Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың мониторингі және пайдаланылу тиiмділігiн бағалау ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі N 740 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 сәуірдегі № 213 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.04.2015 № 213 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуiрдегi Бюджет кодексi 157-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI: см.K080095

       1. Қоса берiліп отырған Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың мониторингi және пайдаланылу тиiмділiгiн бағалау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) "Гранттар тарту және пайдалану ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 8 тамыздағы N 886 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 26, 286-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 8 тамыздағы N 886 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 30 қарашадағы N 1272 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 43, 432-құжат).

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2005 жылғы 19 шілдедегі 
N 740 қаулысымен   
бекітілген      

Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың
мониторингі және пайдаланылу тиiмдiлiгін бағалау
ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың мониторингi және пайдаланылу тиімділігін бағалау ережесi Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына берілетін байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың мониторингі және пайдаланылу тиiмдiлігін бағалау тәртiбiн айқындайды. K080095
      Ереже ізгiлiкқайырымдылық, әскери, азық-түлiктiк көмектi тарту және тарату рәсiмдерiне қолданылмайды.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.07.19. N 682 қаулысымен.

      2. Осы Ереженiң мақсаты:
      1) байланысты емес гранттарды тартудың және пайдаланудың ашық және тиiмдi процесiн қамтамасыз ету;
      2) байланысты емес гранттарды пайдалану барысы және нәтижелерi туралы есептер мен ақпараттарды табыс ету процесін реттеу; V053887
      3) байланысты емес гранттардың мониторингi мен оларды пайдаланудың тиімділігін бағалау процесін реттеу және жүйелендiру болып табылады.

      3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) бенефициар - осы Ережеде көзделген тәртiппен байланыссыз гранттарды тiкелей алатын және пайдаланатын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымы;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымы - Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекеттік мекеме;
      3) атқарушы агенттік - орталық мемлекеттік орган немесе облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдігі;
      4) заттай үлес - бенефициарды және/немесе атқарушы агенттікті ұстауға көзделген бюджеттiк қаржы бөлулер шегiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетiн, Қазақстан Республикасы Үкiметiнің грант берген донордан одан әрi қарыз алуын немесе жобаны мемлекеттiк бюджеттен бiрлесiп қаржыландыруын көздемейтін бенефициардың және/немесе атқарушы агенттiктiң белгiлi бiр жобаны iске асыру шеңберiндегi (ақшадан басқа) үлесi;
      5) салалық мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзырет шеңберiнде белгiлi бiр қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және iске асыруды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
      6) жоба - аяқталған сипаты бар белгілі бiр мақсаттарға қол жеткiзуге бағытталған және шектеулi уақыт кезең iшiнде байланысты емес гранттар қаражатының есебінен iске асырылатын iс-шаралар жиынтығы;
      6-1) өңiрлiк жоба - оны iске асыруға бiрнеше мемлекеттiң қатысуын көздейтiн жоба;
      7) байланысты емес гранттар туралы келiсiм - жазбаша нысанда жасалған, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына өтеусiз қаржылық немесе техникалық көмек берудi көздейтін атқарушы агенттік пен донордың арасындағы келiсiм;
      8) уәкілетті орган - байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, олардың мониторингi мен пайдаланылу тиiмділігін бағалау процестерiн үйлестірудi жүзеге асыратын экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық атқарушы орган.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.07.19. N 682 қаулысымен.

      4. Байланысты емес гранттар көмек беру түрлерi бойынша былайша бөлінедi:
      1) тауарларды жеткiзу - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын донордың қаражатына сатып алынған материалдық-техникалық құндылықтарды өтеусiз негiзде мемлекеттік меншікке беру;
      2) жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету - мемлекеттік ұйымдарға сарапшыларды, консультанттарды (мамандарды), еріктілерді (волонтерлердi) жiберу арқылы зерттеулер жүргiзу, консультациялық және басқа да көмек беру, сондай-ақ тауарларды жеткiзу мен мемлекеттiк ұйымдардың қызметшілерін оқыту түрiндегi көмекті қоспағанда, жұмыстар мен қызметтердiң басқа да түрлерi;
      3) мемлекеттiк ұйымдардың қызметшілерiн оқыту - курстар, семинарлар, тренингтер және оқытудың басқа да түрлерiн жүргiзу және/немесе ұйымдастыру және мемлекеттiк ұйымдар қызметшілерінің білiктiлiгiн арттыру.

      5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес байланысты емес гранттарды пайдалану барысында бенефициарға және/немесе атқарушы агенттікке байланысты емес грант туралы тиiсті келiсiмде көзделген заттай үлес беруге рұқсат етіледi.

      6. Мемлекеттiк ұйымдардың донорларға байланысты емес гранттарды тарту мәселелерi бойынша жүгінуi тек уәкілеттi органмен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.

2. Байланысты емес гранттарды тарту тәртiбi

      7. Уәкілетті орган жыл сайын тиiстi қаржы жылының 1 мамырынан кешіктiрмей атқарушы агенттiктер өтiнiмдер қалыптастырған кезде есепке алу үшiн алдағы қаржы жылына арналған байланысты емес гранттарды беру туралы донорлардың ұсыныстары туралы ақпаратты атқарушы агенттіктерге жiбередi.

      8. Атқарушы агенттіктер тиiстi қаржы жылының 1 тамызынан кешiктірмей уәкілетті органға алдағы қаржы жылында байланысты емес гранттарды тарту мақсатында басым жобалардың тiзбесiн қалыптастыру үшiн өтінімдер бередi. Атқарушы агенттiктердің мерзімнен кейiн берiлген өтінімдерін уәкілетті орган қарамай.
      Атқарушы агенттіктердiң өтінiмдерi оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттiк мекемелердiң ұсыныстары ескеріле отырып қалыптасады.
      Барлық деңгейдегi мәслихаттар аппараттарының өтінімдерді тиiстi облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдiктерiнiң өтiнімдерiнде көрсетіледi.

      9. Атқарушы агенттіктердің өтінiмдердi қалыптастыруы қолданыстағы мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламалардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi немесе Үкiметi бекiткен тұжырымдамалардың негізiнде жүзеге асырылады
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.07.19. N 682 қаулысымен.

      10. Атқарушы агенттiктiң өтінiмi:
      1) ұсынылатын жобалардың тiзбесiн және олар бойынша шығыстар сомасын;
      2) жобаның мақсаты, негiзгi iс-шаралар және оларды iске асыру мерзiмдерi, күтілетiн нәтижелерi көрсетіле отырып әр жобаға жеке түсiндiрме жазбасын (негiздемесiн);
      3) әр жоба бойынша шығыстардың есептерiн;
      4) ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша алынған және пайдаланылған байланысты емес гранттар туралы ақпаратты;
      5) басқа да қажетті ақпаратты өзiне қамтуға тиіс.

      11. Байланысты емес гранттарды тартуға арналған өтiнімге енгізiлген жобаларды iрiктеудi уәкілетті орган:
      1) ұсынылған құжаттардың толықтығы мен сапасын;
      2) жобалар мақсатының мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi немесе Үкiметi бекiткен тұжырымдамаларға сәйкестігiн;
      3) жоба мақсатының Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдары үшін донорлардың байланысты емес гранттар беру саясатына сәйкестігiн ескере отырып жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.07.19. N 682 қаулысымен.

      12. Атқарушы агенттіктердiң өтінімдерiн қарау барысында уәкілетті орган қажет болған жағдайда:
      әлеуетті донорлармен консультациялар өткiзедi;
      мүдделi мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара iс-қимыл жасайды;
      алдағы қаржы жылына арналған жобалардың оңтайлы тiзбесiн қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтiн басқа да iс-шараларды жүргiзедi.

      13. Атқарушы агенттіктердiң өтiнiмдерiн қарау нәтижелерi бойынша уәкілетті орган тиiсті жылдың 1 желтоқсанынан кешіктiрмей алдағы қаржы жылына арналған басым жобалардың тiзбесiн бекiтедi.

      14. Басым жобалардың бекітілген тiзбесi уәкілетті органның байланысты емес гранттарды тарту жөнiндегi iс-шараларды жүргізу үшін негiз болады.

      15. Уәкiлеттi орган алдағы қаржы жылына арналған басым жобалар тiзбесiн бекiткеннен кейiн 10 күн ішінде донорларға байланысты емес гранттарды тарту туралы өтінім жiбереді.

      16. Донор байланысты емес гранттарды тартуға арналған өтінiмдi мақұлдаған жағдайда уәкілетті орган тиiстi атқарушы агенттiкті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен байланысты емес грант туралы келiсiмдi дайындау, келiсу және оған қол қою жөнiнде iс-шаралар жүргiзу қажеттiгі туралы хабардар етеді.
      Байланысты емес грант туралы келiсiмдi атқарушы агенттiк материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзудi және/немесе сарапшыларды, консультанттарды (мамандарды), ерiктілердi (волонтерлердi) тартуды көздейтiн әр жоба бойынша жеке жасайды.
      Мемлекеттік ұйымдардың қызметшілерiн оқыту түрiндегi байланысты емес гранттарды тарту, донордың байланысты емес гранттар беру шарттарында мұндай талап болған жағдайда, уәкілеттi орган мен донор арасында жасалатын тиiстi келiсiмнің негiзiнде жүзеге асырылады.
      Донорлардың мемлекеттiк ұйымдардың қызметшілерін оқыту түрiндегi байланысты емес гранттар беру шарттарында байланысты емес гранттар туралы тиiстi келiсiмдерге қол қою қажеттілігі көзделуi мүмкiн.

      17. Материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзудi көздейтiн байланысты емес гранттар туралы келiсiм жеткiзiлетiн материалдық-техникалық құндылықтардың негiзгi техникалық және өзге де сипаттамаларын, сондай-ақ оларды жеткiзу кестесiн (мерзiмiн) қамтуы тиiс.

      18. Сарапшыларды, консультанттарды (мамандарды), ерiктілердi  (волонтерлердi) тартуды көздейтiн байланысты емес гранттар туралы келiсiмдерде міндетті түрде:
      1) жобаның негізгi кезеңдерi (iс-шаралары), оларды iске асыру мерзiмдерi, сондай-ақ сомасы туралы;
      2) тараптардың мiндеттемелерi туралы, соның iшiнде донордың атқарушы агенттiкке жобаны iске асыру барысында iс-жүзiнде пайдаланылған сомалар туралы мәлiметтер беру мiндеттемесi туралы;
      3) бенефициардың және/немесе атқарушы агенттіктің заттай үлесiнiң нысаны туралы нормалар қамтылуы тиiс.

      19. Мемлекеттiк ұйымдардың қызметшілерiн оқыту түрiнде ұсынылған байланысты емес гранттар туралы келiсiмдерде оқыту немесе білiктілiктi арттыру курстарының (семинарларының, тренингтерiнің) негiзгi бағыттары, оларды өткiзу мерзiмдерi, сондай-ақ курстарға (семинарларға, тренингтерге) тыңдаушылар ретінде шақырылатын мемлекеттiк ұйымдар қызметшілерінің болжалды саны көзделуi тиiс.

      20. Облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдігі атқарушы агенттік болған жағдайда байланысты емес грант туралы келiсiмге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиiстi салалық мемлекеттiк орган немесе уәкілетті орган қол қояды.

      20-1. Донор уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша тиiстi салалық мемлекеттiк органның оң қорытындысы негiзiнде өңiрлiк жобаны iске асыру үшiн байланысты емес грант берген жағдайда өңiрлiк жобаны iске асыру оны басым жобалардың тiзбесiне қоспай жүзеге асырылады.
      Ескерту. 20-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.07.19. N 682 қаулысымен.

      20-2. Байланысты емес грант есебiнен өңiрлiк жобаны iске асыру туралы тиiстi келiсiмдi дайындау, келiсу және оған қол қою жөнiндегi iс-шаралар донордың рәсiмдерiн ескере отырып, өңiрлiк жобаны іске асыруға қатысатын елдермен келiсiм бойынша жүзеге асырылады. P090376
       Ескерту. 20-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.07.19. N 682 қаулысымен.

3. Байланысты емес гранттарды пайдалану тәртiбi

      21. Материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзудi көздейтiн жобаларды iске асыру байланысты емес грант туралы келiсiмнiң шарттарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      22. Тауарларды жеткiзген жағдайда жобаны iске асыру шеңберiнде материалдық-техникалық құндылықтар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен бенефициардың теңгерiмiне қабылданады.
      Материалдық-техникалық құндылықтарды бенефициардың теңгерiмiнен басқа мемлекеттік ұйымның теңгерiмiне беру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Бұл ретте атқарушы агенттiк 15 жұмыс күнi ішінде уәкілеттi органға олардың негiзiнде материалдық-техникалық құндылықтарды беру жүзеге асырылатын тиiстi құжаттардың көшiрмелерiн, соның iшiнде қабылдау-беру актісінің көшірмесiн бередi.

      23. Сарашпылар мен консультанттарды (мамандарды) тартуды көздейтін, соның iшiнде материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзу жөнiндегi жобаны iске асыру атқарушы агенттіктiң келiсiмi бойынша бенефициар әзiрлейтін техникалық тапсырмаға сәйкес жүзеге асырылады.
      Жобаға техникалық тапсырма байланысты емес грант туралы келiсiмнiң шарттарына сәйкес және донордың келiсiмi бойынша әзiрленедi.

      23-1. Өңiрлiк жобаға техникалық тапсырма өңiрлiк жобаны iске асыруға қатысатын мемлекеттер жасасқан байланысты емес грант есебiнен өңiрлiк жобаны iске асыру туралы тиiстi келiсiмнiң шарттарына сәйкес әзiрленедi. P090376
      Ескерту. 23-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.07.19. N 682 қаулысымен.

      24. Техникалық тапсырмада мiндетті түрде:
      1) аяқталу нысаны мен оларды iске асыру мерзiмдерін қоса алғанда, жобаның кезеңдерi және нақты iс-шаралары;
      2) жобаның әр кезеңіндегі iс-шараларды iске асырудан күтілетiн нәтижелер;
      3) жергiлiктiлердi қоса алғанда, жобаны iске асыру үшiн тартылатын сарапшылардың және консультанттардың (мамандардың) функционалдық міндеттерi мен жобаға қатысу кезеңi көрсетiле отырып, олардың сандық және сапалық құрамы көзделуi тиiс.

      25. Жобаға техникалық тапсырманы бенефициардың бiрiншi басшысы не белгіленген тәртiппен оны алмастыратын тұлға, сондай-ақ донордың уәкілеттi өкiлi байланысты емес грант туралы келiсiм күшiне енген күнінен бастап үш айдан кешіктiрмей бекiтедi.
      Атқарушы агенттiк жобаға техникалық тапсырма бекiтiлген күнiнен бастап бiр апта мерзiмде уәкілетті органға оның атқарушы агенттігiнің бiрiншi басшысы немесе оның орынбасары растаған көшірменi берудi қамтамасыз етедi.

      26. Жобаны iске асыру процесiнде бекiтiлген техникалық тапсырмаға өзгерiстер мен толықтырулар енгізуге рұқсат етіледi. Бұл ретте техникалық тапсырмаға өзгерiстер мен толықтырулар байланысты емес грант туралы келiсiмнiң шарттарына қайшы келмеуi тиiс.

      27. Техникалық тапсырмаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген жағдайда атқарушы агенттiк бiр апта мерзiмде уәкілетті органға енгізiлген өзгерiстер мен толықтырулардың негіздемелерімен бiрге нақты ақпараттың берiлуiн қамтамасыз етедi.

      28. Жобаны iске асыру процесiнде атқарушы агенттiк:
      1) байланысты емес грант туралы келiсiмде көзделіп қабылданған мiндеттемелердің, сондай-ақ техникалық тапсырмада көзделген iс-шаралардың уақтылы орындалуын;
      2) Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттiк органдарына, сондай-ақ уәкілетті органға донордың немесе оның уәкілетті тұлғаларының байланысты емес грант туралы келiсiмде көзделген мiндеттемелердi, сондай-ақ техникалық тапсырмада көзделген iс-шараларды орындамағаны туралы уақтылы хабардар етудi;
      3) байланысты емес гранттардың мақсатты және тиiмдi пайдаланылуын;
      4) донордың есебiнен берiлген материалдық-техникалық құндылықтардың импорты кезiнде кедендiк ресiмдеудiң уақтылы жүзеге асырылуын;
      5) донордың есебiнен берiлген материалдық-техникалық құндылықтардың бенефициардың теңгерiмiне уақтылы қабылдануын қамтамасыз етедi.

4. Байланысты емес гранттардың мониторингі және оларды
пайдаланудың тиiмділігін бағалау

      29. Материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзудi, сондай-ақ сарапшылар мен консультанттарды (мамандарды) тартуды көздейтiн байланысты емес гранттардың мониторингi және оларды пайдаланудың тиiмділiгiн бағалау:
      1) жобалардың iске асырылу барысы, сондай-ақ жобалардың тиiмділігiн ағымдағы бағалау туралы ақпаратты атқарушы агенттiктердiң жинауын, өңдеуiн және оны уәкілетті органға ұсынуын;
      2) уәкілеттi органның Қазақстан Республикасы мемлекеттiк ұйымдарының байланысты емес гранттарды пайдалану туралы жиынтық ақпаратты жасауын және оны Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсынуын қамтиды.

      30. Атқарушы агенттiк тоқсан сайын есептiден кейiнгi айдың 10-нан кешiктірмей уәкілетті органға мыналарды қамтитын:
      1) материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзу кестесiнде (мерзiмдерiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асырудың ағымдағы жай-күйi туралы мәлiметтердi;
      2) жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асыру барысында қол жеткiзiлген аралық нәтижелер туралы мәлiметтердi;
      3) материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзу кестесiнде (мерзiмiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шаралардың орындалмау не сапасыз орындалу себептерi туралы мәлiметтердi;
      4) материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзу кестесiнде (мерзiмiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асырудың тиiмділiгiн арттыруға бағытталған ұсыныстарды;
      5) басқа да қажетті ақпаратты беруi тиiс.

      31. Уәкiлетті орган мемлекеттік ұйымдардың қызметшiлерiн оқыту түрiнде ұсынылған байланысты емес гранттарды пайдалану мониторингiн атқарушы агенттіктер уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша және мерзiмде беретiн ақпарат негiзiнде жүзеге асырады.

      32. Байланысты емес гранттар мониторингiн және оларды пайдаланудың тиiмділігiн бағалауды жүзеге асыру мақсатында уәкiлетті орган қажет болған жағдайда:
      атқарушы агенттiктерден және/немесе бенефициарлардан беру мерзiмiн көрсете отырып қосымша ақпарат сұратады;
      атқарушы агенттiктер беретiн ақпаратты растау үшiн жоба iске асырылатын жерге уәкiлетті тұлғаларды жiбередi;
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де шараларды қабылдайды.

      33. Уәкілетті орган жыл сайын тиiсті қаржы жылының 10 ақпанынан кешiктірмей Қазақстан Республикасы мемлекеттiк ұйымдарының байланысты емес гранттарды пайдаланғаны туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкiметіне енгiзедi.

      34. Уәкілеттi органның мемлекеттік ұйымдардың байланысты емес гранттарды пайдаланғаны туралы ақпаратты дайындауы жобаларды iске асыру және олардың тиiмділігін ағымдық бағалау барысы туралы атқарушы агенттіктердiң мәлiметтерi, сондай-ақ уәкілетті органның басқа ресми көздерден алған ақпараты негізiнде жүзеге асырылады.
      Бұл ретте байланысты емес гранттарды пайдаланудың тиiмділігiн қорытынды бағалауды уәкiлеттi орган жобаның iс жүзiндегі және күтiлетiн нәтижелерiн салыстыру, жобаны iске асыру барысында бенифициар мен атқарушы агенттік қабылдаған шараларды бағалау арқылы, сондай-ақ жобаның тиiмділiгiне ықпал еткен басқа да факторларды ескере отырып жүзеге асырады.

      35. Байланысты емес гранттарды пайдаланудың тиiмділiгiн қорытынды бағалау нәтижелерiн уәкілетті орган атқарушы агенттіктердiң байланысты емес гранттарды тартуға арналған кейiнгi өтiнiмдерiн қараған кезде, сондай-ақ кейiн әлеуеттi донорды айқындаған кезде пайдалануы мүмкiн.

      36. Өңiрлiк жобаны iске асыру yшiн байланысты емес грантты пайдаланудың мониторингi және тиiмдiлiгiн бағалау жобаны iске асыру үшiн осы тарауда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 36-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.07.19. N 682 қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады