"Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентi Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 қазандағы N 1043 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТIНІҢ
ЖАРЛЫҒЫ Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған
Гендерлiк теңдiк стратегиясын бекiту туралы

      Қоғам өмiрiнiң барлық салаларында гендерлiк теңдiк қағидаттарын iске асыру мақсатында  ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясы (бұдан әрi - Стратегия) бекітiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттiк органдар, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi:
      1) өз қызметiнде Стратегияны басшылыққа алсын және оны iске асыру жөнiнде қажетті шаралар қабылдасын;
      2) қабылданатын мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламалардың (жоспарлардың) Стратегиямен келiсiлуiн қамтамасыз етсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттік органдар, орталық және жергіліктi атқарушы органдар жыл сайын 20 қаңтарға Қазақстан Республикасы Президентiнің жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияға Стратегияның орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
      4. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия жыл сайын 5 ақпанға Қазақстан Республикасының Үкiметiн Стратегияның iске асырылу барысы туралы хабардар етсiн.
      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) жыл сайын 20 ақпанға Мемлекет басшысын Стратегияның iске асырылу барысы туралы хабардар етсiн, сондай-ақ қажеттiлiгiне қарай Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясына өзгерiстер мен толықтырулар туралы ұсыныстар енгізсiн;
      2) осы Жарлықтан туындайтын өзге шараларды қабылдасын.
      6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
      7. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзіледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң      
2005 жылғы "__" _______
N __ Жарлығымен    
бекiтiлген      

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
2006-2016 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК
СТРАТЕГИЯСЫ

Астана қаласы, 2005 ж.

  МАЗМҰНЫ

Кiрiспе

1-бөлiм. Ерлер мен әйелдердiң құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң
         теңдiгi - саналы қажеттілiк

2-бөлім. Қоғамдық-саяси өмiрдегi гендерлік теңдiкке қол жеткiзу

3-бөлiм. Экономикадағы гендерлік теңдiкке қол жеткiзу

4-бөлім. Гендерлiк бiлiм беру. Құқықтық және гендерлiк ағарту

5-бөлім. Ерлер мен әйелдердің ұрпақ әкелетiн денсаулығын нығайту

6-бөлiм. Қоғамдағы жыныс нышанына негiзделген зорлық-зомбылықтың
         алдын алу

7-бөлiм. Отбасындағы гендерлік теңдiкке қол жеткiзу. Отбасын
         нығайту және отбасындағы тәрбиенiң рөлiн күшейту

8-бөлiм. Гендерлiк жағынан сезімтал қоғамдық сананы дамыту

9-бөлiм. Стратегияны iске асырудан күтiлетiн нәтижелер

Негiзгi ұғымдар

  КIРIСПЕ

      Қазақстан дүниежүзілiк қоғамдастыққа бiрiгудi өзiнiң сыртқы саясат саласындағы басымдығы ретiнде айқындады.
      Әлем елдерiнiң көпшiлiгi қол қойған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында (2000 ж.) ерлер мен әйелдердiң теңдігін көтермелеу, әйелдердiң құқықтары мен мүмкiндiктерiн кеңейту үшiншi мыңжылдықтағы адамзат дамуының негiзгi мақсаттарының бiрi ретінде айқындалған.
      Қазiргi кезде бүкіл дүние жүзінде тарихи қалыптасқан еркектердiң әйелдерден басым болу жағдайы өзгерiстерге ұшырауда. Өнеркәсiбi дамыған және әлеуметтiк салаға бағдар алған елдерде әйелдер өздерiнiң құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң еркектермен тең болуына iс жүзiнде қол жеткiздi.
      Тәуелсiздiк жылдары iшiнде Қазақстан да еркектер мен әйелдердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау саласында белгілi бiр дәрежеде iлгерiледi.
      1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы  конвенциясына қосылды. Сондай-ақ БҰҰ-ның " Әйелдердiң саяси құқықтары туралы " және " Ерге шыққан әйелдiң азаматтығы туралы " конвенциялары да бекiтiлдi. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт пен Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы  пактiге және басқаларына қол қойылды. Қазақстан адам құқықтары туралы барлығы 60-тан астам халықаралық шарттарға қосылды.
      Yкiметтiң 2003 жылғы 27 қарашадағы N 1190  қаулысымен Қазақстан Республикасындағы гендерлiк саясат мақұлданды. Ол бiздiң елiмiздегі гендерлiк саясаттың негiзгі бағыттарын айқындады, олар - еркектер мен әйелдердiң билiк құрылымдарына теңгерiмдi қатысуына қол жеткiзу, әйелдердiң экономикалық тәуелсiздiгi, өз бизнесін дамытуы мен мансап жолында ілгерілеуi үшін тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету, отбасындағы құқықтар мен мiндеттердiң тең жүзеге асырылуы үшiн жағдайлар жасау, жыныс нышаны бойынша зорлық-зомбылықтан азат болу.
      2004 жылғы қыркүйек айында Астана қаласында өткiзiлген Қазақстан әйелдерiнiң IV Форумында ел Президентi Yкiметке және Отбасы мен әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияға аталған Тұжырымдаманың негiзiнде Қазақстан Республикасының гендерлiк теңдiк стратегиясын әзiрлеп, онда экономикалық, әлеуметтік және саяси салаларды қоса алғанда, қызметтiң негiзгi бағыттарын анық белгілеудi, әйелдерге тең мүмкiндiктердi қамтамасыз етуге арналған шаралар жүйесiн мерзiмдерi бойынша айқындауды тапсырды.
      Стратегия мемлекеттiң гендерлiк саясатын iске асыруға бағытталған негiз қалаушы құжат, оны iске асырудың және мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан мониторингіні жүзеге асырудың құралы, демократияның қалыптасуының маңызды сатысы болып табылады. Осыған байланысты Стратегияның әр бөлiмiне БҰҰ Әйелдер Қорының Өңірлік офисiмен (ЮНИФЕМ) бiрлесiп әзiрленген, саясатта, экономикада, білiм беруде, отбасында, денсаулық сақтау және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау мәселелерiнде гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу бойынша көрсеткiштер енгiзілген.
      Гендерлiк теңдік стратегиясы 2006 жылдан 2016 жылға дейiнгi кезеңде еркектер мен әйелдердiң құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң теңдiгiне қол жеткiзу жөнiндегi мiндеттердiң шешілуiн көздейдi, 9 бөлiмнен тұрады.
      Қазақстан Республикасының Гендерлiк теңдік стратегиясын iске асыру әйелдер мен ерлердiң өздерiнiң өмiр сүру құқықтарын жыныс нышаны бойынша кемсiтусiз iске асыруы үшiн жағдай жасауға ықпал ететiн болады.

  1-БӨЛIМ. ЕРЛЕР МЕН ӘЙЕЛДЕРДIҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН
MYMКIHДIКTЕPIHIҢ ТЕҢДIГI - САНАЛЫ ҚАЖЕТТIЛIК

  МАҚСАТЫ

      Қазақстан Республикасының  Конституциясы мен Қазақстан қосылған халықаралық актiлерде жарияланған, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкiндiктерiн iске асыру үшiн жағдай жасау, сондай-ақ олардың қоғам өмiрiнiң барлық салаларына тең жағдайда қатысуы.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      2005 жылдың басына қарай республикадағы халықтың жалпы саны 15074,8 мың адамды құрады, соның iшiнде әйелдер - 7817,9 мың адам (51,9 %), еркектер - 7256,9 мың адам (48,1 %). 1000 еркекке орта есеппен 1077 әйелден келедi.
      Туылғаннан 24 жасқа дейінгі аралықта халықтың гендерлік құрамы еркектердiң сан жағынан артық екенiн көрсетедi, себебi, ұл балалар қыз балаларға қарағанда көбiрек туады. 25 жастан бастап еркектердiң үлесi 50 %-дан кеми түседi, ал содан кейiн, жас үлкейген сайын бара-бара азая бередi.
      Қазақстанда адамның күтілетін орташа өмiр жасы 66,18 жылды, соның ішінде еркектердiкi - 60,62 жасты, әйелдердiкi - 72,0 жасты құрайды. Әйелдер еркектерден 11,3 жас артық өмiр сүредi.
      Әлеуметтік рөлдерді бөлудегi қалыптасқан таптауырындыққа байланысты нақты өмiрде әйелдердiң құқықтары мен мүмкiндiктерi еркектерге қарағанда азырақ болады.
      Қазiргі уақытта тек төрт әйел ғана министр, 8 әйел - министрдің орынбасары, 3 әйел - комитет төрайымы, 5 әйел - облыс әкiмдерiнің орынбасарлары болып тағайындалған. Аудан әкiмдерi орынбасарларының арасында әйелдер 17 %-ды, ауылдық және кенттiк округтер әкiмдерiнiң арасында - 11 %-ды, олардың орынбасарларының арасында - 18 %-ды құрайды. Облыстар мен аудандар әкімдерінің қатарында әйелдер жоқ.
      Саяси мемлекеттiк қызметшілер арасындағы әйелдердiң санының 2000 жылғы 9,5 %-дан 2004 жылғы 10,3 %-ға дейiн бiршама артуы байқалады. Бұл орайда билiктегі әйелдердiң саны лауазымдық сатының жоғарылығына қарай төмендей бередi.
      Әйелдердiң Парламентте өкiлдiк етуi 1999 жылғы 11,2%-дан 2004 жылғы 9,5%-ға дейiн төмендеген. Мәслихаттардың депутаттығына ұсынылған кандидат әйелдердiң саны 1999 жылмен салыстырғанда 16 %-ға артып, 2004 жылы 1619 адамды құрай тұрса да, жергілiктi өкiлдiк органдардағы әйелдердiң саны 1999 жылғы 19,2 %-дан 2004 жылғы 17,1 %-ға дейiн төмендеген.
      Әйелдер еңбек нарығында азырақ сұранысқа ие. 2004 жылы еңбекпен қамту қызметтерiне жұмысқа орналасу мәселелерi бойынша келгендердiң iшiнен тек әрбiр алтыншы әйелге ғана жұмыс берiлген. Жоғары және орта арнайы бiлiмi бар - 45 жастағы және одан үлкен әйелдердiң жұмысқа орналасу мүмкiндiгi мүлде аз.
      Қазiргi кезде жалданып жұмыс iстейтiн адамдардың жартысына жуығын әйелдер құрайды. Бiрақ олардың еңбекақысы еркектердiң еңбекақысының тек 61 %-ын ғана құрайды. Мұның себебi, әдетте әйелдер денсаулық сақтау мен білiм беру iсi сияқты дәстүрлі "әйелдiк" салаларда еңбекақысы азырақ қызметтерде жұмыс iстейдi.
      Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен оларды нәпсі үшiн пайдалану фактілерi әлi жойылған жоқ, әлі жойылмаған.
      Гендерлiк аспектілер шешiмдер қабылдау және мемлекеттiк саясатты қалыптастыру процессiнде жеткілiктi ескерілмейдi.
      Ерлер мен әйелдердiң мүмкiндiктерiнiң теңгерiмділiгін қамтамасыз ету үшiн Мемлекет басшысының  Жарлығымен 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президентi жанынан Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегі ұлттық комиссия құрылды. Үкiметтiң 1999 жылғы 19 шілдедегі N 999  қаулысымен Қазақстан Республикасында әйелдердiң жағдайын жақсарту жөнiндегi ұлттық іс-қимылдар жоспары бекiтілдi, оның бүгінгi күнi 85 %-ы орындалып үлгерді.
      Әлеуметтік мәнi бар проблемаларды шешуге отбасының, әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау саласында жұмыс iстейтiн 300-ге жуық үкiметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бiрлестiктер белсене қатысады, олардың қатарында 150 әйелдер ұйымы бар.
      Тең құқықтар мен тең мүмкіндіктерге қол жеткiзу мақсатында Мемлекет басшысы мынадай мiндеттер қойды:
      Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясын әзiрлеу;
      шешiмдер қабылдау деңгейiнде мүмкiндiгiнше әйелдердiң көп болуына ұмтылу;
      заңнаманы жетілдіру және гендерлік теңдiктi қамтамасыз ету институттарын қалыптастыру, "Ерлер мен әйелдердiң тең құқықтары мен тең мүмкiндiктерi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануын жеделдету, әйелдердi қорғаудың құқықтық тетіктерін қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысты жалғастыру;
      әйелдердiң экономикалық өмiрге белсендi араласуы үшiн жағдайлар жасау;
      әйелдер үшiн экономикалық жеңiлдiктер мен артықшылықтар жасау, ана мен баланың денсаулығын жақсарту жөнiнде шаралар қабылдау, әйелдердiң құқықтық және әлеуметтiк кепiлдiктерiнiң елеулi түрде артуын қамтамасыз ету;
      адамгершiлiк құндылықтарды жаңғырту, отбасы мен некенiң жағымды бейнесiн әспеттеу.

  Күштi жақтары

      Қазақстан адам құқықтары бойынша 60-тан астам халықаралық шарттың қатысушысы болып табылады. Олардың қатарында Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы  конвенция (бұдан әрi - СИДО) бар.
      СИДО-ны орындау бойынша Қазақстанның есебiне БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудi жою жөнiндегi комитетi берген жоғары баға.
      Әйелдердiң азаматтық белсендiлiгiнiң артуы, әйелдердiң үкiметтiк емес ұйымдары санының ұлғаюы.
      Әйелдер арасындағы кәсiпкерлiктi дамытуға арналған кредиттiк желiнi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қолдауы.
      Әйелдердiң мүдделерiн мемлекеттiк саясатқа енгiзуге ниеттілiк.
      Қазақстан Республикасының Президентi жанынан Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегі ұлттық комиссияның құрылуы, Қазақстан Республикасында әйелдердiң жағдайын жақсарту жөнiндегi ұлттық iс-қимылдар жоспарының және Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат тұжырымдамасының қабылдануы.
      Қазақстан Республикасының Парламентiнде "Отбасы" депутаттық тобының құрылуы.
      Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталықта әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi сектордың құрылуы.
      Гендерлiк теңдiк мәселелерi бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтасу.
      Ұлттық заңнаманың гендерлiк сараптамасы басталды.
      "Ерлер мен әйелдердiң тең құқықтары мен тең мүмкiндiктерi туралы", "Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасының заңдарының жобалары және Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясы әзiрлендi.

  Осал жақтары

      Гендерлiк теңдiктiң қажеттілігiн қоғамның жеткiлiктi түсiнбеуi. Әйелдiң қоғамдағы рөлi мен орны туралы орнықты дәстүрлi таптаурынның болуы.
      Мемлекеттiк органдардың гендерлiк теңдiк саясатын нашар iске асыруы. Заңнамалық базаның жетiлмегендігі, гендерлiк бағдар алған заңнаманың жоқтығы, еркектер мен әйелдердiң қағаз жүзiндегi теңдiгi. Ерлер мен әйелдердiң iс жүзiндегі тең құқықтылығына қол жеткiзудiң тиiмдi тетiктерiнiң жетiспеуi.
      Мемлекеттiк мекемелер мен ерлердiң және әйелдердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау мәселелерiмен айналысатын үкiметтiк емес ұйымдардың өзара жеткілiктi iс-қимыл жасамауы.
      Мемлекеттiк органдарда шешiмдер қабылдау деңгейiнде және экономиканың түрлi салаларындағы еңбекақысы жоғары жұмыстарда әйелдерден өкілдiк етiлуi нашар.
      Гендерлiк саясатты iске асыруды мемлекеттiк мониторингілеу жүйесiнiң, сондай-ақ гендерлiк талдаудың және гендерлiк көрсеткiштердiң жоқтығы.
      Статистикалық ақпарат көлемi мен оның пайдаланылуының жеткiлiксiздiгi.

  Мүмкiндiктер

      БҰҰ-ға мүше мемлекеттер өз елдерiндегi гендерлiк теңсiздiктi жеңу бойынша мiндеттемелер алды.
      Ел басшылығы шынайы гендерлiк теңдiкке қол жеткiзуге белсендi түрде қатысуда.
      Экономиканың барған сайын өсе түсуi және халықтың әл-ауқатының көтерiлуi ерлер мен әйелдердiң өз құқықтарын iске асырудағы мүмкiндiктерiн арттырады.
      Түрлi елдердiң гендерлiк проблемаларды шешу жөнiндегi тәжiрибесiн зерделеу үшiн жағдайлар жасалуда.
      Yкiметтік емес ұйымдар өздерiнiң гендерлiк теңдiк проблемаларын шешу мәселелерi жөнiндегi қызметiн жандандыруда.
      Гендерлiк мәселелермен айналысатын ұлттық, өңiрлiк және халықаралық ұйымдармен байланыстар орнатылуда.

  Қатерлер

      Шешiмдер қабылдау деңгейiндегі әйелдердiң сөзсiз азшылығы өздерiнiң әділеттi әлеуметтiк қоғам құруға қатысу мүмкiндiктерiн азайтады.
      Жұмысқа қабылдау, мансап сатысымен көтерiлу, білiктiлiктi арттыру, кадрларды қысқарту және т.б. кезiнде әйелдердi кемсiту.
      Халықтың елеулi бөлiгiнiң құқықтық сауатсыздығы және құқықтық нигилизмi.
      Бiлiмнiң жоғары деңгейi жұмыс iстейтiн маман әйелдерге лауазымдық өсу перспективаларына кепілдiк бермейдi.
      Халықта гендерлiк білім мен танымының жеткiліксiздігі, бұл әйелдер мен ерлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыру мүмкiндігін азайтады.
      Жұмыссыздар мен кедейлер арасында әйелдердiң басым болуы.
      БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы конвенциясының соттарда қолданылу тетіктерiнің болмауы олардың құқықтарын қорғауды қиындатады.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР

      Мемлекеттік органдар мен бүкiл қазақстандық қоғамның әлеуметтiк жағынан әдiлеттi гендерлiк саясатты iске асыру жөнiндегi күш-жiгерiн бiрiктiру. Бұл мақсаттарда мыналар қажет:
      азаматтардың өз қабілеттерiн iске асыруы, өмірден өз орнын табуы, сондай-ақ саясатты, әлеуметтiк-еңбектiк және отбасылық қарым-қатынастарды қоса алғанда, өмiрдiң барлық салаларында жыныстар теңдiгiн қамтамасыз ету үшiн қоғамның құқықтық деңгейi мен саяси мәдениетiн көтеру;
      саясатты әзiрлеудiң және шешiмдер қабылдаудың барлық деңгейлерiнде гендерлiк сезiмталдықтың артуына қол жеткiзу;
      өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң тең серiктестігі қағидатының (қарым-қатынастардағы сайма-сайлық, тең бағалылық және бiр бiрiне төзiмдiлiк) сақталуын қамтамасыз ету;
      қызметтің қандай бiр саласында мүдделерi азырақ білдiрілетiн жыныстың өкiлдерi үшiн уақытша қосымша артықшылықтар беру;
      ұлттық заңнаманы, республикалық және жергiлiктi бюджеттердi және мемлекеттiк әлеуметтiк-экономикалық бағдарламаларды әзiрлеу, iске асыру және орындалуын бақылау iсiне гендерлiк әдiстердi ендiру.
      Ерлер мен әйелдердiң құқықтарын қорғаудың құқықтық тетiктерiн iске асыру мақсатында заңнаманың жетілдiрiлуiн және гендерлiк теңдiк институттарының қалыптастырылуын қамтамасыз ету.
      Гендерлiк көрсеткiштердi және гендерлiк статистиканы ендiру, нормативтiк құқықтық актiлердiң, мемлекеттiк жоспарлар мен бағдарламалардың, оқулықтар мен оқу құралдарының мiндеттi гендерлiк сараптамасын өткiзу.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Мемлекеттiк органдарға мемлекеттiк гендерлiк саясаттың iске асырылуын бақылауды күшейту қажет:
      барлық мемлекеттiк құрылымдарда мемлекеттiк гендерлiк саясатты қалыптастыру мен iске асыруға жауапты тұлғалар тобын айқындау;
      шешiмдер қабылдау деңгейiнде гендерлiк теңгерiмдi сақтау;
      шешiмдер қабылдау және мемлекеттiк саясатты қалыптастыру процесiнде гендерлiк аспектілердi ескеру;
      мемлекеттiк қызметшілердi әлеуметтiк-экономикалық даму бағдарламаларын әзiрлеу, iске асыру және бағалау кезiнде гендерлiк ерекшелiктердi есепке алу жөнiндегi жұмыс тәсiлдерiне үйрету;
      орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне гендерлiк құрауыштарды енгiзу;
      облыстардың және Астана, Алматы қалалары әкiмдерiнiң жанындағы отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегі комиссиялардың отбасы және әйелдер мәселелерiмен айналысатын хатшылары қызметiн енгiзу.
      Ерлер мен әйелдердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың құқықтық тетіктерiн қамтамасыз ету мақсатында "Ерлер мен әйелдердiң тең құқықтары мен тең мүмкiндiктерi туралы" және "Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының қабылдануын жеделдету.
      Гендерлiк ерекшелiктерге немқұрайлы қараумен байланысты әлеуметтiк тәуекелдер мен ықтимал залалды азайту мақсатында барлық қолданыстағы және әзiрленетiн нормативтiк құқықтық актiлерге мiндеттi түрде гендерлiк сараптама жасау туралы норманы енгiзу. Осы мақсаттарда соның iшiнде республикалық және жергілiктi бюджеттердi қалыптастыру кезiнде, сондай-ақ орталық және жергілiкті атқарушы органдардың осы Стратегияны iске асыру жөнiндегі қызметiн бағалау кезiнде қосымша гендерлiк көрсеткiштердi қолдану мүмкiндiгiн қарау. Гендерлiк статистиканы жетілдiру жөнiнде шаралар қабылдау.

  2-БӨЛIМ. ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМIРДЕ ГЕНДЕРЛIК
ТЕҢДIККЕ ҚОЛ ЖЕТКIЗУ

  МАҚСАТЫ

      Атқарушы және өкілдiк билiк органдарында, шешiмдер қабылдау деңгейiндегi басқару процестерінде ерлер мен әйелдердiң тең (паритеттi) өкiлдiк етуiне қол жеткiзу.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      Қазақстан Республикасының  Конституциясына сәйкес (33-бап) "Қазақстан Республикасының азаматтарының мемлекет iсiн басқаруға қатысуға құқығы бap".
      2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қызметте 49713 әйел жұмыс iстейдi, немесе мемлекеттiк қызметшiлердiң жалпы санының 57,4 %-ы. 2000 жылы олардың саны азырақ болды, 54 %.
      Саяси мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердiң үлесi 11 %-ды құрайды (2000 жылы - 8,8 %), олардың iшiнде орталық аппараттарда - 9,7 % (2000 жылы - 9,5 %).
      Әкiмшілiк мемлекеттiк қызметшiлер арасындағы әйелдердiң үлесi 59,2 %-ғa дейін көбейдi (2000 жылы - 56,2 %), олардың iшiнде орталық аппараттарда - 60,1 %-ға дейiн (2000 жылы - 55,2 %). Өңiрлерде де жағдай осындай.
      Қазақстан Республикасы Президентінің "Мемлекеттiк қызметтiң кадр резервi туралы"  Жарлығына сәйкес өңiрлерде шешiмдер қабылдау деңгейiне жоғарылату үшiн әйел кадрлардың резервi құрылған. Алайда резервтен әйелдердi жоғарылату iс жүзiнде жүзеге асырылмайды.
      2003 жылы өткен мәслихаттарға сайлау барысында әйелдердiң қоғамдық-саяси белсендiлiгiнiң артуы байқалды. Депутаттыққа кандидаттар болып 1484 әйел, немесе тiркелгендердiң жалпы санының 20 %-ға жуығы тiркелдi. Олардың iшiнде күрделi бәсекелестiк күресте 568 әйел, немесе сайланған депутаттардың жалпы санының 17,1 %-ы жеңiмпаз болды.
      Әйелдердi саяси тұрғыда одан әрi жоғарылату үшiн Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөніндегi ұлттық комиссия халықаралық және үкiметтiк емес ұйымдармен бiрлесiп, елдiң барлық өңiрлерiнде 1200-ден астам конференциялар, тренингтер және семинарлар өткiздi.

  Күшті жақтары

      Әйелдердiң бiлiм деңгейiнiң жоғарырақ болуы.
      Әйелдердiң саясатқа қатысуы еркектермен лайықты бәсекелестіктi бiлдiредi және елдегi iстердiң жағдайының жақсаруына ықпал етедi.
      Басқарушылық құрылымдарға әйелдердiң қатысуы едәуір икемдiрек, үнемi өзгерiп отыратын жағдайларға бағдар алған басқару нысандарын дамытады.
      Әйелдер әлдеқайда тындырымды, ұқыпты, тiл табысқыш, адамдарға үлкен ынтамен қарауға және қамқорлық жасауға бейiм.
      Әйелдердiң азаматтық белсендiлiгiнiң артуы, әйелдердiң үкiметтік емес ұйымдарының қызметiнiң жандануы.

  Осал жақтары

      Әйелдердiң қоғамдағы рөлі туралы қоғамда сақталып отырған таптауырындар, жыныстар теңдiгi мәселелерiне патриархаттық тұрғыдан келу.
      Әйелдердi жоғарылатудың тиiмдi тетiктерiнiң жетiспеуi.
      Әйелдердiң және олардың ұйымдарының бастамаларын мемлекеттiк органдар тарапынан қолдаудың жеткiлiксiздiгi.
      Саяси партияларда әйелдердi билiкке жоғарылату стратегиялары мен бағдарламаларының болмауы.
      Әйелдердiң үкiметтік емес қоғамдық ұйымдарының толымсыз қызметi, әйелдер ұйымдарының әйелдердiң мүдделерiн қорғауға бағытталған күш-әрекетiнің бытыраңқылығы.
      Әйелдерде саяси тәжiрибенiң жетiмсiздігі.

  Мүмкiндiктер

      Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң әйелдердiң және әйелдер ұйымдарының қоғамдық-саяси өмiрге араласуын жандандыруға бағытталған күш-жiгерiне қолдау көрсетуi.
      БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы  конвенциясына сәйкес, әйелдердiң атқарушы және өкiлдiк билiкке неғұрлым кеңiрек қатысуын қамтамасыз етуге арналған уақытша шара ретiнде әйелдер үшін квоталар енгiзу мүмкiндігі.
      Ерлер мен әйелдер үшiн тең мүмкiндiктерге қол жеткiзу, әйелдердiң қоғамдағы рөлiн арттыру процесiне халықаралық ұйымдардың қолдау көрсетуi.
      Дамыған елдердiң әйелдердi саяси тұрғыдан жоғарылату мәселелерi жөнiндегi тәжiрибенiң зерделеу мүмкiндiгi.

  Қатерлер

      Ерлер мен әйелдердiң қағаз жүзiндегi теңдiгі демократияға және қоғамның одан әрi дамуына ықпал етпейдi.
      Шешiмдер қабылдау деңгейiндегi әйелдер санының шамалы ғана болуы олардың елде реформалар жүргiзудегi рөлiн төмендетедi.
      Әйелдердi саяси жағынан iлгерілетуге ықпал етпейтiн қоғамдық таптаурындар мен ақылға сыймайтын ескi нанымдар.
      Ерлер мен әйелдердiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң жеткілiксiз қорғалуы шынайы гендерлiк теңдікке қол жеткiзу үшiн қатер тудырады.
      Отбасы, әйелдер мен балаларға қатысты заңнамалық актілердiң және халықаралық шарттардың мемлекеттік органдар тарапынан да, қоғамдық ұйымдар тарапынан да лайықты деңгейде орындалмауы қоғам өмiрiнiң барлық салаларында әйелдердiң және үкiметтiк емес әйелдер ұйымдарының өз құқықтарын iске асыруындағы белсендiлігін төмендетуi мүмкiн.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕTTEP

      Әйелдердiң мүмкiндiктерiн кеңейту және жағдайын жақсарту, олардың қоғамдық-саяси өмiрге теңдiк негізiнде жан-жақты қатысуы.
      Шешiмдер қабылдау деңгейiнде әйелдердiң өкілдігін арттыруға арналған пәрмендi тетiктер мен уақытша шараларды енгiзу.
      Кадр мәселелерiн шешу кезiнде, әсiресе шешiмдер қабылдау деңгейiнде басқару органдарындағы гендерлік теңдіктi қамтамасыз ету.
      Әйелдердiң саяси әлеуетiн және олардың әлеуметтiк мәселелердi шешудегi саяси белсенділiгін арттыру жөнiнде шаралар қабылдау.
      Көшбасшы әйелдердi көшбасшылар мектептерi арқылы және оларды оқытудың басқа да тетiктерi арқылы даярлау мен жоғарылату практикасын жалғастыру.

  IС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Әйелдердің жағдайын жақсарту бойынша iс-қимылдардың Пекиндiк платформасының (1995 ж.) талаптарына сәйкес әйелдердiң шешiмдер қабылдау деңгейiнде 30% өкiлдiгi болуына қол жеткiзу. Бұл мақсатта:
      бекiтілген кадрлық резервтен әйелдердi түрлi лауазымдарға жоғарылату;
      мемлекеттiк қызметшiлердiң лауазымдық нұсқаулықтарына кәсiби мiндеттердi орындау кезiнде гендерлік кемсiтушілiкке жол берiлмеу туралы ереженi енгiзу;
      басшы орындардағы ерлер мен әйелдердiң арақатынасын теңестiру үшін уақытша шаралар қабылдау (квоталау) мүмкiндiгiн қарастыру.
      Халықаралық ұйымдардың жәрдем көрсетуi арқылы саясаткер әйелдерді оқыту мен даярлау практикасын (әйелдер көшбасшылығы орталықтары, мектептерi) жалғастыру.
      Мемлекеттiк органдардың отбасының, әйелдердiң, балалардың және ерлердiң осал топтарының құқықтары мен мүдделерiн қорғау саласында жұмыс iстейтiн қоғамдық бiрлестіктермен және YЕҰ-мен ынтымақтастығын дамыту.
      Республикалық, сондай-ақ жергілiктi деңгейлерде де басшылық қызметтерге және сайланушы органдарға әйелдер мен ерлердi ұсынған кезде партиялық тiзiмдердiң гендерлiк теңгерiмдi ескере және сақтай отырып қалыптастырылуына ұмтылу. Партиялардың ерлерден тұратын басшылығымен, сондай-ақ саяси қызметпен айналысқысы келетiн әйелдермен де семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру жолымен ағартушылық жұмыс жүргiзу.

  Көрсеткiштер:

      1. "Ерлер мен әйелдердiң тең құқықтары мен тең мүмкiндiктерi туралы" Қазақстан Республикасы заңының болуы.
      2. Шешiмдер қабылдау деңгейiнде басшылық қызметтердегі әйелдердiң саны;
      3. Парламенттегi әйелдердiң үлесi;
      4. Саясаттағы/саяси партиялардағы әйелдердiң үлесi;
      5. Әйелдердi мемлекеттiк мекемелерге жоғарлату жөнiндегi тетіктердiң болуы.

  3-БӨЛIМ. ЭКОНОМИКАДА ГЕНДЕРЛIК ТЕҢДIККЕ ҚОЛ ЖЕТКIЗУ

  МАҚСАТЫ

      Экономикалық салада гендерлік теңдiкке қол жеткiзу, әйелдер арасындағы кәсiпкерлiктi одан әрi дамыту, әйелдердiң еңбек нарығындағы бәсекеге қабiлеттiлігін арттыру.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      Iшкi тұрақтылықтың, Индустриялық-инновациялық даму  стратегиясын , ауылды қайта өркендету, шағын бизнестi дамыту және кедейлiктi азайту мемлекеттiк бағдарламаларының iске асырылуы арқасында Қазақстанда жұмыссыздықты азайту және ерлер мен әйелдердiң жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшiн үлкен мүмкiндiктер жасалуда.
      Шын мәнiнде жұмыс iстейтiн нарықтық экономика құрылды. Жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм 4 есе дерлiк өсті және қазiргi 2700 долларды құрайды. 2008 жылға қарай бұл көрсеткiштi екi еселендіру болжанып отыр. Халықтың банкiлердегі салымдары шамамен республикалық бюджеттің 40 %-ына жуық жеттi. Дүниежүзілік банкiнiң сыныптамасы бойынша Қазақстан бүгiн орташа табыс деңгейi бар елдер тобына кiредi.
      Қазiргi кезде Қазақстанның экономикасында 3,7 млн. әйел жұмыс iстейдi, бұл жұмыс iстейтіндердiң жалпы санының 49 %-ын құрайды.
      Қазақстан Республикасындағы кедейлiктi азайту жөнiндегi 2003-2005 жылдарға арналған  бағдарлама 2005 жылдың соңына 2003 жылдың бас кезiмен салыстырғанда, ең төменгі күнкөріс деңгейiнен төмен адамдардың үлесiн 17,4 %-ға, кедейлiк шегiнен төмен өмiр сүретiндердiң үлесiн 48,8 %-ға, жұмыссыздық деңгейiн 9,3 %-дан 8,1 %-ға дейiн кемiтуге мүмкiндiк бередi.
      "Микрокредиттік ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының  заңы   қабылданды, ол осы ұйымдардың құқықтық жағдайын реттейдi және құрылу тәртiбiн оңайлатады. Өткен 7 жыл iшiнде Ең аз қамтамасыз етілген азаматтарға микрокредит беру бағдарламасы бойынша 12 млрд. теңгеден астам сомаға 125 мыңға жуық микрокредит берiлдi.
      2004 жылы жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегі уәкiлетті органдарға жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу туралы өтiнiшпен 282 мың жұмыссыз жүгiнген, оның 142,8 мыңы - әйелдер (51 %). Соңғыларының iшiнде ауылдық жерлерде тұратыны - 43,5 мың адам (30 %). Жұмысқа орналастырылғаны - 74,5 мың әйел (52 %), оның iшiнде ауылдық жерлерде тұратыны - 21,6 мың (50 %). 79,9 мың жұмыссыз әйел (жалпы санының 59,5 %-ы) қоғамдық жұмыстарға қатыстырылды.
      Қазiргi кезде әйелдер тiркелмейтiн секторда тезiрек жұмыс таба алады. Саудада немесе "өзiн өзi жұмыспен қамтыған халық" деп аталатындардың қатарында негізiнен әйелдер басым, олар үшiн бұл табыс табудың және бүкiл отбасы үшiн күн көрудiң бiрден бiр көзi. Өзiн өзі жұмыспен қамтыған әйелдердiң үлесi әсiресе аграрлық секторда жоғары, онда бұл 60 %-ға жетедi.
      Ерлер мен әйелдер арасында салалық және кәсiптiк жағынан саралану еңбекке ақы төлеу деңгейiндегi айырмашылыққа айтарлықтай ықпал етедi. Саладағы еңбекақының жоғары деңгейi онда ерлердiң жұмыспен қамтылуының артуына және тиiсiнше әйелдердiң еңбекақысы төмен қызмет салаларына ығыстырылуына әкеледi.
      Әйелдердiң орташа айлық жалақысы 2004 жылы 21 мың теңгенi (160 АҚШ долл.) құрады. Әйелдер мен ерлердiң орташа еңбекақысының арақатынасының төмендегені байқалады. Егер 1999 жылы әйелдердiң орташа жалақысы ерлер жалақысының 67,6 %-ын құраса, ал 2004 жылы - 61,7 %-ын құрады. Бұл үрдiс тiптi экономиканың дәстүрлi "әйелдік" болып саналатын салаларында да (денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтiк қызметтер көрсету саласы, мәдениет) сақталып отыр.
      2004 жылы зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң саны 1340,4 мың адамды құрады, соның iшiнде әйелдер - 528,6 мың адам (39,8 %).
      Шағын кәсiпорындарда жалданып жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң iшiнде әйелдердiң үлес салмағы 34 %-ды, әйелдер басқаратын фермерлiк қожалықтардың үлесi 10 %-ды құрайды.
      Табысы ең төменгі күнкөрiс деңгейiнен аз халықтың саны 19,8 %-ды құрайды.

  Күштi жақтары

      Мәнділігі жағынан елдiң экономикалық дамуына құйылатын инвестициялардан кем түспейтiн адами капиталға инвестицияларды мақсатты түрде көбейту перспективадағы экономикалық жаңартудың аса маңызды алғышарты әрi гендерлiк теңдiк қағидаты негiзiнде жүзеге асырылатын ұзақ мерзiмдi стратегиялық жоспарлаудың қажеттi шарты болып табылады.
      Ел басшылығының әйелдерге қатысты кемсiтудiң кез келген нысандарын болдырмау қажеттілiгін түсiнуi.
      Негiзiнен әйелдер жұмыс iстейтiн салаларға Қазақстан Республикасы Үкіметiнiң қолдау көрсете бастауы.
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кәсiпкер әйелдерге арналған кредиттiк желiнi қолдауы.
      Әйелдердiң экономикадағы белсенділігінiң артуы.
      Әйелдердi экономикалық жағынан ілгерілетумен айналысатын әйелдердiң үкiметтік емес ұйымдарын дамыту.

  Осал жақтары

      Ерлер мен әйелдердiң арасындағы ресурстарды бөлудегi бiркелкілiктің болмауы.
      Әйелдер бiрқатар әлеуметтiк, мәдени ерекшелiктер мен дәстүрлерге байланысты ерлерге қарағанда қиынырақ жағдайға тап болды.
      Әйелдердiң кредит алуы қиын, себебi олардың көпшілiгiнің кепiлге салатын мүлкi жоқ.
      Ерлермен салыстырғанда әйелдердiң арасындағы жұмыссыздықтың деңгейi әлдеқайда жоғары болуы және жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату кезiндегі астыртын кемсiтушiлiк.
      Ерлермен салыстырғанда әйелдердiң арасындағы кедейлiктiң деңгейі әлдеқайда жоғары болуы.
      Әйелдерге ақысы төленбейтiн үй жұмысының негiзгi бөлiгi жүктелген, сондықтан мансапқа, білiктiлiгiн жоғарылатуға, өздiгінен бiлiм алуға олардың уақыты аз қалады. Бiздiң қоғам әйелдердiң үйдегi ақысы төленбейтiн еңбегiнiң, соның iшiнде бала күтiмiнiң экономикалық құндылығын осы уақытқа дейін мойындамай келедi.
      Бюджетті жасау кезiнде гендерлiк әдiстiң болмауы.
      Экономикада гендерлiк саясаттың жүзеге асырылуының нәтижелерiн тіркеп отыратын гендерлiк талдау мен гендерлiк көрсеткіштердiң болмауы.

  Мүмкiндiктер

      Әйелдердi экономикалық жағынан iлгерiлету бойынша ел басшылығы қабылдайтын шаралар және осы мәселе бойынша мемлекеттiк саясаттың әзiрленуi.
      Халықаралық ұйымдардың ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкiндiктерге қол жеткiзу үрдiстерін қолдауы.
      Yкiметтiк емес ұйымдардың әйелдердi экономикалық жағынан ілгерiлету мәселелерi жөнiндегi қызметiн жандандыру.
      Әртүрлi келiсiмдер шеңберiнде мамандарды шетелде және ТМД елдерiнде даярлау мүмкiндігі.
      Әйелдердi экономикалық жағынан iлгерілету мәселелерiмен айналысатын ұлттық, өңiрлiк және халықаралық ұйымдармен байланыс орнату.
      Әйелдердiң кредит алудағы мүмкiндiктерiн кеңейту. Жоғары ақы төленетiн өндiрiстiк салаларда құрылатын жаңа машықтар мен мамандықтарға әйелдердi оқытып-үйрету.

  Қатерлер

      Ерлердiң кедей болу қатерi жұмыссыздардың, жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедектердiң арасында жоғары. Әйелдердiң кедей болуына қатысты қатер тобын жалғызбасты аналар, мүгедек әйелдер, асырауында мүгедек балалары бар аналар және жұмыссыз әйелдер құрайды.
      Әйелдердiң осалырақ бәсекелестiк позициялары бiрiншi кезекте олардың аз ақы төленетін салаларда шоғырлануынан көрiнедi. Жұмыс iстейтiн әйелдердiң кедейлiгiн ерлер мен әйелдердiң экономика салалары мен мамандықтар, сондай-ақ позициялар мен лауазымдық саты бойынша бiркелкi бөлiнбеуi тереңдете түседi.
      Бiлiм деңгейiнiң жоғары болуы жұмыс iстейтiн маман әйелдерге мансаптық өсу перспективаларына кепілдiк бермейдi.
      Республика азаматтары қалың көпшiлiгiнде құқықтық сананың болмауы сияқты қарапайым фактiге байланысты ерлер мен әйелдердiң экономикалық құқықтарының iске асырылу тетiктерi жоқ. Дәл осы фактор экономикалық құқықтардың бұзылуы жөнiндегі талаптардың пайда болуы мен оларды қарау мүмкiндiктерiн шектейдi.
      Жұмыспен қамту саласында әйелдерге қатысты кемсiту бойынша зерттеулердiң және ақпараттық науқандардың болмауы.
      Жұмыссыздық жағдайында әйелдер нәпсiлiк қудалану және кемсiту қатеріне көбiрек ұшырауға бейiм, соның iшiнде жұмыс орнында да ұшырайды.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР

      Елде гендерлiк жағына көбiрек бағдар алған, әділеттi әлеуметтiк және экономикалық ахуал құруға бақылау жасауды енгiзу мен күшейту жөнiндегi мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара iс-қимылын күшейту үшiн сектор аралық ынтымақтастықты үйлестiру және дамыту.
      Барлық деңгейлердегi бюджеттердi жасау процесiне гендерлiк әдiсті енгiзу. Мамандарды гендерлiк бюджеттер әзiрлеуге және олардың орындалуын бақылауға үйрету. Гендерлiк теңсiздiктi жеңудiң күтiлетiн салдарлары тұрғысынан шығыстар сметасына талдау жасау.
      Елдiң әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық болжамының гендерлiк құрамасын әзiрлеу. Жүргізілiп жатқан макроэкономикалық саясаттың макроэкономикалық нәтижелерiне ерлер мен әйелдердiң қосқан үлесiн талдау.
      Экономиканың барлық салаларында жұмыспен қамтылудың гендерлiк теңгерiмдiлігінiң мониторингiн жүргiзу. Гендерлік теңдiк қағидаттарының негiзiнде жұмыспен қамтылу деңгейiн жоғарылату. Жұмыссыздық деңгейiн төмендету.
      Жұмыссыздықты азайту және өндiрiстiң ең беделi төмен әрi еңбекақы аз төленетiн салаларында жұмыспен қамтуда басым болып отырған феминизацияға байланысты еңбек нарығындағы гендерлiк ассиметрияны жеңу мүддесiнде экономиканы қайта құрылымдау әдiстерiн оңтайландыру.
      Гендерлiк сараптама (экономикалық, әлеуметтiк және құқықтық) жүргiзу тетiгін әзiрлеу.
      Салалар арасындағы еңбекке ақы төлеу деңгейiн теңдестiру және тең еңбек үшін тең ақы төлеу талаптарын сөзсiз орындай отырып, әйелдер мен epлep арасындағы еңбектiң сипаты мен ақысындағы айырмашылықтарды азайту. Әлеуметтік қайта жаңғырту шеңберiнде ерлер мен әйелдердiң ақы төленбейтiн жұмысының макроэкономикалық салдарларын талдау.
      Еңбек нарығында тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету және әйелдердiң жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу.
      Ауыл әйелдерi үшiн экономикалық ресурстарға қол жеткiзуде тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету жөнiндегі бағдарламаларды қабылдау.
      Халықтың барлық топтарына экономикалық және құқықтық бiлiм беру.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Халықаралық еңбек ұйымының "Ер және әйел еңбекшiлерге тең қарау мен тең мүмкiндiктер туралы: отбасылық мiндеттерi бар еңбеккерлер" және "Әлеуметтiк қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы" Конвенцияларына Қазақстанның қосылуы туралы мәселенi қарау. Мыңжылдықтың даму мақсаттарын орындауға бағытталған:
      оқуға және еңбекке орналасуға қолдау-консультация беру, көмек көрсету жүйесiн қолдана отырып, әйелдердiң еңбек нарығындағы бәсекеге қабiлеттiлiгiн жоғарылатуға;
      әйелдер арасындағы кәсiпкерлiктi және өзiн өзi жұмыспен қамтуды одан әрi дамытуға;
      әйелдердi кәсiби жағынан қайта даярлауға, бизнестi әкiмшiлдендiрудi және басқаруды үйретуге ықпал ететiн iс-шараларды әзiрлеу. Бұл ретте оқыту мынадай тақырыптарға бағытталатын болады: бизнес-менеджмент, өзiне өзi сенiмдiлiктi тәрбиелеу және бiлiктiлiгiн жоғарылату.
      Экономикалық бiлiм беру орталықтарының ауқымды жүйесiн құру, кәсiпкерлiкке қаржылық қолдау көрсету, консультациялық және маркетингтік қызметтердi кеңiнен дамыту жолымен шағын және орта бизнестi дамыту жөнiндегi iс-шараларды жетiлдiру.
      Әйелдердi бизнеске тарту және жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындардың одан әрi дамуына жәрдемдесу жөнiндегі тетiктердi әзiрлеу. Экономикадағы одан арғы қайта құруларды iске асырған кезде әйелдердiң еңбекке деген мұқтаждығын ескеру. Әйелдердiң ауыл шаруашылығында, соның iшiнде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу саласында жұмыспен қамтылуын дамытуға айрықша көңіл бөлу.
      Қызмет бойынша жоғарылатылған кезде гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу жөнiндегi кепiлдiктер жүйесiн құру және табысты мансапты үй iшiндегi мiндеттермен және бала тәрбиелеумен ұштастыру үшiн жағдайлар жасау.
      Бала күтiмiмен және оларды тәрбиелеумен айналысатын әйелдер мен ерлерге қолдау көрсету жөнiндегi шараларды белгiлеу. Ерлердi бала күтiмiне тартудың тетiктерiн әзiрлеу.
      Гендерлiк теңдiк мәселелерiн шешудегi әлеуметтiк серiктестiктiң тетiктерiн күшейту және рөлiн арттыру. Қызметкерлердiң, әкiмшiлiктiң және кәсiподақтардың ерiк бiлдiре алуын қамтамасыз ету үшін еңбек ұжымдарындағы, жұмыс орындарындағы ахуалды талдау мен зерделеу кезiнде қазiргi заманғы әдiстемелердi қолдану: жиналыстар, әйелдер мен ерлердiң тең мүмкiндiктерiн сақтау бойынша ұсыныстарды жинау, өз пiкiрлерi мен ойларын жазбаша түрде көрсету.
      Техникалық мамандықтарға қыздар мен әйелдердi көбiрек оқып-үйрету.
      Гендерлiк аспектілердi ескере отырып:
      еңбек қызметiнiң және бизнестiң өзiнiң "адами капиталға" инвестициялардың iзгілік жағын күшейтуге;
      отбасы институтын нығайтатын отбасылық бизнестi тарату және дамытуға. Еркiн еңбек кестесi мен еңбек бөлiсiнiң жаңа нысандары бар "үйдегi" жұмыс орындарының кең жүйесiн құруға;
      бизнестi басқару саласындағы шешiм қабылдаудың күштiк және әмiрлiк әдiстерiн әлеуметтiк серiктестiктi және өзара көмек рухын дамыта отырып, экономикалық әдiстермен ығыстырып шығаруға бағытталған әлеуметтiк бағдар алған кәсiпкерлiктi дамыту үшiн жағдайлар жасау.
      Экономиканың түрлi салаларындағы және түрлi басқару деңгейлерiндегi гендерлiк теңсiздiктiң себептерiн анықтау бойынша арнайы зерттеулер жүргiзу.
      Жекелеген өңiрлердiң және өндiрiс секторларының гендерлiк ерекшелiктерiн, сондай-ақ кедейлiк мониторингінiң деректерiн ескере отырып, халықтың экономикалық белсенділiгiне болжам жүргiзу.
      Гендерлiк аспектiнi ескере отырып, Қазақстанның экономикасы үшін мамандарға деген мұқтаждықтың болжамдық есебiн жүргiзу.
      Гендерлiк аспектiнi ескере отырып, еңбек режимi мен еңбекті қорғау жөнiндегi заңнамалық және нормативтiк базаны жетiлдiру, жұмыспен қамтудың икемдi нысандарын енгiзу және кеңейту, еңбек жағдайларын жақсарту. Жүктi әйелдер мен балалы әйелдер үшiн ерекше нормалар қабылдау.
      Гендерлiк ерекшелiктi ескере отырып, еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған iс-шараларды iске асыру, олардың жүргiзiлуiн бақылауды қамтамасыз ету.
      Бала күтiмi бойынша демалыста жүрген, жалданып жұмыс iстейтiн әйелдердiң пайдасына мiндеттi зейнетақы жарналарын қаржыландыру мүмкiндiгiн қарастыру.

  Көрсеткiштер:

      1. Халықтың жалпы санындағы жер иеленушi әйелдердiң үлесi;
      2. Кiрiс әкелетiн қызметке кредит алған адамдардың саны, соның iшiнде ерлер, әйелдер, қала-ауыл;
      3. Меншiк иелерi әйелдер болып табылатын тiркелген кәсiпорындардың саны;
      4. IЖӨ-дi қалыптастырудағы еркектер мен әйелдердiң үлесi;
      5. Жұмысқа орналастыру органдарына өтiнiшпен жүгiнген халықтың саны, барлығы, соның iшiнде ерлер, әйелдер;
      6. Өзiн өзi жұмыспен қамтыған ерлер мен әйелдердiң саны;
      7. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiнде жұмыс iстейтiндердiң саны, барлығы, соның iшiнде epлеp, әйелдер;
      8. Eрлер мен әйелдердiң жалақысының қала-ауыл қимасындағы арақатынасы;
      9. Ауылдық жерде жаңадан құрылған жұмыс орындарының саны, барлығы, соның iшiнде ерлер, әйелдер;
      10. Ерлер мен әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың жас шамасы, қала-ауыл қимасындағы деңгейi;
      11. Ерлер мен әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың ұзақтығы;
      12. Азық-түлiк себетiнiң құнынан төмен кiрiс кiретiн халықтың үлесi, барлығы, соның iшiнде ерлер, әйелдер, қала-ауыл;
      13. Кедейлiк шегiнен төмен өмiр сүретін адамдардың саны, барлығы, соның iшiнде ерлер, әйелдер;
      14. Ауыл шаруашылығымен байланысы жоқ еңбек салаларындағы ақы төленетін жұмыс орындарындағы әйелдердiң үлесi;
      15. Әлеуметтiк төлемақылар (жәрдемақылар мен зейнетақылар) алушылардың саны, барлығы, соның iшiнде ерлер, әйелдер;
      16. Бір асыраушысы бар үй шаруашылықтарының жыныс бойынша қимадағы саны.

  4-БӨЛIМ. ГЕНДЕРЛIК БIЛIМ БЕРУ.
ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛIК АҒАРТУ

  МАҚСАТЫ

      Бiлiм беру жүйесiне гендерлік бiлiмдердi енгiзу. Қоғамды ерлер мен әйелдер арасындағы құқықтық және гендерлік теңдiктiң әдiлеттi әлеуметтiк қарым-қатынастың қажеттігін түсiну бойынша ағарту.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      1999 жылғы санақтың деректерi бойынша 15 және одан жоғары жастағы халықтың сауаттылығы 99,5 %-ды құрайды. Бiлiм беруге қол жеткiзе алу индексi 1999 жылғы 0,927-ден 2004 жылғы 0,944 %-ға дейiн өскен.
      Жасы 15-тегі және одан үлкен халықтың жалпы санынан әйелдердiң 33,5 %-ның және ерлердiң 40,0 %-ның жалпы орта білімі, әйелдердiң 24,6 %-ның және ерлердің 19,9 % арнайы орта білiмi бар.
      Жоғары бiлiмi бар әйелдердiң үлесi 13,2 %-ды, ерлердiң үлесi - 12,0 %-ды құрайды.
      6-24 жастағы бiлiм алушыларды оқумен қамтудың (мектептерде, кәсіптік-техникалық мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында) жиынтықты үлесi 2004-2005 оқу жылының бас кезiне қарай 74 %-ды құрады. Әйелдердiң арасында бұл көрсеткiш 75 %, ерлер арасында - 73 % деңгейiнде қалыптасты.
      Тұтастай алғанда, елдiң білiм беру жүйесiнде әйелдер басым. Жалпы орта бiлiм беру ұйымдарында әйел жынысты оқытушылар саны басым (80 %), мектепке дейiнгі ұйымдарда мектеп жасына дейiнгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуды 100 % әйел тәрбиешілер жүзеге асырады.
      Облыстардың, Астана қаласы мен Алматы қаласының бiлiм департаменттерiнiң 16 бастығының 6 әйел (37,5%).
      Бiлiм берудiң барлық сатыларындағы (6 мен 24 жас арасы) әйел жынысты оқушыларды қамту 81,1 %-ды, ер жыныстыларды - 70,9 %-ды құрайды. Жалпы орта бiлiм алмаған бозбалалардың үлесi қыздардың үлесiнен екі есе жоғары.
      Бастапқы кәсіптік бiлiм беру жүйесiнде хатшы-референт, тiгiншi, аспаз, шаштараз және басқа сияқты мамандықтар бойынша 99,8 %-ды қыздар құрайды.
      Жалпы орта білiм беретiн мектептердiң оқулықтарының гендерлiк сараптамасы жүргiзілдi. Балалардың санасында орнығып, қайта жаңғыратын гендерлік ассиметрия анықталды. Ұл балалар мен қыз балалардың ескiрген таптауырын рөлдері меңгеріледi.
      Мектепке дайындық сыныптарына (6-7 жас), 1-4 сыныптарға және жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған гендерлік білiм беру жөнiндегi оқу бағдарламалары әзiрлендi, 2005 жылы олар 5-11 сыныптар үшiн де әзірленетін болады. Мұғалiмдер мен оқушыларға арналған оқу құралдарын әзiрлеу жүрiп жатыp.
      Жоғары білiм жүйесiне гендерлiк әдiстердi енгiзу мақсатында студенттерге арналған "Гендер теориясына кiрiспе" атты оқу-әдiстемелiк жиынтық енгiзiлдi.
      Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының жанынан Әлеуметтiк және гендерлік зерттеулер ғылыми-зертеу институты құрылды.
      Онда педагогикалық мамандықтар бойынша оқып жүрген жоғары оқу орындарының студенттерi үшiн қазақ және орыс тiлдерiнде "Гендерлiк білiм негiздерi" оқу құралы, сондай-ақ бүкiл білiм беру жүйесi үшiн гендерлiк көрсеткiштер әзiрлендi.
      ЮНЕСКО-ның қолдауымен "Барлығына арналған білiм" ұлттық бағдарламасының шеңберiнде гендерлiк бiлiм беру бойынша жоба iске асырылуда.
      Гендерлiк курстар Әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк ұлттық университетiнде (социология, психология, педагогика, тарих, құқық, әлеуметтiк жұмыс, филология бөлiмдерiнде), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетiнде Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық институтында, Қарағанды Өскемен, Орал, Талдықорған, Семей, Қостанай қалаларының университеттерінде және т.б. оқытылады.
      IIМ жүйесінде колледждердiң оқу бағдарламаларына "Iшкi iстер органдарының гендерлік проблемалары мен міндеттерi" тақырыбы бойынша 10 сағаттық факультативтiк сабақтар енгiзілген. Гендерлiк мәселелер "Жедел iздестiру қызметi" және "Қылмыстық құқық" курсын өткiзу кезiнде көрсетiледi.
      Сонымен бірге өткізілiп жатқан барлық iс-шаралар шашыранды сипатқа ие. Халыққа гендерлік бiлiм беру мен құқықтық жағынан ағарту бойынша ойластырылған саясат қажет.

  Күшті жақтары

      Гендерлiк білім беру қоғам өмiрiнiң барлық деңгейлерiнде және барлық салаларында гендерлік теңдік саясатын жүргiзуге ықпал етедi.
      Жалпы білім беретiн оқулықтарға гендерлiк сараптама жүргізiлдi, бағдарламалар мен оқулықтар әзiрленуде, ал жақын арадағы жылдарда олар бiлiм беру жүйесiне енгізiлетiн болады.
      Әйелдердiң бiлiм деңгейi жоғары.
      Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық институтында Әлеуметтiк және гендерлiк зерттеулердiң ғылыми-зертеу институты (2000 жыл), Әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк ұлттық университетiнде Гендерлiк бiлiм беру орталығы (2005 жыл) және басқа да зерттеу орталықтары құрылды. Әлеуметтiк және гуманитарлық бiлiмнiң түрлi салаларында гендерлiк зерттеулер жүргiзіледi.
      Гендерлiк ағарту мәселелерiмен айналысатын әйелдердiң үкiметтiк емес ұйымдары жұмыс iстейдi.
      Әйелдердi саяси және экономикалық жағынан ілгерілету мәселелерi бойынша оқыту жүргiзiледi.

  Осал жақтары

      Қоғамның елеулi бөлiгi гендерлiк ағарту мен гендерлiк бiлiм беру жүйесiнiң маңыздылығы мен қажеттілігін жете түсiнбейдi.
      Арнайы құқықтық бiлiмнiң болмауы ерлер мен әйелдердiң құқықтарын қорғауды толық көлемде жүзеге асыруға мүмкiндiк бермейдi.
      Әйелдерге ақысы төленбейтiн үй жұмысының негiзгi бөлiгі жүктелген, осыған байланысты білiктілігін арттыруға және өздiгінен бiлiм алуға олардың уақыты аз қалады.
      Гендерлiк білiм беру бойынша ауқымды зерттеулер жеткілiктi түрде жүргізiлмейдi.
      Жоғары оқу орындарына арналған гендер бойынша оқулықтар мен оқу құралдары аз шығарылған. Кiтапханаларда олар iс жүзiнде болмайды.

  Мүмкiндiктер

      Ғылыми-зерттеу орталықтарының гендерлiк теңдік проблемаларын зерделеу жөніндегі қызметiн жандандыру негізгі стратегиялық мiндеттердi шешуге ықпал ететiн болады.
      Гендерлiк пәндердi оқыту ерлер мен әйелдер арасындағы тең құқықтылыққа, төзiмдiлiкке, адамның өз қабілеттерiн iске асыруға және жеке басының ерекшелiгiне деген құқықтарын құрметтеушілiкке негізделген қарым-қатынас мәдениетiнiң дамуын жеделдетедi.
      Халықаралық ұйымдар гендерлiк бiлiм беру бағдарламаларын қолдауды жүзеге асырады.
      Әртүрлі келiсiмдердiң шеңберiнде мамандарды гендерлiк білiм беру бойынша шетелдерде және ТМД елдерiнде даярлау мүмкiндiгі бар.
      Гендерлiк білім беру және ерлер мен әйелдердi экономикалық жағынан iлгерiлету мәселелерiмен айналысатын ұлттық, өңiрлiк және халықаралық ұйымдармен байланыстар орнатылуда.
      Yкiметтік емес ұйымдар өздерiнiң гендерлік білiм беру мәселелерi бойынша қызметiн жандандыра түсуде.

  Қатерлер

      Гендерлік ағарту мәселелерiне жеткілiктi түрде назар аудармау демократияның және қоғамның өзiнiң де даму қарқынын төмендетуi мүмкiн.
      Бiлiм деңгейiнiң жоғары болуы жұмыс iстейтiн маман әйелдердiң кәсiптiк және лауазымдық өсу перспективаларына кепілдiк бермейдi.
      Республика азаматтарының қалың көпшiлiгiнiң гендерлiк сауатының деңгейi төмен болуына байланысты ерлер мен әйелдердiң құқықтары жеткілікті түрде iске асырылмайды.
      Азаматтардың өз құқықтарын жеткiлiксiз бiлуi олардың бұзылуы жөнiнде талап-арыз беру мүмкiндiктерiн пайдалануды шектейдi.
      Гендерлік ағарту қажеттілігі туралы ақпараттық науқандардың болмауы қабылданатын шаралардың тиiмділiгiн кемiтедi.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР

      Тиiмдi жұмыс iстейтiн гендерлiк бiлiм беру жүйесiн құру.
      Халықтың барлық топтарына арнап кең ауқымды гендерлiк ағарту iсiн ұйымдастыру үшін жағдайлар жасау.
      Саясаткерлер мен көшбасшылардың - әйелдер мен ерлердің гендерлiк санасын қалыптастыру.
      Ерлер мен әйелдердi саяси және экономикалық жағынан iлгерiлету мәселелepi бойынша оқыту.
      Гендерлiк аспектiнi ескере отырып, адам құқықтары бойынша сауат ашу саласында оқу бағдарламаларын әзiрлеу.
      Қолданыстағы бағдарламаларды мониторингтеу мақсатында гендерлiк теңдiк мәселелерi бойынша зерттеулер жүргiзу.

  IС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Білім беру жүйесiне гендерлiк бiлiмдердi енгiзу, халықты гендерлiк ағартудың тиiмдiлiгi жұмыс iстейтiн жүйесiн құру. Осы мақсаттарда:
      бiлiм берудің барлық деңгейлерiндегi оқу бағдарламаларына гендерлiк құраманы енгiзу. Мектеп жасына дейiнгi бiлiм берудiң, мектептердiң, орта арнайы және жоғары оқу орындарының бiлiм берудiң, бағдарламаларына тиiстi түзетулер жүргiзу;
      педагогтар (мұғалiмдер), бiлiм беру ұйымдарының (мектеп даярлаудың, мектептердiң, жоғары оқу орындарының) оқытушылары үшін оқыту пакетiн әзiрлеу;
      жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары мен оқулықтар гендерлiк сараптама жүргiзу;
      педагогикалық жоғары оқу орындарында гендерлiк бiлiм беру саласындағы мамандар даярлауды ұйымдастыру. Білім беру жүйесiнiң педагогтары (мұғалiмдерi), оқушылары, мамандары үшiн гендер-тренингтер өткiзу;
      жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтардың шеңберiнде гендерлiк білім беру бойынша мамандандыру iсiн ұйымдастыруды ұсыну;
      мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқытудың, жалпы орта, кәсiптiк бiлім берудiң, соның iшiнде жоғары оқу орындарынан кейiн білім берудiң барлық деңгейлерiнiң білім беру бағдарламаларын iске асырып жатқан оқу орындары тәрбиешілерiнiң, мұғалiмдерi мен оқытушыларының гендер саласындағы бiлiктiлiгiн көтеру жобаларына қолдауды кеңейту;
      ата-аналарды гендерлiк ағарту жөнiндегі бағдарламаларды әзiрлеу және енгізу;
      гендерлiк проблемалар бойынша оқу-әдiстемелiк әдебиет пен бейнефильмдер шығару. Гендерлiк бiлiмдердi насихаттау үшiн "Гендерлiк білім беру" ақпараттық бюллетеньдерiн шығаруды ұйымдастыру;
      білім беру саласындағы гендерлiк теңгерiмсiздiк проблемасын шешуге ерлер мен әйелдердiң білім беру iсiнiң барлық деңгейлерiне тең қатысуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн тетiктердi жасау;
      бiлiм берудегі гендерлiк көрсеткiштердi және гендерлiк статистиканы жетілдіру;
      қыз балалар мен әйелдердiң мүмкiндiктерiн кеңейтетiн гендерлiк көрсеткiштердi ескере отырып гендерлiк зерттеулер жүргiзу;
      гранттар мен демеушілiк қаражат есебiнен әлеуметтiк және гендерлiк зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының және гендерлiк проблемалармен айналысатын басқа да институттардың мәртебесiн көтеру және материалдық-техникалық базасын нығайту;
      Республикалық бiлiм беру жүйесiнiң басшы және ғылыми-педагогикалық кадрларының біліктiлiгiн көтеру институтының (БЖ РБЖИ), өңiрлiк БКИ-лардың мұғалiмдердiң гендерлiк білім бойынша бiлiктілiгiн көтеру жөнiндегі курстарды ұйымдастыруы.
      Қызметтің түрлi салаларында мамандар даярлау кезiнде арнайы гендерлiк білім беру курстарын енгізуді ұсыну.
      Барлық деңгейдегi мемлекеттiк қызметшілер, Парламент пен мәслихаттардың депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерi үшiн гендерлiк ағарту жүйесiн құру.
      Саясаткерлердiң, қоғамдық қозғалыс көшбасшыларының, кәсiподақтар өкiлдерiнiң, журналистердiң гендерлiк санасын қалыптастыру мақсатында гендерлiк сезiмталдықты жоғарылату практикасын кеңейту.
      Гендерлiк саясатты жүргізу үшін жауап беретiн не оны iске асыруға тартылған мамандар үшiн арнайы курстар енгiзу.

  Көрсеткiштер:

      1. Білім беру жүйесiндегi басшылық деңгейiндегi ерлер мен әйелдердiң арақатынасы;
      2. Гендерлік сезімталдық оқу бағдарламалары мен курстарының саны;
      3. Орта кәсіптік және жоғары білім беру жүйесiнде ауыл қыздарына арналған арнайы квотаның болуы (ауыл шаруашылығы, медицина, техникалық, құқық, қызмет көрсету саласы, мәдениет);
      4. Жоғары білімдi әйелдердің үлесі;
      5. Ғылыми дәрежесi бар әйелдердiң үлесi;
      6. Ғылымдағы ерлер мен әйелдердiң арақатынасы;
      7. Әлеуетті ведомстволардың бiлiм беру жүйесінде оқып жатқан әйелдердiң үлесі.

  5-БӨЛIМ. ЕРЛЕР МЕН ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҰРПАҚ ӘКЕЛЕТIН
ДЕНСАУЛЫҒЫН НЫҒАЙТУ

  МАҚСАТЫ

      Халықтың қалыпты өсіп-өнуін қамтамасыз ету және өмiр сүру сапасын жоғарылату үшін ерлердің, әйелдер мен жасөспiрiмдердiң ұрпақ әкелетiн денсаулығын сақтау және нығайту.

  ЖАҒДАЙДЫ TАЛДАУ

      Соңғы жылдары Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруының нәтижесiнде бiрқатар медициналық-демографиялық оң өзгерiстер болды.
      Бала тууының өсу үрдісі байқалды. 2004 жылы бала туу көрсеткiшi 1000 адамға шаққанда 18,1-дi құрады және 2000 жылмен салыстырғанда 1,2 есе көбейді. Халық санының табиғи түрде өсуi 1,7 есе артты, көрсеткiш 2004 жылы 1000 адамға шаққанда 8,05-ды құрады.
      Сонымен бiрге халық арасындағы қайтыс болудың өсуi байқалады. 2004 жылы көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 10,2 оқиғаны құрады (1999 жылы 10,1), соның iшiнде әйелдер - 8,5, еркектер - 11,9. Қайтыс болу себептерінің құрылымында 84 %-ы қан айналысы жүйесiнiң ауруларына, жазатайым жағдайларға, жарақаттар мен улану жағдайларына, iсiк аурулары мен тыныс жолдарының ауруларына келедi.
      Нәрестелердiң шетiнеуi көрсеткiшiнiң төмендегені байқалады, бiрақ Еуропаның елдерiмен салыстырғанда жоғары болып қалуда және 2004 жылдың бас кезіне тiрi туған 1000 нәрестеге шаққанда 14,5 оқиғаны құрайды.
      Аналар арасындағы қайтыс болу көрсеткiшiнiң 2000 жылғы 60,9-дан 2004 жылғы 100 мың тiрi туған нәрестеге шаққанда 36,9 оқиғаға дейiн төмендегені байқалады. Алайда бұл Еуропалық қоғамдастықтағы орташа деңгейге қарағанда 4 есе жоғары және Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының айқындамасы бойынша шекті деңгейден 3 есе жоғары.
      Туберкулез, АҚТҚ/ЖҚТБ, нашақорлық маскүнемдік сияқты бірқатар әлеуметтік мәнi бар және қатерлі аурулардың көрсеткiштерi жоғары болып қалып отыр.
      Белсендi туберкулезбен ауыру әйелдердiң арасында 2004 жылы 100 мың адамға шаққанда 130,3, ерлердiң арасында 178,8 оқиғаны құрады.
      Жыныстық жолмен берiлетiн аурулар күрделi проблема болып табылады. Мерезбен ауыру 2004 жылы 100 мың адамға шаққанда 79,3 оқиғаны құрады, соның iшiнде әйелдердiң арасында - 78,1, ерлердiң арасында - 79,8, гонококк жұқпасымен ауыру 100 мың адамға шаққанда 76,2 оқиғаны құрады.
      Наркологиялық бұзылулармен бастапқы сырқаттанушылық көбейдi. 2000 жылғы 294,9 оқиғамен салыстырғанда ол 2004 жылы 100 мың адамға шаққанда 404,1 оқиғаны құрады.
      Есiрткiге тәуелділікпен есепте 50 мыңнан астам адам тұрады. Есiрткiнi терiс пайдаланатын әйелдер санының арту үрдісі байқалады. Мысалы, егер 2000 жылы есепте 3,8 мың әйел тұрған болса, ал 2004 жылы - 5 мыңнан астам әйел тұрды.
      Республикада АҚТҚ жұқпасы бар 4696 адам, соның iшiнде - 874 әйел тiркелген. Соңғыларының арасында 229 жүкті әйел бар, оның 89-ы босанды, 91 нәресте туылды.
      Анемиямен ауыру өзектi проблема болып отыр. 2004 жылы диспансерлік есепте тұратын, анемиямен ауыратын науқастардың саны 296,8 мың адамды құрады, олардың iшiнде жартысы (52,4 %) - 14 жасқа дейiнгі балалар.
      Анемиямен және Орталық Азияда кең таралған йод жетiспеу дерттерiмен ауырудың алдын алу және санын азайту үшiн қазiргi уақытта елде ас тұзын йодтандыру және ұнды темiр препараттарымен және витаминдермен күшейту жүргізiлуде.
      Қатерлi iсiктермен сырқаттардың да өсу үрдiсi бар. 2004 жылы 2000 жылмен салыстырғанда оның көрсеткiшi ерлер арасында - 4,2 %-ға, әйелдер арасында - 9,2 %-ға көбейдi. 2004 жылдың соңына қарай eceпте тұратын науқастардың саны барлығы 114628 адамды құрады.
      Осы аурулардың барлығы еркектер мен әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығына әсерiн тигiзедi. Ұрпақ әкелу, денсаулығын сақтау, отбасын жоспарлау, контрацептивтер қолдану және т.б. бойынша iске асырылып жатқан іс-шаралар жағдайдың жақсаруына әзiрге елеулi әсер етiп жатқан жоқ.
      Соңғы үш жылдың iшiнде халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған бiрқатар заңдар қабылданды. Олардың iшiнде "Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдiктерi туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы бар.
      Қазiргi кезде ерлердiң денсаулығы едәуір өзектi әлеуметтiк проблема болып табылады. Олар үшiн еңбекке қабiлеттi жаста (16-62 жас) қайтыс болу тән - 100 мың адамға шаққанда 957,23 жағдай, әйелдерде (16-57 жас) бұл көрсеткiш 3 есе төмен - 313,37.
      Мұның себебi стресстер, жүйке тозуы, қатты ширыққан жұмыс ырғағы, жүрек-қантамыры аурулары, атеросклероз, өкпе рагi, ішімдік пен есiрткiнi пайдалану, жарақаттанудың жоғары деңгейi және басқалар болып табылады.
      Ерлердiң ұрпақ әкелу денсаулығына жыныстық жолмен берілетін аурулар, қуық безi мен ұрық арқауының аурулары, бедеулік және басқалары әсер етедi.
      Әйелдердiң денсаулығы аса үлкен алаңдаушылық тудырады. Олардың денсаулығының индексi 20-30 %-ды, жекелеген аймақтарда - 10 %-ды және одан да төмен көрсеткiштi құрайды.
      Әйелдерде көбінесе гипертония, невроздар байқалады, олар жыныстық жолмен берілетiн аурулардан, бедеулiктен, сүт безi рагiнен, остеопороздан және басқа аурулардан көбiрек зардап шегедi. Әйелдердiң 60 %-дан астамы анемиядан зардап шегедi.
      Аборт аналардың өлiмiнiң басты себептерiнiң бiрi болып қалып отыр. Аборттан туындаған асқынулар 2004 жыл iшiнде 1826 оқиғаны, аборттан қайтыс болу - 1,2 промилленi құрады.
      Аборттардың саны 2004 жылы 2000 жылмен салыстырғанда бала туатын жастағы 1000 әйелге шаққандағы 30,9-дан 30,3-ке дейін шамалы ғана төмендедi. Аборттардың ең көп саны 19-34 жас тобында (75 %), жасөспiрiмдерде (15-18 жас) - 4,9 % тіркелген.
      Бала туатын жастағы әйелдердiң 38,3 %-ы контрацепцияның қандай да бiр түрлерiн қолданады. Контрацепцияның негiзгi әдiсi жатыр iшiне салынатын спираль болып қалып отыр - 62,5 %.
      Некелердiң шамамен 16 %-ы бедеу болып табылады, бұл үшiн ерлер де, әйелдер де тең дәрежеде жауапты. Қазiргi кезде бедеулiктi емдеудiң жаңа бағыты - ұрпақ әкелетiн көмекшi технологиялар қалыптастырылды, оларды ел халқының өсіп-өнуін жақсарту үшін дамыту қажет.
      Сүт безiнiң қатерлi iсiгiмен әйелдердiң сырқаттануы 2000 жылғы 100 мың әйелге шаққандағы 33,9-дан 2004 жылы 38,9-ға дейiн көбейдi. Олардың үлесiне әйелдердiң ұрпақ әкелу жүйесiнiң онкологиялық ауруларының жартысынан астамы келеді.
      Жасөспiрімдердiң денсаулық жағдайына жасалған талдау жасөспірім қыздардың денсаулық индексiнiң деңгейi төмен екенін куәландырады, олардың әрбiр екіншісінің дерлiк (46,9 %) қандай да бір аурулары бар. Гинекологиялық паталогия тексерілген 100 мың қыз балаға шаққанда 1466 қызда байқалды. Олардың жартысынан астамының ұрпақ әкелу жүйесiнде дисфункционалдық ахуал бар.
      Жасөспірiмдер арасындағы аборттардың үлестiк салмағы 2004 жылғы деректер бойынша 5 %-ды, жасөспiрiмдердiң жүктiлiгiнiң көрсеткiшi 1000 қыз балаға шаққанда 22,9-ды құрады. Басты себептерi - хабардар болуының нашарлығы, зиянды әдеттер, ата-аналардың төмен жауапкершілігi, жастар арасында есiрткi құмарлық пен маскүнемдiктiң таралуы.

  Күштi жақтары

      "Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы қабылданды.
      Денсаулық сақтау жүйесiнде жұмыс iстеп тұрған медициналық мекемелердiң базасында ерлердiң денсаулығын қорғау жүйесiн құру үшін мүмкiндiктер бар.
      Ерлердiң өздерiнiң ұрпақ әкелу денсаулығын ұзартуға, неғұрылым биік деңгейдегi өмiр сүру сапасына қол жеткiзуге деген ынтасы.
      Әйелдердiң денсаулығын қорғау бойынша қызметтер көрсететін медициналық ұйымдардың, әйелдер консультацияларының жүйесi дамыған.
      Әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығының мәселелерiмен айналысатын үкiметтiк емес ұйымдар құрылған.
      Қоғам жасөспiрiмдердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау бойынша кейiнге қалдыруға болмайтын шараларды қабылдау қажеттігін түсiндi:
      "Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы" Қазақстан Республикасының  Заңында кәмелетке толмағандардың ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау туралы бап бар;
      Осы Заңға сәйкес жасөспiрiмдердi отбасылық өмiрге дайындау Білiм және ғылым министрлiгiнiң мiндетiне енгiзілген.

  Осал жақтары

      Ерлердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау бойынша мақсатты түрде бағытталған саясат жоқ:
      ерлер дәрiгерге сирек қаралады, сирек тексерiледi, профилактикалық шараларды елеусiз қалдырады, және соның салдарынан аз өмiр сүредi;
      денсаулық сақтау органдары ерлердiң денсаулығын сақтауға aз назар аударады;
      денсаулық сақтау жүйесiнде ерлерге арналған арнайы инфрақұрылымдар құрылмаған;
      денсаулық сақтау мәселелерi бойынша ерлердiң хабардар етілуi төмен.
      Әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау жөнiндегi тиiмдi тетіктері жеткіліксiз:
      әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау бойынша ақпараттық науқандар өткiзілмейдi;
      әйелдердiң, әсiресе жүкті әйелдердiң тамақтануы жеткiлiксiз;
      неғұрлым сапалы ем алу үшiн әйелдердiң ресурстары мен қаржы қаражаты жеткiлiксiз.
      Жасөспiрiмдер ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау мен білiктi көмек алу мәселелерi жөнiнде аз хабардар етiлген. Бұл бағыттағы мақсатты жұмыс жеткілiктi дәрежеде ұйымдастырылмаған.

  Мүмкіндiктер

      Ұрпақ әкелу денсаулығының проблемаларын шешуге барлық жұртшылықты, денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерiн және т.б. тарту.
      Қоғамдық денсаулық сақтауды пайдаланудың кең мүмкiндiктерi.
      Ел басшылығының ерлер мен әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығын жақсарту қажеттiлiгiн түсiнуi.
      Халықаралық ұйымдардың ерлер мен әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтауға қолдау көрсетуi.
      Әртүрлi келiсiмдердiң шеңберiнде мамандарды шетелдерде және ТМД елдерінде даярлау мүмкiндiгi.
      Ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау мәселелерiмен айналысатын ұлттық, өңірлік және халықаралық ұйымдармен байланыстар орнату.
      Ерлер мен әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау жөнiндегi үкiметтік емес ұйымдардың қызметiн жандандыру.

  Қатерлер

      Ерлер денсаулығының дағдарыс ахуалы сақталуда:
      еркектердiң мерзiмiнен бұрын қайтыс болуының жоғары деңгейi;
      еркектердiң есiрткi қолдануға және iшiмдiк iшуге бейiмдiгi;
      еркектердiң өзiне өзi қол салу жағдайларының көбеюi. Еркектер мен әйелдердiң өзіне өзi қол салу жағдайларының арақатынасы 3 : 1-дi құрайды;
      еркектер әйелдерге қарағанда денсаулық пен өмiр cүpу үшiн жоғары қатерi бар жұмыстарда көбiрек iстейдi.
      Гестоздармен, акушерлiк қан кетулермен, септикалық асқынулармен қатар аборттардың жоғары деңгейi, аналар өлiмiне, бедеулігіне себеп болады.
      Жүктi әйелдердiң денсаулығының төмен индексi жүктілiк пен босанудың күрделілігiне әкеледi.
      Балалардың денсаулығына ата-аналарының маскүнемдiгi мен нашақорлығы терiс әсер етедi.
      Балаларға мерез бен АҚТҚ жұқпасы тiкелей берiлуi мүмкiн.
      Жасөспiрiмдердiң денсаулығы алаңдаушылық туғызады. Жастардың елеулi бөлігі әскери қызметке жарамсыз деп танылады.
      Жастардың арасында нашақорлық пен iшiмдiк iшу кең таралған.
      Елдiң бiрқатар өңiрлерiндегi қолайсыз экологиялық ахуал халықтың ұрпақ әкелу денсаулығының жағдайына керi әсерiн тигiзедi.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР

      Ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау саласындағы нормативтiк-құқықтық базаны одан әрi жетілдiру.
      Халықтың ұрпақ әкелу денсаулығына әсер ететiн аурулардың деңгейiн төмендету.
      Жасөспiрiмдер мен жастардың ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау бойынша шаралар кешенiн қабылдау.

  IС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      "Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге acыpу кепiлдiктерi туралы" Қазақстан Республикасының  Заңын iске асыру мақсатында халықтың ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау бойынша шаралар қабылдау.
      Жоғары тәуекел топтарын қазiргі заманғы контрацепция құралдарымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау.
      Сенiм телефондары, дағдарыстық орталықтар желiсiн, психиатр дәрiгерлердiң, психологтардың, психотерапевтер мен әлеуметтiк қызметкерлердiң қызметiн дамытуды қоса алғанда, өзiн өзi өлтiру жайттарының алдын алу жөнiнде шаралар қабылдау.
      Халықтың арасында еркектердiң де, сондай-ақ әйелдердiң де контрацепциясының қазiргі заманғы құралдары саласындағы білімiн арттыру бойынша ақпараттық жұмыс жүргiзу.
      Еркектердiң өз денсаулығын сақтау бойынша жауапкершілігін көтеру, ерлер денсаулығының түрлi мәселелерi бойынша тегiн ақпарат беру, отбасылық мәселелер бойынша консультация берудi қамтамасыз ету.
      Ана мен баланы қорғау саласындағы нормативтiк-құқықтық базаны жетілдiру, аталған қызметтiң басымдығын қамтамасыз ету және қаржыландырылуын жақсарту.
      Әйелдердiң денсаулық индексiн жоғарылату мақсатында:
      анемиямен, сүт бездерi рагімен ауыруды азайту;
      жұмыс iстеп тұрған онкологиялық диспансерлердiң базасында сүт бездерiнiң рагын ертерек анықтауға (скрининг) арналған орталықтар құру;
      отбасыны жоспарлау және аборттар деңгейiн төмендету бойынша шаралар кешенiн жүзеге асыру;
      жыныстық өмiр мен бала туу, ана болудың қауiпсiздiгi және емшек емiзу, тамақтану, психоактивті заттарды терiс пайдалану, өздерiнiң денсаулығына және аман-есен болуына барлық ғұмыры бойында әсер етуi мүмкiн қолайсыз экологиялық факторлар мәселелерi бойынша ағартуға халықтың қол жеткiзе алуын қамтамасыз ету;
      ұрпақ әкелу функцияларын қалпына келтiру әдiстерiн әзiрлеу мен енгiзу және осы салада зерттеулер жүргiзу; сүт безiнiң рагы, жыныс жолдарының жұқпасы, жыныс аурулары, АҚТҚ/ЖҚТБ сияқты, денсаулыққа айрықша күрделi немесе өзiндiк түрде әсер ететiн аурулардың биомедициналық, эпидемиологиялық және санитарлық-гигиеналық жақтарын зерделеу сияқты әдiстердiң енгiзiлуiн нормативтiк құқықтық қолдауды қамтамасыз ету;
      ерлер мен әйелдердiң бедеулiгiнiң алдын алуды (ерте бала жасынан бастап) жүргiзу және емдеу бойынша шаралар қабылдау;
      ДДҰ ұсынған тiрi туылу өлшемдерiне көшудi қамтамасыз ету;
      жүктi әйелдердi қосымша тамақтандыруға, сондай-ақ балаларды мектепте тамақтандыруға қол жеткiзу;
      егде адамдардың белсендi өмiрiн ұзарту үшiн олардың денсаулығын сақтау бойынша шаралар қабылдау.
      Жарақат алу мен уланудың алдын алуға, зиянды әдеттерге қарсы күреске бағытталған шараларды жетiлдiре отырып, сондай-aқ дене шынықтыру мен спортты дамыту, бос уақытты ұйымдастыру жолымен жасөспiрiмдер мен жастардың денсаулығын нығайту;
      жасөспiрiмдер мен жастардың ұрпақ әкелу денсаулығы құқықтары туралы білімiн көтеру;
      ұрпақ әкелу денсаулығына әсер ететiн аурулардың деңгейiн төмендетуге ұмтылу;
      қалаусыз жүктiлiктi, аборттардың таралуын азайту мақсатында жасөспiрiмдер мен жастарды адамгершілік және жыныстық жағынан тәрбиелеудi iске асыру, білім деңгейiн жоғарылатуға ықпал ету;
      медициналық-әлеуметтiк көмек көрсету үлгiлерiн қалыптастыру, көмекке мұқтаж жасөспiрiмдер мен жастарды әлеуметтiк жағынан оңалтуды жүргiзу.

  Көрсеткiштер:

      1. Ерлер мен әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығына әсер ететiн аурулардың деңгейi;
      2. Ерлер мен әйелдердiң өмiрiнiң ұзақтығын арттыру;
      3. Әйелдердiң денсаулық индексi;
      4. Аналар өлiмiнiң деңгейi;
      5. Аналар өлiмiнiң құрылымы;
      6. Жүктi әйелдер арасындағы АҚТҚ таралуының деңгейi;
      7. Аборттардың таралу деңгейi;
      8. Бала туу мекемелерiне уақтылы есепке тұрған жүктi әйелдерінің үлесi;
      9. Мамандандырылған бала туу мекемелерiнде, өзге де медициналық мекемелерде оның iшiнде үйде (бөлек көрсету) қабылданған босану үлесi.
      10. Контрацептивтердi пайдалану деңгейi;
      11. Анемиямен, сондай-ақ йод тапшылығына байланысты аурулармен сырқаттану деңгейi;
      12. ЖЖБИ таралуының деңгейi;
      13. Сүт безi рагынан болған қайтыс болу деңгейi;
      14. 5 жасқа дейiнгi жастағы балалар өлiмiнiң деңгейi;
      15. Нәресте жастағы өлiм деңгейi.

  6-БӨЛIМ. ҚОҒАМДАҒЫ ЖЫНЫС НЫШАНЫНА HEГІЗДЕЛГЕH
ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ

  МАҚСАТЫ

      Адамдардың зорлық-зомбылықсыз лайықты өмiр сүруi үшiн жағдайлар жасау. Адамдар арасындағы қарым-қатынас нысаны ретiндегі зорлық-зомбылыққа жол бермеу. Зорлық-зомбылықтың барлық көрiнiстерiн барлық әлеуметтiк салаларда, соның iшiнде отбасында түбiрiнен жою.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      2004 жылы 143 мың қылмыс, соның iшiнде әйелдерге қатысты 35 мыңнан астам қылмыс тiркелген. Оның iшiнде 551 кiсi өлтiру, денсаулыққа қасақана ауыр нұқсан келтiрудiң 405 оқиғасы, 1,3 мың әйел зорлау, 1,1 мың ұрып-соғу мен азаптау жайттары. Зинақорлық пен жеңгетайлық жасауға арналған орындарды ұйымдастыру мен ұстауға байланысты 357 қылмыс жасалған.
      Кейбiр сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанда барлық әйелдердiң 60 %-ынан астамы өмiрiнде ең болмағанда бір рет тәни немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Әйел зорлау оқиғаларының 10 %-ынан кемi сотта қарауға дейiн жеткiзіледi. Тұрмыстағы әйелдердiң 28 %-ы өз жұбайлары тарапынан болған зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 19 ақпандағы тапсырмасына сәйкес Iшкi iстер министрлiгiнiң құрылымында әйелдердi зорлық-зомбылықтан қорғау жөнiндегi бөлiмше құрылды, ол Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарының қоғамдық қауiпсiздiк полициясының құрылымдық бiрлiгi болып табылады.
      Елдiң барлық дерлiк өңiрлерiнде әйелдер мен балаларға арналған 38 дағдарыстық орталық ашылды. Олар негiзiнен халықаралық ұйымдардың гранттары есебiнен ұсталады.
      2004 жылы дағдарыстық орталықтардың сенiм телефондарына 27 мыңнан астам қоңырау түстi. Қоңыраулардың басым бөлiгі тәни (23 %) және психологиялық (17 %) зорлық-зомбылыққа байланысты болды. Көмек сұрағандардың барлығына консультациялық көмек көрсетiлдi, олардың жартысынан астамы - психологтар мен заңгерлердің көмегі.
      2001-2003 жылдары ЮНИФЕМ-мен бiрлесiп отырып, "Зорлық-зомбылықсыз өмiр - бұл бiздiң құқығымыз" атты ірі ақпараттық науқан өткізілді.
      Алғаш рет әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тақырыбына Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты тартылды. Осы мәселелер бойынша сот тәжiрибесiн жақсарту жөнiнде нақты ұсынымдар қабылданды.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 12 наурыздағы N 346  қаулысымен Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және қоғамдық бiрлестiктердiң өзара iс-қимылын ұйымдастыру ережесi бекiтiлдi.
      "Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзiрлендi. Ол тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғалуға тиiс адамдардың тобын және зардап шеккендерге көмек көрсетуге тиiс ұйымдарды айқындайды. Зорлық-зомбылықтың одан әрі жолын кесу мақсатында сот практикасына күзеттік ордерлердi енгiзу көзделіп отыр. Заң жобасы елдiң барлық дерлік өңiрлерiнде талқылаудан өтті және Үкiметтiң 2007 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының перспективалық  жоспарына енгiзiлдi.
      "Кейбiр заңнамалық актiлерге заңсыз  көші-қон мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы", "Қазақстан Республикасының  Қылмыстық кодексіне толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды, "Қазақстан Республикасындағы туристiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгiзілдi. Ендi адамдарды Қазақстанның шегiнен тысқары жерлерге заңсыз әкету немесе олардың заңсыз транзиті мүлiктi тәркілей отырып, 3 жылдан 8 жылға дейiн бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаға тартылуға тиiс қылмыс болып саналады.
      Көшi-қон жөнiндегi халықаралық ұйыммен бiрлесiп "Әйелдер трафигінiң алдын алу бойынша ақпараттық науқан" және "Қазақстаннан, Қазақстанда, ол арқылы және оның iшiнде адамдардың саудасына (трафигiне) қарсы күрес" жобалары iске асырылды.
      Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанында Адамдары заңсыз әкетуге, әкелуге және саудалауға қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия жұмыс iстейдi. Адамды сатуға қарсы күрес, қылмысты болдырмау және оның алдын алу жөнiндегi 2004-2005 жылдарға арналған ұлттық  жоспар әзiрлендi.
      2004 жылғы қарашада Қазақстан Адамдарды сатуға және үшiншi тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы  Конвенцияға және аталған Конвенцияға қорытынды хаттамаға қол қойды.
      Адамдарды жыныстық немесе басқа жолмен пайдалану үшiн заңсыз тарту (трафик) фактілері бойынша 1999 жылы - 8, 2000 жылы - 3, 2001 жылы - 5, 2002 жылы - 0, 2003 жылы - 4, 2004 жылы - 14 қылмыс тiркелген.

  Күштi жақтары

      Гендерлiк теңдiк мәселелерi бойынша қоғамда оңды өзгерiстер байқалады, бұл әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбiрiнен жою үшiн басты факторлардың бiрi болып табылады.
      Ерлер мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейi туралы ақпарат беретiн статистикалық ақпарат алудың тетігі жолға қойылған.
      Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы ақпараттық деректер қоры құрылып, қалыптастырылуда.
      Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын мемлекеттiк органдардың, ұйымдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң өзара іс-қимылының тетігі жолға қойылған және оның нормативтiк базасы бар.
      Коммерциялық жыныс қатынасы және жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатер келтiру мәселесiне қоғамның назары аударылды.
      Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияның көмегiмен және БҰҰ Балалар Қорының (ЮНИСЕФ) техникалық қолдау көрсетуiмен Әлеуметтiк-психологиялық қызметтiң ғылыми-тәжiрибелiк орталығы "Балалар мен жастарды зорлық-зомбылықсыз мiнез-құлыққа үйрету" жобасын iске асырды. 5-10 сынып оқушылары үшiн оқу бағдарламасы, жоспар және оқу-әдiстемелiк жиынтық әзiрлендi. Пысықталғаннан кейiн оларды білiм беру жүйесiне енгiзу бойынша шаралар қабылданатын болады.

  Осал жақтары

      Көтерілiп отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесi ойдан шығарылған, отбасы - бұл қоғамның қол сұғылмауға тиiс ұяшығы, сондықтан оның iшкi iстерiне араласуға жол берiлмеуге тиiс деген қалыптасқан таптауырын бар. Үй iшiндегi зорлық-зомбылық құрбандарының жартысы моральдық тұрғыдағы мiнеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағынбайды.
      Iшкi iстер органдарының әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын бөлiмшелерi техникалық жағынан әлсiз жарақталған, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерге нақты көмек көрсету үшiн жеткiлiктi мүмкiндiктерi жоқ.
      Әйелдер трафигi елеулi әлеуметтiк құбылысқа айналуда. Сонымен қатар, оның ауқымы, нысандары мен түрлерi туралы ақпарат сөзсiз жеткілiксiз.
      Трафиктiң құрбандары әдетте визасыз және төлқұжатсыз қалады да, заңсыз мигранттарға айналады. Бұл өмiр сүру мен жұмыс iстеудiң құқыққа қарсы жағдайларына қарамастан, олардың құқық қорғау органдарымен байланыс жасауды қаламауына әкеледi.

  Мүмкiндiктер

      Мемлекеттiк бағдарлама жасау және билiктiң барлық деңгейлерi мен барлық бөлiмшелерiн зорлық-зомбылық көрiнiстерiне қарсы күреске қосу.
      Қоғамдық бiрлестіктердi жандандыру және бастамашылық топтардың кең шеңберiн зорлық-зомбылықты болдырмау мен түбiрiнен жою жүйесiне тарту.
      Зорлық-зомбылық нышандары бар қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін қылмыстық және әкiмшiлiк жауапкершілiктi көздейтiн заңнаманы жетiлдiру, оны халықаралық нормаларға сәйкес келтiру.
      Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға арналған дағдарыстық орталықтар мен баспаналар жүйесiн дамыту. Перспективада олар отбасы мен балаларға әлеуметтiк қызмет көрсетудiң барлық мекемелерi үшiн әдiстемелiк және ақпараттық базаға айнала алады.
      "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актілерiне адамдар саудасына қарсы түру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" және "Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдау.
      БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы  конвенциясын бекiту.
      Оқып-үйрету және зорлық-зомбылықты ерте, бастапқы сатысында анықтау жолымен үйдегі зорлық-зомбылықты болдырмау және алдын алу.

  Қатерлер

      Адами қарым-қатынастар жүйесiнде базалық бола отырып және еркектердiң артық "жаратылғаны" туралы түсiнiкке негiзделген кез келген зорлық-зомбылық көрiнiстерi үшін негiз ретiнде әрекет ете отырып, гендерлiк ассиметрия қажетсiз нысандарға ие болуы мүмкiн. Бұдан басқа ол зорлық-зомбылық көрiнiстерiне тап болған тұлғаның бұзылуына әкеледi.
      Зорлық-зомбылықтың салдарлары өмiрдiң барлық қырларына әсер етедi. Бұл әлеуметтiк оқшаулыққа және қоғамға қарсы мiнез-құлыққа, экономикалық мүмкiндiктердiң шектелуiне, саяси, қоғамдық немесе білім беру қызметiне қатысуға деген құлықтың болмауына әкелуi мүмкiн. Зорлық-зомбылық тұлғаның және қоғам өмiрiнiң барлық қырларына терiс әсерiн тигiзедi. Ол оны көзiмен көрген балаларға күштi ықпал етедi. Зорлық-зомбылыққа шыдамдылықпен қарау және оны жасау - бұл тек келiсілген және мақсатқа бағытталған iс-қимылдар арқылы ғана үзуге болатын шеңбер.
      Кең таралған таптауырындардың салдарынан еркектер өздерiнің зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы сирек айтады. Олар "eр-азаматқа тән төзiмділiк" танытуға тиiс деп саналады.
      Отбасындағы зорлық-зомбылық - ерлер мен әйелдердiң өзiн өзi өлтiруiнiң, кiсi өлтiру мен ауырлығы орташа дене зақымдарының себептерiнiң бiрi, сондай-ақ балалардың, жасөспірiмдер мен жастардың арасындағы қылмыстың басты себептерiнiң бiрi.
      Трафиктiң құрбандарына қатысты адам құқықтары, соның iшiнде өмiр сүруге, жеке бостандығына заң алдындағы теңдiкке, жүрiп-тұру мен некеге тұру бостандығына, босқа тұтқындалудан және ұсталудан қорғалуға деген құқығы жиi бұзылады.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР

      Зорлық-зомбылықты және жезөкшелiкпен адамдарды саудалауға байланысты қылмыстарды болдырмау жөнiндегi ұлттық заңнаманы одан әрi жетілдiру.
      Ерлер мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестi күшейту және оны айтарлықтай төмендетуге қол жеткiзу.
      Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына нақты көмек көрсететiн, уақытша баспана берiп, материалдық қолдау жасайтын әлеуметтiк қызметтердi дамыту. Зорлық-зомбылық құрбандарын еңбекпен емдеу және еңбекпен оңалту.
      Зорлық-зомбылықтың барлық көріністерінің қауіптілігі туралы халықты ағарту бойынша ақпараттық науқандар өткiзу.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық түрлерiн жою туралы  конвенциясының ережелерiн сот практикасында қолдану.
      БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы  конвенциясын және оның екi хаттамасын бекiту.
      Отбасындағы зорлық-зомбылықты қылмыс ретiнде қарастыратын "Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау.
      Қазақстан Республикасының заңнамасына шет елдердегі және елдiң iшiндегi трафиктiң құрбандарын, соның iшiнде трафикшілерге қарсы сот процестерiне куәгерлiк жасайтындарын қорғау мәселелерi бойынша тиiстi өзгерiстер енгiзу.
      Құлдыққа, мәжбүрлеп еңбек етуге немесе құлдыққа ұқсас жағдайларға тарту мақсатында адамдарды (соның iшiнде әйелдер мен балаларды) елден заңсыз әкетуге қарсы күрес жөнiндегi ұлттық үйлестiру орталығын құру мүмкiндігін қарастыру.
      Қазақстаннан және ТМД елдерiнен келген трафик құрбандарының шетелде болуының мән-жайы анықталғанға дейiн оларды орналастыра тұру үшiн мемлекеттік шекара арқылы өткiзу пункттерiнде оңалту орталықтарын құру мәселелерiн қарастыру.
      Үй iшiндегi зорлық-зомбылықты жасағаны үшiн кiнәлi адамдарға шара қолдану жөнiнде iс жүргiзу әрекеттерiн оңайлату бойынша шаралар қабылдау.
      Зорлық-зомбылықтың алдын алумен және жолын кесумен айналысатын Iшкi iстер министрлігі құрылымдық бөлiмшелерiн нығайту.
      Қолдау көрсетуге, зорлық-зомбылықтан қорғауға, оңалтуға және уақытша баспана берiлуiне мұқтаж әйелдерге тұрақты қамқорлық жасауды жүзеге асыру.
      Ерлер мен әйелдерге олардың өмiрдегі күрделi жағдайларды жеңiп шығу жөнiндегі жеке мүмкiндiктерi мен iшкi ресурстарын жұмылдыра білу проблемаларын шешуге психологиялық қолдау көрсету.
      Зорлық-зомбылықты, соның iшiнде трафиктi болдырмау проблемаларымен байланысты ақпараттық-насихаттау және білім беру жұмысын (оқып-үйрету бағдарламалары, буклеттер мен бюллетеньдер шығару) жүргiзу.
      Зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық тәжiрибесiн таратуға жәрдемдесу. Әйелдердiң саяси және құқықтық мәдениетiне жеке және корпоративтік тұрғыдан өзiне өзi баға беруiн көтеру жолымен зорлық-зомбылықты түбiрiмен жоюға өздерiнiң қатыстылығын түсiнуiне жәрдемдесу.
      Үкiметтік емес ұйымдармен бiрлесiп құқық қорғау және әдiлет органдарында жұмыс iстейтiн мамандарды, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметкерлерiн гендерлiк оқытуды тұрақты түрде жүргiзу.
      Әлеуметтiк мәнi бар жобаларға берiлетiн мемлекеттiк гранттар есебiнен дағдарыстық орталықтарға қолдау көрсету.
      Ерлерге, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық проблемалары, отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың салдарларын бағалау, нәпсілік тұрғыдан соңына түсу бойынша арнайы ғылыми зерттеулер жүргiзу.
      Зорлық-зомбылық фактілерiнiң алдын алу мақсатында жайсыз отбасыларымен және халықтың ықтимал контингентiмен алдын алу жұмысын жүргізу.
      Бiлiм беру жүйесiне "Балалар мен жастарды зорлық-зомбылықсыз мiнез-құлыққа үйрету" бағдарламасын енгiзу.
      Еңбек ұжымдарында жыныс нышаны бойынша кемсiтудiң кез келген түрлерiне, ауызша зорлық-зомбылыққа, нәпсілiк соңына түсуге және әйелдер мен еркектердiң абыройын түсiретiн басқа да мiнез-құлық нысандарына тыйым салу бойынша жұмыс жүргiзу.

  Көрсеткiштер:

      1. Тиiсті заңнаманың ("Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы" заң және т.б.) және тиiсті iске асыру тетiктерiнiң болуы;
      2. Өткен жыл iшiндегi әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының саны;
      3. Әйелдердi зорлық-зомбылықтан қорғау жөнiндегi Iшкi iстер министрлігі қызметкерлерiнiң саны;
      4. Дағдарыстық орталықтардың, соның iшiнде баспаналары барларының саны (көмек сұраған ерлер мен әйелдердiң саны, барлығы, соның iшiнде зорлық-зомбылық түрлерi бойынша);
      5. Гендерлiк зорлық-зомбылыққа арналған теледидар/радио бағдарламаларының хабарлардың, ақпараттық роликтердiң, жарияланымдардың саны.

  7-БӨЛIМ. ОТБАСЫНДАҒЫ ГЕНДЕРЛIК ТЕҢДІККЕ ҚОЛ ЖЕТКIЗУ.
ОТБАСЫН НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ОТБАСЫНДАҒЫ ТӘРБИЕНIҢ РӨЛIН КҮШЕЙТУ

  МАҚСАТЫ

      Отбасы және отбасылық-некелiк қарым-қатынастар институтын нығайту, отбасының беделiн көтеру, неке мен отбасы құндылықтардың насихаттау, ұрпақтардың әлеуметтік және мәдени сабақтастығын қамтамасыз ететiн және азаматтық қоғамның тұрақтылығы мен орнықты дамуының факторы болып табылатын отбасылық қарым-қатынастарда гендерлік теңдiкке қол жеткiзу.
      Эгалитарлық отбасының гендерлік теңдік қағидаларына бағдар алған жаңа үлгілерiн қалыптастыру. Еркектердi үй жұмысы саласына және балаларды тәрбиелеу процесіне тарту.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      Қазақстан Республикасының  Конституциясына сәйкес (27-бап) "Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады".
      "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы отбасы-неке қатынастарын белгiлейдi және реттейдi. Олардың басты қағидаты - отбасындағы ерлі-зайыптылардың құқықтарының теңдігі балаларды отбасында тәрбиелеудiң басымдығы, отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз мүшелерiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау.
      Халық санағының деректерi бойынша (1999 ж.) Қазақстанда 3,5 млн. отбасы бар. Отбасының орташа мөлшерi - 4 адам, соның iшiнде ауылда - 4,6 адам, қалада - 3,6. Некеде әйелдердiң 56 %-ы және еркектердiң 62 %-ы тұрды.
      Некеге тұрудың орташа жасы ұлғайып келедi. 2004 жылы ол әйелдерде 24,0 жасты, еркектерде - 26,9 жасты құрады.
      Шамамен 1 млн. адам (9,1 %) жесiр болып табылады, әрі олардың арасындағы әйелдер саны еркектерге қарағанда 6 есе көп, негiзiнен үлкен және егде жас есебiнен.
      Шамамен 700 мыңға жуық адам (6,4 %) - ажырасқан және айырыласқан азаматтар, мұндағы әйелдердің саны да еркектерге қарағанда екі есе дерлік артық.
      23 жacтaн асқан әйелдердiң 0,5 миллионнан астамында немесе әрбiр тоғызыншысында бала жоқ.
      445 мың үй шаруашылығы немесе 11 %-ы тек балалары бар аналардан тұрады, олардың үштен екiсiне жуығы - жасы кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер.
      Отбасы iшiндегi мiндеттердiң бөлiнуi дәстүрлі сипатқа ие және әйелдердi кемсiтедi. Еркектердiң уақытының бюджетi әдетте еңбекақы төленетін жұмыстан және бос уақыттан құралады, әйелдердікі - еңбекақы төленетiн жұмыстан, үй iшiндегi мiндеттерден, бала тәрбиесiнен және отбасы мүшелерiнiң қажеттілiктерiне қызмет көрсетуден құралады.

  Күштi жақтары

      Қазақстанда отбасы, әйелдер мен балалар мәселелерi бойынша жеткілiктi құқықтық база жасалған.
      Қоғамда отбасының маңыздылығын, оның жаңа ұрпақты тәрбиелеудегi, қоғамдық тұрақтылық пен үдерiсті қамтамасыз етудегi рөлін түсiну.
      Отбасы мен балалардың мүдделерiн ескеру қажеттілігін мойындау, сондай-ақ оларға әлеуметтiк қолдаудың арнайы шараларын қабылдау.
      Отбасының патриархаттық құрылымын іс жүзiнде реформалау және гендерлік серiктестікпен ынтымақтастыққа бағдар алған түрлi жаңа үлгiлердiң пайда болу үрдiсi байқалады.

  Осал жақтары

      Бiр ата-анадан және балалардан тұратын толық емес отбасылар негiзiнен аналарға тән болып табылады. 1999 жылғы халық санағына сәйкес басшысы әйелдер болып табылатын толық емес отбасылар 91 %-ды құрады.
      850 мыңға жуық адам немесе халықтың 6 %-ы отбасынан тыс өмiр сүреді.
      Отбасындағы балалар тәрбиесiне әкелердiң ықпалы азайды.
      Ажырасу саны артып келедi, отбасының беделi түсуде отбасының iшкi өмiріндегi шиеленiс, әйелдерге қатысты қақтығыстар мен зорлық-зомбылық фактілерi күшейе түсуде.

  Мүмкiндiктер

      Отбасына қолдау көрсетудiң әлеуметтік кепілдiктерiн одан әрі жетілдiру оның нығаюына ықпал ететiн болады.
      Барлық отбасыларының қолы жете алатын мектептен тыс мекемелер, мектеп оқушыларына арналған жазғы сауықтыру лагерьлерi жүйесін дамыту.
      Отбасылы еркектердiң өмiрiнiң ұзақтығы бойдақ еркектерге қарағанда көбiрек.

  Қатерлер

      Ресми некеде ешқашан тұрмаған адамдар санының өсуi байқалады. 23 жастан асқан осындай әйелдер мен 26 жастан асқан еркектердiң саны шамамен тең, барлығы 1,2 млн. шамасында немесе әрбiр бесiншi дерлік. Зерттеулер көрсеткендей, бүгін жас адамдардың елеулi бөлiгi батыс елдердiң тәжiрибесi бойынша тiркелмеген некеде тұрады.
      Көп балалы отбасылар, жалғыз басты аналар мен жас отбасылар неғұрлым қиын жағдайда тұрады.
      Болашақ адами әлеуеттiң дамуындағы отбасының жасампаздық рөлiн қазiргі заманғы қоғам толық түсiнбейдi және оған аз қолдау көрсетедi.
      Көптеген отбасылық жұптар мен күйеуi жоқ әйелдер бір баламен шектеледі немесе баланың тууын белгіленбеген мерзiмге кейiнге қалдырады.
      Демографиялық жағдайдың нашарлауы, жалғыз басты еркектер мен әйелдер санының ұлғаюы мүмкiн.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР

      Ұлттық неке-отбасылық заңнаманы одан әрi жетілдiру және отбасына әлеуметтiк қолдауды жақсарту.
      Отбасы мүшелерінің өз қабілеттерiн iске асыруы мен бала тәрбиесi үшін тиiстi әлеуметтiк-экономикалық тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлар жасау.
      Отбасылық қарым-қатынастардағы гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу. Отбасының беделiн көтеру, неке-отбасылық қарым-қатынастарды нығайту, неке мен отбасы құндылықтарын насихаттау.
      Адамгершiлiк құндылықтарды жаңғырту және отбасы мен неке үлгiсiн дәріптеу.
      Эгалитарлық отбасын қалыптастыру. Бала тәрбиесi мен үй iшiндегі мiндеттердi орындау үшiн жауапкершілiкті тең бөлiсу.
      Неке-отбасылық қарым-қатынастардағы гендерлiк теңдiк мәселелерi бойынша халықты ақпараттық-құқықтық ағартуды жақсарту.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Неке-отбасылық қарым-қатынастарды нығайту және отбасының мәртебесiн көтеру жөнiндегi заңнаманы жетiлдіру. Балалары бар отбасыларына, соның iшiнде көп балалы отбасыларына әлеуметтiк қолдау көрсету мәселелерiн реттеу жөнiндегi нормативтiк базаны қамтамасыз ету.
      Неке мен отбасының рухани және адамгершілiк негiздерiн нығайтуға ықпал ететiн озық отбасылық, этникалық-мәдени дәстүрлердi жаңғырту.
      Отбасының экономикалық, ұрпақ әкелу және мәдени-психологиялық, функциясын iске асыру үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету, отбасыларының өмiр сүру сапасын жоғарылату.
      Неке-отбасылық қатынастардағы және бала тәрбиелеудегі ерлер мен әйелдердiң құқықтары мен мiндеттерiнiң iс жүзiндегі теңдiгін қамтамасыз ету.
      Отбасы мен балаларды әлеуметтiк қамсыздандырудың жұмыс iстеп тұрған мамандандырылған институттарын, дағдарыстық жағдайлардан шығу және жаңа жағдайларға әлеуметтiк-психологиялық тұрғыдан бейiмделу бойынша отбасыларына мамандандырылған психологиялық-педагогикалық көмек көрсету қызметтерiн дамыту.
      Отбасы мен неке институтының перспективалары мен бағыттарын айқындай отырып, ұлттық дәстүрлер мен халықтың менталитетiн ескере ала отырып, Қазақстандағы отбасының жағдайына көп жоспарлы зерттеу жүргiзу. Аталған зерттеудiң негiзiнде Қазақстандағы отбасының мәртебесiн көтерудiң кешендi бағдарламасын әзiрлеу.
      Радио-телеарналарда, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында түрлi салалардың мамандарын тарта отырып, неке-отбасылық қатынастар тақырыбына арналған тұрақты хабарлар (бағдарламалар) ұйымдастыру мүмкiндiгiн қарастыру.
      Әр түрлi жас топтарындағы жалғыз басты азаматтардың танысу клубтарының және басқа араласу нысандарының желiсiн дамыту.
      Қазақстан азаматтарының бала асырап алу рәсiмiн оңайлату және халықаралық бала асырап алудың проблемалық мәселелерiн шешу.
      Отбасына әлеуметтiк қолдау көрсетудi күшейту тетiктерiн дамыту, соның iшiнде жалғыз басты ата-аналарға, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларына, соның iшiнде көп балалы отбасыларына жеңілдiктер беру.
      Отбасылық мiндеттердiң тең бөлiнуiн көтермелейтiн және жұмыс iстейтiн аналар үшiн емшек емiзудi жеңілдететiн жағдайлар жасайтын жұмыс берушілердi ынталандыру мүмкіндігін қарастыру.
      Мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқу курстарына "Отбасындағы гендерлiк теңдiк" бөлiмiн енгiзу мүмкiндігін қарастыру.
      Тәрбиелеу мiндетiн тек әйелдерге тән мiндет деген көзқарасты өзгерту. Әкенiң беделiн көтеру. Ана болу әйелдердiң мансаптық өсуi мен өз қабілеттерiн iске асыруына кедергi болмауы үшiн жағдайлар жасау.
      Үй iшiндегi жұмыстың бағасын өзгерту, оның әлеуметтiк және экономикалық функцияларын анықтау.

  Көрсеткiштер:

      1. Ұлттық заңнаманың халықаралық талаптарға сәйкестігі.
      2. Отбасы мен балаларды әлеуметтiк қамсыздандырудың мамандандырылған институттарының, дағдарыстық жағдайлардан шығу және жаңа жағдайларға әлеуметтiк-психологиялық бейiмделу бойынша отбасыларына мамандандырылған психологиялық-педагогикалық көмек көрсету орталықтарының саны.
      3. Mектеп жасына дейiнгі мекемелер мен медициналық мекемелердiң саны.
      4. Тiркелген ажырасулар саны.
      5. Толық емес отбасылар саны.
      6. Балалар жәрдемақысын алушылардың саны және жәрдемақы мөлшерi.
      7. Apнайы paдио-теледидар бағдарламаларының, сондай-ақ мерзiмдiк баспасөздегi айдарлардың болуы.

  8-БӨЛIМ. ГЕНДЕРЛIК ЖАҒЫНАН СЕЗIМТАЛ ҚОҒАМДЫҚ
САНАНЫ ДАМЫТУ

  МАҚСАТЫ

      Қоғамдық санада қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң әлеуметтiк теңдiгiнiң қажеттiлігін қалыптастыру.
      Қоғамдық сананы түбiрiнен өзгерту, бiр жыныстың екiншi жыныстан артықшылығы мен басымдығы туралы пiкiрмен байланысты гендерлiк таптаурындарды түбiрiмен жою. Гендерлiк өзiндiк сананың және ерлер мен әйелдердiң өмiр тәжiрибелерiнiң ерекшелiктерiн ескере отырып, құқықтар мен мүмкiндiктердiң гендерлiк теңдiгі қағидатына негізделген мiнез-құлық түрлерінің жаңа үлгілерін қалыптастыру.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      Қазақстандық қоғамды демократияландыру барысында қоғам жағдайының барынша сезiмтал көрсеткiші ретiнде бұқаралық ақпарат құралдарына айрықша рөл берiледi.
      Мемлекеттік және мемлекеттiк емес теледидар бағдарламаларында гендерлiк теңдiк тақырыбы белсендi түрде талқылануда.
      Әйелдер тақырыбы - республикалық және өңiрлiк БАҚ беттерiндегi ең танымал және көп мөлшердегi тақырыптардың бiрi. Әйелдердiң үкiметтік емес секторға қатысуына үлкен назар аударылады, бұл орайда ең әуелi әйелдердiң үкiметтік емес ұйымдары ерекшеленедi.
      Ана болу проблемалары, өскелең ұрпақты адамгершiлiк тұрғыдан тәрбиелеудегі отбасы және ана институтының маңызы жөнiндегі мамандандырылған журналдар шығарылады.
      2004 жылы мемлекеттiң гендерлiк саясатын көрсету мемлекеттік тапсырыстың тақырыптық тiзбесiне жеке жолмен ретінде енгiзілдi.
      Барлық жұмыс iстейтiн БАҚ-тар меншiк нысанына қарамастан, ашық конкурстарға қатысу жолымен мемлекеттiк тапсырыс алу мүмкiндігіне ие болады. 2004 жылы тапсырыстарды 33 газет, 26 журнал, республикалық деңгейдегi 1 ақпарат агенттiгi және 36 орталық және өңiрлiк телерадиокомпаниялар алды. Бұл орайда газеттердiң, журналдардың, радио және телеарналардың 80 %-ы мемлекеттік емес болып табылады.
      "Мемлекеттік әлеуметтiк тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы қабылданды, ол мемлекеттiң үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс қимылының қазақстандық үлгiсiн белгілеуге арналған. Ол әлеуметтiк мәнi бар жобаларды мемлекеттiк бюджеттiң қаражаты есебiнен шешуге үкiметтiк емес ұйымдардың кеңiнен қатысуы үшiн құқықтық негiздi қамтамасыз етедi, халыққа көрсетiлетiн әлеуметтiк қызметтердiң сапасы мен көлемiн арттыруға мүмкiндiк бередi.
      Гендерлiк жағынан сезiмтал журналистердi даярлау жөнiнде жұмыс жүргiзiлуде. Соңғы 2 жыл iшiнде Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияның бастамасы бойынша БҰҰ-ның "Гендер және даму" Бюросымен бiрлесiп, электрондық және басылымдық бұқаралық ақпарат құралдарының 150 журналисi оқытылды.
      Мемлекет пен құқық қорғау ұйымдарының мiндетi еркектер мен әйелдердiң гендерлік теңдігінiң негiзiндегi рөлi мен мәртебесi туралы жастарға арналған бағдарламаларға қолдау көрсету және жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар көптеген хабарларда, көркем және тiптi мультипликациялық фильмдерде де зорлық-зомбылықты насихаттау элементтерi бар. Теледидарда әлi де гендерлiк таптаурындар насихатталады, әйелге деген дөрекi қатынасқа, порнографиялық импликацияларға жол берiледi.
      Әйелдi және гендерлiк рөлдердi стереотиптi түрде бейнелеу әсiресе жарнамалық және коммерциялық ақпаратқа тән.

  Күшті жақтары

      Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамға, көпшiлiк аудиторияға ықпал етудiң үлкен мүмкiндiктерi, ерлер мен әйелдердiң теңдігіне қол жеткізу мәселелерiнде жедел нәтижеге қол жеткiзу мүмкiндiгi бар.
      Қазақстан тәуелсiздiк алған жылдар iшiнде қоғамдық қатынастардың демократияландырылуы, БАҚ саласындағы ырықсыздандыру гендерлiк теңсiздiк проблемаларына қатысты материалдардың көбеюiне ықпал етедi.
      Әйелдер қозғалысының жандануы, әйелдердiң арта түскен саяси әлеуетi, әйелдердiң YEҰ-ның тиiмдi қызметi, әйелдер кәсiпкерлiгi құбылысының қалыптасуы.
      БАҚ басшыларына құрамында әйелдер санының көбеюi жағына бағдар алу отбасына, әйелдер мен балаларға қатысты проблемалардың шешiлуiне оңды әсер етедi. Аталған проблеманы бұқаралық ақпарат құралдарында көтеру, басшы әйелдердiң жұмысын көрсету, әйелдердiң мүдделерiн түрлi билiк органдарында қолдау - осы және басқа да шаралар әйелдердiң басшылық қызметтерге жоғарылауына ықпал етуi мүмкiн.

  Осал жақтары

      Қоғамның менталитетiн өзгерту жөнiндегі ағартушылық жұмыс жеткiлiктi жүргiзiлмейдi.
      Ерлер мен әйелдерге қатысты кемсiтуге қарсы күрес бойынша ақпараттық науқандар аз.
      Мемлекеттің гендерлiк саясатын түсiндiру бойынша мақсатты бағдарламалар жоқ.
      Журналистер гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу мәселелерiне жеткілiксiз дайындалған.
      БАҚ әзiрше гендерлiк мәселелердi шешуде белсендi серiктестерге айналған жоқ.

  Мүмкiндiктер

      Халықты құқықтық және гендерлiк жағынан ауқымды түрде ағарту.
      Гендерлік проблемаларды көрсетуге арналған мемлекеттiк әлеуметтік тапсырыс осы мәселе жөнiндегі бағдарламалардың санын айтарлықтай көбейтуге мүмкiндiк бередi.
      Журналистердi оқып-үйрету БАҚ-тарда гендерлiк мәселелердiң түсiнiктірек түрде ашып көрсетілуiне ықпал ететін болады.

  Қатерлер

      Мемлекеттің гендерлiк саясатының БАҚ-тарда жеткілiктi түрде көрсетiлмеуi қабылданып жатқан шаралардың тиiмділігін белгілі бiр дәрежеде төмендетуi мүмкін.
      Гендерлiк таптаурындардың трансляциялануын жалғастыру елдегi демократиялық қайта құруларды iске асыруда елеулi тежегiшке айналуы мүмкiн.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР

      Гендерлiк таптаурындарды жеңу және тең құқықтар мен мүмкiндiктер идеологиясына бағдарланған гендерлiк мұраттар мен ұстанымдардың жаңа жүйесiн құру. Бұл ретте гендерлiк теңдік гендерлiк айырмашылықтарды, әйелдiң және еркектiң мiнез-құлық типтерінің бiрегейлігін есепке ала отырып түсiндiрiлуге тиiс.
      Әйелдер мен еркектердiң тең құқықтылығы қағидатының сақталуы негiзiндегi сөз бостандығын қамтамасыз ету.

  IС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Гендерлiк жағынан сезiмтал қоғамдық сананы көтеру жөнiндегi ұлттық гендерлік саясатты жүргiзу. Бұл мақсаттарда білім беру, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары сияқты қуатты ұлттық тетiктердi пайдалану.
      Қоғамның гендерлiк мәдениетiн көтеруге мемлекеттiк билiк пен басқару органдарындағы ерлер мен әйелдердiң тең өкілдігі болуына оңды қатынастарды қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды, ақпараттық ағартушылық науқандар өткiзу.
      Мемлекеттiк органдар мен БАҚ-тың ерлер мен әйелдердiң әлеуметтiк теңдігіне қол жеткiзу мәселелерiндегі ынтымақтастығын қамтамасыз ету.
      БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық түрлерiн жою туралы  конвенциясы ережелерiнiң, Қазақстан Республикасында әйелдердiң жағдайын жақсарту жөнiндегi  ұлттық iс-қимылдардың жоспарының, адам құқықтары жөнiндегi халықаралық құжаттардың iске асырылу мәселелерiн бұқаралық ақпарат құралдарында кеңiнен көрсету.
      Барлық саяси, әлеуметтiк процестердiң толық құқықты әрi белсендi қатысушысы ретiндегi қазiргі заманғы әйелдiң көшбасшы әйелдiң өркениетті бейнесiн қоғамдық санада белсендi түрде қалыптастыру, әйелдiң елдiң саяси өмiрiндегi рөлiн көрсету.
      Бұқаралық ақпарат құралдарына гендерлiк теңдіктi насихаттау бөлiгінде қолдау жасалуын қамтамасыз ету.
      БАҚ-тардың гендерлiк сезiмталдығын көтеру жөнiнде шаралар қабылдау. Болашақ журналистердi кәсiби жағынан даярлау iсiне гендерлiк бiлiм берудi енгiзу, ақпарат өндiрушілер - баспагерлер, редакторлар, журналистер арасында ағартушылық жұмыс жүргiзу.
      Ерлер мен әйелдердiң бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына тең дәрежеде қатысуына, мемлекеттiк, сондай-ақ мемлекеттiк емес бұқаралық ақпарат құралдарының басқарушы және бақылаушы органдарына тағайындау кезiнде олардан тең өкiлдiк етілуiн қамтамасыз етуге жәрдем көрсету.

  Көрсеткiштер:

      1. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттiң гендерлiк саясатын iске асыруға бағытталған бағдарламалардың саны.
      2. Әлеуметтiк тапсырыс есебiнен әзiрленетін ерлер мен әйелдердiң құқықтары мен мүмкiндiктерiнің теңдiгi туралы әлеуметтік мәнi бар жобалардың саны.
      3. Халықты құқықтық және гендерлiк ағарту жөніндегi бағдарламалардың болуы.
      4. БАҚ-тағы басшылық деңгейіндегі ерлер мен әйелдердiң арақатынасы.
      5. Гендерлiк мәселелердi көрсету бойынша оқытылған журналистердiң саны.

  9-БӨЛIМ СТРАТЕГИЯНЫ IСКЕ АСЫРУДАН КYТIЛЕТIН
НӘТИЖЕЛЕР

      1. Мемлекеттiң жалпы саясаты Мыңжылдықтың даму, соның iшiнде елдегі гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу мақсаттарын орындауға бағдарланатын болады.
      2. Қоғамдық сананың гендерлiк парадигманың ауысуы - бiр жыныстың басым болуынан - екi жыныстың серiктестiгі мен ынтымақтастығына ауысу жағына бiрте-бiрте өзгеруi орын алады. Мемлекеттік қызметшiлер, барлық деңгейлердегi депутаттар мен басшылар, шешiмдер қабылдау деңгейiнде тұрғандардың барлығы гендерлiк жағынан сезiмтал болады.
      3. Әйелдер өздерiнiң жеке басының әлеуеті мен адами әлеуетiн iске асыра отырып, әлеуметтiк дамудың барлық процестерiне тең дәрежеде қатысатын болады. Олар тең дәрежеде қоғамдық салаларға, ал еркектер - отбасы, үй еңбегі және бала тәрбиесi сияқты қарапайым салаларға кiретiн болады.
      4. Осының бәрi елдегі азаматтық қоғамның одан әрi жетілуіне және "паритеттiк демократияның" қалыптасуына ықпал ететiн болады.

  Қоғамдық-саяси салада гендерлiк теңдiкке
қол жеткiзу бойынша

      1. Қазақстандық заңнамаға гендерлiк ерекшелiктерге немқұрайды қарауға байланысты әлеуметтiк тәуекелдер мен ықтимал залалды азайту мақсатында, барлық қолданыстағы және әзiрленетiн нормативтiк құқықтық актілерге, мемлекеттiк бағдарламаларға, әлеуметтiк мәнi бар жоспарлар мен жобаларға, салалық стратегиялар мен тұжырымдамаларға мiндеттi түрде гендерлiк сараптама жасау туралы норма енгiзілетін болады.
      2. Гендерлiк теңдiктi қамтамасыз ету институттарын қалыптастыру болжануда, әйелдердің құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерiн қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғастырылады.
      3. Әйелдердiң шешiмдер қабылдау деңгейiндегi, соның iшiнде Yкiметте, Парламентте, әкімдiктерде, мәслихаттар мен cот органдарында өкілдiгi болуы Iс-әрекеттердің Пекин платформасы ұсынатын 30 % дейiн көбейедi.
      4. Әлеуметтiк мәнi бар жобаларға бөлiнетін қаражат көлемiнiң ұлғаюының арқасында, отбасының, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласында жұмыс iстейтiн қоғамдық бiрлестiктермен және үкіметтiк емес ұйымдармен мемлекеттiк органдардың ынтымақтастығы сапалық жағынан жаңа деңгейге көтерiлуде.

  Экономикада гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу бойынша

      1. Әйелдер жер, материалдық, қаржылық және басқа да ресурстарға ерлермен тең дәрежеде қол жеткiзетiн болады. Еңбек нарығындағы әйелдердiң бәсекеге қабiлеттiгi артады. Кәсiпкерлiктегi, соның iшiнде шағын және орта бизнестегi әйелдердiң саны артады. Әйелдерге тиесілi кәсiпорындардың саны артады.
      2. Дәстүрлi түрде әйелдер еңбек ететiн экономика салаларын - жеңiл, тiгiн, тағам өнеркәсiбiн және басқаларын дамыту тетiктерi әзiрленетін болады.
      3. Әйелдер ақпаратқа, білім алуға, кәсiби даярлыққа, консультациялық көмекке кеңiнен қол жеткiзе алатын болады. Олар үшiн экономикалық білім берудiң арнайы орталықтары, кредиттiк желiлер мен қорлар құрылатын болады.
      4. Ата-аналардың еңбек белсенділігін арттыру мақсатында мемлекеттiк және жеке мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнiң саны артады. Бала күтiмiмен және оларды тәрбиелеумен айналысатын әйелдер мен ерлерге қолдау көрсету бойынша шаралар қабылданатын болады. Ерлердi бала күтiмiне тартудың тетiктерi әзiрленетiн болады.
      5. Бала күтiмi бойынша демалыста жүрген әйелдердiң үздiксiз мiндеттi зейнетақы жинақталымдарына құқықтары заңнамалық түрде бекiтілетiн болады.

  Гендерлiк бiлiм беру бойынша

      1. Халыққа бала кезден бастап гендерлiк бiлiм беру мен ағарту жүйесi дамытылатын болады.
      2. Қыздар мен әйелдер Қазақстан экономикасының басымдықты салаларында (мұнай-газ өнеркәсiбi, машина жасау, құрылыс, көлiк) жұмыс істей алуы үшін оларды техникалық мамандықтарға оқыту үшiн жағдайлар жасалатын болады.
      3. Саясаткерлердiң, қоғамдық қозғалыс көшбасшыларының, кәсiподақтар өкілдерінің, журналистердiң гендерлiк санасын және гендерлiк сезiмталдығын жоғарылату мақсатында оларды оқыту iске асырылатын болады.

  Ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау бойынша

      1. Ерлер мен әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау мемлекеттiк органдар және осы мәселелермен айналысатын үкiметтiк емес ұйымдар қызметiнің басымдығына айналады. Қоғамдық денсаулық сақтау тетiктерi дамиды.
      2. Анемиямен, йод тапшылығы дерттерімен, сүт безi рагiмен және халықтың ұрпақ әкелу денсаулығына әсер ететiн басқа да сырқаттармен ауыру айтарлықтай төмендейдi.
      3. Ерлер мен әйелдердi қазiргi заманғы контрацепция құралдарымен қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар қабылданатын болады.
      4. Еркектердiң өз денсаулығын сақтау үшін жауапкершілігі артады, өндiрiстегi жазатайым оқиғалардан болатын жарақаттану мен өлiмдi азайту бойынша шаралар қабылданатын болады.
      5. Әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау жөнiндегі арнайы бағдарламаларды iске асырудың арқасында олардың денсаулық индексi жоғарылайды.
      6. Балалар мен жастардың денсаулығы нығайтылады, темекi тартуға, нашақорлық пен маскүнемдiкке қарсы күреске бағытталған шаралар қабылданатын болады, дене шынықтыру мен спорт, жастардың бос уақытын ұйымдастыру кеңiнен дамиды.

  Зорлық-зомбылықты болдырмау бойынша

      1. Зорлық-зомбылықтың, соның iшiнде адамдарды саудалаудың алдын алумен және жолын кесумен айналысатын ІІМ құрылымдық бөлiмшелерi нығайтылатын болады.
      2. БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы  конвенциясы және оның екi хаттамасы бекiтілетiн болады.
      3. Шет елдердегi және ел iшiндегi трафиктiң құрбандарын, соның iшiнде трафикшiлер туралы сот процестерiнде куәгерлiк жасайтындардың құқықтарын қорғау туралы заң қабылданады.
      4. Үй iшiндегi зорлық-зомбылықты жасағаны үшiн кiнәлi адамдарға шара қолдану жөнiндегi iс жүргiзу әрекеттерi оңайлатылатын болады. Әйелдердiң өздерiне қатысты жасалған зорлық-зомбылық туралы шағым жасауы мен арыз беру рәсiмi оңайлатылады.
      5. Құлдыққа, мәжбүрлеп еңбек етуге немесе құлдыққа ұқсас жағдайларға тарту мақсатында адамдарды (соның iшiнде әйелдер мен балаларды) елден заңсыз әкетуге қарсы күрес жөнiндегі ұлттық үйлестіру орталығын құру туралы мәселе қаралатын болады.
      6. Қазақстанның барлық аудандары мен қалаларында соның iшiнде жергіліктi бюджеттер мен әлеуметтік мәнi бар жобаларға арналған гранттар есебiнен дағдарыстық орталықтар жұмыс iстейтiн болады.
      7. Балалар мен жастар зорлық-зомбылықсыз мінез-құлыққа оқытылатын болады.
      8. Нәтижесінде адамның зорлық-зомбылықсыз лайықты өмiр cүpyi үшін тұрақты түрде жағдайлар жасалатын болады.

  Отбасындағы гендерлiк теңдiкке қол жеткiзу бойынша

      1. Әкесi - асыраушы және табыскер, шешесi - қазан-аяқ иесi және отбасы ошағының сақтаушысы болатын патриархаттық отбасынан гендерлiк теңдiк қағидаттарына негiзделген отбасының эгалитарлық үлгілерiне бiрте-бiрте көшу жүргізілетiн болады.
      2. Ерлер мен әйелдер еңбекақы төленетін жұмысты бала тәрбиесiмен ұштастыру мүмкiндігіне ие болады. Отбасылардың өмiр сүру сапасы жоғарылайды, отбасының экономикалық ұрпақ әкелу және мәдени-психологиялық функцияларын iске асыру үшiн жағдайлар жасалатын болады.
      3. Қазақстан азаматтарының бала асырап алу ресiмдерi оңайлатылып, халықаралық бала асырап алудың проблемалық мәселелерi шешiлетiн болады.
      4. Отбасы мен неке институтын дамытудың перспективалары мен бағыттарын айқындаумен, ұлттық дәстүрлер мен халықтың менталитетi ескерiле отырып, Қазақстандағы отбасының жағдайы туралы зерттеулер жүргізiлетiн болады. Қазақстандағы отбасының мәртебесiн жоғарылатудың кешендi бағдарламасы әзiрленетiн болады.
      5. Эгалитарлық отбасыларының саны артады.

  Гендерлiк теңдiктi ақпараттық қамтамасыз ету бойынша

      1. Ұлттық гендерлiк саясат гендерлiк теңдiк белгiсiмен қоғамдық сананы өзгертуге бағытталатын болады.
      2. Қоғамның гендерлiк мәдениетiн көтеруге бағытталған кең ауқымды ақпараттық ағартушылық науқандарды өткiзу тәжiрибесi жалғасатын болады.
      3. Елдегi барлық саяси және әлеуметтiк процестердiң толық құқықты әрi белсендi қатысушысы ретіндегі қазiргi заманғы әйелдiң, көшбасшы әйелдiң өркениеттi бейнесi қоғамдық санада белсендi түрде қалыптастырылатын болады. Қоғамның саяси өмiрiнде әйелдердiң рөлi үнемi көрсетілiп отырады.
      4. БАҚ-тар, білім беру мен мәдениет саласы гендерлiк теңсiздiк идеологиясын уағыздайтын бағдарламалардан бiрте-бiрте арылады және гендерлiк теңдiк пен ынтымақтастық бағытында жұмыс iстейтiн болады.
      5. Осының барлығы қоғамдық сананың өмiр мен қызметтiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң әлеуметтiк теңдiгi жағына өзгеруiне ықпал ететiн болады.

  НЕГIЗГI ҰҒЫМДАР

       Уақытша арнайы шаралар - қоғамда гендерлiк теңгерiмге қол жеткiзуге бағытталған шаралар (мысалы, оң дискриминация нысаны ретiнде билiк органдарындағы әйелдер өкілдiгiнiң квотасы), БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық түрлерiн жою туралы  конвенциясына сәйкес ол кемсiту ретінде қарастырылмайды.
       Гендер - бұл ерлер мен әйелдердiң мiнез-құлқын, сондай-ақ олардың арасындағы әлеуметтік өзара қатынастарды айқындайтын, олардың әлеуметтiк және мәдени нормалары мен рөлдерiнiң жиынтығы.
      "Gender" сөзi ағылшын тілiнен аударғанда жыныс (еркек, әйел) дегендi бiлдiредi.
      "Гендер" терминi әлеуметтiк процестердi түсінуге арналған талдамашылық құрал болып табылады.
       Гендерлiк талдау - әзiрленiп жатқан және қолданыстағы дамыту жобаларының ерлер мен әйелдерге әр түрлi әсерiн жүйелi түрде зерттеу. Ол саяси, экономикалық, әлеуметтiк және басқа да факторлардың әйелдер мен еркектерге қалайша әсер ететiнiн көруге және салыстыруға мүмкiндiк бередi.
       Гендерлiк теңгерiм - ұйымдастырушылық құрылымның барлық деңгейлерiндегi ерлер мен әйелдердiң теңдігі.
       Гендерлiк бюджет - барлық салалар мен қызметтердiң түрлерi бойынша мемлекеттiк бюджеттің ерлер мен әйелдердiң түрлi топтарына ықпал етуiн бағалау құралы. Гендерлiк бағдарланған қаржыландыруды талдауды көздейдi, барлық салалар мен қызметтердiң түрлерi бойынша негізгі шығыстардың әйелдер мен ерлерге жеке ықпалын қарастырады, мемлекеттік қызметтер саласындағы мүмкiндiктердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған стратегиялар мен қаржыландыруды талдайды.
       Гендерлiк зерттеулер - әйелдер мен ерлердiң әлеуметтiк-экономикалық, саяси және мәдени мәртебесiн, гендерлiк рөлдерi мен гендерлiк қатынастарын зерттеу. Қоғамдағы гендерлік қатынастарға ықпал ету жөнiндегi саясатты, стратегиялар мен бағдарламаларды әзiрлеу мен жоспарлау үшiн ақпарат беру.
       Гендерлiк-құқықтық сараптама - халықаралық стандарттар мен нормалардың ұлттық заңнамада қандай дәрежеде iске асырылатынын айқындау. Ерлер мен әйелдер үшiн тек тең құқықтар мен жауапкершілiктi ғана емес, сонымен қатар тең мүмкiндiктердi де қамтитын гендерлiк әдiлеттi саясатты қалыптастыруға ықпал ететін, өкілдiк және атқарушы органдардың, социумның гендерлiк сезiмталдығының дәрежесiн айқындау.
       Гендерлiк ескi нанымдар - белгілi бiр жыныстық тегiмен және "жыныстардың мақсатымен" байланысты артықшылықтың немесе жартыкештіктiң болуы туралы таптаурындар.
       Гендерлiк саясат - қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.
       Гендерлік теңдiк - әлеуметтік функцияларды орындау кезiнде жыныстық тегiне қарамастан әйелдер мен ерлердiң ресурстар мен игілiктерге тең дәрежеде қол жеткізуi.
       Гендерлiк тең құқықтылық - әйелдер мен ерлердiң заң алдындағы тең құқықтылығы, гендерлiк теңдiкке жету жолдарының бiрi болып табылады.
       Гендерлiк рөлдер - сол қоғамда және сол тарихи жағдайда қолданылатын әлеуметтiк және мәдени нормаларға сәйкес ерлер мен әйелдерге таңылатын әлеуметтiк рөлдер.
       Гендерлік статистика - ерлер мен әйелдердiң әлеуметтiк-саяси өмiрдiң барлық салаларындағы тиiстi жағдайын бейнелеу және қоғамдағы гендерлiк проблемалар мен қатынастарды көрсетедi.
       Гендерлiк таптаурындар - лайықты "әйелдiк" және "еркектiк" мiнез-құлық, олардың тиiстілігі, әлеуметтiк рөлдерi мен қызметi туралы қоғамда жалпыға бiрдей қабылданған орнықты көзқарастар.
       Гендерлiк сезiмталдық - жыныс нышаны бойынша кемсiтудiң негiзiнде жататын әлеуметтiк жағынан шарттасқан факторларды түсiну және назарға алу.
       Гендерлiк сезiмтал жоспарлау - әйелдер мен қыздарға даму процесіне қатысуға көбiрек мүмкiндiк беруге арналған және жоспарланған іс-қимылдардың әйелдер мен ерлерге әсерiн өлшеуге арналған арнайы әдiстер мен құралдар.
       Гендерлiк сараптама - мемлекеттiк бағдарламалар мен өзге де актiлердiң ерлер мен әйелдер теңдiгінiң конституциялық құқығына сәйкес келуiн айқындау және жыныс нышаны бойынша кемсiтудi болдырмау мақсатында оларды қоғамдық-құқықтық тұрғыдан талдау.
       Жыныс нышаны бойынша кемсiту - жыныс нышаны бойынша адамның құқықтары мен бостандықтарын кез келген шектеу немесе қысым көрсету, сондай-ақ оның абыройын түсiру. Жыныс нышаны бойынша кемсiту кемсiтудiң ең кең таралған түрi болып табылады.
       Жанама түрде кемсiту - жынысы бойынша формалды ажыратуға (шектеуге, айрықшалауға) негізделмеген, бiрақ әр түрлi жыныстағы адамдардың өз құқықтары мен бостандықтарын пайдалануында оларға әр түрлi әсер ететiн iс-әрекеттер.
       Оң дискриминация - ерлер мен әйелдердiң арасында iс жүзiндегi теңдік орнатылуын жеделдетуге бағытталған уақытша арнайы шараларды енгiзу мүмкiндiгi. Жыныс нышаны бойынша дәстүрлi түрде кемсiтілетiн топтардың өкілдерiне қызмет сатысы бойынша жоғарылату,  билiктiң сайланатын органдарына ұсынылу, жұмысқа орналасу, білім алу кезiнде артықшылықтар беру.
       Тiкелей кемсiту - жыныстық тегiн iс-әрекеттерде пайдалану мақсатында оны нақты көрсете отырып кемсiту.
       Астыртын кемсiту - жыныстық тегiн тiкелей көрсетпестен, бiрақ жынысы әр түрлi адамдар үшiн бiрдей нәтиже бермейтiн қасақана кемсiту.
       Yйдегі зорлық-зомбылық (отбасындағы зорлық-зомбылық) - егер бұл iс-әрекет отбасы мүшесiнiң заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсетсе, оның тәнiн немесе жан дүниесiн қинап, моральдық зиян келтiрсе немесе отбасы мүшесiнiң дене жағынан немесе жеке басының дамуына қатер келтiретін болса, отбасының бiр мүшесiнiң екiншi мүшесiне қатысты iс-әрекетi.
       Yй еңбегi - әйелдердiң үй шаруашылығын жүргiзу жөнiндегi ақысы төленбейтiн, сандық баламасы мен әлеуметтiк тұрғыдан мойындалған мәнi жоқ қызметi (үй жинау, кiр жуу, тамақ дайындау және т.б.). Үй iшілiк мiндеттердi тең үлестiрмеу әйелдердi кемсiту нысандарының бiрi болып табылады.
       Көрсеткiштер - қойылған мақсаттарға жетудегі прогресті (немесе оның жоқ екенiн); зерделенетiн процестiң жай-күйiн көрсететiн көрсеткiштер; сандық, сапалық және уақыттық қатынаста жоспарланғанмен салыстырғанда iс жүзiнде ненiң өзгергенiн өлшейтiн құрал.
       Квоталар - сайлауда үмiткерлердiң тiзiмiн жасаған кезде әйелдер мен ерлер өкiлдiгiнiң, сондай-ақ олардың заңнамалық және атқарушы билiк органдарына қатысуының белгіленген деңгейi. Квоталау қоғамдағы гендерлiк теңгерiмге қол жеткiзуге арналған уақытша шара ретiнде қарастырылады.
       Дағдарыстық орталықтар - зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық қатерiнiң салдарынан қиын жағдайға тап болған, тәуекел тобындағы адамдарға, көбiнесе әйелдерге қызметтер көрсететін (консультациялар, уақытша баспана беру, оңалуға көмектесу) ұйымдар.
       Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық - қоғамдық немесе жеке өмiрде жыныстық нышан негiзінде жасалған, әйелге тәни, жыныстық немесе психологиялық залал немесе азап келтiретiн немесе келтiруi мүмкiн кез келген зорлық-зомбылық әрекетi, сондай-ақ осындай әрекеттің жасалу қатерi, бас бостандығынан мәжбүрлеп немесе ерiктi түрде айыру.
       Тең мүмкiндiктер - құқықтар теңдігіне iс жүзiнде қол жеткiзу үшін қажеттi құралдар мен шарттардың жүйесi.
       Тең құқықтар - мемлекет кепілдiк беретiн, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен басқа да заңнамалық актілерiнде бекiтілген, азаматтық саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа да құқықтарды жүзеге асырудың әйелдер мен еркектер үшiн тең құқығы.
       Ұрпақ әкелу денсаулығы - адамның толыққанды ұрпақ әкелу қабілетiн көрсететiн денсаулығы.
       Ұрпақ әкелу құқықтары - азаматтардың өз ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау, азаматтардың некеде немесе некеден тыс бала тууға немесе бала туудан бас тартуға, бойына бала бiтiру мен оларды туу әдiстерiне, балалардың санына, туатын уақыты мен жерiне, бала туу арасындағы уақыт аралығына қатысты шешiм қабылдау мен оны iске асыру, сондай-ақ осы салада медициналық-әлеуметтік, ақпараттық және консультациялық көмек алу құқығы.
       Жұмыс орнындағы нәпсiлiк қудалау - нәпсiлiк қудалау тәни жанасу мен ұсыныстар, нәпсілiк реңкi бар сөздер, порнография көрсету және сөзбен немесе iс-әрекетпен нәпсілік талаптар қою сияқты жағымсыз нәпсілік мiнез-қылықты қамтиды.
       Отбасындағы нәпсілiк зорлық-зомбылық - бұл отбасының басқа бiр мүшесінiң жыныстық қол сұғылмаушылығына және жыныстық еркiндiгiне қол сұғатын әрекет, сондай-ақ жасы кәмелетке толмаған адамға қатысты нәпсілік сипаттағы iс-әрекет.
       Адамдарды саудалау - адамдарды пайдалану мақсатында жүзеге асырылатын, күш жұмсау туралы қоқан-лоққы немесе күш қолдану немесе мәжбүрлеудiң басқа нысандарының қолдану, ұрлау, алаяқтық жасау, алдау, билiктi немесе бiреудiң осал жағдайын терiс пайдалану жолымен немесе бiр тұлғаны бақылайтын екіншi тұлғаның келiсімiн алу үшiн оны төлемдер немесе пайдалар түрiнде сатып алу жолымен адамдарды үгiттеп тарту, тасымалдау, табыстау, жасыру немесе қабылдап алуды бiлдiредi. Пайдалану ең аз дегенде, басқа тұлғалардың жезөкшелігін пайдалануды немесе нәпсілік пайдаланудың басқа нысандарын, мәжбүрлi еңбектi немесе қызметтердi, құлдықты немесе құлдыққа ұқсас салттарды, бас epкi жоқ жағдайды немесе ағзаларын алуды қамтиды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады