Көлiкте қауiпсiздiктi және терроризмге қарсы іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету жөнiндегi үйлестiру кеңесi туралы ереженi бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 16 сәуір N 440. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 13 қазандағы N 1586 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009.10.13 N 1586 Қаулысымен.

      Ескерту. Тақырыбы өзгертілді - ҚР Үкіметінің 2003.07.23. N 728 қаулысымен .

      Көлiк кешенiнiң қауiпсiз жұмысын қамтамасыз етудiң тиiмділігiн арттыру және терроризмге қарсы іс-қимыл жасауды, көлiк қызметiне заңсыз араласу әрекеттерiнiң алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді: <*>
      Ескерту. Кіріспе толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.07.23. N 728 қаулысымен .

      1. Қоса берiлiп отырған Көлiкте қауiпсiздiктi және терроризмге қарсы іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету жөнiндегi үйлестiру кеңесi туралы ереже бекiтiлсiн. <*>
      Ескерту. 1-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.07.23. N 728 қаулысымен .
      2. "Көлiктегi қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 28 сәуiрдегi N 391 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., N 13, 109-құжат) 1, 2-тармақтарының күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң   
2002 жылғы 16 сәуірдегi       
N 440 қаулысымен         
бекiтiлген         

Көлiкте қауiпсiздiктi және терроризмге қарсы іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету жөнiндегi үйлестiру кеңесi туралы
ЕРЕЖЕ <*>

      Ескерту. Тақырыбы өзгертілді - ҚР Үкіметінің 2003.07.23. N 728 қаулысымен .

      Осы Ереже Көлiкте қауіпсiздiктi және терроризмге қарсы іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету жөнiндегi үйлестiру кеңесi қызметiнің мiндеттерiн, функцияларын, құқықтық және ұйымдық негiздерiн анықтайды. <*>
      Ескерту. Кіріспе толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.07.23. N 728 қаулысымен .

1. Жалпы ережелер

      1. Көлiкте қауiпсiздiктi және терроризмге қарсы іс-қимыл жасауды қамтамасыз ету жөнiндегi үйлестiру кеңесi (бұдан әрi - Үйлестiру кеңесi) Қазақстан Республикасының көлiк қызметiне заңсыз араласу әрекеттерiн тиiмдi алдын алу, жолаушылар мен жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiн және терроризмге қарсы іс-қимыл жасауды ұйымдастыруды, көлiкте қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдарды үйлестіру және олардың өзара iс-қимылдарын қамтамасыз ету мақсатында құрылған. <*>
      Ескерту. 1-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.07.23. N 728 қаулысымен .

      2. Үйлестiру кеңесi Қазақстан Республикасы Үкiметiнің жанындағы консультативтiк-кеңесші орган болып табылады.

      3. Үйлестiру кеңесi өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

2. Үйлестiру кеңесінің негiзгi мiндетi, функциялары және құқықтары

      4. Көлiкте қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және терроризмді болдырмау мәселелерi бойынша ұсынымдар мен шешiмдердi дайындау Үйлестiру кеңесiнің негiзгi мiндетi болып табылады. <*>
      Ескерту. 4-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.07.23. N 728 қаулысымен .

      5. Үйлестiру кеңесiнің функциялары:
      1) көлiктегi қауiпсiздiктiң жай-күйiн талдау және көлiкте қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк, салалық және аймақтық бағдарламалар мен iс-шараларды әзiрлеуге және iске асыруға жәрдемдесу;
      2) жолаушылар мен жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгін қамтамасыз ету, көлiк қызметiне заңсыз араласу әрекеттерiнің алдын алу, оларды анықтау және тыю жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу.
      3) көлiктегi қауiпсiздiк және терроризмге қарсы iс-қимыл жасау саласындағы ахуалды және проблемаларды талдау, оларды тиiмдi шешу жөніндегi iс-шараларды әзiрлеу; <*>
      4) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесімдерінің , халықаралық шарттар мен келiсiмдердің негiзінде көлiкте террористiк актiлердi болдырмау және олардың алдын алу жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу; <*>
      5) қару-жарақ , оқ-дәрi, радиоактивтi , жарылғыш, есiрткi және психотроптық заттарды, жалпы алғанда қауiптi жүктердi көліктің   барлық түрлерiмен   тасымалдау кезінде, оның iшінде олардың заңсыз жылжу жағдайлары бойынша заңнамамен қауiпсiздiктің талап етiлетін деңгейiн қамтамасыз ететiн құқықтық және экономикалық тетiктер бойынша ұсынымдарды әзiрлеу. <*>
      Ескерту. 5-тармақ 3,4,5-тармақшалармен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.07.23. N 728 қаулысымен .
 

      6. Үйлестiру кеңесiнiң мынаған құқығы бар:
      1) көлiкте қауіпсiздiктiң жай-күйiн арттыру жөнiндегi жұмыстар жоспарлары мен шараларды бекiту және түзету жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      2) белгiленген тәртiппен мемлекеттік органдар мен ұйымдардан көлiкте қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және терроризмнің алдын алу мәселелерi бойынша олардың қызметiн көрсететiн қажеттi ақпарат сұрату; <*>
      3) көлiкте қауiпсiздiктi арттыру мәселелерi бойынша заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын, сондай-ақ ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарды әзiрлеуге заңнамада белгiленген тәртіппен қатысу;
      4) өзiнiң мәжiлiстерiнде Yйлестiру кеңесi мүшелерiнiң және қызметтерi көлiкте қауiпсiздiктi қамтамасыз етумен байланысты ұйымдардың жауапты өкiлдерiнің баяндамалары мен есептерiн тыңдау;
      5) көлiкте қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысты мәселелер бойынша материалдарды дайындауға қатысу үшiн мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың басшылармен келiсе отырып, бiлiктi мамандарды тарту;
      6) Үйлестiру кеңесiнiң қарауына жатқызылған мәселелердi әзiрлеу үшiн ғылыми-зерттеу ұйымдарын тарту.
      Ескерту. 6-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.07.23. N 728 қаулысымен .

3. Үйлестiру кеңесiнiң қызметiн ұйымдастыру

      7. Үйлестiру кеңесiнiң құрамы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен мүдделi ұйымдарының өкiлдерiнен құралады және оны Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      8. Yйлестiру кеңесiнiң қызметiн Yйлестiру кеңесiнің мәжілiстерiнде төрағалық ететiн, оның жұмыс жоспарын бекiтетiн және Yйлестiру кеңесi қызметiнің нәтижелеріне жауапты болатын оның төрағасы басқарады. <*>
      Yйлестiру кеңесiнің жұмысы екi бағыт бойынша жүргiзiледi:
      1) көлiктегi пайдалану қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      2) көлiктегi терроризмге қарсы iс-қимыл жасау және оның алдын алу.
      Yйлестiру кеңесінің мәжiлiстерiне сұрақтар дайындау, жұмыс бағыттары бойынша ұйымдық мәселелердi шешу Үйлестiру кеңесінің жұмысына жауапты жұмыс органдарына, тиiсiнше: Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне (келiсiм бойынша) жүктеледi.
      Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрi Үйлестiру кеңесiнiң төрағасы болып табылады. <*>
      Ескерту. 8-тармақ өзгертілді - ҚР Үкіметінің 2003.07.23. N 728 қаулысымен .

      9. Үйлестiру кеңесi өзiнiң жұмысын Үйлестiру кеңесiнiң мүшелерiмен келiсiлген және төрағасы бекiткен жоспарға сәйкес жүргiзедi.

      10. Үйлестiру кеңесiнiң мәжiлiстерi қажеттiлiгiне қарай, бiрақ тоқсанына кемiнде бiр рет өткiзiледi және оған Үйлестiру кеңесi мүшелерінің жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, құқылы деп саналады.

      11. Үйлестiру кеңесiнің шешiмдерi Үйлестiру кеңесi мүшелерiнiң жалпы санының жай көпшілiк даусымен қабылданады. Үйлестiру кеңесi мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда Төрағаның дауысы шешушi болып табылады.
      Шешiмдер хаттамамен ресiмделедi және ұсынымдық сипатта болады.

      12. Үйлестiру кеңесiнiң жұмысын ұйымдық-техникалық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүзеге асырады. <*>
      Ескерту. 12-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2003.07.23. N 728 қаулысымен .

4. Үйлестіру кеңесінің қызметін тоқтату

      13. Үйлестіру кеңесі қызметінің тоқтатылуына мыналар негіз болып табылады:
      1) Үйлестіру кеңесіне жүктелген міндеттердің орындалуы;
      2) бұрын Үйлестіру кеңесіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың немесе өзге консультативтік-кеңесші органның құрылуы;
      3) Үйлестіру кеңесі міндетінің орындалуы мүмкін болмайтын не оның орындалуы орынсыз болатын өзге де жағдайлар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады