамасында, Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасында жалғасын тапты.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңында мемлекеттік қазақ және ресми қолданылатын орыс тілдерінің мәртебесі туралы мәселе құқықтық шеңберде шешімін тапты.
Ассамблеяның нормативтік құқықтық базасы жетілдірілді. Ол «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы № 2066 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды, оның Ережесі бекітілді және бірінші сессиясы шақырылды.
«Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы № 2066 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 17 сәуірдегі № 3913 Жарлығымен Ассамблеяның қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастыру Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне жүктеліп, Ассамблеяның атқарушы хатшылығы Министрліктің құрылымдық бөлімшесі болып белгіленді.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» Конституциялық заңның қабылдануына байланысты және Ассамблея мәртебесін көтеру мақсатында, «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» Қазақстан Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы № 2066 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 3 қазандағы № 450 Жарлығымен, оған этносаралық қатынастарды дамыту мен нығайту жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру және ұлттық саясат мәселелері бойынша заң жобаларына қоғамдық-құқықтық сараптама жүргізу жүктелді. Ассамблеяның жұмыс органы - Атқарушы хатшылық Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшесінің құрамына, ал өңірлік ассамблеялардың атқарушы хатшылықтары - Астана және Алматы қалалары, облыстар әкімдері аппараттарының құрамына енгізілді.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясы Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 26 сәуірдегі № 856 Жарлығымен Ассамблеяның орта мерзімді кезеңге арналған стратегиясы қабылданды.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын нығайту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 23 сәуірдегі № 1561 Жарлығы Ассамблея Хатшылығын Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімшесі ретінде, ал оның жергілікті жерлердегі хатшылықтарын - Астана және Алматы қалалары, облыстар, әкімдері аппараттарының дербес бөлімшелері ретінде белгіледі. Өңірлік ассамблеялар хатшылықтары меңгерушілерінің кандидатураларын Ассамблея Хатшылығымен келісу тәртібі енгізілді. Қазақстан Республикасының Үкіметіне этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі зерттеу орталығын құру туралы мәселені қарау және Ассамблея стратегиясын одан әрі іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.
2007 жылғы Конституциялық реформа Ассамблеяны конституциялық орган ретінде бекітті. Қазақстандық этностардың кепілді парламенттік өкілдігі қамтамасыз етілді. Ассамблея сайлайтын Мәжілістің 9 депутаты Қазақстанның этностық топтарының мүдделерін тұтас білдірушілер болып отыр.
Конституциялық реформаға байланысты «Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 26 сәуірдегі № 856 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 26 шілдедегі № 370 Жарлығына сәйкес, Қазақстан халықтарының Ассамблеясы Қазақстан халқы Ассамблеясы болып қайта аталды. Жарлық бойынша Ассамблея заңды тұлға құрылмайтын мекеме болып белгіленді. 2008 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы қабылданды, ол бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы Ассамблеяның саяси мойындалуы мен рөлін айқындады, оның қызметін нормативтік-құқықтық реттеуді, орталық пен өңірлердегі институционалдық жоғарыдан төменге қарай бірлігін қамтамасыз етті.
Жаңадан, республикалық этномәдени бірлестіктерден сайланатын, жыл сайын Ассамблея сессияларында ауыстырылып отыруы тиіс Ассамблея Төрағасының орынбасарлары институты құрылды. Заңға оның Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау конституциялық құқығы көрініс тапқан ереже енгізілді.
Мемлекет басшысы 2010 жылғы 20 сәуірде Қазақстанның Ел бірлігі доктринасын мақұлдады. «Қазақстанның Ел бірлігі доктринасын іске асыру жөнінде 2010 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 25 мамырдағы № 468 қаулысымен тиісті іс-шаралар жоспары қабылданды. 2011 жылғы 25 мамырда «Қазақстанның Ел бірлігі доктринасын іске асыру жөнінде 2011-2014 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 576 қаулысы қабылданды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 149 Жарлығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ереже» бекітілді. Онда, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның консультативтік-кеңесші құрылымдарының мәртебесі мен өкілеттілігі, оның мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылының ерекшеліктері, Қазақстан Республикасының этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатын әзірлеу мен іске асыруға қатысу тәртібі көрсетілді.
Этностық қатынастар жөніндегі заңнамалық нормалар Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерінде, оның ішінде қоғамдық бірлестіктер, сайлау туралы, саяси партиялар туралы заңнамада бар.
Қазақстан адам құқықтары саласындағы негізгі халықаралық құқықтық құжаттарға қосылды.
Сонымен, мемлекеттік этносаясат азаматтардың этностық қажеттіліктері мен мүдделерін іске асыруда барлық қажетті саяси-құқықтық жағдайды қамтамасыз етуде.
Ассамблеяның инфрақұрылымын түбегейлі нығайту, оның азаматтық қоғаммен және мемлекеттік билік жүйесімен бірігуі жүргізілді. Ассамблеяның жанында қоғамдық қорлар жұмыс істейді, көпфункционалды веб-портал дамып келеді, «Достық-Дружба» журналы шығуда, Ұлттық академиялық кітапханада Ассамблеяның этносаралық тақырып бойынша ресми депозитарийі ашылды.
2011 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Этносаралық және конфессияаралық қатынасты зерттеу жөніндегі орталық құрылды. Мемлекеттік қызметшілер мен этномәдени бірлестіктер өкілдері үшін «Қазақстанның мемлекеттік этносаясаты: жаңа трендтер» атты оқыту жобасы әзірленді, қазақ және орыс тілдерінде арнайы әдістемелік құрал дайындалып, басылып шықты.
Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесі этносаралық қатынастарға байланысты мәселелерді талқылаудың және шешудің әмбебап алаңына айналды. Барлық өңірлерде ірі жоғары оқу орындары базасында ғылыми-сарапшылық топтар құрылған.
Этносаралық қатынастар мәселелері бойынша Жетекші сарапшы-журналистер клубы құрылды. Өңірлік деңгейде осы сияқты құрылымдар бар, олар этносаралық толеранттылықты нығайту және ақпараттық жұмысты қамтамасыз ету саласында белсенді жұмыс істеуде.
Ассамблея мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істейді. Бұл жұмыс елдегі этносаралық келісімді қамтамасыз етудің ақпараттық, білім беру, тәрбиелік, құқық қорғау, құқықтық, сондай-ақ халықаралық аспектілерін қамтиды. Мәдениет, ақпарат, этносаралық келісім, тілдерді дамыту, білім және ғылым, сондай-ақ ішкі істер салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлескен іс-қимыл жоспарлары іске асырылды.
Ассамблеядағы осы түбегейлі өзгерістер халық бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатты саясатқа негізделген.
Нәтижесінде Қазақстан этносаясатының төмендегідей күшті жақтары қалыптасты:
Біріншіден, ел басшылығының саяси жігерінің болуы нәтижесінде этностық және діни қатыстылығына қарамастан азаматтық теңдікті іске асырудың пәрменді тетіктері құрылып, жүйелі негізде жетілдіріліп келеді.
Екіншіден, қазақстандық үлгі азаматтық бастамашылық, азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің сындарлы үн қатысуы негізінде «төменнен» қалыптасып, елдің қоғамдық-саяси жүйесіне үйлесімді енгізілді.
Үшіншіден, этностық топтардың азаматтық-құқықтық, және қоғамдық тұрғыдан алғанда жоғары мәртебесі Қазақстанның бірегей ерекшелігіне айналды. Қоғамымызда азаматтың кез келген этносқа, оның дәстүрлеріне, тілі мен мәдениетіне жататындығы әрдайым құрметке және сенімге ие.
Төртіншіден, қазақстандық этностар мүдделерінің өкілдігі және саяси іске асуы жоғарғы мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуда. Ел Президенті - Конституция кепілі Ассамблеяның Төрағасы болып табылады, осының өзі оның аса жоғары мәртебесін көрсетеді.
Ассамблеяның жоғары органы - жыл сайын өткізілетін сессияның шешімдері барлық мемлекеттік органдар тарапынан қаралуға міндетті.
Бесіншіден, Ел Парламентіндегі этностық топтардың тікелей кепілді өкілдік етуі Мәжілістің 9 депутатын Ассамблеяның сайлауы арқылы қамтамасыз етіледі, олар Парламентте барлық этностардың мүддесін тұтастай білдіреді.
Алтыншыдан, қазақстандық үлгі негізінде «Саналуандық бірлігі» деген жұмылдырушы ұстаным енгізілген. Этностардың тілін, дәстүрлерін және мәдениетін дамыту ұмтылысына қажетті жағдай жасау жөнінде мемлекет мақсатты қолдау көрсетеді.
Жетіншіден, Қазақстанның қағидатты ұстанымы бойынша, этностық мәселелерді саяси мақсатта пайдалануға жол берілмейді.
Этносаралық қатынастар саласындағы Қазақстанның саясатына этностық азшылықтардың құқықтарын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық стандарттар шеңберіндегі барлық жалпыға танымал нормалар тән.
Мемлекеттің этносаясатын нығайтудағы кезекті қадам Доктрина болды, онда қазақстандық қоғамды одан әрі топтастырудың кезекті негізгі мақсаттары белгіленген және полиэтносты қоғамды біріктірудің жаңа дәрежесіне - ұлттық бірлікке қол жеткізу міндеті қойылған. Оның қағидалары Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында, орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарларында ескерілген.
Доктрина Конституция қағидаларының үйлесімді дамуы болып табылады. Сонымен қатар, ол этносаралық қатынастар саласындағы бірқатар шығармашылық инновацияларды қамтиды. Ұлттық бірлесуді қамтамасыз етудің бірқатар экономикалық және әлеуметтік алғышарттары да белгіленген. Доктрина елдің үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуының мақсаты мен міндетіне толық сай келеді.
Доктринаның этностық азшылықтардың құқықтарын қамтамасыз етудегі және полиэтносты қоғамдарды біріктірудегі халықаралық тәжірибеге қосқан маңызды үлесі - оның этностық азшылықтардың құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету саласындағы ЕҚЫҰ-ның біріктірілген стандарттарына негізделгендігі, ал халықаралық ұсынымдар мен стандарттар жекелеген заңдар деңгейінде іске асырылып отырған жоқ, олар ел дамуының стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалған.
Тұтас алғанда, этносаралық қатынастар және қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру нәтижесінде этносаралық қатынастарды және қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің тиімді саяси-құқықтық, институционалды-басқару негізі қалыптасты.
Сонымен қатар, ескеруді қажет ететін бірқатар объективті факторлар бар:
жаһандық сипаттағы факторлардың әсері салдарынан әлеуметтік сұрақтардың шиеленісуі (әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс, өңірде және әлем бойынша әлеуметтік және әскери-саяси тұрақсыздықтың таралуы, экстремистік және террористік көріністердің көбеюі);
әлеуметтік жіктелу мәселелері, жұмыссыздық және қылмыс, құқықтық мәдениеттің төмендігі;
көші-қон процестерінің күшеюі және көші-қон ағысының сипаты, сондай-ақ этнодемографиялық серпін.
Этносаралық келісімнің нығаюын және ұлттық бірліктің қалыптасуын тежейтін субъективті факторлар мыналар болуы мүмкін:
халықты біріктіруші фактор, әлеуметтік ұтқырлықтың және әр азаматтың бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болып табылатын мемлекеттік тілді жекелеген этнос өкілдерінің төмен деңгейде білуі;
қоғамның бір бөлігінің дүниетанымдық тұрғыдан енжарлығы, ұлттық-мемлекеттік сәйкестік пен ұлттық бірлікті нығайту тетіктерінің әлсіреуі;
этносаралық қатынастарды саясиландыру әрекеттері.
Этносаралық қатынастардың ахуалына ықпал ететін сыртқы факторлар болып мыналар табылады:
орталық азия өңіріндегі жетекші халықаралық субъектілердің геосаяси мүдделері;
өңірде, оның ішінде Қазақстан шекарасынан тікелей жақын жерлерде әскери-саяси және этностық тұрақсыздық факторларының болуы;
діни идеяларды жамылған экстремистік, террористік және радикалды топтардың құқық бұзушылық әрекеттерінің өрістеуі;
әлемнің әр түкпірінде дәстүрлі құндылықтар жүйелері мен өскелең ұлттық және мәдени-тарихи қауымдастықтар арасындағы жанжалды жағдайдың өршуі;
көшіп-қонушыларға деген төзімділік шегінің және бұқаралық сана-сезім толеранттылығының төмендеуі;
қазақстандық идеалдар мен құндылықтарға, дүниетанымға, дінге ықпал ете алатын шетелдік ақпараттық ағындардың өсуі;
елдің заңнамасын сақтамайтын діни бірлестіктер мен ағымдардың қызметі;
шет мемлекеттердің диаспоралық саясаты;
трансұлттық қылмыстың өсуі;
конфессиялар мен этносқа бағытталған ұйымдардың саясилануы.
Аталмыш факторлар Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастардың жай-күйіне, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімге, ұлттық бірлікті қалыптастыру процесіне ықпалын тигізуі мүмкін.
Қазақстандық қоғамнан қоғамды түбегейлі әлеуметтік жаңғыртуға негізделген азаматтық топтасу, құбылмалы әлемнің қатерлері алдында өз бірлігінің мәнін түсіну талап етіледі.
Сондықтан мемлекеттік органдар, Ассамблея тарапынан дәйекті, мақсатты және мәселенің алдын алатын мынадай жұмыстар жүргізу керек:
қоғамның әлеуметтік жаңғыруын қамтамасыз ету, азаматтардың белсенділігін күшейту, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру үшін олардың еңбек, шығармашылық әлеуетін ашу;
барлық азаматтарға ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесін тануға негізделген ұлттық бірлікті әрі қарай нығайту;
халық бірлігінің қажетті шарты және әлеуметтік, қоғамдық ұтқырлықты, жеке бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етудің кепілі ретінде мемлекеттік тілді барлық азаматтардың игеруі;
ұлттық бірлікті, ұлттық-мемлекеттік сәйкестікті, патриотизмді қалыптастырудың, рухани-мәдени өзара іс-қимыл мен этносаралық қатынастарды үйлестірудің тетіктерін одан әрі нығайту;
ұлттың тұтастығын қамтамасыз етуге, мемлекетті, қоғам мен отбасын нығайтуға бағытталған дәстүрлерді, рухани және имандылық құндылықтары мен дүниетанымдық негіздерді сақтау және нығайту;
сыртқы қатерлер мен әсерлердің ықпалын бейтараптандыру.
Келешекте Ассамблея этносаралық және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету тетігі болып қана қоймай, конституциялық орган ретінде азаматтық қоғам институттары үшін басты үнқатысу алаңына, жалпы ұлттық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтық ынтымақтастықтың тетігіне айналады.
Ассамблеяның қоғамдағы және мемлекеттегі орны мен рөлін айқындауға, этносаралық саладағы барлық тетіктерді жетілдіруге, олардың жаһандық және ішкі өзгерістерге бейімделуіне, «Қазақстан-2050» Стратегиясының, Доктринаның, Қазақстан Республикасы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңының міндеттерін шешуге бағытталған жаңа тұжырымдамалық көзқарас қажет.
4. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері
Осы Тұжырымдама мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруға, ұлттық бірлікті қалыптастыруға, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық институттардың өзара іс-қимылын жандандыруға, осы өзара іс-қимылдың тетіктерін жетілдіруге, ең алдымен, Ассамблея институты арқылы қол жеткізуге бағытталған негізгі бағдарлар жүйесінің жиынтығын білдіреді.
Сонымен қатар Тұжырымдама стратегиялық тұрғыдан қазақстандық қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың мақсатына, оның ішінде:
жаңа индустриялдық-инновациялық экономика және Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамы жағдайындағы өмірге қоғамды дайындауға;
Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық игіліктерді кеңінен қамтамасыз етуде оңтайлы теңгерімді табуға;
құқық, әділдік және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына сүйенген әлеуметтік қатынастарды нығайтуға сай келеді.
Тұжырымдама мынадай қағидаттардан құрылған:
1) адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы;
2) халық пен мемлекет мүдделерінің басымдығы;
3) Қазақстанның ұлттық бірлігі, егемендігі мен тұтастығы;
4) нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне, наным-сеніміне немесе басқа да жағдайларға қарамастан адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдігі;
5) Ассамблея мүшелерінің оның құрамындағы тең құқылығы және өз қызметі үшін жеке жауапкершілігі;
6) транспаренттік.
Тұжырымдаманың алдағы кезеңдегі басым бағыттары Конституцияға, Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына, Доктринаға, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісіне, азаматтық тең құқылық конституциялық қағидаттарына сәйкес анықталады.
Бұл саясаттың базалық негіздері:
елдің тәуелсіздігін және мемлекеттігін, қоғамның толеранттылығы мен жауапкершілігін ұдайы нығайтудың мызғымастығы;
Қазақстан халқының бірлігі;
этностық, діни, мәдени және тілдік саналуандық;
қазақ халқының біріктіруші рөлі;
барлық этностар үшін мәдениетті, тілдер мен дәстүрлерді дамытуға қажет жағдайларды жасау.
Тұжырымдаманың мақсаты - Ассамблея институтын бұдан әрі дамыту және оның елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттігін нығайтудағы рөлін арттыру, патриотизм, қазақ халқы мен мемлекеттік тілдің топтастырушы рөлін арқау ете отырып жалпы құндылықтар негізінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету.
Тұжырымдаманың негізгі міндеттері:
1) «Қазақстан - 2050» стратегиясын іске асырудың, күшті мемлекет, дамыған экономика және Жалпыға Ортақ Еңбек мүмкіндіктері негізінде берекелі Қоғам қалыптастырудың тиімді ресурсы ретінде этносаралық қатынастарды үйлестіру және қоғамдық келісімді нығайту;
2) этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы ұлттық бірлікті қалыптастыру, этносаралық келісім мен қоғамдағы толеранттылықты нығайту үшін қолайлы жағдай жасау;
3) этностық мәдениеттерді, тілдер мен Қазақстан халқының дәстүрлерін одан әрі дамыту негізінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікке қол жеткізу үшін этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіру;
4) тарихи тәжірибеге және демократиялық нормаларға сүйенетін қазақстандық қоғамның негізгі құндылықтар жүйесін қалыптастыру, азаматтардың саяси-құқықтық, әлеуметтік-адамгершілік мәдениетін дамыту;
5) этностық мәдениеттерді, тілдер мен Қазақстан халқының дәстүрлерін дамыту;
6) шет елдерде тұратын қазақ диаспорасына ана тілі, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, тарихи Отанымен байланысты нығайту мәселелеріне қатысты қолдау көрсету;
7) халықаралық ұйымдар және шет елдердің азаматтық қоғам институттарымен интеграциялық байланыстарды кеңейту.
Осы міндеттерді іске асыру «Қазақстан-2050» стратегиясы, Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулары негізінде жүзеге асырылады.
«Қазақстан-2050» стратегиясын іске асырудағы Ассамблея жұмысының басты бағыты «Жаңа қазақстандық патриотизм — біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» атты жетінші басымдықпен байланысты. Бұл жұмыс мыналарды қамтиды:
жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру;
этностық шығу тегіне және діни сеніміне қарамастан барлық азаматтар құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету;
Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін дамыту, дәстүрлерін, даралығын сақтау;
қазақ тілін ұлттық бірліктің факторы және қоғам мен тілдердің үш-тұғырлығының рухани өзегі ретінде дамыту;
жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуда, бүкілқазақстандық бірегейлік негізінде ұлттың тарихи санасын қалыптастыруда ұлттық интеллигенцияның рөлін арттыру;
радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің кез келген түрлері мен көріністерін қабыл алмау.
Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жиырма қадам» бағдарламалық жұмысында алға қойылған міндеттерді шешуге бағытталған және мыналарды:
этносаралық саладағы жанжалды жағдайлардың алдын алу, реттеу мен шешудің нақты құқықтық нормаларын жасауды, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісінің жұмыс істеуін;
этносаралық қатынастар саласында толерантты құндылықтар межелерін нығайтуды;
қазақстандық этностардың қоғамдық танымына Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының құндылықтарын сіңіруді;
ел бірлігін қалыптастыру саласында азаматтардың әлеуметтік бастамаларын іске асыру мақсатында қоғам өмірінің өзіндік ұйымдастыру жүйелерін, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, азаматтық қоғам институттарын дамытуды;
қазақстандық қоғамның ақпараттық құрамдас бөлігін күшейту, этносаралық қатынастар мәселелері бойынша мемлекет пен халықтың тұрақты «қайтымды байланысын» нығайту және азаматтардың ақпараттануы мәселелерінде интернет-технологияларды кеңейтуді;
инновациялық экономиканың қозғаушы күші және ұлт бірлігінің негізі ретінде орта таптың өсуіне жағдай жасауға этномәдени бірлестіктердің әлеуетін қолдана отырып көмектесуді;
биліктің барлық деңгейіндегі сарапшылар мен менеджерлердің «сатылас» және «деңгейлес» тұрғызылған кәсіби корпусы арқылы этносаралық саладағы әлеуметтік процестерді тиімді мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, медиация институтын дамытуды көздейді.
Тұжырымдама Елбасы айқындаған «Ұлы әлем» - G-GLOBAL XXI ғасырдағы іргелі әлем сипаты қағидаттарына негізделген:
1. Революция емес, эволюция. Реформалар жолы - XXI ғасырда өркендеудің жалғыз жолы.
2. Әділдік, теңдік, консенсус. Әлеуметтік серіктестік пен жауапкершілікке негізделген жаһандық әлеуметтік дамудың жаңа сатысына көшу.
3. Жаһандық толеранттылық пен сенім. XXI ғасырда толеранттылық ұғымы экономикалық өсудің маңызды факторына айналуда. Мемлекеттер геосаяси салмағы мен ықпалына, тарихи тәжірибесіне, экономикасы мен қоғамның даму деңгейіне қарамастан, өзара қарым-қатынаста толерантты болуы тиіс. Толеранттылықсыз жаһандық сенімнің орнауы мүмкін емес.
4. Жаһандық транспаренттік. G-GLOBAL тұрпатындағы әлем - бұл ұлттардың транспаренттік қоғамдастығы, онда үлкен де, орта да, кіші де ұлттарды қорлайтын «екіжақты» стандарттар болмауы тиіс.
5. Конструктивтік саналуандық - бұл XXI ғасырда жаһандық дамудың тренді. Қуатты ықпалдастық бірлестіктері қатар, бейбіт өмір сүретін және тығыз өзара әрекеттесетін геосаяси бәсекенің және қарама-қарсы күштердің теңгерімді жүйесі қажет. Тек конструктивті саналуандық жағдайында ғана әлем жаһандық экономиканың өзекті мәселелерін шешіп, орнықты дамуға көшеді.
5. Мемлекеттік этносаясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі бағыттары
Этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік ұлттық саясатты қалыптастыру мен іске асыру жөніндегі Ассамблея қызметінің алдағы кезеңдегі басым бағыттары мыналар болып айқындалды:
5.1. Ұлттық бірлікті қалыптастыру саласында
Ұлттық бірлікті қамтамасыз ету - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Елдің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі және демократиялық дамуы тек қоғамның топтасуы мен бірлігін сақтағанда ғана мүмкін болады. Полиэтносты және поликонфессиялы құрылымы бар мемлекетті нығайту этностардың қазақ халқының айналасына топтасуы негізінде қалыптасқан біртұтас азаматтық қоғамдастығынсыз мүмкін емес. Әр этнос өзінің дәстүрлерін, тілін, мәдениетін сақтай және дамыта отырып, «бір ел - бір тағдыр» қағидатымен бірігуі керек.
Мұндай топтасу ортақ құқықтық және экономикалық кеңістікті, бірегей социумды және халықаралық аренада ортақ мүдделерді бірлесе қорғау мақсатында саналы түрде жүруі керек.
Тәуелсіздікті нығайтуға, мемлекеттілікті орнықтыруға, Қазақстан азаматтарының тағдырластығына негізделген ортақ құндылықтар жүйесін қалыптастыруға мыналар арқылы ықпал ету қажет:
Қазақстан халқының әл-ауқаты мен өркендеуінің, оның азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін сақтаудың басты шарты ретінде Тәуелсіздік пен бостандық, мемлекеттілік пен егемендік, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеяларын дәйекті тарату;
қоғамда мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды нығайту, біздің басты байлықтарымызға - Тәуелсіздікке, жерге, бірлікке және руханиятқа ықыласты көзқарасты тәрбиелеу;
мемлекет Тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған барлық азаматтарды қазақ халқының төңірегіне одан әрі топтастыруды қамтамасыз ету;
Қазақстан этностары өкілдерінің бойында бірлік, азаматтық және оның Отаны - Қазақстан Республикасына тән екендігі сезімін тәрбиелеу жөнінде шаралар кешенін әзірлеу;
Қазақстанның болашағы мен ел бірлігінің келешегінің оң бейнесін қалыптастыру;
Қазақстанның мемлекеттілігін, Тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын нығайтуға азаматтар мен қоғам тарапынан қолдаудың жаңа түрлерін іздестіру және жасау;
азаматтық қауымдастық сезімін қалыптастыруға бағытталған этносаралық және мәдениетаралық үнқатысуға, патриоттық бағыттағы іс-шаралар өткізуге этномәдени бірлестіктерді тарту.
Жаңа қазақстандық патриотизмді, ұлттық-мемлекеттік сәйкестікті және ұлттық бірлікті нығайтуға мыналар арқылы ықпал ету:
азаматтарды патриотизм, тең құқылық және жауапкершілік, толеранттылық және ел бірлігі, мемлекетке сенім, ел үшін және оның жетістіктері үшін мақтаныш рухында тәрбиелеудің біртұтас жүйесін қалыптастыруға атсалысу;
Қазақстанның этностық топтарының мәдениетін, дәстүрлерін және тілдерін одан әрі дамытуды қамтамасыз ету мақсатында этномәдени бірлестіктермен ортақ әлеуметтік мәдени кеңістікті және мемлекетке сенімді қалыптастыруға бағытталған іс-қимыл жасау;
этномәдени бірлестіктердің жаңа қазақстандық патриотизмді, жалпы азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға, рухани бірлік, этносаралық келісім идеяларын нығайтуға және таратуға бағытталған жобалары мен қызметіне басым қолдау көрсету;
Қазақстандағы сәйкестікті, патриоттық көңіл-күйді, ұлттық бірлікті нығайту бойынша қолданбалы зерттеулер саласындағы ғылыми-зерттеу жобаларына қолдау көрсету;
өмір сапасына, қауіпсіздікке, тең мүмкіндіктер мен келешекке кепілдік мәселелерін, патриотизмді тәрбиелеуді және сәйкестікті нығайтуды ақпараттық қолдау саласында жаңа тұжырымдар әзірлеуді қамтамасыз ету;
отандық кино және теле индустрия, әдебиет пен өнер саласын қалыптастыруға, олардың өнімдерінің нарықтағы бәсекелестікке, патриотизм мен қазақстандық сәйкестікті қалыптастырудың мақсаттары мен міндеттеріне сай болуына қолдау көрсету;
білім беру мен бұқаралық ақпарат құралдары жүйесіне патриоттық сана және ұлттық-мемлекеттік сәйкестікті қалыптастыруға бағытталған стандарттар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келгендер үшін қазақстандық құндылықтарды сөзсіз мойындауды, тарих пен толеранттылық нормаларын білуді көздейтін арнайы талаптар әзірлеу және енгізу.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге және оның қоғамдық маңыздылығын арттыруға, сондай-ақ Қазақстан этностары тілдерінің одан әрі дамуына мыналар арқылы ықпал ету:
ұлттық бірлікті нығайтудың факторы ретінде мемлекеттік тілді меңгеру бойынша Ассамблеяның этностар арасындағы кең ауқымды ақпараттық жұмысын өрістету;
мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуде, оның қоғамдық өмірдің барлық салаларына кірігуіне, тілдік орта қалыптастыруда Ассамблеяның рөлін күшейту;
этностардың арасында мемлекеттік тілдің кеңінен қолдануын насихаттау бойынша жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі арқылы мемлекеттік тілді қолданудың беделін көтеру;
мемлекеттік тілді, Қазақстан этностық топтарының тілдерін оқытудың инфрақұрылымын, арнайы орталықтар жүйесін кеңейтуге, этномәдени бірлестіктер жанында мемлекеттік тілді үйрету ұйымдарын құруға, мемлекеттік тілді оқытудың мектептен тыс жүйесіне (жазғы лагерлер, балалар мекемелері жанындағы үйірмелер, және т.б.) қатысуына жәрдемдесу;
этномәдени бірлестіктерді Ассамблея тарапынан қоғамның, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, Қазақстан этностарының кеңінен қатысуымен Қазақстан халқының тілдері күнін ұйымдастыруға және өткізуге тарту;
мемлекеттік тілді, этнос тілдерін қолдану және пайдалану саласындағы теріс таптаурындарды алдын-ала анықтау жөніндегі талдау жұмысына және оларды жою бойынша Ассамблеяның арнайы жұмысын ұйымдастыруға Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық әлеуетін тарту;
этностық бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілде сөйлеушінің оң бейнесін қалыптастыру жөніндегі материалдардың, сондай-ақ қазақ тілді контенттің санын көбейту және сапасын қамтамасыз ету;
толерантты тілдік орта құру, оның ішінде транспаренттік қағидаттарды қамтамасыз ету, қоғамдық пікірді ескеру, этномәдени бірлестіктерді, азаматтық қоғамның институттарын және бұқаралық ақпарат құралдарын ономастикалық комиссиялардың жұмысына кеңінен тарту арқылы Ассамблеяның жұмыс тәсілдерін жетілдіру;
барлық мүдделі адамдардың қазақ және басқа да тілдерді үйренуіне мемлекеттік қолдау көрсету және мемлекеттік тілді насихаттау міндеттерін шешуге бағытталған әлеуметтік маңызды жобаларға қолдау көрсету;
қазақ тілін оқыту процесін ұйымдастыруда мемлекеттік-жеке әріптестік және этностық топтарда мемлекеттік тілді оқыту процесінің мониторингі жүйелерін құруға көмектесу;
этностардың лингвистикалық ерекшеліктеріне бейімделген, сондай-ақ жас ерекшеліктерін және мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік функцияларының аясын ескеріп, мемлекеттік тілді меңгерудің осы заманғы инновациялық әдістемелері мен нысандарының біріңғай жүйесін енгізуге қатысу;
Қазақстан Республикасы азаматтығын алғысы келетін иммигранттар үшін Қазақстанның тарихы мен мәдениетін білу бойынша тестілеу, сондай-ақ мемлекеттік тілді игеру бойынша арнайы талаптар белгілеу жөнінде ұсыныс енгізу, олар үшін тілдік даярлық жүйесін құру.
Қоғамда қазақ халқының тарихи миссиясы - оның қоғамды топтастырушы ұйытқы болуы жөніндегі, сондай-ақ қазақстандық этностардың рөлі туралы түсініктің бекітілуіне мыналар арқылы ықпал ету:
қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, оның мемлекеттілігі, Еуразия тарихындағы орны мен рөлі туралы білімді тарату, Ұлы Даланың тарихи мұрасын сақтау және этностарды қазақ дәстүрлерімен, ұлттық ерекшелігімен одан әрі таныстыру;
Қазақстанның тарихи жетістіктерін, тарихи тұлғаларын насихаттау;
ежелгі қазақ жерінде Қазақстанның полиэтносты халқының қалыптасу тарихы және қазақ халқының толеранттық рөлі туралы білімді тарату;
қазақ халқының топтастырушылық рөлін, оның елді ұйыстыру функциясын, Қазақстан халқының ұлттық бірлігінің тарихи өзегі рөлін объективті көрсететін басты тұжырымдарды негіздеу;
Тәуелсіздікті нығайтудағы Қазақстан этностарының тарихы мен рөлін, олардың қазіргі қоғам мен мемлекетті қалыптастырудағы үлесін ашу;
ұлттық бірлікті қалыптастырудағы, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз ететін маңызды конституциялық нормаларды: этносаралық татулықты, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты, бүкіл қоғамның игілігі үшін әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етудегі қазақ халқының және барлық этностардың жоғары және жауапты миссиясы туралы тезисті негіздеуге Ассамблеяның қатысуы;
этностық топтар ішінде қазақ халқының және басқа да этностардың тарихына, мәдениетіне, дәстүрлері мен ерекшелігіне құрметпен қарауды, қазақ халқының тарихи тағдырына өзінің қатыстылығы мен ортақтастығы сезімін қалыптастыру.
Нығайтушы және біріктіруші бастау ретінде жалпыхалықтық рухтың негізгі тұжырымдарын - дәстүрлер мен патриотизм, жаңару, бәсекелестік пен жеңіс рухын қалыптастыруды қамтамасыз ету, ол үшін:
қоғамдық санада ұлттық рухтың басты басымдықтарын қалыптастыруға қатысу;
халықтың сана-сезімінің, қоғамның рухани қорын жасайтын қайталанбас тұтастығының негізі ретінде қазақ халқының және басқа да этностардың дәстүрлерін, құндылықтарын, мәдениетін, тілін сақтауға және дамытуға қолдау көрсету;
қоғамдық санада ұдайы жаңаруға, жаңғыруға, бәсекелестік артықшылықтардың күшеюіне бағыттылықты қалыптастыруға қолдау көрсету;
зияткерлік ұмтылысқа, қоғамда білімге, ғылымға және инновацияларға көзқарасты өзгертуге, әркімнің өз білімін, дағдыларын, қабілетін, кәсібилігін ұдайы жетілдіріп отыруына қолдау көрсету;
ұлтты, мемлекетті, қоғам мен отбасын топтастыруға бағытталған дәстүрлерді, рухани және имандылық құндылықтары мен дүниетанымдық ұстанымдарды сақтауға әрі нығайтуға қолдау көрсету;
қоғам өмірінің барлық салаларын одан әрі жаңғырту, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін табыспен қамтамасыз етудің кепілі ретінде зияткер ұлт жасау бойынша мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру.
5.2. Мемлекеттік этносаясатты іске асыруға
қолдау көрсету саласында
Бұл саладағы Ассамблеяның қызметі халық бірлігін нығайтуға, демократияны, мәдениеттер мен өркениеттердің үнқатысуын дамытуға, этносаралық бейбітшілік пен қоғамдық келісім үшін, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын нығайту үшін жағдай жасауға көзқарасты жетілдіруге, сондай-ақ олардың қызметін үйлестіруге бағытталған құқықтық, саяси, мемлекеттік-басқарушылық шаралардың біртұтас жүйесін жасауға қолдау көрсетуге бағытталады. Аталған жұмыс «Қазақстан - 2050» стратегиясының, қоғамды әлеуметтік жаңғырту мақсаттары мен міндеттерін, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы құндылықтарын орнықтыру қажеттілігін ескере отырып жүргізіледі.
Бұл мақсатта Ассамблея мынадай шараларды іске асыруды көздейді:
Мемлекеттік этносаясатты әзірлеу және іске асыру саласында:
жоспарлау, үйлестіру, талдамалық қамтамасыз ету, үкіметтік емес сектормен серіктестік сияқты мәселелерді қамтитын әлеуметтік процесстерді мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін әзірлеу мен жетілдіруге қолдау көрсету;
этносаралық саладағы іс-қимылды үйлестіру мақсатында мемлекеттік органдардың қызметіне саяси жоспарлауды енгізуге қолдау көрсету, республика мен өңірлер деңгейінде бірлескен жұмыс жоспарларын қабылдау, этносаралық қатынастар саласында әлеуметтік жаңғырту мәселелерін шешуге жұмылдырылған басқару буындарын үйлестірудің нақты сатысын жасау;
мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жұмыс жоспарларын, сондай-ақ аумақтарды дамыту бағдарламаларын қалыптастыру аясында ұлттық бірлікті, этносаралық келісімді қамтамасыз ету саласындағы саясатты жетілдіру мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірлеу;
этносаралық, конфессияаралық қатынастардың дамуына кері әсер етуі мүмкін әлеуметтік мәселелерді анықтау және алдын ала шешу бойынша мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен тиімді жұмысын қалыптастыру;
индустриялық бағдарламаны іске асыру мен экономиканы жаңғырту және қоғамды әлеуметтік жаңғырту аясында әлеуметтік жауапкершілік пен әділдік ұстанымдарын сақтау үшін Ассамблея әлеуетін (қоғамдық және этномәдени бірлестіктерді, Ғылыми-сарапшылық кеңесті, этностық бұқаралық ақпарат құралдарын) тарта отырып, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету;
толеранттылық пен мәдени саналуандық негізінде қазақстандық қоғамда татулық пен күш көрсетпеу мәдениетін қалыптастыру процесіне этномәдени және қоғамдық бірлестіктерді кеңінен тарту;
мемлекеттің этносаясатының ғылыми-қолданбалы базасын қамтамасыз ететін зерттеу мекемелерінің желісін дамыту;
мемлекеттік органдардың этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, үкіметтік емес сектормен серіктестік қағидатын дәйекті жүзеге асыру, әртүрлі үндесу алаңдарын құру мен қолдау, бұқаралық іс-шараларды бірлесе ұйымдастыру;
«Халықтық ІРО» бағдарламасын түсіндіру, халықтың қаржылық сауатын көтеру, жаппай құқықтық оқыту, үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасына, Жұмыспен қамту-2020, Бизнестің жол картасы-2020 бағдарламаларына қатысу;
этностық қатыстылығына қарамастан, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, тиісті біліктілігі мен қабілеті бар азаматтарды, әсіресе жастарды мемлекеттік қызмет жүйесіне тартудың тетігін жетілдіру.
Мемлекеттік этносаясатты іске асырудың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру саласында:
мемлекет саясатының заңнамалық, ұйымдық, басқарушылық және басқа да аспектілерінде этносаралық қатынастарды үйлестіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының құқықтық идеялары мен қағидаттарын жетілдіру және іске асыру;
этносаралық келісімді сақтаудың және нығайтудың, Қазақстан халқы бірлігін қамтамасыз етудің құқықтық тетіктерін жетілдіру;
Қазақстан азаматтарының нәсілдік, этностық және діни қатыстылығына қарамастан олардың тең құқықтығын қамтамасыз ететін құқықтық стандарттар мен нормаларды одан әрі дамыту;
этносаралық қатынастар саласындағы нормативтік құқықтық актілердің Конституция нормаларына сәйкестігі мәніне сараптама жүргізу;
Ассамблея сайлаған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының этносаралық және конфессияаралық қатынастарды нығайту, этностар қызметінің белсенділігін арттыру және Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамалық базаны жетілдіру мақсатында мемлекеттік органдармен, Ассамблея Хатшылығымен, азаматтық қоғам институттарымен, этномәдени бірлестіктермен парламенттік ынтымақтастық тетіктерін дамыту және жетілдіру;
Доктрина ережелерін және қоғамдағы орта тапты дамытуды ескере отырып, қоғамды әлеуметтік жаңғырту аясында өмір сапасының қазақстандық стандартын қалыптастыру мен жетілдіруге қолдау жасау;
этносаралық қатынастар саласында халықтың саяси-құқықтық мәдениетін көтеру, қоғамның барлық салаларында ксенофобияның, экстремизмнің, тұрмыстағы ұлтшылдықтың және сепаратизмнің көрініс беруіне төзбеушілік көзқарас қалыптастыру;
теріс үрдістерді, оның ішінде этносаралық және дінаралық қатынастар саласындағы қатерлерді анықтау, олардың алдын алу және бейтараптандыру бойынша құқық қорғау қызметін және құқықтық жүйені жетілдіруге қолдау көрсету;
этносаралық қатынастардың саясилануына, азаматтарды этностық, нәсілдік, діни және басқа да белгілері бойынша кемсітушілікке жол бермеу;
этномәдени бірлестіктер қызметінің құқықтық базасын жетілдіру;
этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласында бірегей құқықтық стандарттар мен социолингвистикалық ұғымдар әзірлеу және олардың біркелкі пайдаланылуын қамтамасыз ету;
көші-қон саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру.
Этносаралық саладағы өңірлік саясатты жетілдіру саласында:
өңірлік ассамблеялар мен олардың жұмыс органдарының қызметін саяси жоспарлау жүйесін жетілдіру, олардың жоспарлар мен іс-шаралар әзірлеуге және іске асыруға атсалысуы, олардың жұмысының тиімділігін бағалауды және мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету;
өңірлік ассамблея хатшылықтары мен кеңестерінің қызметкерлерімен, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің белсенділерімен әдістемелік семинар-кеңестер өткізу;
этностық кеңістікте жалғасын табуы мүмкін әлеуметтік және басқа сипаттағы қайшылықтар мен шиеленістердің пайда болуының алғышарттарын ерте анықтау тетіктерін жасау және нығайту, сондай-ақ мұндай жанжалдарды шешу жолдары мен олардың алдын алу шараларын әзірлеу;
этносаралық қатынастар саласында жанжалды жағдайларға жол бермеу және оларды реттеуге атсалысу, келіспеушіліктер мен дауларды реттеу жөнінде ұсынымдар әзірлеу және практикалық іс-шараларды іске асыру;
этносаралық қатынастар саласындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс желісі бойынша өңірлік қаржыландыруды қамтамасыз ету;
этносаралық қатынастар саласындағы азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдардың өңірлік инфрақұрылымын одан әрі нығайту және дамыту;
жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, облыстар арасындағы ақпарат және мәдени жетістіктермен алмасуды жандандыру, өзара қоғамдық-саяси және мәдени-бұқаралық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп отыру;
өңірлік ассамблеялар хатшылықтарының, уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерінің, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенділерінің мемлекеттік этносаясатты іске асыру саласындағы біліктілігін ұдайы арттыру.
Ақпарат саласында:
«Ақпаратты Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ассамблеяның ақпараттық ресурстарын дамытуды қамтамасыз ету;
кітапхана мен Ассамблея депозитарийі көздеріне кеңінен қол-жетімділікті бағдарламалық қамтамасыз ету және Ассамблея депозитарийін Қазақ ұлттық электрондық кітапхана қорына ықпалдастыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының электрондық порталын қолдау бойынша шаралар қабылдау;
ұлттық-мемлекеттік сәйкестік, ұлттық бірлік, патриотизм, этномәдени және конфессияаралық толеранттылық тақырыптарында бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жариялау тәжірибесін кеңейту;
этностық бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсету, іске асырылып жатқан этносаясатты көрсету, ұлттық бірлікті, патриотизмді және толеранттылықты нығайту мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу;
журналистердің қоғамдық бірлестіктерін құру және оларды Ассамблеямен ынтымақтастыққа тарту, Қазақстан Республикасындағы журналистік этика кодексінің стандарттарына, тұтынушыны бұрмаланған және жалған ақпараттан қорғайтын заң нормалары негізінде Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық қатынастарды тарату мәдениетін қалыптастыру;
қоғамдық санада топтастырушы рухани-имандылық құндылықтарды бекітетін оң ақпараттық өнімдерді (телехабарлар, шоу, фильмдер, жарияланымдар, роликтер, тағы басқа) шығаруға көмектесу;
халықтың бойында Қазақстанға қатыстылық, патриотизм, Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеу сезімін, өзін Қазақстан азаматы ретінде сезінуді қалыптастыратын рәміздерді бұқаралық ақпарат құралдарында пайдалануды кеңейту;
қолданыстағы заңнама шеңберінде елдегі этносаралық жағдайға жағымсыз әсер етуі мүмкін материалдардың бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет желісіне шығуының алдын-алу және жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейту.
Білім беру саласында:
толеранттылықты қалыптастыру, полимәдениетті және көптілді ортаға бейімдеу шеңберінде жастарды әлеуметтік бейімдеудің тиімді жүйесін құруға қолдау көрсету;
этномәдени бірлестіктердің үздіксіз білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріне арналған бірегей этномәдени білім беру жүйесін құруға қатысуы;
мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық білім мекемелерінде және жоғары оқу орындарында этномәдени толеранттылықты оқытудың интерактивті әдістерін енгізуге, басқа мәдени орта өкілдеріне қатысты тұрақты оң стереотиптер қалыптастыруға қолдау көрсету;
тұлғаның, азаматтың және патриоттың қалыптасу міндеттерін шешуді діттеген тарихи білімнің өзектілігін арттыру мәселесін шешуге атсалысу;
педагогтердің біліктілігін арттыруға және рухани тәрбиелеу, толеранттылық пен этносаралық қатынас мәдениетінің негіздері мәселелері бойынша оларды әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуге атсалысу;
мектептердегі Қазақстан халқының тарихи, жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайларының желісін дамытуға атсалысу;
этномәдени тәрбие беру, өскелең ұрпақтың бойында азаматтық ұстаным, толеранттылық, ішкі мәдениет, мінез-құлық этикасы және этносаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыру бойынша іс-шаралар өткізу арқылы білім жүйесінің, азаматтық қоғам институттары мен отбасының өзара іс-қимылын кеңейту.
Мәдениет саласында:
Қазақстан мәдениетін ел ішінде және шет елдерде, оның ішінде Қазақстан этностарының тарихи шығу елдерінде кеңінен таратуға қатысу;
Қазақстан халқының ортақ тарихи-мәдени мұраларын сақтауға және кеңінен таратуға қолдау көрсету;
тұрғындардың «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасының іске асырылуы туралы ақпараттану деңгейін арттыруға жәрдемдесу;
Қазақстан этностарының мәдениеті мен өнерін дамыту арқылы отандық мәдениет және өнер салаларының бәсекеге қабілеттігін арттыруға жәрдемдесу;
тұрғындардың мәдени құндылықтарға қолжетімділігін кеңейтуге жәрдемдесу;
Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми депозитарийін кеңейтуге қатысу;
отандық әдебиет, кино өнер, театр және музыка өнері, мұражай ісі салаларындағы өнімдердің сұранысын өсіруге қолдау көрсету;
еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық сезімге деген оң көзқарас қалыптастыруға бағытталған отандық әлеуметтік-мәдени өнімдерді жаңғыртудың салалық бесжылдық жоспарын іске асыруға этномәдени бірлестіктер мен этностар өкілдерін қатыстыруды ұйымдастыру.
Халықаралық қатынастар мен сыртқы саясат саласында:
этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі туралы ақпаратты тарату мәселелері бойынша шет елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
Қазақстан үшін тәжірибелік ұсынымдар әзірлей отырып этносаралық қатынастарды реттеу саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу;
шет елдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениетін және ұлттық дәстүрлерді сақтау мен дамыту, тарихи Отанымен байланысты нығайту мәселелерінде қолдау көрсету;
Қазақстанның әр этносына оның тарихи шыққан елімен үнқатысуды дамытуда және оң ынтымақтастықты кеңейтуде қолдау көрсету.
5.3. Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдіру саласында
Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін одан әрі жетілдіру үшін мынадай негізгі шараларды қабылдау қажет:
Мемлекеттік этносаясатты іске асыруды ғылыми-теориялық негіздеу және қолдау саласында:
елдегі этносаралық қатынастар және қоғамдық келісім мәселелері бойынша іргелі академиялық ғылыми еңбектер әзірлеу;
этносаралық қатынастар, этностық демография және көші-қон жай-күйінің өзгеруі мәселелері бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамыту;
Қазақстандағы этносаралық қатынастардың түрлі аспектілері және этностардың жай-күйі, оның ішінде экономика, әлеуметтік стратификация, саяси қатысу, үкіметтік емес сектор, отбасы және неке, басқа да салалар бойынша жалпыреспубликалық деректер базасын қалыптастыру және оған жан-жақты қолжетімділікті қамтамасыз ету;
этностық қатыстылығына қарамастан азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейту тетіктерін жетілдіру; мемлекеттік органдардың этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасауын жетілдіру; ұлттық бірлікті нығайту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;
түрлі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және халықаралық факторларды ескере отырып, этносаралық қатынастарды дамытуға қатысты орта мерзімді және ұзақ мерзімді болжамдар әзірлеу.
Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту жөніндегі тәжірибелік жұмысты жетілдіру саласында:
ел басшылығының азаматтық теңдік тетіктерін қамтамасыз ету және жетілдіру, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының теңдігі, нәсіліне, этностық тегіне, тіліне, діни сеніміне, сондай-ақ әлеуметтік топтар немесе қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында тең жауапкершілігі бойынша іс жүзіндегі күш-жігеріне қолдау көрсету;
ұлттық бірлікті қалыптастыру, Қазақстанның Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайту жөніндегі мемлекет пен азаматтық қоғамның ынтымақтастығының институционалдық тетіктерін дамыту және нығайту;
этномәдени бірлестіктерді, этностарды ұлттық-мемлекеттік құрылыс процестеріне тарту тетіктерін жетілдіру;
Қазақстанда оларды ұйымдастыру мен өткізуге азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдардың тікелей қатысуы арқылы оң әлеуметтік бұқаралық шаралар жүйесін жасауға қолдау көрсету;
этномәдени бірлестіктердің халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын, азаматтарды әлеуметтік қорғаудың жаңа тетіктерін енгізуге бағытталған әлеуметтік жобаларын қолдау;
қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық алауыздықтың профилактикасы, алдын алу және жолын кесу тетіктерін жетілдіру;
қоғам тұрақтылығының әлеуметтік базасы ретіндегі орта тапты қалыптастыру және ұлттық бірлікті қамтамасыз ету үшін экономикалық және саяси жағдай жасауға бағытталған мемлекет саясатына қолдау көрсету;
мемлекеттік этносаясат қағидаттарын қамтамасыз ету, Қазақстанның мәдени және этностық саналуандылығын, «Саналуандық бірлігі» қағидатын сақтау бойынша тәжірибелік көзқарас пен шаралар кешенін жасау және іске асыру;
этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде азаматтық бастамаларға қолдау көрсету;
шет елдердегі қазақ диаспорасымен байланысты нығайту және дамыту жөніндегі мемлекет пен азаматтық қоғамның күш-жігеріне қолдау көрсету;
этносаралық қатынастарды саясиландыруға жол бермеу;
этносаралық қатынастар саласындағы мәдениетаралық үнқатысуды, тәжірибе алмасуды кеңейту, халықаралық стандарттарды жетілдіру мақсатында халықаралық ұйымдармен, шет елдердің мемлекеттік органдарымен және осы тектес құрылымдармен ынтымақтастықты дамыту.
Мәдени-тілдік салада:
ұлттық бірлікті нығайтудың факторы ретінде этностар арасында мемлекеттік тілді үйрену жөнінде жұмысты ұйымдастыру;
Қазақстан этностарының мәдениетін, салт-дәстүрлерін, тілдерін одан әрі дамыту үшін, оның ішінде салалық бесжылдық Отандық әлеуметтік-мәдени өнімді жаңғырту жоспары аясында қолайлы жағдай жасау;
әр этностық топтың мәдениеті мен тілін дамытудың құралы ретінде жексенбілік мектептер мен ұлттық өркендеу мектептері қызметінің ұйымдастыру нысандарын жетілдіру;
отбасы институтын, оның тәрбиелік рөлін, оның ішінде ұлттық дәстүрлерді сақтау мен дамыту саласын нығайтуға қолдау көрсету;
Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдени дәстүрлеріне, тілі мен құндылықтарына толеранттылықпен және құрметпен қарауды жастардың бойына сіңіру;
қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, Қазақстан этностары мәдениеттерінің бірін-бірі одан әрі өзара байытуына бағытталған мәдени-ағарту мекемелерінің жұмысын жандандыру;
қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын дамытуға, Қазақстанның коммуникативтік-тілдік кеңістігінде орыс тілінің қызмет етуін сақтау бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыруға, сондай-ақ халықаралық іскери қарым-қатынастың маңызды құралы ретінде ағылшын және басқа да шет тілдерді үйренуге қолдау көрсету.
5.4. Қазақстан халқы Ассамблеясының институтын нығайту саласында
Қазақстандық қоғам дамуының жаңа кезеңіндегі Ассамблеяның орны мен рөлін 2007 жылғы конституциялық реформа айқындап берді, оның нәтижесінде Ассамблея конституциялық орган мәртебесін алды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы бойынша Ассамблея заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме ретінде заңнамамен бекітілді.
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік этносаясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттардың этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесін, оны қалыптастыру мен жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
Орта мерзімді келешекте институционалдық тұрғыдан Ассамблеяның алдында көрсетілген конституциялық және заңнамалық нормаларды барынша толық іске асыру міндеті тұр.
Ассамблея азаматтардың этноұлттық қатыстылығына, әлеуметтік жағдайына және саяси көзқарасына қарамастан, біріктіруші, мемлекет пен қоғамның дамуының өзекті мәселелері бойынша талқылау мен кең көлемді қоғамдық келісімді тұжырымдау үшін азаматтық сектордың топтастырушы алаңына айналуы тиіс.
Мемлекеттік этносаясатты әзірлеу және жүзеге асыру жөніндегі Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттерін іске асыру саласында мыналар мақсатқа сай болмақ:
қоғамдық бірлестіктердің өкілдері есебінен Ассамблеяның сапалық құрамын жақсарту;
Ассамблеяны, оның Ғылыми-сарапшылық кеңесін, этносаралық факторларды ескере отырып, стратегиялық және салалық бағдарламалар әзірлеуге және сарапшылық жасауға, уәкілетті мемлекеттік органдардың этносаралық қатынастар саласындағы стратегиялық жоспарларын әзірлеуге тарту;
Ассамблеяның және оның аумақтық құрылымдарының жұмыс тетіктерін және ұйымдық құрылымын жетілдіру;
Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының тапсырмаларын уақытында және сапалы орындауды қамтамасыз ету үшін этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдардың қызметіне жүйелі бақылау және мониторинг жүргізуді күшейту;
Ассамблеяның заң шығару қызметіндегі рөлін күшейту, Ассамблея сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарымен өзара іс-қимылды нығайту;
жергілікті өкілді органдарда татулық, қоғамдық және этносаралық келісім мәселелері бойынша партияаралық ынтымақтастықты ұйымдастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының тәжірибесін тарату;
Ассамблея жанынан медиация бойынша құрылымдар жасақтау жөніндегі жұмысты жалғастыру және этносаралық қатынастар саласындағы мәселелерді шешу тәжірибесінде медиация процедураларын қолдану;
этномәдени бірлестіктерге және өңірлік ассамблеялардың хатшылықтарына тұрақты әдістемелік, ұйымдастырушылық және құқықтық көмек көрсету;
этносаралық қатынастар мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің үнқатысуын қамтамасыз ететін семинарлар, конференциялар, басқа да іс-шаралар өткізу.
Ассамблеяның құрылымдық бөлімшелерінің қызметін нығайту саласында:
Ассамблея Хатшылығын және оның құрылымдарын этносаралық қатынастар саласындағы мамандармен нығайту, Хатшылық құрамында жұмыстың жекелеген бағыттары бойынша секторлар құру;
Ассамблея Кеңесінің, оның жұмыс органдарының және Кеңес мүшелерінің рөлін, олардың Ассамблеяның алдына қойылған міндеттердің және қабылданған шешімдердің іске асырылуына жауапкершілігін арттыру;
этномәдени бірлестіктерден тағайындалатын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасы орынбасарларының функционалдық міндеттерін, құзыретін, жауапкершілігін айқындау және қызметінің тиімділігін күшейту;
консультативтік-кеңесші органдарды, азаматтық қоғам институттарымен жаңа үнқатысу алаңдарын, басқа да құрылымдар құру арқылы Тұжырымдаманы іске асыру мақсатында Ассамблея инфрақұрылымын, оның ішінде ірі жоғарғы оқу орындарының, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың ұжымдарында, республиканың қалалары мен аудандары деңгейінде дамыту;
халықаралық ынтымақтастықты жандандыру және Ассамблеяның этностық азшылықтар проблемаларымен айналысатын халықаралық ұйымдармен байланысын қамтамасыз ету;
түрлі этностық топтар үшін интерактивті тренингтер мен семинарлар өткізу жөнінде арнайы жаттықтырушылар командаларын құру және іс жүзінде жанжалды жағдайларды бейтараптандыруға қабілетті медиаторлар тобын қалыптастыру.
Ассамблея қызметін ақпараттық және ғылыми-талдамалық сүйемелдеу саласында:
Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесінің қызметін одан әрі жетілдіру және оның білім және ғылым, мәдениет салаларындағы мемлекеттік органдармен, Ұлттық ғылым академиясымен және этносаралық қатынастар проблемаларын зерттеу мәселелері жөнінде шетелдік және халықаралық ұйымдармен жұмысын үйлестіруді және мемлекеттік органдар үшін этносаралық қатынастарды одан әрі үйлесімді ету жөнінде практикалық ұсыныстар әзірлеуін жақсарту;
этносаралық қатынастардың тұрақты мониторингі жүйесін жетілдіру, ел басшылығы үшін тиісті ұсыныстар дайындап және енгізе отырып, қатерлер мен бүлдіргіш ақпараттық ықпалға қарсы шаралар әзірлеу;
өңірлік ассамблеялардың, этномәдени бірлестіктердің басшыларын оқыту үшін жағдай жасау, олардың жұмысына әдістемелік көмек көрсету, Қазақстандағы мемлекеттік этносаясатты іске асыру және этноконфессиялық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша тұрақты тренингтер өткізу;
Ассамблеяның бірыңғай ақпараттық ресурстарын қалыптастыру және жетілдіру, оның ішінде Ассамблеяның газетін, журналдарын, ғылыми-әдістемелік жинақтарын шығаруды, Ассамблеяның, өңірлік ассамблеялар хатшылықтарының, этномәдени бірлестіктердің интернет-ресурстары желісін, электронды кітапханалар құруды және олардың қызметін қамтамасыз ету;
қазіргі кезде жұмыс істеп жатқан жетекші сарапшы журналистер клубының негізінде этносаралық қатынастар тақырыбын насихаттайтын, этносаралық қатынастарды көрсету мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша қазақстандық этножурналистиканы дамыту.
6. Тұжырымдаманы іске асыру тетігі және ресурстық
қамтамасыз ету
Тұжырымдама ережелері заңдар, стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары, сондай-ақ кезекті Сессияда қараудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Ассамблея Төрағасының тапсырмалары негізінде жасалатын арнайы жоспарлар және іс-шаралар жоспарларын әзірлеу арқылы іске асырылады.
Осы сияқты іс-шаралар жоспары өңірлік ассамблеялар деңгейінде әзірленеді және оны тиісті ассамблеялар төрағалары бекітеді.
7. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер
Тұжырымдаманы іске асырудың нәтижесі мыналар болуы тиіс:
қоғамдық келісім, тұрақтылық, барша халық игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өміріндегі неғұрлым маңызды мәселелерді демократиялық жолмен шешу сияқты Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі ұстанымдарына сүйенетін этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін әрі қарай жетілдіру;
Тәуелсіздік, мемлекеттілік, Қазақстан азаматтары тағдырының ортақтығына негізделген азаматтық және ұлттық құндылықтардың жалпы жүйесін қалыптастыру;
Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын нығайту;
елдің барлық азаматтарының қазақ халқының айналасына топтасуын қамтамасыз ету;
қоғамдық келісімді, қазақстандық патриотизмді, ұлттық-мемлекеттік сәйкестік пен ұлттық бірлікті нығайту;
мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту және оның қоғамдық маңызын арттыру;
халықтың бірлігін нығайтуға, демократияны, мәдениеттер мен өркениеттердің ұнқатысуын дамытуға және этносаралық татулық пен қоғамдық келісім үшін жағдай жасау тәсілдерін жетілдіруге, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара байланысын нығайтуға сондай-ақ олардың қызметтерін үйлестіруге бағытталған құқықтық, саяси, мемлекеттік-басқарушылық шаралардың тұтас жүйесін әзірлеу;
мемлекеттік этносаясатты жүзеге асырудың нормативтік құқықтық базасын дамыту, этносаралық қатынастарды үйлесімді ету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының ұстанымдарын жетілдіру мен іске асыру;
этносаралық салада өңірлік саясатты жетілдіру;
іске асырылатын этносаясатты көрсету, ұлттық бірлікті, патриотизм мен толеранттылықты нығайту мақсатында ақпараттық жұмыстың тұтас жүйесін жасау;
білім берудің барлық деңгейіне арналған толеранттылыққа тәрбиелеудің біртұтас жүйесін жасау;
этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім мәселелері бойынша шет елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара байланысты нығайту.
Осы Тұжырымдаманы іске асырудың басты нәтижесі қоғамды демократияландыруды тереңдету, оны топтастыру, азаматтық татулықты, тұрақтылықты, әлеуметтік жаңғыртуды, этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі мен егемендігін, қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті одан әрі нығайту болуы тиіс.