Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 18 маусымдағы № КСЖ – 2 жолдауы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың 2023 жылдағы жай-күйі туралы осы жолдауы дайындалды.

      Елімізде бастама алған конституциялық реформа демократиялық дамуды, адам құқықтарын қорғауды және құқық үстемдігін нығайтуды жалғастыру үшін қажетті заңнамалық жағдайлар жасады.

      Конституциялық міндетті мазмұнмен заңды және оны қолдану практикасын толықтырып отыру заңды құрметтеу мәдениетін және мемлекеттік билікке деген сенімді, конституциялық заңдылық пен тәртіпті қалыптастыруға кепілдік береді. Конституциялық заңдылықты бекіту мемлекеттің қабылданған барлық міндеттемелерді орындау, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін сақтаудың тұрақтылығын қолдау, әркімге сот арқылы қорғалу құқығын іске асыру мүмкіндігін беру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің мөлшерлестігі, қабылданған міндеттемелер тиісінше орындалмаған жағдайда мемлекеттің жеке адам алдындағы конституциялық-құқықтық жауапкершілігін іске асыру мақсаттарын көздейді.

      Қазақстан Республикасында конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету еліміздің орнықты дамуының және оның мемлекеттілігін нығайтудың міндетті шарты болып табылады. Негізгі Заң демократияландырудың және мемлекеттік органдардың құқықтық тәртібінің, мемлекеттің әлеуметтік рөлін арттырудың және міндеттерін кеңейтудің, адамның құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғаудың конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастырады.

      Республикалық референдум нәтижелері бойынша айқындалған конституциялық бағдарлар мен құндылықтар заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерде қисынды және дәйекті көрініс тапты. 2023 жылы қоғам мен мемлекетті құқықтық жаңғырту, елімізде конституциялық заңдылықты одан әрі нығайту жұмысы жалғасын тапты.

      Конституциялық Соттың қайта құрылуы және азаматтарға өздері қатысатын нақты істе қолданылған заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің конституциялылығын тексеру туралы жүгіну құқығын беру Конституция үстемдігіне қол жеткізудің маңызды құралдары болып табылады. Азаматтың, Бас Прокурордың және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Конституциялық Сотқа өтініш беру құқығы конституциялық бақылау мүмкіндіктерін кеңейтті.

      Парламент пен оның Палаталарының өкілеттіктерін күшейту, мажоритарлық сайлау жүйесін енгізу депутаттардың маңызды заң жобаларына бастамашылық ету және ел дамуының өзекті мәселелерін қарау жөніндегі жұмысын жандандыруға ықпал етті. Барлық деңгейдегі мәслихаттар құрамын қалыптастырудың жаңа қағидаттары жергілікті мемлекеттік басқаруда халықтың тілегін білдіру дәрежесін арттыруға мүмкіндік берді.

      Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту, оның деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша қабылданған заңдар мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылап, олардың басшыларының дербестігі мен жауапкершілігін күшейтті.

      Жекелеген аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау жергілікті деңгейде бастаманы дамытуға жәрдемін тигізіп, азаматтардың саяси процеске қатысуын және олардың билік өкілдеріне ықпал ету мүмкіндіктерін кеңейтті. "Мықты аймақтар – мықты ел" формуласы жаңа мазмұнмен толықтырылып келеді.

      Азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуы қоғамдық бақылау және петициялар сияқты қоғамдық бастаманы білдірудің заманауи және сұранысқа ие нысандарында іске асырылуда.

      Қазақстандықтардың қазіргі және келешек ұрпағының мүддесі үшін Қазақстан Республикасында құқық үстемдігін және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңға сәйкес жұмыс жалғасын тауып келеді.

      Әлеуметтік кодекс еліміздің әлеуметтік заңнамасын кодификациялаудың және мемлекет, жұмыс беруші және азамат қатысатын әлеуметтік сақтандыру жүйесін жаңғыртудың, сондай-ақ әлеуметтік превенцияны және әлеуметтік саланы цифрландыруды енгізудің нәтижесі болып табылады.

      Ұлттық қордан балаларға міндетті төлемдер туралы заңның қабылдануы балалық шақты қорғаудың конституциялық кепілдігін растады.

      Норма шығару процесінде мемлекеттің құқық қорғау тетіктері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін үнемі назарда ұстауы Мемлекет басшысының осы процеске азаматтық қоғамды тартатын адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимылдар жоспарын қабылдауымен тағы да бекітілді.

І

      2023 жыл ішінде конституциялық бақылау органына 5303 өтініш келіп түсті, олардың 5293-і – азаматтардан және 10-ы мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан келіп түскен өтініштер.

      Азаматтар зейнетақы заңнамасының, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстердің, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының жекелеген ережелерінің конституциялылығын тексеруге қатысты жүгінді.

      Сонымен бірге, азаматтардан келіп түскен өтініштердің басым бөлігі жалпы юрисдикция соттары шешімдерінің күшін жою немесе оларды қайта қарау туралы, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өзге де әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығын тексеру туралы өтінішті қамтыды. Басқаша айтқанда, мұндай өтініштердің нысанасы Конституциялық Соттың құзыретіне кірмейді, олар жалпы юрисдикция соттарының немесе басқа мемлекеттік органдардың қарауына жатады. Дегенмен, өтініштерде көтеріліп жататын кейбір мәселелер жеке зерделеуді талап етеді, атап айтқанда:

      азаматтар бәсең сайлау құқығын іске асырған кезде мүлікті тиісінше декларацияламауды айқындау және сайлау жарнасын төлеу (қайтару) тәртібі;

      соттарда қате төленген мемлекеттік бажды қайтаруға қатысты ескіру мерзімдері;

      тұрғын үйге қолсұғылмаушылыққа нұқсан келтіруден көрінетін қылмыстық құқық бұзушылық құрамының құрылымы;

      құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне мүгедектік белгіленген кезде біржолғы өтемақы төлеуді тоқтату мерзімі (1 жыл);

      сатып алу мен иеленудің заңдылығы кезінде контрабанда затын (декларацияланбаған мүлікті) мемлекет кірісіне айналдыру;

      мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрғын үйді меншігіне өтеусіз алуы;

      өткізу мүмкін болмаған кезде мәжбүрлеп алып қойылған жер учаскесінің құнын өтеу шарттары;

      тұрғын үйді жекешелендірудің орнына өтемақы алу құқығын іске асырған кезде әскери қызметшілердің еңбек сіңірген жылдарын есептеу, мысалы, басқа мемлекеттердегі қызмет ету мерзімін есепке жатқызу қағидалары және басқалар.

      Практика көрсетіп отырғандай, Конституциялық Сотқа жүгінген азаматтардың қолданыстағы құқық қорғау институттары туралы қажетті түрде хабардар болмауынан не оларға сенімсіз қарауынан қолжетімді құқық құралдарын уақтылы пайдалана алмауы да сирек емес.

      Осы тұрғыда Үкіметке және уәкілетті мемлекеттік органдарға өз құзыреті шеңберінде азаматтардың өз құқықтарын қорғаудың қолданыстағы барлық құқықтық тетіктері туралы хабардар болуын арттыру мақсатында құқық түсіндіру жұмысын жандандырып, осы жұмыстың сапасына тұрақты түрде мониторингтің жүргізілуін қамтамасыз ету жөн болады.

      Азаматтардың нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру туралы өтініштері конституциялық заңда тікелей белгіленген жол берілудің барлық өлшемшарттарына сәйкес келуге және заңдық тұрғыда нақты тұжырымдалған әрі негізделген позицияны қамтуға тиіс. Осы талапты сақтау масқатында тұрақты түрде заң консультациялары мен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, білікті заң көмегін көрсету үшін жағдайлар жасалды.

      Белгіленген мақсатқа қол жеткізуде Конституциялық Сотта азаматтардың атынан өкілдік етуге құқығы бар адвокаттар мен заң консультанттары ерекше рөл атқарады. Сонымен қатар, азаматтардың әлеуметтік осал топтары нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың жекелеген ережелерінің конституциялылығын тексеруге жүгінген кезде оларға мемлекеттің конституциялық заңда бекітілген кепілдік берілген заң көмегін көрсету жөніндегі міндеттемесі салалық заң деңгейінде қисынды аяқталуға тиіс.

      Іс жүзінде Конституциялық Сот кәсіби заң қоғамдастығымен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасауда және Конституциялық Сотқа жүгіну шарттары туралы, оның ішінде Азаматтарды қабылдау орталығында консультациялық қызметтерді көрсету және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу арқылы азаматтардың құқықтық хабардар болуын арттыру жөнінде шаралар қабылдауда.

      Конституциялық іс жүргізудің ашықтығына және Конституциялық Соттың қорытынды шешімдері туралы барша жұртшылықты міндетті түрде уақтылы хабардар етуге ерекше көңіл аударылып отыр. Оларды Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясының (Венеция комиссиясы) CODICES дерекқорына орналастыру арқылы халықаралық заң қоғамдастығының және сараптамалық қоғамдастықтың назарына жеткізу қамтамасыз етілді.

      Конституциялық Соттың сайты конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтініштер бойынша қаралатын істер туралы ақпаратты қамтиды.

      Жалпы алғанда, Конституциялық Сот ақпараттық ашықтықты және өз жұмысының қолжетімділігін одан әрі қамтамасыз етуді өзіне мақсат етіп қояды. Қоғамның, мемлекеттік билік органдарының және азаматтардың конституциялық нормалар мен қағидаттарды сақтау мен орындаудың маңыздылығын түсінуі конституциялық заңдылықтың және қоғам дамуының орнықтылығының кепілі болып табылады.

ІI

      Конституциялық іс жүргізу шеңберінде қаралған өтініштер түрлі құқық салаларына қатысты болды.

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы", "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" конституциялық заңдардың; Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару, Еңбек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Әкімшілік рәсімдік-процестік, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі), Азаматтық кодекстердің; "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы", "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңдардың нормалары және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының жекелеген ережелері тексерілді.

      Өткен жылы Конституциялық Сот еліміздің бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылатын және шағым жасалуға жатпайтын 38 нормативтік қаулы қабылдады. Заңдардың 24 нормасы – конституциялық, 12-сі – Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді және 8-і Негізгі Заңға сәйкес келмейді деп танылды.

      Заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қарай анықталады. Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеудің негізгі тәсілдерінің қатарына:

      азамат, қоғам және мемлекет мүдделерінің теңгерімін сақтау;

      мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету және құқықтық реттеу кезінде құқықты теріс пайдалануды болғызбау;

      азаматтардың құқықтарын саралауда ақылға қонымдылық және кемсітуге жол бермеу;

      қазақ және орыс тілдеріндегі заңдардың мағыналық сәйкестігін қамтамасыз ету;

      өз бетінше интерпретациялау мүмкіндігін болғызбайтын, құқықтық нормалардың формальді айқындығы мен заңдық тұрғыдан дәлме-дәлдігі;

      адам құқықтарын іске асыруға кедергі келтіретін заңнама олқылықтарын жою жатады.

      Атап өтілген конституциялық талаптар мен қағидаттарды норма шығару процесінің қатысушылары әрдайым сақтай бермейді.

      Конституциялық Сот шектеу шараларының негіздері мен шегі Конституцияның 39-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиіс екенін бірнеше рет атап өтті, оған сәйкес "адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін".

      Заң шығарушы мұндай заңдарды қабылдаған кезде конституциялық құқықтар мен бостандықтардың мәнін бұрмаламай және Конституцияда айқындалған мақсаттарға сәйкес келмейтін шектеулерді енгізбей, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шегін негізге алуға міндетті.

      Адамның құқықтары мен бостандықтарын кез келген заңнамалық шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, пропорционалдылық және мөлшерлестік талаптарына сай келуге тиіс.

      Ұқсас немесе бірдей іс-әрекеттер үшін жауаптылықтың салааралық жіктелуі қылмыстық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық және өзге де ықпал ету шаралары, олардың салдарының сипаты мен қатаңдығы жасалған құқық бұзушылық ауырлығына сәйкес келуге, сондай-ақ нысана тұрғысынан өзара байланысты, әртүрлі салаға тиесілі нормалардың өзара үйлесімділік талаптарына сай келуге тиіс дегенге де негізделеді (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3, 6 наурыздағы № 4, 27 наурыздағы № 6, 21 сәуірдегі № 11, 18 мамырдағы № 14-НҚ, 13 маусымдағы № 19-НҚ, 26 желтоқсандағы № 38-НҚ нормативтік қаулылары және басқалар).

      Осы ұстанымдарды ескере отырып, Конституциялық Сот:

      мемлекеттік қызмет түрлеріне кіру кезінде кандидаттарға белгіленген заңнамалық шектеулерді;

      мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігі құқығын жүзеге асыруына конституциялық мақсаттарды көздемейтін тыйым салуды Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды ("Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 6) және 14) тармақшалары, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 2-тармағының 11) тармақшасы және "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы).

      Мемлекет мемлекеттік қызметтің миссиясын ескере отырып, мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін, халық сенімін арттыруды және өкілеттіктердің теріс пайдаланылуына жол бермеуді қамтамасыз ету мақсатында азаматтар үшін, кандидаттарға қойылатын талаптарды және тиісті шектеулерді қоса алғанда, мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру қағидаларын айқындауға құқылы. Мемлекеттік қызметке кіруге тыйым салуларды белгілеген кезде мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылық үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық шараларынан туындайтын құқықтық шектеулердің мөлшерлестігі қамтамасыз етілуі керек.

      Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігі құқығын шектеу конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсаттарына байланысты болуға тиіс.

      Шектеулер лауазымдық міндеттердің сипатымен сараланған және байланысты болуға, өз өкілеттігін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына жол бермеуге бағытталған болуға тиіс. Сондықтан мүлікті сенімгерлік басқаруға беру мәселелерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актіні қабылдау мәселесін қарау орынды болар еді (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 13 маусымдағы № 19-НҚ нормативтік қаулысы).

      Құқықтық реттеуде олқылықтардың, кодекстер мен салалық заңдар арасында қайшылықтардың болуына, заңдық тұрғыдан дәлсіздіктің және қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің мағыналық сәйкессіздігінің анықталуына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің сотталғандардың шағымдарын қарау бөлігінде 482-бабының ережелері конституциялық емес деп танылды (2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-НҚ нормативтік қаулы). Сотталған адамның үкімді орындау сатысында өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін адвокаттың шағым беруі бөлігінде оның қызметтерін пайдалану мүмкіндігінің болмауы қылмыстық процестің ерекшелігі ретінде есептелмейді, өйткені бұл Конституциямен кепілдік берілген адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды шектейді.

      Талап етілетін өзгерістер енгізілгенге дейін Конституцияның және "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының тиісті нормалары тікелей қолданылады.

      Конституциялық іс жүргізу барысында біртұтас мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну және олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкессіздік анықталды. Конституциялық Сот өз шешімінде сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірулер Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына қайшы келмеуге және мемлекеттің басқа да жоғары органдарының, атап айтқанда заң шығарушының құзыретінің шекарасына өтпеуге, сондай-ақ жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу туралы нормаларды қамтымауға тиіс деп көрсетті (2023 жылғы 1 маусымдағы № 18-НҚ нормативтік қаулы). Конституциялық Соттың шешімін іске асыру үшін Жоғарғы Сот өзінің нормативтік қаулысынан некесіз туған баланы асырап алу туралы істерді қарау кезінде сотқа берілетін арызға қоса берілетін молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысының болуы туралы императивті талапты алып тастады.

      Қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің тиімділігі қолданыстағы құқық сапасына ғана емес, оның ережелерін дұрыс түсіндіруге де байланысты болады. Заң шығарушы Конституциялық Сотқа заңды немесе оның жекелеген ережелерін конституциялық немесе конституциялық емес деп танумен қатар, осындай шешім түрін қабылдау құқығын берді. Құқықтық норманы біркелкі түсінуді және оны Негізгі Заңға қатаң сәйкестікте қолдануды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін конституциялық заңдылықты сақтауға қазақстандық бақылаудың ерекшелігі де осында.

      Мұндай түсіндіру Конституциялық Соттың:

      еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тоқтатуға;

      үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасына байланысты шектеулерге; қылмыстық процесте маманды тартуға;

      заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттарды алдын ала қарау кезінде қылмыстық іс материалдарын талап етіп алдыруға;

      әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қысқартылған іс жүргізу кезінде істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға;

      мұнайдың және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылыққа;

      сотталған адамның өзіне қандай да бір қасақана зақым келтірумен ұштасатын, топтасып бағынбауға қатысуына;

      әкімшілік істер бойынша сот актілеріне шағым жасауға;

      сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамның квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеулерге;

      судьялардың кәсіби жарамсыздығына байланысты өкілеттігін тоқтату салдарына қатысты 12 нормативтік қаулысында берілген (2023 жылғы 27 наурыздағы № 5, 11 сәуірдегі № 9, 28 сәуірдегі № 12-НҚ, 16 мамырдағы № 13-НҚ, 18 мамырдағы № 14-НҚ, 14 шілдедегі № 22-НҚ, 20 шілдедегі № 24-НҚ, 31 тамыздағы № 26-НҚ, 6 қазандағы № 33-НҚ, 6 желтоқсандағы № 37-НҚ нормативтік қаулылар).

      Бірқатар жағдайларда азаматтардың өтініштері бойынша қаралған заңдардың нормалары адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің заңнамалық шараларын қабылдау үшін Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары көрсетіле отырып, Конституцияға сәйкес келеді деп танылды.

      Мәселен, Конституциялық Сот Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті (2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 30-НҚ нормативтік қаулы). Бұл көрсетілетін көмек түрлерін де, оның көлемін, мөлшерін, сондай-ақ алушылар тізбесін де қайта қарауды көздейді. Үкіметке зақымдалған аумақтардағы қазіргі радиоэкологиялық ахуалды, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық, демографиялық, медициналық және өзге де факторларды ескере отырып, осындай санаттағы адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелерінде жаңа қағидаттар мен тәсілдерді зерделеп, ұсыныс беру ұсынылды.

      Қылмыстық сот төрелігі саласында Конституциялық Сот облыстық немесе оған теңестірілген сот тергеу судьясы қаулысының заңдылығы мен негізділігін тексергеннен кейін оған кассациялық шағым жасау мүмкіндігінің болмауын әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын шектеу ретінде қарастыруға болмайды деп түсіндірді (2023 жылғы 17 тамыздағы № 25-НҚ нормативтік қаулы).

      Қылмыстық кодекстің 214-бабы қылмыстық заңның жекелеген нормаларында саралауға болатын заңсыз кәсіпкерлік, банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызметпен байланысты балама іс-әрекеттерді санамалаумен шамадан тыс тәптіштелген.

      Акцизделетін тауарлар айналымы кезінде азаматқа келтірілген ірі залалдың, сондай-олардың едәуір мөлшерінің айқындамалары өзара үйлестірілмеген: Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте – бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын (153-баптың ескертпелерінің 1 және 3-тармақтары), ал Қылмыстық кодексте – екі мың айлық есептік көрсеткіш және одан көп (3-баптың 2) және 38) тармақтары) деп көрсетілген.

      Сот төрелігін іске асырудың конституциялық қағидаттары тұрғысынан судьялардың тәртіптік жауаптылық негіздерін одан әрі нақтылау орынды деп танылды (2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 36-НҚ нормативтік қаулы). "Заңды өрескел бұзу" деген ұғымның мазмұны заң деңгейінде белгіленуге тиіс. Процестік заңнама судьяға сотта шағым жасау құқығын қоса алғанда, құқықтық қорғалудың тиісті құралдарын пайдалану мүмкіндігін беруге тиіс.

      Азаматтың ақпаратқа қол жеткізуіне қатысты Конституциялық Сот заң деңгейіндегі ықтимал шектеулер сол ақпарат алу құқығының болуы мен мақсатына, әсіресе ақпарат пен оның дереккөздері азаматтардың құқықтарымен және бостандықтарымен, оларға әртүрлі құқықтық мәжбүрлеу шараларын қолданумен немесе аса жоғары қоғамдық маңызы бар мәселелермен байланысты болған жағдайларда нұқсан келтірмеуге тиіс деп көрсетті (2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 39-НҚ нормативтік қаулы).

III

      Конституциялық бақылау нәтижелері ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру және оны қолдану практикасына баға беру үшін маңызды құқықтық дереккөз болып табылады.

      Конституциялық Сот шешімдерін Парламентті, Үкіметті, уәкілетті мемлекеттік органдарды қоса алғанда, мемлекеттік билік субъектілеріне міндетті түрде жолдау олардың конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету жөнінде кідіріссіз шаралар қабылдауына сигнал болып табылады. Соттар мен құқық қорғау органдары да өз практикасында конституциялық бақылау органының қорытынды шешімдерін қатаң сақтауға және қолдануға тиіс.

      Бүгінгі күні Парламент заңдарға жекелеген өзгерістер мен толықтырулар қабылдады. Басқа заңнамалық ұсыныстар Палаталардың қарауында жатыр не Үкіметтің, мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың келісуінен өтуде.

      Мәселен, Конституциялық Соттың 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3 нормативтік қаулысын орындау үшін кассациялық шағым жасау кезіндегі мемлекеттік баждың шекті мөлшері белгіленіп, оны төлеу тәртібі нақтыланды, соттың ұйғарымы негізінде оны төлеуді кейінге қалдыру көзделді. 2023 жылғы 27 наурыздағы № 6 нормативтік қаулыны іске асыру үшін Қылмыстық-атқару кодексінде өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарды ұстау жағдайлары қайта қаралды. Конституциялық Соттың 2023 жылғы 8 сәуірдегі № 8 нормативтік қаулыда баяндалған ұсынымдары Әлеуметтік кодекске түзетулер қабылдау кезінде ескерілді.

      "Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" 2011 жылғы 20 шілдедегі Заңға мұнайдың және мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттар тізбесін айқындау бөлігінде түзетулер енгізілді.

      Судьяларға қатысты тәртіптік іс шеңберінде материалдарды қарау рәсімдеріне өкілдің қатысу мүмкіндігі туралы түзетулер Парламент қарауының соңғы сатысында, сондай-ақ азаматтардың жекелеген мемлекеттік қызмет түрлеріне кіруіне байланысты кейбір шектеулер талқылануда.

      Конституциялық Сот өзінің нормативтік қаулыларында Үкіметке, Жоғарғы Сотқа, Жоғары Сот Кеңесіне және басқа да мемлекеттік органдарға қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге түзетулерді әзірлеп, енгізуді ұсынды.

      Олардың қатарында:

      сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баж төлеу мәселелері бойынша заңнамадағы олқылықтарды жою (мөлшерді азайту, төлеуді кейінге қалдыру, бөліп төлеу және басқалар);

      әкімшілік орталықсыздандыру шеңберінде әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылау;

      азаматтардың, оның ішінде ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың әлеуметтік құқықтарын іске асыру жөніндегі шараларды күшейту;

      судьялардың кәсіби қызметін бағалау рәсімдері мен өлшемшарттарын жетілдіру;

      қорғалу құқығы бар куә жағдайын құқықтық регламенттеуді нақтылау;

      қылмыстық құқық бұзушылық түріне және қылмыстар санатына қарамастан кассациялық сатыға қол жеткізу;

      кәсіпкерлік, банктік (банк операцияларын), микроқаржылық немесе коллекторлық қызметті жүзеге асыруға байланысты қылмыстық құқық бұзушылық құрамдарының белгілерін толық айқындау және аражігін ажырату;

      парақорлыққа алдамшы делдал болудың әртүрлі нысандары бар сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау кезінде сот практикасын қосымша түсіндіру;

      Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) нормаларын және Жоғарғы Соттың тиісті нормативтік қаулысының ережелерін моральдық зиянды өтеуге қатысты түзету;

      адамдардың масаң күйде көлік құралын басқаруына байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар профилактикасы шараларының аражігін ажырату;

      сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттерін ескере отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыстар тізбесін өзектендіру (2023 жылғы 8 сәуірдегі № 7 және № 8, 21 сәуірдегі № 10, 16 мамырдағы № 13-НҚ, 22 мамырдағы № 15-НҚ, 14 шілдедегі № 21-НҚ, 31 тамыздағы № 26-НҚ, 25 қыркүйектегі № 30-НҚ, 3 қазандағы № 31-НҚ, 6 қазандағы № 32-НҚ, 27 қазандағы № 34-НҚ, 16 қарашадағы № 35-НҚ, 6 желтоқсандағы № 36-НҚ нормативтік қаулылар).

      Жаңа нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау кезінде уәкілетті мемлекеттік органдар, тіпті дау айтылып отырған жекелеген ережелер Конституцияға сәйкес келеді деп танылған жағдайда да нормативтік қаулылардың уәжді бөлігінде қолданыстағы құқыққа жүргізілген талдау қорытындылары бойынша Конституциялық Соттың тұжырымдалған құқықтық ұстанымдарын ескеруге тиіс.

      Бір жарым жыл ішінде Конституциялық Сот практикасы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдармен қатар кейбір мәселелерді қосымша қарау қажеттігін көрсетті.

      1. Конституциялық Соттың шешімдері уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан барабар ден қоюды талап етеді. "Құқықтық актілер туралы" Заңда нормативтік құқықтық актілерді әзірлеудің оңайлатылған тәртібі конституциялық емес деп танылған актілерге немесе олардың жекелеген ережелеріне қатысты ғана көзделген. Норма Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп танылған жағдайда, бұл тетік қолданылмайды.

      2. Заңнамалық ұсыныстардың құқықтық және практикалық негізділігінің жеткіліксіз пысықталуы, мамандардың қорытындыларына тиісінше назар аудармау және құқықтық салдарды болжаудың болмауы нормативтік құқықтық актіні тиісті сапада емес қабылдау, тіпті оны конституциялық емес деп тану тәуекелдерін арттырады.

      Конституциялық Сот шешімдерінің орындалуы тұрғысынан тексеруді және Жоғарғы Соттың жинақтап қорыту базасындағы сот практикасын талдауды "Құқықтық актілер туралы" Заңда көзделген заңнамаға құқықтық мониторинг құралдары ретінде қосу орынды болады.

      3. Жауаптылық мәселелерін емес, тыйым салуларды, шектеулерді, жеңілдіктерді немесе көтермелеу шараларын регламенттейтін жаңа заңдардың кері күші туралы қағидаларды қолдану кезінде құқықтық коллизияларға және олардың салдарына мұқият назар аудару керек.

      Конституциялық Сот өз шешімдерінде қаралған заңдардың оларды қолданысқа енгізу тәртібін реттейтін қорытынды және өтпелі ережелерінде жаңа талаптардың кері күші туралы ережелер көзделмегенін көрсеткен болатын. Бұл ретте Парламент қабылдаған заңдардың, егер бұл туралы шешім заңның өзінде немесе оны қолданысқа енгізу туралы қаулыда бекітілген болса, кері күші болуы мүмкін деп түсіндірілді (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ, 26 желтоқсандағы № 38-НҚ нормативтік қаулылары және басқалар). "Құқықтық актілер туралы" Заңда нормативтік құқықтық актінің немесе оның бір бөлігінің кері күші оның өзінде немесе нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу туралы актіде көзделген, сондай-ақ кейінгісі азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастайтын немесе олардың жағдайын жақсартатын жайттарды қоспағанда, нормативтік құқықтық актінің күші ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды. Азаматтарға жаңа міндеттерді жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды деп белгіленген.

      4. Заңды немесе өзге де құқықтық актіні не олардың жекелеген ережелерін Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп тану туралы нормативтік қаулы қабылданған жағдайда сот актілерін қайта қарау негіздерін нақтылау қажет. Конституциялық заңның 63-бабының 4-тармағында Конституциялық Сот осындай шешім қабылдаған жағдайда оны қолдану кезінде өзгеше түсіндіру болмайды, ал оның салдары конституциялық емес деп шешім қабылдау кезіндегі жағдаймен бірдей болады деп айқындалған.

      Осыған байланысты процестік кодекстерге Конституциялық Соттың нормативтік қаулысының осы түрін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау үшін негіздер тізбесіне қосу бөлігінде толықтырулар енгізу орынды болады.

      5. Жоғарғы Сотқа Конституциялық Соттың азаматтарды құқықтық қорғауды күшейтуге ықпал ететін нормативтік қаулыларын соттардың қолдануына талдауды сот практикасын қорытып жинақтауға енгізу ұсынылсын.

      Мұндай жұмысты прокуратура органдары өздерінің конституциялық өкілеттігі шеңберінде жүргізіп келеді. Конституциялық Сот шешімдерінің сақталуы мен орындалуы тұрғысынан мыңдаған қылмыстық, азаматтық және өзге де істерге, қылмыстық-процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы шағымдар мен материалдарға талдау жасалды. Талдау қорытындысы бойынша:

      бұрынғы қызметкерлерге еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақысын қалпына келтіру;

      мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тарту фактілерінің жолын кесу;

      сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған, басқарушылық лауазымдарға ғана орналасуға үміткер адамдардың квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына жол бермеу;

      жазаны орындау мекемесінің немесе органының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне адвокаттардың сотталғандарды қорғау үшін берген шағымдарын қабылдау мен қарау мәселелері және тағы да басқа мәселелер бойынша прокурорлық қадағалау және ден қою актілері шығарылды.

      6. Әртүрлі құқық бұзушылықтарға мөлшерлес жауаптылықты белгілеу проблемасы терең зерттеуді қажет етеді. Негізгі Заңның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, міндеттері мен жауапкершілігіне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы. Бұл өкілеттік құқық бұзушылық санаттарын, іс-әрекеттердің құқыққа қайшылығы (қылмыстылығы) мен жазаланушылығын олардың қоғамға қауіптілігі дәрежесіне және елдегі криминогендік ахуалға қарай айқындауды қамтиды. Сонымен бірге, заң шығарушының осы мәселелердегі дискрециялық өкілеттігінің аясы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шегіне сәйкес келуге тиіс.

      Осылайша, Қазақстанның Негізгі Заңының үстемдігі мақсатына жеке адам, қоғам және мемлекет мүдделерінің теңгерімі мен барабарлығын сақтау, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін қолдану арқылы қол жеткізуге болады.

      Конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету мемлекеттік биліктің әрбір субъектісінің, мемлекеттік институттың және лауазымды адамның миссиясы болып табылады.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады