Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 12 маусымдағы Жолдауы.

      Осы Жолдау Қазақстан Республикасы Парламентінің Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауды тыңдауы жөніндегі Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабы 6) тармақшасының орындалуын қамтамасыз ету; сондай-ақ Конституциялық Сот қызметінің 2023 жылғы қаңтардан басталуын ескере отырып дайындалды.

I

      Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртуға құқықтық негіздер қалады. 2022 жылғы конституциялық реформа бүкілхалықтық референдум арқылы мемлекеттік билік органдарының жұмыс істеуіне, мемлекеттік басқаруға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, демократияландыру процестерін күшейтуге жаңа тәсілдерді бекітіп берді.

      Конституциялық реформаның негізгі мақсаты саяси модельді жүйелі түрде трансформациялау болып табылады. Конституциялық өзгерістер демократияландыруды, орталықсыздандыруды және монополиясыздандыруды дамытуға бағытталған. Бұл: нақты көппартиялылықты бекіту үшін қосымша жағдайлар жасау; Қазақстан Республикасының Президенті сайлауға қойылатын талаптар мен тәсілдерді қайта қарау; Парламент Мәжілісі сайлауын демократияландыру; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау кезінде кандидатуралардың баламалылығын енгізу; Мәжіліске - заңдар қабылдау, ал Сенатқа оларды мақұлдау өкілеттігін беру арқылы Парламенттің рөлі мен мәртебесін арттыру.

      Мемлекеттің әлеуметтік рөлін және құқық қорғау әлеуетін нығайтуға бағытталған конституциялық түзетулер қатарында өлім жазасын жою жөніндегі шешімнің, Адам құқықтары уәкілдің құқықтық мәртебесі мен міндеттерінің бекітілуін атап өту керек. Үкіметке сыни жағдайларда өзіне жауапкершілікті ала отырып, Парламент қажетті заңдарды қабылдағанға дейін уақытша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығы берілді.

      Реформалау партиялық және сайлау жүйелерін, заң шығарушы, атқарушы және сот органдарының жергілікті өкілді және атқарушы мемлекеттік органдардың құрылуын, құрылымын, функцияларын қамтыды.

      Мемлекеттің конституциялық құрылымын реформалаудың "Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет" деген негізгі формуласы мемлекет пен азаматтық қоғам тиімділігін арттыруға бағытталған.

      Конституциялық жаңашылдықтар Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысы 2022 жылғы 5 қарашада жария түрде қол қою рәсімімен жол тартқан "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы", "Прокуратура туралы", "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" конституциялық заңдар мен кейбір заңнамалық актілерге түзетулер арқылы одан әрі дамыды.

      Конституциялық Соттың азаматтарға заң нормаларының конституциялылығын тексеруге жүгіну құқығын (әлемнің көптеген елдерінің тәжірибесі бойынша) бере отырып құрылуы мемлекеттің азаматтардың қорғалу тетіктерін жетілдіру және Негізгі Заңның жан-жақты қамтамасыз етілу, сақталу мен орындалу мәселелеріне байыпты көзқарасын растайды.

      Конституциялық Сот Қазақстан Республикасында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың аса маңызды тетігі ретінде өз жұмысын адам құқықтарының жаһандық анықтамасын өзіне қамтыған іргелі халықаралық құқықтық актілердің бірі - Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының қабылданғанына 75 жыл толған жылы бастауы жақсылықтың нышаны. Аталған акт уақыт сынағынан өтті, бұл қоғамның, мемлекет пен жеке адамның дамуы үшін оның әмбебап сипаты мен құндылығын растайды. Бұл тұрғыда конституциялық реформа қорытындысы бойынша азаматтардың және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жалпыға бірдей декларацияда және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету және сақтау процесіне тікелей қатысушыға айналғаны маңызды болып табылады.

      Конституциялық Соттың бес айдағы жұмысы көрсетіп отырғандай, азаматтар өз өтініштерінде заңдар мен басқа да құқықтық актілердің орындалуындағы проблемаларды әділ көтеріп, олардың Конституцияға сәйкестігін тексеруді талап етеді.

      Осы жылдың басынан бастап жұмыс істеп жатқан Конституциялық Сот Конституциялық бақылау жөніндегі дүниежүзілік конференция шеңберінде өз әріптестерінің озық тәжірибесін ескере отырып конституциялық іс жүргізудің ұлттық практикасын өрістетуде. Оның негізгі тәсілдері: Конституция үстемдігін және әрбір адамның пікір білдіру құқығын қамтамасыз ету; өтініштерде көтерілетін проблемаларды жан-жақты әрі сапалы қарау. Мұндай тәсілді сақтап қалу нақты норманың мазмұнын, мақсаттарын, жүйелік байланыстарын және басқа құқық нормаларымен коллизияларын барынша толық және дәл айқындау үшін, оның әлеуеті мен қолдану практикасын, конституциялық ережелермен арақатынасын анықтау үшін қажет. Саяси биліктің талқылауға қатысуы Конституциялық Сотқа құқықтық қиындықтарға дұрыс баға беруге, заңдардың Конституция ережелеріне сәйкес келуіне қатысты күмәнді еңсеруге мүмкіндік береді.

      Конституцияда заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік билік біртұтас деп бекітілген. Конституциялық іс жүргізу өз кезегінде, мемлекеттік басқару жүйесін құқықтық реттеудің қайшылықтарын, олқылықтарын және конституциялық емес элементтерін анықтауға жәрдемдеседі, бұларды Конституцияға және заңдарға сәйкес барлық мемлекеттік органдардың күшімен жою қажет болады.

      Конституциялық Сот өзінің нормативтік қаулыларында заңнаманы дамыту үшін маңызды құқықтық ұстанымдарын тұжырымдайды және қолданыстағы құқықтан Негізгі Заңға сәйкес келмейтін нормаларды жояды. Бұл процесс үшін демократиялық мемлекетте мемлекеттік органдардың пікірін, ғылыми зерттеу нәтижелерін және сарапшылар мен мамандардың қорытындыларын зерделеу тән.

      Қазақстан Республикасының Президенті VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде "өмірдің барлық саласында құқық үстемдігі қағидатын сақтау еліміздің үдемелі ілгерілеуінің іргетасы болуға тиіс. Әрбір азаматтың өз құқықтарын қорғауға сенімді болуы, соттардың әділдігіне күмән келтірмеуі маңызды" деп атап өтті.

      Тұтастай алғанда 2022 жылғы конституциялық реформа және оны іске асыру үшін қабылданған заңдар, жаңа қағидалар бойынша өткен парламенттік сайлау және соған байланысты атқарушы билік органдарындағы қайта құрулар мемлекеттік органдар жүйесін өзгертті, бәсекелестікке, заңнаманы реформалауға кедергі келтіретін қалыптасқан саяси монополияларды жойып, құқық үстемдігі негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдігін бекемдеп берді.

II

      Азаматтардың өтініштерін конституциялық іс жүргізу шеңберінде қарау кезінде олардың Республика Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру жүзеге асырылады.

      Заң шығарушының өтініштерге қойылатын талаптарды, оларды қарау тәртібін, конституциялық тексерудің шектері мен өлшемшарттарын тікелей және анық бекітуі әркімнің конституциялық бақылауға қол жеткізу кепілдігі болып табылады.

      Іс жүзінде Конституциялық Сот азаматтардың конституциялық бақылау органына жүгіну тәртібі туралы құқықтық тұрғыдан хабардар болуын арттыруға үлкен мән береді және оған бар күшін салады. Қызметінің алғашқы күндерінен бастап-ақ кәсіби заң қоғамдастығымен және жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, ауқымды құқықтық түсіндіру жұмысы жүргізілуде.

      Конституциялық Сот жанынан құрамына түрлі құқық салаларының ғалымдары кірген ғылыми-консультативтік кеңес құрылды, олар Конституция үстемдігін қамтамасыз ету; конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізіп, ұсынымдар береді.

      Ағымдағы жылдың бес айы ішінде 3000-нан астам азамат өз құқықтарын конституциялық қорғауға жүгінді. Бұл цифрлар азаматтардың жаңа органға деген жай ғана қызығушылығының дәлелі емес, керісінше өтініш берушілердің әрқайсысының өз құқықтарын қорғау ниетін растайды, осылайша олар нормативтік құқықтық актілерді Негізгі Заңға сәйкес келтіруге үлес қосады және әділдікті орнатуға жәрдемдеседі.

      Өтініштерге жүргізілген талдау көрсетіп отырғандай, олардың едәуір бөлігі (41%) сот шешімдерімен келіспеуге қатысты, бұл Конституциялық Соттың қарау нысанасына жатпайды. Өтініштерде жеке тұлғалардың банкроттығы, сот актілерінің орындалмауы, тұрғын үй және еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау, жазалардың орындалуы, ақпаратқа қол жеткізу мәселелері және тағы басқа да мәселелер көтеріліп жатады. Өтініштердің 26%-ында ғана азаматтар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексеруді сұрайды. 20 өңір бөлінісінде ең көп өтініш Астана, Алматы қалалары мен Қостанай облысының тұрғындарынан келіп түсті.

III

      Бес айдағы конституциялық іс жүргізу қорытындысы бойынша жекелеген нормативтік құқықтық актілердегі елеулі олқылықтар анықталды. Бұл мүдделі органдарды ғана емес, сонымен бірге ғылыми, азаматтық және кәсіби қоғамдастықтарды да тарта отырып, олардың орындалуына құқықтық мониторингі күшейту қажеттігін растайды.

      Қазақстан Республикасы Президентінің өтініші бойынша 2023 жылғы 16 наурызда Парламент қабылдаған және 2023 жылғы 24 наурызда Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылған Әлеуметтік кодекс және оған ілеспе заңнамалық актілер - "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы" Конституциялық заң, "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдар Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан қаралды (2023 жылғы 8 сәуірдегі № 8 нормативтік қаулы). Тұтастай алғанда оларды Негізгі Заңға сәйкес келеді деп тани отырып, Конституциялық Сот Үкіметтің назарын аталған актілер қолданысқа енгізілгенге дейін жойылуға тиіс жекелеген кемшіліктерге аударды. Бұлар әлеуметтік қорғау туралы заңнамаға, Үкіметтің және уәкілетті органның өкілеттіктерін бекітуге, әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтар мен бостандықтарды кемсітуге жол бермеуге, кейбір жәрдемақылар мен төлемдерді тағайындауға жүгіну мерзімдеріне: олардың мөлшерін айқындау тәсілдеріне, төлемді тоқтата тұру немесе одан бас тарту негіздеріне қатысты.

      Алдын ала конституциялық бақылау тәртібімен "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заңның және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңның Конституцияға сәйкестігін тексеру жүзеге асырылды. Конституциялық Сот қабылдаған 2023 жылғы 8 сәуірдегі № 7 нормативтік қаулысында мемлекеттік басқару деңгейлері (Үкімет - орталық атқарушы органдар - жергілікті атқарушы органдар) арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату тәсілдерінің жеткіліксіз пысықталғаны көрсетілді.

      Конституциялық Сот Конституцияның 68-бабында белгіленген Үкімет мүшелерінің дербес жауапкершілігін ескере отырып, мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысатын атқарушы мемлекеттік органдар арасында өкілеттіктерді бөлу кезінде деңгейлердің, мақсаттардың: міндеттердің және Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында осы саладағы өкілеттіктерінің аражігін анық ажырату қажет деп көрсетті.

      Қазақстан Республикасының Үкіметіне Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, Парламенттің ағымдағы сессиясы аяқталғанға дейін заң жобаларын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу ұсынылды.

      Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің өтініші бойынша қабылданған 2023 жылғы 10 қаңтардағы № 2 нормативтік қаулысында Конституциялық Сот конституциялық заңдарды қабылдау мәселелері бойынша ресми түсіндірме берді. Конституцияда конституциялық заңдарды қабылдау негіздері тікелей бекітіледі, олар реттейтін қоғамдық қатынастардың ерекше маңыздылығына байланысты конституциялық заңдардың бастапқы ережелерін қамтиды.

      Конституциялық іс жүргізулердің ішінде сот ісін жүргізудің түрлі нысандарында әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын және соған байланысты кепілдіктерді іске асыру мәселелері бойынша қозғалған іс жүргізулер бар.

      Азаматтың өтініші бойынша Конституциялық Сот "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Кодекстің (Салық кодексі) 610-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының және 2-тармағының Конституцияға сәйкестігін қарады.

      Конституциялық Сот 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 нормативтік қаулысында мемлекеттік баж мөлшері ақылға қонымды, негізделген және мөлшерлес болуға тиіс екенін атап өтті. Бұл азаматтың сотқа жүгінуіне кедергі келтірмеуге тиіс, сот төрелігіне қол жеткізуге конституциялық құқықты іске асыруда кедергіні еңсерудің құқықтық тетігін көздеу керек. Мемлекеттік баж төлеуден толық немесе ішінара босату, оны төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу және басқа да шаралар өмірлік қиын жағдайда жүрген азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізу құқығын іске асыруына жәрдемдесуге тиіс. Тұтастай алғанда заңнамада, атап айтқанда Салық кодексінде мұндай құралдар қамтылмаған, сондықтан заң шығарушы анықталған олқылықтың орнын толтыруға тиіс.

      Конституциялық Сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау кезінде қолданылатын жекелеген шектеулер бойынша құқықтық ұстанымдарын білдірді (2023 жылғы 11 сәуірдегі № 9 нормативтік қаулы). 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік кодекстің (бұдан әрі - ҚПК) 146-бабы екінші бөлігі 1), 2) және 3) тармақтарының ережелері Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Негізгі Заңға сәйкес келеді деп танылды. Атап айтқанда, соттар жеке не барлығын қолданатын үйқамақ кезіндегі шектеулер тұтқындалған адамның және оның қорғаушысының өмір сүру және денсаулығын сақтау, құқық субъектісі ретінде танылу, өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау, білікті заң көмегін алу құқықтарын қоса алғанда, кепілдік берілген құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

      Жоғарғы Сот судьяларының заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарауына байланысты ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігі 6) тармағының, 490-бабы бірінші бөлігі 2) тармағының және екінші бөлігінің, 491-бабы бесінші бөлігінің конституциялылығын тексеру жөніндегі іс жүргізу қорытындысы бойынша Конституциялық Сот (2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ нормативтік қаулы), ҚПК-нің 490-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағын қоспағанда, процестік нормаларды Негізгі Заңға сәйкес келеді деп таныды, Ал аталған нормаға қатысты мынадай түсіндірме берілді: заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты көзделген негіздер бойынша алдын ала қарау қылмыстық іс материалдарын міндетті түрде талап етіп алдыра отырып жүзеге асырылады. Осылайша, кассациялық тәртіппен сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарау сатысында толық зерделеу қамтамасыз етіледі.

      Азаматтың өтініші бойынша конституциялық іс жүргізу барысында Конституциялық Сот қорғалуға құқығы бар куә мәртебесіндегі адамның құқықтарына байланысты нормаларға назар аударды (2023 жылғы 22 мамырдағы № 15-НҚ нормативтік қаулы). ҚПК-де жол берілетін қалаудың нақты өлшемдері, шекарасы мен шарттары айқындалмаған, бұл құқық қолданушыға оларды өз бетінше интерпретациялауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қандай мерзімде және қандай мән-жайлар туындаған кезде қорғалуға құқығы бар куә күдікті мәртебесіне ауыстырылуға тиіс екені немесе керісінше өз құқықтары мен мүдделерін немесе өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын қылмыстық процеске қатысушылар тобынан шығарылуға тиіс екені белгіленбеген. Аталған мәселені шешу маңызды болып табылады: өйткені қорғалуға құқығы бар куәні күдікті мәртебесіне уақтылы ауыстырмау оның процестік мүмкіндіктерін, оның ішінде тергеу судьясы жәбірленушіден (куәдан) жауап алу кезінде қатысу құқығын шектеуі мүмкін.

      ҚПК-нің айғақтарды сақтауға қою мәселелерін регламенттейтін ережелері қорғалуға құқығы бар куәнің өзіне қарсы куә болғандармен беттесу (65-1-баптың екінші бөлігінің 15) тармағы) құқығымен және айғақтарды сақтауға қою кезінде қорғаушының сот отырысына қатысу (70-баптың екінші бөлігінің 7) тармағы) құқығымен жеткілікті деңгейде үйлеспейді.

      Заң шығарушының қорғалуға құқығы бар куәнің процестік әрекетке қатысу мәселесін шешуді тергеу судьясының қалауына қалдыруы кейіннен осы адамның күдікті (айыпталушы) мәртебесінде процестік құқықтарын шектеуге алып келуі мүмкін.

