Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 12 ақпандағы № 838 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының Президентi туралы", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасы туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарына және "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы ереже бекітілсін (1-қосымша).

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп екі ай ішінде осы Жарлықты іске асыру бойынша шараларды қабылдасын.

      3. Осы Жарлыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы Жарлыққа 3-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізілсін.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 12 ақпандағы
№ 838 Жарлығына
1-ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі (бұдан әрі – Қауіпсіздік Кеңесі) ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылысты, мемлекеттік тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті құратын және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі болғандықтан ол Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етеді.

      3. Қауіпсіздік Кеңесі қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

2. Қауіпсіздік Кеңесінің міндеттері мен функциялары

      4. Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттері:

      1) Президентке елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру, осы салалардағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар енгізу;

      2) Президент үшін:

      соғыс жағдайын енгізу, ұзарту, күшін жою;

      төтенше жағдай енгізу, ұзарту, күшін жою;

      бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану бойынша шешімдердің жобаларын әзірлеу;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының шешімдеріне сәйкес өзге де міндеттерді орындау болып табылады.

      5. Қауіпсіздік Кеңесінің функциялары:

      1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін іске асыру мақсатында құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;

      2) ел дамуының аса маңызды бағыттары бойынша мемлекеттің стратегиялық құжаттарының орындалу жай-күйін мониторингтеу және бағалау;

      3) мемлекеттік бағдарламаларды, заң жобаларын, маңызды сыртқы саяси және мемлекеттік мәні бар өзге де бастамаларды, сондай-ақ елдегі жағдайдың дамуын, әлемдік және өңірлік үрдістерді кешенді талдау және бағалау, ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы қатерлерін болжау, олардың алдын алу және оларды бейтараптандыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу және шараларды айқындау;

      4) елдің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы қызметінің нәтижелері мен негізгі бағыттары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жыл сайынғы баяндамасын тыңдау;

      5) елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын тыңдау;

      6) орталық атқарушы органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын лауазымға тағайындауға Президент ұсынатын кандидатураларды талқылау;

      7) құқық қорғау органдарының, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметін талдау, мониторингтеу, инспекциялау, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың елдің ұлттық қауіпсіздігі мен халықаралық ұстанымдарын, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы іс-шараларды іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіру;

      8) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғауды, мемлекеттік тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарды әзірлеу, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Президент шешімдерінің жобаларын дайындау;

      9) республикалық бюджеттен қорғанысқа, қоғамдық тәртіпке және қауіпсіздікке бағытталған қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылау нәтижелерін талдау;

      10) ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша заң жобаларын талдау, олар жөнінде Президентке ұсынымдар беру;

      11) соғыс, төтенше жағдайларды енгiзу туралы Президент жарлықтарының, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қарулы Күштерді пайдалану туралы Қазақстан Республикасының Парламентіне Президент жолдауларының жобаларын келісу;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функциялар болып табылады.

3. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы

      6. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы (бұдан әрі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы), Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері болып табылады.

      Қажет болған жағдайда Президент Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының келісімі бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері етіп өзге де адамдарды қосымша тағайындай алады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 01.06.2019 № 57; 18.09.2019 № 163 Жарлықтарымен.

      7. Қауіпсіздік Кеңесінде мүшелік ету оған кіретін лауазымды адамдардың жоғарғы мәртебесін айқындайды.

      8. Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып табылатын лауазымды адамдардың қызметтік куәліктерінде атқарып отырған лауазымы туралы жазба алдында "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі" деген жазба жасалады.

4. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының өкілеттіктері

      9. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы:

      1) Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне басшылықты жүзеге асырады;

      2) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты үйлестіруді ұйымдастырады;

      3) Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша бастамалар жасайды;

      4) Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарын және қажет болған жағдайда жедел кеңестерін шақырады;

      5) Қауіпсіздік Кеңесінің және Қауіпсіздік Кеңесі жедел кеңестерінің шешімдерін бекітеді;

      6) Қауіпсіздік Кеңесі туралы ережені бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;

      7) Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының (бұдан әрі – Аппарат) ұйымдық-құқықтық мәртебесін айқындайды және оның құрылымын бекітеді;

      8) Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне қатысты актілерді, оның ішінде нормативтік құқықтық сипаттағы актілерді шығарады;

      9) Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс жоспарларын, Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары мен жедел кеңестерінің күн тәртібін бекітеді, олардың уақытын, құрамын, орнын және өткізу тәртібін айқындайды;

      10) Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссияларын, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сарапшы кеңесті құру, олардың міндеттері, функциялары мен дербес құрамы туралы шешім қабылдайды;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

5. Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің өкілеттіктері

      10. Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері:

      1) Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары мен жедел кеңестеріне, Қауіпсіздік Кеңесі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешімдер қабылдаған кезде талқылау мен дауыс беруге қатысады;

      2) өз құзыреті шегінде Қауіпсіздік Кеңесінің және Қауіпсіздік Кеңесі жедел кеңестерінің шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді, үйлестіреді және бақылайды;

      3) Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс жоспарлары, оның отырыстары мен жедел кеңестерінің күн тәртібі, мәселелерді қарау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізеді;

      4) осы Ережеге, Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдеріне және Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

6. Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ұйымдастыру тәртібі

      11. Қауіпсіздік Кеңесі қызметінің негізгі ұйымдастырушылық нысаны отырыс болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы немесе оның уәкілеттік беруі бойынша Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің бірінің төрағалық етуімен өткізіледі. Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарын өткізу мерзімділігін Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы айқындайды.

      12. Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары оның мүшелерінің кемінде үштен екісі болған кезде заңды болады. Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің отырыстарға қатысуы міндетті болып табылады, олардың өз өкілеттіктерін өзге адамдарға беруіне жол берілмейді.

      13. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының шешімімен Қауіпсіздік Кеңесінің жедел кеңестері Қауіпсіздік Кеңесінің жекелеген мүшелерінің қатысуымен өткізілуі мүмкін.

      14. Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары мен жедел кеңестеріне мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары, сондай-ақ талқыланатын мәселелерге тікелей қатысы бар өзге де адамдар шақырылуы мүмкін.

7. Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері

      15. Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары мен жедел кеңестерінің қорытындылары тиісінше Қауіпсіздік Кеңесінің Шешімі және Қауіпсіздік Кеңесі жедел кеңесінің Шешімі нысанындағы белгіленген үлгідегі бланкілерде ресімделеді.

      16. Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері қатысып отырған Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.

      17. Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері және Қауіпсіздік Кеңесі жедел кеңестерінің шешімдері Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы бекіткеннен кейін күшіне енеді, қажет болған кезде олар Президенттің актілерімен іске асырылады.

      18. Қауiпсiздiк Кеңесiнің, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі жедел кеңестерінің шешімдері мiндеттi болып табылады және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдары мен лауазымды адамдарының мүлтіксіз орындауына жатады.

8. Қауіпсіздік Кеңесінің және Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар

      19. Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ұйымдастыру шеңберінде Қауіпсіздік Кеңесінің ведомствоаралық комиссиялары, Сарапшы кеңес, инспекциялық және жұмыс топтары, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің жанында өзге де консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін. Оларды құру, міндеттері, функциялары мен лауазымдық құрамы туралы мәселені Қауiпсiздiк Кеңесi Хатшысының ұсынуы бойынша Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Төрағасы шешеді.

      20. Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссиялары, Сарапшы кеңес, инспекциялық және жұмыс топтары, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы өзге де консультативтік-кеңесші органдар:

      1) Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары мен жедел кеңестеріне материалдар дайындауға қатысады;

      2) Қауіпсіздік Кеңесінің, Президенттің, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының тапсыруы бойынша талдау және зерттеу жұмысын орындайды;

      3) елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша Қауіпсіздік Кеңесіне ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді;

      4) Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдеріне және Президенттің, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының тапсырмаларына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      21. Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Хатшысы Қауіпсіздік Кеңесінің және Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қызметiн үйлестiредi.

      22. Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссияларының, Сарапшы кеңестің, инспекциялық және жұмыс топтарының, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы өзге де консультативтік-кеңесші органдардың қызметін ақпараттық-талдау және ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді осы комиссиялардың жұмысына өз өкілдері қатысатын мемлекеттік органдар және ұйымдар, сондай-ақ Аппарат жүзеге асырады.

9. Аппарат

      23. Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді Аппарат жүзеге асырады, ол Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган болып табылады.

      24. Аппаратты Президент Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен келісе отырып лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын, лауазымды адам болып табылатын Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы басқарады, ол Төрағаға тікелей бағынады және есеп береді.

      25. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының, Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін, олардың шешімдерін сөзсіз және түпкілікті орындауды қамтамасыз ету мақсатында Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы олардың орындалуы бойынша бақылауды ұйымдастырады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 12 ақпандағы
№ 838 Жарлығына
2-ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір актілерінің
ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 26 желтоқсандағы № 2728 Жарлығы.

      2. "Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк Кеңесi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 22 қарашадағы № 3237 Жарлығына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 14 қарашадағы № 3758 Жарлығы.

      3. "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 32, 339-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 11 қарашадағы № 263 Жарлығы.

      5. "Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің құрамындағы өзгерістер туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 10 ақпандағы № 333 Жарлығы.

      6. "Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің құрамындағы өзгерістер туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 15 мамырдағы № 393 Жарлығы.

      7. "Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 12 мамырдағы № 607 Жарлығы.

      8. "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 7 ақпандағы № 802 Жарлығы.

      9. "Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр Жарлықтарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 24 қыркүйектегі № 951 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 32, 339-құжат).

      10. "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 6 тамыздағы № 1160 Жарлығы.

      11. "Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің құрамындағы өзгеріс туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 15 қазандағы № 1205 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 40, 417-құжат).

      12. "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 25 наурыздағы № 1319 Жарлығы.

      13. "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 29 қарашадағы № 1475 Жарлығы.

      14. "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы № 1501 Жарлығы.

      15. "Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр жарлықтарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 6 маусымдағы № 131 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 23, 229-құжат).

      16. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 576 Жарлығының 1-тармағының 5) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 20, 182-құжат).

      17. "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 21 қаңтардағы № 728 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 3-4, 7-құжат).

      18. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 911 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 2, 12-құжат).

      19. "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 маусымдағы № 993 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 37, 309-құжат).

      20. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 22 шілдедегі № 124 Жарлығының 1-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 48, 646-құжат).

      21. "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 13 шілдедегі № 355 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 62, 848-құжат).

      22. "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 19 ақпандағы № 755 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 5, 44-құжат).

      23. "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 15 сәуірдегі № 797 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 28, 228-құжат).

      24. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 29 тамыздағы № 900 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 54, 532-құжат).

      25. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 18 маусымдағы № 40 Жарлығының 1-тармағының 1) және 3) тармақшалары.

      26. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 158 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 77-78-79, 575-құжат).

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 12 ақпандағы
№ 838 Жарлығына
3-ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін
ӨЗГЕРІСТЕР

      1. "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің штат саны мен құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 ақпандағы № 533 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымында жиырма екінші жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қауіпсіздік Кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі".

      2. "Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарындағы кадр саясатының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 537 Жарлығында:

      1) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереженің 19-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.";

      2) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссияның құрамында:

      мына:

      "Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі, хатшы"

      деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі, хатшы".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады