Пәкістан Ислам Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы міндеттемелері туралы меморандумды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 21 ақпандағы № 434 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған 2016 жылғы 24 маусымда Ташкентте жасалған Пәкістан Ислам Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы міндеттемелері туралы меморандум бекітілсін.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2017 жылғы 21 ақпандағы
№ 434 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Пәкістан Ислам Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы міндеттемелері туралы меморандум

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (бұдан әрі - ШЫҰ немесе Ұйым) және Пәкістан Ислам Республикасы,

      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясында (бұдан әрі - Хартия) бекітілген мақсаттар мен қағидаттарды және 2007 жылғы 16 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартының (бұдан әрі - Шарт), сондай-ақ ШЫҰ шеңберінде қабылданған басқа да халықаралық шарттар мен құжаттардың ережелерін ұстанатынын растай отырып,

      2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына жаңа мүшелерді қабылдау тәртібі туралы ережені (бұдан әрі - Ереже) және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің (бұдан әрі - МБК) Пәкістан Ислам Республикасын Шанхай ынтымақтастық ұйымына қабылдау рәсімін бастау туралы 2015 жылғы 10 шілдедегі № 4 шешімін негізге ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Меморандум мәртебесі

      Осы Меморандум халықаралық шарт болып табылады және Пәкістан Ислам Республикасының ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында қабылдаған міндеттемелерді қамтиды.

2-бап. Пәкістан Ислам Республикасының жалпы міндеттемелері

      Пәкістан Ислам Республикасы Хартияның, Шарт ережелерінің мақсаттары мен қағидаттарын, сондай-ақ ШЫҰ шеңберінде қабылданған халықаралық шарттар мен құжаттарды сақтауға міндеттенеді.

3-бап. Пәкістан Ислам Республикасының ШЫҰ шеңберіндегі халықаралық шарттарға қосылуы

      3.1. Пәкістан Ислам Республикасы ШЫҰ шеңберінде қабылданған барлық халықаралық шарттар мен құжаттарға осы бапта көзделген мерзімде қосылуға міндеттенеді.

      3.2. Пәкістан Ислам Республикасы Пәкістан Ислам Республикасының осы Меморандумның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаны ШЫҰ Хатшылығы алған күнінен бастап 2016 жылғы 1 қарашадан кешіктірілмейтін мерзімде Хартияға, 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына және олардың хаттамаларына қосылуға міндеттенеді.

      3.3. Осы баптың 3.2-тармағында көзделген рәсімдер орындалғаннан кейін Пәкістан Ислам Республикасы 2017 жылғы 15 қаңтардан кешіктірілмейтін мерзімде осы Меморандумға № 1 қосымшада көрсетілген ШЫҰ шеңберіндегі халықаралық шарттарға қосылуға міндеттенеді.

      3.4. Пәкістан Ислам Республикасы осы баптың 3.2 және 3.3-тармақтарында айтылған міндеттемелерді орындағаннан кейін және осы Меморандум күшіне енген жағдайда Пәкістан Ислам Республикасы осы Меморандумға № 2 Қосымшада көрсетілген халықаралық шарттарға қосылу құқығын алады. Пәкістан Ислам Республикасы оларға 2017 жылғы 15 сәуірден кешіктірілмейтін мерзімде қосылуға міндеттенеді.

      3.5. ШЫҰ шеңберіндегі халықаралық шарттарға қосылу Пәкістан Ислам Республикасы үшін осы баптың 3.2-тармағында және осы Меморандумға № 1 және № 2 Қосымшаларда айтылған халықаралық шарттар күшіне енгеннен кейін орындалған болып есептеледі. Бұдан кейін МБК Ережеде белгіленген тәртіппен Пәкістан Ислам Республикасына ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды.

      3.6. Пәкістан Ислам Республикасы осы баптың 3.2-тармағында және осы Меморандумға № 1 және № 2 Қосымшаларда айтылған халықаралық шарттарға қосылу мерзімдері бойынша міндеттемелерді орындамаған жағдайда Пәкістан Ислам Республикасы ШЫҰ Хатшылығына қосылу мерзімдерін қайта қарау мүмкіндігі туралы өтінішпен бір рет қана жүгінуге құқылы. Бұл ретте Пәкістан Ислам Республикасының ШЫҰ шеңберіндегі халықаралық шарттарға қосылуының жаңа мерзімдері осы Меморандумның 3.2, 3.3 және 3.5-тармақтарында белгіленген бастапқы мерзімдерден аспауға тиіс. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілер кеңесі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кеңесіне (бұдан әрі - СІМК) Пәкістан Ислам Республикасының өтініші бойынша ұсыным дайындайды. СІМК ұсынымы бойынша МБК бұл мәселе бойынша тиісті шешім қабылдайды.

      3.7. Пәкістан Ислам Республикасы Ұйымға кіргенге дейін қабылданған ШЫҰ органдарының шешімдері Пәкістан Ислам Республикасы үшін осы баптың 3.5-тармағында айтылған МБК шешімдері қабылданған күнінен бастап қолданыста болады.

4-бап. ШЫҰ-ға кірудің қаржылық аспектілері

      4.1. Пәкістан Ислам Республикасының Ұйым бюджетіне жыл сайынғы жарнасының мөлшері ШЫҰ-ның Хартиясында көзделген үлестік қатысу қағидатының негізінде және 2003 жылғы 29 мамырдағы ШЫҰ-ның бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге сәйкес айқындалады.

      4.2. Пәкістан Ислам Республикасының ШЫҰ-ның бюджетіне үлестік жарнасы 5,9 пайызды құрайды. Осы Меморандум күшіне енгеннен кейін 2003 жылғы 29 мамырдағы ШЫҰ бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге Қосымшаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

      4.3. Пәкістан Ислам Республикасының Ұйым бюджетіне алғашқы үлестік жарнасы 2003 жылғы 29 мамырдағы ШЫҰ-ның бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге осы баптың 4.2-тармағында айтылған өзгерістер мен толықтырулар күшіне енген жылдан кейінгі қаржы жылының ішінде жүзеге асырылады.

5-бап. ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарында квоталық лауазымдарға орналастыру

      5.1. Пәкістан Ислам Республикасының ШЫҰ-ның бюджетіне үлестік жарнасының мөлшеріне сәйкес ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарында 4 штаттық лауазым (2 штат бірлігі ШЫҰ-ның Хатшылығында және 2 штат бірлігі ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитетінде) бөлінеді. Жаңа құрылым мен штат кестесі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары (премьер-министрлері) кеңесінің шешімімен бекітіледі.

      5.2. Пәкістан Ислам Республикасы Ұйымның бюджетіне жарналарды төлегеннен кейін бекітілген штат кестесіне сәйкес ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарына квоталық лауазымдарға орналастыру үшін өз азаматтарын жібереді.

6-бап. Меморандум қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату

      6.1. Пәкістан Ислам Республикасы Хартия мақсаттары мен қағидаттарын сақтау міндеттемелерін бұзған немесе осы Меморандумда жазылған міндеттемелерді орындамаған жағдайда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер және ШЫҰ СІМК-нің ұсынымы бойынша қабылданған МБК шешімінің негізінде осы Меморандумның қолданысын тоқтата тұруы немесе тоқтатуы мүмкін. Тиісті шешім қабылданған күннен бастап 15 күн ішінде ШЫҰ-ның Хатшылығы жазбаша нысанда Пәкістан Ислам Республикасын осы шешім туралы хабардар етеді. Пәкістан Ислам Республикасына ШЫҰ-ның Хатшылығынан жазбаша хабарлама жіберілген күннен бастап 30 күн өткен соң осы Меморандумның қолданысы тоқтатыла тұрады немесе күші жойылады.

      6.2. Осы Меморандум тоқтатыла тұрған жағдайда оның қолданысын қайта бастау туралы шешімді Пәкістан Ислам Республикасының өтініші бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер және ШЫҰ СІМК-нің ұсынымы бойынша қабылданған МБК шешімінің негізінде қабылдауы мүмкін. Тиісті шешім қабылданған күннен бастап 15 күн ішінде ШЫҰ-ның Хатшылығы жазбаша нысанда Пәкістан Ислам Республикасын осы шешім туралы хабардар етеді. Пәкістан Ислам Республикасына ШЫҰ-ның Хатшылығынан жазбаша хабарлама жіберілген күннен бастап 30 күн өткен соң осы Меморандумның қолданысы қайта басталады.

7-бап. Қорытынды ережелер

      7.1. Осы Меморандум ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің және Пәкістан Ислам Республикасының оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны ШЫҰ-ның Хатшылығы алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді. ШЫҰ-ның Хатшылығы мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы келіп түскен жазбаша хабарламалар туралы Тараптарды хабардар етеді.

      Осы Меморандумға № 1 және № 2 қосымшалардың 3-бабының 3.6-тармағында, сондай-ақ 4-бабының 4.2-тармағында, 5-бабының 5.1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Меморандумға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмейді.

      7.2. Осы Меморандумды қолданумен және/немесе түсіндірумен байланысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар арқылы шешіледі.

      7.3. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер және ШЫҰ СІМК ұсынымы бойынша қабылданған МБК шешімінің негізінде не Пәкістан Ислам Республикасы, 6-бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа Тараптарға тоқтату болжанған күнге дейін 90 күннен кешіктірмей жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Меморандумның қолданысын тоқтатуы мүмкін.

      7.4. Осы Меморандумның қолданысы тоқтатылған жағдайда Тараптар осы Меморандумда көзделген міндеттемелерді реттеуге міндеттенеді.

      2016 жылғы 24 маусымда Ташкент қаласында әрқайсысы орыс, қытай және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы үшін

      Қытай Халық Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      Ресей Федерациясы үшін

      Тәжікстан Республикасы үшін

      Өзбекстан Республикасы үшін

      Шанхай ынтымақтастық                        Пәкістан Ислам Республикасы үшін

      ұйымының

      Бас хатшысы

  Пәкістан Ислам
Республикасының
Шанхай ынтымақтастық
ұйымына мүше мемлекет
мәртебесін алу мақсатындағы
міндеттемелері туралы
меморандумға
1-қосымша

ШЬІҰ шеңберіндегі қолданыстағы халықаралық шарттардың тізбесі1

      1. 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы Өңірлік терроризмге қарсы құрылым туралы келісім. 2003 жылғы 14 қарашада күшіне енді.

      2. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы Өңірлік терроризмге қарсы құрылым туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2003 жылғы 5 қыркүйектегі Хаттама. 2004 жылғы 1 қазанда күшіне енді.

      3. 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы шеңберіндегі құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету туралы келісім. 2015 жылғы 19 қарашада күшіне енді.

      4. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы Өңірлік терроризмге қарсы құрылым туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2007 жылғы 16 тамыздағы Хаттама. 2009 жылғы 25 маусымда күшіне енді.

      5. 2001 жылғы 14 қыркүйектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мақсаттары мен бағыттары және сауда мен инвестициялар саласында қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі процесті іске қосу туралы меморандум. Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

      6. Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мақсаттары мен бағыттары және сауда мен инвестициялар саласында қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі процесті іске қосу туралы меморандумға 2001 жылғы 14 қыркүйектегі Хаттама. Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

      7. 2003 жылғы 29 мамырдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісім. Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады.

      8. Шанхай ынтымақтастық ұйымы бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы 2003 жылғы 24 қарашадағы Хаттама. 2004 жылғы 30 сәуірде күшіне енді.

      9. 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенция. 2007 жылғы 4 қазанда күшіне енді.

      10. 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымактастық туралы келісім. 2007 жылғы 16 тамызда күшіне енді.

      11. 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Деректер банкі туралы келісім. 2007 жылғы 11 сәуірде күшіне енді.

      12. 2004 жылғы 17 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық пен олардың қызметін үйлестіру туралы хаттама. Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

      13. 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумағына террористік, сепаратистік және экстремистік іс-әрекетке қатысы бар адамдардың кіру арналарын анықтау және жабу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. 2008 жылғы 6 қарашада күшіне енді.

      14. 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумақтарында терроризмге қарсы бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісім. 2009 жылғы 17 наурызда күшіне енді.

      15. 2008 жылғы 28 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісім. 2013 жылғы 29 қарашада күшіне енді.

      16. 2009 жылғы 16 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. 2011 жылғы 2 маусымда күшіне енді.

      17. 2009 жылғы 16 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау туралы келісім. 2011 жылғы 13 қыркүйекте күшіне енді.

      18. 2009 жылғы 16 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясы. 2012 жылғы 14 қаңтарда күшіне енді.

      _____________

      1 1-қосымшаға 2002 жылғы 7 маусымдағы ШЫҰ Хартиясының, 2001 жылғы 15 маусымдағы терроризмге, сепаратизмге, экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясының қатысушы мемлекеттері қосылуы үшін ашық, сондай-ақ кез келген мемлекеттердің қосылуы үшін ашық ШЫҰ халықаралық шарттары енгізілген.

  Пәкістан Ислам
Республикасының
Шанхай ынтымақтастық
ұйымына мүше мемлекет
мәртебесін алу мақсатындағы
міндеттемелері туралы
меморандумға
2-қосымша

ШЫҰ шеңберіндегі қолданыстағы халықаралық шарттардың тізбесі2

      1. 2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі банкаралық ынтымақтастық (бірлестік) туралы келісім. Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

      2. 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымында ақпаратты техникалық қорғау туралы келісім. 2015 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді.

      3. 2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісім. 2007 жылғы 24 шілдеде күшіне енді.

      4. 2006 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. 2008 жылғы 30 қаңтарда күшіне енді.

      5. 2007 жылғы 16 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. 2014 жылғы 24 сәуірде күшіне енді.

      6. 2007 жылғы 2 қарашадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім. 2014 жылғы 24 сәуірде күшіне енді.

      7. 2007 жылғы 16 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарты. 2012 жылғы 31 қазанда күшіне енді.

      8. 2008 жылғы 28 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім. 2010 жылғы 3 мамырда күшіне енді.

      9. 2008 жылғы 30 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің кеден қызметтері арасындағы энергия ресурстарының өткізілуін бақылау саласында ақпарат алмасу туралы хаттама. Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

      10. 2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім. 2012 жылғы 11 қаңтарда күшіне енді.

      11. 2010 жылғы 11 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. 2014 жылғы 15 тамызда күшіне енді.

      12. 2012 жылғы 5 желтоқсанда қол қойылған 2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімге хаттама. 2015 жылғы 14 наурызда күшіне енді.

      13. 2013 жылғы 13 қыркүйектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім. 2015 жылғы 20 қазанда күшіне енді.

      14. 2015 жылғы 18 тамыздағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әділет министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы келісім. Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

      __________________

      2 2-қосымшаға ШЫҰ-ға мүше болып табылатын кез келген мемлекет қосылуы үшін ашық ШЫҰ халықаралық шарттары енгізілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады