Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң кейбiр мәселелерi

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1119 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі N 387 Қаулысымен

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.04.24  N 387  (қолданысқа енгізілу тәртібін  10-тармақтан  қараңыз) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" 2004 жылғы 29 қыркүйектегi N 1449  Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған:
      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi туралы ереже;
      2) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрiне екі вице-министрi болуына рұқсат етілсiн.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.02.27. N  134  қаулысымен.

      3. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2004 жылғы 28 қазандағы 
N 1119 қаулысымен    
бекiтiлген        

  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігi туралы
ережe

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi (бұдан әрi - Министрлiк) басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте оның құзыретіне жатқызылған қызмет саласында салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
      Министрлiктiң негiзгі мiндеттерi:
      мемлекеттiк бюджеттiң атқарылуы, кедендiк, салықтық бақылау, iшкi қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу, темекi өнiмдерiнiң, этил спирті мен алкоголь өнiмдерiнiң, мұнай өнiмдерінің жекелеген түрлерiнiң өндiрiсi мен оның айналымын мемлекеттiк реттеу, банкроттық (банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын қоспағанда), борышкерді таратудың соттан тыс рәсiмi, сырттан байқау, дәрменсiз борышкерлерге қатысты оңалту рәсiмдерi, мемлекеттiк меншiктi басқару, бухгалтерлiк есеп, қаржылық есептілік және аудит саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды және iске асыруды қамтамасыз ету;
      мемлекеттік бюджеттiң атқарылуы, бюджеттік есепке алу, кедендiк, салықтық бақылау, iшкi қаржылық бақылау және мемлекеттiк сатып алу, темекi өнiмдерiнің, этил спиртi мен алкоголь өнiмдерiнiң, мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiнiң өндiрiсi мен оның айналымын мемлекеттiк реттеу, банкроттық (банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын қоспағанда), борышкердi таратудың соттан тыс рәсiмi, сырттан байқау, мемлекеттiк меншікті басқару, дәрменсiз борышкерлерге қатысты оңалту рәсiмдерi, бухгалтерлiк есеп, қаржылық есептілiк және аудит саласындағы салааралық үйлестiру мен әдiстемелiк басшылық жасау болып табылады.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.27.   333  қаулысымен.
      2. Министрлiктiң мынадай ведомстволары бар: Қазынашылық комитеті, Кедендiк бақылау комитетi, Салық комитетi, Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетi, Дәрменсiз борышкерлермен жұмыс комитеті, Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетi.
      3. Министрлiк өз қызметiн Қазақстан Республикасының  Конституциясы  мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Yкіметiнiң кесiмдерiне, өзге де нормативтiк құқықтық кесімдеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Министрлiк мемлекеттік мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тілде өз атауы бар мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегі бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Министрлiктiң қазынашылық органдарында шоттары және Қазақстан Республикасының Бюджет  кодексiнде , Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де шоттары болады.
      Министрлiк азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      Министрлiктiң, егер ол заңнамаға сәйкес осыған уәкiлетті болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
      5. Министрлiктiң штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      6. Министрлiктiң заңды мекен-жайы: 473000, Астана қаласы, Жеңiс даңғылы, 11.
       Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.10.22. N  1063  қаулысымен.
      7. Министрлiктiң толық атауы - "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі" мемлекеттiк мекемесi.
      8. Осы Ереже Министрлiктiң құрылтай құжаты болып табылады.
      9. Министрлiктiң қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен ғана жүзеге асырылады.
      Министрлiкке өзiнiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Министрлiкке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлген болса, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

  2. Министрлiктiң функциялары мен құқықтары

      10. Министрлiк заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды қамтамасыз ететiн стратегиялық функцияларды:
      тиiсті қаржы жылына арналған республикалық бюджет, бюджетке өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заңдардың жобаларын әзiрлеуге, сондай-ақ тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды iске асыру туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулысының жобасын әзiрлеуге қатысуды;
      мемлекеттік және өзге де бағдарламаларды, Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарларын және Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарларын, негiзгi макроэкономикалық көрсеткiштердi әзiрлеуге қатысуды;
      бюджетке түсiмдердi болжауға және мемлекеттiк бюджетке кiрiс түсiмдерi саласында мемлекеттік саясат мақсаттары мен басымдықтарын анықтауға қатысуды;
      заңнама қолдану практикасына талдауды, оны жетілдiру жөнiндегi ұсыныстарды дайындауды, өз құзыретi шегiнде нормативтік құқықтық кесiмдердің жобаларын әзiрлеудi және дайындауды (немесе қабылдауды);
      өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк, салалық (секторалдық) бағдарламаларды әзiрлеу мен iске асыруды қамтамасыз етудi;
      2) мемлекеттiк саясатты iске асыруды қамтамасыз ететін функцияларды:
      республикалық бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етудi және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына қызмет көрсетудi;
      түсiмдердiң жиынтық жоспарын бекiту мен оған өзгерiстер енгізiлуiн және республикалық бюджеттi қаржыландыруды қамтамасыз етудi;
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнен қарыз алуды, пайдалануды, тiркеудi, өтеудi және қызмет көрсетудi, бағалы қағаздарды ұйымдастыру рыногiне олар шығарған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу мен сатудың жүзеге асырылуын, сондай-ақ мемлекет кепілдiк берген мемлекеттiк емес қарыздар бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi;
      ұтымды үкiметтiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алуды, сондай-ақ мемлекеттік борыштың басқарылуын қамтамасыз етудi;
      келiссөздер жүргiзудi, Қазақстан Республикасының Үкiметi қарыздарының шарттарына қол қоюды, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарын шығаруды, мемлекеттiк емес қарыздары бойынша мемлекеттік кепiлдiктер берудi ұйымдастыруды;
      мемлекеттiк кепiлдiктермен тартылған үкiметтік қарыздар, мемлекеттiк емес қарыздардың және жергiлiктi атқарушы органдар қарыздарының шарттарына қаржылық сараптама жүргiзудi;
      республикалық бюджетте көзделген және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiне сәйкес инвестициялық жобаларға, мемлекеттiк бағдарламаларға және өзге де iс-шараларға кредит берудi;
      үкіметтiк сыртқы қарыздар туралы келiсiмдердi бекiтуге қажеттi құжаттарды дайындауды;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiмен келiсiм бойынша конкурстық негiзде үкiметтік қарыздарға мемлекет кепiлдiк берген мемлекеттiк емес қарыздарға және кейіннен үкiметтік қарыз алуға байланысты гранттарға қызмет көрсету үшiн екiншi деңгейдегi банктердi, бастапқы дилерлердi, лид-менеджерлердi және мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару жөнiндегi басқа да әрiптестердi iрiктеудi;
      уәкiлеттi банк-агенттермен бiрлесіп республикалық бюджеттен оқшауландырылған қаражатты өндiрiп алу жөнiнде түпкi қарыз алушылармен жұмыстарды ұйымдастыруды және жүргiзудi;
      түпкі қарыз алушылар мен екiншi деңгейдегi банктердiң үкiметтік қарыздардың қаражатын және Қазақстан Республикасы Үкiметінің бiрлесiп қаржыландыру үлесiн республикалық бюджетке қайтару туралы iшкi кредит келiсiмдердiң жобаларын дайындауды;
      республикалық бюджет қаражаты есебiнен бюджеттiк кредиттердiң берiлуiн, қызмет көрсетілуiн және мақсатты пайдаланылуын бақылауды, олардың есебiн, мониторингі мен қайтарылуын қамтамасыз етудi;
      республикалық бюджеттің атқарылуы барысында республикалық бюджеттiк бағдарламалардың тиiмділігiн бағалауды;
      бюджеттiң атқарылуы жөнiндегі есептіліктi жасауды, сондай-ақ мемлекеттік қаржы және меншiк бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптасуы және пайдаланылуы туралы статистикалық есептердi жасауды;
      бюджет есебiнiң жүргiзiлуiн қамтамасыз етудi;
      бюджет жүйесiнде бюджеттiк және бухгалтерлiк есеп пен есептiлiктi дамытуды және жетілдiрудi;
      қаржылық бақылау мәселелерi бойынша есептілiк нысандарын, оны жасау мен берудiң тәртiбiн әзiрлеудi;
      бухгалтерлiк есеп пен аудит саласындағы, оның iшiнде өз құзыретi шегінде аудиторлық қызметтi лицензиялау саласындағы функцияларды орындауды;
      мемлекеттік сатып алу процесiн үйлестiрудi және мемлекеттiк сатып алудың ұйымдастырылуы мен өткiзiлуiн, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамаларының сақталуын бақылауды қамтамасыз етудi;
      салықтар, алымдар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түсiмдерiн және бюджетке түсетiн өзге де түсiмдердi, мiндеттi зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың толық және уақытылы аударылуын, шикiзат секторы ұйымдарынан бюджетке түсетiн түсiмдер бөлiгiнiң Қазақстан Республикасы Ұлттық Қорына аударылуын қамтамасыз етудi;
      этил спиртi мен алкоголь өнiмдерiнiң, темекi өнiмдерiнiң, мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiнiң өндiрiсi мен айналымының мемлекеттік реттелуiн және салықтық бақылауды қамтамасыз етудi;
      республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы жөнiндегі есеп пен есептіліктің атқарылуы, жүргізiлуi, олардың атқарылуына баға беру, гранттардың, мемлекет активтерiнiң, мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, мемлекеттiк мекемелердiң иелігінде қалған тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) сатудан түскен ақшаның пайдаланылуы бөлiгiнде мемлекеттік қаржылық бақылау объектiлерi қызметiнiң Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес келуiн тексерудi қамтамасыз етудi;
      республикалық бюджеттiң түсiмдерi мен оны қаржыландырудың жиынтық жоспарларын бекіту және оларға өзгерiстер енгiзу, республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiне рұқсаттар беру, мемлекеттiк мекемелердiң азаматтық-құқықтық мәмiлелерiн тiркеу, мемлекеттік мекемелердiң мiндеттемелерi бойынша төлемдердi жүзеге асыру жөнiндегі жұмыстарды ұйымдастыруды;
      республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелердi қаржыландыру жоспарларын жасаудың дұрыстығын мемлекеттік бақылауды және бекiтілуiн қамтамасыз етудi;
      Қазақстан Республикасында кеден iсінің басшылығын жүзеге асыруды және Қазақстан Республикасының кеден және орындалуын бақылау кеден органдарына жүктелген өзге де заңнамасының сақталуын қамтамасыз етудi;
      банкроттық саласын басқаруды;
      дәрменсiз борышкерге қатысты оңалту рәсiмiн қолдануды келiсу тәртiбiн айқындауды;
      бiлiм беру ұйымдары арқылы сырттан байқау әкiмшiлерiн, оңалту және конкурстық басқарушыларды дайындау ережесiн бекiтудi;
      сырттан байқау әкiмшiсiн тағайындау тәртiбiн бекiтудi;
      оңалту басқарушысының есеп нысанын және оны келiсу тәртiбiн бекiтудi;
      конкурстық басқарушыны тағайындау, есепке алу және тiркеу тәртiбiн белгiлеудi;
      конкурстық басқарушының есеп нысанын және оны келiсу тәртiбiн бекiтудi;
      мемлекеттік меншіктi басқару және жекешелендiру жүйесiн ұйымдастыруды;
      мемлекеттiк кiрiстер бойынша мемлекеттік есептілік алымының нысандары мен әдiстерiн жетiлдiрудi;
      өз құзыретi шегiнде жұмылдыру жұмыстары мен мемлекеттiк құпияларды қорғауды қамтамасыз етудi;
      Министрлiк ведомстволарының мiндеттерi мен функцияларының орындалуын үйлестіру мен қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.27.   333  қаулысымен.
      11. Министрлiктiң:
      мемлекеттiк органдардан, өзге де ұйымдардан және жеке тұлғалардан Министрлiкке жүктелген функцияларды жүзеге асыруға қажеттi ақпараттарды сұратуға және алуға;
      өз құзыретi шегінде барлық мемлекеттiк органдардың, өзге де ұйымдардың және жеке тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi нормативтiк құқықтық кесiмдердi шығаруға;
      Министрлiктiң қарамағындағы комитеттер мен мемлекеттiк ұйымдардың бұйрықтарын, өзге де кесiмдердi жоюға немесе тоқтата тұруға;
      акционерлiк қоғамдардағы мемлекеттік үлеске және республикалық меншiктегi басқа да мүлiкке иелік етуге, пайдалануға, сондай-ақ заңнамалық кесiмдермен және Қазақстан Республикасының Үкiметі белгілеген жағдайларда билiк етуге;
      Министрлiктiң қарамағындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындарды мемлекеттік басқару органының функцияларын жүзеге асыруға;
      бюджеттік заңнамада көзделген жағдайларда бюджет қаражаттарын қайтарып алуды және қаржыландыруды тоқтата тұруды қамтамасыз етуге;
      жергілікті атқарушы органдардан облыстың, Астана және Алматы қалаларының бекiтілген бюджетi туралы жиынтық деректер мен олардың атқарылуы туралы ай сайынғы есептердi, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерден - шығыстар сметаларының атқарылуы туралы ай сайынғы есептердi алуға;
      республикалық және жергілікті бюджеттердiң атқарылуы туралы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамаларының талаптарының бұзылу себептерiне баға, сондай-ақ бекiтiлген республикалық бюджеттiк бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың) тиiмділiгi мен орындылығына баға беруге;
      Министрлiктiң құзыретi шегiнде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға құқығы бар.

  3. Министрлiктiң мүлкі

      12. Министрлiктiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
      Министрлiктiң мүлкi өзiне мемлекет берген мүлiктiң, сондай-ақ құны Министрлiктiң теңгерiмiнде көрсетілетiн өзге де мүлiктiң есебiнен қалыптасады.
      13. Министрлiкке бекiтілген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
      14. Министрлiктiң өзiне бекiтiлген мүлiктi және егер заңнамалық кесiмде өзгеше белгiленбесе, оған қаржыландыру жоспары бойынша бөлiнген қаражаттың есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе өзге де тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

  4. Министрлiктiң қызметiн ұйымдастыру

      15. Министрлiк пен олардың аумақтық бөлiмшелерiн қоса алғанда оның ведомстволары Министрлiктiң бiрыңғай жүйесiн құрайды.
      16. Министрдi Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Министрдiң орынбасары (орынбасарлары (вице-министрлері) болады. Министрдiң орынбасарларын қызметке тағайындауды және қызметтен босатуды Министрдiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады.
      17. Министр Министрлiктiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және Министрлiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн дербес жауап бередi.
      18. Министр осы мақсаттарда:
      өзiнiң орынбасарлары мен Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкiлеттіктерiн айқындайды;
      заңнамаға және Қазақстан Республикасы Қаржы министрi бекiтетiн Министрлiк жүйесiнiң органдары қызметкерлерiнiң лауазымдар номенклатурасына сәйкес салық және кеден органдарын қоспағанда, оның ведомстволары аумақтық органдарының басшыларын қоса алғанда Министрлiктiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      заңнамада белгiленген тәртiппен Министрлiктiң қызметкерлерiне тәртiптiк жаза қолданады;
      Министрдiң бұйрықтарына қол қояды;
      өз құзыретi шегiнде Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      Қазақстан Республикасының Үкiметі бекiткен штат саны лимитiнің шегiнде Министрлiктің құрылымы мен штат санын бекiтедi;
      қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Министрлiктi бiлдiредi;
      Қазақстан Республикасының Президентiне кеден органдары қызметкерлерiне жоғары басқарушы құрамның арнайы атақтарын беру туралы ұсыным енгiзедi.
      19. Министрлiк қабылдаған шешiмдер Министрдiң немесе оны ауыстыратын тұлғаның бұйрықтарымен ресiмделедi.
      20. Министрлiктiң консультативтiк-кеңесшi орган болып табылатын алқасы болады. Алқаның сандық және жеке құрамын Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының қатарынан Министр бекiтедi.
      21. Министрлiктiң қызметiн ұйымдастырудағы өзге де мәселелер, лауазымды тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерi, оның қызметiн қамтамасыз ететiн құрылымдық бөлiмшелердiң құзыретi мен өкілеттігі Министрлiктiң жұмыс регламентiмен және белгіленген тәртiппен бекiтiлетiн құрылымдық бөлiмшелер туралы ережелермен белгiленедi.

  5. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2004 жылғы 28 қазандағы 
N 1119 қаулысымен    
бекiтiлген        

  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң
қарамағындағы ұйымдардың тiзбесi

       Ескерту. Тізбе толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2004.12.24. N  1377 , 2005.06.03. N  559 , 2005.09.21. N  937 , 2006.01.06.  N 25 ,  2007.07.07. N  624  қаулыларымен.

      "Медетші қор" акционерлiк қоғамы
      "Қызмет" акционерлiк қоғамы
      "Қазақстанның тұрғын үй акционерлiк қоғамы құрылыс жинақ       банкi"
      "Қаржы жүйесiн республикалық мемлекеттiк ақпараттандыру орталығы" кәсiпорыны
      "Қазақстан ипотекалық компаниясы" акционерлiк қоғамы
      Қазақстандық ипотекалық кредиттерге кепiлдiк беру қоры" 
акционерлiк қоғамы
      "Қаржы жүйесі органдарының мамандарын даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығы" акционерлік қоғамы"
 

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2004 жылғы 28 қазандағы 
N 1119 қаулысымен    
бекiтiлген        

  Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң күшi жойылған
кейбiр шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 6 наурыздағы N 207  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 8, 59-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 9 сәуiрдегi N 392  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 12, 118-құжат).

      3. "Жергілiктi қаржы органдары туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 6 шiлдедегi N 934  қаулысының  3-тармағы.

      4. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бас есептеу орталығы" республикалық мемлекеттiк кәсіпорнын қайта атау туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 9 шiлдедегi N 951  қаулысымен  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 34, 303-құжат) бекiтілген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзілетін өзгерiстердiң 2-тармағы.

      5. "Есеп" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнын жекешелендiру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 23 шiлдедегi N 1046  қаулысының  3-тармағының 2) тармақшасы.

      6. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 2 тамыздағы N 1093  қаулысымен  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 40, 343-құжат) бекiтілген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзілетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 3-тармағы.

      7. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 3 қыркүйектегi N 1301  қаулысымен  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 45, 403-құжат) бекiтілген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзілетiн өзгерiстердiң 3-тармағы.

      8. "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi туралы ереженi бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 11 қаңтардағы N 48  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 2, 20-құжат).

      9. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 6 наурыздағы N 207 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 21 желтоқсандағы N 1880  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 55, 609-құжат).

      10. "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетiнiң кейбiр мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 15 қазандағы N 1127  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 35. 376-құжат) 6-тармағының 1) тармақшасы.

      11. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгінiң "Медетшi қор" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсiпорнын қайта ұйымдастыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 23 тамыздағы N 1101  қаулысымен  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 30, 392-құжат) бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 2-тармағы.

      12. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң кейбiр мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 3 қыркүйектегi N 962  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 29, 322-құжат) 1-тармағы.

      13. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 3 қыркүйектегi N 962 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 7 ақпандағы N 144  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 7, 72-құжат).

      14. "Қазақстанның Инвестициялық қоры" акционерлiк қоғамын құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 30 мамырдағы N 501  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 23-24, 222-құжат) 5-тармағының 1) тармақшасы.

      15. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне толықтырулар мен өзгерiстер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 30 қыркүйектегі N 1004  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 39, 414-құжат) 1-тармағының 1) тармақшасы.

      16. "Қазақстан Эксимбанкi" ашық акционерлік қоғамының және "Медетші қор" жабық акционерлiк қоғамы қызметiнiң кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 18 желтоқсандағы N 1267  қаулысымен  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 46, 522-құжат) бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгізiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 1-тармағы.

      17. "Инвестициялық компания: Қазақстанның Инвестициялық Қоры", "Қазақстанның Даму Банкi", "Ұлттық инновациялық қор" акционерлiк қоғамдарының кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 22 қаңтардағы N 68  қаулысымен  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 2, 34-құжат) бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгізiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 2-тармағы.

      18. "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазынашылық комитетiнiң аумақтық органдары - мемлекеттiк мекемелерiн қайта атау, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу және күшi жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 24 маусымдағы N 695  қаулысымен  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 25, 328-құжат) бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 3 және 12-тармақтары.

      19. "Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне және Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 3 тамыздағы N 825  қаулысымен  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 29, 383-құжат) бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгізiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 2-тармағы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады