Қазақстан Республикасы 2005 жылғы 21 қарашада ратификациялаған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні Қазақстан Республикасының орындауы туралы баяндама бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі белгіленген тәртіппен Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні Қазақстан Республикасының орындауы туралы баяндаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жіберсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қарашадағы N 1035 қаулысымен бекітілген |
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы
халықаралық пактіні Қазақстан Республикасының орындауы туралы
Баяндама
Осы баяндама Қазақстан Республикасы 2005 жылғы 21 қарашада ратификациялаған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің 16-бабына сәйкес ұсынылды.
Кіріспе
1. Осы баяндаманы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі - Еңбекмині) мүдделі министрліктердің, ведомстволардың, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия және Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қатысуымен дайындады. Баяндамада Пактіде көрсетілген құқықтарды жүзеге асыру жөніндегі барлық шаралар мүмкіндігінше көрініс тапты. Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарға қатысты негізгі нормативтік құқықтық актілеріне талдау жасалды.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің ұлттық заңнама алдында басымдығы бар, өйткені Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағына сәйкес:
"Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады".
3. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні жүзеге асыру құқығы құзыретіне мынадай мемлекеттік және консультативтік-кеңесші органдар:
1) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия ие болады;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті;
3) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі;
4) Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі;
5) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі;
6) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі;
7) Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі;
8) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі;
9) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
10) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі;
11) Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі;
12) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия;
13) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық (Қазақстан Республикасындағы Адам құқығы жөніндегі уәкілетті орган).
4. Жалпы сипаттағы деректер
Қазақстан 2724,9 мың шаршы километр аумақты алып жатыр.
Қазақстан халқының саны 2007 жылғы 1 сәуірге жедел деректер бойынша 15 437 607 адам, оның 8 148 566 (52,8 %) қала халқы және 7 289 041 (47,2 %) ауыл халқы болды. 2007 жылғы 1 қаңтардағы халық санымен салыстырғанда жалпы өсім 40 700 адамды құрады.
Осы кезеңде Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстаннан басқа елдің барлық өңірлерінде халықтың өсімі байқалды. Республика халқының ең жоғары өсімі 2007 жылғы қаңтар-наурызда 34 772 адамға жетті.
2007 жылғы қаңтар-наурызда Адамдардың хал-жағдайлары актілерін жазу органдарында 77 803 баланың тууы тіркелген. Қалалы мекендердегі және ауылдық жерлердегі бала туу саны өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда тиісінше 11,5 % және 10,1 % көбейіп, тиісінше өмірге 42 034 және 35 769 бала келген.
2007 жылғы I тоқсанда қайтыс болған адамдардың саны 43 031 адам, оның ішінде қалалы мекендерде - 25 069 адам және ауылдық жерлерде - 17 962 адам болды. Еңбекке қабілетті жастағы қайтыс болғандардың үлес салмағы жалпы қайтыс болғандардың 40,2 % құрады. Еңбекке қабілетті жастағы еркектердің өлімі осы санаттағы әйелдердің өлімінен 2,9 есе артық.
15 және одан жоғары жастағы экономикалық белсенді халықтың үлес салмағы 8 030 600 адам, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар - 7 418 100 адам, ал жұмыссыздар - 612 500 адам, яғни жұмыссыздық деңгейі 7,6 % болды. Жұмыспен қамтылғандар құрылымындағы жалдамалы қызметкерлердің саны 4,9 млн. адамға (барлық жұмыспен қамтылғандардың 54%), өзін өзі жұмыспен қамтығандар - 2,6 млн. адамға (34,6 %) жетті.
2007 жылғы бірінші тоқсанда жұмыссыздардың саны 624 000 адам болды және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 600 адамға қысқарды. Жұмыссыздардың жалпы саны ішінде сан жағынан жұмыссыз әйелдердің қатары - 368 300 адам немесе 59 % басымдығы сақталып отыр. Бұл еркектерге қарағанда, 112 600 адамға (44%) артық. Жұмыссыздардың арасында жас құрылымы бойынша 25-39 жастағы адамдардың үлес салмағы басым - 42,6%, ал 40-54 жастағылар - 27,6%, 15-24 жастағы жастар - 24,3% (151 600 адам) болды. Жастар жұмыссыздығы деңгейі 11% болып қалыптасты.
Бір қызметкерге шаққандағы атаулы орташа айлық жалақы соңғы он жыл ішінде тұрақты артып келеді және 2007 жылғы I тоқсанда 47 306 теңгені құрады. Нақты жалақының өткен жылдың сәйкес кезеңіне арақатынасы 120% құрады.
Ішкі жалпы өнім 2007 жылғы наурызда 2 531,8 млрд. теңгені құрады. 2007 жылғы сәуірде тұтыну бағаларының индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,7%, ал өнеркәсіп өнімін өндірушілердің индексі - 107,6% болды.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыс (бағалау бойынша) 2007 жылғы наурызда 22 585 теңгеге жетті.
5. Саяси және құқықтық жүйелер
Конституция
Қазіргі қолданыстағы Конституция - тәуелсіз Қазақстанның 15 жылғы өміріндегі екінші Ата Заң. Осының алдындағы Конституция 1993 жылғы 28 қаңтардан 1995 жылғы 30 тамызға дейін қолданылды. 1993 жылға дейін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Конституциясы болды.
Қолданылып жүрген Конституция 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда қабылданған болатын.
1998 жылғы 7 қазанда оған өзгерістер, атап айтқанда, Парламент депутаттары мен Президент өкілдігінің мерзімін ұлғайтатын өзгерістер енгізілген болатын. Сондай-ақ, түзету енгізу нәтижесінде Президенттікке сайлануға және мемлекеттік қызметші лауазымына тұруға жоғарғы жас шектеуі алынып тасталды.
"Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы Заңына сәйкес Конституцияға тағы да бірқатар өзгерістер мен толықтырулар, атап айтқанда:
мемлекеттің қоғамдық бірлестіктерді, оның ішінде саяси партияларды қаржыландыруына рұқсат берілді (бұрын бұған конституциялық тыйым бар болатын);
ең ауыр жаза - өлім жазасы берілетін қылмыстардың саны азайтылды;
тұтқындауға санкция беру функциясы енді сотқа берілді (бұрын бұл функцияларды прокуратура органдары атқаратын);
ел Президентінің өкілеттік мерзімі жеті жылдан бес жылға дейін азайтылды;
Президенттің өз міндеттерін атқару кезінде саяси партияларға мүшелігін тоқтата тұруы туралы конституциялық ереже алынып тасталды;
Парламенттің төменгі (Мәжіліс) және жоғары (Сенат) палаталарындағы орындардың саны көбейтілді;
Парламенттің жоғары (Сенат) палатасына Президент тағайындайтын депутаттардың саны көбейтілді;
Парламенттің төменгі палатасы (Мәжіліс) депутатының императивтік мандаты енгізілді, осыған байланысты партиялық тізімі бойынша өзі сайланған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған жағдайда, немесе осы партияның қызметі тоқтатылған жағдайда Мәжіліс депутаты өзінің мандатынан айрылады;
жергілікті өкілетті органдар - мәслихаттардың өкілеттік мерзімі көбейтілді.
Конституция адамның негізгі құқықтары мен еркіндіктеріне кепілдік береді (II бөлім). Конституцияны Президенттің ұсынысы бойынша Парламент өзгерте және толықтыра алады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Конституциясына Президенттің өзінің бастамасымен, Парламенттің немесе Үкіметтің ұсынысымен Президент қабылдаған шешім бойынша өткізілетін республикалық референдуммен өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Егер Президент Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламенттің қарауына беруге шешсе, онда жоба республикалық референдумға шығарылмайды. Бұл жағдайда, Парламент шешімі Конституцияда белгіленген тәртіппен қабылданады. Егер Республика Президенті Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын кері қайтарса, онда Парламент Парламенттің әр палатасы депутаттарының жалпы санының бестен төртінен кем емес көпшілік даусымен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда Президент бұл заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, ол республикалық референдумға қатысу құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, өтті деп есептеледі. Егер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың кемінде үштен бірінде және астанада дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы олар үшін дауыс берсе, Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қабылданды деп есептеледі.
Президент
Қазақстанда президенттік басқару нысаны қалыптасқан.
Қазақстан Республикасының Президентін жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.
Бір адам қатарынан екі реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды. Бірақ бұл ереже Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.
Президент мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатының негізгі бағыттарын айқындайды; Парламент сайлауын тағайындайды; референдум өткізу туралы шешім қабылдайды; заңдарға, халықаралық шарттар мен ратификацияланған грамоталарға қол қояды.
Президенттің заң шығаруға бастамашылық құқығы бар.
Президент Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымын айқындайды, Республиканың Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; Үкіметке заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырады; Үкіметтің, Республика Премьер-Министрінің, облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады.
Президент Парламент Сенатының келісімімен Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорды және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды, оларды қызметінен босатады.
Президент Орталық сайлау комиссиясының Төрағасының және екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.
Президент Парламент Палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен кеңескеннен кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.
Президент Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді.
Президент Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесу органдарын, сондай-ақ Қазақстан халқының Ассамблеясын және Жоғарғы Сот кеңесін құрады.
Президент республика азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерін шешеді, азаматтарға рақымшылық жасайды, мемлекеттік наградалармен марапаттайды, құрметті, жоғары әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендер, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді және Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған өзге де өкілеттіктерді атқарады.
Президенттің Парламент қабылдаған заңдарға вето, Үкіметтің және атқарушы билік органдарының барлық нормативтік актілерінің күшін жою не тоқтата тұруға құқығы бар, ол Қазақстан аумағында орындалуы міндетті Жарлықтар мен өкімдер, ал 1995 жылғы Конституцияда көзделген жағдайларда - заң күшіне ие заңдар мен жарлықтар шығара алады.
Президенттің басқа да өкілеттіктері "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық Заңында айқындалған.
Президентті лауазымынан Парламент мемлекеттік сатқындық жағдайында ғана шеттете алады. Бұл мәселе бойынша ақырғы шешім, айыптаудың негізділігі туралы Жоғарғы соттың қорытындысы мен белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталуы туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған кезде, әр палата депутаттарының көпшілік дауысымен (жалпы санының кемінде төрттен үші) қабылданады.
Президент өзінің міндеттерін сырқатқа байланысты жүзеге асыруға тұрақты қабілетсіз болған кезде мерзімінен бұрын қызметінен босатылуы мүмкін.
Парламент
Парламент екі палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
Сенатты әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және астанадан екі адамнан сайланатын депутаттар құрайды. Сенат депутаттарын жергілікті өкілетті билік органдары - мәслихаттар депутаттары сайлайды. Сенаттың он бес депутатын ұлттық-мәдени және басқа да елеулі қоғамның мүдделерін ескере отырып, Президент тағайындайды.
Мәжіліс бір жүз жеті депутаттан тұрады. Тоқсан сегіз депутатты сайлау жасырын дауыс беру арқылы жалпыға ортақ, тең және төте дауыс беру негізінде жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Партиялық тізім негізінде депутат мандатын бөліп таратуға дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемінде жеті процент даусын жинаған саяси партиялар жіберіледі. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл, Мәжілісі депутаттарының өкілеттік мерзімі - бес жыл.
Парламент депутаттарының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
Парламент депутаты Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен, оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген, Қазақстан Республикасында азаматтығын жоғалтқан жағдайларда өз мандатынан айрылады.
Парламент Мәжілісінің депутаты конституциялық заңға сәйкес өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған, конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан кезде өз мандатынан айрылады.
Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады.
Парламент заңдарды қабылдайды, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, республиканың халықаралық шарттарына ратификациялайды және күшін жояды.
Палаталардың бірлескен отырысында Парламент:
Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді;
Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге хақылы;
соғыс және бітім мәселелерін шешеді;
Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға Республика Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды;
Конституцияда Парламентке жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Заң шығару бастамасы құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламент депутаттарына беріледі және ол тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады.
Парламент Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заң баптары бойынша Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді алдымен Мәжілісте, кейіннен Сенатта дәйекті қарау жолымен қайталап талқылау мен дауысқа салуды, қарсылық жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылығының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат бұрын қабылданған шешімді әр Палатадағы депутаттардың жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен қолдаса, Президент бір айдың ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылықтары ең болмағанда Палаталардың біреуінде еңсерілмесе, заң қабылданбаған немесе Президент ұсынған редакциямен қабылданды деп есептеледі. Бұл орайда, Президенттің конституциялық заңдарға қатысты қарсылықтарын Парламент әр Палатадағы депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен еңсереді.
Сенат Жоғарғы сот Төрағасын және Республика Жоғарғы сотының судьяларын (Президенттің ұсынуымен) сайлайды және қызметінен босатады, Президенттің Ұлттық Банктің Төрағасын, Бас прокурорды және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім береді.
Мәжіліс өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, Мәжіліс уақытша болмаған кезеңде конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау жөніндегі функцияларды атқарады.
Парламенттің қарауына енгізілген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қабылдау және оларды қарау, Палата депутаттары санының басым көпшілік даусымен Республика Президентінің Республика Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру тек қана Мәжілістің құзыретіне жатады.
Мәжіліс депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің бастамасымен, Мәжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Мәжіліс Үкіметке сенімсіздік білдіруге құқылы. Президент Парламент Палаталарының Төрағасымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейін Парламент пен Мәжілісті тарата алады.
Парламентті ұйымдастыру мен оның қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы""Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 16 қазандағы Конституциялық Заңымен айқындалады.
Үкімет
Үкіметті Қазақстан Республикасының Президенті құрады, ол Президенттің алдында жауапты және Парламентке есеп береді.
Премьер-Министрді Президент Парламент Мәжілісінің келісімімен тағайындайды.
Парламент Үкімет Бағдарламасын тыңдайды және оны мақұлдайды не қабылдамайды.
Үкімет мүшелері Республика заңдарын орындамаған жағдайда, Парламент Палаталарының әр қайсысы дербес, екінші Палатаның қатысуынсыз, есепті тыңдау нәтижелері бойынша, Палата депутаттары санының басым көпшілік даусымен Үкімет мүшелерін қызметінен босату туралы Республика Президентіне мәлімдеме қабылдауға құқылы. Егер Республика Президенті бұндай мәлімдемені қабылдамаса, бірінші мәлімдеме жасалған күннен бастап алты ай өткен соң Үкімет мүшелерін қызметінен босату туралы мәселені Палата депутаттары санының басым көпшілік даусымен Республика Президентіне екінші рет қоюға құқылы. Бұл жағдайда Президент Үкімет мүшесін қызметінен босатады.
Президент өзінің жеке бастамасымен Үкімет өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін қызметінен босатуға құқылы. Премьер-Министрді қызметінен босату бүкіл Үкіметтің өкілеттігінің тоқтатылғанын білдіреді.
Үкіметтің құзыреті, оны ұйымдастыру мен қызмет тәртібі "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық заңмен айқындалады.
Конституциялық Кеңес
Конституциялық Кеңес 1995 жылғы Конституцияға сәйкес құрылды және Президент қол қойғанға дейін Парламент қабылдаған заңдардың республика Конституциясына сәйкестігін қарайды; республиканың халықаралық шарттарының Конституцияға сәйкестігін ратификациялауға дейін қарайды; Конституция нормаларына ресми түсінік береді; Республика Президентін, даулы жағдайда Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің және республикалық референдум өткізудің дұрыстығы туралы мәселені шешеді; Парламент пен оның Палаталары қабылдаған қаулылардың республика Конституциясына сәйкестігін қарайды; Конституцияда айқындалған өзге де өкілеттіктерді орындайды.
Конституциялық Кеңес бұл мәселелерді Президенттің, Премьер-Министрдің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің сұрауымен ғана қарайды.
Конституциялық Кеңес адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым келтіреді деп танылған заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді жояды және оларды қолдануға болмайды.
Конституциялық Кеңес өкілеттік мерзімі алты жыл жеті мүшеден тұрады. Кеңес мүшелерін екі-екіден Сенат пен Мәжіліс, екі мүшесі мен төрағаны Президент тағайындайды.
Соттар мен сот әділдігі
Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсіздігі Конституциямен және заңмен қорғалады. Жоғарғы сот пен жергілікті соттар Қазақстан Республикасының соттары болып табылады.
Жоғарғы сот мүшелерін қоспағанда, барлық судьяларды Президент тағайындайды. Жоғарғы сот Қазақстан Республикасының ең жоғары сот органы болып табылады.
Жоғарғы соттың Төрағасы мен Жоғарғы соттың судьяларын Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды.
Соттың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым келтіреді деп танылған заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқығы жоқ.
Соттардың және Жоғарғы Сот Кеңесінің мәртебесі, қалыптастыру тәртібі мен олардың жұмысын ұйымдастыру""Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 20 желтоқсандағы Конституциялық заңмен айқындалады.
Прокуратура
Прокуратура заңдардың, Президент Жарлықтарының, өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәл және бірыңғай қолданылуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді, және заңдарда белгіленген шектерде қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
Республика прокуратурасы төмен тұрған прокурорлар жоғары тұрғандарына және Президент бес жыл мерзімге тағайындайтын Бас прокурорға бағынысты орталықтандырылған бірыңғай жүйені құрайды. Прокуратура тек Президентке ғана есеп береді.
Прокуратураның мәртебесі, ұйымдастыру мен олардың қызмет тәртібі "Қазақстан Республикасындағы прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Конституциялық заңымен айқындалады.
Жергілікті билік органдары
Жергілікті мемлекеттік басқаруды жергілікті өкілдікті және атқарушы органдар жүзеге асырады, олар тиісті аумақтағы істің жай-күйі үшін жауапты.
Жергілікті өкілдікті органдар - мәслихаттарды халық жалпыға ортақ, тең және төте сайлау құқығымен бес жыл мерзімге сайлайды.
Мәслихаттардың қарауына: жоспарларды, аумақтың экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың орындалуы туралы есептерді бекіту; жергілікті әкімшілік-аумақтық орналасу мәселелерін шешу; жергілікті атқарушы органдар басшыларының мәслихат құзыретіне кіретін мәселелер жөніндегі есептерін қарау, және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктер жатады.
Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді және тиісті аумақта атқарушы биліктің жалпымемлекеттік саясатының жүргізілуін қамтамасыз етеді.
Жергілікті атқарушы органдардың қарауына: экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу, коммуналдық шаруашылықты басқару; Конституцияда және заңнамада айқындалған өзге де өкілеттіктер жатады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының келісімімен республика Президенті тағайындайды.
Мәслихат депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасымен әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Бұндай жағдайда мәслихат депутаттары жалпы санының басым көпшілігінің даусымен әкімге сенімсіздік білдіруге және оны қызметінен босату туралы тиісінше Президенттің не жоғары тұрған әкімнің алдына мәселе қоюға құқылы. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана әкімдерінің өкілеттіктері жаңадан сайланған Президент өз қызметіне кіріскенде тоқтатылады.
6. Адам құқықтарын заңнамалық және институционалдық қамтамасыз ету
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары ішінде заңнаманы жетілдіру және оны біздің еліміз ратификациялаған адам құқықтары туралы халықаралық құжаттармен сәйкестікке келтіру жөнінде үлкен жұмыс атқарылды. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Реcпубликасы Президентінің жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия сияқты құқық қорғау мекемелері құрылды.
Адам құқықтары жөніндегі комиссия - әлемде кеңінен тараған ұлттық құқық қорғау мекемелері үлгілерінің біреуі болып табылады. Біздің елімізде бұл орган республика Президентінің Жарлығымен 1997 жылы құрылған болатын. Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 19 наурыздағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия туралы ережеге сәйкес Комиссияның қызметінің негізгі бағыты болып Қазақстанда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болу конституциялық өкілдігін атқаруда Мемлекет Басшысына көмек көрсету болып табылады. Комиссия адам құқықтары саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру және құқық қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар дайындайды. Комиссияға түсетін жолданулар ең алдымен адам құқықтары туралы жағдайды зерттеуге, заңнамалық базадағы және мемлекеттік органдардың құқық қолдану тәжірибесіндегі кемшіліктерді табуға қажет.
Комиссияның негізгі қызметі өзінің аса маңызды функциясы - Қазақстанда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болуды атқаруда Мемлекет Басшысына көмек көрсету болып табылады.
Консультативтік-кеңесші саяси орган бола отырып, Комиссия мемлекеттік органдармен, соттармен, прокуратурамен, полициямен, сондай-ақ қазақстандықтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау ісінде өзінің табиғи әріптестеріне айналған үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып әрекет етеді.
Адамның құқықтары мен бостандықтары саласындағы мемлекеттік билік органдарының қызметін бақылау мен қадағалауды жүзеге асырушы органдар жүйесінде омбудсмен институты маңызды орынға ие.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (әрі қарай - Уәкіл) институты қоғамның дамуының, оның демократиялануы мен елдегі адам құқығы идеясының қалыптасуы нәтижесі іспетті болды. Жаңа мемлекеттік органды құру алдында осы институтты таныту, уәкіл институтының мемлекеттік басқаруды жетілдіруге әсерін талдау және жобалау жөнінде сан салалы жұмыс жүргізілді.
Сондай-ақ, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 2-бабы 1-тармағына сәйкес азаматтық заңнама ол реттейтін қатынастарға қатысушылардың теңдігін тануға, мүлікке қол сұқпаушылыққа, келісім бостандығына, адамның жеке ісіне кімнің болса да өздігінен араласуына жол бермеуге, азаматтық құқықтарын кедергісіз жүзеге асыру қажеттігіне, бұзылған құқықтардың қалпына келтірілуін қамтамасыз етуге, оларды сотпен қорғауға негізделеді.
Азаматтық процессуалдық кодексінің 5-бабына сәйкес азаматтық сот өндірісінің міндеттері азаматтардың, мемлекеттің және ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
1997 жылғы 16 шілдеде қабылданған Қылмыстық кодекстің міндеттері: жеке адам мен азаматтың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін, ұйымдардың меншігін, құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүддесін қылмыстық қол сұғудан қорғау, бейбітшілікті және адам қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ қылмыстың алдын алу болып табылады.
Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 8-бабы 2-тармағына сәйкес қылмыстық істер жөніндегі заңмен белгіленген өндіріс тәртібі жеке адам мен азаматты негізсіз айыптаудан және соттаудан, құқықтары мен бостандықтарының заңсыз шектелуінен қорғауды қамтамасыз етуге тиіс, кінәсіз жан заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда - оның шұғыл және толық ақталуын, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіптің нығаюына, қылмыстың алдын алуға, құқыққа құрметпен қарауды қалыптастыруға жәрдемдесуге тиіс.
Қазақстан Республикасының қылмыстық-орындаушылық заңнамасының мақсаты әлеуметтік әділетті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу, сотталғандар ғана емес, сонымен қатар өзге адамдардың да жаңа қылмыс жасауының алдын алу болып табылады. Осы мақсаттарға сәйкес қылмыстық-орындаушылық заңнама міндеті жазаны өтеудің тәртібі мен жағдайларын реттеу, сотталғандарды түзеу жолдарын айқындау, олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету болып табылады.
7. Адам құқықтарын насихаттау және оларды хабардар ету
Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы білім беру жөніндегі 2006-2007 жылдарға арналған Ұлттық іс-шаралар жоспары (әрі қарай - Ұлттық жоспар) бекітілді.
Қазақстан Республикасы БҰҰ Бас Ассамблеясы ұсынған адам құқықтары саласындағы Бүкілдүниежүзілік бағдарламаның мақсаттарын қолдайды, және адам құқықтары саласындағы білім беру адам құқықтарын жүзеге асыру ісіне үлкен үлес қосады деп атап көрсетеді.
Адам құқықтары жөніндегі комиссияның 2004/71 қарарымен Бүкілдүниежүзілік бағдарламаның бірінші кезеңі (2005-2007 жылдар) шеңберінде бастауыш және орта білім беру жүйесіне баса назар аударылады. Осыған сәйкес Қазақстан Республикасы орта мектептер жүйесіндегі адам құқықтары саласындағы білім беру мәселелері бойынша зерттеу жүргізу және Ұлттық жоспарды әзірлеу жөнінде өзіне міндеттеме алды.
Бұл бағдарламаның адам құқықтары саласындағы білім беру процесіндегі алғашқы бағдарлама емес екенін атап өту керек. Адам құқықтары мәселелері бойынша ағарту саласындағы бастамаларға жәрдемдесу мақсатында БҰҰ 1995-2004 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы білім берудің он жылдығы сияқты халықаралық іс-шаралардың нақты шеңбері қабылданған болатын, бұл шаралар ұлттық деңгейде адам құқықтары саласындағы білім беру мүддесінде кең ауқымды, тиімді және тұрақты стратегияларды әзірлеуге және жүзеге асыруға жәрдемдесті.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі - БҒМ) Ұлттық жоспарды әзірлеу барысында сарапшылар мен әлеуметтік ұйымдарды тарта отырып жалпы орта білім беру мектептеріндегі адам құқықтары саласында білім беру жағдайына Ұлттық зерттеу жүргізді. Осыған орай адам құқығы бойынша білім мониторингіне арналған индикаторлар әзірленген болатын. Олардың арасында: адамның негізгі құқықтары туралы оқушылардың хабардар болу көрсеткіші, адам құқығын оқытуға бөлінетін сағаттардың саны, адам құқықтары жөніндегі оқулықтармен және көмекші құралдармен жабдықталу көрсеткіштері және т.б. бар.
Жүргізілген зерттеу жиынтығы орта мектептегі адам құқықтары саласындағы білім беру жөніндегі жалпы жағдайды көруге мүмкіндік берді.
Әртүрлі сыныптарда адам құқықтары саласындағы білім беруге арналған сағаттардың саны айына төрт сағаттан бес сағатқа дейін, бұған қосымша факультативтер, сынып сағаттары, мектептен тыс шаралар өткізіледі.
Сұрау салу нәтижелері оқушылардың (96%) мектепте өз құқықтарын анағұрлым тереңірек зерттеуге ынталы екенін көрсетті. Құқықтары бұзылған жағдайда кімге баруды білетін балалардың пайызы төменгі сыныптардан жоғары сыныптарға қарай көбейеді (43%-тен 58%-ке дейін).
Адам құқықтары мәселелері бойынша балалардың білімін қалыптастыруда және практикалық көмек көрсетуде ата-аналар мен отбасының рөлі зор, өйткені оқушылардың көпшілігі адам құқықтары жөніндегі ақпаратты өз ата-аналарынан алады, және құқықтары бұзылған жағдайда да олар өзінің ата-анасына барады.
Зерттеу нәтижелерін кеңінен талқылау, сондай-ақ әзірленген ұйғарымдар мен ұсыныстар адам құқықтары саласындағы білім беруді жетілдіруге, адам құқықтарын оқытудың маңыздылығын ескере отырып, азаматтану және құқықтық саладағы басқа да пәндерді оқытуды түзеуге жәрдемдеседі. Ұлттық зерттеу жобасын талқылау мақсатында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, ОБСЕ Орталығын қолдау жөнінде бірқатар шаралар өткізілді.
Республикадағы адам құқықтары саласындағы білім беру ахуалын, ондағы оң өзгерістерді атап өту маңызды. Адам құқықтары білім берудің барлық жүйесі шеңберінде және білім берудің барлық деңгейлерінде енгізілуде және іске асырылуда.
Ұлттық жоспар мақсаттар мен басымдықтарды, сондай-ақ жүргізілген ұлттық зерттеу нәтижелері бойынша айқындалған оларды іске асыру жөніндегі іс-шараларды қамтиды. Ұлттық жоспарда 8 басымдық көзделген, олар адам құқықтары саласындағы білім берудің Бүкілдүниежүзілік бағдарламасында ұсынылған, орта мектепте адам құқықтары саласындағы білім беру компоненттерін ескере отырып қалыптастырылды.
Ұлттық жоспардың мақсаттарына жету қысқа мерзімге 2006-2007 жылдарға арнаған, бұл Бүкілдүниежүзілік бағдарламаның бірінші кезеңін (2006-2007 жж.) іске асыру қажеттігінен туындайды. Ұлттық жоспарды іске асыру қорытындылары бойынша қол жеткен жетістіктерді бағалау және Бүкілдүниежүзілік бағдарламаның келесі кезеңдерін іске асыру жоспарын әзірлеу жоспарлануда.
Ұлттық жоспардың негізгі мақсаттары: адам құқығы мәдениетін оқытуды жетілдіру, адам құқықтары саласындағы білім берудің негізгі әдістері мен принциптерін жалпы ұғынуға қол жеткізу, ұлттық және халықаралық деңгейдегі адам құқықтары саласындағы білім беруге баса назар аудару, адам құқықтары саласындағы білім беруді дамыту және жетілдіру ісінде барлық мүдделі тараптардың өзара іс-әрекеті мен ықпалдастығын ұлғайту, сондай-ақ адам құқықтары саласында білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларын жетілдіру болып табылады.
Ұлттық жоспардың іс-шараларын іске асыру өзінің құқығын белсенді де сауатты пайдалануға қабілетті оқушының адам құқықтары мәдениетін қалыптастырудан, оқушылардың құқықтану деңгейін арттырудан, балалар арасындағы қылмыстың азаюынан, сондай-ақ құқықтық тұрғыдағы оң құбылыс көріністерінен байқалады. Алайда, адам құқықтары саласындағы білім беруді жүйелі жетілдіру мен оқушыларды адам құқығын құрметтеу рухында тәрбиелеу жөніндегі жұмыс үлкен қиындықтармен байланысты, және оларды ұзақ та мақсатты жұмыс жүргізу арқылы ғана мүмкін болатынын ұмытпау керек.
Қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында осы процеске қатысушылардың барлығының: мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың, сондай-ақ педагогикалық қызметкерлер мен оқушылардың өздерінің де тығыз ынтымақтастығы қажет.
Осылайша, Ұлттық жоспар Қазақстан Республикасындағы орта білім беру шеңберінде адам құқықтары саласындағы білім беруді жетілдіруге бағытталған бірінші кезектегі, жоспарлы нақты бірқатар әрекеттерді қамтиды. Ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдесетін бірқатар іс-шаралар:
2006-2007 жылғы оқу жылынан бастап республика мектептерінде құқықтық пәндер республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының тізбесіне енгізілді;
2006 жылғы 30 қарашадан 20 желтоқсан аралығында орта жалпы, бастауыш кәсіптік және орта кәсіптік білім беру ұйымдарында заңгерлік жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің""Құқықтық білім - оқушыларға" республикалық акциясы мен Адам құқығы, Адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларациясы күндеріне арналған басқа да арнаулы іс-шаралар өткізілді;
БҒМ веб-сайтында"Адам құқықтары бойынша білім беру рубрикасы жасалған;
адам құқықтары саласындағы білім беру мәселелері жөнінде арнаулы материалдар даярланып, мерзімді журналдар мен газеттерде: "Внешкольник Казахстана", "Қазақстан тарихы", "История Казахстана: преподование в вузах и школах", "Учитель Казахстана", "Қазақстан мұғалімі",""Қазақстан мектебі",""Столичное образование" және т.б. беттерінде жарияланды.
Білім берудің міндетті мемлекеттік стандарттарына сәйкес жалпы білім беру мектептерінде қоғамдық-құқықтық пәндердің циклы оқытылады: бастауыш сыныптарда - "Ана тілі", "Әлемтану", жоғарғы сыныптарда - "Тарих" (51 сағ.), "Қазақстан тарихы" (51 сағ.), "Қоғамтану негіздері" (68 сағ.), "Құқықтану негіздері" (68 сағ.). Халықаралық сайлау жүйелері қоры жасаған "Азаматтануға кіріспе" бағдарламасы бойынша арнайы курстар енгізілуде.
2005-2006 оқу жылынан бастап республика мектептерінде "Гуманитарлық құқықты зерттей отырып" (ГҚЗ) аймақтық жобасы жүзеге асырылуда, оның негізгі міндеттерінің бірі - Халықаралық гуманитарлық құқық (ХГҚ) туралы білімді тарату. Берілген бағдарлама гуманитарлық құқық пен негізгі адам құқықтарының бұзылуларын шектеуге және алдын алуға бағытталған, оқушылардың дүниеге көзқарасының қалыптасуына жәрдемдеседі, белгілі бір проблеманың түрлі аспектілерін зерттеуге және оны дұрыс талдауға үйретеді. Курсты оқу барысында оқушыларда қазіргі заманғы әлеуметтік және саяси оқиғаларға деген қызығушылық және оларды түсіну дамиды, олар ағымдағы оқиғалар мен гуманитарлық акцияларды халықаралық құқық тұрғысынан бағалауды үйренеді, халықтың әлеуметтік шетін топтарына қолдау көрсетуі тиіс қоғамдық бірлестіктердің қызметімен танысады.
ХГЗ пилоттық жобасы Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының 30 жалпы білім беру мектептерінде жүзеге асырылуда. ХГЗ жобасын үйлестіру және әдістемелік қамтамасыз ету Білім беру жүйесінің ғылыми-педагогикалық кадрларының біліктілігін жоғарылату республикалық институтына және педагогикалық кадрлардың біліктілігін жоғарылату облыстық институттарына жүктелген. Қазіргі кезде ХГЗ оқу құралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 15 ақпандағы"Білім беру ұйымдарында "2007-2008 жылдары қолдануға рұқсат берілген оқу басылымдарының тізімін бекіту туралы" бұйрығына енді.
Ұлттық жоспардың іс-шараларын іске асыру игі нәтиже беруге тиіс, бұл өзінің құқығын белсенді де сауатты пайдалануға қабілетті оқушының адам құқықтары мәдениетін қалыптастырудан, оқушылардың құқықтану деңгейін арттырудан, балалар арасындағы қылмыстың азаюынан, сондай-ақ құқықтық тұрғыдағы оң құбылыс көріністерінен байқалады. Алайда, адам құқықтары саласындағы білім беруді жүйелі жетілдіру мен оқушыларды адам құқығын құрметтеу рухында тәрбиелеу жөніндегі жұмыс үлкен қиындықтармен байланысты және оларды ұзақ та мақсатты жұмыс жүргізу арқылы ғана мүмкін болатынын ұмытпау керек.
I БӨЛІМ
1-бап
1 . Барлық халықтар өзінің мемлекеттік құрылысын өздері шешуге құқылы. Осы құқық бойынша олар өз елінің саяси мәртебесін еркін белгілеп, оның экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуын еркін түрде қамтамасыз етеді.
2. Барлық халықтар алдына қойған мақсат-мұраттарына жету жолында халықаралық ынтымақтастықтан туындайтын, өзара тиімділік қағидаттар мен халықаралық құқыққа негізделген қандай да болсын міндеттемелерге нұқсан келтірместен, өз елінің табиғи байлықтары мен ресурстарын еркін игере алады. Бірде-бір халықты меншігіндегі тіршілік етуге қажетті заттардан үш уақытта айыруға болмайды.
3. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттердің бәрі, соның ішінде өзін-өзі басқарушы емес және қамқорлығындағы аумақтарды басқаруда жауапты мемлекеттер де, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелеріне сәйкес, мемлекеттік құрылысын өзі шешу құқығын жүзеге асыруын көтермелеуге және ондай құқықты құрметтеуге тиіс.
8. Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабына сәйкес Қазақстан президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып табылады. Республиканың суверенитеті оның барлық аумағына тарайды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабына сәйкес мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы халық болып табылады. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Қазақстанда билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді. Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады.
9. Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады. Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте болуы мүмкін.
10. Қазақстан Республикасы Конституциясының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтық принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады.
II БӨЛІМ
2-бап
1. Осы Пактіге қатысушы әрбір мемлекет дербес түрде және халықаралық көмек пен ынтымақтастық ретінде, атап айтқанда, экономикалық және техникалық салаларда, осы Пактіде танылған құқықтарды барлық тиісті тәсілдермен, атап айтқанда, заңнамалық шаралар қабылдауды қоса алғанда, бірте-бірте толық жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін қолда бар ресурстардың барынша ауқымды шегінде шаралар қабылдауға міндеттенеді.
2. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер Пактіде жарияланған құқықтар нәсілге, түр-түске, жынысқа, тілге, дінге, саяси немесе өзге наным-сенімдерге, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүліктік жағдайға, сондай-ақ туылуы немесе өзге де жағдаяттарға қарамастан, қандай да болмасын кемсітусіз жүзеге асырылатынына кепілдік беруге міндеттенеді.
3. Дамушы елдер адам құқықтарын және өз халық шаруашылығын тиісті есепке ала отырып, өздерінің азаматтары болып табылмайтын адамдарға да осы Пактіде танылған экономикалық құқықтарды қандай ауқымда беруге кепілдік бере алатынын айқындай алады.
11. Қазақстан Республикасында азаматтардың экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын қамтамасыз ету саласында мынадай заң актілері қолданылады: Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (жалпы және ерекше бөлімдер), Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі , Қазақстан Республикасының " Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы", " Жеке кәсіпкерлік туралы ", "Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметі туралы ", " Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы", " Табиғи монополиялар туралы ", " Сауда қызметін реттеу туралы ", " Демпингке қарсы шаралар туралы ", " Мәдениет туралы ", " Дене шынықтыру және спорт туралы ", " Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы ", "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы ", " Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы", " Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша , асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы", " Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы", " Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы ", " Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы", " Ұлы Отан соғысының қатысушыларына , мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы", " Жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы туралы", " Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы", " Психиатриялық жәрдем және оны көрсеткен кезде азаматтардың құқықтарына берілетін кепілдіктер туралы", " Арал өңіріндегі экологиялық күйзеліс салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы", " Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы", " Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы ", " Әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы", " Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы", " Тұрғын үй қатынастары туралы ", " Халықтың көші-қоны туралы " заңдар қолданылады.
Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалауды жүзеге асыру мақсатымен адамның және азаматтың нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру жөнінде өз құзыреті шегінде өкілеттіктер берілген Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 19 қыркүйектегі Жарлығымен Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы белгіленді. Бұл институт адамдардың бұзылған құқықтарын қосымша қорғауға мүмкіндіктер беретін ұлттық құқық қорғау мекемесі болып табылады.
Уәкіл мекемесі бес жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Құқық бұзушылықтар туралы өтініштерді қарау, оларда көрсетілген фактілерді тексеру және құқық бұзылған жағдайда, оны қалпына келтіру омбудсмен қызметінің негізгі бағыттары болып табылады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 19 қыркүйектегі N 947 Жарлығымен бекітілген Уәкіл туралы ереженің 17-тармағына сәйкес Уәкіл өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ шетелдік азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың өздерінің Конституцияда және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын ұйымдар мен лауазымды адамдардың бұзатын әрекеттері мен шешімдеріне шағымдарын қарайды. Яғни, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 2-бабы 3-тармағына сәйкес ресми сипатта әрекет ететін адамдар әрекеттерін тексеруге Уәкілдің құқығы бар субъектілер болып табылады. Бұл ретте, Уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактілері туралы деректерді келіп түскен өтініштер негізіндегі сияқты, егер осы бұзушылықтар туралы оған ресми көздерден немесе бұқаралық ақпарат құралдарынан мәлім болса, өз бастамасымен де тексереді.
Өтініштерде көрсетілген фактілерді тексеру кезінде Уәкіл заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) шағымды қарау үшін қажетті деректерді лауазымды адамдардан немесе ұйымдардан сұратуға;
2) мемлекеттік органдардың, өзге де ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдарының кідіртпей қабылдауына;
3) Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ шетелдік азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың шағымдарын қарау нәтижелері бойынша, сондай-ақ олардың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар туралы ақпаратты басқа жолмен алған кезде, Парламент палаталарынан осы мәселелер бойынша парламенттік тыңдау өткізу туралы өтінуге;
4) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуымен байланысты мән-жайларды тиісінше анықтау бойынша қорытынды дайындау үшін сараптамалық және консультациялық жұмыстарды орындауға ұйымдар мен мамандарды келісім шарт негізінде тартуға;
5) адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылдауға;
6) қызметтік куәлігін ұсынуы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, аумағына және ғимараттарына, оның ішінде әскери бөлімдер мен құрамалар кіруге және болуға, сондай-ақ бас еркінен айыру орындарында болуға және оларда ұсталатын адамдармен кездесіп әңгімелесуге;
7) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік өндірістік не қылмыстық іс қозғау туралы қолдаухатпен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға өтінішпен баруға;
8) жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында ресми хабарламалар жариялауға құқығы бар.
Мекеме қызмет еткен уақыттан бері 8758 жазбаша және өтініш келіп түссе, омбудсменге барлығы 49133 адам шағым білдірген. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқық бұзушылықтарға мегзейтін шағымдардың саны әжептәуір азайды. Егер 2003 жылдың ішінде зейнетақы, жәрдемақы, материалдық көмек, өтемақы төлеу кезінде, әлеуметтік жеңілдіктер беруге, мүгедектер мен әскери қызметшілердің құқықтарына қатысты және өзге де әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне қатысты құқық бұзушылықтар туралы өтініштердің қатары 12,88% (саны жағынан өтініштердің екінші тобы) болса, 2007 жылғы соңғы екі тоқсанда мұндай шағымдардың қатары 7% аспады. Еңбек құқықтарына қатысты шағымдардың саны қысқарды (5,22%-тен 2,8%-ке дейін), денсаулық сақтауға қатысты (1,77%-тен 0,9 %-ке дейін) қысқарды. Сонымен қатар, тұрғын үй құқықтарына байланысты шағымдардың өсуі байқалды (5%-тен 12,7%-ке дейін), бұл негізінен урбанизацияға және астананың көшуіне байланысты.
Уәкіл мекемесі қызмет еткен уақыт ішіндегі шағымдар сипатының өзгеруін мына диаграммадан аңғаруға болады:
Өтініштер сипатының өзгеруі
(қағаз мәтінінен қараңыз)
Уәкіл оң шешетін шағымдардың саны өндіріске қабылданған шағымдардың 18%-тінен 31%-тіне дейін құрайды (2003 жылы - 18%, 2004 жылы - 20%, 2005 жылы - 26%, 2006 жылы - 31%).
Азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі Уәкіл ұйғарымдарының орындалуы және осыған байланысты лауазымды адамдарды жазалау жөнінде тұрақты мониторинг жүзеге асырылады.
Уәкілдің пікірі бойынша қоғамдық үлкен маңызы бар жағдайларда ол өзінің өтінішін тікелей Президентке, Парламентке немесе Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолдауға құқылы. Мекеме қызмет еткен уақыт ішінде жерге меншік құқығына, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары болып табылатын адамдардың құқығына, зейнеткерлердің құқығына, Байқоңыр қаласы тұрғындарының тұрғын үй құқығына, шетелдік кәсіпорындарда және шетелдің қатысуы бар кәсіпорындарда істейтін адамдардың құқықтарына қатысты, сондай-ақ "Балаларды қорғау туралы" Конвенцияға қосылу және шетелдің бала асырап алуына қатысты ынтымақтастық туралы" және "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары бойынша, Қазақстан Республикасында өлім жазасын түпкілікті жою мәселесі жөнінде 12 өтініш дайындалған. Бұған қоса, Уәкіл Тараз қаласындағы N 2 қарттар мен мүгедектер үйіндегі қарттар мен мүгедектердің құқығын бұзушылық фактісі мен N 1 балалар үйінің жер учаскесін алып қою фактісі бойынша өтініш жіберді. Өтініштердегі Уәкіл көтерген мәселелер көбінесе, оң шешімін тапты.
12. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Республиканың азаматы өзінің азаматтығына орай құқықтарға ие болып, міндеттер атқарады. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс.
Конституцияның 14-бабына сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.
13. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабы 4-тармағына сәйкес Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады. Конституцияның осы ережесін іске асыру үшін 1995 жылғы 19 маусымда " Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы " Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, ол шетелдіктердің негізгі құқықтары мен міндеттерін, олардың Қазақстан Республикасына келу, болу және оның аумағында жүріп тұру және Қазақстан Республикасынан кету тәртібін айқындайды. Атап айтқанда, Заңның 3-бабы Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер тегіне, әлеуметтік, мүліктік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, жынысына, біліміне, тіліне, дінге көзқарасына, айналысатын кәсібінің түріне және сипатына қарамастан бәрі тең деп белгілейді.
3-бап
Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер Пактіде көзделген барлық экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды ерлер мен әйелдердің тез пайдалануы құқығын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
14. Конституцияның 14-бабына сәйкес "Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.".
Бұл норма білім алуда және кәсіптік даярлықта, қоғамдық-саяси, мәдени және басқа да барлық қызмет салаларында әйелдерге еркектермен тең мүмкіндіктер берілуіне кепілдік береді.
Ол сондай-ақ, " Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы " Конституциялық Заңға, Еңбек кодексіне, " Неке және отбасы туралы ", "Азаматтардың денсаулығын қорғау туралы", " Білім туралы ", " Мемлекеттік қызмет туралы " заңдарға, Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске және қоғамдық қатынастар саласын реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерге енгізілді.
Үкіметтің 2003 жылғы 27 қарашадағы N 1190 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Ол біздің еліміздегі гендерлік саясаттың - ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына тепе-тең қатысуына қол жеткізу, әйелдің экономикалық тәуелсіздігіне, өзінің бизнесін дамытуға және қызметте өсуіне теңдей мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, отбасындағы құқықтары мен міндеттерін теңдей жүзеге асыруға жағдай жасау, жыныстық белгісі бойынша қысымнан бостан болу негізгі бағыттарын айқындады.
Гендерлік саясатты іске асыру мақсатында Президенттің 2005 жылғы 29 қарашадағы N 1677 Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы әзірленіп бекітілді. Стратегия мемлекеттің гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған негіз қалаушы құжат, мемлекет пен қоғам тарапынан оны іске асырудың және мониторингті жүзеге асыру құралы, демократияның қалыптасуының маңызды факторы болып табылады. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері өз қызметтерінде Стратегияны басшылыққа алуға және оны іске асыруға қажетті шараларды қабылдауға, сондай-ақ қабылданатын мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңірлік бағдарламалардың (жоспарлардың) Стратегиямен үйлесімділігін қамтамасыз етуге міндеттенеді.
Елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кеңесу органы ретінде Президенттің 2006 жылғы 1 ақпандағы N 56 Жарлығымен құрылған Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді.
Көрсетілген Комиссияның негізгі міндеті:
1) басымдықтарды айқындау, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы, Қазақстан Республикасындағы 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы мен Қазақстан қатысушы болып табылатын отбасы және гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі халықаралық шарттар контексінде өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру жөнінде ұйғарымдар әзірлеу;
2) отбасы мүддесін қорғау, Біріккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық Декларациясын, Қазақстан Республикасындағы 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру мәселелері жөнінде мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп әрекет ету;
3) гендерлік теңдіктің жай-күйі мәселелерін талдау және мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұйғарымдар әзірлеу;
4) мыналарға:
экономикалық салада гендерлік теңдікке қол жеткізуге, әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, әйелдердің еңбек рыногындағы бәсекеге қабілетін арттыруға;
отбасы мүшелерінің еңбек қызметін үйдегі міндеттерімен және бала тәрбиесімен ұштастыруына жағдай жасауға;
отбасы институтының нығаюына, отбасы қатынастарында гендерлік теңдікке қол жеткізуге;
ерлердің, әйелдердің және балалардың денсаулығын, оның ішінде репродуктивтік денсаулықты сақтау және нығайту, өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуге;
отбасында және жұмыс орнындағы қысым көрсетуді жою және ерлерге, әйелдерге және балаларға қатысты зорлықпен күресудің халықаралық тәжірибесін енгізуге;
халыққа гендерлік білім беруге және ағартуға;
отбасы жағдайының, қоғамның экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени өміріндегі гендерлік теңдіктің нақты жағдайын талдау мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізуге, ақпараттық базаны қалыптастыруға жәрдемдесу;
5) мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің Комиссия құзыретіне енетін проблемалар жөніндегі ұсыныстарын қарау, Қазақстан Республикасы Президентіне тиісті ұйғарымдар әзірлеу;
6) мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының отбасы және гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнінде Мемлекет Басшысына ұйғарымдар мен ұсыныстар дайындау;
7) Қазақстандағы отбасы және гендерлік теңдік жағдай аспектілерін неғұрлым толық көрсету мақсатымен бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара бірлесіп әрекет ету;
8) отбасы мәселелері және гендерлік теңдіктің сақталмауына қатысты азаматтардың өтініштерін, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын қарау;
9) отбасы және гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі тұжырымдамаларды, мемлекеттік, салалық (секторальдік) бағдарламаларды әзірлеуге қатысу;
10) отбасы және гендерлік теңдік жағдайды жақсартуға бағытталған заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді дайындауға және қарауға қатысу;
11) гендерлік-құқықтық сараптамаға бастамашылық ету және жүргізу;
12) мемлекеттік және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасу, халықаралық ұсыныстарды іске асыру жөнінде ұсыныстар дайындау, отбасы және гендерлік теңдік жағдайы мәселелері жөніндегі конференцияларға, семинарларға қатысу болып табылады.
Ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтың механизмдерін қамтамасыз ету мақсатымен жоғарыда аталған Гендерлік теңдік стратегиясы шеңберінде "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері туралы" және "Тұрмыстық қысым туралы" заң жобалары әзірленуде. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы әйел құқықтары жөніндегі негіз қалаушы халықаралық шарттарға: Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы БҰҰ Конвенциясына, "Әйелдердің саяси құқығы туралы" және "Күйеуге шыққан әйелдің азаматтығы туралы" БҰҰ Конвенцияларына қатысушы болып табылады.
4-бап
Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер, осы немесе өзге мемлекет осы Пактіге сәйкес қамтамасыз етіп отырған құқықтарды пайдалануға қатысты, осы мемлекет бұл құқықтарға тек заңмен белгілеген, аталған құқықтар табиғатына үйлесетін, және демократиялық қоғамдағы жалпы әл-ауқатты жақсартуға жәрдемдесу мақсатындағы шектеулерді ғана белгілей алатынын таниды.
15. Конституцияның 39-бабына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін. Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтар мен бостандықтарын қандай да бір түрде шектеуге жол берілмейді. Ешбір жағдайда құқықтары мен бостандықтары Конституцияның 10, 11, 13-15-баптарында, 16-бабының 1-тармағында, 17-бабында, 19-бабында, 22-бабында, 26-бабының 2-тармағында көзделген шектелуге жатпайды.
5-бап
1. Осы Пактіде ешбір қағида қандай да бір мемлекетке, қандай да бір топқа немесе қандай да бір адамға осы Пактіде танылған кез келген құқықтар немесе бостандықтарды жоюға, не болмаса оларды осы Пактіде көзделгеннен көп мөлшерде шектеуге бағытталған қандай да болмасын іс-әрекетпен айналысуға немесе қандай да болмасын іс-әрекет жасауға құқық береді деп түсіндірілмеуге тиіс.
2. Қайсыбір елдерде заң, конвенциялардың, ережелердің күшімен не болмаса әдет-ғұрыптар арқылы танылған немесе қолданыстағы қандай да болмасын негізгі адам құқықтарын аталған Пактіде мұндай құқықтар танылмайды немесе танылған күннің өзінде кең ауқымда танылады деген сылтаумен ешбір шектеуге немесе кемсітуге жол берілмейді.
16. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасында мынадай: азаматтық алған ( 10-бап ); азамат шетел мемлекетіне берілген жағдайларда; Республика шегінен тыс жерлерде азаматтарды қорғау және қамқоршылық көрсету ( 11-бап ); құқықтық субъектілігін тануға қатысты; құқықтары мен бостандықтарын сотпен қорғау жөніндегі; білікті заңгерлік көмек алуға қатысты ( 13-бап ); әркімнің заң мен сот алдындағы теңдігі; тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге қатысты ( 14-бап ); өмір сүру құқығы ( 15-бап ); жеке бостандығы құқығы ( 16-бап , 1-тармақ); адамның қадір-қасиетіне қол сұқпау ( 17-бап ); өзінің ұлтын, партиялық және діни қатыстылығын айқындау және көрсету; ана тілі мен мәдениетін қолдану; қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін таңдау ( 19-бап ); ар-ождан бостандығына қатысты ( 22-бап ); меншікке, оның ішінде мұрагерлік құқығы (16-бап, 2-тармақ) жөніндегі негіздемелер бойынша адамның құқықтары мен бостандықтарын ешбір жағдайда шектеуге болмайды.
"Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы Заңының 4-бабына сәйкес көмекке өтініш берген адам, оған адвокат заңгерлік көмек көрсету үшін тегін, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша қорғаушы ретінде тағайындалған, қорғалушы өзіне адвокат таңдамаған немесе таңдай алмаған жағдайды қоспағанда, адвокатты еркін таңдайды.
Адвокаттар сенімгерлерге олардың өтініші бойынша:
1) алимент өндіру туралы, асыраушысының қайтыс болуы, жұмыспен байланысты мертігу немесе денсаулығының өзге де зақымдануына істі жүргізу кезінде бірінші инстанция соттарындағы қуғыншыларға; 2) Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, соларға теңестірілген адамдарға, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге, I және II топтағы мүгедектерге, жасына байланысты мүгедектерге, егер олар кәсіпкерлік қызмет мәселелеріне байланысты болмаса; 3) азаматтарға зейнетақы және жәрдемақы тағайындау туралы өтініш жазу кезінде; 4) азаматтарға оңалту мәселелері бойынша консультациялар беру кезінде заңгерлік көмекті тегін көрсетеді.
1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекс кез келген сипаттағы кемсітушілікке негізделген қинау үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейді ( 341-бап ). Адвокаттар мен азаматтарды қорғау және оларға заңды көмек көрсету жөніндегі басқа да адамдардың заңды қызметіне кедергі келтіру қылмыстық заңмен қудаланады.
III БӨЛІМ 6-бап
1. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әр адамның өз еркімен таңдап алған немесе өз еркімен келіскен еңбегімен күнкөріс жасау мүмкіндігі құқығын қамтитын еңбек етуге құқығын мойындайды және осы құқығын қамтамасыз етуге тиісті қадамдар жасайды.
2. Бұл құқықты толық жүзеге асыру мақсатында осы Пактіге қатысушы мемлекеттер қабылдауға тиісті шараларға адамның негізгі саяси және экономикалық бостандықтарына кепілдік беретін жағдайдағы кәсіби-техникалық оқыту мен дайындық бағдарламалары, экономикалық, әлеуметтік және мәдени даму мен толық тиімді еңбекке қол жеткізудің жолдары мен тәсілдері кіреді.
17. Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабына сәйкес әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.
Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
Азаматтардың өздерінің конституциялық еңбек бостандығы құқықтарын іске асыру процесінде туындайтын еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен (бұдан әрі - Кодекс) реттеледі. Кодекстің 6-бабына сәйкес әркімнің еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да болмасын кемсітусіз және мәжбүрлеусіз еркін келісуге, өзінің еңбек қабілетіне иелік етуге, кәсіп немесе қызмет түрін таңдауға құқығы бар.
Кодексте жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Бұған қоса, жеке, ұжымдық еңбек шарттарда ақысы жұмыс уақыты қалыпты ұзақтығындай төленетін, жұмыс уақытының қысқа ұзақтығы көзделуі мүмкін ( 77-бап ).
Халықты жұмыспен қамту саласындағы саясат елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жетекші басымдықтары қатарына көтерілген.
Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясат азаматтардың, оның ішінде әйелдердің, жастар мен мүгедектердің лайықты еңбекке деген мүмкіндіктерін ұлғайтуға және конституциялық құқықтарын іске асыруға, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауға, жұмыс таңдауға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталған.
Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халық саны 1997-1999 жылдары тұрақты төмендеген болса, 2000 жылдан бері тұрақты түрде артып келеді.
Ел экономикасының тұрақты дамуы жағдайында 2002-2006 жылдары еңбек рыногында халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі, экономика салаларында жұмыс істейтіндердің қатарының көбеюі және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі байқалады.
Халықтың экономикалық белсенділік деңгейі 1997 жылғы 68,8%-дан 2006 жылы 69,7% дейін көтерілді, экономикалық белсенді халықтың саны 7,4 млн. 8,0 млн. дейін көбейді.
Экономиканы қайта құрылымдау, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы жеке меншік кәсіпорындар мен жеке бизнес саласында істейтіндердің үлес салмағының көбеюіне жәрдемдеседі. 2006 жылы жұмыс істейтіндердің ішінде 5,7 млн. адам немесе 77% жеке меншік нысанындағы кәсіпорындар мен жеке тұлғаларда жұмыс істеді. Жұмыспен қамтылған адамдардың жартысынан астамы (3,8 млн. адам) - еркектер де, 48,6% (3,6 млн. адам) - әйелдер.
Жұмыспен қамтылған әйелдердің саны 2002-2006 жылдары 3,2 млн. адамнан 3,6 млн. адамға дейін өсті.
Бұл орайда, жыл бойынша жұмыс істейтін әйелдердің қатары басым, яғни 56,3% (1813,7 мың адам) 2002 жылы 63,3 % (2275,6 мың адам) көбейсе, жұмыспен өзін өзі қамтыған әйелдер саны 43,7% (1408,8 мың адам) 36,7% (1318,9 мың адам) төмендеді.
Жастардың жұмыспен қамтылуында да осындай жағдай: жыл бойынша 46,8 %-дан (431,4 мың адам) 50,7% (620,4 мың адам) көбейсе, жұмыспен өзін өзі қамтыған жастар саны 53,1% (489,7 мың адам) 49,3% (603,7 мың адам) төмендеді.
Халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі осы кезеңде 90,7 %-дан 92,2%, оның ішінде әйелдер бойынша 88,8%-дан 90,8% дейін көбейді.
Еңбек рыногында жұмыспен өзін өзі қамтыған халық санының қысқаруы байқалады. Жұмыспен қамтылған адамдар арасындағы жұмыспен өзін өзі қамтыған халық саны 2,6 млн. адам яғни 35,5% құрайды. Бұл 2002 жылмен салыстырғанда 51,8 мың адамға кем (1,9 %). Олардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығында, бөлшек сауда, халыққа көлік және басқа да қызметтер көрсету салаларында істейтін дербес қызметкерлер болып табылады.
Еңбек рыногындағы конъюнктураға әсер ететін факторлардың бірі жұмыссыздық болып табылады. Оның деңгейі жыл сайынғы төмендеуімен сипатталады. Мәселен, жұмыссыздық деңгейі 1,7 есе - 1997 жылғы 13,0%-дан 2006 жылы 7,8%-ке төмендеді. Жұмыссыз халықтың саны 2006 жылы 625,4 мың адам болды және 10 жыл ішінде 342,4 мың адамға (54,7%) азайды.
Жұмыссыздардың әжептәуір саралануы жыныс-жас құрылымында байқалады. Әйелдер еңбек рыногындағы бәсекелестік қабілеті төмендер қатарында қалып отыр. 2006 жылғы жұмыссыз еркектердің үлесі 42%, ал әйелдер 58,8% құрады. Жұмыссыз әйелдердің саны 362,9 мың адам болды, бұл еркектердің санынан 100,3 мың адамға (38,2%) артық.
Елдегі әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 2002 жылғы 11,2%-тен 2006 жылы 9,6%-ға, оның ішінде жастар жұмыссыздығы - 17,3%-дан 12,1%-ға төмендеді. Сонымен қатар, қабылданып отырған әйелдер жұмыссыздығының деңгейі еркектер жұмыссыздығының деңгейінен (6,4%) жоғары болып отыр.
Жастардың еңбек рыногында бейімделу проблемасы да сақталып отыр. Жалпы жұмыссыздар санының азаюына қарамастан олардың арасындағы жастардың (15-24 жас аралығындағы) үлес салмағы әжептәуір қалпында қалды. 2006 жылы жұмыссыз жастардың саны 169,0 мың адам болды немесе жалпы жұмыссыздардың 27%. Бұл 2002 жылға қарағанда, 24 мың адамға (12,4%) азайған.
Жұмыссыз халықтың сапалық құрамы олардың білім деңгейіне қарай сараланады. Жоғары білімі бар адамдардың үлес салмағы 2006 жылы барлық жұмыссыздардың 18,6 % (116,3 мың адам). Бұл орайда, жұмыссыздардың арасында жалпы орта білімді адамдар саны басым - 37,5 % (234,4 мың адам) және орта кәсіби білім барлар - 25,3 % (158,2 мың адам). Жұмыссыз әйелдердің білім деңгейі еркектерге қарағанда әлдеқайда жоғары.
Соңғы бес жылда ұзақ мерзімді жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі байқалады. Еркектердің ұзақ мерзімді жұмыссыздық деңгейі 2,9 %, ал әйелдерде - 5,1 % болып қалыптасты, (2002 жылы - тиісінше 4,4 % және 7,7 % болған еді).
Еңбек рыногындағы ахуалдың жақсаруына бірқатар: кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес (2000-2002), кедейлікті азайту жөніндегі (2003-2005), әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдету; халықты жұмыспен қамту (2005-2007) жөніндегі бағдарламалардың қабылдануы ықпал етті.
2002-2006 жылдары жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасуға жәрдем сұрап 1445,2 мың адам барған, оның ішінде 732,8 мың әйел, оның ішінде ауыл тұрғындары - 245,5 мың адам.
860,1 мың адам, оның ішінде 384,9 мың әйел жұмысқа орналастырылған, оның ішінде 118,1 мың адам ауылдық жерлерде тұрады.
Жұмысқа орналастыру бойынша анағұрлым жоғары көрсеткіш Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында, ал ең төменгі көрсеткіш - Павлодар, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында байқалды.
Қоғамдық жұмыстарға 652,8 мың адам, оның ішінде 381,6 мың әйел қатысты.
Ел Президентінің Жолдауына сәйкес әлеуметтік көмек саясаты "әлеуметтік топтардың мұқтажымен" емес "жұмысқа қабілетті азаматтардың жұмыс істейтіндер қатарына енуі үшін дайындығы" шеңберінде қалыптасу қажет. Азаматтарды қолдаудың мемлекеттік жүйесі оларды қайта оқуға және жаңа кәсіп алуға ынталандыратындай болуға тиіс.
Халықты жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде кәсіптік оқытудан, біліктілігін арттырудан және қайта даярлаудан басымдықты тәртіппен өту құқығына нысаналы топтарға енетін жұмыссыздар ие болады. Оқытудан өтіп жұмысқа орналастырылғандардың ішінде әрбір үшінші адам - ауылдық жердің тұрғыны. Нысаналы топтарға оралмандар да енеді. "Халықтың көші-қоны туралы" 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 29-3-бабы 1.2-тармағына сәйкес оралмандарға жұмысқа орналасуға, біліктілігін арттыруға және жаңа кәсіпті игеруге көмек көрсетіледі.
2002-2006 жылдары 127,9 мың жұмыссыз оқуды тәмамдаған, оның ішінде жұмысқа орналастырылғаны - 90,9 мың адам, оның ішінде әйелдер - 45,0 мың.
Жыл сайын елімізде шамамен 230 мың жұмыс орны құрылады.
2005-2006 жылдары 14,9 мың әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылып, оларға нысаналы топтардағы 15,1 мың адам жұмысқа орналастырылды.
2005-2006 жылдары оқу орындарының шамамен 7,0 мың түлегі Жастар практикасына қатысты, олардың ішінде 1,9 мың адам - тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Мүгедектерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде кәсіптік оңалту бағдарламаларының, мүгедектердің әлеуметтік мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуының, еңбек ету машығының және білігінің маңызы ерекше. 2005 жылдың 13 сәуірінде қабылданған "Мүгедектерді әлеуметтік қорғау" Заңымен мүгедектер үшін жұмыс орындарының арнаулы квотасын белгілеу көзделеді.
2002-2006 жылдары жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасуға жәрдем сұрап 8,0 мың мүгедек барған, оның ішінде 3,3 мыңы әйелдер, ауыл тұрғындары - 2,0 мың адам болса, оның ішінде - 611 әйел адам. Квота есебінен 315 мың адам, оның ішінде 1,3 әйел жұмысқа орналастырылған, оның 1,1 мың адам ауылдық жерлерде тұратын болса, оның ішінде 291 әйел бар.
Қоғамдық жұмыстарға 3,9 мың жұмыссыз мүгедек қатысты.
2002-2006 жылдары зейнеткерлік жұмыссыздар қатарындағы жас алдындағы 5,2 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде - 2,8 мыңы әйелдер, село тұрғындары - 1,1 мың адам болса, оның ішінде - 510 әйел адам.
Мемлекет Басшысының кәсіптік даярлауға және еңбек ресурстарын дамытуға басым назар аудару туралы тапсырмасын ескере отырып, Еңбек кодексінде кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөнінде баптар көзделді, оларда бірінші рет оқытудың тәртібі мен нысандары, жұмыс беруші мен қызметкердің құқықтары мен міндеттері, оқытылған адамдарды жұмысқа орналастыру кезіндегі мемлекеттік кепілдіктер берілген.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасы әзірленуде.
Сондай-ақ, техникалық және қызмет көрсету кадрларын даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық кәсіптік орталықтарын құру жөніндегі жұмыс жалғасуда. Оның біреуі - мұнай газ саласына мамандар даярлау үшін 2005 жылы Атырау қаласында құрылды. Бұл орталықта Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ жұмыс күші артық өзге де өңірлерден кадрларды даярлау және қайта даярлау жүзеге асырылатын болады.
2009 жылға дейін отын-энергетика саласы бойынша Павлодар облысында, өңдеу саласы бойынша - Оңтүстік Қазақстан және машина жасау саласы бойынша - Шығыс Қазақстан облысында құрылатын болады.
Сонымен бірге 2007 жылғы 16 ақпанда Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитеті Қазақстанның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенцияны орындауы туралы баяндамасы қаралғанын атап кетеміз, оның 11 "Жұмыспен қамту" және 13 "Әлеуметтік және экономикалық жәрдемақылар" баптары бойынша ақпарат берілген.
7-бап
Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әркімнің әділетті және қолайлы еңбек жағдайына ие болу құқығын таниды, оған атап айтқанда:
а) барлық еңбеккерлерге, кем дегенде:
і) құндылығы бірдей еңбектері үшін ешбір айырмашылықсыз әділ жалақы мен бірдей сыйақы алуын және де, атап айтқанда, әйелдер үшін еңбек жағдайы бірдей еңбегі үшін бірдей еңбекақы алатын ер адамдар пайдаланатын еңбек жағдайынан кем болмауына кепілдік берілуін;
іі) осы Пактінің қаулыларына сәйкес өздері мен отбасы мүшелерін қанағаттанарлықтай тіршілік жасауын қамтамасыз ететін сыйақы;
b) қауіпсіздік пен гигиена талаптарына жауап беретін еңбек жағдайы;
с) еңбек өтілі мен біліктілігінің негізінде ғана жұмыста тиісті жоғары сатыларға көтерілуі үшін бәріне бірдей мүмкіндік берілуі;
d) тынығу, бос уақыт және жұмыс уақытының орынды шектелуі, мерзімді ақылы еңбек демалысы, сонымен қатар, мереке күндерінде істеген жұмысы үшін сыйақы алу құқығы кіреді.
18. Кодекстің 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы еңбек туралы заңнамасының принциптері:
1) адамның және азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу;
2) еңбек бостандығы;
3) кемсітушілікке, мәжбүрлі еңбекке және балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу;
4) қауіпсіздік және гигиена талаптарына жауап беретін еңбек жағдайларына құқығын қамтамасыз ету;
5) өндірістік қызмет нәтижесіне қарағанда қызметкердің өмірі мен денсаулығының басымдығы;
6) еңбегі үшін жалақының ең төмен мөлшерінен кем емес әділетті сыйақы алу құқығын қамтамасыз ету;
7) демалыс құқығын қамтамасыз ету;
8) қызметкерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі;
9) қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өздерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін бірлесу құқығын қамтамасыз ету;
10) әлеуметтік әріптестік;
11) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін мемлекеттік реттеу;
12) қызметкерлер өкілдерінің Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру құқығын қамтамасыз ету болып табылады.
Кодекстің 7-бабына сәйкес әркімнің өзінің еңбек саласындағы құқығы мен бостандықтарын іске асыруға теңдей мүмкіндіктері бар. Ешкімді де жынысына, жасына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік және лауазымдық жағдайына, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, азаматтық, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына қарай қандай да болмасын кемсітуге болмайды. Кодекс күші Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және Қазақстанда өзінің еңбек қызметін жүзеге асырушы азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
Еңбекақыны мемлекеттік реттеудегі анағұрлым басым бағыттардың біреуі Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес мемлекет кепілдік беретін жалақының ең төмен мөлшерін белгілеу болып табылады (Конституцияның 28-бабы ).
Айлық жалақының ең төмен мөлшері - бұл біліктілікті талап етпейтін қарапайым (онша күрделі емес) еңбек адамына еңбек нормаларын (еңбек міндеттерін) қалыпты жағдайларда және жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы кезінде орындағанда берілетін, Кодекспен бір айға белгіленген кепілді ең төмен ақша төлемдері. Айлық жалақының ең төмен мөлшері жыл сайын тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңмен белгіленеді және ол қосымша ақылар мен үстеме ақыларды, өтемақы төлемдерін, сыйлықақылар мен басқа да ынталандыру төлемдерін қамтымайды әрі жұмыс істеген уақытына барабар төленеді (Кодекстің 122-бабы ).
Орындалатын жұмыстың саны, сапасы мен күрделілігі жалақының деңгейін анықтаудың критерийі болып табылады.
Қызметкердің айлық жалақысының мөлшері қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың саны мен сапасына, күрделілігіне, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай белгіленеді. Жұмыс уақытының белгілі бір кезеңіне белгіленген еңбек нормаларына (еңбек міндеттерін) толық орындаған қызметкердің айлық жалақысының мөлшері Қазақстан Республикасы Заңымен белгіленген айлық жалақының ең төмен мөлшерінен кем белгіленбеуге тиіс (Кодекстің 121-бабы).
Қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары мен белгілі бір жұмыс түрлерінің күрделілігін жұмыс беруші жұмыстар мен жұмысшылар кәсіптерінің, бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығының (БТБА), жұмысшылар кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларына басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілердің біліктілік анықтамалығы негізінде белгілейді.
Орындалатын жұмыстарды белгілі бір күрделілікке жатқызуды және қызметкерлерге біліктілік разрядтарын беру жұмыстар мен жұмысшылар кәсіптерінің БТБА, жұмысшылар кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларына, басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілердің біліктілік анықтамалығына, сондай-ақ қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін белгіленетін үлгілік біліктілік талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Көрсетілген анықтамалықтарды, жұмысшылар кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларын әзірлеуді, қайта қарауды, сынамадан өткізуді, бекітуді және қолдану тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды. Әртүрлі экономикалық қызмет түрлерінің басшылары, мамандары мен ұйымның басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын тиісті қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша әзірлейді және бекітеді (Кодекстің 125-бабы ).
19. Қызметкерлерге еңбекақы уақыт бойынша, кесімді немесе еңбекақы төлеудің өзге де жүйелері бойынша төленеді. Еңбекақы жеке және (немесе) ұжымдық еңбек нәтижелері үшін жүргізілуі мүмкін. Қызметкерлердің өндіріс тиімділігін арттыруға деген материалдық мүдделілігін арттыру үшін жыл ішіндегі жұмыс қорытындысы бойынша сыйлықақы беру, сыйақы беру жүйелері мен және басқа да материалдық ынталандыру нысандары енгізілуі мүмкін.
Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес еңбекақы төлеу саласында басқа да мемлекеттік кепілдіктер: демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу, жұмыс уақытынан тыс уақыттағы жұмысқа ақы төлеу, жалақының уақытында төленуі үшін жұмыс берушінің жауапкершілігі көзделген (Кодекстің 128 , 129-баптары ), Кодекстің 128-бабына сәйкес мереке және демалыс күндері еңбекақы төлеу қызметкердің күнделікті (сағаттық) ставкасына қарай, екі еседен кем емес мөлшерде жүргізіледі.
Қазіргі уақытта, қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастары кәсіптік бірлестіктер мен жұмыс берушілер арасында салалық келісімдер жасау жолымен реттелуі мүмкін, осыған орай қосымша әлеуметтік кепілдіктер белгіленуі мүмкін.
Еңбекақы төлеу саласында жүргізіліп отырған мемлекеттік саясат нәтижесінде құқықтық база құрылды, ол нарықтық экономика жағдайында ұйымдарға еңбекақы төлеу мәселелерін өздерінің ұйымдық-құқықтық нысанына қарай әлеуметтік сұхбат барысында ұжымдық шарттар мен салалық келісімдер қабылдау арқылы шешуге мүмкіндік береді.
Осылайша, Қазақстан Республикасында еңбекақы деңгейі орындалатын жұмыстың санына, сапасына және күрделілігіне қарай, еңбек жағдайлары үшін берілетін қосымша ақылар мен үстемеақыларды (оның ішінде мереке күндеріндегі жұмысы үшін), ынталандыру төлемдерін ескере отырып, қандай да болмасын, оның ішінде жыныстық белгісі бойынша кемсітушіліксіз айқындалады.
Ерлер мен әйелдер жалақысы арасындағы айырмашылық гендерлік белгісі бойынша емес, қызметкерден белгілі бір біліктілік деңгейі мен даярлықты талап ететін лауазымына, орындалатын жұмысына (санына, сапасына және соңғы нәтижесіне) қарай болады.
Жалпы республика бойынша 2006 жылғы әйелдердің санын есептелген жалақы мөлшері бойынша таратып бөлу, әйелдердің басым көпшілігі (383370 адам немесе жалпы әйелдер санының 32%) 15001 теңгеден 25000 теңгеге дейінгі шектерде жалақы алатынын көрсетті. Олардың басым бөлігі білім беру саласында (148229 адам немесе осы салада істейтін әйелдер санының 33,4%) және денсаулық сақтау саласында (94504 адам немесе осы салада істейтін әйелдер санының 45,2%) істейді. Сөйтіп, көріп отырғанымыздай, әйелдер мен ерлердің еңбекақысы арасындағы айырмашылық көбінесе экономиканың әйелдер көп араласпайтын (құрылыс, көлік, байланыс) салаларында байқалады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкіметі негізінен әйелдер жұмыс істейтін бюджеттік сала (білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер) қызметкерлерінің еңбекақы деңгейін арттыру жөнінде жұмыс жүргізуде.
Бұған қоса, Кодекспен еңбекақы төлеудің ең төмен стандарты (ЕТТС) ұғымы мен оны белгілеу механизмі енгізіледі.
ЕТТС ауыр (ерекше ауыр) жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстарда істейтін қызметкердің жұмыс барысында зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсеріне ұшырайтын әл-ауқаты мен қуатын қалпына келтіру үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен қызметтердің ең төмен жиынтығын қамтитын жалақының ең төмен мөлшері болып табылады.
Бұл ретте, ЕТТС салалық келісімдерде айқындалатын және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы Заңымен белгіленетін салалық коэффициенттерді арттыратын, салалық келісіммен айқындалатын және Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітетін айлық ең төмен жалақы мөлшері есебінен айқындалады.
Осылайша, ЕТТС еңбек қатынастары тараптарының мүдделерін бірлесе отырып келісудің нәтижесі болып табылады. Бүгінгі күні бұл мәселелерді салалық келісімдер жасау арқылы салалық реттеу мүмкіндігі көзделген, бұл салалық деңгейде қолданылып та жүр.
20. Жеке еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көзделген жұмыс орындарындағы қауіпсіздік және еңбекті қорғау жағдайлары Кодекстің 34-тарауында көзделген деңгейден төмен болмауға тиіс. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды барлық жұмыс берушілер мен қызметкерлер араларында еңбек қатынастары туындаған кезде орындауға міндетті.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы негізгі принциптер:
өндірістік қызмет нәтижелеріне қарағанда қызметкердің денсаулығы мен өмірінің артықшылығы;
қызметкерлердің қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес еңбек жағдайларына құқығына мемлекеттің кепілдік беруі болып табылады.
Жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және алдын алу жұмыстарын жүргізу және өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді анағұрлым қауіпсіздерімен алмастыру арқылы жұмыс орындары мен технологиялық процестердегі қатерлердің алдын алу жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Кәсіптік оның ішінде адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиғалардың соңғы он жыл ішіндегі жиілік динамикасы мен сипатына (көздері) қатысты ақпарат төмендегі диаграммаларда көрсетілді:
(Кестені қағаз мәтінінен қараңыз)
21. Кодексте демалыс уақытының мынадай түрлері көзделген: жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішіндегі үзілістер - тынығу және тамақтануға арналған үзіліс; ауысым ішілік және арнайы үзілістер; күн сайынғы (ауысымаралық) демалыс; демалыс күндері (апта сайынғы үзіліссіз демалыс); мереке күндері; еңбек демалысы.
Кодекстің 101-бабына сәйкес қызметкерлерге, егер өзге де нормативтік құқықтық актілерде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде өзгеше көзделмесе, ұзақтығы жиырма төрт күн жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі.
8-бап
1. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер:
а) әрбір адамның, өзінің экономикалық және әлеуметтік мүдделерін жүзеге асыру және қорғау үшін кәсіптік одақтарды құру және осындай ұйымдарға өзінің таңдауы бойынша, сол тиісті ұйымның ережесін бұзбау шартымен ғана кіру құқығын; аталған құқықты пайдалану заң бойынша көзделген және демократиялық қоғамдағы мемлекеттік қауіпсіздік немесе қоғамдық тәртіп мүдделерін немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қажеттілерінен басқа ешбір шектеулерге жатпайды;
b) кәсіптік одақтардың ұлттық федерациялар немесе конфедерациялар құру құқығын және де соңғылардың халықаралық кәсіподақ ұйымдарын ашу немесе соларға қосылу құқығын;
с) кәсіптік одақтардың өз жұмыстарын кедергісіз және заң бойынша көзделген және демократиялық қоғамдағы мемлекеттік қауіпсіздік немесе қоғамның тәртіп мүдделерін немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қажеттілерінен өзге қандай да бір болмасын шектеулерсіз жұмыс жүргізу құқығын;
е) әр елдің заңдарына сәйкес жүзеге асырылған жағдайдағы ереуілдерге шығу құқығын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
2. Осы бап қарулы күштер, полиция немесе мемлекет әкімшілігі құрамына кіретін адамдар үшін бұл құқықтарды пайдалануға заңды шектеулер енгізуге кедергі жасамайды.
3. Осы баптағы ешбір қағида қауымдастықтар бостандығы мен ұйымдастыру құқығын қорғауға қатысты Халықаралық еңбек ұйымының 1948 жылғы Конвенциясына қатысушы мемлекеттерге аталған Конвенцияда көзделген кепілдіктерге нұқсан келтіретін заңнамалық актілерін қабылдау немесе заңды осы кепілдіктерге нұқсан келтіретіндей етіп қолдану құқығын бермейді.
22. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлер мен еңбеккерлердің өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, ортақ мүліктік мүдделерін қорғау, еңбек құқықтарына уәкілеттік етуге және оларды қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени, ғылыми, білім алу, қайырымдылық, басқарушылық мақсаттарға қол жеткізу; азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау; даулар мен таластарды шешу; азаматтардың рухани және өзге де қажеттіліктерін қанағаттандыру; азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру мәдениетін және спортты дамыту; заңгерлік көмек көрсету мақсатында, сондай-ақ қоғамдық игіліктерді және өз мүшелерінің (қатысушыларының) игілігін қамтамасыз етуге бағытталған өзгеде мақсаттарда бірігуге құқығы бар.
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы Заңымен қауымдастықтар бостандығы және ұйымдасу құқығын қорғауға қатысты ХЕҰ 1948 жылғы Конвенциясы ратификацияланды. Бұл Конвенция барлық еңбекшілер мен кәсіпкерлердің өздерінің таңдауы бойынша ұйым құру немесе алдын ала рұқсат алмай-ақ осындай ұйымға кіру құқығын белгілейді, сондай-ақ мемлекеттік билік тарапынан қандай да болмасын араласусыз, ұйымдар қызметі бостандығының бірқатар кепілдіктерін айқындайды.
Республика Конституциясының 5-бабының 2-тармағына сәйкес барлық қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең.
Қоғамдық бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі мемлекеттердің қоғамдық бірлестіктердің жарғыларына, оларды тіркеу және олардың қызметін тоқтату тәртібіне қоятын талаптар теңдігінен көрініс табады. Олардың барлығы өзара қарым-қатынастарында болсын, сондай-ақ қоғамдық-саяси және шаруашылық қызметінде өздерінің құқықтарын жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдармен қарым-қатынастарда тең болады.
1996 жылғы 31 мамырдағы "Қоғамдық бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес, әрбір қоғамдық бірлестіктің, оның қызметінің мәні мен мақсаты, мүшелігі (қатысуы), мүшелікке ие болудың және мүшеліктен айырылудың шарты мен тәртібі, қоғамдық бірлестік мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен міндеттері, қоғамдық бірлестіктің ұйымдық құрылымы және т.б. мәселелер ескерілетін өз жарғысы болады. Жарғыда қоғамдық бірлестіктің қызметіне қатысты, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер көзделуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабы 2-тармағына сәйкес мемлекеттің қоғамдық бірлестіктердің ісіне және қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттің ісіне заңсыз араласуына жол берілмейді.
1993 жылғы 9 сәуірдегі " Кәсіподақтар туралы " Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес барлық кәсіподақтарға теңдей құқықтық мүмкіндіктер беріледі. Кәсіптік одақтың құрылуына кедергі жасау, сондай-ақ оның қызметіне қарсы әрекет жасау заң бойынша қудаланады.
Кәсіподақтарға мүше болу азаматтардың заңдарда кепілдік берілетін еңбек ету, әлеуметтік-экономикалық, саяси, жеке құқықтары мен бостандықтарына қандай да бір шек қойылуына әкеп соқтырмайды. Еңбекшілердің жұмысқа қабылдануын, жұмыста жоғарылауын, сондай-ақ жұмыстан босатылуын олардың белгілі бір кәсіподақта болуы, оған кіруі немесе одан шығуы себебімен байланыстыруға тыйым салынады.
Кәсіби одақтың заңды тұлға ретіндегі құқықтық қабілеті тіркеу сәтінен бастап туындайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 110-бабына сәйкес заңды тұлғалар ерікті түрде қауымдастықтарға (одақтарға) бірлесе алады.
Негізгі мақсаты - еңбекшілердің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылатын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы, Қазақстанның Еңбек конфедерациясы, Ерікті кәсіподақтар конфедерациясы Қазақстан Республикасындағы кәсіподақтар бірлестіктерін білдіреді.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы 1997 жылғы қаңтарда Азаматтық кодекске сәйкес қоғамдық бірлестіктер - заңды тұлғалар одағы мәртебесіне ие болды. Федерацияға 26 республикалық салалық кәсіптік одақ, 14 облыстық кәсіподақ кіреді. Кәсіподақтар мүшелерінің саны 2 млн. 45 мың адам болып отыр.
Қазақстанның Ерікті кәсіподақтар конфедерациясына 1 салалық кәсіподақ, 9 облыстық кәсіподақ бірлестігі кіреді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы, Қазақстанның Еңбек конфедерациясы, Ерікті кәсіподақтар конфедерациясы ұйымдасқан құрылымды білдіреді және олардың қызметкерлер құқықтарын қорғау үшін жеткілікті уәкілеттіктері бар, қызметкерлердің мүддесі үшін мемлекеттік органдарда, қоғамдық және өзге де ұйымдарда, оның ішінде шетелдерде өкілдікті жүзеге асырады, өз бірлестіктерінің мүшелеріне практикалық және консультациялық көмек көрсетеді.
Кодекстің 298-бабы бойынша егер бітімгерлік рәсімдер арқылы ұжымдық еңбек дауын шешуге қол жеткізілмесе, сондай-ақ жұмыс беруші бітімгерлік рәсімдерден жалтарған не ұжымдық еңбек дауын шешу барысында қол жеткізілген келісімді орындамаған жағдайларда қызметкерлер ереуіл өткізу туралы шешім қабылдай алады.
Ереуіл өткізу жөніндегі шешім қызметкерлердің (олардың өкілдерінің) жиналысында (конференциясында) ұйым қызметкерлері жалпы санының кемінде жартысы болғанда қабылданады және жиналысқа (конференцияға) қатысушылардың кемінде үштен екісі сол үшін дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледі.
Ереуілге қатысу ерікті болып табылады. Ешкімді ереуілге қатысуға немесе ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеуге болмайды. Қызметкерлерді ереуілге қатысуға немесе ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлейтін тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
Ереуілді ұйымдастыру немесе оған қатысу қызметкердің еңбек тәртібін бұзуы деп қаралмайды және Кодексте көзделген тәртіптік ықпал ету шараларының қолданылуына әкеп соқпайды.
Ереуіл кезінде қызметкердің жұмыс орны (лауазымы), әлеуметтік сақтандыру бойынша жәрдемақы төлеміне құқығы, еңбек өтілі сақталады, сондай-ақ еңбек қатынастарынан туындайтын өзге де құқықтарына кепілдік беріледі.
Ереуілді жалақының төленбеуіне немесе уақтылы төленбеуіне байланысты өткізуден басқа жағдайларда, ереуілге қатысушы қызметкерлердің ереуіл кезіндегі жалақысы сақталмайды.
23. Әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және судьялар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабының 2-тармағына сәйкес партияларға және кәсіби одақтарға мүше болуға, кез келген саяси партияларды қолдауға тиіс емес.
Олардың мемлекет органдарының жүйесіндегі ерекше құқықтық мәртебесі, функцияларының және қызметінің ерекшелігі осы конституциялық шектеудің қажеттілігін туғызады.
"Құқық қорғау органдары" термині негізгі функциясы заңдылықты және құқықты қорғау, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қылмыскерлікпен күресу болып табылатын мемлекеттік органдарды білдіреді.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ішкі істер, қылмыстық-атқару жүйесі, қаржы полициясы органдарында, мемлекеттік өртке қарсы қызметте, кеден органдарында, Қазақстан Республикасы прокуратура органдарында қызметте жүрген, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес құқық қорғау қызметін жүзеге асырып жүрген адамдар жатады.
9-бап
Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әрбір адамның, әлеуметтік қамсыздандыруды қоса алғанда, әлеуметтік жағынан сақтандыру құқығын таниды.
24. Зейнетақы жүйесін реформалаумен байланысты республикада мыналар жұмыс істейді:
- ынтымақты зейнетақы жүйесі - 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін
зейнетке шыққан зейнеткерлерге, сондай-ақ 1998 жылғы 1
қаңтардағы жағдайы бойынша алты айдан кем емес еңбек стажы
бар жалпы белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға
мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен негізделген;
- аралас зейнетақы жүйесі - бұл санатқа ынтымақты зейнетақы
тағайындау үшін қажетті стажы бар, бірақ сонымен бір
мезгілде өзінің еңбек қызметі кезінде (1998 жылдан бастап)
жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жіберген зейнеткерлер
жатады;
- жинақтаушы зейнетақы жүйесі - жүзеге асырылып жатқан
жарналар мен зейнетақы төлемдері, азаматтардың өз қарттығын
материалдық қамтамасыз етуге жеке жауапкершілігі арасындағы
тікелей қарым-қатынасын белгілеуге негізделген.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 30 қарашадағы N 1241 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдетудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес 2005 жылдан бастап зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі көп деңгейлі болды:
- бірінші деңгей (негізгі) - мемлекет кепілдік беретін
әлеуметтік төлемдерді алуға конституциялық құқықтарын іске
асыруды қамтамасыз ететін, республикамыздың барлық
азаматтарына арналған мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі;
- екінші деңгей (міндетті) - 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін
еңбек стажы болған жағдайда ынтымақты жүйеден (мемлекеттік
бюджет) және міндетті зейнетақы жарналары есебінен
жинақтаушы зейнетақы қорларынан берілетін зейнетақылар;
- үшінші деңгей (қосымша) - ерікті және ерікті кәсіптік
зейнетақы жарналары есебінен берілетін зейнетақылар.
Ынтымақты зейнетақы жүйесіндегі басты міндеттердің бірі - зейнетақылы тиімді арттыру.
Ынтымақты зейнетақы жүйесінен берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру жыл сайын зейнетақы заңнамаларының нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүргізіледі.
Соңғы жылдары зейнетақы төлемдерін арттыру инфляция деңгейінен ілгерілеп жүзеге асырылды.
Мәселен, 2005 жылы зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7,7%, 2006 жылы 8%, ал 2007 жылы 8% индекстелді.
Азаматтардың зейнетақы мен жәрдемақыға құқығын уақытында іске асыруды қамтамасыз ету үшін 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу "айма ай" принципі бойынша жүзеге асырылады ("Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 4 шілдедегі Заңы ).
Жедел деректер бойынша 2007 жылғы 1 сәуірдегі жағдайы бойынша ынтымақты зейнетақы алушылардың саны 1632,4 мыңнан астам адамды құрайды. 2007 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 10852 теңгені, базалық зейнетақы төлемдерін ескергенде 13852 теңгені құрайды.
Әлеуметтік қамсыздандырудың үш деңгейлі құрылымын енгізу зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне ғана емес және халықты әлеуметтік қатерлер туындаған кездегі әлеуметтік қорғау жүйесіне де әсерін тигізді.
Бүгінгі күні республикада:
мемлекет кепілдік беретін базалық әлеуметтік төлемдерден;
міндетті әлеуметтік сақтандырудан;
келешекте әлеуметтік төлемдерге айналатын азаматтардың ерікті жинақтарынан тұратын әлеуметтік қорғау жүйесі қолданылады.
Еңбек қабілетін жоғалтқан немесе асыраушысынан айрылған жағдайда еңбек стажы мен жалақысына қарамастан азаматтардың тиісті санатына берілетін мүгедектігі және асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақылар базалық әлеуметтік төлем болып табылады.
Әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдету бағдарламаларына сәйкес мемлекеттік шағын әлеуметтік стандарттар жүйесін жетілдіру басталды: әлеуметтік нормативтер рөлі ең төмен күнкөріс деңгейіне бекітілген. 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына қарай есептеледі.
Ең төмен күнкөріс деңгейі жыл сайын тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді. "2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының заңымен ең төмен күнкөріс деңгейі 8861 теңге мөлшерінде белгіленді.
2005 жылғы 1 қаңтардан бастап "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес республикада негізгі мақсаты әлеуметтік қатерлер: еңбек қабілетін жоғалту, асыраушысынан және жұмысынан айрылу туындауы нәтижесінде жоғалтқан табыс бөлігін өтеу жолымен халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша нысандарын құру болып табылатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілді.
Мемлекет Басшысының 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан халқына "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" Жолдауына сәйкес 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы міндетті әлеуметтік сақтандыруға жүкті болуы, босану және ана болу кезеңін қосымша міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілетін болады. Сонымен қатар, жүктілігі, босануы және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі жөніндегі демалыс кезінде жұмыс істейтін әйелдердің зейнетақы жинақтарын көбейту үшін жаңадан енгізілген әлеуметтік қатерлер бойынша берілетін әлеуметтік төлемдерден жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары ұсталатын болады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 28 ақпанда айтылған Жолдауын іске асыруда қазіргі уақытта "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру және еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Парламентке жолданды.
Осы Заңның жобасымен 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап:
1) зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін табысты шектеуді 15 еселенгеннен 25 еселенген айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі - АЕК) дейін көбейту;
2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінен 40% деңгейіне арттыру;
3) зейнетақы төлемдерінің мөлшерін тұтыну бағалары индексінің болжамды өсімінен екі процентке ілгерілеп индекстеуді жүзеге асыру;
4) зиянды және ауыр өндірістерде жұмыс істеген адамдар үшін 8 АЕК мөлшерінде N 2 тізім бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақы енгізу;
5) жұмысшы әйелдер үшін жүкті болуын, босануын және бір жасқа толғанға дейін бала күтімі жағдайларында міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу көзделеді.
"Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-2-бабының 1-тармағына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі уәкілетті орган оралмандарға:
Қазақстан Республикасы заңнамасына немесе Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес зейнетақы төлемін;
Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты жәрдемақы төлемін;
"Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген Заңның 29-3-бабы 1-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар оралмандардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілді көлемін алуын, "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес мемлекеттік атаулы көмек көрсетілуін қамтамасыз етеді.
Әлеуметтік саладағы проблемалар, бұдан бұрын мемлекет әлеуметтік салаға арналған (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және т.б.) шығыстардың басым бөлігін өз мойнына алуымен, және әдетте бұл жеңілдіктермен азаматтардың материалдық әл-ауқаты ескерілмей, барша халықтың қамтылуымен түсіндірілсе, нарықтық қарым-қатынастарға ауысқан кезде, әлеуметтік саладағы құқық қорғау проблемасы да күрделене түсті, өйткені көптеген қызметтерге халықтың кедей тобының қолы жетпейтін жағдайға жетті. Өтініштерге қарағанда, мүгедектердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі тиімді механизмдердің іс жүзінде болмауы, мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі мен енжарлық ұстанымы олардың шағымдарын шешуге кедергі келтіретін маңызды проблемалар болып табылады. Уәкілетті органның атына "Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің Қарағанды облыстық ұйымы" қоғамдық ұйымынан протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз ету мәселелері көтерілген өтініш келіп түсті. Бұған қоса, кемтар балалар құқықтарының бұзылуын дәлелдейтін өтініштердің түсуі жалғасуда.
Институт жұмыс істеп тұрған кезеңде, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтарын сақтау мониторингін жүзеге асыру мақсатында Уәкіл Қазақстанның барлық өңірлерін аралайды.
Интернат-үйлер қызметіндегі негізгі проблема - қаржыландыру көлемінің аздығы болып табылады, ал ол өз кезегінде мекемелерді жиһазбен, арнайы қондырғылармен, төсек-орын жабдығымен және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге кері әсер етеді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл интернат-үйлерге барған кезде жасырын сауалнама жүргізіледі, оның барысында өздерінің құқықтары мен бостандықтары бар екенін интернат-үйлердің қамқорлығындағылардың 95% білетіні, ал 5% - жауап беруге қиналатындығы белгілі болды. 70% - өздерінің құқықтары бар екенін мекеме қызметкерлерінен, 25% - бұқаралық ақпарат құралдарынан, қалғандары - басқа да дерек көздерінен біледі екен.
Қазақстан Республикасы Үкіметі соңғы жылдары қабылдаған бірқатар шаралар зейнетақы және әлеуметтік төлем алушылардың өмір сүру жағдайының жақсаруына мүмкіндік берді. 2006 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге зейнетақы, жәрдемақы, материалдық көмек, өтемақы, әлеуметтік жеңілдіктер, мүгедектер және әскери қызметшілердің құқығы, сондай-ақ басқа да әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі өтініштердің саны (өтініштердің жалпы санынан 6,45%) азайған.
2007 жылы әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік жәрдем шығыстары ІЖӨ 4,0% құрайды (ІЖӨ 12 464,1 млрд. теңгені, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік жәрдем шығыстары 503,4 млрд. теңгені құрады).
Осыдан 10 жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда (Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің "Қазақстандағы халықтың өмір сүру деңгейі" деректері, 20-парағы бойынша 1997 жылы - әлеуметтік қамсыздандыру шығыстары ІЖӨ 1,6% құраған) әлеуметтік қамсыздандыру шығыстары өскен. Бұл зейнетақы және әлеуметтік төлем алушылардың өмір сүру деңгейін арттыру жөнінде қабылданған шараларды көрсетіп отыр.
2007-2009 жылдары зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
10-бап
Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер:
1. Қоғамның табиғи және негізгі ұясы болып табылатын отбасына, әсіресе, жаңа шаңырақ көтерген тұста және жас балаларына қамқорлық жасау мен олардың тәрбиесіне жауапкершілік жүктелген кезде, мүмкіндігінше барынша кең ауқымды қорғау мен жәрдем көрсетілуі қажет екендігін таниды. Неке екі жақтың өзара еркін келісімі бойынша қиылуы тиіс.
2. Аналарға, бала туғанға дейінгі және одан кейінгі тиісті уақыт ішінде айрықша қамқорлық көрсетілуі тиіс. Жұмыс істейтін аналарға осы мерзім ішінде ақылы демалыс немесе әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жеткілікті жәрдемақылық демалыс берілуі тиіс.
3. Барлық балалар мен жасөспірімдерге шығу тегіне байланысты немесе өзге бір белгісі бойынша қандай да болмасын кемсітусіз қорғау мен жәрдемнің ерекше шаралары қабылдануға тиіс. Балалар мен жасөспірімдер экономикалық және әлеуметтік қанаудан қорғалуы тиіс. Олардың еңбегін имандылығы мен денсаулығына немесе қалыпты өсіп-жетілуіне зиян келтіретін немесе өміріне қауіп төндіретін салаларда пайдалану заң жүзінде жазалануға тиіс. Бұдан басқа, мемлекеттер жас мөлшері шегін белгілеуге тиіс, ал одан жасы төмен баланың ақылы еңбегін пайдалануға заң бойынша тыйым салынады және жазаға тартылады.
25. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабына сәйкес неке мен отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті болып табылады. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.
Көрсетілген конституциялық ережелер 1998 жылдың 17 желтоқсандағы "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында ары қарай өрбітіледі. Осы заңның 2-бабы неке және отбасының мынадай: еркек пен әйелдің неке одағының еріктілігі; ерлі-зайыптылардың отбасы құқықтарының теңдігі; балаларды отбасында тәрбиелеудің артықшылығы, олардың өсіп-жетілуіне және әл-ауқатты болуына қамқорлық жасау; отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерінің басым қорғау қағидаттарын айқындайды.
Мемлекеттік азаматтық хал актілерін жазу органдарында қиылған неке ғана танылады. Некеге тұруы кезінде және отбасылық қатынастарда әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық тіл және діни белгілері бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудің кез келген нысандарына тыйым салынады. Азаматтардың неке-отбасы қатынастардағы құқықтары тек заң негізінде және отбасы мүшелерінің денсаулығын, адамгершілігін, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, сондай шамада ғана шектелуі мүмкін.
Некеге тұру шарттары некеге тұрып жатқан ер адам мен әйелдің ерікті келісімі және олардың неке жасына жетуі болып табылады.
Кодекстің 188-бабына сәйкес бір жарым жасқа дейінгі баласы бар жұмысшы әйелдерге (бала асырап алған әйелдерге, еркектерге) тынығуға, тамақтануға, баланы (балаларды) тамақтандыруына әр үш сағат сайын мынадай ұзақтығы төмендегідей:
1) бір баласы барларға - әрбір үзілісі отыз минуттан кем емес;
2) екі немесе одан да көп баласы барларға - әрбір үзілісі бір сағаттан кем емес арнаулы үзілістер беріледі.
Баланы (балаларды) тамақтандыру үшін берілген үзілістер жұмыс уақытына есептеледі. Әйелдерге (бала асырап алған әйелдерге, еркектерге) үзіліс уақытында орташа жалақысы сақталады.
Кодекстің 193-бабына сәйкес әйелдерге жүктілігі және босануы жөнінде босанғанға дейін жетпіс күнтізбелік күнге, босанғаннан кейін елу алты (ауыр босанған немесе екі немесе одан да көп бала туған жағдайда - жетпіс күн) күнтізбелік күнге демалыс беріледі. Демалысты есептеу сомалап жүргізіледі және демалыс әйелдің ұйымда жұмыс істеу ұзақтығына қарамастан, жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүктілігі және босануы жөніндегі жәрдемақы төлене отырып, нақты пайдаланған күндерінің санына қарамастан толық беріледі. Жүктілігі және босануына байланысты берілетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақы есебінен төленеді.
Жаңа туған нәрестелерді тікелей перзентханадан асырап алған әйелге (еркекке) бала асырап алған күннен, сәбидің дүниеге келген күнінен бастап елу алты күн толғанға дейінгі кезеңге (ата-анасының біреуіне) демалыс беріліп, оның ұйымда жұмыс істеу ұзақтығына қарамастан жұмыс берушінің қаражаты есебінен жәрдемақы төленеді.
Жүктілігі және босануы жөніндегі демалыстан басқа әйел, өзінің өтініші бойынша бала үш жасқа толғанға дейін оған күтім жасау жөнінде жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алуына болады. Қосымша демалыс уақыты ішінде оның жұмыс орны (қызметі) сақталады.
Жаңа туған нәрестелерді тікелей перзентханадан асырап алған әйелдің өтініші бойынша (еркек) сәби үш жасқа толғанға дейін оған күтім жасау үшін жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс беріліп, осы кезеңде оның жұмыс орны (қызметі) сақталады. Бұл демалысты сәби үш жасқа толғанға дейін кез келген уақытта толық немесе бөліп пайдалануға болады.
Бұған қоса, Қазақстандағы ана мен баланы әлеуметтік қолдаудың қазіргі заманғы жүйесі:
- бала тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төлемін (15 еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, бұл 2007 жылы 16380 теңгені немесе 136,5$ құрайды);
- табыс деңгейіне және жұмыспен қамтылу мәртебесіне қарамастан бала бір жасқа толғанға дейін барлық отбасыларға оның күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төлемін (ай сайынғы жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты 3,0 АЕК-тен (3276 теңге, 27,3$) 4,5 АЕК-ке дейін (4914 теңге 41,0$);
- аз қамтылған отбасылардағы 18 жасқа дейінгі балаларға айына 1 АЕК мөлшерінде жәрдемақы беруді (1092 теңге, 9,1$);
- көп балалы аналарға берілетін ай сайынғы арнайы мемлекеттік жәрдемақы төлемін (4259 теңге, 35,5 $);
- атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді қамтиды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 28 ақпандағы Жолдауына сәйкес 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
бала тууына байланысты жәрдемақы 30 АЕК-ке дейін (35 040 теңге, 292$);
бала күтімі жөніндегі жәрдемақы мөлшері 2 АЕК-ке артады, яғни жәрдемақы мөлшері 5 АЕК-тен (5840 теңге, 48,7$) 6,5 АЕК-ке дейін (7592 теңге, 63,3$) өзгеретін болады.
2008 жылғы 1 қаңтардан бастап жүктілікті, тууды және ана болуды әлеуметтік сақтандыруды енгізілу көзделген. Осыған байланысты, міндетті әлеуметтік сақтандыруға қатысушы адамдарға бала күтіміне байланысты орташа айлық еңбекақысының 40% мөлшерінде жәрдемақы төлемі жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 30-бабына сәйкес он алты жасқа толған адамдармен жеке еңбек шартын жасасуға жол беріледі. Ата-анасының немесе қорғаншысының, қамқоршысының жазбаша келісіммен:
1) жалпы білім беретін оқу орнында орта білім алған жағдайда, он бес жасқа толған азаматтармен;
2) оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушымен;
3) он төрт жасқа толған оқушылармен, кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерттік ұйымдарда, цирктерде, денсаулығына және адамгершілік қасиеттерінің дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға жеке еңбек шарты, 2) тармақшада айқындалған шарттарды сақтай отырып жасалуы мүмкін.
Мұндай жағдайларда кәмелетке толмаған тұлғамен қатар, еңбек шартына оның ата-анасының біреуі, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушының біреуі қол қояды.
Кодекстің 179-бабына сәйкес 18 жасқа толмаған адамдардың еңбегін ауыр қол еңбегі мен еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ оларды орындау денсаулығына және адамгершілік қасиеттерінің дамуына нұқсан келтіруі мүмкін жұмыстарда (ойын бизнесі, түнгі көңіл көтеру мекемелерінде, алкогольді, темекі өнімдерін нашақорлық өнімдерді, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау және сату) пайдалануға жол берілмейді.
Кодексте он сегіз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шарттары міндетті алдын ала медициналық тексеруден кейін ғана жасалады деп көзделген.
Олар үшін жұмыс уақытының ұзақтығы:
1) он төрт жастан он алты жасқа дейінгі қызметкерлер үшін - аптасына 24 сағаттан аспайтын;
2) он алтыдан он сегіз жасқа дейін - аптасына 36 сағаттан аспайтын;
3) білім беру ұйымдарының, оқу жылы ішінде оқуын жұмыспен ұштастырып жүрген он төрт жастан он алты жасқа дейінгі оқушыларына - күніне 2,5 сағат, он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі оқушыларына - күніне 3,5 сағат.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 26 желтоқсандағы Заңымен Халықаралық Еңбек Ұйымының (әрі қарай ХЕҰ) балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу және жедел жою туралы Конвенциясы ратификацияланды.
Осы Конвенцияны ратификациялаумен байланысты Қазақстан Республикасы қабылдаған міндеттемелерді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жұмыс берушілер мен кәсіподақ, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін тарта отырып Қазақстанда балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі іс-шараларды айқындады.
2005 жылы ХЕҰ балалар еңбегін жою жөніндегі үш жылдық бағдарламасын (ИПЕК) іске асыру басталды. 2005 жылғы 26 желтоқсанда балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі ХЕҰ өңірлік жобасы шеңберіндегі және Қазақстан Республикасында ХЕҰ N 182 Конвенциясын іске асыру жөніндегі Бірлескен жұмыс жоспары бекітілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2006 жылғы 31 наурыздағы N 73-ө бұйрығымен Балалар еңбегінің ең нашар түрлерімен күресу жөніндегі Үйлестіру кеңесі құрылды.
Қазіргі уақытта жоба шеңберінде балалар еңбегінің ең нашар түрлері жөнінде халықтың хабардар болуын арттыру, Қазақстандағы оның ауқымы мен ерекшеліктері жөнінде шынайы деректер алу үшін зерттеу және осы ақпаратты барлық мүдделі адамдар мен ұйымдардың арасында тарату жөнінде жұмыс жүргізілуде.
11-бап
1. Осы пактіге қатысушы мемлекеттер әркімнің өзі және отбасының жеткілікті тамақтануын, киімі мен баспанасын қамтитын, жеткілікті тұрмыс деңгейінде өмір сүру және тұрмыс жағдайын үздіксіз жақсарту құқығын таниды. Қатысушы мемлекеттер, бұл ретте еркін келісімге негізделген халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін тани отырып, осы құқықтың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.
2. Осы пактіге қатысушы мемлекеттер әрбір адамның аштықтан бостандығы негізгі құқығын тани отырып, жеке өзі және нақты бағдарламалардың жүргізілуін көздейтін халықаралық ынтымақтастық тәртібінде:
а) техникалық және ғылыми білімді кезінен қолдану жолымен азық-түлікті өндіру, сақтау және тарату әдістерін жақсарту, табиғи ресурстарды неғұрлым тиімді игеріп, пайдалану үшін тамақтану принциптері мен аграрлық жүйені жетілдіру немесе реформалау туралы білімді тарату үшін;
б) азық-түлік өнімдерін экспорттаушы, сонымен қатар импорттаушы елдердің қажеттіліктеріне сәйкес және олардың проблемаларын ескере отырып, дүниежүзілік азық-түлік қорының әділ бөлінуін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауға тиіс.
26. Көрсетілген бап "жеткілікті өмір сүру деңгейі" ұғымының пайдаланылуын қарастырады.
Өмір сүру деңгейі - физикалық, рухани және әлеуметтік қажеттіліктердің даму деңгейін, олардың қанағаттандырылу деңгейін, сондай-ақ, осы қажеттіліктерді дамыту және қанағаттандыру үшін қоғамда жасалған жағдайды бейнелейтін күрделі кешенді әлеуметтік-экономикалық санат болып табылады.
Сөйтіп, өмір сүру деңгейі мемлекеттің сапалы білім алу қызметтеріне, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыруға, медициналық қызметтерге қол жетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамда мәдениетті және ақпараттық кеңістікті дамыту үшін жағдай жасауға жол ашу арқылы қатысуын қарастырады.
Соңғы төрт жылда білім беруге арналған шығыстар 3 еседен астам артты, егер 2004 жылы республикалық бюджеттің білім беруге арналған шығыстары 39,4 млрд. теңгені құраса, 2006 жылы 101,9 млрд. теңге бөлінді, ал 2007 жылы 127,4 млрд. теңге сомасында көзделген.
2005 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бюджеттен білім беру несиелерінің есебінен білім беруге арналған гранттардың мөлшерін 50% арттыру жолымен студенттерді оқытуды қаржыландырудың бірыңғай жүйесі, сонымен катар осы несиелердің қайтарылуына мемлекет кепілдігін қамтамасыз ете отырып, екінші деңгейдегі банктер арқылы студенттерге несиелендірудің осы заманғы жүйесі құрылды.
Несиелерді мемлекеттік кепілдендіру жүйесін іске асыру мақсатында студенттерге таяудағы 5 жыл ішінде шамамен қосымша 2 млрд. теңге бөлінетін болады.
2005 жылдың 1 шілдесінен бастап үздік оқып жүрген жастарды қолдау мақсатында жоғары оқу орны студенттерінің, сондай-ақ орта кәсіптік білім беру ұйымдары оқушыларына берілетін шәкіртақы мөлшері екі еседен астам өсірілді.
2007 жылы мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға және күрделі жөндеуден өткізуге, сондай-ақ мемлекеттік орта білім беру мекемелері үшін лингафон және мультимедиа кабинеттерін кезең-кезеңімен сатып алуды жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 17,3 млрд. теңге, қалалар мен облыс орталықтарында білім беру нысандарының құрылысына - 21,8 млрд. теңге бөлінетін болады.
Әлеуметтік ахуалдан хабардар бола отырып, мемлекет бұдан әрі де денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі назар аударуға ниет етіп отыр.
Соңғы жылдары оны қаржыландыру едәуір арттырылды (соңғы 5 жылда 3 есеге), және саланы одан әрі дамыту перспективалары жасалған.
Елдегі тұрақты экономикалық өсу Қазақстан Республикасының Үкіметіне халықты әлеуметтік қорғауды дамытуға арналған шығыстарды көбейту арқылы саясаттың әлеуметтік бағыттылығын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы қазіргі қолданылып жүрген әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі мемлекеттің қатысуының басымдығымен ерекшеленеді. Зейнеткерлерді, мүгедектерді, асыраушысынан айрылған адамдарды, және халықтың өзге де санаттарын әлеуметтік қамсыздандыру мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылып отыр. Егер әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік жәрдем шығыстары 2000 жылы 171,1 млрд. теңгені құраса, ал 2007 жылы бұл мақсаттарға 503,4 млрд. теңге бағыттау қарастырылуда.
Бұл халықтың табысының едәуір көбеюіне жол ашады, бұған әлеуметтік индикаторлардың өсуі: зейнетақы мөлшері, ең төмен жалақы мөлшері, күнкөрістің ең төмен деңгейі дәлел.
Конституцияның 28-бабына сәйкес азаматтарға жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне, жасына байланысты, ауырған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік беріледі.
Халықты әлеуметтік қорғаудың негізгі міндеттерінің бірі адамды конституциялық құқықтармен және ең төмен кепілдіктермен қамтамасыз ету болып табылады.
2006 жылдан бастап ең төмен айлық жалақының, базалық әлеуметтік төлемдердің - мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылған жағдайда және жасына байланысты жәрдемақылардың мөлшерін белгілеу үшін әлеуметтік базалық индикатор ретінде ең төмен күнкөріс деңгейі заңды түрде айқындалды.
Бұған қоса, ең төмен күнкөріс деңгейі өмір сүру деңгейін бағалау, әлеуметтік саясат бағытын айқындау және халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі шараларды жүзеге асыру үшін қолданылады. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек берудің критерийі ретінде кедейлік шегі (ең төмен кедейшілік деңгейінің 40% мөлшерінде), 18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақы төлеу кезінде азық-түлік себетінің құны (ең төмен кедейшілік деңгейінің 60%) пайдаланылады.
Ең төмен күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін жетілдіру және оны халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында ҚР Еңбекмині ЮНИСЕФ және ПРООН сияқты халықаралық ұйымдармен белсенді және тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуде.
Соңғы жылдары жоғарыда аталған ұйымдар өкілдіктерінің жәрдемімен және белсенді қатысуымен ҚР Еңбек министрлігі "Қазақстандағы әлеуметтік салаға кешенді қадам" (2003), "Қазақстандағы кедейлікті төмендету" (2004) сияқты бірлескен жобаларын, "Қазақстан Республикасындағы кедейлік және әлеуметтік стандарттар: ең төмен күнкөріс деңгейін айқындау әдістемесін жетілдіру тәсілдері" семинарын, "Қазақстан Республикасында әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдетудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламалары" (2004) тұсау кесерін, "Қазақстан Республикасында әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелері", "Әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдету: ең төмен әлеуметтік стандарттар жүйесін жетілдіру, ана мен баланы қолдау жүйесі" (2005) семинарларын ұйымдастырып, өткізді.
Ең төмен күнкөріс деңгейін жетілдіру жөнінде атқарылған жұмыс нәтижелері негізінде 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы мен Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының бірлескен бұйрығымен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейін есептеудің жаңа әдістемесі қолданылады, осыған сәйкес ең төмен күнкөріс деңгейінің азық-түліктік және азық-түліктік емес бөліктері 60%-дың 40%-ға ара қатынасымен бекітілді;
азық-түлік себетін жан басына шаққанда күніне 2175 ккал деңгейіндегі калорийді тұтынуды қамтамасыз ететін өнімдердің 43 түрінен тұрады, бұл Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы талаптарына сәйкес келеді.
Ең төмен күнкөріс деңгейін айқындаудың әдістемесін жетілдіру оның мөлшерінің үш есеге артуына әкелді.
Қазіргі уақытта ең төмен күнкөріс деңгейін жетілдіру жөніндегі жұмыстар ПРООН-мен бірлесе отырып жасалып жатқан ғылыми зерттеулер аясында жалғасуда.
2005 жылғы 13 сәуірінде "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - заң) қабылданды, ол мүгедектерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етудің, олардың тіршілік-тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшін теңдей мүмкіндіктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайды.
Заңға сәйкес мүгедектерді әлеуметтік қорғау әлеуметтік көмек көрсету, медициналық, әлеуметтік, кәсіптік оңалту, білім беру және олардың қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей қатысуына мүмкіндіктер жасауға бағытталған өзге де шаралар арқылы қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысының дамуы ынталандыру Үкімет қызметінің басты бағыттары болып табылады және жалпы ұлттық сипаттағы неғұрлым маңызды міндеттердің бірі ретінде танылған.
Конституцияның 25-бабы азаматтардың тұрғын үйге қол сұқпауды белгілейді. Сот шешімі бойынша болмаса, өзге жағдайда тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге кіруге, оны қарауға және тінту жүргізуге заңда белгіленген жағдайлар мен тәртіпте ғана жол беріледі. Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалуда. Заңда көрсетілген, тұрғын үйге мұқтаж азаматтар санаттарына мемлекеттік тұрғын үй қорынан заңда белгіленген нормаға сәйкес, қол жетерлік бағамен тұрғын үй беріледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 маусымдағы N 1388 Жарлығымен 2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы (бұдан әрі - Мембағдарлама) бекітілді.
Мембағдарламаның негізгі мақсаты - халықтың қалың тобының тұрғын үйге деген қол жетімділігін қамтамасыз ететін тұрғын үй құрылысын дамыту проблемаларын кешенді түрде шешу, ұсыныс жағынан, соншалықты сұраныс жағынан да толыққанды теңгерімделген тұрғын үй нарығын құру, прогрессивті несиелендіру түрлерін дамыту арқылы халықтың тұрғын үйді сатып алуына және салуына жағдай жасау. Мемлекеттің міндеті халықтың тұрғын үйге деген қол жетімділігін оның құнын арзандату, ипотекалық несиелердің мерзімдерін ұлғайту, бастапқы жарналарды және несиелендіру мөлшерлемелерін төмендету арқылы қамтамасыз ететін нарықтық механизмдерді дамыту үшін құқықтық база мен нормативтік кесімдер әзірлеуден тұрады. Елбасы өзінің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында Қазақстанның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті және қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттер қатарына енуінің негізгі басымдықтарының бірі ретінде тұрғын үй құрылысын және жылжымайтын мүлік нарығын дамыту мәселесін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінің ақпараты бойынша 2007 жылдың қаңтар - мамыр айлары аралығында бүкіл қаржыландыру көздері бойынша тұрғын үй құрылысына 162,4 млрд. теңге немесе 2006 жылдың осындай кезеңіне қарағанда 162% инвестициялар бөлінген. Пайдалануға жалпы ауқымы 3,0 млн. шаршы метр тұрғын үйлер енгізілді, ол болса, өткен жылдың сондай кезеңіне қарағанда 1,56 есе артық.
Жеке инвесторлар мен халық тарапынан жалпы ауқымы 2,8 млн. шаршы метрді құрайтын немесе өткен жылдың бес айындағы деңгейіне қарағанда 163% салынбаған жеке тұрғын үйлерді пайдалануға енгізді. Оның ішінде тұрғындар 2,2 млн. шаршы метр үй салған, ол болса пайдалануға енгізілген тұрғын үйдің жалпы көлемінің 75% құрайды.
Мембағдарлама басталғаннан бері республикалық бюджеттен 18,9 млрд. теңге көлемінде жолданған мақсатты трансферттер арқылы 434,0 мың коммуналдық тұрғын үй (5284 пәтер), оның ішінде өткен жылдың есепті кезеңінде 39,6 мың шаршы метр (532 пәтер) салынды. Коммуналдық тұрғын үйді енгізу жөніндегі тапсырма республиканың тоғыз өңірінде мерзімінен бұрын орындалды.
Тұрғын үй құрылысы 98,46 млрд. теңге көлемінде бөлінген несиелік қаражат есебінен салынуда, оның ішінде 2007 жылы 22,0 млрд. теңге бөлінді. 2005-2006 жылдары аралығында 1618,7 мың шаршы метр несиелік тұрғын үй енгізілді (17878 пәтер), ол болса енгізуге көзделген тұрғын үйдің 117% құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында көлемі 57,9 мың шаршы метр несиелік тұрғын үй салынды (724 пәтер).
Мембағдарлама іске асырыла басталғаннан бері несиелік тұрғын үй сатып алуға 84 өтініш берілді. Төлем қабілеттілігі жөніндегі растамаларды 45 мыңнан астам сатып алушылар табыс етті, ол болса пайдалануға тапсырылған пәтерлерден 2,5 есе артық. Республиканың барлық өңірлерінде осындай тұрғын үйге деген расталған зор сұраныс байқалуда.
Несиелік пәтерлерді іске асырудан жергілікті атқарушы органдардың бюджеттеріне 47,2 млрд. теңге түсті. Олардың ішінен 2006 жылдың 1 шілдесіне дейін 2004 жасалған несиелік шарттарға сәйкес республикалық бюджетке 12,48 млрд. теңге қайтарылды.
Елбасының 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауындағы жеке тұрғын үй құрылысын ауқымды көлемде дамыту үшін стимулдар жасауға қатысты тапсырмаларын іске асыру мақсатында республикада жер учаскелерін беру процедураларын жетілдіру және республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер арқылы тұрғын үйлер салынып жатқан аудандарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар атқарылуда.
Тұрғын үйдің бір шаршы метрі құрылысының құнын төмендету үшін 2006 жылы республикалық бюджеттен тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу кезінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және орнатуға 20 млрд. теңге бөлінсе, үстіміздегі жылы 30 млрд. теңге жолданып отыр.
Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару агенттігінің ақпараты бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сатып алуға 584,3 мың өтініш беріліп, 174,8 мың (30%) учаске бөлінді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жер учаскелерін берудің жеңілдетілген тәртібін көздейтін "Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру ережесін бекіту туралы" 2006 жылғы 1 тамыздағы N 726 қаулысы қабылданды.
Бастапқыда Мембағдарлама бойынша үш жыл ішінде пайдалануға жалпы ауқымы 12 млн. шаршы метрді құрайтын тұрғын үй енгізу көзделгенін атап өткен жөн. Бүгінгі таңдағы іс жүзіндегі нәтижелер 14,2 млн. шаршы метрді құрады, яғни үш жылдық бағдарламаның тапсырмасы іс жүзінде екі жылда орындалып отыр.
Республикада тұрғын үй құрылысын ипотекалық несиелендіру және тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйелерін жетілдіру жөніндегі жұмыс жүргізіліп жатыр.
"Қазақстандық ипотекалық компания" АҚ Арнайы бағдарламасына Мембағдарлама аясында берілетін арзан тұрғын үйді ипотекалық несиелендіру бойынша комиссиялық салымдардың төмендетілуін және азаматтардың төлем қабілеттілігінің тегін алдын-ала сарапталуын және консультациялардың берілуін көздейтін өзгерістер енгізілген. Сондай-ақ, заемшыларға арналған сақтандыру шарттары мен олардың негізінде заемшының несие алуға қажетті шекті отбасылық табысының ең төмен деңгейі анықталатын бірқатар нормативтер қайта қаралды. Қолданылған шаралар азаматтардың ипотекалық несиелерді рәсімдеуге жұмсайтын шығындарын едәуір төмендетті және осының арқасында халықтың Мембағдарлама шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу үшін ипотекалық несие алуына қол жеткізу жөніндегі мүмкіндіктерін кеңейте түсірді.
"Қазақстандық ипотекалық компания" АҚ ақпараты бойынша 2007 жылдың 1 сәуіріне 31 мыңнан астам азаматқа 81,6 млрд. теңгеге жуық сомаға тұрғын үй сатып алуға ипотекалық несиелер берілді.
Қаржы министрлігі жанында құрылған жұмыс тобы "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне тұрғын үй жинақтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын әзірледі. Аталмыш заң бойынша осы жүйе арқылы тұрғын үй сатып алудың шарттары жетілдіріледі.
2007 жылдың 1 мамырына қалыптасқан жағдай бойынша "Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкі" АҚ 34 млрд. теңгеден астам сомаға тұрғын үй құрылысы жинақтары туралы 45 мың шарттар жасасқан. Тұрғын үй құрылысы жинақтары туралы шарттардың басым бөлігі Алматы және Астана қалаларында жасалған (тиісінше 15 және 11,7 %). Жилстройсбербанктің қызметтері Оңтүстік Қазақстан (6,7%), Қостанай (6,7%), Павлодар (6,9%), Ақтөбе (9,0%), Шығыс Қазақстан (9,3%) облыстарында қарқынды қолданыла бастады.
2007 жылдың 1 маусымына "Қазақстандық ипотекалық несиелерді кепілдендіру" АҚ (бұдан әрі - Қор) 31,35 млрд. теңге тұрғын үй ипотекалық займдар сомасына 10501 кепілдіктер берді, оның ішінде Компанияның Арнайы бағдарламасы бойынша - 22, 86 млрд. теңге сомасына 8965 кепілдік берілді. Осы бағдарлама бойынша берілген кепілдіктердің жалпы санынан кепілдіктердің үлес салмағы 85,37% құрады.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа қатысушы тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуының кепілдіктерін белгілейтін "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Заң (күшіне 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді). Сондай-ақ "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Заң қабылданды.
Осы Заңдарды іске асыру үшін Үкіметтің 2007 жылғы 18 шілдедегі N 606 қаулысымен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу үшін тарту арқылы тұрғын үйлер құрылысын ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары бекітілді және Үкіметтің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы N 1275 қаулысымен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы үлгілі шарт бекітілді. қараңыз.P100607
2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үйдің жалға беру секторын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңы күшіне енді. Онда республикадағы жалға берілетін үйлерді жалға алудың құқықтық статусы, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үйді жалға алуының механизмі, жалға берілетін тұрғын үй құрылысын салықтық ынталандыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы жылжымайтын мүлік қорларының қызмет етуінің құқықтық мәртебесі, ерекшеліктері белгіленген.
Осы Заңның негізі жергілікті атқарушы органдардың олардың алдында мемлекеттің тұрғын үй беруге міндеттемесі бар азаматтар үшін тұрғын үй жалдау құқығын айқындау болып табылады. Бұл ретте жергілікті атқарушы органға тұрғын жайды жеке тұрғын қорда және сондай-ақ жалға берілетін үйлерде жалдау мүмкіндігі беріледі. Жалдау ақысының құнын төмендету мақсатында жалға берілетін үйлерді салушылар және меншік иелері үшін нақты бір салықтық жеңілдіктер, инвестициялық қорлардың тұрғын үйдің жалға берілетін секторын дамытуға қатысу мүмкіндігі көзделеді.
Осы жылдың ақпан айында жария етілген Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына "Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан" атты Жолдауында Мемлекеттік бағдарлама 30% ілгерілеп жүзеге асырылып жатқаны атап өтілген. Сонымен қатар, Үкімет алдына халықтың тұрғын үйге деген қол жетімділігі үшін неғұрлым қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуі тиіс, нақты, бәсекеге қабілетті және ашық жылжымайтын мүлік нарығын құру, сондай-ақ кең көлемдегі тұрғын үй құрылысы үшін қосымша стимулдар жасау жөніндегі міндет қойылды. Ипотекалық несиелендірумен байланысты қызмет түрлерін көрсететін сақтандыру компанияларына ынталандыру үшін заңнамалық база құру қажет. Халықаралық жылжымайтын мүлік рыноктарындағы үрдістерді талдап, ең озық халықаралық тәжірибе негізінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын одан әрі қаржыландырудың және жеке тұрғын үй құрылысын ынталандырудың тиімді аспаптарын құру қажет.
Осы міндеттерді шешу, сондай-ақ Үкіметтің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау мақсатында Индустрия және сауда министрлігі, халықты арзан тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, әлеуметтік бағдардағы тұрғын үй құрылысы саясатын іске асыруды көздейтін 2008-2009 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында Мемлекеттік тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасын әзірледі.
Тұрғын үй қарым-қатынастары саласында да қажетті жұмыстар атқарылуда.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 маусымдағы N 553 қаулысымен 2006-2008 жылға арналған Қазақстан Республикасында 2006-2008 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық саланы дамыту бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілді.
Бағдарламаның мақсаты қолда бар тұрғын үй қорының тиісінше пайдаланылуын және ұсталуын қамтамасыз ету, онда қауіпсіз және қолайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 ақпандағы N 94 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2006 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес, Индустрия және сауда министрлігі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық саланың мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын әзірледі, бұл жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 желтоқсандағы N 1298 қаулысымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.
Заң жобасының қабылдануы тұрғын-үй-коммуналдық салаға жүйелі өзгерістер енгізуге, сондай-ақ коммуналдық қызмет түрлері саласындағы қарым-қатынастарды жетілдіруге бағытталған.
Тұрғын-үй коммуналдық саланы дамыту бойынша құқықтық жағдайлар жасау үшін заң жобасы мыналарды көздейді:
тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік реттеу;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен бағдарламаларын әзірлеу, тұрғын үй қорын ұстаудың үлгілі ережесін, кондоминиум объектісін басқару органы мен коммуналдық қызмет түрлерін көрсететін нарық субъектілері арасындағы ынтымақтастық туралы үлгілі шарттарды, Коммуналдық қызмет турлерін көрсету ережесін бекіту жөніндегі құзыреттілігін белгілеу;
тұрғын үй қатынастары саласындағы жергілікті мемлекеттік басқару органын белгілеу;
кондоминиум объектілерін басқару түрлерін жетілдіру және тұрғын үй қорын тиімді басқару үшін жағдай жасау;
жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының кондоминиумға қатысушылардың ортақ мүлкіне тексерулер жүргізуі арқылы тұрғын үй қорының тиісінше ұсталуын мемлекеттік бақылау;
тұрғын жайлар (пәтерлер) меншік иелері кооперативтерін құқықтарға бөлу.
Осы заң жобасының іске асырылуы ұзақ мерзімді және тұрақты тұрғын үй қатынастары жүйесін құруға, тұрғын ұй қорының жалпы күйін жақсартуға, тұрғын үй қорын тиімді басқару мен оның күйін бақылауға мүмкіндік береді.
"Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер" 042 республикалық бюджеттік бағдарлама шеңберінде егін шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы мен ветеринарлық медицина, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және сақтау салаларында мынадай негізгі бағыттар:
түрлі дақылдардың, жануарлар түрлерінің, жүйелері мен үлгілерінің және құстар кросстарының жоғары өнімді жаңа сорттарын жасау;
қолдануға дайындығы жоғары дәрежедегі тамақ өнімдер, тағамдық қоспалар мен ұлттық өнімдер, халықтың детерминделген топтарына, балалар мен экологиялық қолайсыз аймақтардың тұрғындарын т.б. қоса алғанда арналған жалпы тұтыну құрамы мен емдік-профилактикалық нысаны өзгертілген жаңа ұрпақты құнарлы тамақ өнімдерін жасау;
өсімдік және мал текті ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу және сақтау бойынша қолданыстағы технология мен технологиялық жабдықтарды жетілдіру;
ауыл шаруашылығы мал, құс және балықтардың әр түрлі түрлеріне арналған құрама жем мен жемшөп қоспаларын өндіру үшін тиімді технологияларды жасау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы бағдарлама шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми ұйымдары келесі іс-шараларды өткізді:
біліктілікті көтеру, тренингтер, тағылымдамадан өту, оның ішінде 12 - Қазақстан Республикасында, 87 - ТМД елдерінде, 41 - алыс шет елде;
егін күндерінің конференциялары, семинар-кеңестері, оның ішінде 27 - халықаралық, 14 - республикалық, 106 - облыстық, 255 - аудандық;
ғылыми жетістіктерді насихаттау, соның ішінде 226 - теледидардан сөйлеу, 90 - радиодан сөйлеу, 1569 - ғылыми мақалаларды, тезистерді басып шығару, 267 - газет мақалаларын басып шығару;
44 - кітап пен жинақтар, 154 - ұсыныстар мен брошюралар басып шығарылды;
Ғылыми жұмыстарды құқықтық қорғаудың нәтижелері: алдын ала патент пен патентке 128 өтінім берілді, 108 оң шешім қабылданды, 108 алдын ала патент алынады, 17 патент алынды, 24 авторлық куәлік алынды;
47 мыңға жуық түрлі мәдениеттердің есебі жүргізілді. Генофонд 6 мыңға жуық үлгілермен толықтырылды. Сұрыптау үшін 3 мың донор мен шаруашылыққа бағалы белгілердің көздері бөлінді. Берілгендердің компьютерлік қоры, каталогтар және басқалар түрінде 27 мыңы құжатталды.
Мемлекеттік сорт сынауға ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің 29 мың сорттары мен будандары берілді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау саласында ғылыми қамтамасыз ету бойынша өсімдік шикізаттарын қайта өңдеу және сақтаудың 16 технологиясы және жануарлардан алынған шикізаттардан тамақ өнімдерін өндірудің 12 технологиясы жасап шығарылды.
Тамақ өнімдерінің 25 атауына рецептуралар жасалды.
Қайта өңдеу өнеркәсібі үшін құрылғылардың 3 тәжірибелік үлгісіне бастапқы шарттар мен техникалық тапсырмалар жасалды.
Қайта өңделген және тамақ өнімдеріне 4 технологиялық регламент, 7 технологиялық шарттар мен нұсқаулықтар мен 7 рецептура жасалды.
Микроағзалардың 159 жинақтық мәдениетінің төлқұжаттық берілгендерінің автоматтандырылған банкі жасалды. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі мен биотехнология үшін іс жүзінде бағалы болып табылатын сүттен ашытушы бактериялар мен ашытқылардың мәдениеттеріне электрондық төлқұжаттар рәсімделді.
Жануарлар мен балықтардың алуан түрлері үшін құрама жем мен азықтық қоспаларды тиімді өндірудің 4 технологиясы жасалды.
Етті мал өсіру саласында қазақы әулиекөл тұқымы топтарына 15 өсірілетін жүйе мен 12 ұқсас топтар шегінде генеалогиялық талдау жүргізілді.
Әулиекөл тұқымын өсіруші 6 еншілес шаруашылықта топтардың генеалогиялық құрылымы анықталды, түрлі жүйеге жататын 1330 сиырдың фенотиптік көрсеткіштері мен өнімділігі зерттелді.
Құс өсіру саласында Росс-308 кросының ата-аналық формадағы инкубациялық тайпалық жұмыртқалар түрінде генетикалық материалдары әкелінді (Венгриядан). Жұмыртқалардың ұрықтануы 91,3-94,1%, дені сау малдың туылуы 70,2-75,2 % құрады.
Қой өсіру саласында еділбай қойларының 4 жүйесі апробацияға дайындалған және қаракөлді өсіруде сұрыптау үрдісінің жағдайына талдау жүргізілген.
Ауыл шаруашылық және азық-түлік өнімдерін өндіру саласында бәсекеге қабылеттілікті қолдаудың әлемдік тәжірибесі зерттелді. Аграрлық нарықтың тұрақтылығына әсер ететін факторлар мен шарттар анықталды, азық-түліктің бәсекеге қабылеттігі бағаланды, агроөнеркәсіптік кешеннің жекелеген салалары мен өндірудің ұлттық бәсекелік артықшылығы негізделді, агроөнеркәсіптік кешенін экспортқа бағытталған және импортты алмастырушы салаларының өнімдерінің бәсекеге қабілеттігін көтерудің стратегиялық бағыттары жасалды және олардың ұлттық және аймақтық азық-түлік нарықтарының қызмет етуінің тұрақтылығына әсер ету деңгейі анықталды.
Жоғарыда аталған шаралар табиғи ресурстарды тиімді игеру мен пайдалануды, сондай-ақ елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Соңғы үш жыл ішінде ауыл шаруашылық және басқа дақылдардың 170 сорты мен будандары жасалып, олар мемлекеттік сұрып сынамасына тапсырылды.
Американдық селекцияның швиц және голланд селекциясының голштин малдарының қатысуымен қызыл ала және қоңыр малдың жоғары өнімді сүтті түрлері, меринфляйшаф неміс тұқымының қатысуымен етті биязы жүнді қойлардың ішкі тұқымның түрі, екі қаракөл ішкі тұқымдық түрі, күшім тұқымдас жоғары сүтті жылқының төрт желісі және түйенің үш желісі алынды.
Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсіптері үшін ғылыми білімдерді қолдану арқылы тамақ өнімдерін өндіру әдістерін жақсарту бойынша қолданатын шаралар туралы ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу және сақтаудың, құрама жем тамақ өнімдерін өндірудің 30 технологиясы әзірленіп, тамақ өнімдерінің 40 түрі (нан, ет, сүт, дәнді және т.б.) жасалды.
Қазақстан Республикасында адам өмірі мен денсаулығын, тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау және қоршаған ортаны қорғау үшін тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздері 2007 жылғы 21 шілдедегі халықаралық тәжірибе нормаларына сәйкес келетін және 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасы заңымен бекітілген.
Халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында 2006 жылдан бастап базалық әлеуметтік индикатор ретінде ең төмен күнкөріс деңгейі алынды, оның негізінде әлеуметтік төлемдер мөлшері қайта қарастырылды. Осыған байланысты, өмірдің игіліктері мен қызметтердің ең төмен әлеуметтік қажетті деңгейін білдіретін тұтыну бюджетінің негізі болып табылатын ең төмен күнкөріс деңгейі көлемін айқындаудың әдістемесі өзгерді.
Орта мерзімдік кезеңде мәдениет, ақпарат кеңістігі, спорт және туризм саласындағы басым бағыттар тарихи-мәдени мұраларды сақтау, мемлекеттік тілдің рөлін нығайту, бәсекеге қабілетті туризм индустриясын және дене тәрбиесі мен спорттың тиімді жүйесін жасау болып табылады.
2007 жылғы 28 ақпандағы Президент Жолдауына сәйкес 2001 жылдың 7 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің N 550 Жарлығымен Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін дамытуды көздейтін "Тілдердің үш бірлігі" мәдени жобасын жүзеге асыру жөнінде шаралар қолданатын болды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылдың 13 қаңтардағы N 1277 Жарлығымен 2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасының аясында басталған тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қалпына келтіру бойынша жұмыстарды қаржыландыру жалғасатын болады.
Спорт және туризм саласында негізгі шығыстар Алматы қаласында 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізу дайындығына және Қазақстан аймағында туристік кластерлерді дамытуға бағытталатын болады.
12-бап
1. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әрбір адамның тәндік және психикалық саулылығының ең жоғарғы деңгейіне қол жеткізу құқығын таниды.
2. Бұл құқықты толық жүзеге асыру үшін осы Пактіге қатысушы мемлекеттер:
а) балалардың өлі тууы мен шетінеу санының азаюын қамтамасыз ету және балалардың салауатты дамуына жағдай туғызу;
ә) сыртқы орта гигиенасының және өнеркәсіптегі еңбек гигиенасының барлық аспектілерін жақсарту;
б) індет, эпидемиялық, кәсіби және өзге де аурулардың алдын алу және олармен күресу;
в) науқастанған жағдайда, баршаға медициналық жәрдем беру мен дәрігерлік күтімді қамтамасыз ететіндей жағдай жасау үшін қажетті іс-шараларды қамтуға тиіс.
27. Конституцияның 29-бабына сәйкес республика азаматтарының өз денсаулығын сақтауға құқығы бар. Олар заңмен белгіленген медициналық көмектің кепілді көлемін тегін алуға құқылы. Мемлекеттік немесе жеке меншік емдеу мекемелерінде, сондай-ақ, жеке медициналық практикамен айналысатын адамдардан ақылы медициналық жәрдем алу заңмен белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүргізіледі.
Денсаулықтың сақталуына мемлекет пен адамның ортақ жауапкершілігі, халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған бастапқы медициналық-санитариялық көмектің басымдықты жағдайда дамуы принциптеріне негізделген медициналық көмек көрсетудің тиімді жүйесін құру мақсатында, Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған Денсаулықты реформалау және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаға сәйкес денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындарды 2007 жылы 2,4%, 2008 жылы - 2,7%, 2009 жылы - 2,8% және 2010 жылы - 2,9 деңгейінде бөлу көзделген.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде баса назар бастапқы медициналық-санитариялық көмекке аударылатын бастапқы медициналық көмекті ұйымдастырудың халықаралық принциптеріне көшу жүзеге асырылады; халықтың, саланың және мемлекеттің сұраныстарын қанағаттандыратын денсаулық сақтау жүйесінің оңтайлы моделі құрылады; халықтың денсаулық сақтау жүйесінің қызметтерімен қамтылуының деңгейі айтарлықтай жоғарылайды, адамның өз денсаулығын сақтауы үшін стимулдар енгізіледі; азаматтардың медициналық көмекке деген тең қол жеткізуі қамтамасыз етіліп, мемлекет пен азаматтың денсаулықтың қорғалуына деген ортақ жауапкершілігі принципі іске асырылады; профилактикалық, сауықтыру іс-шараларының ауқымы кеңейе түседі; ана мен баланың денсаулығын нығайтуға, медициналық-демографиялық ахуалдың оңдалуына және әлеуметтік тұрғыдан маңызды аурулардың деңгейін төмендетуге баса назар аударылады.
Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы N 1327 қаулысымен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жанында Медициналық қызмет түрлерінің сапасын бақылау жөніндегі комитет құрылды. Құрылған органның негізгі функциясы ретінде, кейін анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар берумен қатар, халыққа, оның ішінде балаларға көрсетілетін көмектің сапасына мониторинг жүргізу көзделген. Денсаулық сақтау саласындағы қызмет түрлерінің сапасын басқарудың тиімді жүйесін құру мақсатында, жүйенің бүкіл элементтерінің кезең-кезеңмен және дәйекті дамуын көздейтін медициналық көмектің сапасын жетілдіру тұжырымдамасы қабылданды.
2006 жылдан бастап медициналық көмектің сапасын халықаралық стандарттарға сай басқару жүйесі құрылды. Ол төмендегідей үш деңгейден тұрады:
1) 1-деңгей - аурухана ішіндегі бақылау;
2) 2-деңгей - тәуелсіз медициналық сараптама;
3) 3-деңгей - міндетті мемлекеттік бақылау.
Сапаны қамтамасыз ету жүйесінің негізі ретінде медициналық мекемелердің ішкі менеджменті мен аудиті, сондай-ақ медициналық қызметке жүргізілетін тәуелсіз сараптама алынды.
Мемлекеттік стандарттар мен аккредиттеу ережелерін әзірлейтін медициналық ұйымдарды аккредиттеу жүйесі құрылды. Дәрігерлерді практикалық қызметке жіберу жүйесінің халықаралық тәжірибесін ескере отырып, медицина мамандарының кәсіби біліктілігін бағалаудың тұжырымдамалық тұрғыдан ең жаңа әдістері белгіленді. Бұл ретте медициналық қызметкерлер мен пациенттердің құқықтары мен жауапкершілігі нақты айқындалады.
Шалғайдағы ауылды өңірлерде тұрып жатқан балалар мен әйелдердің жоғары білікті медициналық көмекке деген қол жетімділігін арттыру мақсатында республикада бірқатар жылдар бойы балалар мен әйелдерге арналған жылжымалы консультациялар ойдағыдай жұмыс атқарып келеді. Аталмыш консультациялар облыстық балалар ауруханалары мен облыстық перинаталды орталықтар негізінде құрылған және олар педиатриялық және акушерлік-гинекологиялық бейіндегі мамандармен жасақталған, көлікпен, медициналық құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмекпен қамсыздандырылған. Жылжымалы консультациялардың мамандары бекітілген кестелерге сәйкес облыстың алыс аудандарына барып тұрады.
Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылдың 13 қыркүйектегі N 1438 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған Денсаулық сақтауды реформалау және дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында тиісті іс-шаралар көзделген.
Ұрпақ әкелу жасындағы әйелдердің денсаулығын сауықтыру шараларымен қоса, 2006 жылдан бастап, кейін динамикалық бақылауға алу және анықталған науқастарды сауықтыру арқылы 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің денсаулығын тексеру жөніндегі жыл сайынғы профилактикалық шаралар жүзеге асырылып келеді. Дәрі-дәрмекке деген қолжетімділігін арттыру мақсатында 2005 жылдан бастап 5 жасқа дейінгі балалар неғұрлым кең тараған аурулардан емханалық деңгейде емделуі кезінде дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етіледі. 2006 жылдан бастап диспансерлік есепте тұрған балалар мен жасөспірімдерді емханалық деңгейде дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз ету үшін қаражат көзделген. Жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаның аясында 2005 жылдан бастап балаларға арналған емдеу-профилактикалық мекемелердің медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуын бекітілген нормативтерге жеткізу жолында шаралар атқарылуда. Басымдықты тәртіппен балаларды диагностикалауға және оларға жедел көмек көрсетуге арналған құрал-жабдықтар (тыныс алу аппараттары, дәрі-дәрмек дозаторлары, диагностикалық құрал-жабдық) және жаңа туған нәрестелерді күтіп жетілдіруге арналған құрал-жабдықтар (кювездер) сатып алынды.
Нәрестелердің шетінеуі мен туу кезіндегі шетінеу деңгейін төмендету бойынша барабар басқарушылық шаралар қолдану үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2006 жылғы 1 наурыздағы N 38-ө өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тірідей туу және өлі туу критерийлеріне көшу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді.
Іске асырылып жатқан Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған денсаулық сақтау жүйесін реформалаудың және дамытудың мемлекеттік бағдарламасында бастапқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіруге ерекше назар аударылып келеді. Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасының халқына көрсетілетін бастапқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" 2005 жылғы 28 желтоқсандағы N 1304 қаулысы қабылданды. Осы қаулымен қызмет атқарып жатқан құрылымдардың бір ізге салынуын, халқының саны 5-тен 10 мың адамға дейін баратын елді мекендерде халыққа медициналық-әлеуметтік көмек көрсету орталықтарының, фельдшерлік, фельдшерлік-акушерлік пунктер базасында медициналық пунктердің құрылуын көздейтін, халыққа бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету желісінің мемлекеттік нормативі бекітілді.
Ауыл тұрғындарының білікті көмекке деген қолжетімділігін арттыру мақсатында халқының саны 1000-нан 5000-ға дейін адамды құрайтын селолық округтерде дәрігерлік емханалар ашу көзделуде. Республикада медициналық кадрлармен медициналық ұйымдарды жасақтау және оларды орнықтыру жөніндегі шаралар қабылдануда. "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес квота шегінде педагогтік және медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтар білім беру грантын беру ережелерінде және білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт талаптарында көзделген тәртіппен жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарда жұмысты істеуге міндетті.
Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында республикада халықаралық, үкіметтік, қоғамдық ұйымдармен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесе отырып іс-шаралар атқарылуда.
Халықты иммунитеттеу Қазақстан Республикасы медицинасының басымдықты бағыттарының біріне жатады. Иммуннопрофилактика жөніндегі жұмыс негізгі 6 бағыт бойынша жүргізілуде:
1) халықты иммунитеттеу процесін басқару (нормативтік-құқықтық құжаттар әзірлеу);
2) вакциналар сатып алуға арналған бюджеттік қаражатты қалыптастыру;
3) қауіпсіз иммунитеттеу практикасы проблемаларын шешу (вакциналарды тасымалдау және сақтау кезіндегі "ызғарлы тізбек", шприцтерді жинау және қайта іске жарату, мамандарды оқыту, аттестаттау);
4) вакциналарды сатып алу процестері;
5) кадрларды даярлау;
6) халықты иммунизациялау мәселелері бойынша ағарту.
Мемлекеттің халықты иммунизациялау саласындағы мақсатты саясаты арқасында қазіргі таңда елде полиомиелит, сіреспе, дифтерия аурулары жойылып, көкжөтел аурулары сиретілді, "В" вирусты гепатитпен, індетті паротит ауруларының саны төмендеді. Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қызылша мен қызамақ ауруларын элиминациялау жөніндегі бағдарламасын іске асыруға кірісті.
Республикада өңірлерді вакциналармен толассыз қамтамасыз ету жұмысы жолға салынды. Қазіргі уақытта балалардың 95 пайызы вакцинациялаумен қамтылды. Ауылдарда тұратын халықты егумен дер кезінде қамту үшін 900 көшпелі егу бригадалары құрылды. 2005 жылдан бастап 7 мыңға жуық медициналық қызметкер даярлаудан және аттестаттаудан өтті және оларға егу жүргізуге рұқсатнамалар берілді. Вакциналарды сақтауға және тасымалдауға арналған "ызғары тізбекті" құру мәселесі шешілді. Егу Паспортында адамдар өмір бойына алған егулер көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Халықты жұқпалы ауруларға қарсы егуді жақсарту жөніндегі шаралар туралы" 2003 жылғы 23 мамырдағы N 488 қаулысы профилактикалық егулердің жүргізілуін регламенттейтін, ұлттық егулер күнтізбесін бекітетін құжат болып табылады. Осы қаулыға сәйкес 13 жұқпалы ауруға (туберкулез, "В" гепатиті, полиомиелит, көкжөтел, сіреспе, дифтерия, қызылша, қызамақ, індетті паротит, құтырма, іш сүзегі, кене энцефалиті, оба) қарсы вакциналар республикалық бюджеттің қаражаты есебінен, ал 4 инфекцияға ("А" гепатиті, туляремия, күйдіргі, грипп) қарсы вакциналар жергілікті бюджет есебінен сатып алынады.
Сонымен қатар, Адам құқықтары жөніндегі уәкілетінің ақпараты бойынша, денсаулық сақтау құқығының бұзылуына қатысты шағымдар жазбаша өтініштерде көтерілген мәселелердің жалпы санының 1,65% құрайды. Бұл ретте, денсаулығына тигізген зиян үшін өтемақы төлемеу және медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының шешімімен келіспеушілік мәселелері, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты шағымдар барынша өзекті болып табылады.
Шағымдарда көрсетіліп жатқан медициналық қызметтің сапасы жөнінде мәселелер жиі көтеріледі. Шағымданушы П. өз шағымында Алматы қаласының "N 7 қалалық клиникалық ауруханасы" Мемлекеттік коммуналдық қазыналық мекемесі медициналық қызметкерлерінің әрекетіне наразылық білдіреді. Мұнда 2006 жылғы 15 наурызда шағымданушының ағасы К. қайтыс болған. Сондай-ақ, шағымданушы ағасының өлім фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері әрекетін де атап көрсетеді. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес К. өлімі науқасты емдеу мен диагностикада кеткен қателіктермен тікелей себептік байланысты емес. Алайда, П. өзінің қайта жазған шағымына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Денсаулық министрлігі Медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі комитеттің хаттарын қоса беріп отыр, бұл хаттарда К. өлімі үшін толықтай "N 7 қалалық клиникалық ауруханасы" Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының медициналық қызметкерлері кінәлі екендігі айтылады. Аталған шағым бойынша Уәкіл Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасына қайта сұрау жолдады, онда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы қаласы прокуратурасы ұсынған ақпараттардың қайшылығы көрсетілген. Бас прокуратура жүргізген қайталама тексерулердің нәтижелері бойынша, өтініште көрсетілген фактілер расталмады.
Арнайы медициналық мекемелерге орталық атқарушы органдар тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығын Г. шағымы дәлелдейді. Хатта өтініш иесінің баласы мәжбүрлі емделіп жатқан Орал қаласының Арнайы емдеу профилактикалық мекемесі қызметкерлері оның баласын емдеуге көңіл бөлмейтіндігі көрсетілген. Ол жиі үйге келіп, анасын ұрып-соғумен қорқытып, ақшасын алады, ал ішкі тәртіп ережелері бойынша мәжбүрлі емделушілерге емханадан тыс сыртқа шығуға рұқсат етілмейді.
Денсаулық сақтау мәселелері бойынша шағымдарды талдау құқық қорғау органдарының тиісті медициналық қызмет көрсетілмеу туралы ақпараттарды тексеру жөнінде тиісті шаралар қолданбай отырғанын көрсетеді; денсаулық сақтау органдары кейбір науқастарға немқұрайлы қарайды, адамдарды уақтылы және толық тексерумен қамтамасыз етпейді, тактикалық және емдік-диагностикалық қателіктер мен медициналық этика мен деонтологияны бұзу жағдайлары жиі кездеседі.
2006 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі (ҚОҚМ) Қазақстан Республикасының үш томдық Ұлттық атласын әзірледі. Жыл сайын қоршаған ортаның жағдайы туралы Ұлттық баяндама шығарылып отырады.
Аса өзекті экологиялық проблемалардың ішінен:
- Арал және Семей экологиялық қасірет аумақтарын;
- Каспий және Балқаш өңірлерін;
- Әскери-ғарыштың полигондар аумақтарын;
- Шөлге айналу процестерін;
- Жер үсті мен жерасты суларының ластануын, трансшекаралық су проблемаларын;
- Ірі қалалар мен өнеркәсіптік орталықтардың ауа алабының ластануын;
- Суды кетіру жүйелерінің және канализациялық су тазарту құрылыстарының нашар күйін;
- Тарихи ластануды;
- өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың жинақталуын атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 14 қарашадағы N 216 Жарлығымен 2007-2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының орнықты дамуға көшуі тұжырымдамасы бекітілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметі оны іске асыру бойынша 2007 жылдың 14 ақпанында N 111 қаулысымен 2007-2009 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспарын қабылдады. Үстіміздегі жылға 18 іс-шараны орындау көзделуде. Олардың 11 орындалса, 7 - орындалу барысында.
ҚОҚМ Орнықты даму жөніндегі кеңесте қаралған 35 салааралық көрсеткіштерден тұратын кешенді әзірледі. Экология саласындағы мақсатты көрсеткіштер Үкіметтің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасында бекітіліп қойған.
Бұл көрсеткіштердің негізін Орнықты дамуға көшу тұжырымдамасымен бекітілген 12 нұсқамалық параметрлер құрайды.
ҚОҚМ орнықты даму мәселелеріне қатысты заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстар енгізді, өндіріс пен тұтынудың тұрақты модельдерін енгізудің критерийлері әзірленіп жатыр.
Су орталығын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды, бұл мәселені ЕурАзЭҚ жоғарғы деңгейдегі тобының отырысында талқыланды.
ҚОҚМ жетекші қазақстандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен технологияларды серпінді жобаларға жатқызудың әдістемесі мен критерийлерін әзірлеп, оны Үкіметке жолдады.
Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ҚОҚМ сараптаманың, рұқсат беру жүйесінің және бақылаудың ажырамас бірлігіне негізделетін "экологиялық реттеу циклы" халықаралық қағидатын қолданады.
Біз экологиялық салаға сарапшылардың сырттан шақыртылуын (аутсорсинг) кеңінен қолдану жөніндегі шараларды атқарудамыз. Жобалар мен бағдарламалардың орнықты даму принциптеріне сәйкестігін сараптау жөніндегі әдістемелік талаптар әзірленді.
Рұқсат беру жүйесін жетілдіру шеңберінде Экологиялық кодекске сәйкес, 2008 жылдан бастап елдің өңірлері бойынша эмиссияларға квоталар енгізіледі. Еуро Одақтың тәжірибесі бойынша, ресурстар мен энергияны үнемді пайдалану жөніндегі талаптар ескерілген кешенді экологиялық рұқсаттар енгізілуде.
ҚОҚМ Экономикалық ынтымақтастық және даму жөніндегі ұйымы Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдеріне ұсынған 23 принцип (оның ішінде - профилактикалық әдістің басымдығы, өндірістік экологиялық бақылауды дамыту, автоматтандырылған жүйелерді құру) негізінде әзірленген мемлекеттік экологиялық бақылаудың заманауи моделін қолданып келеді.
Айыппұлдардың жиналуы бақылау қызметінің орталықты көрсеткіші болудан қалып барады. Біз табиғатты қорғау заңнамасына қайшы келіп жүзеге асырылатын шаруашылық қызметті сот тәртібімен уақытша тоқтата тұру практикасын қолдана бастадық (осы шара 203 кәсіпорынға қатысты қолданылды). Бұл әдіс халықаралық тәжірибеге сай келеді. Қатаң шаралардың арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізілді: 2006 жылы анықталған заң бұзушылықтардың көлемі 41 мыңнан 28 мыңға дейін төмендеді.
Құрамына мүдделі министрліктер мен ведомстволардың өкілдері кіретін Қоршаған орта сапасын тұрақтандыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия ойдағыдай жұмыс атқарып келеді. Комиссия отырыстарында депутаттармен, әкімдіктердің, мәслихаттардың және ҮЕҰ өкілдерімен бірлесе отырып, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы экологиялық жағдай, әскери полигондардың қызметі, Іле өзенінің, Шығыс Қазақстан облысындағы қоршаған ортаның ластануы және басқа да көкейтесті мәселелер қаралды.
Тәуелсіз экологиялық аудитті қолдану практикасы кеңейіп келеді. Мәселен, қазіргі таңда "Бурабай" ұлттық паркінің рекреациялық әлеуетін анықтауға, оның табиғи жүйелеріне келтірілетін қатерді бағалауға мүмкіндік беретін экологиялық аудит жасау жөніндегі ірі жоба іске асырылуда.
Қоршаған ортаны қорғауды ынталандырудың жаңа экологиялық-экономикалық принциптері әзірленуде. Өткен жылы алғаш рет ISO 14001-ге сәйкес сертификатталған кәсіпорындарға арнап эмиссиялар үшін жеңілдікті төлем ставкалары енгізілді.
ҚОҚМ мемлекеттік тапсырыс шеңберінде экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тауарлар мен қызмет түрлері өндірісін ынталандыру үшін "жасыл" сатып алулар қағидатын қолдану жөніндегі ұсыныстар әзірледі.
Сондай-ақ, көмірсутекті шикізатты өндірумен, өңдеумен және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындарды сертификаттау бойынша "Жасыл мұнай" принципін енгізу үшін критерийлер әзірленді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 наурыздағы N 163 қаулысымен "Балқаш-Алакөл бассейнінің 2007-2009 жылдарға арналған орнықты дамуын қамтамасыз ету" бағдарламасы бекітілді.
Климатты сақтау жолында жасалып жатқан халықаралық әрекеттер шеңберінде ҚОҚМ 2007 жылдан бастап Қазақстанның Антарктикалық ғылыми-зерттеу бағдарламасына қатысуы бойынша шаралар қабылдап келеді. Ол болса келешекте біздің елімізге бұл құрлықтың табиғи ресурстарын қолдануға мүмкіндік береді.
ҚОҚМ 4R. әдісін (атап айтқанда, қалдықтардың жинақталуын азайту, оларды екінші рет пайдалану, қайта іске жарату, қоршаған ортаны ластан тазарту) Қазақстандағы қалдықтарды басқару ісіне енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
2008-2010 жылдары Қазақстанның аумағында қалдықтарды басқарудың біртұтас жүйесін, сондай-ақ қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорындар кешенін енгізу жөніндегі жоба әзірлену үстінде.
Қазақстанға қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру және қайта өңдеу жөніндегі (биоотын мен электроэнергия алынатын) ең озық технологияларды тарту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау режимін енгізу бойынша ұсыныстар әзірленді.
Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесе отырып, гидрометео қызметтерді және бүкіл әлемде ұлттық қауіпсіздікті қамту факторы болып табылатын экологиялық мониторинг жүйесін реформалау принциптері әзірленді.
ҚОҚМ осы жылы экологиялық ақпараты үнемі жаңартылып отыратын ситуациялық орталық құрып, ақпараттық жүйелер саласында біртұтас саясатты жүргізіп келеді.
Табиғат пайдаланушылардың электронды есептілігі енгізілуде.
Ғылыми зерттеулердің, депутаттық сауалдарды қорытындылау нәтижесінде үнемі жаңартылып отыратын Экологиялық проблемалар тізілімі әзірленді.
ҚОҚМ қоғам алдында үнемі есеп беруінің жүйесі ұйымдастырылды. 2007 жылдан бастап барлық өңірлерде әкімдіктердің, мәслихаттардың, табиғат пайдаланушылардың, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жүйелі түрде қоғамдық тыңдаулар жүргізіле бастады. Бұл шараларға он мыңнан астам адам қатысты. Бұл халық пен табиғат пайдаланушылар арасында диалог орнатуға, қоғамдық бақылау мен сараптама енгізуге, экологиялық ҮЕҰ жұмысын жандандыруға мүмкіндік береді, ал ол болса Орхусстық конвенцияның ережелеріне сай келеді.
Ағымдағы жылы ҚОҚМ орталық аппаратты ISO 14001 экологиялық менеджменттің халықаралық стандарттарына сәйкестігін сертификаттау жөніндегі жұмысты аяқтайды.
Осы жылы ҚОҚМ жаңа экологиялық талаптарға сәйкес барлық ірі табиғат пайдаланушылардың табиғатты қорғау жөніндегі іс-шаралары жоспарларын түзетті. Табиғатты қорғау бағдарламаларына олар бөлетін қаражаттың көлемі үстіміздегі жылы 1 миллиард доллардан аспақ.
Жалпы алғанда ҚОҚМ есептері бойынша Қазақстанда 2012 жылға дейін қоршаған ортаны қорғауды қаржыландыру көздерінен жұмсалатын шығындар ішкі жалпы өнімнің қазіргі 1,2 пайызынан 2 пайызға дейін өспек.
Халықаралық экологиялық тұрақтылық рейтингіне сәйкес Қазақстан қазіргі таңда 70 орынға ие болып отыр (бір жыл бұрын еліміз 75 орында болғантын). Көзделген жоспарлардың 2012 жылға қарай іске асырылуы жағдайында Қазақстанның экологиялық тұрақтылық индексі бойынша әлемнің ең озық елдерінің қатарына енуіне нақты мүмкіндігі бар.
13-бап
1. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әрбір адамның білім алуға құқығын таниды. Олар білім - адамның жеке басының толық кемелденуіне және қадір-қасиетін сезінуіне бағытталып, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарына құрметті нығайтуға тиіс екендігімен келіседі. Бұдан әрі, олар білім баршаға еркін қоғамның пайдалы қатысушылары болуына мүмкіндік туғызып, барлық ұлттар мен нәсілдік, этникалық және діни топтар арасындағы өзара түсіністік, төзімділік пен достыққа ықпал етіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілікті қолдау жолындағы жұмысына жәрдемдесетінін құптайды.
2. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер осы құқықты толық жүзеге асыру үшін:
а) бастауыш білім баршаға бірдей міндетті және тегін болуы тиіс екендігін;
b) әр түрлі нысандарда орта білім алу, бұған кәсіптік-техникалық орта білімді қоса алғанда, барлық қажетті шараларды қабылдау жолымен, атап айтқанда, біртіндеп тегін білім беру жүйесін енгізу сияқты ашық және бәрі үшін қол жетімді болып жасалуы тиіс екендігін;
с) жоғары білім алу әркімнің қабілетіне қарай барлық қажетті шараларды қабылдау жолымен, атап айтқанда, біртіндеп тегін білім беру жүйесі сияқты, бәрі үшін бірдей қол жетімді болып жасалуы тиіс екендігін;
d) бастауыш білім алмаған немесе бастауыш білімнің толық курсын аяқтамағандар үшін қарапайым білім алу, мүмкіндігінше көтермеленіп немесе үдетіліп оқытылуы керек екендігін;
е) барлық сатыдағы мектеп жүйелерін дамытудың белсенді түрде жүргізілуі, шәкіртақының қанағаттанарлықтай жүйесінің орнатылуы, оқытушылар құрамының материалдық жағдайының үнемі жақсартылып отырылуы тиіс екендігін таниды.
3. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер ата-аналардың және тиісті жағдайларда, қамқоршылардың өз балаларын оқыту үшін мемлекет билігі құрған мектептерді ғана емес, сонымен қатар мемлекет белгілеуі немесе бекітуі мүмкін білім беру талаптарына жауап беретін және өз балаларының наным-сенімдеріне сәйкес діни және имандылық, тәрбие беруді қамтамасыз ететін басқа да мектептерді таңдау еркіндігін құрметтеуге міндеттенеді.
4. Осы баптың ешбір бөлігі осы баптың 1-тармағында баян етілген принциптер сақталған жағдайда жеке адамдар мен мекемелердің оқу орындарын құру және басқару еркіндігін кеміту және мұндай оқу орындарында білім беру талаптары мемлекет белгілеген талаптармен үйлесімді болуын орындамау деп түсіндірілмеуі тиіс.
28. Қазақстанның білім беру жүйесінің құрылымы ашық және әрбір адамға формальді білім беру жүйесі аясында қажетінше білім алуға, білімін толықтыруға мүмкіндік береді. Адамның және Қазақстан Республикасы азаматының білім алуға ажырамас құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген (30-бап).
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабы 1-тармағына сәйкес азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беріледі. Аталған баптың 2-тармағында азамат мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар екендігі қарастырылған.
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 3-бабына сәйкес білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының білім алу құқықтарының теңдігі, халықтың барлық бөлігі үшін білім берудің барлық деңгейінің қол жетімділігі болып табылады.
Қазақстанда Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылдың 11 қазандағы N 1459 Жарлығымен 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.
Бағдарламада білім беруді дамытудың мынадай негізгі бағыттары көзделген:
1. Оқу 6 жастан басталатын және жоғары сыныптардағы мектеп оқушыларын бейіндік және кәсіби бағдарда оқыту жүйесі көзделетін 12 жылдық орта жалпы білім беруге көшу.
2. Орта жалпы білімнен кейінгі кәсіби білім жаңа деңгейін құру.
3. Кәсіби кадрларды даярлаудың академиялық кредиттер жүйесіне негізделген біртұтас үш сатылы моделін құру - бакалавриат - магистратура - докторантура (Рh.D)
4. Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін құру.
Қойылған міндеттерді іске асыру үшін білім беру жүйесінің әрекет етуінің материалдық-техникалық, нормативтік құқықтық базасын нығайту, білімге бағдарланған білім беру моделінен "құзырлылық" моделіне көшу жолымен білім берудің мазмұнын өзгерту, білім беру деңгейлерінің құрылымына ЮНЕСКО-ның халықаралық стандартты білім беру сыныптамасына сәйкес келтіру көзделуде.
Техникалық және кәсіби білім беруде басты назар кәсіби техникалық білім беру ұйымдары желісін кеңейтуге, жұмыс істеп жатқан ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға және жұмыс берушімен әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталады. Жеке сектордың ресурстарын осы салаға тарту шарасы ретінде білім беру біліктілік тағайындаудан ажыратылады. Нәтижесінде елдің әртүрлі кәсіпорындары дербес білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруға мүмкіндік алады, ал Біліктілікті растау мен берудің тәуелсіз республикалық орталығы даярланған кадрлардың кәсіби біліктілігін анықтайды. Орта кәсіби білімнен кейінгі жаңа деңгейде бірқатар мамандықтар бойынша қызмет көрсетуші және басқарушы еңбек мамандарын даярлау жүзеге асырылмақ.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде, бағдарламалардың икемділігін, мобильділігін, дипломдардың халықаралық деңгейде мойындалуын және оқу процесінің демократизациялануын қамтамасыз ететін, кадрларды кредиттік технология негізінде даярлаудың үш сатылы моделіне біржола көшу жүзеге асырылады. Ғылыми кадрларды даярлаудың тиімділігі арта түседі. 22 мен 28 жас аралығындағы жастар магистрдің, философия докторының (Рh.D) академиялық дәрежесіне ие болуға, ал профильдік докторантураны игерген жағдайда профиль бойынша (медицина, музыка, білім және т.б.) докторы дәрежесіне ие болуға мүмкіндік алады.
Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды білім беру саласында қолданудың тиімділігін арттыру мақсатында білім беру саласында компьютерлерді жаңарту мен Интернетке қосылған мектептер желісін кеңейту жөніндегі қосымша шаралармен қатар, мұғалімдердің компьютерлік сауаттылығын жоғарылату, электронды оқулықтарды және мультимедиялық оқу құралдарын әзірлеуді жеделдету, дистанциялық оқытуды ұйымдастыру үшін білім порталын құру жоспарланып отыр.
Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін құру шеңберінде білім беру сапасын іштен және сырттан бағалау жүйесі енгізілді, бақылау-өлшеу аспаптары жетілдірілді.
Оқитындардың білім алу жолындағы жетістіктеріне мемлекеттік бақылау білім алудың әрбір сатысында жүргізіледі.
Бағдарламаның іске асырылуы нәтижесінде білім берудің тиімді жұмыс атқаратын жүйесі қалыптастырылып, Қазақстанға әлемде лайықты орынға ие болуға мүмкіндік беретін, білім беру мен кадрларды кәсіби даярлаудың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейіне қол жеткізіледі.
Республикада баланың құқығы бойынша БҰҰ Конвенциясының 30-бабында көрсетілген ережені орындау бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Баланың өз ана тілін, өз халқының мәдениетін, әдет-ғұрыптарын пайдалану құқығын қамтамасыз ету үшін Қазақстанда қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік және украин тілінде оқытатын мектептер жұмыс істейді.
Білім беру мекемелерінде дербес пән ретінде 16 ана тілі (неміс, поляк, украин, корей, татар, түрік, шешен, әзірбайжан, курд, ұйғыр тілдері) оқытылады.
Елдегі 79 жексенбі мектептерінде ана тілін 3,5 мыңнан астам бала үйренуде (2005 жылы - 76 жексенбілік мектеп, балалардың саны - 3 мың балаға жуық).
"Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес әрбір баланың өз пікірін айтуға, ар-ождан бостандығына, өзінің қоғамдық белсенділігін дамытуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасында мүмкіндіктері шектеулі балаларға қатысты кемсітушіліктің алдын алу шаралары қабылданып жатыр.
Балаларды дені сау өз құрбыларының білім алу ортасына кіріктіру жөнінде арнаулы білім беру саласында жаңа үрдістер кеңінен енгізіле бастады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу және оқыту, олардың қоғамға әлеуметтік бейімделуі және кірігуі, баланың дамуындағы кемшіліктерді ойдағыдай түзеу және алдын алу үшін тиімді жағдайларды қалыптастырудағы жаңа бағыттарды зерделеу жөніндегі жұмыс жетілдірілуде.
Қоғамның барлық мүшелерін жыныстық қатыстылығына қарамастан тең құқықтар және мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасында гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы N 1677 жарлығымен бекітілді. Ресми статистикаға сәйкес Қазақстанда қыздар бастауыш біліммен іс жүзінде толық қамтылған болып табылады. Бұған қоса, Қазақстан жалпы орта білім беруде гендерлік теңдікке (паритетке) жеткен елдер тобына жатады.
Қазақстан Республикасында гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясына сәйкес білім беру жүйесіне тиісті бағдарламаларды енгізу арқылы балалар мен жастарды зорлықшыл емес мінез-құлыққа оқытып-үйрету көзделген.
ЮНИСЕФ-тің қолдауымен әлеуметтік-психологиялық қызметтің ғылыми-тәжірибе орталығы "Балалар мен жастарды зорлықшыл емес мінез-құқыққа оқытып-үйрету" жобасын әзірледі, 5-10 сынып оқушыларына арналған оқу бағдарламасы, жоспар және оқу-әдістемелік жинақ жасалды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабы 5-тармағында Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделген болмаса, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Республика азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланатындығы айқындалған.
Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, бірақ республика аумағында тұратын балалар білім, тіл үйрену және т.б. таңдау құқығына ие.
Репатрианттардың (оралмандардың) білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз ету, білімге қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында оралмандардың балаларын еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде оқыту жөнінде белгілі бір жұмыстар жүргізіледі.
2006-2007 оқу жылында республикамыздың жалпы білім беретін оқу орындарында 47 841 шәкірт-репатриант, оның ішінде жалпы білім беретін мектептердің 16518 - бастауыш, 25 101 - негізгі, 6205 - жоғары сатыларында, 17 бала кезінен мүгедек оқиды. Шәкірт - репатрианттардың басым бөлігі: Оңтүстік Қазақстан облысында - 8180, Алматы облысында - 8027, Қарағанды облысында - 5498, Ақмола облысында - 6622, Жамбыл облысында - 4685, Павлодар облысында - 1301 тұрады. Облыстық білім беру департаменттерінің деректері бойынша қазіргі кезде репатриантардың, бала кезінен мүгедек 17 балаларынан басқа, барлық мектеп жасындағы балалары (47841) оқытумен қамтылған.
Республикамыздың орта жалпы білім беру ұйымдарында жақын және алыс шетелдерден: Өзбекстаннан, Түркіменстаннан, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден, Украинадан, Грузиядан, Иран Республикасынан, Қытайдан, Монғолиядан, Түркиядан, Пәкістаннан, Сауд Арабиясынан, Ауғанстаннан келген оралман-шәкірттер үшін - білімдеріндегі оқулықтарды жою және білім беру бағдарламаларына олардың бейімделуі мақсатында қосымша сабақтар, консультациялар жүргізіледі, арнайы көшпелі бағдарламалар көзделген.
Ислам Республикасы Пәкістаннан, Ауғанстаннан және Ираннан келген репатрианттардың ересек халқы үшін кириллицаны, қазақ және орыс тілдерін үйрену курстары ұйымдастырылған.
Оралман-балалар келген күнінен бастап олармен белгілі оқу-тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Тілді жақсы игеру үшін мектептерге "Тіл дамыту", "Тіл мәдениеті", "Сөз өнері" қосымша арнайы курстары енгізілуде. Қызығушылықтары бойынша үйірмелер, қазақ және орыс тілдері бойынша факультативтік сабақтар ұйымдастырылуда. Кештер, танымдық ойындар, туған өлкенің тарихын, қазақ халқының әдет-ғұрыптарын зерттеу бойынша әңгімелесу секілді сыныптан тыс іс-шаралар жүргізіледі. Репатрианттардың балалары мектептің қоғамдық өміріне белсенді қосылады, көркемөнер, көрініс-конкурстарға және пәндік олимпиадаларға қатысады, спортпен шұғылданады.
Оралмандардың балаларын киім, аяқ-киім және оқу құралдарымен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдануда. Барлық балалар тегін оқулықтармен және тамақтанумен қамтамасыз етілген.
"Қамқор" қайырымдылық акциясының шеңберінде республикамыздың білім беру мектептерінің жанынан ұйымдастырылған қорлар, облыстық Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай Қоғамдары, кедейлерге арналған аймақтық қорлар оралмандардың балаларына үнемі атаулы көмек көрсетеді.
Мысалы, Алматы қаласында Жалпыға міндетті оқу қоры есебінен 232 оралман-оқушы үшін 186 мың теңге сомаға киім, аяқ-киім, оқу құралдары сатып алынды, 211 оралман-шәкірт тегін тамақтанумен қамтамасыз етілген.
Павлодар облысында оралмандардың барлық балалары оқулықтармен тегін қамтамасыз етілген. Оларды тынықтыруға және сауықтыруға Жалпыға міндетті оқу қорынан 803 844 теңге бөлінген. 400 оралман-оқушыға: 354840 теңге сомаға - киім, 283 100 теңге сомаға - аяқ-киім, 165 904 теңге сомаға - оқу құралдары сатып алынды. Облыстарда дәстүрлі түрде "Оралмандар күні" өткізіледі.
Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бойынша білім беру қызметтері 45 жоғары оқу орындарында іске асырылады. Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде Инженер кадрларды және техникалық пән оқытушыларын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру республикалық орталығы, А.Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде - біліктілікті арттыру факультеті, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде - Кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру Өңірлік салааралық институт, С. Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінде - біліктілікті арттыру институты, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында - Үздіксіз білім беру институты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде - аграрлық бейіндегі кадрларға жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және біліктілігін арттыру институты және т.б. жұмыс істейді.
Қазақстанда қосымша білім беру қоғамдық бірлестіктерде, үкіметтік емес ұйымдарда, оқыту, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында және т.б. жүзеге асырылады.
Бұл негізінен, бұрын алған біліктілікті сақтап және арттыруға, сондай-ақ технологиялардың, білім және құндылықтардың құбылмалы әлемі туралы өзінің танымына кеңейтуге мүмкіндік беретін оқудың әртүрлі нысандары. Бұл көбінесе бір мезгілде жұмыспен ұштастырылған оқу.
"Білім барлығы үшін" принципін іске асыру ең көп дәрежеде заңсыз сектордың кәсіптік білім беруді ұйымдастырудың барлық деңгейі және түрлері: өндірістегі, оқу орталықтарындағы, курстардағы және басқа құрылымдардағы оқу арқылы мүмкін болады.
Техникалық және қызмет көрсету еңбегі кадрларын және орта буындағы мамандарды даярлау 830 оқу орындарында (кәсіби мектептер, колледждер) және оқушыларының жалпы құрамы 600 мыңға жуық адамды құрайтын 1,5 мыңнан астам түрлі оқыту курстары, орталықтарында жүзеге асырылады.
Оқушыларының жалпы құрамы 450525 адамды құрайтын 510 колледжде 216 мамандық бойынша кадрларды даярлау жүзеге асырылуда.
320 бастапқы кәсіби білім беру орындарында 138 мамандық бойынша даярлау жүргізілуде. 2006 жылы оқушылардың саны 108175 адамды құрады.
Кәсіби білім беру жүйесін дамып келе жатқан ұлттық экономиканың практикалық мұқтаждықтарына сәйкес келтіру мақсатында "мемлекет - оқу орындары - жұмыс беруші" арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа моделін құру жөніндегі жұмыс жалғастырылып келеді.
Атырау қаласындағы мұнай-газ саласы, Павлодар облысындағы отын-энергетикалық саласына арнап техникалық және қызмет көрсетуші еңбек мамандарын даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық кәсіби орталықтар құрыла бастады.
Кәсіби даярлықтың, біліктілікті тағайындау және растау сапасын бағалаудың тәуелсіз жүйесі енгізіліп жатыр. Оны республикалық біліктілікті растау және беру орталығы жүргізеді.
Ерекше назар техникалық білімнің дамытылуына аударылып келеді. Білім министрлігі бірқатар жоғары оқу орындарын, колледждерді өзгерту, қайта профильдеу және біріктіру жолымен, сондай-ақ техникалық және қызмет көрсетуші еңбек кадрларын даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңіраралық кәсіби орталықтары негізінде жоғары техникалық мектептер ашуды жоспарлап отыр.
Жоғары техникалық мектеп - техникалық білім берудің бірнеше деңгейлерінің:
1 деңгей - жоғары білікті жұмысшыларды даярлау;
2 деңгей - біліктілігі орта инженерлерді даярлау;
3-деңгей - жоғары білікті инженерлерді даярлауға арналған интеграцияланған оқыту бағдарламаларын іске асыратын жоғары техникалық оқу орны.
Техникалық және кәсіби, орта және жоғары білімнен кейінгі білім берудің интеграцияланған бағдарламаларының оқыту мерзімдері әртүрлі болмақ. Жоғары техникалық мектепке абитуриенттерді іріктеу кезінде тек қана олардың білім деңгейі ғана емес, сондай-ақ кәсіпке деген бейімділігі де анықталмақ.
Бүгінгі таңда Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін дамытудың негізгі міндеттері ретінде:
- қоғамның, мемлекеттің және жеке тұлғаның жоғары сапалы білім беру қызмет түрлеріне деген сұранысын қанағаттандыру;
- ел экономикасының серпінді секторлары үшін адами капитал, зияткерлік, ғылыми-техникалық элита қалыптастыру;
- білімдер, әзірлемелер мен технологиялар құру және оларды трансферттеу, қазақстандық және әлемдік ғылым арасында интерфейс қалыптастыру;
- жоғары оқу білімге деген қол жетімділікті және оның инвестициялық тартымдылығын күшейту;
- мемлекетімізге деген халықаралық көзқарасты қамтамасыз ету көзделген.
Республикада 175 жоғары оқу орны, оның ішінде 68 мемлекеттік, 107 - мемлекеттік емес оқу орны жұмыс істейді.
Студенттердің жалпы құрамы 768,4 мың адамды құрайды. Оның ішінде: күндізгі бөлімдерде - 375835, сырттай бөлімдерде - 390422, кешкілік бөлімдерде - 2417 адамды, мемлекеттік гранттар есебінен оқып жатқан студенттердің құрамы - 112606 адамды, ақылы негізбен оқып жатқандардың саны - 652419 адамды құрайды.
Жоғары оқу орындарындағы профессорлық-мұғалімдік құрамның саны 42 788 адамнан тұрады. Жоғары оқу орындарының профессорлық-мұғалімдік құрамының 36 % дәрежеленген.
10 мың адамға шаққандағы студенттердің жалпы құрамы 715,2; келтірілген құрамы - 315,6 адамды құрайды.
Қазақстан неғұрлым икемді білім беру бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік беретін әлемде ортақ танылған кадрларды даярлаудың үш деңгейлі моделіне: бакалавриат - магистратура - докторантура - Ph.D көшті.
Мемлекеттік білім беру тапсырыс жүйесі Қазақстанның жоғары білімді қаржыландыру саласындағы елеулі жетістігі болып табылады. Ол жоғары білімді қаржыландырудың маңызды принципі - білім беру қызмет түрлерін жеткізушіні емес, оларды алушыларды қаржыландыру принципін бекітті. Бұл шара мемлекеттік қаржының тиімді қолданылуы дәрежесін арттыруға мүмкіндік берді.
Жоғары білімді мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы жоғары технологиялы және ғылымды қажетсінетін өндірістерге бағдарланған және ол 2006 жылы 32490 грантты құрады. Бұл ретте ол конкурстық негізде 97 жоғары оқу орындары арасында орналастырылды.
Жоғары білімге деген қолжетімділікті арттыру, дарынды жастарға мемлекет тарапынан қолдау жасау және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жекелеген азаматтар топтары үшін жеңілдіктер ескерілген: ауыл жастары үшін мемлекеттік тапсырыста ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға 30% квота, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтты тұлғалар үшін - 2 % квота; I және II-топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектерге, мүгедек балаларға - 0,5 % квота; жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға - 1 % квота көзделген.
Студенттердің және магистранттардың шәкіртақысы қазіргі таңда 6 434 теңгені құрайды.
Мемлекеттік білім беру гранттарының құнын жоғары оқу орнының статусы мен рейтингіне қарай саралап белгілеу механизмі әзірленуде.
Жылына 3 мың қазақстандық студенттердің әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында "Болашақ" халықаралық бағдарламасы бойынша оқиды.
"Болашақ" бағдарламасының аясында ең үздік студенттерге республикалық бюджеттен әлемнің оқу үшін қаражат бөлініп отырады.
2006 жылдан бастап ғылыми зерттеулер жүргізу үшін, оның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдама алу үшін жоғары оқу орындарының үздік мұғалімдеріне конкурстық негізде бір жылға "Жоғары оқу орнының ең үздік оқытушысы" мемлекеттік гранты тағайындалады.
Уәкілетті органға жолданған шағымдардың жалпы санының 0,41 % білім алу құқығына қатысты шағымдар құрайды. Шағымдар мүмкіндігі шектеулі адамдардың жоғары білім алу мәселелері мен білім беру мекемелерінің лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне қатысты болды.
Мәселен, өтініш иесі И. өз шағымында саңыраулар мен нашар еститін балаларға арналған N 6 арнаулы орта білім беру мектебін саңырау балаларға арналған N 1 Алматы арнаулы мектеп-интернатымен біріктіру жолымен кешкі бөлімі бар саңыраулар мен нашар еститін балаларға арналған "N 1 арнаулы мектеп-интернат" мемлекеттік мекемесіне қайта ұйымдастыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне шағымданады. И. екі жыл бойына есту жөніндегі мүгедек балалардың Қазақстан Республикасы Конституциясы кепілдік берген орта білім алу құқығы бұзылып жатыр деп есептейді. Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы жүргізген арнаулы мектептердің қызметін тексерудің нәтижесінде бірқатар заң нормаларын бұзушылықтар анықталды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік заң бұзушылық туралы кодексінің 235-бабы 1-тармағы және 323-бабы 1-тармағына сәйкес анықталған заң бұзушылықтар бойынша N 1 Арнаулы мектеп-интернаты мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушыға қатысты әкімшілік заң бұзушылық туралы хаттама жасалды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабы 2-тармағында сәйкес тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.
14-бап
Егер әрбір осы Пактіге қатысушы мемлекет қатысушылар құрамына кірген кезде өз метрополиясына қарасты аумақта немесе оның юрисдикциясына қарасты басқа аумақтарда міндетті тегін бастауыш білім беруді белгілей алмаған жағдайда, ол екі жыл ішінде, ақылға сыйымды жылдар бойында біртіндеп қолға алынатын, жылдар саны көрсетілуі тиіс, жалпыға бірдей міндетті тегін білім беру принципін жүзеге асыру іс-шараларының егжей-тегжейлі жоспарын жасауға және қабылдауға міндеттенеді.
29. Пактіге қосылу кезінде Қазақстанда міндетті тегін бастауыш білім беру болған. Қазіргі кезде мектеп жасына дейінгі балалар жалпы санының 27,6% мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылған. Ауылдық балаларды қамту 38,7% қамтылған қалалық балалармен салыстырғанда 12,4% ғана құрайды. Бес-алты жастағы балалардың жалпы санынан 78% мектепке дейінгі дайындықтан өтеді.
Мектепке дейінгі білім берумен қамту көрсеткіштерін жақсартуға 2006 жылы құрылған 651 мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдары, оның ішінде 108 балабақша және 543 мектепке дейінгі шағын-орталықтар есебінен қол жетті. Бүгін елімізде 724 шағын-орталық бар.
Орта жалпы білім саласында білім беру қызметтерінің қол жетімділігін қамтамасыз ету, білім беру сапасын арттыру, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, 12 жылдық орта жалпы білім беруге көшу дайындығы бойынша дәйекті және жүйелі жұмыстар жүргізіледі.
Бүгінгі күні республикада 8067, оның ішінде 7934 - мемлекеттік, 133 - мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептер жұмыс істейді.
12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу жөніндегі Іс-шаралар жоспары бекітілді, оны іске асыру білім беру қызметтерінің қол жетімділігін және сапасын арттыруға, халықаралық білім беру бірлестігімен жақындасуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Негізгі мектептердің шәкірттерін бейін алды даярлау және жоғары сыныптарда бейінді оқыту тұжырымдамасының жобасы әзірленген.
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен 69 мектеп бейінді оқытудың мазмұнын, нысанын және әдісін мақұлдау бойынша тәжірибелік алаңдар кестесімен жұмыс істей бастады.
Тәжірибелік сыныптарда жұмыс істеу үшін мұғалімдерді даярлау жүзеге асырылуда. Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттырудың 2005-2007 жылдарға арналған жоспары Республикалық және облыстық біліктілікті арттыру институттарының базасында 30 мыңдай мұғалімнің біліктілігін арттыруды көздейді.
Жаңа буын оқулықтары шығарылды, балама оқулықтар енгізілуде, әдеби оқулықтарды сараптау жүйесі жұмыс істейді. Халықтың осал буындарындағы балалар мемлекет есебінен толығымен оқу кітаптарымен қамтамасыз етілген.
Материалдық-техникалық базаны нығайту және білім беру желілерін дамыту жүргізілуде. Білім беру мектептері (физика, химия, биология кабинеттері) үшін білім беру процестеріне қажетті оқу құрал-жабдықтары мен аспаптардың үлгі тізбесі бекітілген.
Апатты жағдайдағы мектептер саны қысқартылды, мектептердегі төрт ауысымдық сабақтар жойылды. Білім беру ұйымдарында шәкірттердің қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін модульдік мектептер құрылысының нұсқасы қаралуда. Алғашқы бағалау бойынша 2009 жылы концессия арқылы осы тектес мектептерді салу жолымен білім беру ұйымдарындағы қажеттіліктің 100% атқарылуын қамтамасыз етуге болады.
Білім беру жүйесінің ең маңызды міндеті дарынды балалар мен жастарды дамыту болып табылады. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу міндетін іске асыру үшін республикада 586 мектептен тыс ұйымдар жұмыс істейді.
"Дарын" республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы құрылған, оның қызметі дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Оның қызметінің нәтижелері туралы мынаны айтуға болады. Қазақстанның дарынды оқушыларынан топтасқан құрама командасы 2006 жылы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 251 медаль: оның ішінде 55-алтын, 89-күміс және 107-қола медаль жеңіп алды.
"Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы N 550 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында "Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2007-2008 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 14 ақпандағы Қаулысы қабылданды.
Аталған Іс-шаралар жоспарына мектептерде қазақ тілін оқытудың сапасын жоғарылату, оқулықтар шығаруға қазақ тілінің мамандарын дайындау және оларды материалдық ынталандыру мәселелері енгізілген.
Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының "Білім беру туралы", "Тілдер туралы" заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы Қазақстан халқына жолдауына сәйкес және БҒМ 2004 жылғы 19 наурыздағы бұйрығы негізінде республиканың 19 мектебінде 3 тілде оқыту бойынша тәжірибе жүргізілуде. Тәжірибеге 822 оқушы қатысуда: қазақ тілінде білім алатын сыныптарда - 453, орыс тілінде білім алатын сыныптарда - 369. Мұндай мектептерде биология, физика, химия, жағрафия, информатика сияқты пәндер ағылшын тілінде оқытылады. Орыс тілінде білім алатын мектептерде Қазақстан тарихы және қазақ әдебиеті, музыкалық пәндер мемлекеттік тіл негізінде жүргізіледі, бұл тілді тереңірек меңгеруге жәрдемдеседі.
7-сынып үшін қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі оқу бағдарламалары мен әдістемелік ұсыныстар БҒМ 2004 жылғы 22 сәуірдегі "Республиканың жалпы білім беретін мектептерінде 3 тілде оқытуды енгізу бойынша тәжірибелік жұмыстарды ұйымдастыру туралы" бұйрығымен бекітілген. 8-9 сыныптар үшін БҒМ 2005 жылғы 31 тамыздағы бұйрығымен бекітілген.
Осы тәжірибенің нәтижесін байқау үшін құрамына оқу орындарының жетекшілері, белгілі педагог-зерттеушілер кіретін арнайы жұмыс тобы құрылған. Қазіргі уақытта 3 тілде білім беруді енгізу бойынша тәжірибе режимінде жұмыс істейтін "Мұрагер" Қарағанды дарынды балалар үшін арнайы мектебі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жағрафия, биология, физика және тарихтан терминологиялық сөздік дайындалған.
15-бап
1. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әрбір адамның:
а) мәдени өмірге қатысу;
b) ғылыми прогресс пен оларды іс жүзінде қолдану нәтижелерін пайдалану;
с) өзі авторы болып табылатын кез-келген ғылыми жұмыстарға, әдеби немесе көркем туындыларға байланысты туындаған моральдың және материалдық мүдделерін қорғауды пайдалану құқығын таниды.
2. Осы құқықты толық жүзеге асыру үшін осы Пактіге қатысушы мемлекеттер қабылдануға тиіс шараларға ғылым мен мәдениет жетістіктерін қорғау, дамыту және тарату үшін қажетті шаралар да кіреді.
3. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық қызмет үшін сөзсіз қажет бостандықты құрметтеуге міндеттенеді.
4. Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер ғылым мен мәдениет салаларындағы халықаралық байланыстар мен ынтымақтастықты көтермелеуден және дамытудан келетін пайданы таниды.
30. "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңының 3-бабына сәйкес мемлекеттің мәдениет саласындағы саясатының негізгі принциптеріне:
1) мәдениетті қолдау, Қазақстан Республикасы азаматтарының мәдениет саласындағы қызметін жүзеге асыру және мәдени өмірге қатысу құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау;
2) азаматтардың өз мүдделері мен қабілеттеріне сәйкес кәсіби де, кәсіби емес те (әуесқойлық) негіздегі шығармашылық қызметінің еркіндігі;
3) азаматтардың мәдени құндылықтарды жасаудағы, қайта түлетудегі, сақтаудағы, дамытудағы, таратудағы және пайдаланудағы құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі;
4) тарихи және мәдени мұраны қорғау және олардың дамуында сабақтастықты қамтамасыз ету;
5) қазақтың ұлттық мәдениетінің тұтастығын сақтау және өзара байыту факторларының бірі ретінде шет елдерде тұратын отандастармен мәдени байланыстарды дамыту;
6) қазақ халқының және этностық диаспоралардың тарихи мұрасын сақтау, қоғамның шығармашылық әлеуетін дамыту және қоғамдық бірлестіктерге бірігу еркіндігі;
7) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен шығармашылық одақтарға, өзге де қоғамдық бірлестіктерге бірігу еркіндігі;
8) балаларды, оқушы жастарды ұлттық және әлемдік мәдени құндылықтарға баулуға, эстетикалық және отаншылдыққа тәрбиелеуге ықпал ететін тәрбие жүйесін дамыту;
9) нарық жағдайларында жұмыс істеуі үшін қолайлы орта қалыптастыруда мәдениет ұйымдарына жәрдемдесу болып табылады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 48 театр, 62 концерттік мекеме, 3539 кітапхана, 154 мемлекеттік мұражай, 8 тарихи-мәдени қорық-мұражайлар, 2259 клуб үлгісіндегі мекеме, 42 лунапарк пен демалыс парктері, 4 хайуанаттар паркі жұмыс істейді. Театрлардың саны 4-ке ұлғайған. Театрлардың жалпы саны ішіндегі 47-сі (97,9%) мемлекеттік меншік нысанында болса, 1 - жеке меншік нысандағы театр. Түрлі бейінде жұмыс істейтін 2 - опера және балет театры, 33 - драма театры, 4 - музыкалы комедия, 4 - жас көрермен театры, 5 - қуыршақ театрларының ұжымдары өнер көрсетеді. Қазақстанда сондай-ақ мемлекеттік емес театрлар да жұмыс істейді, алайда ұйымдық-құқықтық нысандары әртүрлі болғандықтан олардың саны белгісіз. Мысалы, "Театр "Артишок" қоғамдық қоры, Қ. Сұлтанбаевтың театры, "Б. Ибрагимов атындағы сатира және юмор театры" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және т.б.
Қазақстанда 73 тұрақты жұмыс істейтін кинотеатр мен 266 жылжымалы және стационарлы кино қондырғылар бар. Балаларға арналған киносеанстардың көлемі ұдайы ұлғайып келеді.
Соңғы жылдары концерт залдарының инфрақұрылымы өзгеріп, 2005 жылдың басына 18477 орынды құраған олардың сыйымдылығы өсті. Ол болса 2003 жылмен салыстырғанда 21,9 % артық. Қазақстанның концерттік ұйымдары мемлекеттік (79 %) және жеке меншік (21 %) нысандарына ие. Орташа алғанда филармониялық концерттердің саны жыл сайын 56 % өссе, олардың тыңдармандарының саны орташа есептегенде 10 % ұлғаяды.
2001 жылдан бастап жұмыс істеп жатқан мұражайлардың саны орташа есептегенде жылына 17,3 % өсті. Елдегі мұражайлардың басым бөлігі (89,8 %) мемлекеттік меншік нысанында болса, қалғандары - жеке меншікті. Ауылды жерлерде 67 мұражай жұмыс істейді (40,4 %). Соңғы екі жыл ішінде мұражайлардың қорлары үштен бір бөлігіне құнды экспонаттармен толықтырылды.
Халықтың білім деңгейінің артуымен қоса библиографиялық ақпаратқа деген сұраныс та ұлғая түсті. Бұл жағдай кітапханаларды пайдаланушылар санының тұрақты өсуіне (2002 жылдан бастап орташа алғанда жыл сайын 2,3 %), сондай-ақ олардың техникалық жабдықталуына (46,4 жеке компьютерлер қолданады) септігін тигізді. Кітапханалардың жалпы санынан 2900 (81,9 %) ауылды жерлерде орналасқан. Елдің кітапханалық қоры 115,4 млн. бірлікті құрайды.
Клуб үлгісіндегі мекемелер желісі кеңейіп келеді (орташа есептегенде 9,1 %). 2002 жылмен салыстырғанда клуб үлгісіндегі мекемелердің саны 20% өсіп, 2004 жылы 2 259 бірлікке жетті және олардың басым бөлігі ауылды жерлерде орналасқан. 2001 жылдан бастап клубтардың белсенділігі ұдайы өсіп келеді, 2003 жылмен салыстырғанда клубтар ұжымдары өткізген іс-шаралардың саны 5,3% өсті, іс-шаралардың үштен бір бөлігі балаларға арналып өткізіледі.
2004 жылы Қазақстанда 9 420 көркем өнерпаз ұжымдары жұмыс істеді, олардың 7 053 (74,9 %) - ауылды жерлерде. Көркем өнерпаз ұжымдары негізінен хорлардан, вокалды (26,6 %) және хореографиялық (23,5 %) ұжымдардан тұрады. ұжымдық өнерпаздық шығармашылыққа 125,2 мың адам қатысты.
2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында мемлекеттің ұлттық тарихы үшін маңызы ерекше тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтірілді. Облыстар әкімдіктері тарихи-мәдени мұраны сақтап қалу жөніндегі өңірлік бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Қазақстан тарихының есте қалааралық оқиғаларына арналған тарихи және этнографиялық бейіндегі мемлекеттік мұражайлар желісі құрылды.
Өткен уақыт ішінде қол жеткізілген ғылыми-зерттеу және реставрациялық базаны, тарихи-мәдени қорық-мұражайларды сақтап қалу және мәдени мұра ескерткіштерін насихаттау, оларды туризмнің инфрақұрылымына енгізу бойынша нақты шаралар қабылданды.
Көне қолжазбалардың, кітаптардың және өзге де көздердің бүтіндігін сақтауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы жанында кітап раритеттерін айқындау және сатып алу, сондай-ақ кітаптар мен көне қолжазбаларды реставрациялау жөніндегі орталық құрылды.
Саланың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының " Мәдениет туралы ", " Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы", "Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы" Қазақстан Республикасының заңдары қолданылып келеді. Қазіргі уақытта мұражай экспонаттарының есепке алынуы мен сақталуы мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер әзірлену үстінде.
Қазақстан Республикасының Конституциясы сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік береді. Цензураға тыйым салады. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар (20 баптың 1 және 2 тармақтары).
"Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы заңының 15, 16-баптары жеке және заңды тұлғаларға, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттар мен олардың филиалдарында сақталатын, пайдалану үшін ашылған Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын тегін пайдалануға құқық береді.
"Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі заңының 20-бабына сәйкес журналист ақпаратты іздестіруді жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға; мемлекеттік органдарға, барлық меншік нысанындағы ұйымдарға баруына және өзінің қызмет бабындағы міндеттерін жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға; жабық шара өткізу туралы шешім қабылданғаннан басқа жағдайда өзін тіркеген орган өткізетін барлық шараларға қатысуға; заң актілерінде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар, сондай-ақ оларды дыбыс-бейне техникасын, кино- фото түсіру құралдарын пайдалана отырып жасауға; құжаттар мен материалдардың мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтері бар үзінділерін қоспағанда, олармен танысуға рұқсат алуға құқылы.
Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.
Аталған заңның 25-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтардың немесе ұйымдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасау Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 129-бабы жала жабу; 130-бабы қорлау).
Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі, бас редакторы (редакторы) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығына бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-таптық және рулық артықшылықты, қатыгездікті, зорлық пен порнографияны насихаттап үгіттейтін хабарлар мен материалдарды таратқаны үшін, олардың алынған көздеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жауаптылықта болады (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 164-бабы Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру; 170-бабы Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру; 233-1-бабы терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру; 273-бабы порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату).
Ұлттық кинематографияны дамытуға назар аударылуда, қазақ халқының тарихын бейнелейтін ірі киножобалар іске асырылып жатыр. Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" Ұлттық компаниясы киностудиясында киноөндірісінің әлемдік стандарттарына сай келетін жаңа цехтары мен бөлімдер ашылып, жаңа кино құрал-жабдықтары сатып алынды. 420 жұмыс орны ұйымдастырылып, жаңа кәсіптер игерілді.
Астана қаласы мәдениетінің инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Бұрын ашылған театрлармен қоса К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры жұмыс істейді, Президенттің мәдениет орталығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы салынып, іске қосылды. Сондай-ақ Мемлекеттік цирк ашылып, Бейбітшілік және келісім сарайы салынды.
Халықаралық мәдени байланыстар орнатылып ойдағыдай жұмыс істеуде. Жақын және алыс шетелдің 49 елімен және халықаралық ұйымдармен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім-шарттарға қол қойылды.
Сонымен қатар, бұл салада тиісті проблемалар да орын алып отыр. Мәдениет ұйымдарының жеткіліксіз қаржыландырылуы және олардың материалдық-техникалық базасының осалдығы салдарынан халықтың мәдени мұқтаждықтары мен оларды қанағаттандыру мүмкіндіктері арасындағы арақашықтық ұдайы өсіп келеді. Оңтайландыру жылдары мәдениет объектілерінің көбісі не жекешелендірілді не жабылып қалды. Кітапханалардың кейбірі кітап қорынан айырылды, олар ең жақсы дегенде мектептерге тапсырылды. Жаңадан ашылған ауылдық кітапханалардың қорында 500-ден 1000-ға дейін баратын кітаптар данасы бар.
Екі он жылдықтан астам уақыт бойы республикада мәдениет мекемелері үшін ғимараттар салынған жоқ. Бүгінгі таңда өңірлердің көбісінде олар жабдықталған жайларда - мектептерде, ауыл әкімдіктерінде орналастырылған. Мәдениеттің клуб мекемелерінің ғимараттары едәуір тозған. Мәселен, ғимараттардың жалпы саны ішінен 671 күрделі жөндеуді талап етсе, 39 - авариялық күйде. Күрделі жөндеуді және қайта жабдықтауды 100 жуық мұражай ғимараттары талап етеді. Ауылды жерлердегі мәдениеттің мұқтаждықтарына арнап көлік, құрал-жабдық және техникалық құралдар сатып алу мүлдем тоқтатылды деп айтуға болады.
Шетел мемлекеттерінің тәжірибесін зерттеу мемлекеттік тапсырыстың енгізілуін, мәдениетті патронаждаудың нақты және ұтымды құрылымын қалыптастыру, гранттар алуға конкурстар өткізу, мәдениет мекемелерінде келісім-шарттық жүйенің енгізілуін, мәдени саясатқа жоспарлы мониторинг жүргізу қажеттілігіне жетелейді. Сондай-ақ, мемлекет өнерді бүгінгі таңда көптеген елдердің мәдени саясатын іске асыруда қолданылатын буферлік үкіметтік емес ұйымдар - өнер бойынша кеңестер арқылы қаржыландыратын халықаралық практиканы қолдануға болады. Бұл жағдайда мемлекет қаражаттың үлестірілуіне қатыспайды, Кеңес саясаткерлер мен функционерлердің қаражатты тікелей бөлуден алыстатылуына, дарынды жеке тұлғалардың саяси қысым жасаудан немесе цензурасын араласудан қорғалуы үшін жауапты болады.
Әзірше жергілікті іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін немесе жеке дарынды өнер өкілдерін, оның ішінде дарынды жастарды қолдаумен айналысатын, Қазақстанда енді-енді қалыптасып келе жатқан жеке және корпоративтік жебеушілікке мемлекет тарапынан назар аудару қажет.
2006 жылдың ағымында Қазақстанда бірнеше бірлескен жобалар іске асырылды, сондай-ақ Қазақстанда тіркелген халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулер ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі (бұдан әрі - МАМ) Қазақстандағы БҰҰ жүйесін үйлестірушімен, ПРООН-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Юрико Шоджимен бірлесіп ПРООН-мен ынтымақтастық стратегиясын әзірледі.
ПРООН-ның қолдауымен""Ұлттық ақпараттық ресурстар орталығы" сайты, "Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдары" электрондық анықтамалығы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық сарапшылар палатасы құрылды.
Бұған қоса, 2006 жылы ПРООН-ның өкілі ҮЕҰ әлеуметтік маңызды жобаларын орындау жөніндегі мемлекеттік сатып алулар бойынша ашық конкурстың сараптау комиссиясының құрамына енгізілді.
Қазақстандағы БҰҰ жүйесін Үйлестіруші, ПРООН-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Юрико Шоджи және Елші, Алматы қаласындағы ЕҚЫҰ Орталығының Басшысы Ивар Вики үкіметтік емес ұйымдарды дамыту жөніндегі Ұлттық баяндамаға оң қорытынды беріп, Қазақстанның азаматтық қоғамды дамытудағы үлесін жоғары бағалады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі 2006 жылғы наурызда "Еуразия" қорының өкілдерімен бірлесіп, Қазақстандағы қолөнершілікті дамыту жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырды, осы бағыттағы ынтымақтастық саласы анықталды.
Мәдениет және ақпарат вице-министрінің Қазақстандағы БҰҰ Еріктілер бағдарламасының Бағдарламалық офицері Батсурен Ээнжинмен маусымдағы кездесуі барысында БҰҰ-ның еріктілер корпусымен жұмыс істеудің перспективалары талқыланды. Министрлік мемлекеттік органдарда жұмыс істегісі келетін волонтерлерге критерийлер әзірлеп, ДООН-ға жіберді.
2006 жылғы сәуірде Қазақстандағы Бейбітшілік Корпусымен ынтымақтастық туралы бұрын жасалған келісімшарт шеңберінде Мәдениет және ақпарат министрлігі үкіметтік емес ұйымдардың (бұдан әрі - ҮЕҰ) әлеуметтік жобаларының тұсаукесеріне қатысты.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Е. Бабақұмаров Каунтерпарт Интернешнл бағдарламасының үйлестірушісі М. Гранниуспен болған қарашадағы кездесуі барысында азаматтық қоғам мәселелері жөнінде қоғамдық диалогты күшейтуге және халықты ақпараттандыруға бағытталған "Қоғамдық сұхбат" жоспарлы бағдарлама шеңберінде Каунтерпарт Интернешнлмен ынтымақтасуға әзір екендігін айтты.
Халықаралық ұйымдардың өкілдері (ПРООН,""Еуразия" қоры, Қазақстандағы Бейбітшілік корпусы, Каунтерпарт Интернешнл) МАМ 2006 жылғы қазанда ұйымдастырған "Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс: идеялардан іске асыруға" тақырыбындағы республикалық конференцияға белсенді қатысып, ҮЕҰ жобаларын қаржыландыруда тәжірибе алмасты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2007 жылғы наурызда"Белсенді азаматтық қоғам - қуатты Қазақстан Әлеуметтік идеялар және жобалар жәрмеңкесін ұйымдастырды, оған мынадай ҮЕҰ белсенді қатысты: Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығы, "Еуразия" қоры және т.б.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің шетелдік және халықаралық ҮЕҰ-мен ынтымақтастығы жөніндегі көзқарасы өзгеріссіз қала береді. Ынтымақтастық азаматтық бастамаларды, адам және азаматтың құқық бостандығын дамытуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтық қоғамының 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес азаматтың қоғам институттарының дамуына бағытталған сындарлы сұхбатты сипаттайды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2007 жылы ПРООН-мен бірлесіп халықтың азаматтық бастамаларын дамыту жөнінде республикалық дөңгелек үстел өткізуді жоспарлап отыр.
31. "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес: қараңыз.Z110407
1) ғылымдар, ғылыми-техникалық әзірлемелер жасау және білім беру ықпалдастығы;
2) халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту;
3) ғылыми-техникалық ақпаратты тарату және ғылыми-техникалық жетістіктерді насихаттау еркіндігі ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері болып табылады.
Қазақстан Республикасы ВОИС мүшесі бола тұра, конституциялық тәртіппен қазақстандық азаматтардың, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың зияткерлік меншікке деген құқығын мойындайды және кепілдік береді. Оны сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі делінген Конституцияның 20-бабы дәлелдейді.
Республикада зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелерін реттейтін заңдар қабылданды, бұл саладағы құқықтарды бұзу үшін қылмыстық, әкімшілік және азаматтық жауапкершілік көзделген. "Пираттық" деңгейін қысқарту және құқық қолдану практикасын жетілдіру мақсатында 2005 жылы зияткерлік меншік құқығымен байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді ("Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне зияткерлік меншік құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы Заңы ).
Авторлық құқықтар саласында Қазақстан әдеби және көркем шығармаларды қорғау жөніндегі Берндік Конвенцияға, фонограммалар өндірушілер мүдделерін олардың фонограммаларын заңсыз көшіріп алудан қорғау туралы Конвенцияға қосылды. Дүниежүзілік Интернет желісінде авторлардың, орындаушылардың және фонограммалар өндірушілердің құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында - ВОИС орындаулар мен фонограммалар бойынша авторлық құқықтары бойынша келісімдеріне.
1993 жылғы 5 ақпандағы "Өнеркәсіптік меншікті қорғау саласындағы халықаралық келісім-шарттар туралы Қазақстан Республикасының декларациясына" сәйкес Қазақстан ВОИС-тың қамқорлығымен қолданылатын бірқатар негізгі шарттардың, келісімдердің және конвенциялардың, оның ішінде:
1883 жылғы 20 наурыздағы Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париждік конвенцияның;
1891 жылғы 14 сәуірдегі Тауарлық белгілерді халықаралық тіркеу туралы Мадридтік келісімнің;
1970 жылғы 19 маусымдағы Патенттік кооперация туралы шарттың (Вашингтон) толыққанды мүшесі болып табылады.
Қазақстанда зияткерлік меншікті қорғау, басқару және енгізу саласында іс-әрекеттердің нақты бағдарламасын қалыптастыру мақсатында 2006 жылдың 23 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің "2007-2011 жылдарға арналған Патенттік жүйені дамыту бағдарламасын бекіту туралы" N 1243 қаулысы қабылданды. қараңыз.P101324
Патенттік стратегия ұлттық патенттік жүйенің тиімділігін патенттік тапсырыстардың дер кезділігін және берілетін қорғау құжаттарының сенімділігін қамтамасыз ету жолымен жаңғырту, Қазақстанның патенттік-лицензиялық жүйесін активациялау жөніндегі негізгі бағыттардан, сондай-ақ оны іске асыру жөніндегі тиісті іс-шаралар жоспарынан тұрады.
Іс-шаралар жоспарында ұлттық патенттік жүйенің халықаралық патенттік жүйелерге кірігуі арқылы дамуы үшін жағдай жасау, сондай-ақ инновациялық кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау жасау көзделген.
Экономиканы жаңғырту және диверсификациялау, елдегі инновациялық құбылыстарды әрі қарай нығайту, біздің тауарларды халықаралық рынокқа шығару бойынша міндеттер Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 2 наурыздағы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының қабылдануына себеп болды. Заңның қабылдануымен қорғау құжатының мүлдем жаңа түрі - инновациялық патент енгізілді, яғни тексеру жүйесі бойынша берілетін құжатты - Қазақстан Республикасының патентін алу келіп тіркелу жүйесімен қандай-да бір алдын ала қорғау құжатын алумен шартталмаған бірсатылы болды, қорғау объектісінен нәтижелер алу мерзімі қысқартылды. Қазіргі уақытта жаңа әзірлемелерді жылдам әрі тиімді түрде өндіріске енгізу мүмкін болды. Үстіміздегі жылы заңнаманы одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасын табады. Атап айтқанда, ДСҰ мүше елдерінің Қазақстанның заңнамасын Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімнің (ТРИПС) нормаларына сәйкестікке келтіру жөніндегі ұсыныстарын іске асыру көзделіп отыр.
32. Қазақстан Республикасы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің ережелерін сақтау жөніндегі міндеттемелерін растайды.