Әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау туралы

Күшін жойған

VІ сайланған Алматы қаласы мәслихатының VIII сессиясының 2016 жылғы 16 қыркүйектегі № 32 шешімі. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2016 жылғы 7 қазанда № 1321 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 2018 жылғы 17 сәуірдегі № 224 шешiмiмен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 17.04.2018 № 224 шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына және V сайланған Алматы қаласы мәслихатының XLI сессиясының 2015 жылғы 23 шілдедегі № 347 "Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне сәйкес, VI сайланған Алматы қаласының мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету мөлшерлері белгіленсін.

      2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесі айқындалсын.

      3. Осы шешімнің 3 қосымшасына сәйкес, Алматы қаласы мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      4. Алматы қаласы мәслихатының аппараты:

      1) осы шешімді Алматы қаласы мәслихатының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      2) нормативтік құқықтық актіні Алматы қаласы Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өткізсін.

      5. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Х. Есеноваға және Алматы қаласы әкімінің орынбасары А. Қырықбаевқа жүктелсін (келісім бойынша).

      6. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      VI сайланған
      Алматы қаласы мәслихатының
      VIII сессиясының төрағасы М. Әділханов
      VI сайланған
      Алматы қаласы мәслихатының хатшысы Қ. Қазанбаев

  Алматы қаласы мәслихатының
2016 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 32 шешіміне
1 қосымша

Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік
көмектің мөлшерлері

1. Азаматқа (отбасына) табиғи зілзала немесе өрттің салдарынан мүлікке
залал келуіне байланысты әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері және бір
реттік әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдері

      1. Өрттің немесе табиғи зілзаланың салдарынан зардап шеккен азаматтарға ақшалай төлемдер түрінде әлеуметтік көмек баспанасынан айрылғанда, бүлінгенде, елеулі зиян келгенде отбасына 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерлерде көрсетіледі.

      2. Әлеуметтік көмек төтенше жағдай туындаған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей көрсетіледі.

2. Біржолғы әлеуметтік көмек көрсетудің шекті мөлшері

      3. Жан басына шаққанда орташа табысы күнкөріс деңгейінің екі есе мөлшерінен аспайтын отбасыларға (азаматтарға) жылына бір рет әлеуметтік көмек 7,5 (жеті жарым) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      4. Ыстық және (немесе) суық сумен жабдықтаудың жеке есептеуіш құралдарын сатып алу, орнату немесе тексеруден өткізу шығындарын өтеуге арналған әлеуметтік көмек жан басына шаққанда орташа табысы күнкөріс деңгейінің үш есе мөлшерінен аспайтын төменде көрсетілген азаматтарға бір құрал үшін 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспайтын көлемде көрсетіледі:

      1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және (немесе) тұрғын үй көмегін алатын тұрмыс жағдайы төмен азаматтарға (отбасыларына);

      2) бірге тұратын төрт немесе одан да көп кәмелет жасына толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларына;

      3) бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектерге;

      4) зейнет жасына толған зейнеткерлерге.

      Әлеуметтік көмектің аталған түрі ыстық және (немесе) суық сумен жабдықтау құралдарын сатып алған, орнатқан немесе тексеруден өткізген күннен бастап алты айдан кешіктірмей көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмектің аталған түрлері тиісті қаржы жылына жергілікті бюджетте осы мақсаттарға қарастырылған қаражат шегінде көрсетіледі.

3. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына мерзімді әлеуметтік көмек
көрсетудің шекті мөлшерлері

      6. Әлеуметтік көмек ай сайын 5,5 (бес жарым) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;

      2) Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне;

      3) Aуғанстандағы соғыс қимылдары кезінде қаза тапқан (хабарсыз кеткен) немесе жаралану, контузия алу, мертігу, аурудың салдарынан қайтыс болған әскери қызметшілердің ата-аналарына, екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына).

      7. Әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінің 3 (үш) есе мөлшерінен аспайтын келесі санаттағы азаматтарға жыл сайын тағайындалып, жарты жылда бір рет 7 (жеті) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді:

      1) арнайы мемлекеттік жәрдемақы алмайтын зейнет жасына толған зейнеткерлерге;

      2) арнайы мемлекеттік жәрдемақы алмайтын жас ерекшелігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатындарға;

      3) бүйрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігімен ауыратын бірінші топтағы мүгедектерге;

      4) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз жауынгерлік қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғаларға, сондай-ақ 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамыры аралығында кем дегенде алты ай еңбек еткен (қызмет атқарған) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз жауынгерлік қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған, аталған санат бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатын тұлғаларға.

      8. Отбасының әрбір мүшесіне (адамға) арналған отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты негізіндегі әлеуметтік көмек мөлшері отбасының (адамның) жан басына шаққандағы табысы мен Алматы қаласында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы арасындағы айырмашылық ретінде айқындалады.

      Отбасының құрамы өзгерген жағдайда, отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты негізіндегі әлеуметтік көмек мөлшері аталған мән-жайлар орын алған сәттен бастап, бірақ оны тағайындаған сәттен бұрын емес қайта есептеледі.

      9. Әлеуметтік көмек емдеудің амбулаториялық кезеңінде жүрген және туберкулезге қарсы күрес диспансерінде диспансерлік есепте тұрған туберкулезбен науқас азаматтарға жыл сайын 7 (жеті) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайын төлеумен тағайындалады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Алматы қаласы мәслихатының 09.12.2016 № 68 шешімімен (әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

  Алматы қаласы мәслихатының
2016 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 32 шешіміне
2 қосымша

Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесі

      1. Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтар;

      2. Жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінің екі есе мөлшерінен аспайтын адамдар;

      3. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi;

      4. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердiң екiншi рет некеге тұрмаған жесiрлерi;

      5. Ауғанстандағы соғыс қимылдары кезiнде қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе жаралану, контузия алу, мертiгу, аурудың салдарынан қайтыс болған әскери қызметшiлердiң ата-аналары, екiншi рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы);

      6. Арнайы мемлекеттік жәрдемақы алмайтын зейнет жасына толған зейнеткерлер;

      7. Арнайы мемлекеттік жәрдемақы алмайтын, жас ерекшелігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатындар;

      8. Бүйрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігімен ауыратын бірінші топтағы мүгедектер;

      9. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз жауынгерлік қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғалар, сондай-ақ 1941 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 9 мамыры аралығында кем дегенде алты ай еңбек еткен (қызмет атқарған) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз жауынгерлік қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған, аталған санат бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатын тұлғалар;

      10. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және (немесе) тұрғын үй көмегін алатын тұрмыс жағдайы төмен азаматтар (отбасылар);

      11. Бірге тұратын төрт немесе одан да көп кәмелет жасына толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар;

      12. Бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер;

      13. Зейнет жасына толған зейнеткерлер.

      14. Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын жасасқан кездегі отбасының (адамның) еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және қажет болғанда еңбекке қабілеттілерді қоса алғанда отбасы (адам) мүшелерін әлеуметтік бейімдеу жағдайларындағы жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейі мөлшерінің 60 %-ынан аспайтын адамдар (отбасылар).

      15. Емдеудің амбулаториялық кезеңінде жүрген және туберкулезге қарсы диспансерде диспансерлік есепте тұрған туберкулезбен науқас азаматтар.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - Алматы қаласы мәслихатының 09.12.2016 № 68 шешімімен (әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

  Алматы қаласы мәслихатының
2016 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 32 шешіміне
3 қосымша

Алматы қаласы мәслихатының кейбір күші жойылған шешімдерінің тізбесі

      1. V сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс ХХІ сессиясының "Әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау туралы" 2013 жылғы 28 қарашадағы № 183 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1016 болып тіркелген, 2013 жылғы 21 желтоқсанда "Алматы ақшамы" және "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған);

      2. V сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХХІV сессиясының "V сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XXI сессиясының "Әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау туралы" 2013 жылғы 28 қарашадағы № 183 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2014 жылғы 18 ақпандағы № 203 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1024 болып тіркелген, 2014 жылғы 8 наурызда "Алматы ақшамы" және "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған);

      3. V сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс ХХXІ сессиясының "Алматы қаласы мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2014 жылғы 10 қыркүйектегі № 267 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1087 болып тіркелген, 2014 жылғы 11 қазанда "Алматы ақшамы" және "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған);

      4. V сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХХХIV сессиясының "V сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс ХХІ сессиясының 2013 жылғы 28 қарашадағы № 183 "Әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2014 жылғы 10 желтоқсандағы № 290 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1117 болып тіркелген, 2014 жылғы 10 қаңтардағы "Алматы ақшамы" және "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған);

      5. V сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХLI сессиясының "Алматы қаласы мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 23 шілдедегі № 349 шешімінің 1 тармағының 1) тармақшасы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №1195 болып тіркелген, 2015 жылғы 13 тамызда "Алматы ақшамы" және "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған);

      6. V сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс LI сессиясының "Алматы қаласы мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" 2016 жылғы 11 наурыздағы № 420 шешімінің 1 тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1271 болып тіркелген, 2016 жылғы 9 сәуірде "Алматы ақшамы" және "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады