Қазақстан Республикасы 2008 жылғы 15 желтоқсанда ратификациялаған Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенцияның 29-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенцияны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы мерзімді екінші баяндама бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенцияны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы мерзімді екінші баяндаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Күштеп жоқ қылып жіберу жөніндегі комитетіне белгіленген тәртіппен жолдасын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 10 тамыздағы № 548 қаулысымен бекітілген |
Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенцияны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы мерзімді екінші баяндама
Мазмұны
1. Кіріспе
3.1. Қорытынды ескертулердің 8, 10-тармақтары ("Жалпы ақпарат")
3.2. Күштеп жоқ қылып жіберудің анықтамасы және оның қылмыстық жазаланатын әрекет ретінде жіктелуі (Конвенцияның 1 – 7-баптары және Қорытынды ескертулердің 12-тармағы) Конвенцияның 1 – 7-баптары және Қорытынды ескертулердің 12-тармағы
3.3. Күштеп жоқ қылып жіберуге байланысты қылмыстық жауаптылық және сот органдарының ынтымақтастығы (Конвенцияның 8 – 16-баптары және Қорытынды ескертулердің 14, 16, 18-тармақтары)
Конвенцияның 8-бабы және Қорытынды ескертулердің 14-тармағы
Конвенцияның 9-бабы
Конвенцияның 10, 11, 12-баптары және Қорытынды ескертулердің 16-тармағы
Конвенцияның 13, 14, 15, 16-баптары және Қорытынды ескертулердің 18-тармағы
3.4. Күштеп жоқ қылып жіберудің алдын алу жөніндегі шаралар (Конвенцияның 17 – 23-баптары және Қорытынды ескертулердің 20, 22, 24, 26, 28-тармақтары)
Конвенцияның 17, 18-баптары және Қорытынды ескертулердің 20, 22, 24-тармақтары
Конвенцияның 19, 20-баптары
Конвенцияның 21, 22-баптары және Қорытынды ескертулердің 22-тармағы
Конвенцияның 23-бабы және Қорытынды ескертулердің 26, 28-тармақтары
3.5. Зиянды өтеу және күштеп жоқ қылып жіберуден балаларды қорғау жөніндегі шаралар (Конвенцияның 24, 25-баптары және Қорытынды ескертулердің 28, 30, 32-тармақтары)
Конвенцияның 24-бабы және Қорытынды ескертулердің 28, 30-тармақтары
Конвенцияның 25-бабы және Қорытынды ескертулердің 32-тармағы
1. Кіріспе
Осы мерзімді баяндама Біріккен Ұлттар Ұйымының Күштеп жоқ қылып жіберу жөніндегі комитетіне Қазақстан Республикасының мерзімді екінші баяндамасы (бұдан әрі – Баяндама) болып табылады және 2008 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, 2006 жылғы 20 желтоқсанда қабылданған Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенцияның 29-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес ұсынылып отыр.
Баяндама Конвенцияға қатысушы мемлекеттер 29-бапқа сәйкес ұсынуы тиіс баяндамалардың нысаны мен мазмұнына қатысты Комитет өзінің екінші сессиясында (2021 жылғы 26-30 наурыз) қабылдаған Басшылыққа алынатын қағидаттарға сәйкес жалпы базалық құжатты және адам құқықтары туралы халықаралық шарттарға сәйкес баяндамаларды ұсынудың келісілген басшылыққа алынатын қағидаттарындағы нақты шарттар бойынша құжаттарды дайындаудың басшылыққа алынатын қағидаттары ескеріле отырып жасалды.
Осы Баяндамада 2016 – 2021 жылдар аралығында Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенцияның ережелерін және БҰҰ-ның Күштеп жоқ қылып жіберу жөніндегі комитетінің 10-шы сессиясында (2016 жылғы 7-18 наурыз) берілген ұсынымдарды іске асыру үшін қабылданған шаралар мен қол жеткізілген прогресс туралы ақпарат қамтылған.
Күштеп жоқ қылып жіберу жөніндегі комитеттің ұсынымдарын орындау үшін 2017 – 2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген.
Баяндаманы дайындау үшін құрамына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Президент Әкімшілігінің Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қорғаныс, Әділет, Сыртқы істер, Денсаулық сақтау, Ғылым және білім министрліктерінің, Ішкі істер министрлігі Қостанай және Қарағанды академияларының, Әділет министрлігі Заңнама институтының, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енген ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Баяндаманы дайындау үшін БҰҰ-ның Күштеп жоқ қылып жіберу жөніндегі комитеті ұсынымдарының орындалуын талдау БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүргізілді.
Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі № 88-V және "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V заңдарына сәйкес осы Баяндаманың жобасы Ашық нормативтік құқықтық актілер (НҚА) порталында және Ішкі істер министрлігінің сайтында ашық қолжетімділікте орналастырылған болатын. Елдің барлық азаматтары Баяндаманың жобасымен танысуға және өзгерістер мен толықтырулар бойынша өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік алды.
Конвенцияны орындау және ұлттық есепті дайындау мәселелері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі – ҚР СІМ) жанындағы "Адами өлшемдер жөніндегі диалогтық алаң" консультативтік-кеңесші органының отырысында үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен талқыланды. Жария талқылаудың барысында алынған ұсыныстар осы Баяндаманы дайындау кезінде ескерілді. Құқық қорғау органдарының қызметінде адам құқықтарын сақтау, оның ішінде адвокаттардың мәртебесін заңнамалық нығайту мәселесі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, Ішкі істер органдарының қызметі мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырыстарында қаралды.
2. Жалпы мәліметтер
Қазақстан БҰҰ-ның Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғау туралы декларациясының қағидаттарын жақтауды жалғастырады, Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенцияның (бұдан әрі – Конвенция) ережелерін мүлтіксіз сақтау бойынша шаралар қабылдайды.
Конституцияның 4-бабының 3-тармағына сәйкес республика ратификациялаған халықаралық шарттар оның заңдарының алдында басым болады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі алдында басым болатын және халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару талап етіледі делінген жағдайларды қоспағанда, тікелей қолданылатынын атап өткен жөн.
2017 жылы қоғам мен мемлекетті дәйекті түрде жан-жақты қайта құру жолында жаңа заңды кезеңге айналған конституциялық реформа жүргізілді. Конституцияға адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, конституциялық бақылау институтын күшейтуге және Конституциялық кеңестің жауаптылығын арттыруға бағытталған түзетулер енгізілді. Омбудсменді лауазымға сайлау және лауазымнан босату жөніндегі өкілеттіктер Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына берілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша мемлекеттің тұрғындармен тиімді қарым-қатынас жасауын, азаматтарды мемлекеттік басқару процестеріне тарту деңгейін көтеру мақсатында "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы іске асырылуда.
"Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 132 Конституциялық заңында әркімге мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін кез келген заңсыз шешімдері мен әрекетінен (әрекетсіздігінен) сот арқылы қорғалуға кепілдік беріледі.
2020 жылғы желтоқсанда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының № 384-VI Заңының қабылдануымен қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделін практикалық іске асыру басталды, оның түйінді үш міндетін түрлі органдар:
1) қылмыстық құқық бұзушылықты анықтауды, жолын кесуді, қатысы бар адамдарды анықтауды, дәлелдемелерді жинауды және бекітуді – сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары;
2) жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруді, түйінді процестік шешімдер қабылдауды, айып тағуды және сотта оны қолдауды – прокуратура;
3) жаза тағайындауды, азаматтардың шағымдарын қарауды – сот орындайды.
Қылмыстық процестің үш буынды моделіне өткен соң процестік түйінді шешімдердің бәрі – күдіктілерді ұстау, олардың әрекеттерін саралау, сондай-ақ бұлтартпау шарасын таңдау тек прокурормен келісіледі. Бұлтартпау шарасын санкциялауды тергеу судьясы жүргізеді.
2021 жылғы маусымда Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспары қабылданды, ол адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқықтарын қамтамасыз ету, қылмыстық сот төрелігі саласында адамның құқықтарын сақтау, азаптаулар мен қатыгез қараудың алдын алу, адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау, БҰҰ-ның шарттық органдарымен және БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің арнайы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мәселелерін және басқаларын қамтиды.
2021 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) қабылданды.
Тұжырымдамада жеке тұлғалар мен ұйымдардың негізгі құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау қоғам мен мемлекет өмірінің барлық салаларында бірінші кезекте және тиімді қорғалуға тиіс негізгілердің қатарына жататын айқындалған. Бұл ретте ұлттық заңнаманың елеулі құрамдас бөлігі бұдан былай да Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық міндеттемелерінің ықпалымен қалыптастырылатыны атап өтіледі.
Қылмыстық процестің шеңберінде адам құқықтарын сақтауға бағытталған, оның ішінде күштеп жоқ қылып жіберу көріністерінің алдын алу жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігі мәселелері Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауларында, оларды іске асыру жөніндегі 2019 – 2021 жылдардағы жалпыұлттық іс-шаралар жоспарларында өзектілендірілді.
2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарды қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттыруға; көрінеу заңсыз ұстағаны, қамауға алғаны немесе қамақта ұстағаны; адвокаттардың және өзге де тұлғалардың адам мен азаматтың құқығын, бостандығы мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасағаны үшін жауаптылықты күшейтуге; құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жедел іздестіру және тергеу практикасында заңсыз жұмыс әдістерін және арандатушылық іс-әрекеттерді қолдану фактілеріне жол бермеуін бақылауды күшейтуге бағытталған шаралар қабылданды.
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының шеңберінде құқық қорғаушылар, оның ішінде адвокаттар қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жұмысына кедергі келтіретін заңсыз әрекеттердің жолын кесу жөнінде шаралар пысықталуда.
Азаматтардың құқықтарын сақтау және күштеп жоқ қылып жіберудің ықтимал көріністерінен оларды қорғау бойынша практикалық шаралар қабылданып жатыр.
Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында құқық қорғау жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарының бірі ретінде полицияның сервистік моделін дамытуды мәлімдейді, оның базалық компоненті қоғаммен өзара әріптестік іс-қимыл орнату болып табылады.
Негізгі стратегия полицейлердің азаматтарға сапалы қызметтер көрсетуіне және қоғаммен әріптестікте қауіпсіздік проблемаларын бірлесіп шешуге сайып келеді. Еуроодақтың қолдауымен іске асырылатын жобалар жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің жұмыс процестерін оңтайландыруға, тиімді басқару жүйесін құруға, полиция мен қоғамның диалогын орнатуға бағытталған.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауының шеңберінде "жұртқа жақын полиция" қағидаты бойынша полиция қызметінің тұтас реформасын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қалаларда 58 модульдік стационарлық полиция бекеті пайдалануға енгізілді, жаяу патрульдердің саны көбейтілді, полицияны шұғыл шақыруға арналған 81 дабыл батырмасы орнатылды. Қабылданған шаралар қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізеді, азаматтардың заңсыз қолсұғушылықтан қорғалуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Полиция ғимараттарында процестік әрекеттерді жүргізуге арналған "ашық кабинеттер" біртіндеп енгізілуде.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру құқық қорғау органдары жұмысының ашықтығын және айқындығын қамтамасыз етуге, азаматтарды жүйелі түрде қабылдауды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Полицияға, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы жүгіну мүмкіндігін жеңілдеткен "102" мобильді қосымшасы іске қосылды.
2021 жылғы сәуірде қылмыстық сот ісін жүргізуде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету (бұдан әрі – МКЗК) жөніндегі пилоттық жобаның бірінші кезеңі басталды. Алғашқы қорытындылар бойынша қылмыстық процесті жүргізуші қызметкерлерге адвокатты тағайындауды жүргізуге, күдікті қорғаушысының қылмыстық процеске қатысуын қамтамасыз ету және МКЗК шеңберінде күдіктіні қорғаумен байланысты заң көмегіне ақы төлеу туралы қаулыларды автоматтандырылған режимде шығару мүмкіндігі пайда болды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша осындай МКЗК пилоттық жобасын іске қосу жоспарланады.
Жолдау шеңберінде, сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2021 жылғы 25 ақпандағы отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес Пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік үй-жайларында, сондай-ақ құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде жаппай бейнебақылау енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленіп, бекітілді. Жоспар "Адам құқықтары үшін хартия" қоғамдық қоры" және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық (бұдан әрі – АҚҰО) құқық қорғау ұйымдарымен келісілді.
Бүгінгі таңда полиция үй-жайларында 18 мыңнан астам, пенитенциарлық мекемелерде 14 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылған. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіліп жатыр.
Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде сотталғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды барынша азайту мақсатында бейнедеректерді жоғары тұрған және қадағалаушы органдарға беру, сондай-ақ одан әрі Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін байланыс арналарымен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде.
Сотталғандардың құқықтарын тиісінше қорғауды қамтамасыз ету үшін Қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2019 – 2023 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Оны іске асыру шеңберінде сотталғандардың электрондық құжат түрінде өтініштер беру мүмкіндігі енгізілді, ол үшін соңғы екі жылда ҚР ІІМ-нің ҚАЖ мекемелерінде 243 электрондық терминал орнатылды.
Мекемелердің әкімшілігі тарапынан теріс пайдалану туралы электрондық өтініштер автоматты түрде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі органдарына жолданады. Көрсетілген шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, күштеп жоқ қылып жіберу мен азаптаулардың алдын алу бойынша қосымша тетік құруға мүмкіндік береді.
Бірінші Баяндама қорғалған кезден бастап күштеп жоқ қылып жіберуден қорғауды қоса алғанда, қылмыстық сот төрелігі саласында адам құқықтарын сақтау жөніндегі ұлттық заңнаманы жетілдіруге бағытталған жұмыс жалғасуда.
Конвенцияның 2 және 4-баптарын имплементациялау мақсатында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 292-VІ Заңымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне (бұдан әрі – ҚР ҚК) толықтырулар енгізілді.
2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттама ратификацияланды. Қазақстан Республикасының Баланың құқықтары туралы конвенцияға хабарламалар рәсіміне қатысты факультативтік хаттамаға, Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық аспектілері туралы конвенцияға қосылуы бойынша жұмыс жүргізілуде.
Қазақстан Баланың құқықтары туралы конвенцияны, Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияны, Баланың құқықтары туралы конвенцияға балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты факультативтік хаттаманы, Баланың құқықтары туралы конвенцияға балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялап, балаларды жан-жақты, оның ішінде күштеп жоқ қылып жіберуден қорғауды өзінің жақтайтынын көрсетті.
2021 жылғы маусымда қылмыстық сот ісін жүргізуде жарыспалылық пен ашықтықты күшейту, сот процесінде адвокат пен прокурор теңдігін қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларында айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне (бұдан әрі – ҚР ҚПК) бірқатар тұжырымдық түзетулер қабылданды.
Өзгерістер қылмыстық сот ісін жүргізудің жарыспалылығы мен ашықтығын күшейтуге, қорғау тарапының дәлелдемелер жинау бойынша өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған.
2021 жылғы желтоқсанда "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Қазақстан Республикасының № 90-VII Заңы қабылданды. Уәкіл қызметінің міндеттері адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіруге, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу мен ілгерілетуге жәрдемдесу болып белгіленген (Заңның 1-бабы).
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында МКЗК шеңберінде тегін заң көмегін алуға құқығы бар адамдардың және осындай көмек көрсететін субъектілердің шеңберін кеңейтуге қатысты түзетулер қарастырылуда.
"Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының № 176-VI Заңы 19-бабының 2-тармағына және 26-бабына сәйкес енгізілген "Е-Заң көмегі" заң көмегі ақпараттық жүйесінде тұрғындар үшін онлайн режимде кешенді әлеуметтік заң көмегін және МКЗК тегін негізде алу мүмкіндігі көзделген.
Анықтама. "Е-Заң көмегі" бірыңғай ақпараттық жүйесінде 2,8 мыңнан астам адвокат және 1 мың заң консультанты тіркелген. Соңғы 3 жылда 400 мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді.
Конвенцияның нормаларын Қазақстан Республикасында іске асырудың дәйекті прогресі мынадай нормативтік құқықтық актілермен қамтамасыз етіледі:
1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясы (Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 10 наурыздағы № 51-VI, "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы" 2019 жылғы 23 наурыздағы № 238-VІ заңдарымен енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен);
"Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 132 Конституциялық заңы;
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 518-IV Кодексі;
1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-XIII Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (бұдан әрі – ҚР АК);
2014 жылғы 3 шілдедегі № 226-V Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі;
2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі;
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V Кодексі;
2014 жылғы 5 шілдедегі № 234-V Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі (бұдан әрі – ҚР ҚАК);
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 120-VI Кодексі (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі);
2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі;
"Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының № 345 Заңы;
"Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының № 591 Заңы;
"Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы" 2008 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 104-IV Заңы;
"Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы" 1999 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 353-I Заңы (бұдан әрі – Ұстау тәртібі мен шарттары туралы заң);
"Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" 2000 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының № 72 Заңы;
"Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының № 380-IV Заңы;
"Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының № 94-V Заңы (бұдан әрі – Дербес деректер туралы заң);
"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының № 105-V Заңы (бұдан әрі – Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң);
"Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының № 401-V Заңы;
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасының № 501-V Заңы;
"Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының № 131-VI Заңы (бұдан әрі – Жәбірленушілерге өтемақы туралы заң);
"Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының № 176-VI Заңы;
"Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 286-VI Заңы (бұдан әрі - Сақтандыру туралы заң);
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 292-VI Заңы;
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарының қорғалуын күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 384-VI Заңы;
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 88-VII Заңы;
Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 90-VII, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы" 2021 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 93-VII, "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 92-VII, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 91-VII заңдары;
"Қазақстан Республикасында Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 10 ақпандағы № 192 Жарлығы;
"Сот бойынша ақталған адамға, қылмыстық істі тоқтату туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде келтірілген мүліктік зиянды төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1218 қаулысы;
"Конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысы;
"Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңды қолдану тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 нормативтік қаулысы;
"Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың адамның жеке бас бостандығын сақтау және қадір-қасиетіне қол сұқпау, қинауға, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы мәселелер жөніндегі нормаларын қолдану туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 28 желтоқсандағы № 7 нормативтік қаулысы (бұдан әрі – Жоғарғы Соттың 2009 жылғы 28 желтоқсандағы № 7 нормативтік қаулысы);
"Бұлтартпау шараларын санкциялаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 24 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысы;
"Ішкі істер органдары арнайы қабылдау орындарының қызметін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 23 мамырдағы № 232 бұйрығы;
"Ішкі істер органдары қабылдау-тарату орындарының қызметін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 23 мамырдағы № 233 бұйрығы;
"Ішкі істер органдары қабылдау-тарату орындарының ішкі тәртіп ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 10 бұйрығы;
"Ішкі істер органдары арнайы қабылдау орындарының ішкі тәртіп ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 11 бұйрығы;
"Қоғамдық бақылау комиссияларының ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне бару қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2012 жылғы 22 мамырдағы № 312 бұйрығы;
"Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 89 бұйрығы;
"Шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерін немесе консулдық мекемелерін шетелдіктердің ұсталуы және күзетпен ұсталуы жөнінде хабарлау туралы қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 3 қыркүйектегі № 87 және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 26 қыркүйектегі № 08-1-1-1/428 бірлескен бұйрығы;
"Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығы;
"Құқық қорғау органдарында келушілерді электрондық есепке алу тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 162 бұйрығы;
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын сақтауына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2017 жылғы 2 қарашасындағы № 112 бұйрығы;
"Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеу изоляторларындағы адамдарды күзету мен қадағалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 19 бұйрығы;
"Қылмыстық-атқару жүйесі тергеу изоляторларының iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 26 шілдедегі № 505 бұйрығы;
"Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдардың есебін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 13 ақпандағы № 107 бұйрығы;
"Ішкі істер органдарының уақытша ұстау изоляторларының iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 5 ақпандағы № 95 бұйрығы;
"Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдардың, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдардың арнайы есебін, ұстап алынған, күзетпен ұсталатын және сотталған адамдардың дактилоскопиялық арнайы есебін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2018 жылғы 27 ақпандағы № 29 бұйрығы;
"Қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 165 бұйрығы;
"Сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан бас бостандығы шектелген адамдарға, сондай-ақ ұсталған, қамауға алынған және арнайы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 28 қазандағы № 745 бұйрығы;
"Қылмыстық жазалардың орындалуының және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын қолданудың заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2021 жылғы 15 қарашадағы № 152 бұйрығы.
Жұмсалып жатқан күш-жігер, бір жағынан, адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, азаматтардың қауіпсіздікке құқығын қамтамасыз ету және екінші жағынан, құқық қолдану мәселелерін қозғайтын жаһандық индекстердегі Қазақстан Республикасының көрсеткіштеріне оң әсерін тигізеді.
Мәселен, құқық үстемдігінің жаһандық индексінде (Rule of Law Index) 2017 – 2018 жылдары Қазақстанның көрсеткіші 0,51 болса, 2019 – 2021 жылдар кезеңінде бұл көрсеткіш көтеріліп, 0,52 болды.
Индекс шеңберінде Қазақстан деңгейі "орташадан жоғары" елдер тобына жатқызылған. Қазақстан 2030 жылға қарай 0,60 төмен емес көрсеткішке қол жеткізу міндетін қойып отыр (Қазақстан Республикасының Құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының 8-бөлімі).
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (Тhe Global Competitiveness Index, WEF) шеңберінде "Сот жүйесінің тәуелсіздігі" қосалқы индикаторы бойынша Қазақстан 2017 – 2018 жылдары 137 елдің ішінде 79-шы, 2019 жылы 141 елдің ішінде 71-ші позицияны иеленді. "Полиция қызметтерінің сенімділігі" қосалқы индикаторы бойынша 2017 – 2018 жылдары Қазақстан 137 елдің ішінде 87-ші орынды, 2019 жылы 141 елдің ішінде 81-ші орынды иеленді.
Құқықтық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес мемлекет 2030 жылға қарай "Сот жүйесінің тәуелсіздігі" және "Полиция қызметтерінің сенімділігі" қосалқы индикаторлары бойынша тиісінше 50 және 60-шы орыннан төмен болмайтын позицияға ие болу міндетін қойып отыр.
World Prison Brief индексінде (Әлем түрмелеріне қысқаша шолу) 2021 жылы Қазақстандағы әрбір 100 000 тұрғынға шаққанда қамаудағылардың үлесі 2016 жылмен салыстырғанда 1,2 есе азайды. Қамаудағылардың жалпы санына қатысты кәмелетке толмағандардың (18 жасқа дейін) үлесі 2021 жылы 0,1 % құрады.
Орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібіне қатысты Статистикалық комиссия ұсынған деректерге сәйкес ТДМ жаһандық көрсеткіштердің деректер тұғырнамасында 16 "Орнықты даму мүддесінде бейбітшілік сүйгіш және ашық қоғам құруға жәрдемдесу, барлығы үшін әділ сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз ету және барлық деңгейде тиімді, есеп беретін және кеңінен қатысуға негізделген мекемелер құру" деген тұрақты даму мақсатын іске асыру бойынша Қазақстан прогресті жоспарлы түрде ұлғайтуда. Мәселен, 16.3.2 "Сот үкімі шыққанға дейін күзетпен ұсталатын адамдардың үлесі" көрсеткіші бойынша қамаудағылардың жалпы санында көрсеткіштердің 1,4 есе төмендегені тіркелді. Егер 2015 жылы үлес 15 % құраса, 2018 жылы ол 10,9 % жетті.
3. Конвенцияның баптары және БҰҰ-ның Күштеп жоқ қылып жіберу жөніндегі комитетінің қорытынды ескертулері бойынша ақпарат
3.1. Қорытынды ескертулердің 8, 10-тармақтары ("Жалпы ақпарат")
Қазақстан ұлттық құқық қорғаушы мекемені Париж қағидаттарына сәйкес келтіру мақсатына едәуір жақындатқан шараларды қабылдады.
2002 жылғы қыркүйекте Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілді.
2021 жылғы 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) қол қойды, ол Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесін, өкілеттігін және қызметінің ұйымдастырылуын айқындады. Заң оның мәртебесінің тәуелсіздігі мен дербестігінің оны Парламент Сенатының сайлауы, сондай-ақ оның тәуелсіздігі мен қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейтіні сияқты маңызды және қажетті атрибуттарын бекітті (Қорытынды ескертулердің 10-тармағы).
Қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа Уәкілді өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды. Омбудсменнің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында қызметтік куәлігін көрсетіп, елдің бүкіл аумағындағы мекемелер мен басқа да объектілерге кедергісіз баруға құқығы бар. Оның заңды қызметіне араласу не кедергі келтіру үшін жауаптылық енгізілген.
Омбудсмен мандатының ауқымы кең: Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламентіне және Үкіметіне адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар береді; Үкіметке және өзге де мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, өзге де ұйымдарға және лауазымды адамдарға адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын бұзудың профилактикасына және оларды қалпына келтіруге бағытталған шараларға қатысты ұсынымдар мен ұсыныстар береді; Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметіне, Парламентінің депутаттарына, мемлекеттік органдар құзыретіне кіретін міндеттерге сәйкес ұсыныстар енгізеді; ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қызметін үйлестіреді; адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы шағымдарды қарайды, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына нормативтік құқықтық актілерді талдау, шағымдарды қарау және Заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді іске асыру нәтижелерін қамтитын өз қызметі туралы жыл сайын баяндамалар ұсынады. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың жекелеген мәселелері бойынша Уәкіл арнайы баяндамалар дайындауға және таратуға құқылы. Уәкілдің баяндамалары уәкілетті мемлекеттік органдарға өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қарау үшін жіберіледі, олар баяндаманы алған күннен бастап үш ай ішінде оны қарау нәтижелері туралы белгіленген тәртіппен хабарлауға міндетті.
Омбудсменге сотқа шектелмеген адамдар тобының мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін талап-арызбен жүгіну функциясы берілген.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі болады, ол тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде оның атынан өзінің функционалдық міндеттері шеңберінде және оның тапсырмасы бойынша өкілеттігін жүзеге асырады.
Уәкілдің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық (бұдан әрі – АҚҰО) жүзеге асырады.
Республикалық бюджетте жыл сайын жеке бюджеттік бағдарламамен Уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті қаражат көзделеді.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында Адам құқықтары жөніндегі уәкілге Конституциялық сотқа (оны құру жұмысы жүргізілуде) тікелей жүгіну мүмкіндігін беруді, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына Конституциялық заң мәртебесін беруді ұсынды. Қазіргі уақытта "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Конституциялық заңның жобасын әзірлеу бойынша жұмыс басталды. "Ашық НҚА" сайтында Конституциялық заңның жобасына реттеуші саясаттың консультациялық құжаты орналастырылған.
АҚҰО деректері бойынша есептік кезеңде күштеп жоқ қылып жіберу фактілері бойынша өтініштер түскен жоқ.
2016 жылы Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл институтының құрылуы балалардың құқықтарын, оның ішінде күштеп жоқ қылып жіберуден қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді Қазақстанның жақтайтынының дәлелі болып табылады.
Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Күштеп жоқ қылып жіберу жөніндегі комитетінің жеке және мемлекетаралық хабарламаларды алу және қарау жөніндегі құзыретін тану туралы мәселе зерделенуде (Қорытынды ескертулердің 8-тармағы).
3.2. Күштеп жоқ қылып жіберудің анықтамасы және оның қылмыстық жазаланатын әрекет ретінде жіктелуі (Конвенцияның 1 - 7-баптары және Қорытынды ескертулердің 12-тармағы)
Конвенцияның 1 - 7-баптары және Қорытынды ескертулердің 12-тармағы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 16-бабына сәйкес әркім өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар. Заңда көзделген жағдайларда ғана және соттың санкциясымен ғана тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады.
Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы.
Қазақстан Республикасының Конституциясы 13-бабының 3-бөлігіне сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар, заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.
Заңдылық, сот төрелігiн соттың ғана жүзеге асыруы, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау, жеке бастың абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеу, жеке басқа қолсұғылмаушылық ҚР ҚПК 10 – 14-баптарына сәйкес қылмыстық процесс қағидаттары деп жарияланған.
Мәселен, ҚР ҚПК 14-бабының 1-бөлігіне сәйкес осы Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмдi де қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстап алуға, күзетпен қамауға алуға немесе өзгеше түрде бас бостандығынан айыруға болмайды.
ҚР ҚПК 14-бабының 2-бөлігінде күзетпен ұстауға және үйқамаққа алуға ҚР ҚПК-де көзделген жағдайларда ғана және соттың санкциясымен ғана жол берiліп, күзетпен қамауға не үйқамаққа алынған адамға сотқа шағым жасау құқығы беріледі.
Күштеп жоқ қылып жіберу жөніндегі комитеттің ұсынымдарын орындау үшін Қазақстан қылмыстық-құқықтық нормаларды Конвенцияның 2 және 4-баптарына сәйкес келтіру мақсатында ҚР ҚК са өзгерістер енгізді, атап айтқанда ҚК-нің "Адам ұрлау" деген 125-бабы және "Бас бостандығынан заңсыз айыру" деген 126-бабы көрсетілген қылмыстарды:
адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
жәбірленушінің жеке басын куәландыратын құжаттарды бұрмалап жасағаны, жасырғаны не жойғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға мүмкіндік беретін жіктеу белгілерімен толықтырылды.
Осы іс-әрекеттерді ауырлататын мән-жайларда жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық осы баптардың 3-бөліктерінде көзделген.
Конвенцияның 2-бабының 2-бөлігінде көзделген "Кез келген басқа нысанда бас бостандығынан айыру" деген конвенциялық ереже ҚР ҚК қе "Психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру" деген 127-бабының диспозициясында да қамтылады.
Осылайша, "кейіннен бас бостандығынан айыру фактісін мойындаудан немесе жоғалып кеткен адамның тағдыры немесе тұрған жері туралы деректерді жасырудан бас тартқан кезде мемлекет өкілінің ұрлап әкетуі немесе бас бостандығынан айыруы, соның салдарынан бұл адам заңды қорғаусыз қалдырылды" ретінде танылатын күштеп жоқ қылып жіберудің конвенциялық түсінігі ҚК-нің тиісінше 125-бабының 2-бөлігінің 9), 10) тармақтарында, 3-бөлігінде, 126-бабының 2-бөлігінің 10), 11) тармақтарында, 3-бөлігінде, 127-бабында имплементацияланған.
Конвенцияның "кейіннен бас бостандығынан айыру фактісін мойындаудан немесе жоғалып кеткен адамның тағдыры немесе тұрған жері туралы деректерді жасырудан бас тартқан кезде мемлекет өкілдерінің тұтқындауы, ұстауы, соның салдарынан бұл адам заңды қорғаусыз қалдырылды" ретінде түсінілетін күштеп жоқ қылып жіберумен байланысты іс-әрекеттерді криминалдандыру туралы 2 және 4-баптарының ережелері де ҚР ҚК-де қылмыстық жазаланады деп танылған. Қылмыстық жауаптылық ҚР ҚК-нің "Көрiнеу заңсыз ұстап алу, күзетпен қамауға алу немесе күзетпен ұстау" деген 414-бабында, "Адвокаттар мен өзге де адамдардың адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау" деген 435-бабында көзделген.
ҚПК-нің 135-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ұстап алынған күдіктінің отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң қайсыбiрiне, ал олар болмаған кезде басқа туыстарына немесе жақын адамдарына оның ұстап алынғаны және ұсталып отырған жері туралы кейінге қалдырмай хабарлауға немесе күдіктінің өзіне мұндай хабарлау мүмкiндiгiн беруге мiндеттi.
Күдіктіні ұстап алу фактісі және оның тұрған жері туралы оның туыстарына қасақана хабарламау, адамның күзетпен ұсталу орны туралы ақпаратты осындай ақпарат алуға құқығы бар азаматқа беруден заңсыз бас тарту, сол сияқты ұстап алу хаттамасының жасалу уақытын немесе нақты ұстап алынған уақытын бұрмалау ҚР ҚК-нің 414-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық жазаланатын іс-әрекет деп танылған.
Жоғарғы Соттың 2009 жылғы 28 желтоқсандағы № 7 нормативтік қаулысына сәйкес ҚР ҚПК-нің 128 және 131-баптарында көзделген шарттар, негіздер мен себептер болмаған кезде не ұстау хаттамасы жасалмай үш сағаттан астам адамды ұстау, сондай-ақ адамды тергеу судьясының санкциясынсыз ҚР ҚПК-нің 131-бабының төртінші бөлігінде белгіленген мерзімдерден артық және тергеу судьясы санкция берген күзетпен ұстау мерзімінен артық күзетпен ұстау заңсыз болып табылады және ол дереу босатылуға жатады. Кінәлі адамдардың аталған заңсыз әрекеттерді жасауға тікелей пиғылы болған кезде олар ҚР ҚК-нің 414-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Анықтау, тергеу органдарының қызметкерлері және прокурор, ұстап алынған адам ұсталатын мекеменің басшысы (тергеу изоляторының, уақытша ұстау изоляторының бастығы), прокурор, яғни қылмыстық-процестік заңмен ұстап алу, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау жөнінде өкілеттіктер берілген адамдар, сондай-ақ адамды қамауда ұстаудың заңдылығын қамтамасыз етуге тиіс құқық қорғау органдарының лауазымды адамдары ҚР ҚК-нің 414-бабында көзделген қылмыстың субъектілері болуы мүмкін. Басқа лауазымды адамдар жүргізген заңсыз ұстау, қамауға алу ҚР ҚК-нің 362-бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану ретінде жіктеледі.
Қорғаушының құқықтық мәртебесі, өкілеттігі, оны шақыру және тағайындау тәртібі, оның қылмыстық процеске мiндеттi қатысу негіздері ҚР ҚПК-нің 66 – 70-баптарымен регламенттелген.
Қорғаушы – қорғалуға құқығы бар куәгердің, күдіктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның құқықтары мен мүдделерiн заңда белгiленген тәртiппен қорғауды жүзеге асыратын және оларға қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде заң көмегiн көрсететiн адам.
Адвокат қорғаушы ретiнде қатысады. Адвокат қылмыстық процеске қорғаушы ретінде қатысқан кезде қорғалуға құқығы бар куәгердің, күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның жазбаша өтініші бойынша оларды адвокатпен қатар қорғауды мына адамдардың біреуі: жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы, қорғаншысы, қамқоршысы не қорғалатын адамды қорғаншылыққа немесе асырауына алған ұйымның өкілі жүзеге асыра алады. Шетелдiк адвокаттардың iске қорғаушылар ретiнде қатысуына, егер бұл Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетпен жасасқан халықаралық шартында өзара түсіністік негiзде көзделсе, заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiледi.
Адам қорғалуға құқығы бар куәгер, күдіктi, айыпталушы мәртебесін алған кезінен бастап, сондай-ақ қылмыстық процестің кез келген келесі сатысында қорғаушы қылмыстық процеске қатысуға құқылы.
Адвокаттың өзi мойнына алған қорғалуға құқығы бар куәгерді, күдіктiні немесе айыпталушыны, сотталушыны, сотталған адамды, ақталған адамды қорғаудан бас тартуға құқығы жоқ.
ҚР ҚПК-нің 67-бабының 1-бөлігіне сәйкес:
1) бұл туралы күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам өтiнiшхат берсе;
2) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам кәмелеттік жасқа толмаса;
3) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмаса;
4) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе;
5) адамға жазалау шарасы ретiнде он жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру немесе өмiр бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкiн болатын қылмыс жасады деп күдік келтірілсе, айып тағылса;
6) күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылса немесе олар стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жiберiлсе;
7) күдіктiлердің, айыпталушылардың, сотталушылардың, сотталғандардың, ақталғандардың мүдделерi арасында қайшылықтар болып, олардың бiреуiнiң қорғаушысы болса;
8) қылмыстық процеске жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының) немесе азаматтық талапкердің өкiлi қатысса;
9) iс сотта қаралған кезде оған мемлекеттік айыптауды қолдайтын прокурор (мемлекеттік айыптаушы) қатысса;
10) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болса және қылмыстық қудалау органдарына немесе сотқа келуден жалтарса;
11) процестік келісім және оны жасасу туралы өтінішхат мәлімделсе, қорғаушының қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысуы міндетті.
Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның өза, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ олардың тапсыруы бойынша басқа да тұлғалар шақырмаса, қылмыстық процестi жүргізетін орган процестiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, бұл туралы ол адвокаттардың кәсiби ұйымы үшін мiндеттi қаулы шығарады.
Адвокаттар мен өзге де адамдардың қылмыстық процесте адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сол сияқты жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау не осындай қызметтің дербестігін және тәуелсіздігін өзге де бұзу, егер бұл іс-әрекеттер адамның және азаматтың құқықтарына, бостандықтарына немесе заңды мүдделеріне, заңды тұлғалардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, оның ішінде адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекеттер ҚР ҚК-нің 435-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады.
Әкімшілік жазаны заңсыз қолданғаны үшін кінәлінің іс-әрекеттері ҚР ҚК-нің "Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану" деген 361-бабы, "Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану" деген 362-бабы бойынша жіктелуі мүмкін.
Судьяның қаулысы бойынша көрiнеу заңсыз күзетпен қамауға алу ҚР ҚК-нің 418-бабы бойынша көрiнеу әдiлетсiз сот актiсiн шығару ретінде сараланады.
Есепті кезеңде мемлекет өкілдері күштеп жоқ қылып жіберуге жататын қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған жоқ.
Конвенцияның 3-бабының ережелері ҚР ҚК-нің 125, 126-баптарына имплементацияланған.
Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында қылмыстық іс-әрекеттерді жасағаны үшін жауаптылық күштеп жоқ қылып жіберу актісін жасаған адамға да қатысты, сондай-ақ сыбайлас қатысушыларға, оның ішінде ұйымдастырушыларға, айдап салушыларға және көмектесушілерге де қатысты көзделген.
ҚР ҚК-нің 28-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық еткен адам, сол сияқты қылмыстық топты құрған не оған басшылық еткен адам ұйымдастырушы деп танылады.
Қылмыстық құқық бұзушылықты тiкелей жасаған не оны жасауға басқа адамдармен (бірге орындаушылармен) бiрлесіп тiкелей қатысқан адам, сондай-ақ жасына, есiнiң дұрыс еместiгiне немесе ҚР ҚК-де көзделген басқа да мән-жайларға байланысты қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты іс-әрекеттi абайсызда жасаған адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады.
Басқа адамды азғыру, параға сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiрген адам айдап салушы деп танылады. Кеңестерiмен, нұсқауларымен, ақпарат, осы іс-әрекетті жасайтын қару немесе құралдар беруімен не оны жасауға кедергiлердi жоюымен қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ орындаушыны, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруын немесе өзге де құралдарын, осы іс-әрекеттің iзiн не құқыққа қарсы жолмен қол жеткізілген заттарды жасыруға күні бұрын уәде берген адам, сол сияқты осындай заттарды иемденуге немесе өткiзуге күні бұрын уәде берген адам көмектесушi деп танылады.
"Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының № 380-IV Заңында заңға қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде қызметкер заңды басшылыққа алуға мiндеттi және оның қорғауында болатыны туралы ереже көзделген.
ҚР ҚК қарастырылып отырған заңға қайшы іс-әрекеттерді жасағаны үшін қоғамдық қауіптілік дәрежесіне және оларды жасау салдарының ауырлығына сай жазалар көзделген.
Мәселен, адам ұрлағаны үшін ең жоғары жаза – 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру, заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 10 жылға дейін, психиатриялық стационарға заңсыз орналастырғаны үшін – 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін – 7 жылға дейін, билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін – 10 жылға дейін, көрінеу заңсыз ұстау, күзетпен қамауға алу немесе күзетпен ұстағаны үшін – 10 жылға дейін, көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығарғаны үшін – 10 жылға дейін, адвокаттар мен өзге де адамдардың қылмыстық процесте адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сол сияқты жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасағаны үшін тиісінше 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Қылмыстық қудалау органдары әрбір нақты оқиғада қылмыстық қудалауды жүзеге асыру кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды назарға алады.
Конвенцияның 7-бабының 2-тармағы а) тармақшасының ережесі ҚР ҚК-нің 53-бабында көрсетілген, оған сәйкес мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайларға жатқызылған: шын ниетпен өкiну, айыбын мойындап келу, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, қылмыстың басқа да сыбайлас қатысушыларын әшкерелеуге белсенді түрде ықпал ету.
ҚК-нің 53-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделмеген мән-жайлар да жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететін мән-жайлар ретiнде ескерiлуi мүмкiн. Осылайша, ұлттық заңнаманың шеңберінде күштеп жоқ қылып жіберу актісін жасауға қатысы бар адам, егер іс жүзінде жоғалып кеткен адамды тірідей қайтаруға жәрдемдессе немесе күштеп жоқ қылып жіберу мән-жайларын анықтауға немесе күштеп жоқ қылып жіберу актісін орындаушылардың жеке басын анықтауға ықпал етсе, жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай болып танылуы мүмкін.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар ҚР ҚК-нің 54-бабында көзделген, олардың қатарында: қылмыстың ауыр зардаптар келтiруі, қылмыстық құқық бұзушылықты адамдар тобының, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасауы, қылмыстық топ құрамында жасау; кінәлі адамға жүктiлiк жағдайда екені көрінеу белгiлi әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не кінәлі адамға тәуелдi адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау; аса қатыгездiкпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбiрленушiнi қинаумен жасау; билік өкiлiнiң нысанды киiмiн немесе құжаттарын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау; құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, судьяның өзінің қызмет бабын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасауы.
3.3. Күштеп жоқ қылып жіберумен байланысты қылмыстық жауаптылық және сот органдарының ынтымақтастығы (Конвенцияның 8 - 16-баптары және Қорытынды ескертулердің 14, 16, 18-тармақтары)
Конвенцияның 8-бабы және Қорытынды ескертулердің 14-тармағы
Қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі деп қылмыс жасалған күннен бастап белгілі бір мерзімдердің өтуі түсініледі, мұның өзі заңда белгіленген шарттар болған кезде адамды қылмыстық жауаптылықтан босатады.
ҚР ҚК-нің 11-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі қылмыстық құқық бұзушылықтың санаты негізге алына отырып есептеледі. ҚР ҚК-нің "Ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату" деген 71-бабына сәйкес, егер қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап мынадай мерзiмдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады: ҚР ҚК-нің "Адам ұрлау" деген 125-бабының 2-бөлігінің 9), 10) тармақтары және 3-бөлігі бойынша – 10 жыл және 15 жыл; ҚР ҚК-нің "Заңсыз бас бостандығынан айыру" деген 126-бабы 2-бөлігінің 10), 11) тармақтары және 3-бөлігі бойынша – 5 және 10 жыл; ҚР ҚК-нің "Психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру" деген 127-бабының 1-бабы және 2-бабы бойынша – 5 және 10 жыл; ҚР ҚК-нің "Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану" деген 361-бабының 3-бабы және 4-бабы бойынша – 5 және 10 жыл; ҚР ҚК-нің "Өкiлеттiктерді асыра пайдалану" деген 362-бабының 3-бөлігі және 4-бөлігі бойынша – 10 жылдан; ҚР ҚК-нің "Көрiнеу заңсыз ұстап алу, күзетпен қамауға алу немесе күзетпен ұстау" деген 414-бабының 1-бөлігі бойынша – 5 жыл; ҚР ҚК-нің "Көрiнеу заңсыз ұстап алу, күзетпен қамауға алу немесе күзетпен ұстау" деген 414-бабының 2-бөлігі, 3-бөлігі бойынша – 10 жылдан; ҚР ҚК-нің "Көрiнеу заңсыз ұстап алу, күзетпен қамауға алу немесе күзетпен ұстау" деген 414-бабының 4-бөлігі бойынша – 1 жыл; ҚР ҚК-нің "Көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығару" деген 418-бабы бойынша – 10 жылдан; ҚР ҚК-нің "Адвокаттар мен өзге де адамдардың адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау" деген 435-бабы бойынша, тиісінше – 5 жыл.
ҚР ҚК-нің 71-бабы 6-бөлігінің негізінде ҚК 125-бабының 3-бөлігінде көзделген аса ауыр қылмыс жасағаны үшін, атап айтқанда, ұрланған адамды қанау мақсатында қылмыстық топ жасаған адам ұрлау үшін, егер бұл іс-әрекеттер абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың өзге де ауыр зардаптарына әкеп соқса, ескiру мерзiмдерi қолданылмайды.
Конвенцияның 9-бабы
Қылмыстық заңның юрисдикциясы, Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ одан тыс жерлерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты қолданылу мәселелері ҚР ҚК-нің 7 және 8-баптарында егжей-тегжейлі ашылған.
Қазақстан Республикасының аумағында басталған немесе жалғастырылған не аяқталған іс-әрекет Қазақстан Республикасының аумағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады. ҚР ҚК-нің күшi Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында және айрықша экономикалық аймағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарға да қолданылады.
Қазақстан Республикасы портына тiркелген және Қазақстан Республикасы шегiнен тыс ашық су немесе әуе кеңiстiгiндегі кемеде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, ҚР ҚК бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады. Қазақстан Республикасы әскери кораблiнде немесе әскери әуе кемесiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам да, өзінің қай жерде жүргеніне қарамастан, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауаптылықта болады.
Шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерi және иммунитеттi пайдаланатын өзге де азаматтар Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған жағдайда осы адамдардың жауаптылығы халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешiледi.
Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер олар жасаған іс-әрекет аумағында сол іс-әрекет жасалған мемлекетте қылмыстық жазаланады деп танылса және егер осы адамдар басқа мемлекетте сотталмаған болса, ҚР ҚК бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатады.
Қазақстанның аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе жазасын өтеу үшін шет мемлекетке беруге болмайтын жағдайларда олар да осы негіздерде жауаптылықта болады.
Қазақстанның шегінен тысқары жерде орналасқан оның әскери бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi шет мемлекеттiң аумағында жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, ҚР ҚК сәйкес қылмыстық жауаптылықта болады.
ҚР ҚПК-нің 4-бабына сәйкес Қазақстанның аумағында шет мемлекеттiң тергеп-тексеру органдары мен сотының немесе олардың тапсырмасы бойынша қылмыстық процесті жүргiзетiн органның шет мемлекеттiң қылмыстық-процестік құқығын қолдануға, егер бұл Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген болса, жол беріледі.
Конвенцияның 10, 11, 12-баптары және Қорытынды ескертулердің 16-тармағы
Қазақстан Конвенцияның 10-бабы 1-тармағының ережесін сақтайды.
ҚР ҚПК "күштеп жоқ қылып жіберу" конвенциялық түсінігіне жататын қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп күдікке іліккен, айыпталушы адамдарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын, процестік мәжбүрлеудің басқа да шараларын қолдану көзделген.
ҚР ҚПК 147-бабының 1-бөлігіне сәйкес бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және басқа, қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған кезде заңмен бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады.
Айрықша жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы, егер: оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаса немесе оның жеке басы анықталмаса; ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын немесе процестік мәжбүрлеу шарасын бұзса; қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекет жасаса немесе жасырынса; ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деген күдік келтірілсе; оның бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталғандығы болса, сондай-ақ оның қылмыстық әрекетті жалғастырып жүргендігі туралы деректер бар болса, заңда бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін.
Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхаттарды қарау тәртібі ҚР ҚПК-нің 148-бабында регламенттелген.
ҚР ҚК-де көзделген айрықша жағдайлардан басқа, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде күзетпен ұстау мерзімін екі айдан асыруға болмайды. Күзетпен ұстау мерзімін айрықша жағдайларда, бірақ он сегіз айдан аспайтын мерзімге ұзартудың негіздері мен тәртібі ҚР ҚПК-нің 151, 152-баптарымен қатаң регламенттелген.
ҚР ҚПК 541-бабының бірінші, үшінші бөліктеріне сәйкес күдікті, айыпталушы кәмелетке толмаған адамға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген ерекше жағдайларда ғана қолданылуы мүмкін. Кәмелетке толмаған адамды сотқа дейінгі іс жүргізу барысында күзетпен ұстау мерзімін алты айдан асыруға болмайды.
ҚР ҚПК 541-бабының 7-бөлігіне сәйкес ұстап берілуге (экстрадициялануға) жататын адамға қатысты экстрадициялық қамаққа алу оны ұстап алған кезден бастап 12 ай мерзімге, ал сот үкімін орындауға келтіру үшін сұратылып отырған адамға қатысты – ол сұрау салушы мемлекетте сотталған мерзімнен аспайтын мерзімге қолданылады.
Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы шешім қабылданғаннан кейін экстрадициялық қамаққа алудың 12 айлық мерзімі өткен жағдайда, егер:
1) ұстап берілген адамды ұстап беруді сұратып отырған мемлекеттің аумағына этаппен апаруды ұйымдастыру;
2) ұстап берілген адамның Қазақстан Республикасы Бас прокурорының немесе оның орынбасарының ұстап беру туралы қаулысына шағымын қарау үшін қосымша уақыт қажет болса, оны күзетпен ұстау мерзімін тергеу судьясы, ұстап берілген адамды шет мемлекетке нақты бергенге дейін прокурордың өтінішхаты бойынша, жасалуына ұстап беріліп отырған адам айыпталатын (күдіктелетін) қылмыс бойынша шет мемлекеттің қылмыстық заңының санкциясында көзделген бас бостандығынан айырудың ең көп мерзімі шегінде ұзартады.
Шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерін немесе консулдық мекемелерін шетелдіктердің ұсталуы және күзетпен ұсталуы жөнінде хабарлау туралы қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері, оның ішінде қоса атқарушылар, олардың азаматтары немесе олар өкілдік ететін мемлекеттің азаматтары ұсталған және күзетпен ұсталған барлық жағдайлар туралы дереу хабардар етіледі.
Шетелдікті ұстауды жүзеге асырған немесе оған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініш білдірген сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ол туралы ұстаған және сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған сәттен бастап 6 (алты) сағаттан аспайтын мерзімде, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, ҚР СІМ-ге хабарлайды.
ҚР СІМ хабарламаны із жүзінде ұсталуы, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылуы сәтінен бастап 24 сағаттан аспайтын мерзімде тиісті дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге жөнелтеді.
Хабарламаны дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге жөнелту ресми хат алмасу, электронды пошта, факс немесе телефонограмма арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстан күштеп жоқ қылып жіберудің әрбір фактісін Конвенцияның 10-бабы 2-тармағының, 12-бабы 1 және 2-тармақтарының ережелеріне сәйкес дереу және бейтарап тергеп-тексеруді қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдайды.
Қылмыстық қудалау органы қылмыстық сот ісін жүргізу міндеттерін орындау мақсатында өз құзыреті шегінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін тапқан әрбір жағдайда қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасын анықтау, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеу, оларды жазалау үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдануға міндетті.
Жәбірленуші, куә болған әрбір адамға, сондай-ақ күштеп жоқ қылып жіберу туралы ақпараты бар адамға арыз беру, хабар беру және оларды құзыретті органның жедел, объективті қарау құқығына мемлекет кепілдік береді.
Қылмыстық қудалау органы жәбірленушінің сот төрелігіне қол жеткізуін қамтамасыз етуге және қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу шараларын қабылдауға міндетті.
ҚР ҚПК-нің 180-бабына сәйкес іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар болмаған кезде, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер, атап айтқанда:
1) жеке тұлғаның өтініші не мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның қылмыстық құқық бұзушылық не адамның хабарсыз кеткені туралы хабары;
2) кiнәсiн мойындап келу;
3) бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар;
4) қылмыстық қудалау органы лауазымды адамының дайындалып жатқан, жасалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы баянаты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға себептер болып табылады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға себеп болған кезде анықтаушы, анықтау органы, тергеу бөлімінің бастығы, тергеуші, прокурор өз құзыреті шегінде өз қаулысымен қылмыстық істі іс жүргізуге қабылдайды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы өтініштерді қабылдау және тіркеу тәртібі "Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 89 бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылады.
Қылмыстық құқық бұзушылық туралы әрбір арыз бен хабар Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (бұдан әрі – СДТБТ) тіркеуге жатады. Оларды қабылдау және тіркеу, сондай-ақ СДТБТ жүргізу тәртібі жоғарыда көрсетілген бұйрықпен айқындалған.
Қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаудың ҚР ҚПК 180-бабының бірінші бөлігінде көзделген басқа да себептерін қабылдау мен тіркеуден бас тартуға жол берілмейді және ол заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады, сондай-ақ оған осы Кодексте көзделген тәртіппен прокурорға не сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз, хабар СДТБТ-да тіркелген кезден бастап ҚР ҚПК-нің 192-бабында белгіленген сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі есептеледі.
Баяндамада қаралып отырған қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ҚПК-нің 187-бабына сәйкес ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу органдары дереу жүргізеді. Қылмыстық қудалау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тиімді жүргізу үшін қажетті өкілеттіктер мен ресурстарға ие.
ҚР ҚК-нің "Адам ұрлау" деген 125-бабының 2, 3-бөліктерінде, "Заңсыз бас бостандығынан айыру" деген 126-бабының 2, 3-бөліктерінде, "Психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру" деген 127-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша алдын ала тергеуді ҚР ІІМ органдарының тергеушілері жүргізеді.
Адам ұрлаумен, бас бостандығынан заңсыз айырумен, адам саудасымен байланысты қылмыстарды ашумен ҚР ІІМ органдарының жүйесінде қойылған міндеттерді орындау үшін кадрлық және ресурстық әлеуеті жеткілікті мамандандырылған бөлімшелер жұмыс істейтінін атап өткен жөн.
ҚР ҚК-нің "Көрiнеу заңсыз ұстап алу, күзетпен қамауға алу немесе күзетпен ұстау" деген 414-бабының 1, 2 және 3-бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша алдын ала тергеуді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған ішкі істер органдары не сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізеді.
ҚК-нің 414-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық терiс қылықтар бойынша хаттамалық нысандағы сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi ішкі істер органдары не сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргiзедi.
ҚР ҚК-нің "Адвокаттар мен өзге де адамдардың адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау" деген 435-бабы бойынша істерді тергеп-тексеруді сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi бастаған iшкi iстер органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет немесе экономикалық тергеу қызметі жүргiзедi.
ҚР ҚК-нің "Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану" деген 361-бабында, "Билікті асыра пайдалану" деген 362-бабы 4-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеушiлерi жүргiзедi.
ҚР ҚК-нің "Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану" деген 361-бабының 3 және 4-бөліктері, "Билікті асыра пайдалану" деген 362-бабының 3-бөлігі, 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша алдын ала тергеудi, егер олар ұрыс жағдайларында жасалса, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң тергеушiлерi жүргiзуі мүмкін.
Қылмыстық іс бойынша объективті тергеуге кедергі келтіру мақсатында қылмыстық қудалау органына қандай да бір нысанда ықпал ету заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Тергеудің әділдігін, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында айрықша жағдайларда прокуратура органының басшысы ҚР ҚПК-нің 193-бабында көзделген тәртіппен, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамнан не органнан істі алып қоюға және заңда белгіленген тергеулігіне қарамастан, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу үшін оны басқа адамға не органға беруге құқылы (Қорытынды ескертулердің 16-тармағы).
Сонымен қатар ҚР ҚПК-нің 125 және 158-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде – тергеу судьясы немесе сот ісін жүргізу кезінде сот, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін негіздер болмаған кезде күдікті, айыпталушы, сотталушы осы лауазымда қала отырып, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға, қылмыспен келтiрiлген залалды өтеуге кедергi келтіреді немесе осы лауазымда болуымен байланысты қылмыстық іс-әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны лауазымынан шеттетуге құқылы.
Сондай-ақ "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 38-бабында қызметкерді лауазымдық міндеттерін атқарудан уақытша шеттету көзделген.
Қазақстан қылмыстық іс жіберілген жағдайда, егер күштеп жоқ қылып жіберудің болжамды орындаушысы басқа мемлекеттің аумағында табылса, жазаның бұлтартпастығы қағидатын, сондай-ақ әділ сот талқылауын қамтамасыз ету жөніндегі Конвенцияның 11-бабының ережесін сақтайды.
Шет мемлекеттің құзыретті мекемесінің шет мемлекеттің аумағында қылмыс жасаған және Қазақстан Республикасында жүрген адамға қатысты қылмыстық қудалауды жалғастыру туралы сұрау салуы бойынша шет мемлекеттің құзыретті мекемесінен қылмыстық іс жүргізуді қабылдау тәртібі мен шарттары ҚР ҚПК-нің 598-бабында көзделген.
Қылмыстық қудалауды жүзеге асыру туралы сұрау салу қанағаттандырылған жағдайда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ҚР ҚПК-де көзделген тәртіппен тиісті құзыретті органға сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуді тапсырады, бұл туралы сұрау салушы тарапқа хабарлайды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу ҚР ҚПК-де көзделген тәртіппен жүзеге асырылады, сондықтан бұл жағдайда нақты деректерді жинаудың нақ сол қағидалары мен тәсілдері қолданылады, олардың негізінде қылмыстық заңда көзделген іс-әрекеттің болуы немесе болмауы, адамның осы іс-әрекетті жасауы немесе жасамауы, оның кінәлілігі не кінәсіздігі, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін маңызы бар өзге де мән-жайлар анықталады.
Күштеп жоқ қылып жіберу үшін сот тәртібімен қудаланған кез келген адам сот талқылауының барлық сатыларында әділ қарау кепілдігін пайдаланады, ал күштеп жоқ қылып жіберу үшін сотқа тартылған адамның заң негізінде құрылған құзыретті, тәуелсіз және бейтарап соттың немесе трибуналдың істі әділ қарауына құқығы бар.
ҚР ҚПК-нің 112-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес нақты деректер, егер олар қылмыстық-процестік заңның талаптары бұзыла отырып алынса, алынған нақты деректердiң анықтығына сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе істі сотта қарау кезiнде процеске қатысушыларды заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе құқықтарына қысым көрсету арқылы немесе қылмыстық процестiң өзге де ережелерiн бұзу арқылы ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкiн болса, оның iшiнде азаптауды, зорлық-зомбылықты, қорқытуды, алдауды, сол сияқты өзге де заңсыз әрекеттер мен қатыгез қарым-қатынасты қолдану арқылы алынса, дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол берiлмейдi деп танылады.
ҚР ҚПК-нің 197-бабына сәйкес тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге, қорқытуға және өзге де заңсыз шараларды, қатыгез қарым-қатынасты қолдануға, сол сияқты оған қатысатын адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндіруге жол берiлмейдi.
Азаптаулар ҚР ҚК-нің 146-бабымен қылмыстық тәртіппен қудаланады және ауырлататын мән-жайлар кезінде ең көп жазалау мерзімі он екі жылға дейін бас бостандығынан айырумен ауыр қылмыстарға жатады. Сондай-ақ прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның тарапынан қорқыту, бопсалау немесе өзге де заңсыз әрекеттер қолдану жолымен күдiктiнi, айыпталушыны, жәбiрленушiнi, куәгердi айғақтар беруге мәжбүрлеу, сол сияқты адамның ерікті түрде айғақтар беруіне, жасалған қылмыс туралы арыз беруіне кедергі жасау не оны айғақтар беруден бас тартуға мәжбүрлеу не сарапшыны қорытынды беруге мәжбүрлеу үшін ҚР ҚК-нің 415-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген.
Сот, прокурор, тергеуші, анықтаушы істі дұрыс шешу үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдануға міндетті.
Қылмыстық процестің заңдылығын қамтамасыз ету қағидаты негізгі болып табылады. Соттың, қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде заңды бұзуына жол берілмейді және заңда белгіленген жауаптылыққа, заңсыз актілерді жарамсыз деп тануға және олардың күшін жоюға әкеп соғады.
Конституцияның "Соттар және сот төрелігі" деген 7-бөлімінің 75 - 82-баптарында сот төрелігін іске асыру, судьяларды сайлау және тағайындау қағидаттары көзделген.
"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы № 132 Конституциялық заңының 1-бабына сәйкес ешкiмдi де оның iсiн заңның барлық талаптары мен әдiлеттiлiктi сақтай отырып құзыреттi, тәуелсiз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды.
Судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Соттың сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бiр араласуға жол берiлмейдi және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
ҚР ҚПК 51-бабының 2-бөлігіне сәйкес кез келген қылмыстық iсті соттың заңды, тәуелсiз, құзыреттi және бейтарап құрамы ғана қарай алады, бұл:
1) нақты iстердiң соттылығын айқындау;
2) нақты қылмыстық iстердi қарау үшiн соттың құрамын жасақтау;
3) судьяларға қарсылық білдіру;
4) iстi шешу функциясын айыптау және қорғау функцияларынан бөлектеу қағидаларын сақтау арқылы қамтамасыз етiледi.
Мемлекет Конвенцияның 12-бабының 1, 4-тармақтарына сәйкес өтініш берушіні, куәгерлерді, жоқ болып кеткен адамның туыстарын және олардың қорғаушысын, тергеуге қатысатын адамдарды шағым беру немесе айғақтар беру фактісіне байланысты құқыққа сыйымсыз қарым-қатынас жасаудың, қорқытудың кез келген нысандарынан қорғауды қамтамасыз ету бөлігінде жеткілікті шаралар қабылдайды.
Қылмыстық процеске қатысатын адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының өмірін, денсаулығын, мүлкін, заңды құқықтарын, мүдделерін мемлекеттік қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының жүйесі қылмыстық процеске заңсыз араласудың жолын кесу мақсатында қылмыстық іс жүргізу заңнамасында және "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" 2000 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген.
ҚР ҚПК-нің 96-бабы 1-бөлігінің негізінде қылмыстық процестi жүргізетін орган, егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге байланысты күдіктіге, айыпталушыға, жәбiрленушiге, куәге, қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарына қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңда тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері туралы деректер болса, олардың қауiпсiздiгi шараларын қолдануға мiндеттi.
Куәлардың, күдіктілердің және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық процесті жүргізетін орган:
1) күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да әрекеттер жасау қаупiн төндiретiн адамға оның қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми ескерту шығарады;
2) қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткiзудi шектейді;
3) оның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы тапсырма шығарады;
4) осы Кодексте белгіленген тәртіппен күдіктіге, айыпталушыға қатысты қылмыстық процеске қатысушыларға күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгін болдырмайтын бұлтартпау шараларын қолданады;
5) жақындауға тыйым салу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасын қолданады.
Куәгерлердің, күдіктілердің, айыпталушылардың, жәбірленушілердің және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының жеке қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз ету тәртібі "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" 2000 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының № 72 Заңымен айқындалады.
ҚР ҚПК-нің 98-бабымен сот талқылауына қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар да реттеледі.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдары бойынша жәбірленушілерге өтемақы төлеуді қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздер Жәбірленушілерге өтемақы туралы заңмен реттеледі.
Анықтама: мемлекет адамдарды қорғауға барлығы: 2016 жылы – 46 млн теңге; 2017 жылы – 43 млн теңге; 2018 жылы – 35 млн теңге; 2019 жылы – 38 млн теңге; 2020 жылы – 41 млн теңге; 2021 жылы 39 млн теңге жұмсады.
Сот төрелiгiн жүзеге асыруға және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау ҚР ҚК-нің 407-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады.
Конвенцияның 13, 14, 15 және 16-баптары және Қорытынды ескертулердің 18-тармағы
Қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы халықаралық ынтымақтастық, оның ішінде адамдарды беру (экстрадиция) мәселелері ҚР ҚПК-нің 12-бөлімінде реттелген.
Қазақстан адам құқықтары саласындағы 70-тен астам көпжақты әмбебап халықаралық шарттардың қатысушысы болып табылады.
Қазақстан ратификациялаған Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенция құқықтық көмек көрсетудің құқықтық негізі болып табылады.
Егер құқықтық көмек сұратқан шет мемлекет Конвенцияға қатысушы болып табылмаған жағдайда, құқықтық немесе өзге көмек шет мемлекеттің сұрату негізінде көрсетілуі немесе Қазақстан Республикасының орталық органы өзара түсіністік қағидатында сұратуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болмаған кезде сұратуды, тапсырманы, өтінішхатты орындаудан, егер сұрату, тапсырма, өтінішхат адамды оның шығу тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге, сенімге қатынасы, тұрғылықты жері немесе кез келген өзге де мән-жайлар себептері бойынша қудалау, соттау немесе жазалау мақсатында жіберілді деп санауға жеткілікті негіздер болса, бас тартылуы мүмкін.
Құқықтық көмек көрсетудің, оның ішінде күштеп жоқ қылып жіберудің, жоқ болып кеткен адамдарды іздестірудің, олардың орналасқан жерін айқындаудың және босатудың құқықтық мүмкіндігі ҚР ҚПК-нің 59-тарауымен, іздестіру және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін регламенттейтін ҚР ІІМ-нің ведомстволық бұйрықтарымен реттеледі.
Экстрадициялық қамаққа алуды, ұстап беруді (экстрадициялауды) қолданудың негізі, тәртібі ҚР ҚПК-нің 60-тарауында регламенттелген.
Экстрадициялық қамаққа алуды қолдану не оны қолданудан бас тарту туралы қаулыны тергеу судьясы шығарады.
Кесте. Экстрадициялық қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау жөніндегі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының деректері
Уақыт кезеңі | Қаралған өтінішхаттардың барлығы | қанағаттандырылды | бас тартылды |
2016 | 161 | 161 | 0 |
2017 | 140 | 139 | 1 |
2018 | 190 | 189 | 1 |
2019 | 173 | 171 | 2 |
2020 | 87 | 87 | 0 |
2021 | 90 | 89 | 1 |
Ұстап беруді сұратушы шет мемлекеттен қажетті құжаттарды алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы экстрадициялық тексеруді жүзеге асырады, оның материалдарын зерделегеннен кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры немесе оның орынбасары шет мемлекетке адамды ұстап беру (экстрадициялау) немесе ұстап беруден (экстрадициялаудан) бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Конвенцияны ратификациялай отырып, Қазақстан Республикасы оның ережелерін, оның ішінде, егер оған күштеп жоқ қылып жіберудің құрбаны болу қаупі төнуі мүмкін деп пайымдауға дәлелді негіздер болса, адамдарды сұрау салушы мемлекетке бермеу туралы Конвенцияның 16-бабында көзделген ережелерді мүлтіксіз сақтау жөнінде өзіне міндеттемелер алды.
Ұстап беруден бас тарту негіздерінің түпкілікті тізбесі ҚР ҚПК-нің 590-бабында көзделген.
ҚР ҚПК-нің 590-бабы 1-бөлігінің 7) тармақшасына сәйкес өзіне қатысты ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салу келіп түскен адамға, Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайлардан басқа, сұрау салушы тарапта азаптауды қолдану қатеріне ұшырауы мүмкін не оның денсаулығына, өміріне немесе бостандығына нәсілдік белгісі, діни нанымы, ұлты, азаматтығы (бодандығы), белгілі бір әлеуметтік топқа тиесілілігі немесе саяси сенімдері бойынша қауіп төніп тұр деп пайымдауға негіздер болса, адамды ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.
Сондай-ақ адамды ұстап беру (экстрадициялау) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша Қазақстан Республикасының міндеттемелеріне қайшы келсе және Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген өзге де негіздер болса, адамды ұстап беруден бас тартылады.
Күштеп жоқ қылып жіберуді саяси қылмыстарға, саяси қылмыстарға байланысты құқық бұзушылықтарға немесе саяси уәждер бойынша жасалған құқық бұзушылықтарға жатқызу себептері бойынша ұстап беруден бас тартудың негізі көзделмейді.
ҚР ҚПК-нің 592-бабымен ұстап беру туралы шешімге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына шағым жасау тәртібі енгізілген, ол осы шешімді Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарына сәйкестігі тұрғысынан тексереді.
Осылайша, ұстап беру сұралып отырған адамның өмірі немесе денсаулығы үшін, оның ішінде күштеп жоқ қылып жіберудің құрбаны болу қаупінің болуы және Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенция бойынша міндеттемелерге сәйкес оны ұстап беруге жол бермеу туралы мәселені мемлекеттің әрбір жағдайда барынша мұқият және жеке зерделеуі үшін шарттар заңнамалық түрде көзделген.
Қазақстан пана іздеушілердің босқын мәртебесін айқындау рәсімдеріне кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдауда, олар Конвенцияның 16-бабы бойынша міндеттемелерге толық көлемде сәйкес келеді (Қорытынды ескертулердің 18-тармағы).
Саяси баспана өзі азаматы болып табылатын және/немесе тұрып жатқан елінде қоғамдық-саяси қызметі, қай нәсілге немесе қай ұлтқа жататындығы, діни сенімі үшін қудалаудан немесе қудалау құрбаны болудың айқын қатерінен баспана және қорғаныш іздеген, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларымен көзделген адам құқықтары бұзылған жағдайларда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға, олардың отбасы мүшелеріне беріледі.
Азаматтықты өзгерту және саяси баспана беру мәселелері жөніндегі шешімді Қазақстан Республикасының Президенті өзінің атына берілген өтінішхаттар негізінде қабылдайды.
Егер адам бейбітшілікке қарсы қылмыс, әскери қылмыс немесе адамзатқа қарсы қылмыс жасаса не ол Біріккен Ұлттар Ұйымының және Қазақстан мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдардың мақсаттары мен қағидаттарына қайшы келетін іс-әрекеттер жасауға кінәлі болса, бұл Қазақстан Республикасында саяси баспана беруден бас тарту негіздерінің бірі болып табылады.
1951 жылғы 28 шілдедегі Босқындар мәртебесі туралы конвенцияға қосылып, Қазақстан Республикасы босқындарға қорғау ұсынуға дайын екенін білдірді.
Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімі "Босқындар туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 216-IV Заңында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Пана іздеген адам Қазақстан Республикасының аумағына келісімен өзі Қазақстан Республикасының аумағында болуы кезінде нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалауға ұшырау жағдайларының туындауы туралы білген кезден бастап, босқын мәртебесін беру туралы жазбаша өтінішхатпен жеке өзі немесе осыған уәкілеттік берілген өкілі арқылы өзінің келген жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына жүгіне алады.
Адам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде көші-қон бақылау пунктіне, ал мұндай пункт болмаған жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшесіне жазбаша өтінішхат беруге құқылы.
Уәкілетті орган күнтізбелік екі күн ішінде олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мән-жайларын анықтайды және босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркейді. Ол тіркелген күні пана іздеген адамға пана іздеген адамның куәлігі беріледі және оның өтiнiшхаты бойынша шешiм қабылданғанға дейiнгі мерзімге оны тіркеу жүргізіледі.
2017 жылғы сәуірде Ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелерінің босқын мәртебесін беруден, ұзартудан, одан айыру және оны тоқтатудан бас тарту туралы шешімдеріне шағымдарды қарау жөніндегі комиссия құрылды.
Көші-қон полициясының деректері бойынша өз азаматтығы және/немесе тұратын елінде күштеп жоқ қылып жіберу қаупіне байланысты азаматтардан босқын мәртебесін беру туралы өтініш түскен жоқ.
Анықтама: 2016 жылы барлығы 628 босқын есепте тұрды, 2017 жылы – 582 адам, 2018 жылы – 553 адам, 2019 жылы – 504 адам, 2020 жылы – 425 адам, 2021 жылы – 342 адам. 2016 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде ерікті репатриациялауға, үшінші елдерге қоныс аударуға, натурализациялауға, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға, тұруға ықтиярхат ресімдеуге, азаматтығы жоқ тұлға мәртебесін алуға байланысты 425 шетелдіктің босқын мәртебесі тоқтатылды.
3.4. Күштеп жоқ қылып жіберудің алдын алу жөніндегі шаралар (Конвенцияның 17 – 23-баптары және Қорытынды ескертулердің 20, 22, 24, 26, 28-тармақтары)
Конвенцияның 17, 18-баптары және Қорытынды ескертулердің 20, 22, 24-тармақтары
Конвенцияның 17-бабы 1-тармағының "ешкім де жасырын күзетпен ұсталмауға тиіс" деген ережесін мемлекет қатаң сақтайды және ҚР ҚПК, ҚР ҚАК, Ұстау тәртібі мен шарттары туралы заңда, ведомстволық құқықтық актілерде көзделген тәртіппен іске асырады.
ҚР ҚПК-нің 131-бабының 3-бөлігіне, 135-бабына және 148-бабының 14-бөлігіне, Заңның 7-бабының 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жүргізілген ұстап алу, қамауда ұстау орны немесе орнының өзгеруі туралы ұстап алу кезінен бастап дереу, бірақ он екі сағаттан кешіктірмей прокурорға жазбаша хабарлауға және оның отбасының кәмелетке толған мүшелерінің, ал олар болмаған кезде – басқа туыстарының немесе жақын адамдарының біріне дереу хабарлауға немесе күдіктінің өзіне, осындай хабарлау мүмкіндігін беруге, ал ол шетелдікке қатысты қолданылған жағдайда, сондай-ақ ҚР СІМ арқылы бұл мемлекеттің елшілігіне, консулдығына немесе өзге де өкілдігіне хабарлауға міндетті.
Күдіктілер мен айыпталушылардың өздерінің құқықтары мен міндеттері, күзетте ұсталу режимі туралы ақпарат алуға құқығы бар. Оларға күзетпен ұстау орындарында жеке қауіпсіздік құқығына, қорғаушымен, туысқандарымен, өзге де адамдармен кездесу құқығына кепілдік берілген.
ҚР ҚАК-нің 25-бабына сәйкес жазаны орындайтын мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгi сотталған адамның жазаны өтеу орнына келгенi туралы сотталған адамның таңдауы бойынша оның жұбайына (зайыбына), туыстарының бiрiне не заңды өкiлiне екі жұмыс күні iшiнде жазбаша хабарлама жіберуге мiндеттi.
Шетелдіктің келгені туралы хабарлама көрсетілген мерзімде өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің елшілігіне, консулдығына немесе өзге де өкілдігіне ҚР СІМ арқылы жіберіледі.
Сотталған адам жазаны орындайтын мекемеге немесе органға келіп түскен кезде әкімшілік сотталған адамға оның құқықтары, міндеттері және құқықтық шектеулер туралы ақпаратты, жазаны өтеу тәртібі мен шарттары және олардың өзгеруі туралы жазбаша түрде беруге және қолын қойғызып, түсіндіруге міндетті.
Мемлекет Конвенцияның 17-бабының 2-тармағы а) тармақшасының ережесін сақтайды.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған күдіктіні ұстаудың негізі мен тәртібі ҚР ҚПК-нің 128, 131-баптарында регламенттелген.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы күдіктіні ұстап алу – қылмыстық қудалау органы қылмыстың жолын кесу және оған күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасын қолдану мәселесін шешу мақсатында немесе адамның жасырынуы не неғұрлым ауыр қылмыс жасауы мүмкін деп пайымдауға негіздер болса, қылмыстық теріс қылық бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін қолданатын процестік мәжбүрлеу шарасы.
ҚР ҚПК-нің 14-бабының 3-бөлігінде әрбiр ұстап алынған адамға ұстап алудың негiздерi, сондай-ақ оған қылмыстық заңда көзделген қандай іс-әрекетті жасады деп күдік келтiрiлгені туралы дереу хабарланатыны туралы талап бар.
ҚР ҚПК-нің 128-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы, мына негiздердiң бiрi:
1) осы адам қылмыс жасау кезiнде немесе тiкелей оны жасағаннан кейiн ұсталған;
2) көзімен көргендер (куәлар), оның iшiнде жәбiрленушiлер қылмыс жасаған адам ретінде осы адамды тікелей көрсетсе не ол адамды осы Кодекстiң 130-бабында көзделген тәртiппен ұстап алған кезде;
3) осы адамда немесе оның киімінде, өзiнің бойында немесе тұрғынжайында қылмыстың анық iздерi табылған кезде;
4) жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметiнiң және (немесе) жасырын тергеу іс-қимылдарының заңға сәйкес алынған материалдарында адамға қатысты ол жасаған немесе жасауға дайындап жатқан қылмыс туралы анық деректер болғанда, бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалуы мүмкін қылмыс жасады деп күдiк келтірілетін адамды ұстап алуға құқылы.
Адамға қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтіруге негiз беретiн өзге де деректер болған кезде, егер ол адам жасырынуға әрекет жасаса не оның тұрақты тұрғылықты жерi болмаса немесе күдіктінің жеке басы анықталмаса не сотқа күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат жіберілсе ғана ұстап алынуы мүмкін.
ҚР ҚПК адамды соттың санкциясынсыз жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға жол берілетіні тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, адам қылмыс жасады деген күдік бойынша – қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алынуы мүмкін.
ҚР ҚПК-нің 131-бабының 4-бөлігіне сәйкес аса ауыр қылмыс жасады деген, террористік немесе экстремистік қылмыс, жаппай тәртіпсіздік барысында, қылмыстық топ құрамында қылмыс жасады деген күдік бойынша, есірткі, психотроптық заттардың, прекурсорлардың және сол тектестердің заңсыз айналымына байланысты, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, сондай-ақ адам өліміне алып келген қасақана қылмыс жасады деген күдік бойынша, сондай-ақ жердің шалғайлығы немесе тиісті қатынас жолдарының жоқтығы салдарынан, сондай-ақ төтенше жағдай немесе төтенше ахуал жағдайларында адамды тергеу судьясына уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету мүмкін болмаған кезде жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға жол беріледі.
"Конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі нормативтік қаулысының 2-тармағында ұстау деп адамның жеке бас бостандығын жетпіс екі сағаттан аспайтын қысқа уақытқа шектеуден тұратын ұсталған адамның емін-еркін жүріп-тұру бостандығын шектеуді түсінген жөн, бас бостандығы оған қандай да бір процессуалдық мәртебе берілуіне немесе басқа бір формальды рәсімдер орындалуына қатыссыз шын мәнінде шектелген кезде, минутына дейінгі дәлдікпен сол сағат ұстау мерзімінің бастауы болып табылады деп айқындалады.
Конвенцияның 17-бабы 2-бөлігінің b), c) тармақтары ережелерінің талаптары сақталады.
ҚР ҚПК-нің 137-бабында көзделген бұлтартпау шараларын, оның ішінде күзетпен ұстауды қолданудың негіздері мен тәртібі ҚР ҚПК-нің 136, 140 және 147-баптарында регламенттелген.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган күдікті, айыпталушы қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырылады не істі объективті тергеп-тексеруге немесе оны сотта талқылауға кедергі келтіреді не қылмыстық қызметпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде, сондай-ақ үкімнің орындалуын қамтамасыз ету үшін өз өкілеттіктері шегінде күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға құқылы.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарады, ол адамға күдік келтірілетін, айыпталатын қылмыстық құқық бұзушылыққа нұсқауды және осы бұлтартпау шарасын қолдану үшін негіздерді қамтиды. Қаулының көшірмесі өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға тапсырылады және сонымен бір мезгілде оған бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешімге шағым жасау тәртібі түсіндіріледі.
Ұстау тәртібі мен шарттары туралы заңның 1-бабының 10) тармақшасына сәйкес күзетте ұстау деп адамдарды сот санкциясымен арнаулы мекемелерде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген уақытша оқшаулауды түсінген жөн.
ҚР ҚПК-нің 474-бабының негізінде үкiмді орындауға енгізгенге дейiн iс бойынша төрағалық етушi немесе сот төрағасы күзетпен ұсталып отырған сотталған адамның жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына олардың өтемес бойынша сотталған адаммен кездесу және телефон арқылы сөйлесу мүмкiндiгiн беруге мiндеттi.
Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және басқа, қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған кезде заңмен бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады.
Күзетпен ұстаудың қылмыстық-процестік заңда белгіленген мерзімі аяқталғаннан кейін, егер күзетпен ұстау мерзімі ұзартылмаса, күдікті немесе айыпталушы күзетпен ұсталатын мекеменің басшысы өзінің қаулысымен қамаудағыны күзеттен босатуы тиіс.
Мемлекет бас бостандығынан айырылған кез келген адамның тек ресми танылған және күзетпен ұстаудың бақыланатын орындарында ғана ұсталуына кепілдік беру туралы Конвенцияның 17-бабы 2-тармағының с) тармақшасында көзделген ережелерді сақтайды.
Қылмыстың жасалуына күдіктілер мен айыпталушыларды күзетте ұстау орындары:
1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесi мен ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеу изоляторлары;
2) Қазақстан Республикасының iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының уақытша ұстау изоляторлары болып табылады.
ҚР ҚПК-нің 134-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған әскери қызметші мен жазасын бас бостандығынан айыру түрiнде өтеп жүрген адамдар да тиiсiнше гауптвахталарда және қылмыстық-атқару жүйесiнiң бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны орындайтын мекемелерiнде ұсталуы мүмкiн.
Ұстау тәртібі мен шарттары туралы заңның 4 және 5-баптарына сәйкес арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау заңдылық, кінәсіздік презумпциясы, азаматтардың заң алдындағы теңдігі, ізгілік, жеке бастың абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына, халықаралық құқық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады және арнаулы мекемелерде ұсталушы, қылмыс жасады деп күдік келтірілгендер мен айыпталушыларға тән азабын немесе рухани азап шектіру мақсатындағы әрекеттермен ұштаспауға тиіс.
Адамдарды арнаулы мекемелерге орналастыру негіздері:
1) өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау таңдалған, қылмыс жасады деп күдік келтірілгендер мен айыпталушыларды тергеу изоляторына орналастыру судьяның қаулысы бойынша жүзеге асырылады;
2) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен ұстап алынғандарды уақытша ұстау изоляторына орналастыру тергеуші не анықтаушы толтырған ұстап алу хаттамасы бойынша жүзеге асырылады;
3) әкімшілік қамауға алынған адамдарды уақытша ұстау изоляторларына, арнаулы қабылдау орындарына орналастыру судьяның оларды қамауға алу туралы қаулысының негізінде жүзеге асырылады;
3-1) заңды күшіне енген сот үкімінің, шешімінің, қаулысының негізінде мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберілуге жататын, сол сияқты шығарып жіберу туралы сот актісінде көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан кетпеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды арнаулы қабылдау орнына орналастыру ішкі істер органдарының жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу туралы сот санкциялаған қаулысы негізінде жүзеге асырылады;
4) белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды қабылдау-бөлу орнына орналастыру ішкі істер органдарының сот санкциялаған қаулысы негізінде жүзеге асырылады.
Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау қолданылған күдіктілерді, айыпталушыларды, сотталғандарды уақытша ұстау изоляторына орналастыру шалғайлығы немесе тиісті қатынас жолының болмауы салдарынан тергеу изоляторына жеткізу мүмкін болмаған жағдайларда судьяның қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
Кәмелетке толмаған күдіктіні өмір сүру және тәрбиелену жағдайы бойынша бұрынғы тұрғылықты жерінде қалдыру мүмкін болмаған жағдайларда, ол ҚР ҚПК-нің 540-бабында көзделген тәртіппен заңға сәйкес бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымға орналастырылуы мүмкін.
Заңның 6-бабына сәйкес арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұсталушы адамдар Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында көзделген шектеулермен бірге республиканың азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.
Егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, арнайы мекемелерде, арнайы үй-жайларда ұсталушы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.
Мемлекет Конвенцияның 17-бабы 2-тармағының d), е) тармақшаларының ережелерін сақтайды.
Ұстау тәртібі мен шарттары туралы заңның 17-бабында күдіктілерге және айыпталушыларға ұстап алынған кезінен бастап қорғаушымен оңаша және құпия кездесулер беріледі. Кездесулердің саны мен ұзақтығы шектелмейді.
Күдіктілер мен айыпталушылардың қорғаушылармен, туыстарымен, қорғаушы болып табылатын қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен, қорғаушы ретінде іске қатысатын өзге де адамдармен, шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің немесе консулдық мекемесінің ресми өкілімен, өзге де адамдармен кездесулерін өткізу тәртібі Қылмыстық-атқару жүйесі тергеу изоляторларының ішкі тәртіптеме қағидаларында және Ішкі істер органдары уақытша ұстау изоляторларының ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделеді.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды мекемелерде қабылдау және бас бостандығынан айыруға сотталғандарға кездесулер беру тәртібі ҚР ҚАК-нің 106-бабында және Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделеді.
Сотталғандардың жұбайымен (зайыбымен), туыстарымен байланыс жасауға құқығы бар.
Сотталған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында аккредиттелген өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерімен және консулдық мекемелерімен, ал Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және консулдық мекемелері жоқ елдердің азаматтарына – олардың мүдделерін қорғауды өзіне алған мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерімен немесе оларды қорғауды жүзеге асыратын халықаралық ұйымдармен байланыс жасау құқығы беріледі.
Барлық күзетпен ұстау және бас бостандығынан айыру орындарында үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен тұрақты негізде мониторинг жүргізілді.
Қазақстанда 2014 жылдан бері Азаптауларға қарсы ұлттық алдын алу тетігі (бұдан әрі – ҰАТ) жұмыс істейді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Үйлестіру кеңесі сайлайтын, азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық байқау комиссияларының және қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер ҰАТ қатысушылары болып табылады.
ҚР ҚАК-ның 21-бабына, "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" 2021 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының № 90-VII Заңы 3-бабының 7-тармағына сәйкес Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметтік куәлігін көрсеткен кезде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы мекемелер мен басқа да объектілерге арнайы рұқсат алмай кедергісіз баруға құқығы бар.
ҰАТ қатысушылары жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандармен қарым-қатынас жасауға, оларды ұстау жағдайларына, жазасын өтеп жатқан мекемелердің саны мен олардың орналасқан жеріне қатысты ақпаратқа қол жеткізе алады, азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалаудың түрлерін қолдану туралы хабарламалар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.
ҰАТ қатысушылары өз қызметі шеңберінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелер мен үй-жайларға, сондай-ақ осы қатысушылардың болуы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын өзге де ұйымдарға барады, атап айтқанда:
жазаны атқарушы (түзеу мекемелері, тергеу изоляторлары, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік комитеті, гарнизондардың гауптвахталары, гарнизондық гауптвахталардың бөлімшелері);
мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымдар (мамандандырылған туберкулезге қарсы ұйымдар, мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық ұйымдар, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға арналған психиатриялық стационарлар);
қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелер мен үй-жайлар (уақытша ұстау изоляторлары, арнайы қабылдау орындары, қабылдау-бөлу орындары, полиция учаскелері).
ҰАТ қатысушылары алдын ала баратын мекемелер мен ұйымдарды кедергісіз таңдауға және оларға баруға құқылы.
2019 жылы заңнамаға ҰАТ мандатын кеңейтуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен және мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымдардан басқа ҰАТ мандатына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мекемелер, сондай-ақ баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар енгізілген. Бүгінде ҰАТ-мен қамтылатын мекемелердің саны 3 мыңнан асады.
ҰАТ қатысушыларының барлық келуі алдын ала хабардар етпей жүргізіледі. ҰАТ қатысушылары өз қызметін жүзеге асырған кезде тәуелсіз болып табылады. ҰАТ қатысушыларының заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 507-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық көзделген.
ҰАТ қатысушылары 2016 жылы 680, 2017 жылы 582, 2018 жылы 461, 2019 жылы 495, 2020 жылы 517, 2021 жылы 497 алдын ала болуды өткізді.
Барлық арнайы алдын ала бару алдын ала хабарламай жүргізілді, ҰАТ қатысушыларына арнайы алдын ала баруды жүргізу кезінде кедергі келтіру фактілері анықталған жоқ.
ҰАТ қатысушыларының алдын ала баруының нәтижелері бойынша барған мекеменің әкімшілігіне адамдарды ұстау (тұру), оларға медициналық қызмет көрсету, тамақтану, білім беру, қажетті заттай ризықпен қамтамасыз ету шарттары және басқа да мәселелер бойынша ұсынымдар жіберіледі. Айталық, алдын ала бару қорытындылары бойынша 2020 – 2021 жылдары ҰАТ қатысушылары 6986 ұсыным енгізді.
Қазақстанда төтенше жағдай кезінде ҰАТ қатысушылары өз жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Төтенше жағдай кезеңінде ғана 159 алдын ала бару, ҰАТ қатысушыларының жабық мекемелердегі адамдармен 43 бейнеқоңырауы (онлайн-сұхбат) жүзеге асырылды, 58 консультация берілді.
Елдің барлық өңірлерінде құрамына үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының, мемлекеттік органдардың өкілдері кіретін 17 қоғамдық бақылау комиссиясы (бұдан әрі – ҚБК) құрылды және жұмыс істейді.
ҚБК күдіктілердің, айыпталушылардың және сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы тұрғысынан күзетпен ұстау және бас бостандығынан айыру орындарына тұрақты мониторингті жүзеге асырады.
2018 – 2021 жылдар аралығында ҚБК 1054 рет болды.
Соттың және қылмыстық қудалау органының іс-әрекеттері мен шешімдеріне ҚР ҚПК-де белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін. Әрбір сотталған, ақталған адамның жоғары тұрған соттың үкімді ҚР ҚПК белгіленген тәртіппен қайта қарауына құқығы бар.
ҚР ҚПК-нің 100-бабына сәйкес егер жүргiзiлген процестік әрекеттер процеске қатысушылардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiн қозғайтын болса, олар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, соттың немесе судьяның шешiмдерi мен әрекеттерiне шағым жасауы мүмкiн.
Шағымды қарауды өздерінің әрекеттерiне шағым жасалған анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға немесе судьяға, сол сияқты шағым жасалған шешiмдi бекiткен лауазымды адамға тапсыруға тыйым салынады.
Шағымды қабылдаудан және тіркеуден бас тартуға жол берілмейді және ол заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды сотта қарау, сондай-ақ күдікті, оның қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі, өкілі, тергеу судьясының актісімен құқықтары мен бостандықтары тікелей қозғалатын адам тергеу судьясының күдіктіні күзетпен ұстау, экстрадициялық қамақ түрінде бұлтартпау шарасын санкциялау туралы тергеу судьясының санкциясына шағымдану тәртібі ҚПК-нің 106, 107-баптарында көзделген.
Үкімге, қаулыға және заңды күшіне енген сот актісін қайта қарау туралы өтінішхат беру құқығы ҚР ҚПК-нің 414, 486-баптарына сәйкес сотталған адамға, ақталған адамға, олардың қорғаушыларына, оның ішінде үкім, қаулы жария етілгеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушыларына, олардың заңды өкілдеріне, жәбірленушіге (жекеше айыптаушыға), олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне тиесілі.
ҚПК-нің 275-бабында өздеріне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне кепілдік беру көзделген. Медициналық ұйымға орналастырылған адамға шағымдар және өтінішхаттар беру мүмкіндігі беріледі.
ҚР АПК-нің 8-бабына сәйкес әркім бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.
Бұл нормалар Конвенцияның 17-бабы 2-тармағының f) тармақшасында көзделген ережеге сәйкес келеді.
Мемлекет Конвенцияның 17-бабы 3-тармағының а)-h) тармақшаларын сақтай отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдарды, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдарды есепке алуды және Қазақстан Республикасының Бас прокурорының 2018 жылғы 27 ақпандағы № 29 бұйрығымен бекітілген Қағидаларға сәйкес ұсталғандарды, күзетпен ұсталғандарды және сотталған адамдарды дактилоскопиялық есепке алуды жүргізеді (Қорытынды ескертулердің 22-тармағы).
ҚР ҚПК 128-бабының тәртібімен құқық қорғау органдары ұстаған, сондай-ақ ҚР ҚПК-нің 129-бабының тәртібімен жеткізілген, кейіннен бас бостандығынан айырылған адамдар "Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі" ақпараттық жүйесінде (СДТБТ) есепке алынады.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 89 бұйрығына сәйкес қылмыс жасауға күдіктелген (айыпталушы) адамға толтырылатын электрондық есепке алу құжаттарында: адамның жеке деректері (жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, жасы, жынысы, туған жері, азаматтығы, ұлты, жеке басын куәландыратын құжаты, білімі, отбасы жағдайы, тұрғылықты жері және басқа да қосымша мәліметтер), СДТБТ нөмірі, тергеп-тексеру органының атауы, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің нысаны және оны жүргізу, қылмысқа қатысу түрі, ұстаудың негіздері, уәждері, мерзімі, ұстау мерзімін өзгерту, күдіктінің іс-әрекетін саралау, босату негіздері және басқалар көрсетіледі (Қорытынды ескертулердің 22-тармағы).
СДТБТ мәліметтерін қылмыстық қудалау органдарының қызметкерлері онлайн режимінде толтырады, тиісінше ұдайы негізде жаңартылады, сондай-ақ уәкілетті орган мониторингтер мен тексерулер арқылы тексереді.
СДТБТ-ға енгізілген ақпараттың қылмыстық іс жүргізу материалдарын сәйкес келмеу фактілері табылған жағдайда мәліметтерді редакциялау арқылы анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылданады.
Тергеу изоляторларында (ТИ) ұсталатын адамдарға жазаны өтеу және ТИ-дан босату үшін қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) мекемелеріне жіберілген кезде есептен шығарумен есепке алу карточкалары жасалады, олар есепке алу-анықтамалық картотекада сақталады.
Тергеу изоляторы, гауптвахта күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған адамды (сотталған адамды) қамауға алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жеке басын куәландыратын құжаттың не жеке басын анықтау туралы қаулының көшірмесімен қоса әліпбилік есепке алу карточкаларын және дактилоскопиялық картаны жасайды және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің (бұдан әрі – ҚСжАЕК) аумақтық органына жібереді.
Шетелдік болып табылатын күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған адамға (сотталған адамға) жеке басын куәландыратын құжаттарға құжаттардың аудармасы (сауалнама деректері, туған жері, жынысы және т.б.) қоса беріледі.
Бұдан басқа ҚР ІІМ ҚАЖ органдары бес жұмыс күні ішінде электрондық хабарламаларды қалыптастырады және оларды "Арнайы есепке алу" автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі – АЕА ААЖ) жібереді.
Рақымшылық жасау туралы акт орындалған адамдарға, ТМД-ға қатысушы мемлекеттің соты соттаған, жазасын ҚР ІІМ ҚАЖ-ға өтеуге келген адамдарға бас бостандығынан айыру орындарына келгені/кеткені туралы, пробация қызметтерінің есепке қойғаны/шығарғаны туралы, босатылғаны, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаны, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен, неғұрлым жеңіл жазаны бас бостандығынан айыруға және басқаларына ауыстырғаны, режим түрінің өзгергені, қайтыс болғаны және оның тіркелген жері, заңды күшіне енген сот үкімінің өзгергені туралы, этаппен тасымалданатын сотталған адамның жүру жолында науқастануына байланысты тергеу изоляторының, гауптвахтаның емдеу мекемесіне орналастырылғаны туралы электрондық хабарламалар АЕА ААЖ-да автоматты түрде толтырылады.
"Ақпараттық Қазақстан-2020" мемлекеттік бағдарламасын және оны Іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде сотталғандар туралы деректерді дербес есепке алуды жүзеге асыратын ҚАЖ бөлімшелері жұмысының тиімділігі мен жеделдігін арттыру мақсатында қылмыстық-атқару жүйесінің Орталықтандырылған автоматтандырылған дерекқоры (бұдан әрі – ОАД) құрылды.
ОАД ҚАЖ-дың барлық аумақтық департаменттері мен мекемелерінде жұмыс істейді, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктірілген. 2016 – 2021 жылдар кезеңінде ОАД базасына барлығы 56 259 жеке іс енгізілді.
Конвенцияның 18-бабы 2-тармағының а) – g) тармақшаларында көрсетілген мәліметтерге қол жеткізу ҚР ҚАК 25, 104-баптарымен, Қазақстан Республикасының "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ және "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V заңдарымен, ведомстволық құқықтық актілермен кепілдендірілген. Конвенцияның 18-бабының 1-тармағында аталған адамдар қажетті ақпаратты беру туралы құзыретті органдарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен жүгінуге құқылы.
Азаматтар қандай органның ұстау немесе қамауға алу туралы шешім, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қолдана отырып үкім шығарғанын, ұсталған, қамауға алынған, сотталған адамның тұрған жері туралы мәліметтер туралы және т. б. білуге құқылы.
Қазақстан Конвенцияның 18-бабының 2-тармағы шеңберінде бас бостандығынан айырылған адамның туыстарын, олардың өкілдерін, адвокатты, сондай-ақ тергеуге қатысатын адамдарды бас бостандығынан айырылған адамға қатысты ақпаратты іздеумен негізделген кез келген дөрекі қарым-қатынастан, қорқыту мен жазадан қорғауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауда.
"Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" 2000 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тергеушілер, анықтаушылар, прокурорлар, судьялар, алқабилер, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын адамдар, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесетін азаматтар, жеке айыптаушылар, қорғаушылар, сарапшылар, жәбірленушілер, куәлар, заңды өкілдер мемлекеттік қорғауға жатады, жоғарыда аталған адамдардың өкілдері, отбасы мүшелері және жақын туыстары мемлекеттік қорғауға жатады.
Қорғалатын адамдарға:
1) уәкілетті мемлекеттік органдардың қорғалатын адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында қауіпсіздік шараларын қолдануы, сондай-ақ олардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз етуі;
2) олардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне қол сұғушылық үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін құқықтық қорғау шараларын қолдану;
3) олар қаза тапқан (қайтыс болған), дене жарақатын немесе денсаулығына өзге де зиян келтірілген, олардың мүлкі жойылған немесе бүлінген жағдайда материалдық өтемақы алу құқығын іске асыруды көздейтін әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру қамтамасыз етіледі.
Қорғауды қамтамасыз ету туралы егжей-тегжейлі ақпарат Конвенцияның 12-бабын орындау жөніндегі есепте де көрсетілген.
Конвенцияның 19 және 20-баптары
Жоқ болып кеткен адамды, сондай-ақ жоқ қылып жіберуге қатысы бар адамдарды іздестіру шеңберінде жиналатын жеке мәліметтер Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің АЕА ААЖ және дактилоскопиялық ақпараттық жүйесінде (АДАЖ) қалыптастырылады.
Деректер іздестіріліп жатқан адамдарды іздеу мақсаттарынан басқа мақсаттарда пайдаланылмайды немесе берілмейді. Бұл ереже Дербес деректер туралы заңмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының тиісті бұйрықтарымен реттеледі.
Дербес деректер туралы заңның 11-бабына сәйкес қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізе алатын меншік иелері және (немесе) операторлар, сондай-ақ үшінші тұлғалар субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі не өзге де заңды негіздер болмағанда оларды таратуға жол бермеу талаптарын сақтау арқылы олардың құпиялылығын қамтамасыз етедi.
Кәсіптік, қызметтік қажеттілікке, сондай-ақ еңбек қатынастарына байланысты қолжетімділігі шектеулі дербес деректер өздеріне белгілі болған адамдар олардың құпиялылығын қамтамасыз етуге мiндеттi. Биометриялық деректердің құпиялылығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қорғаушыға, куәларға, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне, сарапшыға, маманға, аудармашыға, куәгерлерге және тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде қатысқан басқа да адамдарға өзiнiң рұқсатынсыз iстегi мәлiметтердi жария етуге жол берiлмейтiнi туралы ескертедi, бұл туралы көрсетілген адамдардан жауаптылық туралы ескертіле отырып қолхат алынады.
ҚР ҚПК-нің 241-бабына сәйкес қылмыстық процесте ақпаратты қорғау жөніндегі іс-шаралар қамтамасыз етіледі.
ҚР ҚПК-нің 350-бабында көзделген тәртіппен сот жабық сот отырысына қатысатын адамдарға өзінің рұқсатынсыз істе бар мәліметтерді жария етуге жол берілмейтіні туралы ескертеді, бұл туралы жауаптылық жөнінде ескертуі бар қолхат алынады.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының № 360-VI Кодексінің (бұдан әрі – Халық денсаулығы туралы кодекс) 273-бабына сәйкес дербес медициналық деректер, медициналық көмекке жүгіну фактісі, адам денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат және оны зерттеп-қарау және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер медицина қызметкері құпиясын құрайды.
Пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімімен ғана дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді пациентті тексеру және емдеу мүддесінде басқа жеке және (немесе) заңды тұлғаларға беруге жол беріледі.
ҚР ҚК-нің 321-бабымен медицина қызметкерінің құпияны жария еткені үшін және сотқа дейінгі іс жүргізу немесе жабық сот талқылауы деректерін жария еткені үшін жауаптылығы регламенттелген.
ҚАЖ мекемелеріндегі медициналық көмек Халық денсаулығы туралы кодексіне, ҚР ҚАК, Бас бостандығы шектеулі азаматтарға, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде арнайы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Конвенцияның 21 және 22-баптары және Қорытынды ескертулердің 22-тармағы
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдардың есебін жүргізу қағидаларына сәйкес сотталғандарды босату туралы құжаттар олар мекемеге келіп түскен күні орындалады.
Сотталған адам босатылған немесе қайтыс болған кезде, сондай-ақ ҚАЖ мекемесінің түрін өзгерту, жаза мерзімін қысқарту, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру, рақымшылық жасау, шартты түрде мерзімінен бұрын босату, бас бостандығынан айыру орындарына қайтару кезінде ҚР ІІМ ҚАЖ мекемесімен ауыстыру туралы сот шешімдері шығарылған кезде бес жұмыс күні ішінде АЕА ААЖ-да деректемелерді автоматты түрде толтыру үшін хабарлама немесе электрондық хабарлама қалыптастырылады.
Арнайы есепке алу бөлімі жіті бақыланатын Мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханаға жіберілетін психикалық ауруларды босату туралы анықтамаларды олардың жеке құжаттарымен, сот шешімдерінің және сот-психиатриялық сараптама актілерінің көшірмелерімен бірге аурухана әкімшілігіне тапсырады, ал қатаң бақыланатын психиатриялық ауруханаларға айдауылданушы адамдарға жеке істерімен бірге ауруханаларға жібереді.
Соттардың сотталғандарды босату не оларға қатысты жаза мерзімін қысқарту туралы, жүкті әйелдер мен жас балалары бар әйелдердің, жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуін ауыстыру немесе кейінге қалдыру туралы қаулылары адамдардың кеткен жері бойынша пробация қызметіне, ал шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған жағдайда ішкі істер органдарына жіберіледі.
Сотталғандарды уақтылы босатуды қамтамасыз ету және сотталғандарға арналған жеке істердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жылына екі рет жеке істер құжаттарындағы бас бостандығынан айыру мерзімі туралы мәліметтерді жаза мерзімі туралы деректермен салыстырып тексеру жүргізіледі, сондай-ақ жылына кемінде бір рет сотталғандардың жеке істерін және карточкаларын мекемеде сотталғандардың нақты болуымен салыстырып тексеру жүргізіледі.
Салыстырып тексеру нәтижелері туралы бақылау парағында жүргізілген салыстырып тексеру күні туралы белгі жасалады және салыстырып тексеруді жүргізген қызметкердің тегі акт жасала отырып, екі данада көрсетіледі, оның біреуі облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменттеріне жіберіледі.
ҚСжАЕК аумақтық органдары ай сайын 3-іне қарай ҚР ІІМ-нің ҚАЖ аумақтық органдарымен мәліметтерді өзара салыстыра тексеруді жүргізеді. Көрсетілген кезеңде ОАДБ-дан қалыптастырылған электрондық хабарламалар мәліметтердің болуы, шынайылығы және толықтығы тұрғысынан АЕА ААЖ мәліметтерімен салыстыра тексеріледі. Өзара салыстыра тексеру нәтижелері пробациялық есепте тұрған, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдардың саны бойынша салыстыра тексеру актісімен ресімделеді. Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда бес жұмыс күні ішінде оларды нақтылау және жою бойынша шаралар қабылданады.
ҚР ҚАК 162-бабының 2-бөлігіне сәйкес қамауға және бас бостандығынан айыруға сотталғандар жаза мерзімінің соңғы күнінің бірінші жартысында босатылады. Жазаны өтеу мерзімінің соңғы күні жаза мерзімінің басталуы есептелетін күннің алдындағы күн болып есептеледі.
Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын босату тиісті құжаттар келіп түскен күні, ал егер құжаттар жұмыс күні аяқталғаннан кейін алынса, онда келесі күні таңертең жүргізіледі.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын сотталғандарға белгіленген нысандағы босату туралы анықтамалар беріледі.
Сотталған адам уақтылы босатылмаған жағдайда қызметтік тергеу жүргізіледі және кінәлі лауазымды адамдарға, оның ішінде ҚР ҚК 414-бабы бойынша заңда көзделген жауапкершілік шаралары қабылданады.
Адвокаттар мен өзге де адамдардың адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасағаны үшін ҚР ҚК-нің 435-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген.
Бас бостандығынан айырылған адамдарды, сондай-ақ Конвенцияның 22-бабы 1-тармағының b) тармақшасы шеңберінде көзделген ақпаратты тіркеу жөніндегі міндеттемені орындамағаны үшін лауазымды адам заңда белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Конвенцияның 22-бабы 1-тармағының с) тармақшасы ережесінің шеңберінде ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі талаптар сақталады.
"Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алу және тарату құқығына кепілдік берілген.
Дұрыс емес мәліметтер бергені үшін уәкілетті органның лауазымды адамы тәртіптік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
ҚР ҚК-нің 416-бабына сәйкес азаматтық iс бойынша; әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша; жедел-іздестіру, қарсы барлау материалдарын немесе жасырын тергеу іс-қимылдарының хаттамаларын немесе оларға қосымшаларды; қылмыстық сот iсін жүргізу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, процестік әрекеттерге қатысушы маманның немесе қорғаушының дәлелдемелерді бұрмалауы қылмыстық тәртіппен қудаланады.
Күдіктіні ұстап алу фактісі және оның тұрған жері туралы оның туыстарына қасақана хабарламау, адамның күзетпен ұсталу орны туралы ақпаратты осындай ақпарат алуға құқығы бар азаматқа беруден заңсыз бас тарту, сол сияқты ұстап алу хаттамасының жасалу уақытын немесе нақты ұстап алынған уақытын бұрмалау ҚР ҚК 414-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеледі.
Ақпаратты тіркеу және оған қол жеткізуді қамтамасыз ету тәртібі Конвенцияның 17, 18, 20-баптары бойынша баяндамада неғұрлым толығырақ көрсетілген.
Конвенцияның 23-бабы және Қорытынды ескертулердің 26, 28-тармақтары (судьяларды даярлау бөлігінде)
Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенцияны зерделеу оқу орындарының білім беру бағдарламаларына және ішкі істер органдары, прокуратура қызметкерлері, судьялар, әскери қызметшілер, қылмыстық-атқару жүйесінің медицина қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курстарына біріктірілген.
Есепті кезеңде мемлекет ратификациялаған халықаралық құқық қорғау шарттары – Күштеп жоқ қылып жіберуден барлық адамдарды қорғауға арналған халықаралық конвенция, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенция, Азаптауларға қарсы конвенция, Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі конвенция, Мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенция, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт, Баланың құқықтары жөніндегі конвенция шеңберінде Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне арналған барлығы 124 оқыту іс-шарасы өткізілді.
Жалпы есепті кезеңде 10 мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкері мен судьялар оқудан және біліктілікті арттырудан өтті.
Осылайша, Конвенцияның ережелері ішкі істер органдарының басшы және орта басшы құрамын даярлаудың, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің, кәсіптік даярлаудың білім беру бағдарламаларына енгізілген. Оқу кейстері мыналарды оқуға бағытталған:
күштеп жоқ қылып жіберуге қатысы бар лауазымды адамдардың жауаптылығы;
күштеп жоқ қылып жіберу жағдайларының алдын алу және тергеу алгоритмі;
іздестіріліп жатқан адамдардың орналасқан жерін анықтау және олардың жақын туыстарын хабардар ету жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар.
АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдарының 800 қызметкерінің қатысуымен 40 оқыту іс-шарасын өткізді. Министрліктің оқу орындарында адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды зерделеу бойынша мамандандырылған біліктілікті арттыру курстарынан 6172 тыңдаушы өтті.
Ішкі істер органдарының қызметкерлерін мамандандырылған даярлаудың ғылыми-әдістемелік базасын нығайту мақсатында "Ұйымдасқан қылмыстық топтар жасаған адамды ұрлау: жедел-іздестіру жұмысын ұйымдастыру" және "Интерпол желісі бойынша Қазақстанда халықаралық іздестіру жұмысын ұйымдастыру" бағыттары бойынша 2 ғылыми-практикалық іс-шара өткізілді, 17 ғылыми мақала, 2 конференция материалдарының жинағы, 10 әдістемелік сипаттағы материал жарияланды.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның және Фридрих Эберт атындағы қордың жәрдемімен 2342 судья үшін "Адам құқықтарын сот арқылы қорғау: Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері" атты 71 оқыту семинарын өткізді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес құқық қорғау органдары жүзеге асыратын практикалар бойынша 15 оқыту іс-шарасын өткізді.
Қорғаныс министрлігі жыл сайын Қазақстандық бітімгершілік даярлау орталығының (бұдан әрі – КАЗЦЕНТ) базасында бітімгерлерді бітімгершілік миссиялар жағдайындағы жұмыс практикаларына оқытуды жүргізеді. Конвенцияның ережелері "Адам саудасына қарсы күрес әдістері", "Әйелдерге, балалар мен мүгедектерге қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеу", "Бітімгершілік миссиялардағы мәдени аспектілер", "Әскери жанжалдардың халықаралық құқығы", "Бітімгерлерді бітімгершілік миссияларға қатысу кезінде қылмыстарға тартуға жол бермеу" тақырыптық бағыттарына біріктірілген. 2016 жылдан бастап 2021 жылға дейін КАЗЦЕНТ базасында 1 мыңнан астам бітімгер әскери қызметші оқудан өтті.
3.5. Зиянды өтеу және күштеп жоқ қылып жіберуден балаларды қорғау жөніндегі шаралар (Конвенцияның 24, 25-баптары және Қорытынды ескертулердің 28, 30, 32-тармақтары)
Конвенцияның 24-бабы және Қорытынды ескертулердің 28 (зиянды өтеу бөлігінде), 30-тармақтары
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік және азаматтық заңнамасы күштеп жоқ қылып жіберудің құрбанына әділ және барабар өтемақы, келтірілген зиянды өтеу құқығын, сондай-ақ реституцияны, оңалтуды, сатисфакцияны, оның ішінде ар-намысы мен игі есімін қалпына келтіруді қоса алғанда, неғұрлым толық ақтау үшін жағдайларды қамтамасыз ететін нормалардан тұрады (Конвенцияның 24-бабының 4, 5 және 6-тармақтары). Әлеуметтік қорғау, отбасылық құқық және мүліктік құқықтар сияқты салаларда жоқ болып кеткен адамдардың және олардың туыстарының мүдделерін қорғау көзделеді.
Мәселен, оңалту, қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу тәртібі ҚР ҚПК-нің 4-тарауында регламенттелген.
ҚР ҚПК-нің 37-бабына сәйкес сот, қылмыстық қудалау органы адамды ақтау және оған қылмыстық процестi жүргiзетін органның заңсыз әрекеттерiнiң салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу бойынша заңда көзделген барлық шараларды қолдануға тиiс.
ҚР ҚПК-нің 71-бабының талаптарына сәйкес жәбірленушіге қылмыстық процесте азаматтық талап қою құқығы түсіндіріледі және оған қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрiлген мүлiктiк зиянды, сондай-ақ оның ҚР ҚПК белгіленген қағидалар бойынша өкілге жұмсайтын шығыстарын қоса алғанда, қылмыстық процеске қатысуына байланысты шеккен шығыстарын өтеу қамтамасыз етiледі. Жәбiрленушiнiң өзiне моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы қылмыстық процесте қаралады. Егер ол мұндай талап қоймаса не ол қарамай қалдырылса, онда жәбiрленушi оны азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен беруге құқылы.
ҚР ҚПК-нің 40-бабына сәйкес қылмыстық процестi жүргiзетін органның заңсыз әрекеттерiнiң салдарынан келтiрiлген мүлiктiк зиян: олар айырылған жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды, өзге де қаражаттар мен табыстарды; соттың үкімі немесе өзге де шешiмi негiзiнде заңсыз тәркiленген немесе мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылған мүлiктi; соттың заңсыз үкiмiн орындау үшiн өндiрiп алынған айыппұлдарды; заңсыз әрекеттерге байланысты адам төлеген сот шығындары мен өзге де сомаларды; заң көмегін көрсету үшін адам төлеген сомаларды; қылмыстық қудалау салдарынан шегілген өзге де шығыстарды өтеудi қамтиды.
Сонымен қатар қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-қимылдарының салдарынан келтірілген мүліктік зиянды толық көлемде өтеткізуге құқығы бар адамдардың еңбек, зейнетақы, тұрғын үй және өзге де құқықтарын қалпына келтіруге, сондай-ақ моральдық зиянның салдарын жойғызуға (реституция және сатисфакция) құқығы бар. Келтірілген моральдық зиян үшін ақшалай мәнде өтемақы туралы талаптар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қойылады.
ҚПК-нің 38-бабының 3-бөлігінде азамат қайтыс болған жағдайда зиянды өтеткiзу құқығы белгiленген тәртiппен – оның мұрагерлерiне, ал төленуi тоқтатыла тұрған зейнетақылар мен жәрдемақыларды алу бөлiгiнде – отбасының асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақымен қамтамасыз етiлетiн адамдар тобына жататын мүшелерiне ауысатыны көзделген.
Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз іс-қимылдарымен келтірілген зиянды өтеумен байланысты ақшалай төлемдерді жүргізу осы органдардың кiнәсi бар-жоғына қарамастан, республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.
Өтемақы төлеу тәртібі "Сот бойынша ақталған адамға, қылмыстық істі тоқтату туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз іс-әрекеттерінің нәтижесінде келтірілген мүліктік зиянды төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы қаулысымен реттелген.
Жәбірленушілерге зиянды өтеу тетігі, сондай-ақ Қор қаражатын қалыптастыру Жәбірленушілерге өтемақы туралы заңда айқындалған.
Жәбірленушілерге өтемақы туралы заңның 6-бабына сәйкес өтемақы денсаулығына ауыр зиян келтірілген адамдарға ҚР ҚК-нің 125-бабы 3-бөлігінің 3) тармағында, 126-бабы 3-бөлігінің 3) тармағында, 127-бабы 2-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша, сондай-ақ жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, жәбірленушінің құқықтары берілген адамдарға 125-бабы 3-бөлігінің 3) тармағында, 126-бабы 3-бөлігінің 3) тармағында, 127-бабы 2-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша тағайындалады.
Егер заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жәбірленушілер деп танылған кезінен бастап өтемақы алуға құқығы бар.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңы жобасының шеңберінде тегін заң көмегін алуға құқығы бар адамдардың шеңберін кеңейтуге қатысты түзетулер қаралуда.
Бұл түзетулер тұрмыстық, жыныстық зорлық-зомбылыққа, терроризм актісіне не азаптауға ұшыраған жеке тұлғаларға, адам саудасының құрбандарына бюджет қаражаты есебінен тегін құқықтық көмек көрсетуді көздейді.
ҚР АК-нің 28, 29, 30, 188 және 235-баптарына сәйкес мүдделi тұлғалардың арызы бойынша азаматты сот хабар-ошарсыз кеттi деп тануы мүмкiн, бұл ретте оның мүлкiне сот шешiмiнiң негiзiнде қорғаншылық белгiленедi.
Хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адам келген немесе оның тұрған жерi белгiлi болған жағдайда сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы және оның мүлкiне қорғаншылық белгiлеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
ҚР АК-нің 31-бабына сәйкес егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлім қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны өлдi деп жариялауы мүмкiн.
Хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі күшіне енген жағдайда, қайтыс болған асыраушысының отбасы асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы. Егер қайтыс болған асыраушы әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, онда оның асырауындағы адамдар асыраушысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан қосымша әлеуметтік төлем алуға құқылы.
Салық кодексінің 44-бабында жеке тұлғаның салық міндеттемесі соттың күшіне енген шешімі негізінде ол хабар-ошарсыз кетті деп танылған кезден бастап тоқтатыла тұрады. Хабар-ошарсыз кетті деп танылған жеке тұлғаның мүлкіне қорғаншылық жасау жөніндегі міндет жүктелген тұлға осындай тұлғаның салық берешегін өтейді, жетіспеген жағдайда өтелмеген бөлікті салық органы мүліктің жеткіліксіздігі туралы сот шешімінің негізінде есептен шығарады.
Сақтандыру туралы заңының 19 және 21-баптарында азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тануға байланысты әлеуметтік төлемдер көзделген.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңы 24-бабының 10-тармағына сәйкес тұратын жері белгiсiз бұрынғы жұмыскерлердiң табыстарынан агенттер ұстап қалған және аудармаған мiндеттi зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен бюджетке аударылады. Көрсетілген соманы бұрынғы жұмыскерлер, ал олар қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен деп танылғаны немесе қайтыс болды деп жарияланғаны туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда мұрагерлерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес талап ете алады.
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – НОК) 15-бабында некені (ерлі-зайыптылықты) ерлі-зайыптылардың біреуі хабар-ошарсыз кеткен деп тануы салдарынан тоқтату мүмкіндігі көзделген. Сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныған жұбайы келген және тиісті сот шешімдері күшін жойған жағдайда ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші бойынша тіркеуші орган некені (ерлі-зайыптылықты) қалпына келтіруі мүмкін.
2018 жылы азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы сот практикасы қорытылып, оның нәтижелері бойынша адамды күштеп жоқ қылып жіберу фактісі салдарынан хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы соттар қараған істердің болуы анықталған жоқ.
Мемлекет жоқ болып кеткен адамдарды іздестіру, олардың орналасқан жерін анықтау және босату үшін барлық тиісті шараларды қабылдау туралы Конвенцияның 24-бабы 3-тармағының талабын іске асырады. Жоқ болып кеткен адамдарды іздестіруді полиция органдары заңда көзделген тәртіппен, оның ішінде халықаралық шарттардың негізінде шет мемлекеттер органдарының ынтымақтастығымен жүзеге асырады.
Хабарсыз кеткен, туыстарымен байланысын жоғалтқан, өзі туралы анықтамалық деректерді хабарлауға (психикалық немесе өзге де ауруына, жастығына және басқа да себептеріне байланысты) қабілеті жоқ
адамдарды, жеке басы анықталмаған мәйiттердi арнайы есепке алу жүргізіледі.
Есепке алу іздестіру картотекаларын және ҚСжАЕК АЕА ААЖ жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
Жеке тұлғаның арызы не мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқару функцияларын атқаратын тұлғаның адамның хабарсыз кеткені туралы, туыстық байланыстарын жоғалтқаны туралы хабарламасы, сондай-ақ өзі туралы анықтамалық деректерді хабарлауға қабілетсіз адамның табылғаны туралы хабарламалар негізінде шығарылған іздестіру ісін жүргізу туралы қаулы хабарсыз кеткен, туыстарымен байланысын жоғалтқан, өзі туралы анықтамалық деректерді хабарлауға қабілетсіз адамдарды есепке қою үшін негіз болып табылады.
Комитет тоқсан сайын АЕА ААЖ мәліметтерін Интерполдың Қазақстан Республикасындағы Ұлттық Орталық бюросының деректерімен салыстырып тексеруді жүзеге асырады.
Күштеп жоқ қылып жіберудің құрбаны болған хабарсыз кеткен адамдардың саны туралы деректер қалыптастырылмайды.
Күштеп жоқ қылып жіберудің мән-жайлары мен жоқ болып кеткен адамдардың тағдырын анықтауға жәрдемдесумен айналысатын ұйымдар мен қауымдастықтар құру құқығын қамтамасыз етуге қатысты осы құқық "Қоғамдық бірлестіктер туралы" 1996 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан № 3 Республикасының Заңында көзделгенін атап өткен жөн.
Мемлекет азаматтық қоғамның ұсталған, сотталған адамдарды ұстау жағдайларын анықтау саласында жұмсап жатқан күш-жігердің маңыздылығын мойындайды және осы бағыттағы қоғамдық бастамаларды белсенді түрде қолдайды. Қазіргі уақытта 63 үкіметтік емес ұйыммен сындарлы өзара іс-қимыл жолға қойылған.
ҮЕҰ өкілдері есепті кезеңде ҚАЖ мекемелеріне барлығы 1667 рет барды.
Конвенцияның 25-бабы және Қорытынды ескертулердің 32-тармағы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-бөлігінде бала мемлекеттің қорғауында болады деп жарияланған.
Балалардың өмір сүруіне, ар-намысы мен абыройын қорғауға, жеке басына қолсұғылмаушылыққа, олардың денсаулығын сақтауға және медициналық көмекке іргелі құқықтары және оларды бұзғаны үшін жауаптылық ұлттық заңнамамен бекітілген.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты енгізілді.
Есепті кезеңде балалардың заңды мүдделерін және құқықтарын қорғауды, оның ішінде зорлық-зомбылық қолсұғушылықтарынан қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар кешені қабылданды.
Мемлекет басшысы жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, адам саудасы және жеке адамға қарсы басқа да ауыр қылмыстар, әсіресе балаларға қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жазаны күшейтуді тапсырды.
Нәтижесінде бас бостандығынан айыру мерзімін ұлғайту (жас балаларды өлтіргені үшін – өмір бойы бас бостандығынан айыру) жолымен жас балалардың (14 жасқа дейін) және кәмелетке толмағандардың (18 жасқа дейін) өміріне, денсаулығына және жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар, басқа да құқыққа қарсы, оның ішінде күштеп жоқ қылып жіберумен сабақтас әрекеттер жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық қатаңдатылды. Атап айтқанда, адам ағзалары мен тіндерін алып қоюға немесе заңсыз алып қоюға мәжбүрлеу, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту, кәмелетке толмағандарды сату және басқалар үшін қылмыстық жауаптылық күшейтілді. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар бойынша ескіру мерзімі қолданылмайды және тараптарды татуластыру, оларды жасауға кінәлі адамдарды мерзімінен бұрын босату және кешірім жасау мүмкіндігі жойылды.
Қабылданып жатқан кешенді және жүйелі шаралар кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстық қол сұғушылық динамикасының барлығы 2,6 мыңнан 2 мыңға дейін төмендеуіне ықпал етті. (2016 жылы барлығы 2605, 2021 жылы 2088 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды).
Бала құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды және профилактикалық жұмысты Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия, жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар және Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жүргізеді.
НОК-ке жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдардың қызметін регламенттеуді, сондай-ақ оларды аккредиттеуге қойылатын талаптарды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау мен есепке алу НОК-пен, "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы және балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
Балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының, оның ішінде күштеп жоқ қылып жіберудің алдын алу мақсатында олардың жағдайы туралы мониторинг және деректер жинау жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданды.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық деректер банкі қолданысқа енгізілді.
Интернат мекемелеріндегі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың жалпы саны 2021 жылы 4 076 баланы құрады.
Интернат мекемелеріндегі ата-аналары (ата-анасының екеуі де немесе жалғыз ата-анасы) хабарсыз кеткен деп танылған жетім балалардың саны 2016 жылы 159, 2017 жылы 154, 2018 жылы 134, 2019 жылы 129, 2020 жылы 111, 2021 жылы 95 болды.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жұмыс істеп тұрған 89 ұйымның 52-сі білім беру жүйесіне, 19 бөбектер үйі денсаулық сақтау жүйесіне, 18 ұйым халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне жатады. Республикада өмірде қиын жағдайда жүрген балаларды қолдаудың 18 орталығы және кәмелетке толмағандарды бейімдеудің 10 орталығы жұмыс істейді.
Баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар профилактикалық бақылау шеңберінде жүйелі негізде тексеріледі (2019 жылы 143, 2020 жылы 411, 2021 жылы 418 ұйым тексерілді).
Балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының профилактикасы жөніндегі міндеттер құзыреттері шегінде ішкі істер, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау органдарына, жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларға, өзге де мемлекеттік органдарға жүктелген. Осындай ведомствоаралық кешенді тәсіл анықталған қадағалаусыз және панасыз қалған балалар санының 20 %-ға (2017 жылғы 1866-дан 2021 жылы 1479-ға дейін) төмендеу үрдісін қамтамасыз етті.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бақылау комиссиялары мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері ҰАТ қатысушылары болып табылады.
Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 1 сәуірдегі Қазақстан Республикасының № 240-VІ Заңымен балалар мекемелеріне қатысты ҰАТ мандаты айтарлықтай кеңейтілді. Бару объектілерінің тізбесіне кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары, арнаулы білім беру ұйымдары, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдары, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік ұйымдар енгізілген. Бұл шаралар 200-ден астам мекемені бақылауға алуға мүмкіндік берді.
2016 – 2020 жылдар кезеңінде ҰАТ өкілдері балалармен жұмыс істейтін объектілерге 311 рет барды (2016 жылы 35, 2017 жылы 28, 2018 жылы 23, 2019 жылы 111, 2020 жылы 114).
Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан ата-аналары мен олардың балаларының мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылданады.
Мәселен, ЛА-155/4 әйелдер түзеу мекемесінің жанында "Бөбектер үйі" жұмыс істейді, онда әйелдер мен олардың жас (үш жасқа толмаған) балаларының бірге тұруы, сондай-ақ олардың толыққанды дамуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Кәмелетке толмағандар жасаған, сондай-ақ олардың құқықтарын тікелей бұзатын қылмыстар туралы қылмыстық істер ғана емес, баланың тұрғылықты жерін айқындау, ата-ана құқықтарынан айыру (шектеу) және оларды қалпына келтіру, баланы асырап алу туралы және кәмелетке толмаған балаларға қорғаншылық пен қамқоршылықтан (патронаттан) туындайтын даулар бойынша азаматтық істерде соттылығына жатқызылған ювеналдық соттар жұмысын табысты жалғастыруда.
Баланың кез келген сот немесе әкімшілік талқылау барысында тыңдалу құқығы НОК-та қамтамасыз етіледі.
2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енді, оған сәйкес заңда көзделген негіздер бойынша эмансипацияланған кәмелетке толмағандар эмансипация кезінен бастап өздерінің процестік құқықтары мен процестік міндеттерін жеке өздері жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген бірқатар жағдайларда әкімшілік істер бойынша он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін жеке өзі қорғауға құқығы бар. Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері, прокурор қорғайды.
Балаларды заңсыз алып жүрудің немесе ұстап қалудың зиянды салдарынан халықаралық қорғауды қамтамасыз ету және оларды әдеттегі тұрғылықты жерінің мемлекетіне тез қайтару рәсімін белгілеу жөнінде шаралар қабылдануда. Қазақстан Республикасының халықаралық шарты негізінде баланы қайтарудың және қол жеткізу құқықтарын жүзеге асырудың сот тәртібі ҚР АПК-нің 51-тарауында айқындалған.
2016 – 2020 жылдары Қазақстанға Ресей Федерациясынан, Украинадан, Молдовадан, Иорданиядан, ОАР, Оңтүстік Кореядан, Франциядан және БАӘ-ден 35 бала қайтарылды.
ҚР АПК-нің 106, 108, 316-баптарында көзделген, сондай-ақ "Соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысында егжей-тегжейлі көрсетілген бала асырап алудың күшін жою, бала асырап алуды жарамсыз деп тану тәртібі Конвенцияның 25-бабы 4-тармағының ережесіне толық сәйкес келеді.
Конвенцияның 25-бабының 1-тармағында айтылған балаларды заңсыз алып қоюға қатысты іс-әрекеттер үшін олардың аса ауыр сипатын ескере отырып, тиісті жазалау шараларын белгілей отырып, қылмыстық жауаптылық енгізуге қатысты (Қорытынды ескертулердің 32-тармағы) ҚК-нің 137-бабына сәйкес бала асырап алу, баланы қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), патронат тәрбиешіге беру жөніндегі заңсыз іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық көзделгенін атап өту қажет.
Баланы (балаларды) ұрлау немесе заңсыз алып қою жасалған жағдайда кінәлі адамдардың іс-әрекеттері ҚР ҚК-нің 125, 361, 362-баптары бойынша да жіктелуі мүмкін.