      Азаматтар өз өтініштерінде ҚПК-де қылмыстық қудалау органдарының қорғалуға құқығы бар куә мәртебесіндегі адамдарды қорғаушымен қамтамасыз ету жөніндегі міндетінің жоқ екенін, оны белгілеу адамның Конституцияның 13-бабының 1 және 3-тармақтарында, 16-бабының 1 және 3-тармақтарында бекітілген конституциялық құқықтарының сақталу кепілдігін арттыратын еді деген ұстанымын баяндайды. Бұл қорғалуға құқығы бар куә мәртебесінде болатын адамның құқықтарын қорғауды құқықтық регламенттеудің жеткіліксіздігін растайды.

      Қысқартылған іс жүргізу тәртібімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы мәселемен байланысты конституциялық іс жүргізу шеңберінде Конституциялық Сот заңда арнайы процестік құжатқа нұсқаудың болмауы жауаптылыққа тарту туралы шешім шығарылмайды дегенді білдірмейтінін түсіндірді (2023 жылғы 28 сәуірдегі № 12-НҚ нормативтік қаулы). 2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі - ӘҚбК) 811-бабының мағынасы бойынша мұндай шешім конклюденттік нысанда, яғни уәкілетті органның лауазымды адамының белгілі бір әрекеттерді жасауы: құқық бұзушылық және өндіріп алу туралы хабарлау, деректерді ақпараттық жүйелерге енгізу, қысқартылған іс жүргізу негіздері мен тәртібін түсіндіру, әкімшілік айыппұл төлегені туралы түбіртек беру (қажет болған жағдайда) арқылы қабылданады. Мұндай әрекеттерді жалпы тәртіппен жүзеге асырылатын іс жүргізуде шығарылатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы алмастырады. Тиісінше, осы іс жүргізу тәртібімен жауаптылыққа тартылған адам істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау құқығынан айырылмауға тиіс.

      ӘҚбК-нің түрлі нормаларының сәйкес келмеуі азаматтардың конституциялық және өзге де құқықтарының бұзылуына алып келмеуге тиіс. Мемлекеттік органдар процестік тұрғыда бұл мәселенің реттелмегенін немесе жеткіліксіз деңгейде реттелгенін негізге алып құқықтық норманы қолданудан бас тарта алмайды.

      2023 жылғы 22 мамырдағы № 16-НҚ нормативтік қаулысында Конституциялық Сот әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жататын дауларға қатысты жекелеген құқық салаларында "жария-құқықтық қатынастар" ұғымын реттелетін қоғамдық қатынас түрлеріне қарай әртүрлі түсіндіруге жол берілуі мүмкін және тиісінше заңдарда ол түрліше білдірілуі мүмкін, бұл оған ортақ анықтаманы тұжырымдауға мүмкіндік бермейді деп атап өтті.

      2023 жылғы 1 маусымда Конституциялық Сот азаматтың Жоғарғы Соттың "Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы" 2016 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 3-тармағы бесінші абзацының конституциялылығын тексеру туралы өтініші бойынша нормативтік қаулы қабылдады. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында арыз берушінің жұбайының балаға қатысты әке болуы анықталса, баланы асырап алу туралы сотқа берілетін арызға молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын қоса беру міндеттілігі және осы қағида сақталмаған кезде бұл арызды қайтару туралы жаңа императивтік талап енгізілді.

      Жоғарғы Соттың молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын әке болудың (ана болудың) қажетті дәлелдемелерінің бірі деп танитын құқықтық ұстанымы сот шешімдерінің дәлелді базасын нығайтуға жәрдемдеседі және бала құқықтарын қорғауға негіз болады. Мұндай тәсіл заң шығарушының бір-бірімен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) ата-анадан бала туған жағдайда, сот тәртібімен әке болуды анықтау кезінде баланың нақты адамнан туылғанын анықтықпен растайтын дәлелдемелерді соттың назарға алуы туралы талабына ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодекстің 48-бабы) сәйкес келеді.

      Сондай-ақ нормативтік қаулыда императивтік талапты белгілеу Конституцияның 13-бабының әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығы жөніндегі 2-тармағына сәйкес келмейді және бұл Қазақстан Республикасы Парламентінің құзыретіне жатады. Сонымен қатар, Конституциялық Сот белгіленген конституциялық шектер міндетті түрде сақталған кезде Жоғарғы Соттың құқық шығармашылық процесс субъектісі ретіндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті.

      Азаматтардың қаралған өтініштерінің бір бөлігі қылмыстық жауаптылық және жазалардың орындалу мәселелеріне қатысты. Атап айтқанда, 2014 жылғы 3 шілдедегі Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі - ҚК) мұнайдың және мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдағаны, иемденгені, өткізгені, сақтағаны, сондай-ақ мұнайды қайта өңдегені үшін жауаптылық белгіленетін 197-бабының конституциялылығына тексеру жүргізілді (2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ нормативтік қаулы). Конституциялық Сот көрсетілген құжаттардың, қол сұғушылық объектісінің және іс-әрекеттің жазалану шегінің нақты заңнамалық анықтамасының болмауын, сабақтас заңдардың басқа нормаларымен бәсекелестігін атап өтіп, қылмыстық заңның дау айтылып отырған ережелеріне түсіндірме берді: ҚК-нің көрсетілген бабының диспозициясында адамның аталған әрекеттерді жасауының заңдылығын куәландыратын, заңнамада регламенттелген құжаттар туралы айтылып отыр. Қылмыстық заңның нормалары айқындық, анықтық және тиянақтылық талаптарына барынша сәйкес келуге, ал баяндаудың бланкеттік нысаны кезінде олардың элементтері тиісті нормативтік құқықтық актілерде нақты ашылуға тиіс.

      2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодекстің (бұдан әрі - ҚАК) 141-бабының жекелеген нормалары конституциялық тексеруге алынып, оның алтыншы бөлігінің 3) тармақшасы Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды (2023 жылғы 27 наурыздағы № 6 нормативтік қаулы). Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамдар жазаны өтеудің ұқсас жағдайларында белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдармен салыстырғанда олардың ұзақ мерзімге кездесу алу құқықтарына нұқсан келтірілген болып шықты. Қаралған норманың объективті негіздемесі жоқ және онда өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандардың конституциялық құқықтарының бұзылуы байқалады. ҚАК-ке енгізілген түзетулер қолданысқа енгізілгенге дейін Конституциялық Сот оларға бір жыл ішінде көзделген қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кездесулер алу саны бөлігінде ҚАК-тің 140-бабы екінші бөлігі 3) тармақшасының ережелерін қолданды.

      Келесі конституциялық бақылау тәртібімен Негізгі Заң талаптарымен үйлесімділігі тұрғысынан судьялар мен мемлекеттік қызметшілердің өкілеттіктерін тоқтатудың жекелеген негіздері мен тәртібі қаралды.

      Конституциялық Сот теріс себептермен судьялардың өкілеттігін тоқтату тәртібіне құқықтық баға берді (2023 жылғы 21 сәуірдегі № 10 нормативтік қаулы). Жоғарғы Сотқа және Жоғарғы Сот Кеңесіне Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің материалдарды қарау рәсімдерінде судьялардың өз мүдделерін қорғау құралдарын пайдалануын көздеу және олардың кәсіби қызметін бағалаудың негізгі өлшемшарттарын заңнамалық тұрғыдан реттеу ұсынылды.

      Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жұмыстан босатылған азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруіне мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңның 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасы Конституцияның 24-бабының 1-тармағына, 33-бабының 2 және 4-тармақтарына және 39-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді деп танылды (2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулы). Мұндай шешім қабылдауға мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылықтар үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық шараларынан туындайтын құқықтық шектеулер мөлшерлестігінің болмауы негіз болды.

      Мемлекеттік қызметтің басқа да мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін қарау кезінде Конституциялық Сот азаматтардың еңбек ету бостандығына және мемлекеттік қызметке қол жеткізуге өз құқықтарын іске асыруы кезінде ұқсас шектеулерді белгілейтін заңнамаға жете тексеру жүргізуді ұсынды.

      Конституциялық іс жүргізудің нысанасында "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Заңның 10-бабы 1-тармағы 3) тармақшасының, 64-бабы 1-тармағының және 65-бабы 2-тармағының конституциялылығы мәселелері болды. Конституциялық Сот көрсетілген құқықтық нормаларды өзі берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды. Өзінің азаматтар алдындағы конституциялық міндеттемелерін орындай отырып, құқық қорғау қызметінің өзіндік ерекшелігін ескере отырып., мемлекет еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуды ұйғаратын, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің зейнетақыға конституциялық құқығын қамтамасыз етудің және іске асырудың ерекше құқықтық тетігін көздеді. Осы құқық олардың еңбек жолынан туындайды және одан туындайтын төлемдер құқық қорғау қызметін тиісінше атқарғаны үшін қызметкерлерді әлеуметтік қорғау нысандарының бірі болып табылады. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Заңға сәйкес тағайындалған еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тоқтатуға азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыруға конституциялық құқығын іске асыру мәселелерін реттейтін заңда тікелей көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.

      "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңның 14-бабы 1-1-тармағы 3) тармақшасы ережелерін тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Соттың нормативтік қаулысында жеке өмірге (бейнелеу құқығын қоса алғанда) қол сұғылмаушылық құқығы адамның іргелі құқықтарының бірі ретінде мемлекет қорғауында болатындығы баса айтылды. Бейнені адамның келісімінсіз пайдалануға конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсаты бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымда нақты көрсетілсе, жол беріледі. Талдау көрсетіп отырғандай, құқық қолдану практикасында аталған тәсіл барлық кезде сақтала бермейді (2023 жылғы 21 сәуірдегі № 11 нормативтік қаулы).

      Премьер-Министр Орынбасары - Сауда және интеграция министрінің өтінішхаты бойынша Конституциялық Кеңестің "Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста ресми түсіндіру туралы" 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының жекелеген ережелеріне түсіндірме берілді. Конституциялық Сот Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерінің қабылдану және күшіне ену тәртібі мемлекет басшылары деңгейінде тиісті халықаралық ұйымның жоғары органының даулы мәселені қарау мүмкіндігімен қоса ұлттық мүдделерді толық ескеруді қамтамасыз етуге тиіс екеніне баса назар аударды.

IV

      Конституция үстемдігі, адамның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы туындайтын сын-қатерлерге барабар құқықтық ден қоюға және мемлекеттік органдардың шешімдерді қабылдауы мен орындауының заңдылығына, сондай-ақ тұтастай алғанда мемлекеттік құрылыстың адамға бағдарлануына байланысты болады.

      Белгіленген мақсаттар Конституциялық Соттың қорытынды шешімдерін орындау кезінде мүдделі мемлекеттік органдардың алдағы жұмысында қатар жүруге тиіс.

      Қазіргі уақытта олардың кейбірі бойынша мүдделі уәкілетті мемлекеттік органдар тиісті шаралар қабылдады немесе қабылдауда. Конституциялық іс жүргізу аяқталғанға дейін Парламент пен Үкімет 17 наурызда қабылданған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң аясында конституциялық құқықтық коллизияларды жоюды атап өту керек. Конституциялық Соттың 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 нормативтік қаулысына сәйкес соттардағы мемлекеттік баж мәселелері бойынша заң жобасы әзірленіп жатыр. Салық, Азаматтық процестік және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерге жеке тұлғаның мүліктік жағдайын немесе заңды тұлғаның қаржылық жағдайын негізге ала отырып, соттарда мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыруды, бөліп төлеуді және одан босатуды көздейтін түзетулер енгізу жоспарланып отыр.

      Конституциялық бақылау Конституция ережелерін іс жүзінде іске асыруға ықпал етеді. Жаһандық сын-қатерлер және адамның тыныс-тіршілігі салаларын кеңейту заңнамаға серпінді өзгерістерді және құқықтық қорғаудың құрылымдық элементтерін реконструкциялауды талап етеді. Өзгерістер жылдамдығы заң шығарушының заңдар сапасын және оның нысаны мен мазмұнының өзектілігін қамтамасыз ету міндетін күшейтеді.

      Барлық заңнамалық бастамаларға жан-жақты талдау жүргізілуге тиіс. Бұл Конституциялық Сот Әлеуметтік кодексті қарау кезінде назар аударған заңнамалық ережелерді оңтайландыруға да қатысты. Кешенді және егжей-тегжейлі құқықтық мониторинг нәтижелері норма шығару процесін сүйемелдеп отыруға тиіс, бұл Негізгі Заңға сәйкес келетін құқық нормасының әзірленуіне кепілдік береді.

      Жекелеген конституциялық іс жүргізулер көрсетіп отырғандай, салааралық сипаттағы заң нормасын қолдану кезінде әртүрлі ведомстволық тәсілдер сақталып отыр. Бұл жағдай заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең қағидатын бұзуға алып келеді.

      Республика заңнамасында мұндай жағдайларға жол бермейтін түрлі құралдар көзделеді және олар уақтылы, қажетті көлемде пайдаланылуға тиіс.

      Бүгінгі таңда Конституциялық Сотқа заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт нормасының конституциялылығы немесе оны конституциялық емес деп тану туралы ғана емес. сонымен қатар тиісті норманы түсіндіру туралы шешімдер қабылдау өкілеттігі берілген. Бұл конституциялық тексеру нәтижесінде анықталған құқықтық коллизиялар мен олқылықтарды жедел жоюға мүмкіндік береді. Мұндай нормативтік қаулыларды қабылдау жедел жоюға мүмкіндік береді. Мұндай нормативтік қаулыларды қабылдау туралы жаңашылдық позитивті халықаралық тәжірибеден алынды және бұл жарияланған конституциялық қағидаттар мен кепілдіктер тұрғысынан құқықтық норманың мағынасын нақтылауға мүмкіндік береді. Түсіндірме берілген норманы қолдану кезіндегі құқықтық салдар норманы конституциялық емес деп танумен бірдей болады (2023 жылғы 28 сәуірдегі № 12-НП нормативтік қаулы).

      Конституциялық Соттың институционалдық қалыптасуы, оның практикасын қалыптастыру, азаматтардың конституциялық бақылауға қолжетімділігін кеңейту, Бас Прокурорға және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығы туралы мәселені қою құқығын беру, олардың мемлекеттік билік тармақтарымен өзара іс-қимылының жаңа форматы заңнаманы одан әрі жетілдіруді заңды түрде талап етеді.

      Мұндай жағдайларда құқықты біркелкі қолдану мақсатында азаматтың конституциялық жүгінуінің рөлі артады, бұл бір жағынан оның өз құқықтарын қорғауының қосымша құралына айналды, ал екінші жағынан заңдардың конституциялық заңдылығын нығайту процесінде азаматтық белсенділіктің айқын көрінісі болып отыр.

      Жұмыстың алғашқы айлары көрсетіп отырғандай азаматтар өз құқықтарын басқа құқық қорғау құралдарын пайдалана отырып қорғауға мүмкіндігі бола тура, Конституциялық Сотқа жиі жүгініп жатады, ал бұл халықаралық практикада конституциялық өтініш (шағым) тетігі басқа құқықтық қорғау құралдары қалмаған кезде іске қосылады.

      Конституциялық Сотқа келіп түсіп жатқан өтініштерге жүргізілген талдау заңдардың және басқа да нормативтік құқықтық актілердің жекелеген ережелеріне шағымдардың анық негізді екенін көрсетеді.

      Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, азаматтың конституциялық жүгіну институтын енгізу қоғамды және мемлекеттік аппаратты тұтастай алғанда конституциялық құқықтық сана мен құқықтық мәдениет деңгейін одан әрі арттыруды, сондай-ақ конституциялық іс жүргізу шеңберінде білікті заң көмегін көрсету жүйесін мамандандыруды талап етеді. Аталған институт еліміздегі конституциялық заңдылықты одан әрі нығайтуға жәрдемдесуге бағытталған.

      Жаңартылған Конституция жаһандық және өңірлік сын-қатер талаптарына сәйкес келетінін және елде болып жатқан саяси трансформация процестеріне негізі болатынын мойындау керек. Тұрақтылық, дәйектілік және жүйелілік жағдайында заңнамалық, ғылыми және практикалық сипаттағы шаралар кешенін іске асыру арқылы Негізгі Заңның жасампаздық әлеуетін нығайтуды жалғастыру қажет.

      Конституция үстемдігі мемлекетіміздің іргелі негізі болып қала береді және ол баршаға қадір-қасиетті, еркіндік пен әділдікті заңнамалық және практикалық қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциялық құқықтық дамудың сабақтастығы мен тұрақтылығы Қазақстан Республикасының орнықты даму жолында азаматтардың, азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдардың күш-жігерін шоғырландыру және олардың сындарлы әріптестігі арқылы сақталуға тиіс.

  Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады